Қазіргі қазақ тілі ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені


Бірақ шылауы арқылы байланысқан сөйлемдердің мағынасы бір-біріне қарама-қарсы болып келеді. Бірақ



бет5/13
Дата25.01.2017
өлшемі2,55 Mb.
#7777
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Бірақ шылауы арқылы байланысқан сөйлемдердің мағынасы бір-біріне қарама-қарсы болып келеді.

Бірақ жалғаулығы жай сөйлем басында да жие кесдеседі. Бірақ осы соңғының саны көп емес, хабары да анық, толық дәл де емес (Әуезов).

Осымен қатар бірақ шылауы сөйлемде анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыштарды да байланыстырады. Аласа, тақыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады. (Әуезов) деген сөйлемдерде алдыңғысында бірыңғай анықтауыштарды, соңғысында бірыңғай баяндауыштарды байланыстырып тұр.

Қарсылықты мағынаны білдіретін алайда, әйтсе де, дегенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары түрде бірақ шылауынан сирегірек кездеседі. Бұлар тек құрмалас сөйлем құрамында ғана қолданылады, олардың да өзіндік стильдік ерекшеліктері бар.

Жалғаулықтың талғау мәнді білдіретін түрлеріне мына шылаулар жатады: біресе, болмаса, әлде, не, немесе, я, яки, мейлі, бір. Біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсе қызарлық қылып, көз алартпақ лайық па ?(Абай). Әлде көштен қалғандықтан ба, әлде Жабайға жаны ауыра ма, әйтеуір жүзінде едәуір қуаңдық бар (Мүсірепов). Кейде бұзақылыққа, кейде дұрыстыққа еріп кететіндігі бар (Сонда). Бұл сөйлемдердегі я, әлде жалғаулықтары салалас сөйлемнің екі сыңарын байланыстырса кейде шылауы бірыңғай сөздерді де байланыстырып, бірінің жаңа талғанатынын білдіру үшін қолданылған.

Талғаулықты жалғаулықтардың әрбіреуінің өзіндік мағыналық қолданылу ерекшеліктері бар.

Талғау мәнді я, яки, не, мейлі, әлде шылаулары жай сөйлем сайын, басында қайталанып келе береді. Не билікті, не ауылнайлықты бермей отыр (Шәріпов).



Біресе, бір жалғаулықтары іс- әрекеттің қызықпен бірінен соң бірі қайталанып отыратынын білдіру үшін қолданылады. Біресе Ақжелкеге, біресе тілмашқа кезек-кезек, жалпақ-жалпақ қарайды (Әуезов).

Бір шылауы етістіктердің тікелей алдында келіп қолданылады.Қосқа бір кірдім, бір шықтым (Мұқанов).

Себептік қатынасты білдіретін жалғаулықтарға өйткені, себебі шылаулары жатады. Бұл шылаулар салалас құрмаластың жай сөйлемдерін байланыстырып, соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдегі іс-әрекеттің себебін білдіреді.Ешкім үндемейді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де қарт әйелдің дауысын білетін (Нүрпейісов). Әй, ол жеңер сені, себебі келешек онікі ғой (Мұқанов). Бұл мысалдардағы себебі, өйткені шылаулары алдыңғы сөйлемде болған іс-әрекет, жай-күйдің болу себебін көрсету үшін қолданылып тұр.

Салдар мәнді шылауларға сондықтан, сол себепті жалғаулықтары жатады. Олар құрмаластың жай сөйлемдердің арасында қолданылып,соңғы сөйлем құрамына енеді. Бұлар болған іс-әрекеттің нәтижесін, салдарын білдіру үшін қолданылады.Оңай алдаймын дейтін, сондықтан оңай алданатын анайы мінездері жоқ емес (Мүсірепов).Ал мынау өз бетімен тәрбиеленген, сондықтан ол қисық болып өскен (Алтынсарин) деген құрмаластардағы екінші жай сөйлемдердегі салдарлық мағынаны білдіруге қатысып тұрған жалғаулық-сондықтан.

Сөйлемдер арасында шарттық қатынасты білдіруге егер, онда шылаулары қызмет етеді. Шарттық жалғаулық егер құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының басында қолданылады да, онда басыңқы сыңардың бас позициясында тұрады. Сонау бақша ішінен табылармын,Егер мені іздесең көңіліне алып (Абай).

Сонымен бірге егер, онда шылаулары болмаса да, баяндауышы-са/-са щартты рай жұрнағы арқылы жасалған сөйлемде шарттық қатынасы бұзылмайды. Қолдан кеген жәрдемі, Тұрлығұлдан бір түйе әперуге жараса, сенен аямас едім (Торайғыров).

Қазіргі қазақ тіліндегі септеуліктер сөз бен сөздің сөйлем мен сөйлемді бірін екіншісіне бағындыра, яғни сабақтастыра байланыстырып, өзінің алдында тұрған толық мағыналы сөздердің белгілі бір тұлғада тұруын талап етіп, әр түрлі грамматикалық, мезгілдік, мекендік, мақсаттық қатынастарды білдіреді.

Жалғаулықтар тең дәрежедегі сөздер мен сөйлемдерді салаластыра байланыстырса, септеуліктер оларды бағындыра, сабақтастыра байланыстырады.

Септеуліктердің атауыш сөздерден дамып шыққаны белгілі, сондықтан кейбір шылаулар-ғы/-гі жұрнақтарын қабылдап, морфологиялық өзгерістерге түсіп, синтаксистік қызмет атқарып, сөйлем мүшесі болады. (Құсты Арал) саяхаты менің сол күнге дейінгі өмірімде елеулі бір белесім еді (Сәрсенбаев) деген сөйлемде дейін септеулігі -ғы/-гі жұрнағын қабылдап, сол күнге тіркесінің бірге қай? Деген сұраққа жауап беріп анықтауыш болып тұр. Сөз жоқ , септеулік шылау жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайды.Бұл жерде анықтауыш қызметінде жұмсаулы дейін шылауының өзі қатысты сөздермен (сол күнге) тұтасып, сындық мәнді білдіретін –гі қосымшасымен келуіне байланысты.

Септеуліктер септік жалғаудың мағынасы мен атқаратын қызметіне ұқсайды. Олар сөйлемде мынадай қызмет атқарады. Біріншіден, түбір тұлғалы сөзбен барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі есім сөздермен тіркесіп келіп, оларды екінщі сөзге сабақтастыра байланыстырып, мезгілдік,мекендік, себептік, мақсаттық қатынастағы сөз тіркестерін жасайды.Мысалы: Ел үшін еңбек етсең, халқын сүймек, Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп (Торайғыров). Еңбек қылған ел үшін, Еңбегі сіңген ер үшін(Бұхар Жырау).Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы (Аймаутов).Бұл күнге дейін салт жүретін Игілік енді пәуескеге мінуді лайық көріп (Мұсірепов).

Осы сөйлемдердегі үшін септеулігі түбір сөзге тіркесіп, мақсаттық қатынасты білдірсе, бері жатыс септігінде тұрған сөзге тіркесіп мекендік мағынаны, ал дейін шылауы барыс септігінде тұрған сөзге тіркесіп мезгілдік қатынасты білдіру үшін қолданылған. Үшін шылауы қазіргі қазақ тілінде түбір тұлғадағы зат есім, сын есім, есімдік, сондай-ақ есімше, көсемше тұлғаларымен тіркеседі, ал көне тілімізде есімдіктердің ілік септік тұлғасында да тіркескен: менің үшін, сенің үшін,оның үшін т.б

Екіншіден, шейін, дейін, кейін, бері, сайын, соң, үшін жалғаулықтары сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышы құрамында келіп, басыныңқы сөйлем мен бағыныңқы сыңарды мезгілдік, себептік, мақсаттық қатынаста байланыстырып тұрады. Солардың әр алуан сыбыр-жыбырын біліп отыру үшін, Құнанбай өзіне қараған елдің біразын сол елдің арасына таман кірістіріп жіберу керек (Әуезов) .Ғазиз біраз жүрген соң, мына көшелер таныс бола бастады (Бұлқышев).Жүргіншілер әбден көзден таса болғанға шейін, бұлар арттарынан қарап тұрады (Әуезов). Өзге кепенің адамдары тарағаннан кейін, бұл кепенің адамдары Рахметті ортаға ала асқа отырты (Бұлқышев).

Септеуліктер, негізінен, есім сөздерге, заттанған есімше мен қимыл атауына тіркеседі. Бұл сөздерге септеуліктер мына тұлғалардан соң тіркеседі :



  1. Сөздің түбірі, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер :үшін, сайын, сияқты, секілді, сықылды, тәрізді, туралы, турасында, арқылы, бойы, бойымен, бойынша, жайында, жайлы, шамалы, шақты, қаралы. Тарихи тұрғыдан бұлардың кейбіреулері ерте кезде ілік септік тұлғасымен де тіркескен.Турасы, бойы, жайы дегендердің құрамындағы 3 жақ тәуелдік жалғау-осының дәлелі бола алады .

  2. Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: дейін, шейін, таман, қарай, салым, жуық, тарта, таяу.

  3. Шығыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: кейін, соң, гөрі, бері, бұрын, әрі, бетер.

  4. Көмектес септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер: бірге, қатар, қабат.

Қазіргі қазақ тіліндегі түбір , я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер, негізінен есім сөзден соң қолданылады.

Демеуліктердің білдіретін мағыналары сан алуан. Олар өзі қатысты сөздерге я сөйлемге сұраулық, шектік, нақтылық, күшейту, тежеу, болжалдық, күмән сияқты грамматикалық мағыналар үстейді. Демеуліктер негізгі сөзге үстейтін мағыналарына қарай бірнеще топқа бөлінеді:



  1. Сұраулық демеуліктер :ма/ме, ба/бе, па/пе, ша/ше;

  2. Күшейтпелі демеуліктер : -ақ, -ай, -ау, әсіресе, да/де, та/те;

  3. Шектеу (тежеу) демеуліктері : ғана (қана), тек, -ақ;

  4. Болжалдық демеуліктер : -мыс/-міс, -ау;

  5. Болымсыздық, қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктер :түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрлым;

  6. Нақтылау мәнді демеуліктер : қой/ғой, -ды/-ді, -ты/ті;

  7. Қомсыну мәнді демеуліктер : екеш.

Сұраулық демеуліктер көбіне баяндауыш құрамында келіп, сұраулық мағына береді.

а) ма/ме, ба/бе, па/пе демеуліктері есім сөздерге, үстеуге, етістіктерге тіркесіп қолданылып, баяндауыш қызметіндегі сөз құрамында болады. Ардақты атың шыққан қан майданда, Атамас атағыңды таңдай барма ? (Жамбыл). Е, сендер ме ? Сендер беріп жібересіңдер ме ? (Әуезов).



-ған ба еді, -ған ба екен, -а ма екен, -ып па еді тұлғалы етістіктермен бірге жұмсалғанда, сұраулық демеулігі негіз сөз бен көмекші сөз ортасында қолданылады. Бір сорды бір сорға қосқанда ырыс туа маекен ? (Мүсірепов). Көрмеген құқайым ба еді? (Әуезов). Тірі туысқан, өлі аруақты күңіреткен қылық осыдан шықпап па еді ? (Сонда). Мынадай тілеу үстінде арман бола ма екен ?!! (Сонда).

Сұраулық демеуліктері ма/ме, ба/бе, па/пе баяндауыш қызметінде жұмсалған II жақ жіктік жалғауымен қатар келгенде, түбір мен жалғаудың арасына кірігіп кетіп, мы/мі, бы/бі, пы/пі болып өзгеріп кетеді. Әуелі өзің қаруың қатарлық қартаюға жетемісің, жоқ па ? (Абай). Өмірді өкінбестей қылықпен өткізіпсің бе? Жоқ, болмаса, не ғып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың ? (Абай). Сен үйден шықсаң, адасып кетем деп қорқамысың ? (Мүсірепов).

Баяндауыш қызметінде жұмсалған болжалды келер шақ есімшеге тіркесіп лепті сөйлем құрамында кездеседі. Бүгінгі күніқазақ халқы қандай тұрмыста тұратынын, қалай еңбек ететінін көрер ме еді солар ?! (Мүсірепов).

Де көмекші етістігі арқылы жасалған күрделі етістік құрамында келіп, ма/ме сұраулық демеуліктері болжалдық мағына үстейді: келе ме деймін ? болар ма екен деп (дәмеленіп еді).

Ше сұраулық демеулігі есім сөздермен, үстеумен, етістікпен тіркесіп келіп сұраулық мән береді. –Бозбалалар неге өлең айтпайды? –Қыздар ше ? (Майлин). Билер ше ? Бидің бәрі жемтік емес пе ? (Әуезов).

Күшейткіш демеуліктердің қатарына –ақ, -ау, -айғ әсіресе, да/де, та/те шылаулары жатады. Күшейткіш демеуліктері сөйлемге, айтылған ойға күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы (Абай). Жарасбай әсіресе ,мол шығынмен, әупіріммен орнында қалды (Әуезов). Тыныштықты бұзып жау тисе, Жауға біз де тиеміз (Жамбыл). Бай ауылда жоқ мінез көріп, таңданып та қояды. (Мүсірепов).



-ақ демеулігі- тілде жиі қолданылатын шылаулардың бірі. Бұл шылау өзіне қатысты, яғни есім сөздерге, үстеу сөздерге тіркесіп, олардың мағынасын күшейту немесе ой екпінін түсіру үшін жұмсалады. Күшті-ақ екен, жарықтық! (Жароков). Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім (Торайғыров).

- ай демеулігі адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіру үшін қолданылады, көбіне аяу,таңырқау мәнінде қолданылады. –ай демеулігі зат есім мен сын есімдерге тіркесіп, оқшау сөз ретінде қызмет атқарады. Сары алтын, сопы меруерт, қарағым-ай (Ақан Сері). Таласпа, жаным-ай, қолыңнан келмеске (Абай). Жамандар өтірікші өсегі көп, Ел-жұрттың іріткі салар арасында-ай! (Сүйінбай).

-ау демеулігі есім сөздермен, етістік, одағай сөздермен тіркесіп, қуану, ренжу, күйіну мағыналарын үстейді. Қалай апарамыз, қарағым-ау, біздің қолымыздан не келеді (Мүсірепов). Құдай-ау,қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар ?! (Абай).

Әсіресе демеулігі сөйлемге күшейткіш мағына үстейді. Әсіресе қолқабыс ететін адамдарыңызғак риза болдым (Мүсірепов). Әсіресе өзінің атын ататтырғысы келмейтін сияқты (Сонда).

Да/де, та/те демеуліктері өзі тіркескен сөздерге күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Бағың өскенше,тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тіпейсің… (Абай). Арманын да,азабын да, қуаныш, қайғысын да әнге сыйдыра білген, айналайын елім-ай (Мақатаев). Жылататын да, жұбататын да сөз (Момышұлы).

Шектік (тежеу) демеуліктері-ғана/қана/ тек ақ тіркескен сөздеріне шек қойып тежеу мағынасын үстеу үшін қолданылады. Ермекбай тек түнере берді (Әбішев).Абайлар үй ішімен ақырын ғана амандасты (Әуезов). Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана шын мәнінде қымбат табыс (Әуезов).



Ғана демеулігі қайдан? неге? қандай? деген сұрау есімдіктерінің соң, сол сөзге ой екпіннің түсіру, өкіну мағынасын білдіреді. Ділдәні айырып, көшіріп жібермей,неге алдым, неге ғана Әйгерімді алдым?! (Әуезов).

Тек демеулігі сөйлемде тіркескен сөздеріне тежеу мәнін қосады. Мысалы: Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес , жалпы адамды сылауға баулиды (Мұстафин) .

Тек демеулігі қана шы лауымен де тіркесіп қолданылады. Тек қана түс артынан болған жүрек құйынын аңғарды (Әуезов).

-ақ күшейту мағынасымен қоса, тежеу, шек қою мағынасын білдіре алады. Мен тентек пе, түбінде кім жасады, Қайғыны жіберуші өзі- ақ сыңар (Абай). Сол үшін-ақ Рақымбай ұлығының қасиетін ұғып қадірлей біледі (Мүсірепов).

Болжалдық демеуліктеріне –мыс,-міс,-ау шылаулары жатады.



-мыс, -міс демеулігі сөйлеушінің айтылғанойға күмәндануын, сенімсіздікті білдіруі үшін қолданылады. Сөйлемнің экспрессивті-эмоционалдық мәнін арттырады. Жас келіншек те ол десе жанын қоярға жер таллайды-мыс (Есенберлин).Жанынан өте берсе, жаңағы қарайған нәрсе ит болып ұлыған-мыс (Нәжімеддинов). Осы сөйлемдерде-мыс демеулігі синтаксистік байланысатын сөзінің соңында келіп, ойға сөйлеушінің болжау, күдіктену сияқты көзқарасын білдіреді. Қолынан тарайды-мыс сайлау-сияз (Жансүгіров).

-ау демеулігі болжалдық келер шақ есімшеде тіркесіп, сол мағынаны басымдау етіп,көрсету үшін қолданылады.Жиналған халық осыны тілейді-ау деймін (Әуезов).

Болымсыздық,қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктерге түгел, тұрсын, тұрмақ, құрылым сөздері жатады. Түгіл , тұрсын, тұрмақ демеуліктері есім сөз, үстеу, етістіктермен тіркесте келіп, болжалдық қарсы қою мағынасын білдіреді. Бұл шырақ өшпес түгіл лаулап жанар (Дөнентаев).Байтал түгіл бас қайғы (мақал). Ғұрлым демеулігі салыстыру мәнін білдіру үшін қолданылады.Жанымның сол ғұрлым болғанына өкінемін (Ана тілі).

Нақтылау мәнді демеуліктеріне қой/ғой, ды/ді, ты/ті шылаулары жатады.



Қой/ғой демеулікткрі тіркескен сөздеріне нақтылау тұжырымдау мағынасын үстеу үшін қолданылады. Енді көрісер-көріспесіміз екіталай ғой (Сейфуллин).Боданның есігі іштен жабық-ты (Жұмаділов). Сүйемін сені туған ел- атамекен, Абзал анам сенсіз ғой құшағың кең (Аманжолов).Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық-ты (Шалкиіз).

-ды/-ді, -ты/-ті демеуліктері сөйлемде баяндауыш болып тұрған сөзге тіркесіп, оның мағынасын нақтылай түсу үшін қолданылады. Кешегі Ұзақ ауылында болған тінту осы сөздің салдарынан туған-ды (Әуезов). Кешегі өткен ер Әбіш, елден бір асқан ерек-ті, Жүрегі жылы бойы құрыш, Туысы жаннан бөлек-ті (Абай).

Қомсыну мәнді демеулігіне екеш шылауы жатады . Бұл шылау тіркескен сөзіне қомсыну, менсінбеу мағынасын үстейді.



Тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Шылаудың атқаратын қызметі қандай?

  2. Басқа көмекші сөздерден қалай ерекшеленеді?

  3. Шылауларды онымен омоним қосымшалардан қалай ажыратамыз?

  4. Шылау сөздердің емлесіне мысал келтір.


Пайдаланылатын әдебиеттер :

1. Қазақ тілінің грамматикасы. Алматы, 1967.

2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991.

3. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. Алматы, 1986

4. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. Алматы, 1996.

5. Кузнецов П. Ц. О принципах изучения грамматики. М., 1961.

6. Смирницкий А.И. Лексическое и грамматическое в слове вопросы грамматического строя. М. 1955

7. Шмелев Р. Н. Современный русский язык.

8. Милославский И. Г. Морфологические категории современного русского языка М. 1981

9. Төлеуов Ә. Сөз таптары. Алматы,1982.



13- дәріс

Тақырып: Одағай.

Дәріс мазмұны: 1. Одағайдың түрлері.

2. Одағайдың мағыналық ерекшеліктері.



Мақсаты: Одағайдың өзіндік ерекшелігін тану.

1. Одағайдың түрлері.

Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар, басқа біреуге бұйыру, ишара білдіру немесе малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданады.Тіліміздегі одағай сөздер осындай мәніне қарай үш топқа бөлінеді

а) көңіл-күй одағайлары.

ә) императивтік одағайлар.

б) тұрмыс-салт одағайлары

Сондықтан да одағайлар сөйлемде белгілі бір мақсатпен қолданылғанымен, біріншіден, өз алдына жеке-дара тұрып, лексикалық мағына білдіре алмайды, нақты ұғымдық мәні жоқ, екіншіден, сөйлем ішінде басқа сөздермен граматикалық байланысқа түспейді.



1.КӨҢІЛ-КҮЙ ОДАҒАЙЛАРЫ. Бұл топтағы одағайлар адамның әр түрлі сезімдерін,көңіл-күйін білдіреді. Олар сан жағынан мол, семантикалық құбылу жағынан әр қилы,семантикалық реңкі өте бай топ. Бұл топтағы одағайлар әрі жағымды, әрі жағымсыз көңіл-күйді білдіреді. Осы қасиетіне қарай көңіл-күй одағайлары үш топқа бөлінеді.

а)Жағымды көңіл-күйді білдіретін одағайлар: Алақай! Ура! (қуаныш, шаттану) Һа, Паһ-Паһ! (сүйсіну, таңдану), Бәрекелді! (сүйсіну, қоштау), оһо!(таңдану).

Мыс: Тракторға теңеу таппай, жұрт абыржып, аузына келгенін айтты. -Паһ-паһ! Күйше күркүреуін қарашы! Алақай! Ата! Апа!...Есболсындар келіп қалды! Соғыс бітті! -Оһо, жолдас болатын болдық.

ә)Жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар: Әттеген-ай Әттең Қапа!, Тәйірі!, түге! (наразылық, іреніш) бай-бай-бай!, піш!, пішту!(жақтырмау, менсінбеу).

Мыс: Қап, Қазекеңе бақты суару керек деп айтайын деп отырып, ұмытып кеткенімді қарашы! Уай, қайдасыңдар, түге, бар болғырлар! Піш, тапқан екенсің қажырлы кісіні!

б)Әрі жағымды, әрі жағымсыз эмоцияны білдіретін одағайлар. Бұл топтағы одағайлар әдетте көп мәнді болып келеді де, олардың мағыналары контекст ішінде не ситуацияда анықталады: Пай-пай! одағайы қарама-қарсы екі мәнде жұмсалады:

1.таңдану,сүйсіну,таңырқау. Мыс:Кәне, басына киіп көрші. Пай-пай қандай жарасады, ә?! Пай-пай, шіркін, Алатау, шандоз едің неткен сен!

2. ренжу, наразылық мағынасында. Мыс: -Пай-пай, осы бір емізіп тартатының-ай! Айтпайсың ба сатырлатып! Ал, енді бұлар төбелесті, Пай-пай, аяқтарының астында қаламыз-ау!



2.ИМПЕРАТИВТІК ОДАҒАЙЛАР. Бұл топқа адам не хайуанатқа бағышталып айтылатын шақыру, жекіру, тыйым салу, бұйыру мақсатымен қолданылатын одағай сөздер жатады. Бұлар бағышталу объектісіне қарай үлкен екі топқа бөлінеді.

а)Адамға бағышталып айтылатын одағайлар: Бұған адамның адресіне бұйыру, жекіру, тыйым салу, бұйыру мақсатымен қолданылатын Айда! Тәйт! Сап-сап! Стоп! Кәне! Жә! Тек! Тәк! Әуп! Әлди-әлди! сияқты одағайлар жатады. Мыс:Жә,тоқтат, ақсақал Базаралыдан алмаған өшің барма?! Тек, тантымай сөйле Былғама Нұрғанымды.

ә)малға, үй жануарларына бағышталып айтылатын одағайлар. Бұлар: Моһ-моһ, шөре-шөре, сарап-сарап, көс-көс. Мәлік келгір., Жамандатқыр сияқты үй жануарларын шақыру, айдау, үркіту, қорғау мақсатымен қолданатын сөздер. Мыс: Бағаң алақанын бір-біріне ұрып: моһ-моһ деп еді, етекке қарай желе жөнелді. Әукім-әукім, ақ бұзау, ертерек өс, құтты бол! Қоянның ышқына қашқанын қызық көріп "Айтақ,айтақ!"деп айқай салды.

3.ТҰРМЫС-САЛТ ОДАҒАЙЛАРЫ. Бұл топ сан жағынан шағындау болғанмен, өмірде жиі қолданылатын одағайлар. Бұған одағайлардың амандасу, қоштасу, сыйластық белгісі ретінде қолданылатын Хош! Хайыр! Рахмет! Ассалаумағалейкүм! Құп! Ләббай! жатады.

Мыс: Құп!-деді де, қоштасып жүріп кетті агроном. Ләббай, тақсыр!-деп Перезат терезеден әрі қараңғы бөлмеге кіріп кетті.

Одағайлардың семантикалық құбылмалығы әр түрлі. Олардың бірқатары контексте бір-ақ мәнде қолданылса, енді бірқатары екі-үш, не оданда көп мәнде жұмсалады. Кейде олардың бойынан бір-біріне қарама-қарсы мағына байқалады. Осыған орай, одағайларды екі үлкен топқа бөледі.

1.БІР МАҒЫНАЛЫ ОДАҒАЙЛАР. Бұл топқа одағайлар қай ситуацияда айтылмасын, қай контексте түспесін, қандай интонациямен айтылмасын үнемі бір-ақ мәнде жұмсалады. Алақай Ура сөздері шаттану, қуану сезімін білдіреді. Қап Әттең сөздері әр уақытта өкіну мағынасында жұмсалады.

Мыс. Жердің жүзін бейне жұмаққа теңейтін. Алақай-ау, алақай, жаз келді. Әттең, арбасына симай сорлады ғой, әйтпесе мұнысын да Қытайына ала кетер еді.



2.КӨП МӘНДІ ОДАҒАЙЛАР. Бұл топқа екі-үш не одан да көп мәнде жұмсалатын сөздер жатады. Пәлі, бәлі одағайы үш түрлі мәнде қолданады.

а)біреудің іс-әрекетіне не сөзіне риза болып, оны қоштау көтермелеу мақсатымен айтылатын шаттық, таңдану мәнінде жұмсалады. Мыс:Уа, пәлі нағыз әнші мұннан шықты.

ә)біреудің сөзін жақтырмай, наразылық мағынасында жұмсалады. Мыс:-Жарайды, аңшы-ақ екенсің! Осындай тоқ итпен аңға шыға ма екен?!

б)таңдану, таңырқау мәнінде де жұмсалады. Мыс: Бәлі-ей, мынау Әсия ма, ей!? Бәлем, тұра тұр, осының бәрін әкеме айтам. Кейбір одағайлар 7-8 мәнде қолданылады. Мыс:ә!(а!) одағайларын алсақ.

1.Сұрау мағынасында. -Ол орыс композиторларының ең таланттысы,-дедіРахмет.

-Ә?-деді қалың ойда отырған Ықылас.

2.Біреудің шақырған дауысына жауап беру, үн қату мағынасында.

-Күләнда!

-Ә!-деп қатқан қыз жауабы болды оған әкелгендей бір терең сыр.

3.Бір нәрсе есінен шығып кетіп, кейін еске түскендігін аңғарту мақсатында қолданылады.

-Хат? Кімнен хат? Ә-ә, бағана мен берген хат екен ғой!

4.Біреуді өзіне қарату мақсатымен қолданылатын қаратпа сөз мағынасында .

-Келін, ә, келін!-деді ол шамды тұтатқасын.

5.Ә! одағайы сөйлем соңында келгенде, сұрау мағынасында жұмсалады.

Менде тығылып жатқан сұмдық бар екен. Бұл қалай, ә?

Кейде сөйлем соңында кездесетін ә! одағайының бойында сұрау мағынасымен қатар, әжуа, мысқыл реңкі де байқалады. Осы сен қусың-ау деймін, Асқар,ә?



Каталог: dmdocuments
dmdocuments -> Семинар ожсөЖ 15 сағ. Емтихан 4 Барлығы 45 сағ Орал, 2010
dmdocuments -> Әдеби өлкетану Преподаватель Ақболатов Айдарбек Ахметұлы Вопросы: Вопрос №1
dmdocuments -> 2009ж. «Қазақ филологиясы» кафедрасы
dmdocuments -> Семинар ожсөЖ 5 сағ. СӨЖ 15 сағ. Емтихан Барлығы 45 сағ Орал, 2010
dmdocuments -> Жаратылыстану математикалық факультет
dmdocuments -> Барлығы – 45 сағат
dmdocuments -> 2007ж. Қазақ тілі мен әдебиеті және оқыту теориясы кафедрасы
dmdocuments -> Қазақ филологиясы кафедрасы 050205
dmdocuments -> Барлығы – 90 сағат


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет