Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет19/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

«Сіздерге мына төмендегі жағдайды баяндап жеткізуді борышым деп білемін.
1941-жылы июль айында мен Алматы қаласына генерал-майор Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясына штаб бастығы болып келдім. Бұл дивизия кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия болып аталды да, Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен, одан кейін Ленин орденімен наградталды. Мен ұзақ уақыт осы дивизияда штаб бастығы боп келдім де, 1942 жылдың мартынан 1942 жылдың октябріне дейінгі шабуыл ұрыстарында осы дивизияның командирі болдым. Кезінде осы дивизияға командир болған генерал Панфилов та, генерал Чистяков та, осылардың бірінші орынбасары және артынан осы дивизияның командирі болған менің өзім де Панфилов дивизиясы ардагер офицерлерінің бірі, қанды шайқастарда аға лейтенанттан полковник дәрежесіне дейін көтерілген, қазір де аман-есен қызмет етіп келе жатқан Бауыржан Момышұлының ұрыстарда бірнеше дүркін көрсеткен лайықты ерліктерін, шегініс-шабуыл кездерінің әртүрлі жағдайларына байланысты, дәл уақытында атап көрсете алмадық. Менің мойнымдағы әділеттілік, адамгершілік парызы бұл азаматтың Отан үшін еткен ерліктерін осы хат арқылы сіздерге баяндай отырып, өтініш жасауыма мәжбүр етті.
Бауыржан Момышұлы аға лейтенант кезінде 19-шы гвардиялық атқыштар полкының батальон командирі болып тағайындалды. Батальон командирі кезінде ол Москва түбіндегі 1941 жылғы маневрлі қорғаныс ұрыстарына 27 рет қатысты. Генерал-майор Панфиловтың жау қоршауында қалып орындауға жүктеген арнаулы тапсырмасын іске асыру мақсатымен 5 рет дивизиядан бөлініп дұшпан әскерінің сыртында қалды. Арнаулы тапсырманы орындағаннан кейін ол өз батальоны мен қарамағына берілген басқа бөлімшелерді қоршаудан ойдағыдай алып шығып, адамдар мен техниканы аман сақтап қалды. Атап айтқанда:
1) 1941 жылы 26. Х-де Момышұлы жолдас, батальон командирі кезінде, оң жақ рубежде болған табан тірескен ұрыстардан кейін қоршаудан шығып, Волоколамск қаласына 690 адамды, 18 артиллерия жегінін, 30 пәуескені аман-есен алып келді. Сөйтіп, 35 километрге созылған аралық рубежде ұйымдасқан түрде ұрыс жүргізе отырып, жау қоршауын бұзып өтіп дивизияға кеп қосылды.
Бұл күндерде оның Сафатова, Миловани, Рюховское және Спас-Рюхевское аудандарында жүргізген ұрыстарының дивизия үшін ерекше маңызы болды. Бұл ұрыстарда батальон Волоколамскіге шабуыл жасап келе жатқан жау колоннасының ту сыртынан тиісіп олардың ілгері басқан аяғын кері кетірді. Сөйтіп дұшпанның Волоколамск бағытындағы басты күшін 2 тәулік бөгеп, дивизияның жау өкшелеп келе жатқан негізгі күшінің одан сытылып шығуына және уақытты ұтуына мүмкіндік туғызды. 1941 жылы 27. Х-ден 1941 жылғы 15.ХІ-ге дейінгі Волоколамск қаласы үшін болған ұрыстарда Момышұлының батальоны неміс басқыншыларын талқандауда өзінің әралуан қимылымен бірнеше рет көзге түсті.
1941 жылғы 16. Х-ден 1941 жылғы 15. ХІ-ге дейінгі барлық ерліктері үшін генерал Панфилов 1941 жылы 7 ноябрьде аға лейтенант Момышұлын үкімет наградасына — Ленин орденіне ұсынған еді. Сол награда қағазының тағдыры осы күнге дейін мәлімсіз боп кетті де, Момышұлы жолдастың ересен ерлігі атаусыз қалды.
2) 1941 жылғы 16. ХІ-ден 1941 жылғы 20. ХІ-ге дейін Момышұлының батальоны Волоколамск тасжолының бойындағы Горюны деревнясы ауданында, Матренино теміржол станциясында тағы да жау әскерінің қоршауында қалып, қиян-кескі ұрыс жүргізді. Дұшпанның Москваға шабуыл жасап бара жатқан басты күшін қақ ортасынан бөліп тастады. Осы жағдайды пайдаланып дивизияның бөлімдері келесі рубежге сырғып барып бекініп алды. Момышұлы батальонының бұл қимылы тағы да дивизияның негізгі күшін шабуылдап келе жатқан дұшпанның соққысынан аман сақтап қалды. Осы ұрыстарда батальон 600-дей гитлершілдерді жер жастандырды, жаудың 6 танкін жойды. Сонымен қатар 6 станокті пулемет, 12 қол пулеметі, 8 радиостанция, документ тола 2 штаб машинасын қолға түсірді. Олардың ішінде Волоколамск тобының басты күштерін ашып беретін «Өте құпия» деген документтер де көп.
Жау тылында дұшпанмен әлде неше рет шайқас жүргізіп, 1941 жылы 20. ХІ-де батальон қоршауды бұзып шығып, тағы да өз полкына келіп қосылды. Бұл жолы Момышұлы өзімен бірге 350 адам, 2 зеңбірек, 16 пәуеске, 4 станокты пулемет алып шықты. Сөйтіп батальон дивизияның жауынгер бөлшегі болып, қайтадан сапқа тұрды.
3) Лопастино — он үй деревнясы ауданында 1941 жылы 25. ХІ-де Момышұлы бір ПТО, екі миномет, екі станокты пулеметпен қаруланған жарты взвод жауынгерлерді бастап дұшпан тұрағына түнде шабуыл жасап, 200 неміс солдатын жойды. Оның бұл ерлігі де ескерусіз қалды.
4) 1941 жылы 26. ХІ-ден 1941 жылғы 7. ХІІ-ге дейін аға лейтенант Момышұлы 1073 атқыштар полкының, қазіргі 19-шы гвардиялық атқыштар полкының командирі болды. Момышұлының басқаруымен бұл полк мынадай нәтижеге жетті:
а) Соколова деревнясы ауданында 1941 жылы 26-30 ноябрь аралығында Момышұлының полкы төрт тәулік бойына табанды ұрыс жүргізіп, жау авиациясының төпелей бомбалауына қарамастан, дұшпанның төрт рет жасаған атакасын тойтарып тастады.
б) Крюково станциясы және елді пункті үшін болған ұрыстарда бұл полк дивизия жауынгерлік сапының қақ ортасында тұрып, 1941 жылғы 30 ноябрьден 7 декабрьге дейін дұшпанмен табан тірескен ұрыс жүргізді.
1941 жылы 5. ХІІ-де ұрыс үстінде Момышұлы жаралы болды. «Енді шегінерлік жер жоқ, полкта адам аз қалды, не көрсем де полкпен бірге көремін» деп ол ұрыс даласын тастап кетуден бас тартты, сөйтіп 1941 жылғы 7 декабрьге дейін полкты жаралы күйінде өзі басқарды.
Крюково үшін болған ұрыстарда дұшпанның бір полктай жаяу әскері, 18 танкі және көптеген техникасы жойылды. 1941 жылы 8 декабрьде полк, дивизияның басқа бөлімдерімен бірге, қарсы шабуылға көшті. Бұл жас офицердің осы ұрыстардағы ерлігі де елеусіз қалды.
в) 1942 жылдың қысқы шабуылында капитан Момышұлы жолдас бір жарым батальон атқыштарды өзі бастап «Кубас» СС дивизиясына түнде батыл шабуыл жасады. Бұл ұрыста 1200 гитлершілдерді жойып, алты жолдың аузында тұрған Бородино, Баркавица, Трашково, Трохово, Конюшено, Вашково деревняларын басып алды. Сөйтіп, жаудың үш тәулік бойына Соколово деревнясын бермей жатқан Соколов тобына жаңа күш, қару-жарақ жіберу мүмкіндігін жойып, 1942 жылы 6 февральда дивизияның өз міндетін орындау үшін алға басуына мүмкіндік туғызды.
г) 1942 жылы 8 февральда полктан қара үзіп қалған барлаушылар взводын іздеп келген Момышұлы Бол. Шелудьково ауданында дұшпанның кейін шегініп бара жатқан 600-дей адамы, 8 танкісі бар колоннасына тап болды. Момышұлының басшылығымен взвод тұтқиылдан шабуыл жасап, немістердің 200-дей солдатын жойды, маңызды оперативтік документтерін қолға түсірді.
5) 1942 жылы 27. 11-дан 13. V-ға дейін қолайсыз жағдайда, орманды-батпақты жерде, Дубровка-Кобляки деревнялары ауданында үлкен кеңістікте қорғаныс шебін ұстап тұрған Момышұлының полкы немістердің 1, 4, 5 авиа-жаяу әскер полктарының отты қапшығының ішінде тұрып, жаудың жүздеген атакасын тойтарды. Дұшпанға бір адым да жер берместен, оны қатты қырғынға ұшыратты.
Момышұлының жоғарыда аталған жауынгерлік еңбектерін ескере отырып, мен 1942 жылы августа оған Совет Одағының Батыры атағына награда қағазын толтырып берген едім. Одан да күні бүгінге дейін ешбір хабар-ошар болмай кетті.
Момышұлының Отан үшін еткен ерліктері тек бұл айтылғандар ғана емес. Мен солардың тек басты-бастыларын ғана қағазға түсіре отырып сіздерден осыны негізге алып, ССР Одағы ордендерінің статустарына сәйкес, Момышұлы жолдасты өздеріңіз лайықты деп тапқан наградамен атап өтуді өтінемін. Азаматтық, әділдік парызы менен сіздерге осы ақиқатты айтып жеткізуді талап етіп отыр.
Гвардия полковнигі Момышұлы 1910 жылы туған, ұлты қазақ, 1942 жылдан ВКП(б) мүшесі. Отан соғысына 1941 жылдың сентябрінен бері қатысып келеді. Қызыл Армияда 1936 жылдан қызмет етеді. 1941 жылы 5. ХІІ-де Крюково ауданында ауыр жарақаттанды. Оның қазіргі тұрағы: Москва қаласы, Кропаткин көшесі, 19, Қызыл Армия Бас Штабының Ворошилов атындағы академиясы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет