Нұрғали Р. Әдеби мұра: тарихы мен танымының теориялық – методологиялық қырлары. Көкейкесті әдебиеттану. 4 кітап. Астана, 2004 ж.
Шамиль М. С. Сейфуллин. О казахской интелегенции //Жизнь национальностей. 1920 г.
Нұрғали Р. Әуезов және Алаш. Әдебиеттегі ұлттық рух. Алматы: Санат, 1997 ж.
Нұрғали Р. Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы //Заман Қазақстан, 1997, 22 тамыз.
Нұрғали Р. “Алаш және орыс әдебиеті арасындағы байланыс”. Көкейкесті әдебиеттану. 4 кітап. Астана, 2004 ж.
Бір-бірімен сабақтас, арқаулас, өзектес үш кітаптан тұратын «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» әдеби-сын трилогиясы сөз жоқ, қазақ эстетикалық, сын - әдебиеттану жанрының табысты шығармасы.
М.Қаратаев
С.Дүйсенғазин
РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ ЗЕРТТЕУІНДЕГІ
СӘКЕН, ІЛИЯС, БЕЙІМБЕТ
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің алыптары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер шығармашылығы жайында ауқымды зерттеу еңбектер аз жазылған жоқ. Қазақ жазба әдебиетінің Абайдан кейін жаңа бір сапаға көтерілуіне әсер еткен үш суреткердің өмірі мен өнегелі туындылары туралы пікір айтпаған әдебиеттанушы-ғалымдар кемде-кем. Әсіресе, С.Сейфуллин шығармашылығын зерттеуде Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішевтер, І.Жансүгіров шығармашылығын зерттеуде М.Қаратаев, М.Дүйсенов, Т.Әбдірахмановалар, Б.Майлин шығармашылығын зерттеуде Қ.Жармағамбетов, Т.Нұртазин, Р.Рүстембекова, Б.Наурызбаев, С.Ордалиевтер бастаған ғалымдардың төккен терлері әдебиеттену ғылымының көкжиегін кеңейтуге үлкен үлес қосты. Олардың қатарында аталған қаламгерлердің үшеуінің де шығармашылығына тиянақты талдау жасап, салмақты ой айта білген академик Рымғали Нұрғалидың ғалымдық қолтаңбасы тайға таңба басқандай анық көрінеді. Оның екі томдық «Арқау», «Әуезов және алаш», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» сияқты зерттеу еңбектері жиырмасыншы ғасырда қазақ әдебиетіне олжа салған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин сияқты классиктердің суреткерлік ерекшеліктерін айқындау жолында жасалған баға жетпес жәдігерлердің қатарына қосылды.
Р.Нұрғали ХХ ғасыр басында пайда болған жаңа бағыттағы әдебиеттің негізін қалаушы С.Сейфуллиннің қайраткерлік тұлғасымен қатар қаламгерлік бейнесін де анықтап берген санаулы ғалымдардың бірі десек артық айтқандық емес. Алаш қайраткерлері ақталғаннан кейін Сәкенді оларға қарсы қойып, жоққа шығарушылар қатары көбейді. Осы тұста ғалымның монографиялық еңбектерінде оны алаш зиялыларымен қатар атай отырып зерттеуі Сәкеннің ұлт алдында жасаған адал қызметіне берілген лайықты баға болды. Ғалым қайраткер ақынның әдебиетке әкелген соны соқпақтары турасында: «Жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің көкейкесті, өзекті тақырыптарын аша көрсетті, жанды бейне, көркем тұлғалар арқылы терең идеялар айтып, эстетикалық жасады», - дей отырып: «Ұлттық әдебиетке жаңа мазмұн, жаңа түр, жаңа идея әкелген жазушы туындылары халқымыздың қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады» [3,176]-деген ой түйіндейді. Р.Нұрғалидың Сәкенннің шығармашылық өмірбаянын қалыптастырумен қатар, «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романына, «Жер қазғандар», «Айша», «Жемістер» хикаяттарына, көлемі шағын прозалық туындыларына «Аққудың айырылуы», «Альбатрос», «Көкшетау», «Қызыл ат», «Советстан» поэмаларына, әртүрлі лирикалық тақырыптарға арналған өлеңдеріне терең талдаулар жасау арқылы қаламгер бейнесін жаңа бір қырынан танытты. Қазақ поэзиясына соны ырғақ, бөлек композициялық өлшем әкелген «Советстан» поэмасын, мәңгілік махаббатты аққу бейнесі арқылы көрсете білген «Аққудың айырылуы, кеңестік өмірдің трагедиялық қайшылықтарын бейнелеген «Қызыл ат», революция, азамат соғысы, Ленин тұлғасын сомдауға арналған «Альбатрос» поэмаларын идеялық, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан саралап берді. Әсіресе қазақ поэзиясына соны поэтикалық үлгі әкелген «Көкшетау» поэмасына жан-жақты талдау жүргізу арқылы әдеби зерделеудің өзіндік үлгісін көрсетті. «Сұлулық атаулыға ғашық жүрекпен құлаған, ұшқыр қиял, мөлдір сезім, өткір ойдың ақыны Сәкен Сейфуллин Көкшетау табиғатынан өзінің әсемдік мұраттарын, сұлулық идеалдарын тапқан еді. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой Кавказ атырабын шығармаларына қалай арқау етсе, С.Сейфуллин де Көкшетау табиғатынан, тарихынан, бүгінгі тынысынан, болашағынан шабыт, өнеріне өріс тапты. Осы өлкенің қанаты талмас, дарынды, өршіл жыршысы болды. Кейін қазақ поэзиясында туған өлкені, атамекенді жырлау ағымы өрістеп, өрлеп өсті, әдеби ағымға айналды» [3,186] - деуі соның айқын дәлелі. Сәкентану ғылымының негізін салушы ғалымдардың қатарында Р.Нұрғалидың өзіндік орны бар екені жасырын емес. Оны жан-жақты талдап айтуға бір мақаланың көлемі аздық етеді. Оны көлемді зерттеу жұмысына айналдырып, толығырақ тоқталу келешектің мәселесі. Сондықтан да Сәкен шығармашылығының зерттелуі туралы айтқанда академик-ғалымның толымды пікірлерін айналып өте алмайтынымыз анық.
Р.Нұрғали зерттеуінің тағы бір көлемді арнасы - қазақтың эпикалық поэзиясының біртуары Ілияс Жансүгіров шығармашылығы. «Қазақ жаңа әдебиетінің бастау қайнарында тұрған құдіретті талант иелерінің бәріне тән ортақ асыл қасиет - көп қырлылық. Бұл ерекшелікті ақын, драматург, прозаик Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан көруге болады» [3,206] -дейді ғалым. Ақынның шығармашылық өмірбаянын жасау арқылы оның өлеңдерін тақырыптық-идеялық жағынан топтастыра зерттеу ғалымның стилдік ерекшеліктерінің бірі. Ұқсастықтарына қарай топтастырылған саяси және табиғат лирикаларына арналған өлеңдерін жігімен жіліктей отырып формалық, идеялық тұрғыдан дәл мінездемелер береді. Қаламгердің ұлы жазушы М.Әуезовті тамсандырған Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауының сұлулығын келістіре жырлаған тау суреттеріне арналған өлеңдер топтамасы да Р.Нұрғали зерттеуінен тыс қалмайды. Ғалымның Ілияс шығармашылығы туралы кеңірек толғайтын тұсы эпикалық туындыларына қатысты. «Қазақ әдебиеті тарихында кең құлашты, терең мағыналы эпикалық поэмалар тудырған талантты ақындар қатарында Ілияс Жансүгіров есімі ерекше аталады. Бұл салада ақын көптеген әдеби барлау, көркемдік тәжірибе жасай жүріп, әлеуметтік маңызды тақырыптарға арналған бірнеше салмақты туынды берді», - деген пікірі сол толғамының бір парасы. Кезінде қазақ поэзиясына поэма жанрының ерекше үлгісін әкелген «Күй», «Күйші», «Дала», «Құлагер» поэмалары екендігі белгілі. Р.Нұрғали осы поэмаларды талдау кезінде Ілиястің шығармашылық лабороториясына тереңдей енеді. Сол арқылы ақынның ішкі жан дүниесін, шығарма кейіпкерлерінің психологиялық характерін ашуға ерекше мән береді. Қазақ поэзиясында бұрын кездеспеген Алтай мен Атырау, Сібір мен Самарқанның арасын тұтастай жырға қосқан «Дала» поэмасы туралы салиқалы пайым жасап, ұтымды ой айтады. Шығарманы бастан-аяқ жүйелі зерделеген ғалым соңында: «Қазақ халқы өмірінің екі жүз жылдық панорамасын бейнелеген эпикалық «Дала» поэмасы әдебиетіміздің үздік шығармаларының қатарына жатады» -деген түйін жасайды. Ол сюжеттік әрекет пен лирикалық толғаныс қатар өрілген «Күй» поэмасына да талдау жасап, Молықбай қобызшының өнерпаздық дарынынан туған күйдің әсерін шығарманың тірегі деп бағалайды. «Өнер тек қайғы, қасіретті, мұңды айтып, адам жанын жаралап, жүрегіне от тастайтын сиқырлы күй емес, өмірге жетелейтін қайрат-жігердің киелі қайнары деген идеяны «Күй» өзекті сарыны, леймотиві деп білу керек» [1,245] -деген ойында үлкен салмақ жатыр. Ғалымның «Күйші» поэмасын талдау кезінде де салиқалы пікір айта білгенінің куәсі боламыз. Атақты хан Кененің ордасында тартылған күйдің сиқырын, ханның қарындасы Қарашаш пен Күйші арасындағы тартысты әспеттейтін поэма идеясына айтылған ғалымның мына бір пікіріне назар аударайық: «Күйші» - өлімді, зұлымдықты жеңген өнер құдіреті туралы симфониялық сарыны, романдық қуаты бар, кең тынысты, асқақ әуенді күрделі шығарма». Р.Нұрғалидың зерттеушілік қабілеті нысанаға дәл тиетін осындай нақты тұжырымдар жасай білуімен құнды. Ілиясті «Құлагер ақын» атандырған атақты туындысы - «Құлагер» поэмасы. Сағынайдың асында әйгілі жүйрігі Құлагерді бәйгеге қосқан Ақан серінің өмірінен үзінді беретін шығарманы да ғалым талдауымен жан-жақты тани аламыз. «Құлагер» поэмасының көркемдік құрылысында құнарлы өзгешеліктер, тынбай ізденген өрен жүйрік суреткер тапқан тамаша жаңалықтар, эстетикалық игіліктер бар» [3,233] - деген пікірден зерттеушілік талғамның тазалығын танимыз. Қысқасы, Ілияс Жансүгіров шығармашылығының ғылыми бағасын беруде академик Р.Нұрғали жасаған сара жол қазақ әдебиеттану ғылымы үшін құнды мұралардың қатарында жасай бермек.
Р.Нұрғали зерттеуіндегі тарихи тұлғалардың қатарынан жарқырай көрінгендердің бірі-ақын, шағын прозалық жанрдағы туындылардың шебері Бейімбет Майлин бейнесі. «Мырқымбай», «Құрекең мен көкшолақ», «Коллективтің жырын айт» т.б. сияқты өлеңдерімен қазақ поэзиясына жаңаша леп әкелген Бейімбеттің ақындық дауысы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің ауыз толтырып айтарлық айтулы шығармаларының қатарынан орын тепті. Оның ақындық орнын айқындауда академик-ғалымның тынбай еңбектенуінің нәтижесінде бірқатар салмақты ғылыми пікірлер қалыптасты. Осы ретте сөзіміз дәлелді болуы үшін: «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясының жан-жақты дамуына айрықша үлес қосқан қаламгердің бірі - Бейімбет Майлин. Октябрь революциясы әкелген бостандық, жаңа өмір, өзгерген салт-сана, қазақ әйелінің теңдігі, кедейлер өмірі, еңбекші ауыл тіршілігі тақырыптарына арналған көптеген туындылар берді» [1,379] - деген пікірін мысалға келтіруге болады. Бейімбет мұрасының негізгі салмағы прозалық шығармаларында жатыр. «Шұғаның белгісі», «Раушан коммунист» сияқты көлемді повестерімен қатар «Күлпаш», «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», «Қадір түнгі керемет», «Талақ», «Сексен сом», «Айранбай», «Шариғат бұйрығы», «Кедей теңдігі» т.б. көптеген әңгімелердің авторы болған қаламгердің орны қазақ прозасы көшбастарларының қатарында. Бұл тұрғыда Р.Нұрғали Бейімбет прозашылығын ұлы жазушы М.Әуезовпен деңгейлестіре зерттейді. «Қазақ прозасының туу, қалыптасу дәуірінде дара шеберлік қырларымен, өзіндік стиль, мәнер, көркемдік үлгілерімен танылып, әдебиетке жаға бояу, әсем нақыш, терең ой әкелген Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезов болды. Қазақ ауылының психологиясын бейнелеуге арналған ықшам, көркем әңгімелер циклында Б.Майлин бақытсыз әйелдер мен сорлы кедей-жалшылардың өткен дәуірдегі тағдыр-тауқыметін, ауыр халі, азапты өмірін, бостандық аңсаған көңіл үмітін, революция сілкінісінен кейінгі өзгере бастаған салт-сана, мінез-құлық, қарым-қатынастарды, теңдік алған шаруаның социалистік құрылысқа белсене араласуын нақты өмір картиналары, жанды образдар арқылы реалистік дәлдікпен суреттеп берді» [1,383] - деп ой қорытуы суреткер шығармашылығына берілген қай заманда да құнын жоймайтын ғылыми бағасы. Бейімбет туралы айтқанда да академик Р.Нұрғалидың зерттеушілік толғанысынан туған толымды пікірлерге көз жұмып қарай алмаймыз.
Жалпы, кез-келген қаламгердің шығармашылығын зерделегенде жеріне жеткізе талдап, нақты ғылыми қорытынды жасап отыру Рымғали Нұрғали зерттеушілігіне тән қасиет. Оның ғалымдық жолы даралығымен қымбат, даналығымен бағалы. Біздің айтқанымыз көл-көсір еңбек авторының тамшыдай тамшыдай табысы ғана. Пайғамбар жасын еңсерген ұлағатты ұстазымды алпыс бес жасқа толуымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Нұрғалиев Р. Арқау. 2 томдық шығармалар. – Алматы: 1991.
2. Нұрғали Р. Әуезов және Алаш. - Алматы: 1997.
3. Нұрғали Р. Қазақ әдебитінің алтын ғасыры . – Астана: 2002.
4. Сейфуллин С. Аққудың айрылуы. Шығ. Жинағы. – Алматы: 2003.
5. Жансүгіров І. Құлагер. Шығармалар жинағы. – Алматы: 2003.
6. Майлин Б.Қызыл жалау. Шығармалар. – Алматы: 1979.
Л.Серғазы
Достарыңызбен бөлісу: |