Қазығұрт ауданы П. Тәжібаева атындағы жалпы орта мектебі бастауыш сынып мұғалімі Сиқымбаева Айтолқын Әріпбайқызы



Дата05.01.2017
өлшемі164,61 Kb.
#6375
Оңтүстік Қазақстан облысы

Қазығұрт ауданы

П.Тәжібаева атындағы жалпы орта мектебі

бастауыш сынып мұғалімі

Сиқымбаева Айтолқын Әріпбайқызы

Жоспар
І.Кіріспе. Ана тілін оқытудың мақсаты, оқушының тіл байлығын дамыту


ІІ.Негізгі бөлім.

1. Оқушының сөздік қорын, тіл мәдениетін дамыту.

2. Ана тілі сабағында ертегі, аңыз, әңгіме оқытудың және сабақ тақырыбына байланысты мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш пайдаланудың маңызы

3.Дидактикалық ойындарды қолдану

4.Шығармашалық тапсырмаларды қолдану
ІІІ. Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер

Ана тілі сабағында оқушылардың тіл байлығын дамыту


Қазіргі таңда өз ана тілінде таза сөйлеу - әрбір адамның ұлттық мақтанышы, жан азығы. Өз тілін, өз ата – бабасын, өз топырағын менсінбеген ұрпақтан жақсы азамат шығады деп айтуға болмайды. Сондықтан мемлекетіміздің даму барысында ана тілінде таза, мәдениетті, дұрыс сөйлейтін ұландарды тәрбиелеудің ролі орасан зор.

Тәуелсіз еліміздің білім беру жүйесінде болып жатқан оң өзгерістер қоғамның жас ұрапақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі терең сезіліп отырған бүгінгі таңда оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттыру бағытында барлық мүмкіндіктерді пайдалануды көздейді.

Бала – балғын тал, ересек адам- бағбан. Бұл - әр халықты ғасырдан-ғасырға әкеле жатқан қағидасы. Сондықтан баланың ана тіліне деген сүйіспеншелеген тәрбиелеп, бала жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші тәрбиелеуші әрбір үлкеннің мұраты.

Тіл – ақиқатты танытудың басты құралы. филиософиялық және психололгиялық әдебиеттерде тілсіз ойдың тумайтыны нанымды айтылады.

Сайып келгенде, тіл қоғам мүшелерінің бір-бірімен түсынысу және адамның сезімі мен көңіл-күйін білдіру құралы ретінде маңызды қызмет атқарады. Сондықтан кіші мектеп жасынан бастап ана тілін, оның әр алуан өмірлік қызметін ғылыми негізде танытудың қажеттілігі мақсатты түрде алға қойылды.

Тілдің тәрбиелік мәні де күшті . Ана тілін жақсы меңгерген оқушының ғана көркем әдебиетімізді қызыға оқуға, көркем өнер үйірмесіне құмарта қатысуға, адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасап, тіл табынуға деген бейімділігі қалыптасады, яғни баланың мәдени өрісі қоғам талабына сай бола түседі.

Мұғалім балалардың дүниетанымымен әуел бастан дұрыс қалыптастыруды мақсат тұтуы тиіс. Сондықтан тіл сабығы айнала қоршаған болмысты бақылау негізінде оқытылуы керек.

Ана тілін оқытудағы негізгі мақсат – оқушылардың сөздік қорын, ауызша сөйлеу тілін және жазбаша сөйлеу тілін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оларға рухани дүниесін байыту, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себу. Ол үшін бала айналадағы затты, құбылыс пен болмысты танып білуі тиіс. Соған байланысты оның тіл байлығы да артады. Баланың өмірді көргені, танығаны көп болса, оның тілі де байи түседі. Оқушының тіл байлығы ауызша түрде де жазбаша түрде де қатар дамытылуы тиіс.

Ана тілі жас баланың ақыл-ойының дұрыс дамуына білімді еркін және оңай меңгеруіне көп жеңілдік келтіреді. Сол себепті мектепте ана тілін оқыту ісіне ерекше мән береді. өйткені ана тілін дұрыс меңгермеген оқушы басқа пәндерді де ойдағыдай үйрене алмайды. Білгенін не сөз тауып айтып бере алмай, не ойын қағаз бетіне түсіре алмай, қиналады. Осыдан-ақ ана тілі мектептегі негізгі пәндердің бірі екенін анық байқаймыз. Аса көрнекті педагог К.Д.Ушинский ана тілінің білім берудегі ролі туралы: “Ана тілін толық меңгермеген бала тарихты, географияны, жаратылыс ғылымдарын және математиканы өз сөзімен айтып бере алмайтын күйге ұшырайды». Ана тілі басқа пәндердің бәріне қатысы бар және олардың нәтижелерін өзіне жинастыратын басты, өзекті пән. Сондықтан да қазіргі кезде бастауыш мектепте оқушылардың сөздік қорын молайтып, сол үйренген сөздерін қолдана отырып, айтайын деген ойын анық жеткізіп сөйлеуіне зор көңіл бөлінеді.

Бастауыш мектепте оқытылатын әр пәннің оқушы тілін дамытуға қосар үлесі болғанмен, бұл үлкен міндетті жүзеге асыруда «Ана тілі» пәнінің атқаратын қызметі зор. Пәннің негізгі мақсатының өзі – оқушының сөздік қорын дамыту. Және сөздік қормен қоса оқушының тіл мәдениеті нормаларын меңгеруіне түрткі болады. Оқушылардың таза, жатық, түсінікті сөйлеуін қалыптастыру – осы пәннің міндеттерінің бастысы. Осы орайда белгілі ғалым Н. Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - дейді. Жалпы, ана тілі сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғышарты қаланады.

Бастауыш сыныртарда ертегі, аңыз, әңгіме оқытудың және сабақ тақырыбына байланысты мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш пайдаланудың маңызы зор. Баланы қызықтырады, баланы оқи отырып, тыңдай білуге үйретеді. Қиялын дамытып, адамгершілікке тәрбиелейді, тілін ширатып, жан-дүниесін, мінез-құлқын қалыптастырады. Мысалы, 3-сыныпта ана тілін оқыту барысында мақал-мәтелдермен мынадай жұмыс түрлерін жасауға болады.

Тақырып мазмұнына сай мақал-мәтелдер айтқызу, оны өз сөзімен, ойымен дәлелдету.

Көрініске, табиғатқа, суретке қарап тұрып мақал айту

Мақал-мәтелдер айтысы.

Мақал-мәтелдерге сай оқиға ойластыру.

Мысалы: «Мал - баққанға бітеді».

Асанға атасы базардан бұзау сатып алып берді. Бұзауы сүйкімді, әрі момақан. Асан бұзауына шөп орып, су беруге ерінбейтін. Ербол оған қатты қызықты. Бірақ ол ойынды, сотқарлықты жақсы көретін.Бір күні көршісі Ерболға да ата-анасы бұзау сатып алды. Ербол бірнеше күн бұзауына қарап жүрді, бірақ шөп орып беруге ерініп, ойынға қызығып кетіп қалатын. Суды да уақтылы бермейтін. Бір күні бұзауы ауырып өліп қалады. Мал –баққанға ғана бітедің-деген осы емес пе?

Оқушыладың ана тілі пәніне қызығушылығын арттырудың бір түрі – көркем әдебиетті үнемі оқып отыруға әдеттендіру. Оқушы ана тілі пәніне көңіл бөлмей, ол бойынша үйге берілген тапсырманы да орындамайтын болса, мұндай жағдайда, оқушыларға көптеген ертігі, немесе әңгіме оқып беріп, сонан соң өздеріне ертегі немесе қысқа мәтіндер оқып келу ұсынылады және олардың ішінен біреуі туралы хабарлама дайындау тапсырылады. Осылай оқушылардың ана тілі пәніне ықыласы бірте-бірте арта береді.

Балалардың кітапқа деген құмарлығын арттыру үшін «Кітап әлеміне саяхат» атты көрме ұйымдастыруға болады. Мұғалім суретті кітаптарды көрсетіп, әңгімелерді мәнерлеп оқиды. Балалар әңігімеден алған әсерлері бойынша сурет салады. Осындай суреттерден көрме ұйымдастыруға болады.

Оқушылардың ана тіліне деген ынтасын арттырып, оны дамыту көптеген әдістемелік жұмыстардың нәтижесінде ғана іске асады. Соның ішінде сабақтың қызық өтуін қамтамасыз ететін бір әдіс – дидактикалық ойындар.

Дидактикалық ойындар – көп салалы, күрделі педагогикалық құбылыс. Оны балаларды оқыту әдістерінің бірі, оларды жан-жақты тәрбиелейтін құралдардың бірі деп айтуға болады.

Дидактикалық ойын оқыту процесінде мынадай екі мақсатта қолданылады: оқу (танымдық) мақсатта, екіншісі - ойын ойнау мақсатында.

Мұғалім өзі де ойынға қатысады, баланы үйретеді. Бала ойнай отырып, үйренеді.

Бастауыш сыныпта ана тілі сабақтарында дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады. Бастауыш сынып оқушылары әлі де ойын баласы, сондықтан мұғалім оларды жалықтырмай әр түрлі ойын түрлерімен сабақты қызықты өткізуге тырысуы қажет.

Дидактикалық ойындар оқушылардың ой-өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойындар оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін жетілдірумен қатар, сөздік қорларын молайтып, сауатты жазуға баулиды. Ойын оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер берері сөзсіз.


Тақырыпқа сай жүргізілген ойын түрлері, ойын элементтері оқушының ойлау белсенділігін арттырады. Сондықтан мұғалім әр сабақта дидактикалық ойын түрлерін орнымен қолданса, оқушының ынтасын арттыра отырып, пәнге деген қызығушылығын, білімі мен ынтасын, сол пәнге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Өтілетін тақырып бойынша әр түрлі ойын түрлерін жүргізуден басқа өлең, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдерді қолдану, түрлі дидактикалық материалдарды пайдалану оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырады.
Ана тілі сабақтарынад мынадай ойын түрлерін жүргізуге болады: «Кім көп біледі» ойын тәртібі бойынша мұғалім және оқушының алдында санағыш жатады. Берілген тапсырмаға сәйкес дұрыс жауап берген бала таяқшаларды қорапқа салып отырады.

2-сыныпта оқушылар ауыз әдебиеті үлгілерін (ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш, аңыз әңгімелер мен шешендік сөздер) оқу арқылы білімдерін кеңейте түседі. Әдеби ертегелерді оқу барысында “тұтас рухани кеңістік” шығады, сонымен қатар әлемнің ұшы-қиырсыз кең, алуан түрлі және тіртұтас екендігін біледі. Әдеби шығармаларды оқу арқылы олардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық, адалдақ пен мейірімділік, батырлық пен азаматтық, сезімталодық пен адалдық сияқты ізгі қасиеттер қалыптаса бастайды.

Бала тәрбиесінде жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал мәтелдер олардың дүниетанымын, түсінігін, болжағыштығын, ұғымын кеңейтумен қатар, тілін ұстартып ойын жүйелеуге, кеңейтуге әсері мол. Мақал –мәтелдер- ой дәні, сөз мәйегі. Балалардың ақыл-есін молайтып, ой-өрісін кеңейтеді, адамгершілікке, адалдыққа, ерлікке, еңбекке, өнер-білімге тәрбиелейді.Жаңылтпаш баланың тілін ұштап, асықпай еркін сөйлеуіне көмектессе, жұмбақ –тез ойлауға , шапшаң жауап беруге үйретеді.Сондықтан мен сабақтарымда балалардың тілін дамыту үшін, осы жаңылтпаш , мақал-мәтелдер, жұмбақтарды кеңінен пайдаланамын.

Мысалы:


Жұмбақтар

1. Өзінше ноян,

Қорқақ кім... (қоян)

2. Алмастан тыным,

Шабады ... (құлын)

3. Бата алмас түлкі,

Үсті тікен ... (кірпі)

4. Айбат шегер алыстан,

Аң патшасы ... (арыстан)

*Өздерің де осы үлгіде ойын құрастырып келіңдер.

Жұмбақты оқып, қай әріп екенін тап.

Қорада емес сарайда,

Аспанда емес тоғайда.

Отында жоқ күйеде,

Жылқыда жоқ, түйеде.

Қырда емес, сайда бар,

Құнанда жоқ, тайда бар.

Бұл жұмбақты шешетін

Тапқыр бала қайда бар?

Қай әріп? ........

Дыбысы жоқ болса да,

Алфавитте орны бар.

Оқылмайтын жазса да,

Қай белгі ол табыңдар.

( ------------------ )

Қоянда бар,

Шортанда жоқ,

Шаянда бар.

( ------------------- )

Жұмбақтардың шешуі не туралы? Олар туралы баяндап бере аласың ба?

Сидам аяқ, ұзын мойын:

Таң қаласың көрсең бойын.

Тілі - ұзын, жемі - тікен,

Мейірбан жуас айуан екен. (Керік)

Мүйізі бар тұмсықта,

Өте қатал мінезі.

Аяқтары қып-қысқа,

Сом денелі аң өзі. (Мүйізтұмсық)

Алшаң-алшаң басады,

Құйрығында шашағы,

Аң біткен одан қашады. (Арыстан)

3-сыныпта оқушылар халық ауыз әдебиеті үлгілері және балалар әдебиетінің әр түрлі жанрларымен таныса отырып, әдебиет әлеміне бастау алады. Мұнда жанрлық және көркем шығармаларды тиімді үйлестіру ұстанымы іске асырылады.

4-сыныпта оқушылар халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиетінгің озық үлгілерімен танысады. Қазақ балалар әдебиетінің қадыптасу тарихынан: шығармалардың жазылған кезеңі мен мазмұны арасындағы байланыс, автордың көзқарасы т.б. беріледі.

Бастауыш сыныптардағы оқудың мазмұны екі үлкен бөлімнен тұрады: көркем және ғылыми-танымдық шығармалар.

Ауыз әдебиетінің мынадай үлгелері: балаларға арналған ойын өлеңдері, төрт түлік жырлары, ертегілер мен аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар, шешендіе сөздер мен билер сөздері, нақыл сөздер мен мысалдар, барырлар жырларының үлгілері, өтірік өлеңдер мен айтыс өлеңдері кең орын алады.

Жазба әдебиет үлгілірімен ақын-жазушыларымыздың балаларға арналған таңдамалы шығармалары қамтылған.

Олар негізінен үш үлкен тақырып төңірегінде топталған:

- Туған елім Қазақстан;

- Табиғат – тіршілік бесігі;

- Адам болу – ізгі ниет:

Осы тақарыптарды қамтыған көркем шығармаларды оқу барысында балалар айнала қоршаған табиғатпен, адам еңбегімен, қоғамдық өмірдің құбылыстарымен таныстырылады, заттар мен құбылыстар жайында жан-жақты түсінік алады, оларға тән ерекше қасиеттерге дұрыс сипаттама беруді үйренеді. Сондай-ақ адам мен табиғат және адамдар арасындағы қарым-қатынастардан, адамның Отан алдындағы парызынан т.б. мағлұмыттар беріледі. Балалар адамның сан қилы сезім әрекеттері мен іс-әрекеттерінің қыр-сырын түсініп, олардың ізгі қасиеттерінен тәлім-тәрбие алады.

Сабақ үстінде жаңа сөз үйретілумен қатар сол сөзді дұрыс қолданудың қажеттілігі туралы мұғалім тарапынан ескертіліп, ана тілінің ұлылығы, байлығы туралы мәселе кешенді қарастырылғанда ғана оң шешімін таппақ.

Тіл байлығы - сөз байлығы. Лингвист - ғалым М. Балақаевтың: «Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт», - деген пікірімен келіспеске болмайды.

Бастауыш мектепте ана тілі сабағында сөздік қорды дамыту жұмыстары түрлі әдіс - тәсілдер арқылы жүзеге асады:

 сұрақ - жауап;

 әңгімелесу;

 әңгімелеу;

 түсіндіру;

 зерттеу;

 түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындату арқылы.


Сабақ сайын өтілген тақырып ауқымына қарай кем дегенде екі - үш сөзден болсын оқушының лексикалық минимумы артып отырады. Және барлық үйренген сөзі күнделікті өмірде белсенді қолданыла бермеуі мүмкін. Көнерген сөздер (зат, киім - кешек, салт - дәстүр, музыкалық аспаптар, ай, жыл, қару - жарақ атаулары), кәсіби сөздер т. б. қажеттілік болмаса, үнемі белсенді қолданысқа түсе бермейді. Осыдан келіп сөздік қордағы сөздерді белсенді және белсенді емес сөздер деп қарастыру қажеттігі туындайды.
Тіл байлығын арттырып, оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіруде мәтіндермен жұмыс жүргізу аса маңызды. Көркем мәтінге тақырыптық талдау жасап, негізгі ойын анықтау, кейіпкерлердің іс - әрекетіне баға беру, сол арқылы оқушы танымын кеңейтіп, тәрбиелік жағына көңіл бөлу – бастауыш сынып бағдарламасында ескерілетін жайт. Алайда, көркем мәтінді оқыған соң, талдаған тұста сөздік жұмысын жүргізу одан әрі оқушының барынша дұрыс түсініп, барлық талдауларға еркін қатысуына түрткі болады. Тіл дамыту жұмыстары жүйелі жүріп, оны дұрыс меңгеруі үшін әр оқушыда жеке сөздік дәптер болуы керек. Мұғалім оқушылардың дәптеріне төмендегідей кесте сызып беріп, оның тұрақты толтырылуы талап етілсе құба - құп.
Жаңа сөз Мағынасы Синонимі Антонимі
Тек дәптерге жазғызып қою жеткіліксіз. Енді танысқан сөзді санада тұрақтандыру үшін жаңа сөзбен түрлі жұмыстар жүргізіледі:

 мүмкіндік болса, заттың өзін көрсету;

 суретін көрсету;

 синониммен түсіндіру;

 антонимдері арқылы түсіндіру;

 мұғалімнің жалпы түсініктеме беруі т. б.


Мақал - мәтелдер мен тұрақты тіркестерді үйрету барысында да оқушының тіл байлығы артады. Оқулықта берілген және басқа да мақал - мәтелдерді, тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру – мұғалімнің күнделікті жұмысының бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмауы үшін оны сөздік дәптеріне жаздырып, әр тоқсанда соларды көбейту кестесі тәрізді жатқа жаздырып, бақылау жұмыстарын алуға болады. Мақал - мәтелдерді қаншалықты білетінін анықтау үшін әрі мейлінше көп меңгерулері үшін осы бағытта сайыс сабақтар ұйымдастырылады. «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» тәрізді сайыстар оқушының тіл байлығының артуына ғана емес, ой - өрісінің, танымының артуына ықпал етпек.
Оқушының тілін байыту жұмыстары тіл мәдениетімен тығыз байланысты екені белгілі. Тіл мәдениеті бойынша бастауыш сынып оқушыларына мына талаптар қойылады:

- сөздерді лексикалық, фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;

- орфография, орфоэпия нормаларын сақтай білу;

- ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;

- шамасы жеткенше ертегі, әңгіме жаза білу т. б.

Тіл дамытудағы өнімді тәсілдердің бірі – шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсырмалар – тіл мәдениеті талаптарын жүзеге асыруда аса тиімді. Оның түрлері:

 шығарма, әңгіме жазу;

 сурет бойынша әңгіме жазу;

 икемі бар балаларға өлең шумақтарын жазғызу;

 ертегі жазу;

 көркем шығарма оқу;

 сайыс, рөлдік ойындарға қатыстыру;

 әркімнің қабілетіне қарай деңгейлік жеке тапсырмалар беру;

 сөзжұмбақтар құрастыру;

 газет - журнал шығарту;

 балаларға арналған басылымдардағы сөзжұмбақ, ребустарды шешкізу;

 жұмбақтар құрастырту;

 хат жаздыру;

 белгілі бір шығармаға қысқаша пікір жаздыру т. б.

Оқушының сөздік қорын арттырып, сөйлеу тілін байытуда сыныптан тыс оқуға да үлкен талап қойылады. Сыныптан тыс оқу мектеп бағдарламасында арнайы ескеріледі, міндетті шығармалар тізімі беріледі, сағат саны көрсетіледі. Әйтсе де, тек көрсетілген тізіммен шектеліп қалмай, сабақ үстінде үйде оқып келуге оқушыларға қызықты әңгімелер мен ертегілер ұсынылса, бұл біріншіден, нақты мақсатқа жетуге, екіншіден, оқушылардың одан әрі де көркем шығарманы өз бетімен қызығушылық танытып оқуына септігін тигізеді. Оқылған шығарманы тексеріп, сараптаудың жолдары көп;


 түсінгенін әңгімелету;

 сұрақтарға жауап бергізу;

 кейбір үзінділерді жатқа айтқызу;

 оқыған кітабы бойынша таныс емес сөздерін сөздік дәптеріне жазып отыруға дағдыландыру;

 кейіпкерлер іс - әрекетіне баға бергізу;

 әңгімелердің ұқсастығын салыстыру;

 ең соңында сол шығармаға ұқсатып әңгіме жаздыртып көру т. б.

Мұғалім осындай жұмыстарды атқарту арқылы оқушылардың өздігінен кітап оқуына бағыт береді. Көркем шығармамен жұмыс – оқушының тілін байытудың ең тиімді жолы. Көркем шығарманы көп оқу арқылы оқушының танымы артып қана қоймайды, ойын жүйелі жеткізуді, байланыстырып сөйлеуді, тілдің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын дұрыс меңгеруді үйренеді. Алайда, көркем шығармамен жұмыс істеу барысында есте ұстайтын жайт: шығарманың оқушының жас ерекшелігіне сай болуы, мазмұнының қызықты болуы, тәрбиелік мәнінің зор болуы, оқушыны жалықтыратындай тым көлемді болмауы.


Сонымен бірге ана тілі сабағында өтілген материалды бекіту үшін оқушының ауызша сөйлеу мүмкіндігін арттыруға назар аударған дұрыс. Мұның төте жолы – түрлі рөлдік ойындар. Ондай ойындар оқушының тілін, еске сақтау қабілеттерін арттырады, зейінін шоғырландыруға көмек көрсетеді. Ойын барысында өзіне бекітіліп берілген рөлді ойнау үшін оқушы ізденеді, талаптанады, жинақталады, айтатын сөзін салмақтайды. Белгілі бір жағдаятқа өзі кіріп, өз басынан өткереді. Нәтижесінде сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына осы ойынның жәрдемі тиетінін түсінеді.
Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай - ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Мұндай жұмыстар оқушының білімін ғана жетілдіріп қоймайды, жеке дара шығармашылық қабілетінің ашылуына түрткі болады.

Сабақ үдерісінде мұғалімнің басшылығымен мұндай жұмыстар жүзеге асырылып, жүйелі орындалып отырса:

- оқушының сөздік қоры мен тілін байытуға ықпал етеді;

- ауызша және жазбаша тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;

- сауатты жазуға үйретеді;

- оқушы өз бетімен шығармашылықпен айналысуға үйренеді.

Қорыта келгенде, мақала көлемінде ана тілі сабақтарында оқушының тіл байлығын арттыруға жәрдемі тиетін әдіс - тәсілдер мен іс - әрекет түрлері қарастырылды. Осындай жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырса, кез келген мұғалімнің мақсатына жететіні даусыз.
Пайдаланған әдебиеттер:

1. Рахметова С. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми - әдістемелік негіздері: педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. - Алматы: 1994



2. Уәлиханұлы Н., Тілемісұлы Н. Сөз мәдениеті. - Алматы: 2002

3. Балақаев М., Серғалиев М. Оқулық. - Алматы: Зият Пресс, 2004. - 140 б

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет