Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Семей қаласының мемлекеттік университеті
Филология факультеті
Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы
«Қазіргі қазақ тілі фонетикасы»
пәні бойынша оқу-әдістемелік кешені
Мамандығы: Қазақ тілі мен әдебиеті
Мамандық шифрі – 5В011700
Курс: 1
Семей - 2013
КІРІСПЕ
1 ҚҰРАСТЫРҒАН:
Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Қалиева Самал Ерболқызы
2 КЕЛІСІЛДІ
2.1 Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының отырысында қаралып, талқыланды
Хаттама №___ «___» ___________2013 жыл
Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент: _______________ Жұмағұлова Ә.М.
2.2 Филология факультетінің оқу-әдістемелік кеңесінде талқыланып, бекітілді
Хаттама №___ «___» ___________2013 жыл
ОӘБ төрайымы_________________ Мұқанова Қ.Қ.
2.3 Филология факультетінің Ғылыми кеңесінде бекітілді
Хаттама №___ «___» ___________2013 жыл
Төраға________________ Қадыров А.Қ.
3 БЕКІТІЛДІ
Университеттің оқу-әдістемелік бюросында бекітілді
Хаттама №___ «___» ___________2013 жыл
Оқу жұмысы жөніндегі проректор_________________ Искакова Г.К.
4 2013 ж. «____» __________ шыққан ПОӘК-нің
№ 3 БАСЫЛЫМЫ
МАЗМҰНЫ
1. Қолданыс аясы
2. Нормативтік сілтемелер
3. Жалпы ережелер
4. Оқытушыға арналған жұмыс бағдарламасының мазмұны
5. СӨЖ-дың тақырыптары
6. Пәннің оқу-әдістемелік картасы
7. Оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілу картасы
8. Әдебиеттер тізімі
Пәннің мақсаты мен мазмұны:
Пәннің мақсаты –осы қазіргі қазақ тілі фонетикасы, күнгi қол жеткен табыстары негiзiнде тыңдаушыға фонетика саласы бойынша жүйелi теориялық бiлiм беру, алған бiлiмдерiн тәжiрибелiк дәрежеде пысықтап, толықтырып бекiтiп отыру. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы туралы ғылыми – теориялық пән бiлiм берудi мақсат ете отырып, оның болашақта зерттелуге тиiстi мәселелеріне байланысты студенттердi ғылыми iзденiске баулуды өзiнiң мiндетi деп санайды.
«Қазіргі қазақ тілі фонетикасы» пәнінің міндеті – сауатты жазу мен дұрыс сөйлеу заңдылықтарының негізінде студенттерге тілдің дыбыстық жүйесінен, дауысты, дауыссыз дыбыстардан, қазақ тілінің дыбыстық құрамы мен ерекшеліктерінен, үндестік заңынан, орфоэпия мен орфографиядан сонымен қатар қазақ тілінің фонетикалық даму заңдылықтары туралы теориялық тұрғыдан жүйелі білім беру.
«Қазіргі қазақ тілі фонетикасы» пәнiнiң мiндетi- студенттерге қазақ тіліндегі дыбыстық жүйе, екпін, үндестік, сингармонизм, орфография, орфоэпия т.б. жайында теориялық тұрғыда бiлiм беру және оны тәжiрибелiк сабақтарда меңгергенін я меңгермегенін тексеру.
Пән бойынша глоссарий
1.Вокализм (лат. Vocalus – дауысты дыбыс) – тілдегі дауысты дыбыстар жүйесі.
2.Гаплология (грек. Hapleos – қарапайым және logos - сөз, ілім) – дыбыстардың комбинаторлық өзгеруінің бір түрі. Қатар келген бірдей немесе ұқсас буындардың біреуінің ассимиляция салдарынан түсіп қалуы. Мысалы: бұл күн – бүгін, алып кел- әкел.
3.Деривация (лат. Depivatio – жасалу) – бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау үрдісі. Дериваттарды суффикс қосу арқылы, сөз тіркесі арқылы, сөздерді біріктіру арқылы т.б. жасауға болады. Лексикалық деривация түпкі (түбірлі) бірліктің лексикалық мағынасын өзгертуге бағытталса («бас» - «бастық»), синтакситік деривация тек синтакистік қызметтің өзгеруін білдіреді («сайла» - «сайлау»).
4.Диахрония (грек. diachoponos – уақыттың өтуі) – тіл жүйесінің тарихи дамуын зерттейтін тіл білімінің аспектісі.
5.Диссимиляция (лат. Dissimilatio - өзгеру) – сөз шеңберіндегі екі немесе одан да көп ұқсас дыбыстың артикуляциясы. Диссимиляция біртектес дыбыстар арасында пайда болады.
6.Диэреза - сөйлеу кезінде дыбыстар бір-біріне әсер етеді. Диэрезаның нәтижесінде дыбыстар түсіріліп айтылады , мысалы: «честный – чесный», «қалмады – қамады», т.б.
7.Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері – сөйлеу кезінде дыбыстардың бір-біріне әсер етуінен пайда болатын фонетикалық өзгерістер. Оның негізгі түрлері мынадай: аккомодация, ассимиляция, диссимиляция.
8.Консонантизм (лат. consonantig - дауыссыз дыбыс) – тілдегі диалектідегі , говордағы тілдер тобының дауыссыздардың жүйесі.
9.Метатеза – (грек. Meafofhesis - орын ауыстыру) – сөз ішіндегі дыбыстардың, не буындардың өзара орын ауыстыруы.
10.Протеза (грек. Proflogis - алдына қою) - сөз басында қосымша дыбыстың пайда болуы. Мысалы: ырас – рас, ылай – лай.
11.Редукция (лат. Reductio - кейін шегіну, азаю, қысқару) – дыбыстың артикуляциялық және акустикалық сипатының өзгеруі. Сандық редукция - екпін болмауынан дыбыс ұзақтығының азаюы, сапалық редукция – сол себептерден артикуляцияның өзгеруі. Мысалы: қат(ы)нас, дәр (і) гер, т.б.
12.Сингармонизм (грек. Syn - бірге және harmonia - қос үнділік, үндесу)- морфологиялық бірлік ретіндегі сөздің вокалдық түрленуінің нәтижесі. Бұл түркі тілдеріне тән аса күшті заң.
13.Синхрония (грек. Sync – hronos- бір мезгілде болатын) – белгілі бір даму кезеңіндегі тілдің жағдайы.
14.Транскрипция (лат. Trancriptio - көшіріп жазу) – сөз дыбыстарын хатқа түсіру (жазу) әдісі.
15.Фонема (грек.phonema – дыбыс, дауыс) – тілдегі дыбыстық қатарды құрайтын бірлік. Фонема мағыналық бірліктерді ажырату үшін қажет.
16.Фонология (грек. phone – дыбыс және logos – сөз, ілім) – тілдің дыбыстық құрылысы мене қызметінде болатын заңдылықтарды зерттейтін тіл білмінің бір саласы.
17.Элизия (лат. elisio – шығарап тастау) ілгері тұрған сөзде соңғы дыбыстың жоғалуы. Элизияға қарама-қарсы болатын үрдіс, яғни кейінгі сөздің басында тұратын дыбыстың жоғалуы – аферизис деп аталады.
18.Элизия редукциямен тығыз байланысты. Мысалы: орын- орны; ауызы – аузы.
19.Эпентеза (грек.epenthesis – қосынды) –сөздегі қосымша дыбстың пайда болуы. Мысалы: кровать – кереует.
20.Диахрония (грек. diachoponos – уақыттың өтуі) – тіл жүйесінің тарихи дамуын зерттейтін тіл білімінің аспектісі.
21.Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері – сөйлеу кезінде дыбыстардың бір-біріне әсер етуінен пайда болатын фонетикалық өзгерістер. Оның негізгі түрлері мынадай: аккомодация, ассимиляция, диссимиляция.
22.Ларингал (грек. Larynx - көмей) - көмейлік дауыссыз дыбыс.
23.Фонетика- гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс.
24.Аллофон - бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқуы.
25. Комбинаторлық реңк - фонеманың көршілес келген әр түрлі фонемалардың тигізген әсеріне пайда болған реңкі.
26.Сөйлеу аппараты-дыбысты жасауға қатысатын мүшелер: өкпе, кеңірдек, дауыс шымылдығы, көмей, ауыз қуысы, тамақ қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл т.б.
27. Дауыс немесе тон - керілген кезде (ауаның әсерінен) дірілдеп,одан үн пайда болуы.
28.Сипаттамалы фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық құрамын қарастырады.
29.Тарихи фонетика белгілі бір тілдің даму тарихының әр түрлі дәуірлерінде оның дыбыстық құрамының өзгеруін және өзгерудің себептерін зерттеп айқындауды мақсат етеді.
30. Екпін - Сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы.
31. Лебізді екпін немесе динамикалық екпін- буынның біреуі басқа буындардан айрықша күшті айтылуы.
32. Тоникалық немесе музыкальды екпін- басқа буындардың ішінен бір буын айтылу тонының ырғағы (высота тона) арқылы ерекшеленіп, дауыс шымылдығының дірілінің жиілеуіне негізделуі.
33. Квантативті екпін - басқа буындардың ішінен бір буын өзінің құрамындағы дауыстың созылыңқы айтылуы.
34. Жылжымалы екпін -екпін арнаулы бір буынға байланбай, ыңғайына қарай әр басқа буынға түсе беруі.
35. Лингвальдық сингармонизм- тілдің қатысы жағынан сөз ішінде дауыстылар не бір өңкей жуан дауыстылар, не бір өңкей жіңішке дауыстылар болып үндесеуі. Сөз құрамында соңғы буындардағы дауыстылар алдыңғы буындағы дауыстының әуеніне қарай ыңғайланып айтылауы.
36. Лабиальдық сингармонизм- бастапқы буындағы ерін дауыстының ыңғайына қарай, соңғы буындарда да ерін дауыстылардың келуі дауысты дыбыстардың ерін қатысы жағынан үндесуі.
37.Омофон – грек тілінің біркелкі, бірдей және дыбыс деген сөздерінен жасалған термин
38.Омограф - грек тілінің біркелкі, бірдей және жазу деген сөздерінен жасалған термин
39.Пунктуация – тілдегі тыныс белгілерін зерттейтін сала
40.Проклитика-өзінен кейінгі атауыш сөздердің фразалық екпіні ішіне кіре айту құбылысы
41.Энклитика - өзінің алдындағы атауыш сөз екпіні ішіне кіре айту құбылысы
№1 Дәрістің тақырыбы: «Қазіргі қазақ тілі фонетикасы» пәнінің зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері,салалары, зерттелу жайы.
Мақсаты: Қазіргі қазақ тілі курсының объектісі мен міндеті, көлемі мен жіктелетін салалары жайында мағлұмат беру.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы пәнінің зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері.
2. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы фонетикасының салалары.
3. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы пәнінің зерттелу жайы.
1.Фонетика- гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс. Фонетика – тіл ғылымының, тілдердің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Ол тіл дыбыстарын, олардың құрамын, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтарын зерттейді.
Фонетиканың зерттейтіндері – тілдің барлық жағдайларында және қызметінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдері және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстар.
2. Фонетика ғылым ретінде жалпы фонетика және жеке фонетика (нақтылы тілдің фонетикасы) болып бөлінеді.
«Жалпы фонетика тіл дыбыстарының тіл жүйесінде өмір сүру жағдайларын зерттеуден басқа, оларды сөйлеудің түйдегінде зерттейді, басқаша айтқанда, ол бірінші жағынан, фонетикалық құбылыстардың бір-бірімен байланыстарын және екінші жағынан фонетикалық құбылыстар мен фонетикадан тыс құбылыстардың себепті байланыстарын қарастыра отырып, тіл дыбыстарының динамикасын зерттейді.»
Жеке фонетика белгілі бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Ол зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық, статикалық) фонетика және тарихи (диахрониялық) фонетика болып бөлінеді.
Сипаттамалы фонетика тілдің өмір сүріп тұрған дәуіріндегі дыбыстық құрамын қарастырады да, ондағы фонемалар жүйесін және фонемалардың ішкі өзара байланыстарын белгілеп айқындайды. Тарихи фонетика белгілі бір тілдің даму тарихының әр түрлі дәуірлерінде оның дыбыстық құрамының өзгеруін және өзгерудің себептерін зерттеп айқындауды мақсат етеді. :
Туыстығы жоқ, құрылымы бөлек тілдердің дыбыстық жүйесін салыстыра зерттеу салғастырмалы фонетиканың үлесіне тиеді. М. Қазақ – орыс, қазақ – ағылшын т.б.
Қазақ тілінің дыбыс жүйесі жөнінде алғашқы мәліметті Н.И. Ильминскийдің 1860 жылы Қазан қаласында шыққан «Материалы к изучению киргизского наречия» («Ученые записки Казанского университета») деген еңбегінен кездестіре аламыз. Одан соң М.Терентьев жазған «Гармматикада» [1] қазақ фонетикасы жөнінен айтарлықтай жаңалық байқалмайды. Онда кейбір дыбыстардың айтылуы мен комбинаторлық түрде алмасуы жайында азын-аулақ мәлімет береді.Түркі тілдерінің фонетика мәселесін зерттеу жайында В.В. Радловтың сіңірген еңбегі аса зор. П.М. Мелиоранский екі бөлімнен құралатын қазақ тілінің грамматикасын жазып, оның алғашқы бөлімін фонетика мен морфология мәселесіне арнаған болатын. Октябрь революциясына дейін казақ тілі жайында жазылған еңбектерден - В. Катаринскийдің. «Грамматика киргизского языка» (Фонетика, этимология и синтаксис. Оренбург, 1897), И. Лаптевтың «Материалы по казах-киргизскому языку» (Москва, 1900) және Н. Созонтовтың «Записки по грамматике киргизского языка» (Ташкент, 1912) деген кітаптарын атап өтуге болар еді.
Аталған еңбектердің фонетика тарауында айтарлықтай жаңалық жоқ, көбіне, бұрынғы айтылған мәселелерді қайталап отырады.
Г. В. Архангельский жазған «Грамматикада» қазақ тілі дыбыстарының жіктелуі, дыбыстардың өз ара алмасуы, кейде дыбыстардың сөзде айтылмай түсіп қалуы (редукциясы), үндестік заң мен екпін мәселесі қысқаша түрде сөз болады.Қазақ тілі фонетикасының ғылыми негізі А.Байтұрсынов еңбектерінде ойып орын алады. Қазақ фонетика мәселелерін арнаулы жүйеге салып зерттеу кезеңі проф. Құдайберген Жұбановтан басталады. Проф. Қ. Жұбанов қазақ лингвистикасының ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Ол қазақ фонетикасының бір топ мәселелері (атап айтқанда — тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру құбылысы, үндестік заң, сөздің буын құрылысы және акцентуация саласы) жөнінде зерттеу жүргізіп, олар туралы белгілі шешімге келеді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы пәнінің зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері.
2. Фонетика қандай салалардан тұрады?
3. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы пәнінің зерттелу жайы.
Әдебиеттер:
1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- А.,1973,1977,1993, 2002
2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.- А.,1962
3.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А., 1989
4.Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. -А., 1975.
№2 Дәрістің тақырыбы:Дыбыс, әріп, фонема.Фонема туралы түсінік, көзқарастар.
Мақсаты: Қазақ тіл біліміндегі дыбыс, әріп, фонема туралы түсінік, көзқарастарға тоқталу. Фонемалардың негізгі функциясы, қызметі жайлы мағлұмат беру. Фонема,аллофон деген ұғымдар туралы әңгімелеу.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Дыбыс, әріп, фонемалар туралы түсінік.
2.Фонема туралы түсінік, көзқарастар.
3.Фонема туралы ілімнің алғаш негізін салушылар.
Сөздің айтылуы бар да, жазылуы бар. Әдетте мынадай көзқарас кездеседі: шын тіл-жазылған тіл, яғни сөзді қатесіз жазу, жазылуындай етіп оқу.
Дұрысы, жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда, әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де, содан соң жазуға көшеді. Олай болатыны, сөздің өмір сүру формасы- дыбыс. Әріп-сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әр түрлі (мәселен, д, d, т.б.) өрнектей беруге болады.
Әріп пен дыбысты шатастыруға әсте болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ү, ұ), кейде бір әріп (мәселен, ю,я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) өрнектейді. Керісінше, кейбір әріптердің (ь, ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Фонема (гр.phonema-дыбыс)- сөздер мен морфемаларды құрастырып, оларды бір-бірінен мағына және форма жағынан айыруға септігі бар тілдің тілдің ең кішкене функциялық бөлшегі.
Тілде, әдетте, біз ойлағаннан әлдеқайда көп әртүрлі дыбыстар бар, олар әрбір жеке тілде сөздердің мағыналары мен формаларын ажырата алатындай санаулы ғана дыбыстар типіне топтастырылады. Мәселен, ат, ет, от, өт деген сөздерде біздің түсінігімізше бір-ақ «т» дыбысы бар.
Шынтуайтқа келгенде, дауысты дыбыстардың әсерімен ол бірде жуан(ат, от), бірде жіңішке(ет, өт), бірде еріндік(от,өт), бірде езулік(ат, ет) болып, біршама ауытқу, ерекшеліктермен немесе әртүрлі реңмен айтылады да, қызметіне қарай бір-ақ фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқу, рең тіл білімінде аллофон(гр.allos-басқа)деп аталады. Сондықтан сөз дыбыстан емес, фонемедан құралады десе де болады.
Фонема, сондай-ақ морфема туралы ілімнің алғаш(1870) негізін салған-орыс және поляк тілін зерттеуші И.А.Бодуэн де Куртенэ. Фонеманың көршілес келген әр түрлі фонемалардың тигізген әсеріне пайда болған реңкі к о м б и н а т о р л ы р е ң к деп аталады. Тіл білімінде фонема туралы мәселенің өзіне тән тарихы бар.Фонема туралы ілім орыс лингвистикасында өткен ғасырдын жетпісінші жылдарында пайда болған.Фонема теориясының алғаш негізін қалаған лингвист – орыс ғалымы и. Бодуен де Куртанэ (1845-1929). Оның ғылыми – зерттеу жұмыстарының әр дәуірінде фнема туралы түсінік өзгеріп отырды.Мысалы, Бодуан де Куртанэ алғашында фонеманы этимология – морфологиялық құбылыс деп қараса,кейінгі кездерде фонемаға психологиялық анықтама береді.Бодуен де Куртенэнің фонема туралы ілімін ары қарай дамытқан оның шәкірті акад. Л.В. Щерба болды.Л.В. Щерба сөздер және формаларды ажырататын реңкі фонема деп атайды.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.Әріп пен дыбыстың қандай айырмашылығы бар? Олардың өзара қарым-қатынасы жайлы не айтуға болады?
2.Фонема дегеніміз не?
3.Фонема және морфема туралы ілімнің негізін салушы кім?
4.Фонеманың көршілес келген әр түрлі фонемалардың тигізген әсеріне пайда болған реңкі қалай аталады?
Әдебиеттер:
1.С.Мырзабеков. Қазақ тілі фонетикасы.- А.,2004.
2.Х. Досмұхамедов. Аламан. –А., 1994.
3.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. -А.,1973,1977,1993, 2002.
4.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.- А.,1962.
5.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. -А., 1989.
6.Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А., 1975.
№3 Дәрістің тақырыбы: Сөйлеу дыбыстарын қарастырудың үш аспектісі. Фонетикалық зерттеуде қолданылатын әдістер.
Мақсаты: Сөйлеу дыбыстарын қарастырудың үш аспектісі жайлы жан-жақты түсінік беру. Фонетикалық зерттеуде қолданылатын әдістерді сипаттау.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1. Анатомия – физиологиялық аспект дегеніміз не?
2.Акустикалық аспект дегеніміз не?
3. Лингвистикалық аспект дегеніміз не?
Анатомия – физиологиялық аспект.Адамның тілі – ең алдымен биологиялық құбылыс, яғни ол – дыбыстау органдарының, оны басқарып отырңан орталық нерв жүйесінің қызметінің нәтижесі.Адам организмінде тіл дыбыстарын айтуға арналған арнайы органдар жоқ. Мұны әр түрлі физиологиялық қызмет үшін жаралған органдар (мәселен, өкпе, тіл, таңдай, тіс, ерін т.б) қосымша атқарады. Тіл дыбыстары және олардың жасалуын түсіеу үшін, дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының қызметін білу керек. Дыбысты жасауға қатысатын мүшелер: өкпе, кеңірдек, дауыс шымылдығы, көмей, ауыз қуысы, тамақ қуысы, мұрын қуысы, тіл, кішкене тіл т.б. Бұларды сөйлеу аппараты деп те атайды.Дыбыстау өкпедегі ауаның сыртқа шығу кезінде ауа жолына орналақан дыбыстау мүшелерінің белілі бір тәртіппен атқаратын қызметіне, яғни қимыл – әрекетіне негізделген.Дыбыстау мүшелері актив және пассив болып екіге бөлінеді. Актив мүшелер дыбыстау кезінде қимыл, қозгалыс жасайды. Олар: тіл,ерін, жұмсақ таңдай, бқбешік, дауыс шымылдығы т.т. Бұлардың ішінде тілдің орны ерекше.
Дыбыстау мүшелерінің ішінде әсіресе дауыс шымылдығы (желбезек сияқты) жиырылып, келіп тұрады. Керілген кезде (ауаның әсерінен) дірілдейді де, одан үн пайда болады. Оны тіл білімінде дауыс немесе тон деп атайды. Дауысты дыбыстар, аты айтып тұрғандай, осы дауыстан (тоннан) жасалады. Ал дауыссыздарда тонның дәрежесі әр түрлі: үнділерде – көбірек, ұяңдарда – азырақ болады да, ал қатаңдарда, мүлдеи болмайды.оның есесіне қатаңдар салдырдан жасалады.Салдыр фонациялық ауаның ауыз қуысыеда тосқауылға ұшырауынан пайда болады.
Акустикалық аспект.Тіл дыбыстары да табиғаттағы басқа дыбыстар сияқты физикалық құбылысқа жатады. Дыбыс атаулы бір – бірінен ырғағы, күші, әуені, созылыңқылығы жағынан ерекшеленеді. Дыбыстың ырғағы тербелістің жиілігіне, ал дыбыстың күші тербелістің қарқынына байланысты. Лингвистикалық аспект. Қарым – қатынас құралы тіл тек дыбыстар арқылы ғана өмір сүреді. Сондықтан тіл дыбыстарын тек акустикалық, физиологиялық, қүбылытар ретінде қарау жеткіліксіз. Ең бастысы, осы дыбыстардың адамдардың қатынас құралы тілдің қызметін қамтамасыз етудегі лингвитикалық мәнінде деп қарау керек. Осыдан дыбыстарды қарастырудың лингвистикалық аспекті келіп шығады. Мұны фонология деп атайды. Алғашқы екеуін осы лингвистикалық аспектінін табиғатын дұрыс танып, білуге көмектесетін жолдар түрінде қараса да болады.
Қысқасы, лингвистикалық аспект дыбытарға фонема тұрғысынан, фонемалардың қызметі тұрғысынан қарайды.
Өзін – өзі тексеру сұрақтары:
1.Дыбысты қарастырудың қанадай аспектілері бар?
2.Анатомиялық – физиологиялық аспектіге қандай анықтама бересің?
3.Акустикалық және лингвистикалық аспектінің сипаттамалары.
4.Тембр деген не?
5.Сөйлеу аппаратына нелер жатады?
Әдебиеттер:
1.С.Мырзабеков. Қазақ тілі фонетикасы. –А.,2004.
2.К. Аханов. Тіл білімінің негізері. –А., 1997.
3.Х. Досмұхамедов. Аламан. –А.,1994.
4.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.-А.,1962.
5.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А., 1989.
6. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.-А., 1975.
№4 Дәрістің тақырыбы: Фонемаларды топтастырудың ұстанымдары. Дауысты және дауыссыз фонемалар.
Мақсаты: Фонемаларды топтастырудың ұстанымдары туралы ұғым беру. Дауысты, дауыссыз фонемалардың топтастырылуына тоқталу.
Негізгі сұрақтары мен қысқаша мазмұны:
1.Фонемаларды топтастырудың ұстанымдары.
2. Дауысты фонемалардың топтастырылуы.
3.Дауыссыз фонемалардың топтастырылуы.
Тілдің барлығында да тіл дыбыстарды екі топқа бөледі .Дауыстылар мен дауыссыздар.Физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда дауыстыларды айту үстінде фонациялық ауа (сөйлеп тұрғанда шыққан ауа): 1) кедергіге ұшырамай, тосқауылсыз еркін шығады; 2) дыбыстау мүшелеріне күш түспей, оның қалпы жайдары болады; 3)фонациялық ауа баяу (лепсіз) шығады. Ал дауыссыздардың артикуляциясы мұнан басқаша болады. Дауыссыздарды айтқанда, фонациялық ауа: 1) кедергіге ұшырап, тосқауылмен айтылады; 2) тосқауылдан өту кезінде дыбыстау мүшелеріне күш түседі; 3) фонациялық ауаның шығу қарқыны күштірек болады.
Қандай бір тілде болсын, дауысты дыбыстарға қарағанда, дауыссыз дыбыстар көп. Дауыстылармен салыстырғанда, дауыссыздардың классификациясы әлдеқайда күрделі. Дауыссыздардың кейбіреулері дауыстың қатысуымен жасалса, қайсыбіреулері дауыстың қатысуынсыз жасалады. Осыған орай, дауыссыздар екі топқа бөлінеді: оның бірі – қатаң дауыссыздар, екіншісі – ұяң дауыссыздар. Қатаң дауыссыздар деп дауыстың қатысынсыз жасалған дауыссыздарды айтамыз да, ұяң дауыссыздар деп дауыстың қатысуымен жасалған дауыссыздарды айтамыз.
Егер дауыссыздарды айтқанда, дауыс шымылдығы жиырылып қысылмаса және дауыстың қатысы болмаса, онда қатаң дыбыстар жасалады. Мысалы: қ, к, т, п, с және т.б. Егер дауыссыздарды айтқанда, дауыс шымылдығы үн шығарарлық қалыпта болса, онда ұяң дыбыстар жасалады. Мысалы: ғ, г, д, б, з және т.б.
Қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар түрлі тілдерде дауыстың қатысу немесе қатыспауы жағынан ажыратылады да, өз ара жұп-жұбымен айтылады. Тіл – тілде қатаң дауыссыздардың ұяң сыңарлары, керісінше, ұяң дауыссыздардың қатаң сыңарлары бар. Мысалы: к-г, п-б, т-д, с-з, ф-в және т.б.
Қатаң дауыссыздарда салдыр басым болады. Осыған орай, ұяңдарға қарағанда, қатаң дауыссыздарда ауаның қарқыны басым болады. Сондықтан да, қатаң дауыссыздар кейде, қарқынды немесе күшті дауыссыздар деп те аталады. Ал ұяң дауыссыздарды айтқанда ауаның қарқыны, қатаң дауыссыздарға қарағанда, баяу болады. Осымен байланысты, ұяңдар әлсіз дауыссыздар деп аталады.
Дауыссыздар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай ауыз жолды және мұрын жолды дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді. Егер жұмсақ таңдай жоғары көтеріліп, жұтқыншақтың мұрын қуысына баратын кіре беріс жолды жауып тұрса, онда ауа ауыз қуысымен өтеді де, осының нәтижесінде ауыз жолды деп аталатын жауыссыздар (мыс:б,д және т.б.) жасалады. Егер жұмсақ таңдай төмен түсіп, жұтқыншақтан мұрын қуысынан өтсе, онда осының нәтижесінде мұрын жолды деп аталатын дауыссыздар жасалады.(мыс: м,н...).
Артикуляциялық жолына қарай салдыр дауыссыздар(қатаңдар мен ұяңдар) шұғыл дауыссыздар және ызың дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді.
Шұғыл дауыссыздарды айтқанда, дыбыстау мүшелері бір-біріне жабысады да, бірден кілт ажырасып кетеді, осының нәтижесінде ауа үзіліп, шұғыл шығады. Шұғыл дауыссыздардың осы қасиеті ескеріліп, олар эксплозив дауыссыздар деп те аталады. Шұғыл дауыссыздар мыналар:п, б, т, д, к, г, қ.
Ызың дауыссыздар дыбыстау мүшелерінің жымдасуынан емес, тек өз ара жуысуынан, соның нәтижесінде, ауаның сүзіліп шығуынан жасалады. Ызың дауыссыздар кейде фрикатив дауыссыздар деп те аталады. Олар мыналар: в, ф, ғ, с, ш, х, з, ж, һ.
Тіл – тілде ызың дауыссыздар мен шұғыл дауыссыздардың ерекшеліктерін бірдей қамтыған дауыссыз дыбыстар да кездеседі. Мұндай дауыссыздар аффрикат дыбыстар деп аталады. Аффрикаттар (ц, ч...) шұғыл дауыссыз дыбыстың элементінен басталып, ызың дауыссыз дыбыстың элементімен аяқталады. Тіл білімінде дауыссыз дыбыстар жүйесі консонантизм деп те аталады.
Тіл – тілде дауысты дыбыстар саны жағынан да, сапасы жағынан да түрлі – түрлі болып келеді. Кейбір тілдерде дауыстылардың саны көп те, қайсыбіреулерінде аз. Мысалы, қазақ тілінде 9жалаң дауысты дыбыс болса (а, е, ы, і, ә, о, ө, ұ, ү), орыс тілінде 6дауысты дыбыс (а, э, и, ы, о, у) бар.
Дауыстылар сөйлеу мүшелерінің негізгі үш түрінің қатысы мен қалпына қарап, атап айтқанда, 1) тілдің қалпына; 2) еріннің қатысына; 3) жақтың ашылу қалпына қарай топтастырылады.
1.Тілдің артқы таңдайға қарай жиырылып, бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар (а, ы, о, ұ) жасалса, оның таңдайдың алдыңғы жағына жуықтап айтылуынан жіңішке дауыстылар (ә, е, і, ө, ү) жасалады.
2.Ерін қатысына қарай дауыстылар еріндік және езулік болып екі топқа бөлінеді. Еріндік дауыстылар еріннің алға сүйірленуінен жасалса (о, ө, ұ, ү...), езулік дауыстылар еріннің кейін тартылып, езудің жиырылуынан жасалады.(ы, і, е...).
3. Жақтың ашылу қалпына қарай дауысты дыбыстар ашық дауыстылар және қысаң дауыстылар болып екі топқа бөлінеді. Ашық дауыстылар жақтың кең ашылып, иектің төмен түсуінен жасалса (ә, а...), қысаң дауыстылар жақтың болар-болмас ашылуынан жасалады (ұ, ү, ы, і...). Ашық дауыстылар мен қысаң дауыстылардың аралығындағы дауыстылар – о,ө,е дыбыстары.
Достарыңызбен бөлісу: |