Б.АЛМАНОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕБІ
«ШЫҒЫСЫМ БАТЫС БОП КЕТТІ...»
(Батыс классиктері мен Абай поэзиясының үндестігі)
Өткізген:
Әбішева А.
2015-2016 оқу жылы
Қайырлы күн, оқушылар , ұстаздар!
Шыңғыстауынан әлем биігіне көтерілген ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойына арналып «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» атты апталықтың аясында өткізгелі отырған «Шығысым Батыс боп кетті...» атты танымдық кешке қош келдіңіздер!
Өткен ғасыр үн келеді алыстан,
Қоңыраулатып құлын-тайы жарысқан.
Үн қатады даналықтың тілімен,
Бабам менің мыңмен жалғыз алысқан.
Кінә қойма, мыңмен жалғыз алысқан!
Құдіретті үн естілді алыстан
Сол құдірет –
Адамзаттың Абайы
Кемеңгер де данышпан!
Тербеп жатқан атын қазақ даласы
Кемеңгердің келбетіне қарашы
Адамзатты жүгіндірген алдына
Құдіретті
Құнанбайдың баласы!
Кейінгі ұрпақ жырын жаттап қанықты,
Кім білмейді, Абай сынды алыпты?
Нұрын шашып, бағын ашып халықтың,
Қазақ атын бар әлемге танытты.
Иә, бүгінгі кештің тақырыбын «Әлем таныған Абай» деп алсақ та әсте қателеспейтін секілдіміз. «Абай – көркем ойдың әлемдік тұғырдағы құдіреті» Фредерико Майор
Абай мұрасының маңызды бір қыры – Европа мәдениеті мен әдебиетіне қатысы. Бұл құбылыстың мазмұны мен сыры, диалектикасы мен динамикасы бір жағынан, талант, дарын іспетті қасиеттер табиғатынан шектелушіліктен, томаға тұйықтықтан аулақ болатынында, жалпы адамзаттық игілік-жақсылықпен сабақтас, тектес екендігінде болса, екінші жағынан, Абайдың туған жерінің, елінің жаратылысының өзі Европа мен Азияны, Батыс пен Шығысты жалғастырушы көпір іспеттілігіне байланысты. Қазақ халқының көп ғасырғы рухани ізденістері мен қазынасының жемісі, жиынтығы, әрі жаңа сатыға көтерушісі бола алған Абай - дүниенің осы екі бөлігінің бірсыпыра халықтарының даму тарихына, ақыл-ой жүйесіне, мәдениетіне, әдебиетіне көз тігіп, танып, біліп өзіндік шығармашылық қатынас қалыптастырды, қазақ қоғамының қажетіне, рухани өсуіне жарату ісін де, дәстүрлерін де байытты.
М. О. Әуезов сөзімен айтсақ, «өзінде Европа, өзі Европада боп, қарға тамырлы боп байланысқаны... Бүл белгі - сүйсінерлік нағыз ірі белгі» (М. Әуезов Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. - А., 1967, 264-6.).
Қазақ филологиясының абайтану саласында Әуезов айқындап кеткен тұжырым бойынша Абайдың ақындық қызметінің негізгі үш түп төркіні: алдымен, қазақ халқының, есте жоқ ескі заманнан жиып, дамытып жеткізген өз даналығы, ауыз әдебиеті қоры; екінші - араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың классик. көркем поэзиясы, үшінші - орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Европа мәдениеті десек, Абайдың ақындық білімінің кемелденіп толысуына, өрісінің кеңеюіне апаратын даңғыл жолды тап басатынымыз сөзсіз, бүл Абайтану ғылымында едәуір зерттелген мәселе. Алайда ақынның орыс мәдениеті арқылы Европа мәдениетімен байланысы, Европадан алған нәр, оның ақындық жолында қандай іздер мен өрнектер қалдырғаны әлі арнайы зерттелген жоқ.
Европамен таныса келе Абайдың «Шығысым - батыс, батысым - шығыс боп кетті» деуі ақынның Батыс елдерінің мол рухани қазынасына, мәдени, әдеби өсу жолына қатты қызыққаннан айтқан сөзі болса керек. Бүл тану, қызыға зерттеу, үлгі тұтып, нәр алу ақын шығармашылық жолына ізін қалдырмауы мүмкін емес еді. Европа елдерінің әдеби қорына қарым-қатынасында Абай Құнанбаев жай ғана үйренуші, таңырқаушы, еліктеуші ретінде емес, үлкен ойлы, терең толғаулы ізгі ақындық ерекшелігімен, ұлттық келбетімен, ұлы реалистік өзіндік, Абайлық тұлғасын сақтайтын қадір-қасиетімен, қалып-қабілетімен керінді. Ақын қазақ сахарасының шегінен шығып, орыс мәдениетіне, сол арқылы Европа елдерінің мол қазынасына жалғыз өзі жол тартып, туған әдебиеттің қадір-қасиетін бұрынғыдан да арттырып, биіктете түсті.
Гете, Шекспир, Байронға,
Қазақтың қайнарынан су ішкізген.
О, неткен, ұлы дарын десеңші бұл,
Ұлылықты жеткізген күміс тілмен!
Абайдың ұлылылығы сол – ол Байроннан, Гетеден, Шиллерден бар болғаны бір-бір өлеңнен аударса да, ұлы ағылшын және неміс ақындарын қазақ даласына туғандай етті.
Ол Шиллердің, Гете мен Байронның қандай өлеңдерін аударды?
Шиллер – неміс ақыны, драматургы, философы. Ол бар болғаны 4 жолдан тұратын өлеңін аударды.
Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң, сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.
Гете – немістің ұлы ақыны, классигі. Оның шығармаларының ең шоқтығы биігі - «Фауст» атты философиялық дарамасы, трагедиясы. Бұл шығарманы жазуға Гете өмірінің 60 жылын арнаған. Ол табиғат, махаббат сырлларын толғайтын назды жырлар, философиялық тебіреністі өлеңдер, өнегелі балладалармен қатар тарихи драмалар, прозалық шығармалар да жазған.
Бізге таныс Гетенің осы бір туындысы жайлы Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің естелігінде былай дейді: «Бұл оқиға Парижде рождество мейрамының алдында болды. Әлдебір жастар концертінен кейін мені Булат Окуджава таныс сазгерінің үйіне ертіп апарды. Ол сазгері – арық келген сақалды француз болатын. Оның үйіне жиналған халық та көп екен, жүрек жалғап алған соң, біз ән айта бастадық. Біз әнді аса қызығушылықпен әрі ұзақ, жалғыз әрі қосыла шырқадық. Сол үйдің көңіл-күйі сондай бір жылы әрі берекелі болатын. Біздің де көңіл-күйіміз сондай тамаша болды, тіпті табиғатымнан тұйық менің өзім қалайша қосылып кеткенімді байқамай қалдым. Кейін батылданып кетіп Абайдың Гетенің өлеңіне жазылған, сөзін де қазақ тіліне Абай аударған "Қараңғы түнде тау қалғып" әнін шырқай бастадым.
– Бұны қазақтың шығарғаны рас па? – деп сұрады қонақтардың арасынан әлдекім. – Әуені еуропаныкіне қатты ұқсайды екен...
Мен күлімсіреп, "Қараңғы түнде тау қалғып" деген Гетенің өлеңіне тиесілі таңғажайып оқиғаны есіме алдым... «
Дәл осы бір оқиғаны бізге ағылшын тілі пәні мұғалімі Жанна апайымыз әңгімелеп береді.
Жанна апайымыздан «Қараңғы түнде тау қалғып » өлеңінің немісше және орысша нұсқасын тыңдадық. Енді осы бір олеңге жазылған тамаша әуенді аңызға айналған тобымыз «Дос-мұқасанның» орындауында тыңдайық.
«Дос-Мұқасан» - «Қараңғы түнде тау қалғып...»
Абайдың Гете өлеңіне ән шығаруы - оның сол кездің езінде немістің ұлы гуманист ақынының лирикасындағы тамаша белгілер мен ғажап әуендеріне терең бойлап, жан қозғалысының үндестігін таба алғандығының айғағы. Гете шығармашылығын зерттеушілердің айтуынша Гете өз өмірінде 1600-ге тарта өлең жазған. Солардың көбі халық өлеңдеріне айналған; дүние жүзінің ең тәуір композиторлары олар үшін музыка шығарған.
Қазақта «Адам күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңірі естиді» деген құдіретті сөз бар. Тау шыңы, құз-жартас адамзатты көк аспанға төбесі тиердей таяу тұрумен тартады. Ежелгі пұтқа табыну дәуірінде тау - құдайлардың мекені саналатын.
Өлең - құйып қойған өзі, автопортрет. Гете тау етегіндегі шық тұнған гүлдерді, тұнық аспанды көргенде жүрегін шаттық күй кернейді. Жадыраған күн нұры жанын жасартады. Ол тауға түскен тұманды қанатты деп суреттесе тегін емес, шабытына қанат бітіп, шарқ ұрады. Бұлт құрсағанда ақын алтын күн көзін көруге аңсары ауды. Ол түнектен соңғы сәуле екі есе көркем деп түйіндейді. Гетенің лирикасын құтайтып, ертегідегі тірі судай нәрлендіріп тұратын қайнар көз, ақ бұлақ - натурфилософия - неміс әдебиетінің гүл тәжі. Табиғат философиясы көркем ой иелеріне ерекше етене болуымен артық.
Абайдың табиғат лирикасы қандай?
Бізге Абайдың табиғатқа арнаған өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде Нұрсәт, Әділет, Нұрталап, Шаризат оқып береді.
Тағы табиғатқа арнап жазған Абайдың қандай өлеңдерін білесіндер?
«Желсіз түнде жарық ай» әнін оқушыларымыздың орындауында тыңдайық.
Кішкентай Байронның Шотландияның жабайы табиғаты аясында өмір сүруі оның Шотландиялық сарқырама, шатқал, теңіздері туралы бірнеше бозбалалық өлеңдер жазуына әсер етті («I wish I was a careless child» — «Алаңсыз бала болсам екен» және тағы басқалар). Студент кезінде оның ең бірінші «Hours of idleness» — «Толғану сәттері» деген өлеңдер жинағы шығады. Содан кейін тағы бір жинағы «English Bards and Scottish Reviewers» — «Ағылшын бардтары және Шотландия шолушылары» сатирасы шығады. Байрон Таяу Шығыс елдеріне сапарға шыққанда Лиссабонды, Испанияны, Мальта аралын, Албанияны, Греция елдерін аралайды, Байронға бүкіл әлемдік даңқ әкелген «Child Harold’s pilgrimage» — «Чайлд Гарольдтың сапары» поэмасының алғашқы 2 өлеңін жазады. Кейінірек өлеңді жалғастырады. Оның басты кейіпкері романтик, жалғызсыраған жас жігіт. 1813 — 1816 жылдар аралығында Лорд Байрон «The Giaour» — «Гьяур» , «The Corsair» — «Корсар», «Lara» — «Лара», тағы басқа өлеңдерін жазады. 1816 жылы Байрон Швейцарияға көшіп кетеді.
Екі ақын екі қилы уақытта, әртүрлі елде өмір сүрді. Жасында саясатпен айналысты, екеуі де, саясаттың халық өмірін жақсартуға көмектесе алмайтынын түсінді. Ақындардың өмір сүру ортасы, замандары түбегейлі басқаша болды, бірақ бұл жағдай олардың табиғатты бірдей кемеңгерлікпен түсінуіне, суреттеуіне кедергі келтіре алмайды.
Бала кезінен теңізбен достасып, «мұхиттың жалын сипап» өскен Байрон өзінің өлеңдерінде буырқанған, тынымсыз теңіз бен теңізде жүзген теңізшіні — жасынан толқынмен бірге өскен ержүрек ақынды қатар жырлайды. Толқынды теңіз, ешкімге бас имейтін тылсым күш халықтың қайнар бұлағындай. Ал Абай: «Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас...» деп, табиғатта теңіз қандай орын алса, өмірде қызу жүрек, үлкен жүрек керек екендігін айтады.
Ақындардың табиғатты суреттеу мәнерінде ұқсастықтар бар. Табиғат көрінісі Абайдың да, Байронның да шығармаларында үлкен орын алып, маңызды рөл атқарады.
Абай аудармаларының ішінде ұлы ағылшын ақыны, революцияшыл романтизмнің көрнекті өкілі Джордж Ноэл Гордон Байронның әйгілі «Еврей сазы» топтамасынан «Көңілім менің қараңғы» деген өлеңі бар. Абай бұл өлеңге тегін назарын аудармаған. «Еврей сазынан» Абай ұлттық езушіліктің зардабын тартқан жазықсыз адамдардың қайғы-шерін, азап-азасын естіді. Бүл өлеңнің өзегі болған езілген халыққа деген ықылас - ілтифат, гуманизм идеялары, қиындық кезде сол езілген халықпен бірге ауыр жүк көтерісер сөз бен саздың күші мен құдіретін сүюшілік қазақ ақынына да қатты әсер етпей қалмады. Өз халқының да отарлық әрі ұлттық езушілік зардабын тартқан мүшкіл халіне қанық қазақ ақыны Байронның «Көңілім менің қараңғы» өлеңін аударғанда түпнұсқаның негізгі мазмұны мен бағытын дәл сақтап, қазақ өлең өлшемдеріне, ерекшеліктеріне сәйкестендіріп, еркін сілтеген. Түпнұсқадағы кейбір сөз, мысалы, «алтын арфа» қазақ оқушылары мен тыңдаушыларына түсінікті «алтын домбыра» деген сезбен ауыстырылған. Алтын домбыраны шертіп тартушы ақын Абай аудармасында өмірінде көп азап шеккен, бірақ, көңілі жарқын үмітке, бойы қайратқа толы, ұмтылыс-серпіліске, батыл қимылға, күреске бейім жан болып бейнеленеді. «Қатып қалған кезімде бір тамшы жас» - адам азабының, сорының ауырлығын ғана бейнелеп қоймайды, сонымен бірге адам бойындағы сарқылмас күш, мұқалмас жігер, айбарлы ашу айбатының да елесі іспетті. Өзінің көрген азабын езілген халық тек ақынына ғана сеніп айта алған, ақыны ғана оның жоқшысы, өкілі бола білген. Байрон өлеңіндегі бұл өмір шындығы алыстағы сахара елінің өмір жайына да жақын, танысты. Сондықтан да Байронның «Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын» елеңі Абай аудармасында қазақтың ез тел өлеңіндей түсінікті болып, ел арасына кең тарады
Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твои, промчавшиися по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснуться,
И если есть в очах застывших капля слез –
Они растают и прольются.
Қазақша аудармасын Арай оқып береді.
Көңілім менің қараңғы. Бол-бол ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейістің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас,
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!
Және де осы бір аудармасымен сарындас жазылған Абайдың «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген өлеңін Жансая мен Шұғыла оқып береді.
Ақындарды үндестіретін тағы бір мысал – махаббат лирикасы.
Зердемде мыңмен жалғыз алысқаның
Даланың дара туған данышпаны
Сарайыңның кеңдігі-ау сахарадай
Жүрегіңнен «Қаламқас» ән ұшқаны.
«Айттым сәлем, Қаламқас»
Әлем әдебиеті махаббаты осындай жырларға өзек болған көптеген шын ғашықтарды мойындай алады. Шығыс елдерінің ғашықтық жырлары мен қиссаларын оқыған қарапайым оқырман: «Шығыс елдері неткен тамаша ел болған, ақындары сүйіспеншіліктен басқаны жырламапты» - деп таңданады, ал Батыстағы Орфей мен Евридика, Пирам мен Фисба, Тристан мен Изольда, Петр мен Феврония және т.б. ғашықтардың басындағы оқиғалар басынан аяғына дейін ертегі сияқты көрінгенімен, жылдар мен ғасырлар бойы әр елдегі ақын-жазушыларға, жыршыларға рух беріп келе жатқаны белгілі. Атақты итальяндық Петрарка мен Дантенің ғашықтары – Лаура мен Беатриче, сол Данте өмірге әкелген көптеген шығармалар мен дастандарға кейіпкер бола алатын Франческо да Римини мен Паоло Малатестаның ғашықтық трагедиялық ғаламаты, Шығыстағы, оның ішінде қазақ әдебиетіндегі Еңлік пен Кебектің, Жібек пен Төлегеннің, Абай мен Тоғжанның, Естай мен Қорланның махаббаттары жастардың символына айналғалы қашан.
Дүние жүзінің әдеби қазынасы болған «Ромео мен Джульеттадан» кейін ұлы Абай Пушкиннен «Евгений Онегинді» аударды, бұл ән қазақ даласына шалқыды.
Т: Тәңірі қосқан жар едің сен
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен
Аямасқа бекіп ем.
О: Масқаралап мені тағдыр,
Қылды мазақ не шара!
Менің үшін сен жауап бер,
Менде сөз жоқ, бейшара.
Т: Ғашық-ақпын еш күмәнсіз,
Ырыс емес, сор үшін,
Көрісуге шыдамаспыз
Айырысалық сол үшін.
О: Менің өмірім таянып тұр,
Үзілуге әз жаным.
Ақ жүзіңді бір көріп құр
Өлсем болмас арманым.
Хас арудай тұншыққан,
Қара бұлтқа батқан-ай.
Сен де, сен де сыңсып қал
Әйгерімнің тәтті әні-ай.
«Көзімнің қарасы»
Абай көзі тірісінде өзінің өлеңдерін жинаған емес. Олардың әрқайсысын бір жапырақ қағазға жазып, жастарға таратып бере берген. Олар Абайдың өлеңдерін жаттап алып отырған. Сөйтіп Абай өлеңдері қазақ даласында ауыздан ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдері қолдан қолға көшіріп алынды. Ондай қолжазба көшірмеге ие болу әрбір сауатты қазақ үшін зор ғанибет болатын. Кейінірек Абайдың туындыларын оның ұлы Тұрағүл жинастыра бастады. Абай өлеңдерінің ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын Кәкітайдын арқасында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлең- дерін жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жігер жұмсап, игі ықпал еткен адал ақын Көкбай Жанатайұлы (1864—1927) болды. Ол өлеңдер белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханұлының редакциясымен басылып шықты.
Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетіндеШекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.
«Пушкин де, Абай да ұлы жаңашылдар, сондықтан да олар ұлы өнеге, ортаймас үлгі қалдырды, бізді бүгінгі күнге дейін таңдай қақтырып, таң қалдырады.» (Мүслім Базарбаев)
«Шетелдікпен кездескен адам шетел тілін білмесе, әдетте сол елдің адамын атайды. Абай – осындай тұлға. Абай халқымен мақтанса, қазақ халқының Абаймен мақтануында осындай сыр бар»
(Тәкен Әлімқұлов)
Достарыңызбен бөлісу: |