«Қазіргі заманғы түркологияның Ғылыми даму миссиясы және ғҰбайдолла айдаров феномені»


РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЛАРЫ НЕМЕСЕ ПРОФЕССОР ҒҰБАЙДОЛЛА



Pdf көрінісі
бет16/85
Дата19.11.2022
өлшемі2,21 Mb.
#158914
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   85
Байланысты:
Ғұбайдулла Айдаров. Конференция

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ БАСТАУЛАРЫ НЕМЕСЕ ПРОФЕССОР ҒҰБАЙДОЛЛА 
АЙДАРОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫНА ЖАҢАША КӨЗҚАРАС 
 
Исаева Жанат Аманжолқызы
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ 
«Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының аға менеджері, 
филология ғылымдарының кандидаты,
Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан 
Тарихи санамыз бен ұлттық ділімізді сауықтырып, түлету мақсатында ҚР Тұңғыш 
Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы ұсынған «Рухани жаңғыру» 
бағдарламасы уақыт көшінде қалып, жадымыздан шыға бастаған құндылықтарға қайта назар 
аударуға мүмкіндік берді. Аталмыш бағдарлама қабылданғалы көптеген іс-шаралар қолға 
алынып, игілікті істер атқарылып келе жатыр, алайда әлі де назар аударатын дүниелер аз 
емес. Солардың қатарында жазба мәдениет жәдігерлерінің маңызы ерекше. Түркі жұртының 
ілкі тарихы мен өмір салтын айғақтайтын жазба ескерткіштері – ұлы Тұран ұрпақтары ақыл-
ойының үздік үлгісі. Осындай әлемдік деңгейдегі түркілік құндылықты зерттеу жұмысын 
алғаш қолға алған отандық ғалымдардың қатарында филология ғылымдарының докторы, 
профессор Ғұбайдолла Айдаровтың есімі айрықша аталады. Ол бар саналы ғұмыры мен мен 
еңбек жолын тіл ғылымына арнап, оның ішінде қазақ ғалымдарынан бұрын-соңды ешкім 
бармаған жұмбағы көп түркология саласына түрен салды. Тағдыр тәлкегін көп көрген азамат 
үздіксіз ізденіс жолына түсіп, өмірдегі есесін ғылымнан қайтарды. Балалық шағы зобалаң 
аштық жылдарына, жастық шағы соғыс сұрапылына сәйкес келген қатқылдау өмір 
соқпақтары бар ынты-шынтысымен ғылым жолына түскен табанды жастың жігерін жасыта 
алмады.
Ғұбайдолла Айдаров аспирантурада білім ала жүріп, белгілі түрколог ғалым Ц.Д. 
Номинханов пен көне түркі жазуларының білгірі, әйгілі С.Е. Маловтан беймәлім жазудың 


33 
қыр-сырын ұғынады. Сол арқылы елге келгеннен кейін Орхон-Енисей және Талас 
жазбаларын оқып, қазақ тіл ғылымында алғашқылардың бірі болып, түркология саласына 
түрен салады. Кейін осы салаға бірыңғай бетбұрып, өмірінің соңына дейін іргелі ғылыми 
зерттеулермен айналысады. 1960 жылы «VIII ғасырдағы Тоныкөк ескерткіші және оның 
қазіргі кездегі кейбір түркі тілдеріне қатысы» атты кандидаттық диссертациясын, 1974 жылы 
«Орхон-Енисей және Талас жазба ескерткіштерінің лексикасы» тақырыбында докторлық 
диссертациясын қорғады. Осындай жан-жақты әрі тыңғылықты жүргізілген зерттеулердің 
нәтижесінде «Язык орхонского памятника Бильге кагана» (1966), «Язык орхонских 
памятников древнетюркской письменности VIII в.», «Көне түркі жазба ескерткіштерінің 
тілі» (1991), «Орхон ескерткіштерінің тексі» (1990), «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің 
тілі» (1991), «Армян жазулы қыпшақ ескерткіштер тілі» (1992) атты монографиялары жарық 
көріп, ғылыми көпшілік назарына ұсынылады. Ең алғаш осы салада жарық көрген ғылыми 
зерттеулердің «Библиографиялық көрсеткішін» құрастырды.
Профессор Ғұбайдолла Айдаровтың тағы бір атап айтар еңбегі – ғылыми зерттеулер 
жүргізумен қатар білім беру саласына арнап оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу 
жұмыстарын қатар жүргізіп отыруы. Ғылымда мойындалған жаңалықтар артынша болашақ 
тіл мамандарын даярлайтын филология факультеттеріне арналған оқулықтар мазмұнына
арқау болып, жоғары білім беру саласында үлкен сұранысқа ие болды. Олардың қатарында 
ғалымның «Көне түркі жазуларынан мағлұматтар» (VIII ғ. Мойын-Чор ескерткішінің тіліне 
арналған) атты көмекші құралы (1966), түрікмен тілінде профессор М. Хыдыровпен бірлесіп 
жазған «Орхон-Енисей ядигерликлериниң дили» (1968) атты оқу құралы, ф.ғ.д., профессор 
Ә.Құрышжанов және М. Томановпен бірге дайындаған «Көне түркі жазба ескерткіштерінің 
тілі» (1978) атты оқу құралдары бар.
Ғалымның ұзақ жылдарға созылған табанды еңбегінің арқасында түркі жұртының 
мәңгілік мұралары Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Құтлығ қаған, Мойын-Чор 
ескерткіштерінің бетіндегі бәдіз жазуларының сыры ашылып, әлемдік түркология 
қанжығасына олжа салынды. Ғұбайдолла Айдарұлы дала кезіп, тау аралап, су кеше жүріп, 
тасқа қашалған ескерткіштер мәтіндерінің тілдік құрылымын, сөздік құрамын, дыбыстық 
ерекшеліктерін хатқа түсіріп, ғылыми айналымға енгізді. Сөздік құрамына лексика-
семантикалық талдау жасап, ұғымдық аппаратын анықтады. Мағынасы көмескі тарихи 
сөздердің этимологиясын айқындады. Жазулардың транскрипциялары мен аудармаларына 
салыстырмалы талдау жасап, ілкі мағыналары мен қолданыс ерекшеліктерін анықтады. Жан-
жақты жасалған типологиялық талдау негізінде ғалым түркі тілдеріне ортақ сөздерді жіктеп, 
оларды деректі (туыстық атаулар, дене мүшелеріне байланысты атаулар, жан-жануар, аң-құс, 
мал атаулары, баспана, құрылыс атаулары, қазба байлық, кен атаулары, соғыс ісіне қатысты 
атаулар) және дерексіз (абстрактілі) атауларға топтастырады. Деректі ұғымдарды одан әрі 
заттық ұғымды, сандық шаманы, түр-түсті және қимыл-әрекетті білдіретін сөздер қатарына 
жіктеп, ескерткіштер тілінің морфологиялық қабаттарын ажыратты. Ал дыбыстық 
ерекшеліктерінен түркі тілдерінде ілгеріден келе жатқан ортақ құбылыс – дауысты 
дыбыстардың үндесім (сингармонизм) заңына айрықша тоқталады. Ескерткіштер мәтіндерін 
бұлай тілдік құрылым жағынан жан-жақты зерттеу аталмыш саланың текстологиясын 
қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ғалымның сан жылдарға созылған іргелі әрі кешенді 
еңбегіне белгілі орыс түркітанушы ғалымы Э.Наджип былай баға береді: ««История 
тюркских племен, на языке которых написаны древние памятники, сама письменность в 
достаточной степени были изучены у нас и за рубежом многими учеными. Но все эти 
разноязычные материалы разбросаны по всему миру и не доступны не только студентам 
вузов, но и сотрудникам многих научно-исследовательских институтов страны. Заслуга Г. 
Айдарова заключается в том, что он все это собрал воедино, подверг все эти материалы 
критическому изучению, по мере возможности внес некоторые поправки в чтение, 
транскрипцию и перевод отдельных лексических единиц и грамматических форм. Мы особое 
внимание уделяли исследованиям Г. Айдарова потому, что он является фактически первым 


34 
казахским ученым, который проложил путь в Казахстане к этой отрасли филологической 
науки».
Ұзақ жылдарға созылған осынша еңбегінің нәтижесінде елімізде түркология 
мектебінің қалыптасуына тікелей мұрындық болған аса көрнекті ғалым Ғұбайдолла Айдаров 
ізін түркология тарландары, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Алтай 
Аманжолов, Әбжан Құрышжанов, Мархабат Томанов, Құлмат Өмірәлиев, Қаржаубай 
Сартқожаұлы, Жамал Манкеева, Ерден Қажыбеков, Гүлбану Қосымова т.б. көрнекті 
ғалымдар жалғастырды. Бүгінде өз алдына бөлек зерттеу салаларын қамтитын, бірнеше 
мектеп басын қосатын, әлемдік түркологияда өзіндік орны бар отандық түркітану өткеннен 
тағылым алып, болашаққа бағдар түзеуге септігі тиер іргелі зерттеулер саласына айналып 
отыр. Қай кезде тыңнан түрен салу, сыры жұмбақ істі қолға алып, тәуекелге бару оңай шаруа 
емес. Қазақ ғалымдарының арасынан алғаш рет қиын да қызықты түркология саласына қадам 
басып, тұтас дәуірлер мен мыңжылдықтардың куәсі, халқымыздың баға жетпес тарихи 
жәдігері – түркі жазба ескерткіштерін кешенді түрде зерттеуге ғұмырын арнаған ғалым 
еңбегі мен мол ғылыми мұрасы әлі де жан-жақты қарастыруды қажет етеді.
Кезінде солақай саясат ықпалымен халқымызға қасақана тағылған «ұлттық мәдениеті 
қалыптаспаған, сауатсыз, болашағы бұлдыр жұрт» деген жалған пікірлерді жоққа шығарып, 
тарихын тереңнен тартатын халқымыздың әлемдік өркениет көшіне сан ғасырлар бұрын 
қосқан үлесін паш еткен дегдар ғалым еңбегі бүгінгі таңда тарихи тамырларымызға жан 
бітіріп, ділімізді оятуға, рухани бастауларымызға қайта бет бұрғызып, жаңғыруымызға 
қатысты талай ізденістерге тікелей мұрындық бола алады. Ғалымның «Қолыңнан келетін 
тірлікпен ғана айналыс» деген ұлағатты сөзі өз табиғаты мен ғылымға шын берілген
болмысын, ұлағатты өмірі мен ғибратты ғылым жолын айғақтағандай. Уақыт көшінде ұлт 
биігін аласартпауға, рухын шыңдап, ділінен ажырамауға қызмет еткен Ғалым-азамат еңбегі 
Мәңгілік ел болуға ұмтылған мемлекеттің елдік мұраттарына жетуде әлі де талай ғасырлар 
қызмет ете беретініне кәміл сенеміз. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Ғұбайдолла 
Айдаров 
(Қазақстан 
ғалымдарының 
биобиблиографиясына 
материалдар). Алматы: «Арыс», 2002 ж. 
2. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. 
Алматы, 1971. 
3. Қазақ тілі энциклопедиясы. Алматы, 1998. – 509 б. 
4. Айдаров Ғ. Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі. Алматы, 1991. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   85




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет