«Қазіргі заманғы түркологияның Ғылыми даму миссиясы және ғҰбайдолла айдаров феномені»


ҰЛТТЫҚ РУХ – ҰЛТТЫҚ ДІЛ – ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ



Pdf көрінісі
бет24/85
Дата19.11.2022
өлшемі2,21 Mb.
#158914
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   85
Байланысты:
Ғұбайдулла Айдаров. Конференция

ҰЛТТЫҚ РУХ – ҰЛТТЫҚ ДІЛ – ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ. 
Қасиетті бұл үш ұғымды Елбасы Н.Ә.Назарбаев жоғарыда аталған бағдарламалық 
мақаласында ұлттық генетикалық код ретінде тани отырып, баянды болашаққа бастайтын 
бағдар ретінде атайды. Өткен тарихи жолымызды бағамдай отырып, кемел келешекке нық 
қадам басудың өлшемі ХХІ ғасырда бәсекеге қарсы тұра алатын ғылым мен білім, 
инновациялық технологияда екені даусыз.
Еліміздегі барлық деңгейде жүргізіліп жатқан жаңартылған білім беру 
бағдарламасында 
«білім – ғылым – инновация»
үштігіне басымдық берілген. Ендеше, 
еліміздің әлемдік үрдістерге енуі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту 
қажеттілігін арттыруда екені түсінікті. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат – жан-жақты 
біліммен қаруланған тұлға ғана емес, өз бойына ұлттық қадір-қасиетті дарытқан, ұлттық 
салт-сананы меңгерген, өмір сүруге бейім, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны 
қалыптастыру. 
Осы тұрғыдан келгенде ұлт тілінің тарихи бастау негіздерін ғылыми-теориялық 
тұрғыдан зерделеген, тіл тарихын зерттеудің соны үлгісін қалыптастырған ізашар ғалым,
филология ғылымдарының докторы, түркітанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми 
қайраткері Ғұбайдолла Айдаровтың алар орны ерекше.
Маңғыстау облысының Түпқараған түбегінде туып-өскен қазақтың қарапайым қара
домалақ баласының отандық түркология, қала берді тұтас түркі әлеміне қосқан үлесі мен 
ғалым, азамат, тұлға ретінде бағындырған биігін бағамдау, қадірі мен қасиетін бағалау, 
кейінгі ұрпаққа саф қалпында жеткізу – бүгінгі қоғамның міндеті.
Түбі бір түркінің түп мекені қазіргі қазақ жері, ал қазақтың түбі ежелден түркі жұрты 
екендігі күллі әлемге мәшһүр болса да, елімізде түркітану саласын зерттеу кенже қалғаны 
мәлім. Профессор Ғұбайдолла Айдаров – Орхон-Енисей жазбаларын қазақ тілінде бірінші 
болып «сөйлеткен», қызыл империяның «қылышынан қан тамып тұрған» уақытта еш 
тайсалмастан көне түркі жазба ескерткіштерін ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеген 
білікті ғалым. Жастайынан тағдырдың теперішін молынан көрсе де, адамдық пен 
адалдықтың ақ жолынан таймаған азамат өмір жолында кездескен сан түрлі кедергілерге еш 
мойымастан, ұлтқа қызмет етудің бірегей үлгісін көрсетті. Қайраткер тұлға артында өшпес 
мол мұра қалдырды [2]. 
Ғ.Айдаров еңбек жолын Түрікмен ССР-інің Қарабоғаз-Гол ауданындағы жетіжылдық 
мектептің оқытушысы болып бастады. 1940 жылы әскер қатарына алынып, 1944 жылға дейін 
Ұлы отан соғысына қатысады. Майданнан кейінгі өмірін ұрпақ білімі мен тәрбиесіне арнап, 
Красноводскідегі мектепте оқытушы, аудандық газет редакторы, Шымкенттегі мұғалімдер 
институтының студенті, Жамбыл облысының Свердлов ауданында мектеп директоры, 
балалар үйінің директоры, кейінірек ҚазПИ-дің студенті атанып, мұғалімдік білім алады. 
С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспиранты болады. Аспирантура 
қабырғасында жүріп көне түркі, ескі ұйғыр, моңғол жазуларына ден қойып, жан-жақты 
зерттей бастайды. Зерек те алғыр жас көне түркі жазуларының білгір маманы, ғалым 
Ц.Номинханов пен академик С.Маловтан Орхон-Енисей жазуларын еркін оқи алатын 
дәрежеге жетеді. Көне түркі жазуларының тарихын зерттеп-зерделей жүріп, саналы түрде 
өзінің өмірлік миссиясын айқындайды. Кейінірек ҚазССР Ғылым академиясы Тіл білімі 
институтының кіші, аға ғылыми қызметкері ретінде қызмет атқара жүріп, 1960 жылы «VIII 
ғасырдағы Тоныкөк ескерткішінің тілі және оның қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы» 
тақырыбында кандидаттық дисертациясын, 1974 жылы «VI-VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей 


44 
және Талас көне түркі ескерткіштерінің лексикасы» тақырыбында докторлық 
диссертациясын қорғайды. Бұдан кейінгі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі 
институтындағы ұзақ та өнімді еңбек жылдарында да осы түркітану, көне жазбалар 
тақырыбында ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді [3]. 
«Білге қаған ескерткішінің тілі», «Көне түркі жазуларынан мағлұматтар», «Көне түркі 
жазба ескерткіштерінің тілі», «Орхон ескерткіштеріндегі көне түркі жазбалары», «Енисей, 
Орхон, Талас бойындағы көне түркі жазба ескерткіштері бойынша жарияланған 
әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіші», «Орхон ескерткіштерінің тексі», «Көне ұйғыр 
жазба ескерткіштерінің тілі», «Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің тілі» атты еңбектері 
табан аудармастан осы бағытта жасаған қажырлы еңбегінің дәлелі деуге болады.
Профессор Ғ.Айдаров 20-ға тарта зерттеу еңбектері мен 250-ден аса ғылыми-зерттеу 
мақалалар жазып қалдырды. Орхон-Енисей жазуларын өз ана тіліндей жатқа оқыған ғалым
бұл еңбектерінде көне түркі жазуларының грамматикалық құрылысын, тілдік ерекшеліктерін
фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тұрғыдан терең талдау жасайды. 
Күлтегін, Білге, Құтылық қаған, Мойын-Чор ескерткіштерінің мәтіндерін қазақшаға тұңғыш 
рет толық аударады. Қазір күллі қазақ бабамыз деп тағзым ететін Күлтегіннің жеті жасында 
жетім қалып, он алтыда қару асынып, ел қорғайтын, қырғыз, түркеш, қарлұқ, аздар мен 
оғыздармен шайқасатын, қырық жасында қайтыс болғаны туралы тастағы жазулар да 
Ғ.Айдаровтың ерен еңбегінің арқасында кешегі күнгі қазақ әдебиетіндей болып осы күнге 
жетті. Артында бай мұра қалдырған, Төныкөк пен Білге қағанның үнін бүгінге жеткізген 
ғалым, Қазақ ССР және Түрікмен ССР-інің Халық ағарту ісінің үздігі, Ұлы Отан соғысының 
ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тарих белестерінде небір тар жол, тайғақ 
кешуден өтіп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың ұлттық тарихи жадын қайта 
жаңғыртуға, тіліміздің түп-тұқиянын зерделеуге орасан зор еңбек сіңірген дегдар ғалым 
Ғұбайдолла Айдаровтың артыңда қалған мол мұрасын ғылыми-әдіснамалық, ғылыми-
теориялық және оқу-практикалық тұрғыдан кешенді түрде қайта зерделей отырып, ұлттық 
бірегейлігіміз бен тарихи жадымызы қалыптастыруымыз қажет. Жан-жағымыздан 
анталаған толассыз ақпараттар ағынында жұтылып кетпеу үшін, бүгінгі өркениет мен 
мәдениеттер көшінде өзіндік ұлттық орнымызды шегелей түсу үшін де осындай ұлт 
зиялыларының тұлғалық болмысын, артындағы мол мұрасын келешек ұрпаққа жеткізіп, 
санасына бекіту – азаматтық борышымыз.
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Н.Назарбаев. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, «Егемен Қазақстан» 
газеті, 12.04.2017 ж.
2. Ғ.Айдаров. Орхон ескерткіштерінің тексі. [Мәтін] / Айдаров, Ғұбайдолла,; 
жауапты ред. Ш.С Сәтбаева. – Алматы : «Ғылым», 1990.
3.
Ғ.Айдаров. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі (оқулық), А., 1986. 
4.
Ғ.Айдаров. Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі, А., 1991. 
5.
Іңірбайұлы Есберген. «Түркі тілінің түпқиянына түрен салған ...»
«Ана тілі газеті», 31.10.20213 ж. 
6.
Қыдырәлі Дархан. «Түркологияға түрен салған тарланбоз». Ғұбайдолла 
Айдаровтың туғанына – 100 жыл. «Егемен Қазастан» газеті, 17.06.2021 ж.
6. 
https://www.inform.kz/kz/turkitanushy-galym-g-aydarovtyn-tuganyna-90-zhyl- 
toldy_a2387424
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   85




©engime.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет