Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938 жж)
Үлкен ағартушы, ірі ғалым – лингвист, қоғам қайраткері. Тоғыз жасынан бастап ауыл мектебінде, кейіннен Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училишесінде оқыды. Одан соң Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіріп Ақтөбе, Қостанай және Қарқаралы уездеріндегі мектептерде, орыс-қазақ училищелерінде мұғалім болып қызмет атқарады.
Патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы күресті тым ерте бастаған Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы Семей түрмесіне қамалды. Кейін қазақ жерінен тысқары жерлерге жер аударуға үкім шығарылып, ұзақ жылдар бойы “саяси сенімсіз” адам ретінде патшалық күзет қызметінің бақылауында болды.
“Қазақ” атты апталық газет ұйымдастырып, ол қазақ мемлекетін ұйымдастыру үшін күрескен “Алаш” партиясы көсемдерінің бірі болды. Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін А. Байтұрсынұлы бірқатар ғалым-зиялылармен бірге Кеңес үкіметіне қызмет істеді. Ол қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық комитеттің (ВРК) мүшесі болып сайланады. 1922-1925 жж. Халық ағарту комиссариатының ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы болды, Халық ағарту комиссары болып сайланады, Бүкіл Ресейлік Орталық Атқару Комитетінің Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді. Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің газеті “Ақ жолда” еңбек етті.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің дамуына айрықша еңбек сіңірді, оның көпке белгілі “Қырық мысал” және “Маса” жинақтары жарияланды . Ол халықтық көркем сөз өнерінің қорын жинаушы, зерттеп, бастарушы ретінде де көптерген құнды жұмыстар істеді. “Ер Сайын” атты эпостық жырының кіріспе мақаласын және түсіндірмесін жазды, сондай-ақ “Жоқтау” деп аталатын жинақ (1926), “Әдебиет танытқыш” деп аталатың оқу құралын шығарды. Бұл еңбек - әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы қазақ тіліндегі тұңғыш көлемді, толымды еңбек.
Байтұрсынұлы қазақ балаларын ана тілінде оқыту ісіне арнап тұңғыш оқулықтар жазды: “Оқу құралы” (1912), “Тіл құралы” (1914), “Әліпби” (1914), “Жаңа әліппе” (1926-1928) және “Баяншы” (1926) деп аталатын әдістемелік оқу құралдары балаларды оқыту барысында маңызды рөл атқарды. Бүкіл бір халықтың ұлттық тілін түрлеп, әдебиетін жасап, ғылымын жетілдіріп қоғамдық санасын қалыптастырып, ойын оятқан Ахмет секілді алып тұлғалар сирек.
ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ зиялыларын жаппай қуғындаудың басталған кезінде Сталиндік жазалау машинасының қармағына іліккендердің ішінде А.Байтұрсынұлы да болды. 1938 жылы ол әуелі тұтқындалып, кейіннен атылды, 1988 жылы ақталды.
Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының үркердей жарқыраған жарқын шоғырының келбетті өкілдерінің бірі. Оның өмірі өз халқына деген, ел жұртының мәдениеті мен әдет-ғұрпына деген айнымас махаббаттың айқын үлгісі.