Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет14/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

ӘОЖ 82.09 
 
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ФАРИЗА ТҰЛҒАСЫ 
 
Бектұрған С. 
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технолгиялар және инжиниринг 
университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс магистранты 
Ғылыми жетекші: Қамарова Н.С. 
 
Аңдатпа.
  Бұл  мақалада  Әбіш  Кекілбайұлының  көсемсөзгерлік  шеберлігі,  Әбіш 
Кекілбайұлының  ұлттың  және  ұлт  зиялыларының  даму,  қалыптасу  жолын  толық  игеріп, 
кемеліне  келген  шағында  қаламынан  тәуелсіздік  санасын  қалыптастырудағы  құнарлы 
сөзгерлік  еңбегінің  төгілуі  сөз  болады.  Жазушының  замандасы,  ақын  Фариза  Оңғарсынова 
туралы жазған мақалалары талданып, баға беріледі. 


45 
 
Түйінді  сөздер
:  Әбіш  Кекілбайұлының  публицистикасы,  көсемсөзгерлік  шеберлік, 
Фариза Оңғарсынова тұлғасы.  
 
Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзгерлік шеберлігі турасында айтқанда оның романдар 
желісіндегі  негізі  үйлесімділік  –  мемлекетаралық,  еларалық  келісім-қатынас  оқиғаларының 
аумалы төкпелі кезеңдегі алар орнын айтпасқа болмайды. Өйткені, қоғамдық байланыс пен 
ел  бірлігі,  жер  тұтастығы  бодандық  пен  бостандық  тартысы  үлкен  бір  дәуірді  қамтыған 
тарихи-құжаттамалық,  көркем  публицистикалық  көрінісі  бар  еңбектің  эпопеялылығы  да 
осында.  Бұл  тұтас  бір  дәуірдің  саяси  қатынасын,  әлеуметтік  тұрғысын,  экономикалық 
пиғылын зерделеген, сараптама еңбек. 1991 жылдан бүгінгі күн аралығы Әбіш Кекілбайұлы 
шығармашылығының  үшінші  кезеңін  қамтиды.  Кемел  кезеңі,  дарын  кезеңі.  Осы  арада 
мынандай  мәселеге  назар  аударғанымыз  абзал.  Әбу  Насыр  әл-Фарабиден  бастап  Әбіш 
Кекілбайұлына  дейінгі  аралықты  дәуірлегенде  Абай  Құнанбайұлы,  Ыбырай  Алтынсарин, 
Шоқан  Уалихановтарды  алғашқы  қазақ  көсемсөзгерлері  ретінде  танимыз.  Одан  кейінгі 
Әлихан  Бөкейхан,  Смағұл  Садуақасұлы,  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Жүсіпбек  Аймауытов, 
Мұхамеджан  Сералин,  Міржақып  Дулатов,  Мағжан  Жұмабаев,  Қошке  (Қошмұхамед 
Кемеңгерұлы),  Халел  Досмұхамедұлы,  Сәкен  Сейфуллин,  Ілияс  Жансүгіров,  Құдайберген 
Жұбанов,  Мұхтар  Әуезов,  Сәбит  Мұқанов,  Ғабиден  Мұстафин,  Ғабит  Мүсірепов  сынды 
қаламгерлер  еңбегідегі  көсемсөзділік  шеберлігіне  де  ден  қойып,  әр  түрлі  сипатта 
зерделейміз.  Ал,  айта  кететін  жайт  бәріне  ортақ  бір  мәселе  –  рухани  бағыттылығы  мен 
жаңашылдық тұтастығы идеялық туыстылықтары және сюжеттік ұқсастықтар да бар, бірақ, 
бірі-бірі  қайталамайды.  Өзіндік  сыр,  өзгеше  мұң-шер,  ұлттық  мінез  бен  көркем  ой  өрісі 
