Қазіргі кезде күн тәртібіне өткір түрде қойылып, айтылып жүрген функционалдық сауаттылықтың бір ұшы осында жатқан тәрізді.
Өткен жылдың 26 қарашасында қабылданған Білім және ғылым министрлігінің №509 бұйрығында атап көрсетілгендей, негізгі орта білім курсын аяқтаған 9-сынып оқушыларының тапсыратын мемлекеттік емтиханында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша эссе жазу сынағы енгізілді. Мен, өз басым, осы шешімді оң қабылдадым. Оқушыларды эссе жазуға дағдыландыру- заман талабы деген пікірмен келісемін.
Біріншіден эссе жазу арқылы оқушы тілді меңгерудегі сауаттылығын көрсетіп қана қоймайды, ұстамды ой айтуға, өз пікірін дұрыс-бұрыстығына қарамай, бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік алады. Оқушының берілген тақырыпты қаншалықты түсінгендігін кіріспе бөлімінен-ақ айқын байқауға болады. Эссенің негізгі ой желісінде оқушы келтірген дәлелдері мен аргументтері арқылы өз ойын ашық та анық көрсетуге талпынады. Кейбір оқушылардың оқшау ойлары да, оқыс пікірлері де негізгі бөлімде көрініп жататындықтан, эссенің шыншылдығы мен әсерлілігі арта түседі. Сыныпта кейде көзге түсе бермейтін оқушылардың арасынан эссе жазуға келгенде ерекшеленіп шыға келетіндері де бар. Осы жерде ол баланың бойынан шығармашылық қабілеттің, тіл мен әдебиетке бейімділіктің жылт еткен ұшқынын байқап та қалуға болады...
Екіншіден Жалпы эссе жанры балалардың белгілі бір тақырыпқа қатысты өзіндік көзқарасы мен позициясын айқындап, өмірде тұлға ретінде қалыптасуына әсер етері сөзсіз. Осы себептен де, өз басым эссені оқушының жазу өнерінің қыр-сырын мектеп қабырғасында жүріп үйренуіне септігін тигізетін бірден-бір ұтымды да ұшқыр, жинақы түрдегі ыңғайлы жанр екендігіне көзім жете бастады.
Жасыратыны жоқ, эссе жазу қажеттілігі туындаған алғашқы жылдарда қиыншылықтардың болғаны рас. Бұрын әдеттенбегендіктен қабілетті деген оқушылардың өзі үйреніп қалған дәстүрлі шығарма жазу стилінен айыға алмай жүрді. Эссе жазудың өзіне тән ерекшеліктерін толық түсіне алмағандықтан көптеген кемшіліктерге жол берілді. Мен ұстаз есебінде оқушылардың осы кем тұстарын түсіне отырып, ең алдымен, эссе жанрының табиғатын, шығарма жазудан айырмашылығын, әрі-беріден соң білген адамға оның өте оңтайлы екендігін жүйелі түрде түсіндіруге күш салдым. Көп ұзамай-ақ нәтижесі айқын көрінді. Жанр сырын тез түсініп, жап-жақсы дәрежеде эссе жазуға қол жеткізген шәкірттерімнің шағын туындыларын сынып болып талдап, талқылай бастадық. Мұның өзі оқушылардың пікір алуандығын қалыптастыруға, әріптестерінің көзқарастары мен ұсыныстарын сыйлай білуге, бір сөзбен айтқанда, дискуссия мәдениетін игеруге септігін тигізді.
Қорытынды. Нәтиже беретін қандай да болмасын әдіс-тәсіл тар шеңберде, бір мұғалімнің жетістігі деңгейінде қалып қоймауы керек. Қазір ғаламтор арқылы бір-біріміздің жылт еткен жетістіктерімізді пайдалануымызға толық мүмкіндік туып отыр. Бұл жағын да қазіргі таңда біздің министрлігіміз ұтымды ұйымдастырып, арнайы сайттар ашып қойғаны мәлім.
Достарыңызбен бөлісу: |