ӘОЖ 82.0:001.12/18
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Орда Г.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
Бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., профессор
Аңдатпа.
Мақалада жазушы Ә. Кекілбаевтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі ғылыми
сараланған. Автор жазушы шығармаларындағы рухани құндылықтарға көңіл аударған.
Қаламгер көтерген ел мен жер, азаттық пен бостандық мәселелеріне бүгінгі күн тұрғысынан
баға берілген. Шығармалардағы адамзатқа ортақ мораль мәселесі мен ұлттық құндылықтар,
қазақ халқының ұлттық ерекшелігі болып табылатын әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері
санамалап көрсетілген.
Түйінді сөздер:
поэзия, проза, әңгіме, повесть, роман, драма.
56
Әбіш Кекілбаев – қазақ әдебиетінде прозашы болып танылғанмен, поэзия, проза,
драма, сын, публицистика (көркем сөз), аударма жанрларының бәріне бірдей үлес қосқан
қаламгер. Алғашқы жыр жинағынан елді елең еткізген қаламгер бар күш жігерін қазақ елінің
бүгіні мен болашағы үшін жұмсады.
Оның «Алтын шуақ» (1962), «Дүние ғапыл» (1999) жыр жинақтарына енген
лирикалық өлеңдері қазақ халқының басынан өткен (ХХ ғасырдағы) ірі-ірі тарихи
оқиғаларды сезіне білген ақынның ой толғанысын білдіреді. Олай болса, ақын поэзиясына ел
мен жер мәселесі арқау болғанын баса айтқан жөн.
Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңімен тұстас келген оның «Сол
жылдар әлі жадымда», «Танктер», «Әйел күлкісі», «Біздің бала шағымыз», «Қарындасым
Нұрғайша», «Жүректе әлі жатыр мұң» өлеңдері сұрапыл соғыс салған ауыртпашылықты
шынайы бейнелейді. Елдің де, жердің де жазылмас жан жарасын:
…Майдандағы танктердің ізінен
Маңдайларға талай-талай түсті әжім[1, 9] –
деп жырласа, сол жылдардағы тылдағы әйел-аналардың тылдағы жанқиярлық
еңбектерін жоғары бағалады:
Сол жылдар әлі жадымда,
Сонда үйренген өз басым.
Батырдың пәк қанындай,
Қадірлеп әйел көз жасын [1, 10].
Соғыс зардабы сол тұста дүниеге келген балалардың да жүрегін жаралағаны ақын
назарынан тыс қалмайды.
Жүректе бірақ жатыр мұң,
Жатыр сол бір кесір күн.
Тыртығында батырдың,
Әжімінде жесірдің [1, 12], –
деген образды бейнелеу осы идеяны аша түседі. 1937-1938 жылдардағы жаппай
қуғын-сүргінді еске алуы да заман ауыртпашылығы жайлы ойын толықтыра түседі. Ол
«Көрдім мен көзі іскен жылаумен АЛЖИРлік ана күйігін» деп, атылып кеткен азаматтардың
АЛЖИР лагеріндегі азабын да еске алады.
Ақынның «Әке» атты шоғырлы өлеңдері – лирикалық кейіпкердің көргендері мен
сезгендерінің сырын аша түседі. Қарындасы Нұрғайша дүниеге келген күні түске дейін
құтты болсын айтқан жұрт түстен кейін қаралы қағазға бата оқуға жиналады. Осы оқиғаны
ол: «Иесін тапса бір бесік, Оққа ұшыпты бір солдат» деп еске алады. Жас бала ылғи да әкесін
ойлайды, асығы алшы түссе өзін «көкем келеді» деп жұбатады. Әкесінің домбырасы мен
шаңырақтың иесіз қалуы, тұлымы желбіреген бүлдіршіннің маңдайынан сипар адамның
болмауы, жеңіс күні үй-үйде болып жатқан қуаныштың да бұл шаңырақты жұбата алмауы
жаныңды сыздатып, жүрегіңді езеді.
Өзге үйде тойдың әні шарықтаса,
Булығып қайғы уына біз жыладық…
…Көп төрге ілінсе де сұр шинельдер,
Тек қана біздің төрге ілінбеді…
…Өзге үйді күлімдеткен жомарт бақыт
Тек қана біздің төрге үңілмеді [1, 26], –
деген жолдар жетім баланың екі көзі төрт болып, әкесін күткен сезімін көз алдымызға
әкеледі. Жалғыз тұяғының ат жалын тартып азамат болғанын көре алмау әкеге арман болса,
перзентіне әке қабіріне топырақ сала алмай, зиратының қай төбеде қалғанын біле алмау да
үлкен қасірет, орындалмас арман екені өлеңнің ойшылдығын көтеріп тұр.
Бұл жинақтағы Махамбет туралы өлеңдер өз заманында бостандық, теңдік іздеген, сол
үшін күресіп өткен ақынның арманын жырлауға құрылған. Әбіш патшаның отарына
айналған елдің күйін «қыл арқан абжылан боп қысып жатыр, Оралып оның көкжал өр
57
төсіне», – деп кейіптеу арқылы бейнелейді. Махамбеттей арысынан айрылған қазақ еліне,
жер-анаға түскен ауыртпашылықты адам мен табиғаттың ажырамас бірлігі негізінде
жырлайды.
Қайғыдан қар жамылып қасқа дала,
Қыр кәрін біржолата ақтара ма?
Жетіріп айналаға уыс-уыс,
Ақ шашын жұлып жатты аспан-ана [1, 42].
Аз сөзге көп мағына сыйғызу, сөз құдіретін түсіну, образды сурет жасау, тілсізге тіл
бітіру сынды ерекшеліктер Әбіш өлеңдерінің көркемдігін байытқан.
Ал, оның «Дүние ғапыл» жинағына әр жылдардағы өлеңдері енген. Жинақтың
басындағы «Таңғы кәлима» өлеңінде ол таңғы кәлимасын Фатиха сүресінен бастап елге,
жерге амандық тілеп, хақ жолдан адастырмауды Алладан сұраса, кітаптың соңғы өлеңі
«Түнгі кәлимамен» аяқталған. Онда да ел амандығын тілеген ақын:
Қасіреті асқан қасқа маңдай қазаққа,
Көнтері боп көндігіп алып азапқа,
Көншімей жатқан көңілі бостан азатқа
Ұшырата көрме масқара мен мазаққа [1, 135] –
деп, өлеңді «Ықылас», «Нас» сүрелерімен аяқтайды. Өлеңнің негізгі ерекшелігі де
Құран сүрелерінің толық келтіруінде. Бұл – қазақ поэзиясындағы жаңа сөз. Ақын хақ
жолынан адастырмайтын «Аллаға» жатса да, тұрса да жалбарына сөйлейді.
«Туған жер», «Жол жыры», «Туған жерге барғанда…» өлеңдерінде туған жерге деген
ыстық сезімін асыл анаға деген махаббатымен ұштастыра білген: «Анамның жұпар исі
көкірегіндей, Жусанға тұмсығымды тыға түсем».
«Бағзы бабаларға ода», «Обалар» өлеңдері тарихтан сыр шертеді. Лирикалық
кейіпкердің соғыс салған қасіретті жарасы туралы ой «Іңір сембей іргеге кеп құлаған»,
«Әкем түске кіреді» өлеңінде жалғасады. Мұнда да әке мен бала арасындағы сағыныш
лирикалық кейіпкердің арманы күйінде суреттеледі.
Оның бірсыпыра өлеңдері 1986 жылдың желтоқсан оқиғасына арналған.
Шыдай алмай шайқалыпты шаңырақ,
Майыстырып тіреу қылған бақанды.
Желтоқсанның желі сапты аңырап,
Бұрын-соңды естілмеген мақамды [1, 92] –
деген шынайы сурет қазақ халқының азаттықты аңсаған арманы жолындағы жаңа
қадамды еске түсіреді. Өмірден көрген қайғы-қасіретін біраз өлеңге арқау еткен лирикалық
кейіпкер сол көргеннен түйгенін «Тіршілік қай күнде де құбылмалы», «Ел болмақтың
орнына», «Қайдағы қайда жоқтан дау шығып жүр», «Жамыраспай, жағаласпай, жарандар-ай,
тоқтаңдар» деген өлеңдерінде көпке арнау ретінде ақыл-өсиет айтумен түйіндейді. Ол
әумесерлерді ел болуға шақырады. Өмірден көргенін, түйгенін өсиет ретінде көпке арнау
Абайдың өсиет өлеңдерінің дәстүрлі жалғасы сияқты көрінеді.
Жазушының әңгіме, повестерінде адамдар арасындағы адамгершілік, моральдық
мәселелер көтерілген. Жазушы тосын орта, тосын оқиға іздеп әуре болмайды, күнделікті
өмірде болып жатқан жайттарға терең үңілу нәтижесінде заман, адам, оның тіршілігі жайлы
философиялық түйін жасайды. Оның әңгімелерінде Ұлы отан соғысы жылдарындағы тыл
өмірі, сол заманнан қалған адам бойындағы тән жарасы мен жан жарасы, қазақ ауылының
кешегі тұрмысы, бүгінгі қала қазақтарының тыныс-тіршілігі сынды мәселелер қозғалады.
Қазақ ауылы мен оның тұрғындары суреттелетін шығармаларда қазақ даласының исі мен
қазақ баласының ұлттық мінез ерекшелігі, өзіне тән әдет-ғұрпы мен салт-дістүрі анық
танылады. Жазушы кейіпкер бейнесін сомдауда психологиялық талдаудың тың
жетістіктеріне қол жеткізді. Бұл – жазушының ғана емес, қазақ прозасының елеулі табысы.
Оның кейіпкерлері – ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып заңына сүйенген, қазақы мінезді,
кішіпейіл, ата-ананы сыйлаған әдепті жандар. «Ең бақытты күндегі» ата мен ене алдында
әдеп сақтап, өз ибалығымен көрінген Торғын жары майданнан аман келгенде қанша сағынса
58
да, бірден жақындай алмайды. Әдептен озбау – қазақ келініне ғана тән қасиет. Бір кештің
арасындағы оқиғаны арқау еткен әңгіме шегіністермен тыл өмірінің көп жайларын еске
салады. Қыз-келіншектерге қырғидай тиген бригадир Берден – кешегі ел өмірінен алынған
типтік бейне. Ал, оған ыңғай бермеген Торғынның жазықты болуы да заңды.
«Бәсекеде» «қыз ұзатуға» қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрді әдемі бейнелеген.
Қазақтың бүгіндері ұмыт бола бастаған қолөнер әшекейлері де қолмен қойғандай. «Күй»
повесінде қазақ, түрікмен елдерінің әдет-ғұрпы салыстыра суреттелген. Өлікті шығару
рәсіміне қатысты екі елдің әдет-ғұрпын бүге-шүгесіне дейін суреттеу – жазушының осы
ғұрыпты жақсы білетіндігінің көрінісі.
Жазушы шығармаларына негіз болған тақырыптың бірі – өнер. «Аш бөрі»
әңгімесіндегі Құрманғазы, «Күй» повесіндегі Абыл күйші, «Шыңырау» повесіндегі Еңсеп
бейнелері оған мысал. Жазушы сонымен бірге ашкөздікті жеріне жеткізе шенейді.
70-80 жылдардағы қазақ прозасында фольклорлық аңыз әңгімелер негізінде лиро-
эпикалық стильдің қалыптасқаны қазіргі зерттеулерде әңгіме болып жүр. Бұл әсіресе
Ә.Кекілбаевтың тарихи тақырыптағы прозасынан анық көрінеді. «Күй» фольклорлық аңызды
жазба әдебиетте шеберлікпен бейнелеудің жақсы үлгісі саналады. Мұнда, екі елдің
шапқыншылығы, адам өлімі бәрі де күй құдіретімен астаса суреттелген. Тақырыбы аңыз
болғанмен, жазушы кейіпкердің жандүниесіндегі тебіреніс пен толғанысты терең аша білген.
Ол – адам табиғатының зерттеуші психологы. Шығармаларында өткір оқиғалар
негізінде кейіпкер болмысына терең үңіле білді. Әдебиетте «мәңгүрт» деген ұғымды бірінші
қолдануды да Әбіштің осы повесінен көреміз. 1967 жылы «Дала балладалары» кітабына
енген бұл повесть Ш.Айтматовтың 1980 жылы шыққан «Ғасырдан да ұзақ күн»
романындағы мәңгүрттен ерте жазылғаны жөнінде әдебиеттанушылар біраз зерттеулер де
жасады [2, 164-167]. Ш.Айтматов осы терминді «Жан пида» (1986) романында да қолданып
қазақтың кешегі тарихының келеңсіз жағдайлары арқылы бүгінімізге ой салған-ды.
Халқының, ұлтының мүддесін ойламайтын, тілін, ділін, дінін, салтын, тарихын білмейтін
мәңгүрттерді әшкереледі. Алайда Шыңғыс шығармаларында үлкен образдық дәрежеге
көтерілген мәңгүрттікті ұғым есебінде алғашқы пайдалану Әбіште кездесетініне дау болмаса
керек.
«Ханша-дария хикаясы» (1968) повесінің идеясы – жауыздықты, қанішерлікті,
тойымсыздықты әшкерелеп, адалдықты, пәктікті, адамдықты ардақтау.
«Шыңырау» (1971) повесінде құдық – шын мәнісінде сыртқы фон, автордың негізгі
айтпағы – адамдардың жүйкесін жеген даңғойлық, көрсеқызарлық, іштарлық,
дүниеқоңыздық, бәсекелестік секілді дерттері. Өз өнері өзіне сор болған Еңсеп тағдырынан
өнер адамдарының өнері қашанда өз бағасын ала алмайтынын ғана емес, өткінші дүниедегі
әлсіздікті, жалғандықты, баянсыздықты, парықсыздықты көруге болады. Жазушы Еңсептің
өмірі мен өліміне әлеуметтік, психологиялық талдау жасайды.
Автор құдықшының өмірі мен өлімі арқылы философиялық ой түйеді. Бірінші көзге
түсетін – өнер иелері еңбегінің бағаланбауы, екіншісі – адам бойындағы астамшылық пен
эгоизм. Еңсепті де жұтқан осы. Себебі ол елде жоқ құдық қазып атын шығармақшы болады.
Бар тәжірибесі оның өз басын жұтуы арқылы автор сол бір даңғазалық, мақтаншақтық,
эгоизмді әшкерелеген. Автордың негізгі айтпақ ойы – осы.
«Бәйгеторы» (1974) повесінде жазушы тұлпар арқылы адам тағдырын, қоғам
шындығының көркем бейнесін жасайды. Тұлпарлар туралы жазылған шығармалардан
«Бәйгеторының» өзіндік ерекшелігі – оқиғаның жүйрік жануардың түйсік сезімі арқылы
баяндалуында. Көзден де, құлақтан да қалған жүйріктің трагедиясы – адам трагедиясы.
Кезінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, бүкіл елді өзіне қаратқан жандардың
жас келе, уақыт өте, осы жануар секілді мүсәпір күй кешуі – дүние жалғандығының бейнесі.
Жазушының әңгіме, повестерінде қазақ ауылының шындығы негізінде жаңа
характерлер ашуға құрылған. Оның әрбір кейіпкерінен қазақтың ұлттық мінез-құлқы анық
көрінеді. Олар халықтық аңыздан бастап, бүгінгі заманда өзі көріп таныған адамдар
бейнесін жарқын суреттейді. Қазақ қоғамында орын алған әділетсіздік, күштінің әлсізге
59
жасаған зорлығы өнер иелерінің қорлықпен, азаппен жаншылуы, адамдар арасындағы бәсеке
таластық, т.б. бұл повестердің негізгі оқиғаларын құрайды. Бәріне тән ортақ идея – қараны
ақтан, жендетті жауыздан күштіні әлсізден айыра білудің қажеттігі, адамгершілік, жақсылық
сияқты мәңгілік құндылықтарды бағалай білуге үйрену тәлімі.
«Аңыздың ақыры» (1971) романында жазушы тарихи тақырыпты игерудегі жаңа
қадамын танытты. Ол Алмас ханның болмысын ашу жолында адам жанына үңіле білді,
психологиялық талдауға ден қойды. Бұл ізденістер сол тұстағы қазақ прозасының табысына
айналды. Авторлық ұстаным мен кейіпкер ойының, баяндаушы мен қаһарман үнінің кейде
қосылып, кейде кезектесіп кететіндігі, «адам психологиясының иірімдерін көрсету, талдау
молдығы жағынан» романның әдебиетімізге тың жаңалықтар алып келгеніне әдебиетшілер
баса назар аударды [3].
«Елең-алаң», «Үркердің» заңды жалғасы. Қазақстанның Ресейге қосылуын көркем
бейнелейтін бұл екі роман бөліп жаруға келмейді. Ондағы кейіпкерлер де, оқиға да ортақ.
Романның негізгі бас кейіпкері – Әбілқайыр. Жазушы Әбілқайырды қол бастаған батыр, ел
басқарған билеуші, халыққа, оның мүддесіне жақын жан ретінде көрсетуге тырысқан.
Мәселен, С.Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясында ол – мансапқор, құзғын пиғылды көп
сұлтанның бірі болып суреттеледі. Ал, Қ.Жұмаділовтің «Дарабозында» қазақты орысқа
сатқан алаяқ, баққұмар сұлтан ретінде бейнеленсе, І.Есенберлиннің «Жанталасында» дарақы,
әпербақан, өркөкірек жан болып кескінделген. Ә.Кекілбаевтің ерекшелігі – Әбілқайыр
бейнесін жасау үшін тарих қойнауына үңіліп, сол тұстағы қазақ халқының әлеуметтік,
экономикалық хал-ахуалына талдау жасай отырып, кейіпкердің сондай қиын заманда елін
аман-сақтап қалу жолында шешуші қадамдарға батыл барғанын көрсетеді. Аталған романдар
жарық көргеннен бері сыншылар мен әдебиеттанушы ғалымдар бұл туындыларды әр
қырынан сөз етуде.
«Үркер» де, «Елең-алаң» да реализмі бай шығармалар. Жазушы өмірде болған
адамдарды, тарихта болған оқиғаларды екшеп алуға тырысқан. Оның көп ізденгендігі әрбір
оқиғаны бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп суреттеуінен көрінеді.
Шығарма қазақ халқының басынан өткен ХҮІІІ ғасырдағы тарихи оқиғаны белгілі
тұрғыда саясаттандыра суреттейді. Оқиғалардың кейіпкер көзімен суреттелуі олардың
психологиялық, эмоционалдық сезімдерін аша түскен. Оқиғалардың Әбілқайыр, Тевкелев
көзімен суреттелуі олардың саяси көзқарасын да ашады. Сондықтан да оны – тарихты әр
қырынан зерделеп зерттеген саяси роман деуге болады. Автор қазақ халқы өз еркімен орысқа
бодан болды деген ұстанымға сүйеніп, оның әлеуметтік, экономикалық, саяси сан қырлы
астарын ашуға тырысады.
Әбіш Кекілбаев драматургия жанрына да біршама үлес қосты. Оның әлем әдебиетінен
тәржімалаған драмалық туындылары қазақ театрларында ана тілінде сөйлеп, көпшілік
көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Қазақтың М.Әуезов атындағы Ұлттық
академиялық драма театрында және басқа театрларда Уильям Шекспирдің «Ромео мен
Джульетта», «Кориолан», «Король Лир», Валехо Антонио Буэроның «Бүгін мейрам, бүгін
той», Карл Гоццидің «Туранбике ханшайым», А.Чеховтың «Ваня ағай» және Макс Фриштің
«Ғылым қуған Дон жуан» сынды драмалық туындылар репертуардан берік орын алса,
Генрик Ибсеннің «Үрей» атты үш перделі отбасы оқиғасы Қазақстан Мәдениет, ақпарат
және қоғамдық келісім министрлігінің репертуарлық қорына кірген.
Жазушының «Абылай хан» атты халықтық-қаһармандық сахналық дастаны еліміз
тәуелсіздік алған тұста жазылды да, сол тәуелсіздік жолында қызмет еткен ел басшыларын
көркем бейнеледі. Туынды 1998 жылы қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма
театрында қойылды. Ә.Кекілбаев прозалық шығармаларында қазақ халқының ғасырлар бойы
арман етіп аңсаған тәуелсіздігін негізгі мәселе етіп көтерсе, сол асыл армандарды енді
сахнаға алып келді.
Пьесадан ұлттық мінез бен болмысты тану да оңай. «Сыбыр-күбір, пыс та пыс.
Жыбыр-жыбыр, пыш та пыш. Шонжарлар жүр, шоқыдай боп шоңқиып. Батырлар жүр бұрқ-
сарқ, бурадай боп қомпиып, Пысықтар жүр, қол-аяғы сып та сып, үйден-үйге, топтан-топқа,
60
табақ тасып, сөз тасып» [1, 250-251] деген жолдарға қарап отырып, ХҮІІІ ғасырдағы
шонжарлар мен батырлардың, пысықтар мен жанкештілердің күні бүгінге дейін арамызда
жүргеніне күйінесің. Жалқаулық, кертартпалық, аяқтан шалу, іштарлық, т.б. жағымсыз
қылықтар біздің қазақи мінезімізді көрсетер жазылмас дерт екені де даусыз. Ал, «Шуылдаған
көп қазақ. Сен бұйдалы боз тайлақ, мен бурамын шабынған. Сыртыңда тұрмын шырпынып,
омыртқаңды опырып, жамбасыңды жапырып, шоңқайтқалы кеп тұрмын, қырық бүгіп тізеңді,
тоңқайтқалы кеп тұрмын. Ит мұжіген асықтай, омпайтқалы кеп тұрмын»[1, 186] деген
жолдардан қазақтың шалқар даласына сұқтана қарап, көз алартқан бүгінгі көршілеріміз мен
мұндалап тұрғаны байқалады.
Бұдан шығатын қорытынды, Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» пьесасы – қазақтың
кешегісі арқылы бүгінін меңзейтін туынды. Ол Абылайдың аузына ел басының сөзін салса,
жоғарыдағы мысалдар қазақты ел болуға шақырып тұрғаны даусыз. Пьесадағы түйдек-
түйдек төгілген толғаулы ойлар, асылдай мөлдіреген сөздер – драматургтың қол жеткізген
табысы. Әйгілі прозашының драматургия жанрын да еркін игергеніне осы шығарма дәлел.
Ендеше,
«Абылай хан» – ақын, сыншы, прозашы, публицист Ә.Кекілбаев
шығармашылығының шарықтау биігін танытар туынды.
Алғашында ақын, кейін сыншы болып танылған Ә.Кекілбаев қазақ әдебиеті сынының
қалыптасып, дамуына да біршама үлес қосты. Оның «Дәуірмен бетпе-бет» (1972), «Әдебиет
әлемі, өнер өрісі» (1999) кітаптарына енген сын, рецензия, мақалалары – осы тұрғыдағы
еңбегінің жемісі. Сыншының негізгі жетістігінің бірі – ақын-жазушылардың әдеби портретін
жасаудағы шеберлігі. Оны біз сыншының Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, Ә.Нүрпейісов
шығармалары жайлы пікірлерінен танимыз.
Сыншы қазақ әдебиетінің бүгіні мен келешегіне немқұрайлы қарай алмайды. Бүгінгі
қол жеткізген табысымыздың төркінін, шыққан тегін сөз ету – оның қаламына тән ерекшелік.
Қазақ әдебиетінің қол жеткізген табысын әлем әдебиетімен қатар алып салыстыру негізінде
ғана көрсетеді. Оның терең ойлы, сындарлы сын, рецензия, мақалалары қазақ әдебиеті
сынына қосылған үлес.
Ә.Кекілбаевтың пубпицистикалық еңбегінің бір саласы – сапарнамалар. Бұлардың да
тілге тиек етерлік өзіндік ерекшеліктері мол. «Ұя мен жебе» (1968), «Тырау-тырау тырналар»
(1984), «Ұйқыдағы арудың оянуы» (1975 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланып, 1979
жылы жеке кітап болып шыққан) атты кітаптарының жазылу стилі бар. Ол әрбір елдің,
жердің бүгінін айту үшін оның тарихына үңіліп, өткені мен бүгінін салыстыруға, жер, су
атауларына қатысты аңыздар мен нақты деректердің көзін тауып сөйлетуге шебер. Сол
арқылы ол сапарда болған әрбір елдің экономикасына, географиясына, мәдениеті мен
өнеріне, тарихы мен әлеуметтік жағдайына терең үңіле біледі.
Он екі томдық шығармалар жинағының 8, 9-томына кірген «Толғауы тоқсан тарих»,
«Ғасыр өтіп барады…» атты мақалалар – оның публицистикасының екінші қырын ашар
дүниелер. Осындағы «Әйтеке би», «Жәнібек тархан жайлы» мақалаларының орны бөлек.
«Тұла бойы тұнған жұмбақ жан» арабтың «Бейбарыс» («Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның
ғұмырнамасы») атты халықтық романының С.Әбдрахманов аударған қазақша баламасына
алғы сөз ретінде жазылған. Мұнда 1968 жылы жазылған сапарнамадағы ойлар жаңа қырынан
толыға түскен. Автор романда келтірілген деректердің шындыққа қаншалықты үйлесетінін
зерттеуге тырысқан. Тарихи дерек пен аңызға сүйену негізінде Әз-Захир Бейбарыс сұлтан
атанған Махмуд деген баланың Атырау маңында туғандығы, қыпшақтардың беріш
тайпасынан тарағаны анықталған.
Ә.Кекілбаев өте ізденімпаз жазушы. Ол өзінің әрбір жазбаларына биік талап қойып,
биік деңгейден көріне білді. Ғылыми зерттеу негізінде жазылған әрбір мақала
ғылымилығымен құнды. Қаламгер өзін көп толғантқан, шешімін таппаған өзекті мәселелерге
қайта-қайта оралып отырады. Оны Әбілқайыр хан, үш би (Қазыбек, Төле, Әйтеке), сұлтан
Бейбарыс, Махамбет жөніндегі жазбаларынан көруге болады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Ә.Кекілбаев – қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сын, публицистика, аударма
61
жанрларына бір кісідей үлес қосқан қарымды қаламгер. Оның поэзия жанрындағы алғашқы
ізденістерінен бастап, соңғы жылдары жазылған сыршыл лирикасы, әңгіме, повестері,
романдары қазақтардың кешегі, бүгінгі өмірі жайында терең сыр шертеді. Оларда жасалған
тарихи тұлғалар мен біздің замандастарымыздың толымды бейнесі оқырмандар тарапынан
үлкен қызығушылық танытуда. Оның тілінің құмға да, тасқа да тіл бітірген образдылығы,
елі мен жерін сүйген отаншыл (патриот) азаматтың бүкіл шығармашылығының қазақ
халқының азаттығы мен тәуелсіздігін негізгі идея етіп ұсынуы да қолдау табуда.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Кекілбаев Ә. Он екі томдық томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Өлке, 1999. – 6
том. – 9-б.
2. Елеукенов Ш.Р., Ровенский Н.С. Искушение временем // Каз.правда, 1994. – 19
марта; Простор, 1989. – №5. – С.164-167
3. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ғылым, 1979. – 218-221; Тарихи
роман. – Алматы: Санат, 1997; Сыдықов Т. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ердәулет, 1996.
– 158-160; Оскоцкий В. Под звуки домбры // Литературная газета. – 1990. – 24 январь.
Достарыңызбен бөлісу: |