алдағы  күндерге  жетелеп,  ертеңгі  күндерден  үміттендіреді.  Халыққа  жігер,  рух,  қайрат 
береді.  Бірі  поэзия  тілімен  орындаса  енді  бірі  прозалық  дәстүрмен  аяқтайды,  сөйтіп 
публицистикалық желі үзілмей отырады. Барлығы түгел дерлік оқырман-жұртшылыққа әсер 
етті.  
Себебі,  публицистика  күнделікті  қоғамдық  мәселені  қарастырады.  Бұл  турасында 
«Қазақ  баспасөзіндегі  публицистика»  мәселелерін  зерттеуші  ғалым,  профессор 
Н.Омашевтың  мына  пікірін  айтуға  болады:  «Публицистика  газет-журнал  бетінде 
жарияланғанда ғана өзінің әсер ету функциясын толық атқара алады» [1, 150],– дейді. Яғни, 
Әбіш  Кекілбайұлының  ұлттың  және  ұлт  зиялыларының  даму,  қалыптасу  жолын  толық 
игеріп, кемеліне келген шағында қаламынан тәуелсіздік санасын қалыптастырудағы құнарлы 
сөзгерлік  еңбегінің  төгілуі  заңды  құбылыс.  Себебі  оның,  жас  күнінде  жазған  «Махамбет» 
дастаны кеудесінде жалыны, жүрегінде арыны бар «бала Әбіштің» тәуелсіз елдің асқақ туын 
көру арманы еді. Енді сол заман туды, оны бекіттік, қабырғасын қалау еншісі Әбішке де тиді. 
Осындай  ұлт  қуанышын,  ел  басындағы  нұрлы  күннің  ұзағынан  сүйіндіруін  талмай  жазды. 
Оны,  сақтауды,  нығайтуды,  дамытуды  ұрпаққа  үлгі-өнеге  етіп,  шалқақтай  қалам  тартты. 
Тәуелсіздікті  бабалар  аңсаған  арман-мұрат  жолының  асыл  мұрагерлері  –  келер  ұрпақтың 
санасын  түп  нұсқадан,  «Түп-тұқияннан»  бастап  ізгілікпен,  мәдени  мансаппен,  әдеби  өнер 
мен кәсіби біліктілікпен өрілуіне зор ықпал етті. Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзін  «Асқар 
таудай  абырой»,  «Алғадай  азамат»,  «Фариза»,  «Қартаймас  өнерге  –  қалтқысыз  қызмет», 
«Тұлға»,  «Мен  білетін  Сұлтан»,  «Тарлан»,  «Құлажында  құлан  иек  таң  атса»,  «Талантты 
ұрпақтың  тағылымды  келбеті»,  «Жортқанда  жолың  болсын  жолбарысым»,  «Биікке  самға 
тарлан  жыр»,  «Айдында  жүзген  ақ  желкен»,  «Өзегіңді  үзе  сүй,  өз  еліңді»,  «Тарихи  дастан 
тағылымы», «Сермей тартқан семсер күй», «Есенғали Раушанов туралы», «Қартаймас өнерге 
–  қалтқысыз  қызмет»,  «Жиде  тоғайында  жидек  теріп  жүргенде»,  «Өнерімен  өрілген  өмір», 
«Ақ  боз  үй  қонған  асу  бел»  атты  көсемсөзі  өнер,  әдебиет,  музыка,  мәдениет  райында 
жазылған, олардың қоғамдағы әлеуметпен ортақтастығын, шығармашылық тосын жәй емес, 
ел деп елгезек қаққан өнердің қара орманынан халқына пана, еліне қорған іздеп жүрген арда 
ұл-қыздардың  кезеңдер  тоғысындағы  қосын  тобының  арман-тілектестігін  ардақ  тұтады. 
Барлық көсемсөзгерлік еңбектерінің тақырыбы мен мазмұны жарастық пен бірлік, ынтымақ 
пен  ықпалдастық,  мәдени-рухани,  тағы  басқа  көпсалалы  мағынаны  құрайды.  Кешенді 


46 
 
концептуалды мәселенің төңірегінде ой өрбітеді. Өзіңді, өзгені  құрметтеу, асылды бағалап, 
барды  қастерлеу  бүгінгі  таңдағы  адамзатқа  қатысты  ортақ  идея.  Осының  теориялық 
қырларын аша түскен Әбіш:  «Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің 
егемендігін  құрметтеу  –  тек  патриоттық  парыз  ғана  емес,  үлкен  гуманистік  жауапкершілік 
[2], – дейді. Адамға тән жақсы қасиет, жарасымды өмір көшіне ілесудің кепілі деген ойдың 
ұшқыны  аңғарылып  тұр.  Шындығында  Әбіштің  көп  қасиеттерінің  көп  қырының  бірі  дара 
сөзгерлігі  оның  адамгершілік  ары  мен  азаматтық  парқының  заңғарлығында.  Жылы  сөз 
айтып,  жарым  ырысты  көбейтіп,  кімді  де  болмасын  өз  ырқына  көндіріп  әкетеді.  Осы 
турасында академик М. Қозыбаев: «Әбекеңе тән қасиеттердің негізгісі – ойшылдық дер едім. 
...Ойшыл жан бір ұлттың перзенті емес, адамзат перзенті...», - дейді. 
«Өмірмен  өрелес  өмір»  (1965),  «Өрісін  тапқан  талант»  (1963),  «Жыр  мерейі»  1964), 
«Мұратына жеткен адам» (1966), «Сын неге сынала береді» (1965), «Романдағы адам» (1966) 
секілді еңбектері алғашқы жылдардағы Әбіштің тырнақалды туындылары делінгенімен, бұл 
тақырыптардың  көтерер  жүгі  мен  атқарар  қызметі,  берер  тағылымы  ұшан-теңіз.  Жай  сөз, 
жалаң сөйлемдер емес, сын, сараптау, талдау, салыстырмалы ретінде самғауға құлаш, созып, 
қанат  сермеген  ізденіс  ілкімі  болып  есептелді.  Алғашқы  сүрлеудің  арнасы  кеңіп,  толғақты 
дүниелер  төңірегіндегі  тақырыптар  іріктеліп,  толғандырған  заман  туындылары  ақтарыла 
берді.  Романдарға  жол  ашылып,  арыны  күшейіп,  екпінге  күш,  қуатқа  дес  қосыла  берді. 
Алайда, мұның өзі ізденушіліктен келген табыс. Шалдықпаған шабыс Әбішті жаңылдырмай 
жаңа  соқпақтарға  тарта  берді.  Кейінгіге  мұра,  ұрпаққа  ұлағат  бере  кесек  туындылар, 
кемеңгер  ойлар  сөзгердің  қарымын  кеңейте  түсті.    Сан  қырлы  Әбіш  Кекілбайұлы  – 
портреттік  –  тұлғалық  очерктерінде  қаншама  асыл  азаматтардың  абзал  қасиеттерін,  өмір  – 
қызметтік жолын, қаламгерлік өнерімен, сөзгерлік шеберлігімен танымдық талантарын аша 
түседі.  Мәселен,  осы  ойымызды  өрбіту  үшін  былайша  жүйелеп  көрсетуге  болады:  1. 
Танымал  тарихи  тұлғалар;  2.  Кино,  сахна,  өнер  қайраткерлері;  3.  Қаламгер,  суреткер 
жазушылар, зерттеуші, ғалым ұстаздар. Бұлар әр жылдар, әр ғасыр, әр кезең, әр дәуір, түрлі 
қоғам  өкілдері  болғанымен  адамгершілік  пен  арман-тілектері  бір  арнаға  тоғысқан  жандар. 
Елдік пен ерлік қасиеттерінің өзіндік тарихи орны бар. Танымал тарихи тұлғалар, тарландар 
мен қоғам қайраткерлері.   
Тұлғалық  портреттерді  жасаудағы  Ә.  Кекілбайұлының  журналистік  шеберлігі  кімге 
болса  да  өнеге,  отандық  публицистердің  ең  үздік  туындыларының  қатарын  толықтырады. 
Жалпы,  Әбіш  Кекілбайұлы  адамтанудың  шебері,  кейіпкердің  ішкі  толғаныстары  мен 
тебіреністерін тап басып, оны жас ұрпаққа үлгі етеді.   
«Жетпісінші  жылдың  аяғында  екі  жыл  әскер  қатарында  болып,  Алматыға  оралсам, 
Атыраудан  келген  ақын  қыз  Фаризаның  жырлары  астананы  әбден  шулатып  жатыр  екен»  – 
Әбіш  Кекілбаевтың  «Фариза»  атты  эссесінің  қолжазбасынан  осы  жолдарды  оқығанда 
авторына  телефонмен  хабарласқанмын.  Әбекеңе:  «Ол  өлеңдер  ауылды  да  шулатқан.  Сіздің 
жазғаныңыз есіме бір оқиғаны түсіргені. Баяғыда Фәкеңнің өлеңін оқимын деп мені мәшине 
қағып кете жаздаған» дегенмін. Қалай болғанын айтып бергенімде Әбекең әуелі лекітіп күліп 
алып, артынша: «Қой, бұл күлетін нәрсе емес екен, бұл жазатын нәрсе екен. Қағазға түсіріп 
қой»  деген»,  -  деп  Фариза  Оңғарсынованы  еске  алады  белгілі  қаламгер,  қоғам  қайраткері 
Сауытбек  Абдрахманов «Фариза феномені» [3, 4] атты естелігінде.    
Ә.Кекілбайұлының  «Фариза»  атты    мақаласында  [4,  4]    Фариза  есімінің  қайдан 
шыққаны  туралы,  ата-бабасының  кімдер  болғаны  жөнінде  тарихқа  шегініс  жасап, сәби 
Фаризаның дүниеге келуі турасында сыр шертеді. Қазақ әдебиетінің екі ірі тұлғасы  – Әбіш 
пен Фаризаның алғаш қалай танысқанын да терең толғаныспен жазады.  
«Фариза...  Екінің  бірі  ести  қоймаған  тосын  сөз.  Кез  келген  тал  керегелі  қара 
шаңырақтың қара кемпір, қара шалдарының қиялына келіп, тілінің ұшына орала қоймайтын 
таңсық  ұғым.  Рузи  Иранның  саябағының  жұпары  аңқып,  кәусар  бұлағы  сылдырап  қоя 
бергендей  сиқырлы  естіледі.  Парсы  мен  түркі  дүниесінің  нақ  шекарасында  осы  тақылеттес 
жер  атауы  да  бар.  Көкке  шапшып,  күн  жеп  тастаған  жалаңаш  құзарттың  ұшар  басында 
алақандай  көк  майса  алқапта  жан-жағынан  сұқтанған  сұрқия  көздерден  қорғаймыз  деп 


47 
 
арпалыса  айқас  салған  алты  ағасының  бәрін  жау  жалмап,  желдің  өтінде,  жаудың  бетінде 
жалғыз  қалған  аяулы  ару  Фирюзаның  көз  жасындай  мөлдір  бұлақ  әлі  ағып  жатыр.  Алты 
ағаның  мойнына  кезек  асылып,  сылаң  қағып,  алаңсыз  өскен  басы  кенет  қаусата  соққан 
қайғыдан  қаншырдай  қатып,  қырық  бұралып,  бүктетіле  құлай  жаздаған  жеті  тармақ  жеке 
шынар  әлі  тұр...»  [4]  .  Әбіш  ағаның  Фариза  есімін  сипаттауының  өзі  әсем  бейнелеулерге 
тұнып тұр. 
Әбіш  сөзгерлігінің көркемдік  деңгейін көтеретін  метафоралық  бейнелеулерді  көптеп 
кездестіруге  болады.  Танымдық,  суреттеу,  мүсіндеу,  салыстыру,    ұқсату,  тағы  басқа 
құбылыстың  құпия-сырларына  қанығып,  қыр-қыртысына  үңіле  түсу  үшін  теңдестіре, 
шендестіре айтылған түйдек-түйдек алапат теңеулер төгіліп жатады. Мәселен: «Сәби Фариза 
бесікте  жатып-ақ  қайым  замандардың  қамырықты  гөй-гөйін  естіп  жатқандай.  Аяғына  міне 
сала,  айнала  анталай  мойын  созған  аңыздардың  қоршауында  қалғандай».  «Оның  үстіне  ес 
біліп,  есепке  кіргелі  қырық  құбылып,  құйқылжып  баққан  жиырмасыншы  ғасырдың 
өткелектерінің бел ортасында жүргендей. Соның бәрі айрықша дарын иесінің көкірегіне кім 
көрінген  аңғара  алмас  айрықша  сыр  болып  тұнып,  жүре келе  арнасынан  асып,  ақ қағаздың 
бетіне жыр болып төгілгендей».  «Елжірете ескен тау самалына жаудыраған жапырақтарын 
жабыла саудыратып, қолаң шашын жайып салып, ыңырсып жылап қоя беретіндей»... [4]. 
Шеберлік шыңдарын біз Әбіш Кекілбайұлының сөзгерлігінен танимыз. Тілі – ұлттық, 
әрине, ал стилі өзгеше сипатта: «шытырманы мен шырғалаңы әлі де жетклікті мына заманда 
ойы  он  тарапқа,  санасы  сан  салаға  шашырайтындай  шытырман  ахуалдар  кешіп  жатқан 
бүгінгі  жас  ұрпақ  та  көкіректерін  көлегейсіз  жайып  салар  сырлас  іздегенде,  айналып  өте 
алмас аз тұлғаларының бірі - Оңғарсынова» [5, 12] немесе «Фариза – аспанға алау атып, шоқ 
шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары» [5, 30], - дейді 
Әбіш  сөзгер.  Бұдан  басқа  да  Фариза  тұлғасы  туралы  түйдек  ойлары  жеткілікті.  Осындай 
мағыналы  ойдың  маңызын  оқырман  қалай  сіңіреді.  Әрине,  стилдік  құрылымының,  ой 
артықшылығының  есебінен.  Оқып  отырып,  басыңды  изеп,  батыл  сөздің,  тура  мінездің 
байыбына  батып,  бар  мен  жоқтың  бағасына  қанығасың.  Шындық  пен  шырғалаң  қатар 
айтылған  қатқыл  сөзге  иланып  қана  қоймайсың,  өз  тарапыңнан  да  іштей  қосыла  отырып, 
«рас-ау» деген сөз ар жағыңнан айтылып жатады. Демек, сөзгер мен оқырман қауымның бір-
бірімен  тікелей  байланысуы  оның  білім  деңгейі  мен  кәсіби  қабілетінің,  идеялық  мазмұн 
бірлестігінің  оқып  отырып,  түр-түсінің  құбылуы  ым-ишаратымен  де  байланысып 
жатқандығын  көреміз.  Бұл  сөзгердің  сөйлемдерді  шебер  қолдана  білуіндегі  оқырман 
әлеуметке ықпал ету формасы деп айта аламыз.   
оқырманын иландырып, тарихи зердені жаңғыртып отырады. Сондай-ақ, кешегінің ісі 
бүгінгіге  мұра,  ертеңгіге  үлгі  деген  сияқты  қанатты  түсінік  қалыптастырып,  ұрпақ 
жалғастығына  зор  мән  береді.  Туындаған  ой,  композициялық  құрылымын  жоғалтпай, 
шымыр сөздер тіркесі арқылы ғибратты ұғымға айналады. Айтар идеялық пікірі бірте-бірте 
сомдалып, орамды қисынмен шындық шеңберіне орнығады.  
Әбіш Кекілбайұлы – энциклопедиялық білім қорына айналған ғалым.  Ол кез келген 
тақырыпта қиналмай жаза білді. Әбіш Кекілбайұлы тұлғалар төңірегінде толғаныс тудырса, 
заман  жайында  шежіре  шерткені.  Ұлт  мақтаныштарын  ұлықтау  арқылы  қазақ  халқының 
сайын  даласындағы  өмір  көшін,  ілгерілеу  дәуірін,  психологиялық  ерекше  тағдырлар 
жиынтығын атап көрсетеді.   
 Әбіш  Кекілбайұлы  публицистикасы  тақырыптық  жағынан  өте  бай  болып  келеді. 
«Әбіш  –  философ,  ойшыл,  шешен,  терең  жазушы,  үлкен  саясаткер,  көрнекті  мемлекет  әрі 
қоғам қайраткері» [6, 47], – дейді ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Демек, Әбіштің сөз саптау 
ерекшелігіне  тұздық  болған  ерен  арна  болғаны  сөзсіз.  Ізденісі  мен  шешенділігі  ой 
толқынымен  дәнекерленіп  жұптасады  да  лек-легімен  ағытылып  түсіп  жатқан  сөздер  бейне 
бір  ғасырлар  қоймасынан  төгіліп  түскен  жауһарлар  іспеттес,  әсерленіп  тұрады.  Осыны  дәл 
таныған профессор Қансейіт Әбдезұлы: «Алдымен Әбіш Кекілбаевтың жазу стилінен Әуезов 
мектебі бірден аңғарылды... Әлемдік әдебиеттің саңлақ қаламгерлері туралы ұлағатты сөзді 
Әуезов лекцияларынан тыңдады. Студент кезінде-ақ өлең жазып, көркем шығармашылықпен 


48 
 
айналысты. Орыс тіліндегі белгілі шығармаларды ана тілімізге аударды. Яғни, жас дарынның 
алғашқы  қаламгерлік  қадамдары  университет  қабырғасында  басталып,  ұлы  суреткер 
Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтың назарына ілікті» [72, 75].  
Демек,  жазу  өнеріндегі  артықшылықты  аңғару  да  дарын  иелерінің  назарынан  тыс 
қалмаған. Орынды да, ойлы, зерделі де, зейінді зерттеу пайымының салмағын аңғарып – тану 
үшін  Әбіш  Кекілбайұлы  көсемсөзінің  поэтикалық  құрылымын  жүйелеп  көргеніміз  жөн. 
Поэтика  шығармашылықтың  барлық  түріне  тән.  Поэтикасыз  көркем  әдебиетті  көз  алдыңа 
елестету  мүмкін  емес,  ауыз  әдебиетінің  поэтикасы  болмаса  ол  да  жалаң  дүниеге  айналып 
жарға  соғылар  еді.  Сондай-ақ,  көсемсөз  поэтикасы  құбылыстың  мәнін  ашуда  әлеуметтік 
заңдылықа  сүйенеді.  Ойдың  түзілуі  сөз  бен  сөйлемнің  стильденуі,  олардың  құрылымдық 
жүйесінің  өлшемді  қалпының  сақталуы  шығарма  тақырыбына  да,  мазмұнына  да  ықпал 
тигізіп,  зор  әлеуметтік  ой  қалыптастырады.  Осы  орайдан  алғанда  Әбіштің  әр  көсемсөз 
тақырыбының  өзі  жартылай  ұғымға  ие  де,  мәтін  мағынасы  толық  қамтылған  ұлттық 
тағылым, ұлағатты өсиетке ұйытады.  
Осы  негізде:  «небір  көшелі  жұрттар  өзінің  өзгеден  өзгешелігін,  ең  алдымен 
мүмкіндігінше  өзі  тектестерден  артықшылықтарын  көрсетер  қасиеттерін  іздеп,  шамасы 
жеткенінше соны ұрпақтарының санасына сіңіруге күш жұмсайды» [76],  – деген профессор 
Ж.Тілеповтің пікіріне сүйене отырып, Әбіш Кекілбайұлының қазақ мәдениетін дамытудағы 
соның  ішінде  мәдениет  пен  дәстүрлі  ұрпақтар  жалғастығының  тарихи  тағылымдық 
жолдарын  насихаттаудағы  көсемсөзгер  өнерін  шын  мәнінде  тек  ұлттық  қана  емес,  адамзат 
әлемінің  ортақ  мүддесіне  орайластырылып  жазылған  деуге  әбден  негіз  бар.  Айту  да  өнер, 
жазу  да  өнер,  алайда,  айтудың  жөні  бір  басқа.  Жазу  арқылы  адам  санасының  дамуына, 
ізденуіне,  ойлана  білуіне  ортақ  іс  орнықтылық  табады.  Оның  негізін  жасауда  Әбіш  сынды 
көсемсөзгерлер еңбегінің маңызы зор.   
Естелік  –  шыншыл  жанр.  Ескерткіш  те,  естелік  те  бүгін  үшін  келешек  үшін  де  өте 
қымбат,  тарихи    мұра.  Естелік  –  әдебиет  жанры.  Естелік  мемуарлық  әдебиеттің  бір  үлгісі. 
Әбіш Кекілбайұлы естелігі –  көзбен көрген шынайы шындық.  Естелік – еске алып отырған 
адамның  шын  табиғатынан  туындай  тек  сол  адамның  шын  болмысына  ғана  ұқсауы  керек. 
Көрнекті Корней Чуковскийдің өз естеліктерін «ойдан шығарылмаған әңгімелер» атауының 
сыры да осында. 
Әбіш  Кекілбайұлы  –  өзінің  еңбек  жолын  журналистік  қызметтен  бастаған  көсемсөз 
шебері.  Публицист  Әбіш  Кекілбайұлының  журналистік  жолы  мен  жазушылық  шеберлігі 
қатар  өрбіген  және  бірін-бірі  толықтырып  отырады.  Елдің  мұң  мұқтажы  мен  заман 
шындығын баспасөзде жазудан бастаған Ә. Кекілбайұлы уақыт өте келе, ел ақылшысы және 
мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Әбіш Кекілбайұлының журналистік қызметі 
ұлттық  мәдениетті  және  рухани  құндылықтарды  дамытуда  сүбелі  үлесімен  ерекшеленеді. 
Көсемсөзгер  Әбіш  Кекілбайұлы  қазақ  публицистикасында  өз  қолтаңбасымен  танылып, 
журналистік мектебін қалыптастырды.   
Міне,  Фариза  Оңғарсынова  арналған  мақалаларын  оқығаннан  кейіносындай  ойлар 
туындайды. Бұл дегеніңіз нағыз ұлылық емес пе? 
  
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1.  Омашев  Н.  Қазақ  журналистикасы  //  Үштомдық.  –  Алматы:  Таймас,  2008.  –  1  т.  – 
352 б.   
2. Кекілбайұлы Ә. Сыр десте / Әлеуметтік әңгіме-дүкен. Сұхбаттар. – Алматы: Нұрлы 
әлем, 2009. – 2 т. – 216 б.  
3. Абдрахманов С. Фариза феномені. // «Егемен Қаақстан», 24 Қазан, 2017 ж. 
4. Кекілбайұлы Ә. Фариза. // Егемен Қазақстан. № 11 (23969) 21 қаңтар, 2005 ж. 
5. Кекілбайұлы Ә. Рух жанартауы. // Кітапта: Фариза Оңғарсынова. Толық 
шығармалар жинағы/ Т.ІІІ. – Алматы: Сардар, 2015. – 320 б. 


49 
 
6.  Жолдасбеков  М.  Кекілбаев  феномені  /  Жинақ:  Әбіш  Кекілбаев  және  замана 
шындығы. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 47-67 бб.  
7.  Әбдезұлы  Қ.  Кекілбаев  шығармаларындағы  тарихи  шындық  және  көркемдік 
жинақтау  /  Жинақ:  Әбіш  Кекілбаев  және  замана  шындығы.  –  Алматы:  Қазақ  университеті, 
2009. – 73-79 бб.   
8.  Тілепов  Ж.  Мұхтар  Омарханұлы  Әуезов  және  әл-Фараби  атындағы  Қазақ  ұлттық 
университеті: халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Қазақ 
университеті, 2009. – 24-25 қыркүйек.  
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет