Селжүк шапқыншылықтары және Ұлы Селжүк мемлекетінің
құрылуы.
ІХ-Х ғғ. Орта Азияның солтүстік-батыс бөлігінде, оңтүстік және
батыс Қазақстанда түркітілдес оғыз тайпалары өмір сүрді. Олар негізінен мал
шаруашылығымен және маусымдық егіншілікпен айналысты. Олардың
астанасы Сырдарияның төменгі ағысындағы Йангикент қаласы болды. Оғыз
мемлекеті ерте феодалдық мемлекет болды. Мемлекеттің басшысы жабғы деп
аталды.
Х-ХІ ғғ. Оғыз мемлекеті әлсіреп, дағдарыс кезеңін бастан кешіреді.
Жабғы мемлекетінде ру-тайпалық шонжарларының (бектердің) қарапайым
малшыларды шектен тыс қанауға ұмтылысы халық көтерілісіне алып келді.
Осы күреске Сырдарияның орта ағысы мен Қаратау бөктерінде мекендейтін
оғыз тайпаларының көсемдері де тартылды. Олар селжүктер деп аталған
кішкентай тайпа топтарын басқарған еді. Оғыздар мен түркмендердің бұл
тайпасы өз атауын селжүк ибн Туғнақ деген тайпа көсемінің есімінен алды. Ол
қынық тайпасынан шыққан еді. Ол өз тайпасымен Х ғасырдың ортасында
Нұрата тауларына, ал кейін Сырдарияның орта ағысына көшіп барады.
Селжүктер бұл жерде арал маңы оғыздарының көтерілістерін қолдайды, бірақ
Мәуереннаһрға шегінуге мәжбүр болды.
Х ғасырдың аяғында Мәуереннаһрда Саманилер шығыстан келген
қарахандармен кескілескен күрес жүргізіп жатқан болатын. Селжүктер
саманилерге болысты, бірақ бұл да табысқа әкелмеді. 999 жылы Саманилердің
астанасы Бұхара Қарахандарға өтеді. Селжүктер Хорезмге, кейін Хорасанға
кетуге мәжбүр болды. Бұл жерлер Газневилер мемлекетіне қарайтын. Ол кезде
Газнаның билеушісі Масуд ибн Махмұд (1030-1041) болатын.
1035 жылы мал шаруашылығымен айналысатын селжүктер Масудқа
Ниса мен Ферава қалаларының маңындағы жерлерді жайылым үшін беру
туралы өтініш жасады, бұл жерлер үшін олар әскери қызмет атқарып, салық
өтеуге уәде етті. Әскері жетіспеген Масуд оғыздар тілегін қанағаттандырып,
1035 ж. олардың сұраған жерлерінің біраз бөлігін берді. Бірақ жыл өткен
сайын оғыздардың жерлерін кеңейту талабы өсе түсті. Ашуланған Масуд
Ғазнауи оғыздарға қарсы әскер жіберді. Селжүктер сұлтан әскерін тас-талқан
етіп жеңді. Селжүктердің басшысы Мұса, Тоғұрыл, Дауыт Ғазна билеушісі
Масудпен бітім жасап, селжүктердің сұраған жерлері және қазіргі оңтүстік
және батыс Түркмениядағы Дихистан ауданы селжүктерге өтті.
1038 жылы түркмендерге қарсы қолбасшы Сүйбашы
бастаған газневидтер
шабуыл жасады. Алайда бұл жорық та газневидтердің жеңілісімен аяқталды.
Тоғрылбек Нишапурға кіріп сол жерде сұлтан атағын алды. Алайда 1039
жылы қарашада Масуд Нишапурды қайтарып алды. Газневидтермен
селжүктер арасындағы үздіксіз соғыстар солтүстік Хорасанның, Гурганның,
Батыс Иранның халқына ауыр зардап шектірді. Бұған қоса егіннің шықпай
қалуы салдарынан аштықтың жайлауы, қолөнершілер мен саудагерлерді, ұсақ
және орта феодалдарды кедейлікке ұшыратты. Масудтың билігі бірте-бірте
әлсірей бастады. Газневидтік билеушілер бұл ауыр жағдайдан бар күшті
жинап, селжүктерге ойсырата соққы беру арқылы шыққысы келді. 1040 жылы
сәуірде Герадтан Масудтың өзі бастаған Газневид әскері шығып, Серахс пен
Мервке аттанды. Сол жылдың мамырында Серахстан Мервке барар жолда
кіші гірім Денданакан бекінісінің маңында шешуші шайқас болды. Газневид
армиясы тас-талқан болып жеңілді, Масуд әрең қашып құтылды. Денданакан
түбіндегі жеңіс батыс Азияда Селжүк мемлекетінің құрылуына алып келді.
Денданакан түбіндегі ұрыстан кейін селжүк көсемдері өз жасақтарын оңтүстік
және батыс Хорасанды, Гурганды солтүстік Ауғанстанды және Хорезмді
жауап алуға бағыттады. Әмудария және Каспий теңізі жағалауынан Тигр,
Евфрат және Жерорта теңізіне дейінгі территорияларды қамтыған кең байтақ
империяның құрылуымен аяқталған көп жылдық әскери жорықтар кезеңі
басталып кетті.
1040 жылы Тоғрылбек Нишапурға, ал Чағырыбек пен Мұса Байғу Балх
пен Гератқа аттанды. Селжүк және Газневид әскері арасында солтүстік және
батыс Ауғаныстанда бірқатар ірі шайқастар болды. 1060 жылы Дауыт
Газневид билеушісі Ибрахим ибн Масудпен бейбіт келісім жасасты. Келісім
екі мемлекеттің шекарасы Гиндукуш жотасы арқылы өтеді деп белгіледі. 1043
жылы Чағырыбек Хорезмнің астанасы Кят бекінісін алды. 1042 жылы
Тоғрылбек Гурган мен Табаристанды бағындырды. Бұл жерлерді Зийаридтер
әулеті билеп тұрған болатын. Дәл осы уақытта Рей қаласы алынып, осы
жерден Ирак пен Закавказьеге басқыншылық жорықтар жасалды. 1045 жылы
оғыз-түркмен жасақтары Хамаданды, 1050 жылы Исфаханды алды. Көп
ұзамай селжүк әскері бүкіл Иранды бағындырды.
1046 жылы селжүктер Ирактың арабтарға тән бөлігіне жорық бастады. Бұл
жердегі жағдай тұрақсыз болып тұрған еді, бұл аймаққа селжүктерге дейін
Закавказеден оғыздардың бір бөлігі шапқыншылық жасап тұрды. Сонымен
бірге фатимидтік Египеттің тонаушылық жорықтары да жалғасып отырған
болатын. Аббаситтік халиф Әл-Каим (1031-1075) Тоғрылбекпен келісімге
келіп, оны Бағдатқа шақырды. 1055 жылы селжүктер Аббаситтер астанасын
алып, Буидтердің билігін жойды.
1042 жылы Тоғрылбек 10 мыңдық әскерді шығыс Анатолияға
аттандырады, бұл жерде Марванидтер әулеті билеп тұрған еді. Кіші Азия мен
Закавказьеге жорықтар 1046-1049 жылдары қайталанды. 1054 жылы оңтүстік
Әзірбайжанда билік құрған Раввадидтер, Гянджада билік құрған Шаддадидтер
Тоғрылбектің вассалдарына айналды. Селжүк армиясы Закавказье арқылы
Анатолияға өтті, жолай Карс, Эрзрум мен Манцикертті қоршауға алды. 1058
жылы селжүктер Карс пен Малатияны алды. 1063 жылы Тоғрылбек әскерімен
Әзірбайжанға келді, бірақ көп ұзамай Закавказьеге қайтып кетеді.
Империя шекараларының айтарлықтай кеңеюі сұлтан Алып Арслан
тұсында іске асты. 1064 жылы селжүк әскері Армения мен Грузияға басып
кірді. Алып Арслан бірқатар бекіністерді басып алады, бірақ Грузин патшасы
ІV Багратпен бітім жасауға мәжбүр болды. 1071 жылы сүлтан Алып Арслан
Манцикерт түбегінде Византия императоры ІV Роман Диогенді ойсырата
жеңеді. Бұл жеңіс Армениядағы Византия үстемдігін жойып, оны селжүктерге
қаратады. Сонымен бірге бұл жеңіс селжүктер мен оғыздардың Кіші Азияға
ішкерлеп кіруіне жол ашады. 1077 жылы Селжүктер Византиядағы өзара
қырқысты пайдаланып, Никеяны, сәл кеңірек Иконияны өзіне қаратады. Никея
Кіші Азиядағы селжүк мемлекеті – Рум сұлтандығының астанасына айналады.
Селжүк империясының қуатының асып-тасуы Алып Арсыланның
мұрагері Мәлік Шах сұлтан (1072-1092) тұсына сәйкес келеді. Оның билігі
тұсында шекаралар одан әрі кеңейтілді. 1072 жылы түркмен жасақтарының
көмегімен солтүстік Сирия мен Палестинаның бір бөлігі алынды. Екі жылдан
кейін сұлтан армиясы Самарқандқа жылжыды. Селжүктер Қархандардан
Бұқара мен Самарқандты тартып алды. 1089 жылы жаңа әскери жорық
жасалып, оның барысында Мәлік Шах әскері Ферғананы басып алып, Шығыс
Түркістан шекарасына жетті.
ХІ ғасыр аяғы мен ХІІ ғасырдың басында селжүк сұлтандығы екіге
бөлінді: шығыс және батыс болып, шығыс правинциясының орталығы -
Хорасан билеушілерінің резиденциясы, Чағрыбектен бастап (1040)
Хорасандағы Мерв қаласы болды. Бұдан кейінгі дәуірде селжүк сұлтандығы
одан әрі ыдырай берді, нәтижесінде бірнеше тәуелсіз және жартылай тәуелсіз
иеліктер пайда болды. Хорасанда Мәлік-шахтың төртінші ұлы Санжар
белсенділік танытты, ол 1098 жылы Мервті билесе, 1118 жылы бүкіл Шығыс
Селжүк сұлтандығының билеушісіне айналды, оның құрамына бүкіл Орта
Азия, Иран және Газна кірген болатын.
Алайда қарудың күшімен құрылған Санжар мемлекетінің тұрақты ішкі
тірегі болмады. Мемлекеттің әлсіреуіне исмаилиттермен үздіксіз жүргізген
күресі де ықпал етті. Исмаилиттік шиит Хасан ибн Саббах басқарған секта
1090 жылы Казвин қаласының солтүстігіндегі Аламут («Бүркіт ұясы»)
қамалын басып алып, өз орталығына айналдырған болатын. Кейін
исмаилиттер Альбрус, Кухистан, Сагс, Ливан тауларында бірнеше қамалдар
мен замоктарды басып алды, сөйтіп, «таулық қарт» басқаратын теократиялық
исмаилиттік мемлекет құрылды. Секта мүшелері қатаң тәртіп негізінде берік
топтасқан ұйым құрды. Исмаилиттер селжүктерге қарсы аянбай күрес
жүргізді, өмірін қиюға дайын тұратын фидайлар өздеріне қас деп санайтын
саяси және мемлекеттік қайраткерлерді аяусыз өлтіріп отырды. Адамның
басын айналдырып, мас қылатын есірткі тартатын исмаилиттер «хашиш
тартушылар» деп атанып кетті. Арабтар оларды «хашишийун» деп атаған.
Осы сөзден еуропалықтар исмаилилер сектасының мүшелерін
ассасин
деп
атап кетті. Бұл еуропа тілдерінде «кісі өлтіруші» дегенді білдіретін болды.
Алғаш исмаилиттер бұқарасын қолөнершілер мен шаруалар құраған болатын.
Алайда замоктар мен жерлерді басып алған сектаның басшылары бірте-бірте
бай феодалдарға айнала бастады. ХІІІ ғасырдың басына карай Ирандағы
исмаилиттер мемлекеті кәдімгі феодалдық мемлекетке айналды.
Селжүктер мемлекетін ішкі әлеуметтік шиеленістер де әлсіретті.
Олардың билігі кезінде қолөнершілер мен көпестер арасындағы қырқысулар
ондаған жылдарға созылды. Тегеран тұрғындары қорғануға ыңғайлы болу
үшін жерден үй жасап, сонда тұра бастады. Рейде ХІІІ ғасырдың басында
ақсүйектер жеңіске жетті. Бұл жеңіс өте қымбатқа түсті. Екі жақтан 100
мыңдай адам қаза тапты. Мұндай қанды қырқысулар Нишапур мен
Исфаханда да орын алды. Бұл қырқысулардың идеологиялық негізінде діни
қайшылықтар - шииттер мен сунниттер алауыздықтары жатты. XI-ХІІ
ғасырларда Ирандағы феодал ақсүйектер сунниттер, қала мен деревня
кедейлері шииттер болды.
1141 жылы селжүктердің қарулы күшін Катаван түбегіндегі щайқаста
қидандар (қарақытайлар) талқандады. Осыдан кейін империя құлдырай
бастады. Санжардың вассалдары Мерв үкіметіне бағынудан ашық түрде бас
тарта бастады. Осындай алғашқы бүлікшілердің бірі Хорезм шахы Атсыз
болды. Ол 1138, 1141, 1147 жылдары Санжарға қарсы бүлік шығарды.
Сұлтандыққа қарсы соңғы соққы 1153 жылы Хорасандағы оғыз
тайпаларының көтерілісі болды. Балх оғыздары ауыр салыққа — жылына
сұлтан қазынасына 24 мың қой беріп отыруға наразы болып, көтеріліске
шықты. Олар 1153 ж. сұлтан әскерін талқандап, сұлтан Санжардың өзін
тұтқынға алды. Санжардың әскерін тас талқан етіп жеңген оғыздар
Хорасанның толық иесіне айналды. Сонан соң Мерв пен Нишапур
қалаларын, Хорасанды тонап, талан-таражға салды. Бұл көтерілісті оғыз
тайпасының басшылары пайдаланып калды. Соғыста қолға түскен
олжаларды иемденіп, жер үлестерін кеңейтті. Қарапайым шаруалар бұқарасы
көтерілістен пайда таппады. Санжар сұлтан (1118—1157) өлген соң Ұлы
Селжүк сұлтанаты бірнеше ұсақ князьдыққа бөлініп кетті. Аймақтың аса ірі
қалалары Мерв, Серакс және басқалары босап қалды. Осыдан кейін төрт
ғасырға созылған феодалдық соғыстар мен өзара қырқыс дәуірі басталды.
Осымен бір уақытта Хорезмшахтар мемлекетінің көтерілуі басталды.
Мемлекет географиялық және этникалық біртұтас аймақ ретіндегі Хорезмге
иек артты. Мемлекеттің негізін қалаушы Атсыз
деп есептеледі (1127-1156).
Алайда ол өмірінің соңына дейін Санжардың жоғарғы билігін мойындады.
Атсыз
өз иелігінің территориясын айтарлықтай кеңейтті. Арал маңы және
Каспий маңы көшпелі тайпаларын қаратты, жалдамалы түрік гвардиясын
құрып, тәуелсіз мемлекеттің негізін қалады. Оның мұрагері Ел Арслан (1156-
1172) енді толықтай тәуелсіз билеушіге айналып өз әкесінің билігін
жалғастырды.
Ел
Арсланның ұлы Текеш (1172-1200) тұсында мемелекеттің
территориясы одан әрі кеңейе берді. Оғыздарға қарсы кескілескен күрестің
нәтижесінде ол Хорасанды алды. 1215 жылы Хорезмшах Мұхаммед өзінің
негізгі сыртқы саяси қарсыластары - Гур сұлтандарын жеңді. Бұдан сәл
бұрынырақ Мәуреннаһдағы Қарахан иеліктері жойылған болатын. Сөйтіп,
монғол шапқыншылығы қарсаныңдағы Хорезм алып империяға айналды.
Оның иеліктері Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан Парсы шығанағына
және Кавказдан Гиндукушқа
дейінгі ұлан-ғайыр жерлерді алып жатты. Оның
билеушісіне мұсылман әлемінде бірде-бір билеуші тең келмеді.
ХІІ—ХІІІ ғасырлар аралығында Иран экономикасы біраз жандана түсті.
ХІІІ ғасырдың басында жазылған «Табаристан тарихының» авторы Ибн
Асфандияр Мазендаран облысы туралы былай дейді: «Бұл жерде арпа-бидай,
жеміс-жидек, аң мен төрт түлік дегенің өте жеткілікті. Байлық көзіңді
тойдырады. Бір жапырақ бос жатқан жерді кездестіре алмайсың».
Алайда осы дәуірде мемлекеттің құлдырауына алып келген негіздері де
байқала бастады. Бұл - зайырлы биліктің белең алуы, шахтардың дін
басыларының беделін пайдаланудан бас тартып, артықшылықтарға ие қуатты
әскери сословиеге иек артуы, ал бұлар әрдайым бүлікке, шах билігіне
бағынудан бас тартуға дайын тұрды. Соңғы Хорезмшахтар Селжүк
сұлтанатындағы дағдарысты пайдаланып, 1132 жылы төменгі Ирак пен
Хузистанда саяси биліктерін қалпына келтірген Аббаситтік Бағдад
халифтермен сәтсіз соғыстар жүргізді. Ақыры 1220 жылы Хорезмшахтар
империясы монғол жаулап алушыларының оңай жеміне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |