4-секция
Ә.КЕКІЛБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
ӘОЖ 82.09
ТҰЛҒАНЫ БЕЙНЕЛЕУДЕГІ ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫҢ ТЫҢ МАЗМҰНДА
КӨРКЕМДІК НЕГІЗМЕН БЕРІЛУІ (Ә.Кекілбаевтің «Шандоз» туындысы хақында)
Аяпова Г.Б.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті,
Атырау қ., Қазақстан
Аңдатпа.
Қазіргі таңда тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қазақ әдебиетінде тарихи
тұлғаларға жаңаша көзқарас тұрғысында жазылған туындыларды зерттеу мен зерделеу
жалғасын табуда. Бұл орайда Әбіш Кекілбаевтің «Шандозы» - қазақ әдебиетіндегі
айырықша, өзіндік орны жоғары зерттеу еңбек болып табылатыны сөзсіз. Зерделі зерттеудің
басты ерекшелігі – ғылым мен публицистиканы қосып, қатып қалған қасаң ғылыми қағиданы
бұзуы. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу-қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде
ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың шежірелік зердесінде адам - тарихтың негізгі
тұлғасы, ал адам санасы – тарихтың қозғаушы күші.
Кез келген тарихи тұлғаның замана
төрінен алар орны мен үлес-салмағы бөлек.Олар кемеңгерлігімен, алысқа көз тастап
келешекті кең толғай білуімен, туған халқы мен елінің тағдырының алдындағы парызымен
өлшенсе керек. Ұлт маңдайының бағына біткен ірі тұлғалардың бірі - Жәңгір хан деп
ойлаймыз.
Түйінді сөздер
: тарихи тұлға, деректі-тарихи баян, махамбеттану, тарих қойнауы.
Ә.Кекілбаев қазақ халқының тарихын тереңнен аша, дәстүрлі мәдениет үлгілерін,
ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер тақырыбын жетік меңгерген қаламгер. Өзіндік стиль, тіл
өрнегі қалыптасқан, ұлттық тіл нәр-нақышын өз шығармаларында көркемдік суреткерлік
тұрғыда суреттей алған жазушы. Сондықтан оның шығармалары уақыт өткен сайын, жаңа
қырынан танылып, келешекке өзіндік шынайы, дара болмысымен жарқырай жетпек. Оның
шығармаларының тамыры тереңде. Ол өзінің ұлттық тамырынан нәр үзбеген әңгіме, повесть,
романдарындағы: Тәуке, Әбілқайыр, Абылай, Жәңгір хандар, Есет, Арыстанбай батырлар,
Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Құрманғазы, Махамбет, Абыл ақын т.б. тарихи тұлғалар
бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа өнеге тағылымымен қала бермек. Себебі олар – қаламгердің
суреткерлік шешімінде өзінің тарихи шындық болмысынан ауытқымай сомдалған шынайы
образдар.
«Шандозда» бұрын бір жақты қарастырылып келген тарихи тұлғаларға ұлттық
дүниетаным тұрғысынан қарау керектігі айтылып, мысалдармен дәлелденген. Бұған дейін
әдебиет тарихында Махамбет өмірін, айналасын бұрынғы кеңес кезіндегі зерттеушілер
әңгімелерін көтерлісітің шығу себептерінен бастады.
Ә.Кекілбаев Исатай-Махамбет көтерілісінің шығу төркінін бұрынғы кеңес дәуірі
зерттеушілері салған үлгіні ұстанбай, әріден: Бөкей, Өтеміс дәуірінен тартып қарастырады.
Құлмәлі тағдыр-баянына тоқтала, тарихтың жасырын сырларына үңіле, одан да әріге Нәдір
шахтың өмірбаянын, ол өмір сүрген кездің топалаңын біраз ашып, Махамбеттің арғы түбі –
Нәдір екенін сенімді түрде пайымдаған. Кеңестік кезде халық Жәңгірді-Махамбеттің «Хан
емессің, қасқырсың» деген бір өлеңінің мазмұнын аясында ғана танып-біліп келді. Ханды
тереңдей, қайта танытудың басында осы «Шандоз» деректі-тарихи баяны тұр. Кеңестік
кездегі зерттеушілердің көкейкөзі әріге бара алмай, Жәңгірді сол саясаттың шешімі
негізімен жазғаны, солай етуге мәжбүр болғаны белгілі. «Қоғамдық ой, сана, пікірдің
аса бір жүйелі, жинақталған көрінісі – әдебиет. Әдебиет туралы сөз қалай дегенде де,
134
уақыт туралы сөз», – дейді ғалым, сол айтқандай, біздің туған әдебиетімізде де
махамбеттануға үлесін әр кез қосқан зерттеушілер де бар [1, 334].
Ә.Кекілбаев туындыда Шыман төренің сатқындығы, Жәңгірдің халық алдындағы
елеулі еңбегі, қайраткерлігі ханмен бірде тәтті, бірде қатты қарым-қатынаста болған В.И.
Даль, В.В. Григорьев, П.И. Небольсиндердің сырластығының ара салмағын, Жәңгір тыйым
салмаған бәле басы Қарауылқожа әрекеттерін тарих іздерімен, деректерімен екшей алған.
Сонымен қатар, Махамбет өмірінің кейбір тұстары тарихта жазылып жүрген жылдарымен
нақты сәйкеспейтінін дәлелдейді.
«Исатай-Махамбет қозғалысы патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы
бағытталған халық көтерілісі болған. Оның Жәңгір ханға қарсы бағытталғаны көп айтылады.
Шын мәнінде олай емес. Еділ мен Жайықты қатар емген Атыраудың жалпақ Нарын
өлкесінің «қызғыш құсы» болып, шарқ ұрып, теңдік іздеген Исатай-Махамбеттің тағдыры
отаршылдық жылдарында сахарада ешбір толас таппаған көтерілістер эстафетасының бірі
және бірегейі», – деп [2, 610], Елбасы көтерілістің арғы түбі кімге қарсы болғанын ашық
айтып, келешек бағдарымызды түзетуді ескерткен.
«Ордасында Жәңгір деген ханы бар». Бұл он екі бөлімнен тұратын «Шандоздың» бір
тарауы. Ондағы ерекше тұлға – Жәңгір хан. «Жәңгір тарихы біздің замандастарымызға
осындай парадокстық, трагедиялық сипатымен қызғылықты. Онымен айқасқандардың
тағдыры да – дәл сондай айқыш-ұйқыш қайшылықты сипаттарымен тартымды. Жәңгірдің
жиырма екі жылға созылған билікшілік дәурені Ішкі Орданың саяси дербестігін сақтап
қалуға бағышталды. Ол – арғы-бергі қазақ хандарының ішіндегі ең білімдісі еді. Сондықтан
да, қандай заманда, қандай ортада, қандай аумақта, қандай қауымға билік құрып
отырғандығымен, белгілі мөлшерде есептесе білді» [3, 233], – деп Ә.Кекілбаев бағалайды..
Жәңгір – күрделі де басында қайшылығы көп адам. Тарихи деректерде ол
Астрахань губернаторының үйінде жатып оқып, мол білім алып, жеті жұрттың тілін білген өз
заманының білікті адамы. Оның үстіне, ақылды, ой қабілеті жоғары, кісілік келбеті де
келіскен – мұсылман. Білімділігінің арқасында, Қазан университетінің «Құрметті
мүшелігіне» қабылданған.
Ә.Кекілбаев осылардың бәріне жете тоқталып, тарих қойнауынан ханның бұрын
беймәлім, ғұмыр парақтарын тауып, оларға сарабдал талдау жасаған. Өмір шайқас болған
жерде, екі жақтың бір түзудің бойына сыймайтыны белгілі. Ел басқарған адамның көпке
ұнауы да, көптің көңілінен шығуы да екіталай. Билік пен халық арасында қай кезде де
кикілжіңдер болған. Жәңгір билік құрған заман жаңаның қарыштап алға басып, ескінің
етектен тартып жібермеген бір жолайырық кезеңі еді. Бұл кездегі қоғамның сілкінісі – өктем.
Жәңгірде оны мойындамасқа шара да, жол да жоқ еді. Бұл – Жәңгірдің трагедиясы да.
Жәңгір өз ордасын қоршаған ірі мемлекеттермен тіл табыса да, жұмысын нәтижелі жүргізе
де білді. Әрине, бұл Жәңгірдің артықшылығы екенін мойындауға да тиіспіз.
Бұл турасында академик З.Қабдолов: «Махамбет өмір сүрген уақыт пен өнерін
өрбіткен кеңістік туралы ойласақ, біздің жадымызға патшалық Ресейдің тепкісінде
төңбекшіген басыбайлы отары – ұланғайыр ұлы даламыз, сол даланың бір шалғайындағы
Бөкей ордасы, Орданы билеген қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкеев оралады», – деген еді [4,
234]. Хан Бөкейсіз, Жәңгірсіз Орда тарихын айту мүмкін емес [5,78]. «Ресейдің тепкісінде
төңбекшіген басыбайлы отары» дегенде, Ресейдің кез келген жерге ауыз салмағаны, балығы
көп, шалғыны мол, жан-жақпен қатынасы да мардымды Жайық бойын текедей таңдап,
тапжылтпағаны – сол заманның ақиқаты.
«…Ішкі-сыртқы саясатта мейлінше прагматик болуды талап етті. Жәңгір бұл талапқа
жауап бере білді [3, 233].
Губернатор артынан бұл ойынан айнып, ханның атқарған істерін түкке алғысыз
етеді. В. Перовский патша өкіметі саясатының құлы болған бірде былай, бірде олай түлкі
бұлаң саясаттың адамы еді. Заманына қарай шалу деген – осы. Губернатордың бұл берген
бағасы сондығына қарамай, сол кез үшін ең жоғарғы баға болатын. «Ол, ең алдымен, өз
төңірегіндегі географиялық кеңістіктегі ең ірі және ең күшті мемлекеттің қақ ортасында
135
отырғанын білді. Мұндай жағдайда теке-тіресіп емес, тек тіл табысып қана өз мүддесін
қорғай алатынын түсінді. Сондықтан да, оның қай әрекетінде де есепшілдік пен епсектік
үстем түсіп отырды. Бұл жағынан – ол өзінің қай бабасына да ұқсамады деуге болады» [3,
238], – дейді Ә. Кекілбаев.
Жазушы саясат қыспағындағы Жәңгір басының ерекшелігін атап, ашып берсе,
өңірде дүниеге келген ақпа-төкпе шешен З.Қабдолов және былай дейді: «Бөкей хандығының
құрылуына байланысты туған даламыздың бір кезде жоңғар таптап, қалмақ жайлаған Еділ
мен Жайық арасын өзімізге қайтарып алдық. Торталана туырылып, иесіз құлазып жатқан
құм қойнауына Орда қаласы орнады. Көшпелі жұрт көлігін туарып, қоныстана бастады. Ел
орныққан соң, Ордадан Шығысқа қарай сусыған қызыл шағылдың ондаған шақырым ұзына
бойы қысы-жазы бірдей көкпеңбек көксіл атып, жасыл орманға айналған. Ғұмырда шөлі
қанып көрмеген қалың құмға кезінде әлдеқайдан су келіп, көл пайда болған. Айдында аққу
ұшып, қаз қонған. Жапан түзге қалың ел ірге теуіп, қатар-қатар қарағай үйлер салынған»
[4, 130]. Өңір адам танымас күйге еніп, қарыштап алға басқан. Өркениетке ұмтылды. Мұның
өзі: «Жәңгір «ел қамын ойламады», – деген теріс пікірге тойтарыс береді. Ал ақын
дүниетанымы бұл жаңаруларды қабылдамады. «Жәңгір тұсында отырықшылыққа бет
бұрылды. Ол өзі бастап үй салып, барлық сұлтандар мен рубасыларды үй салуға міндеттеді.
Жасқұстағы Орда қаласы солай пайда болды. Тек онымен ғана тынбай, ірі руларды билейтін
рубасылар мен старшындар өздеріне тұрақты мекен тұрғыза бастады. Байлар мен әлді
шаруалар да өздеріне үй, ең болмаса, жер қазба салып алуды әдетке айналдырды.
Отырықшылық нышандарының күшеюі жолдар мен қатынас жүйелеріне де көңіл бөлді.
Хан көрші ірі қалалармен үзбей байланыс болуына назар аударды. Сауда-саттық
өркендеді. Әуелі шектес орыс, қалмақ базарларында өз өкілдерін ұстап, тұрақты орын
иемдену жүзеге асырылды», – дейді жазушы [3, 234]. Ханның өзі басқарған орданы дамыта
алғандығы берілген үзіндіден анық байқалады. Бөкей хандығы жөнінде өз еңбектерінде
А.Рязанов [6], В.Шахматов [7], С.Зиманов [8] жазған. Жазса, жазғандай-ақ, 1832 жылы хан
Жәңгірдің өтініші бойынша Бөкей ордасында маусымдық жәрмеңке ашылып, сауда
айналымы 2 миллион сомнан асқандығы тарихи деректерде де, ел арасында да күні бүгінге
дейін айтылады. Оған ірі-ірі қалалардың көпестері қатысқан. Сауда дегеніміз – елдің
экономикасының дамуының бір көрінісі. Мұның әрқайсысын жеке алып қарасаң, үлкен істер.
Жәңгірдің үй, мешіт, мектеп салдыруы күні бүгінге дейін халық арасында дәріптеліп,
жағымды жағымен айтылады. Ол салдырған үй мен мешітті, мектепті сол тұқымнан
өрбіген, сол мешіттерден нәр алған арқалы ақын Шәңгерей Бөкеев айнытпай сөзбен суретке
түсірген:
«Көз алдымда тұрады:
Кешегі өткен күндей-ақ.
Сол айтылған Нарында,
Нарынның қызыл құмында:
Ай белгілі ақ мешіт,
Алпыс бөлме, жүз есік,
Салынған екен Көкорда», – дегені сол Жәңгір жасаған
қызмет, еліме болсын деген ниет, қажырлы қайратының арқасы, еңбегінің жемісі [9, 57]. Ол
тірлік
те бірден оп-оңай дүниеге келген жоқ-ты. Мұның бәрі – Жәңгірдің қажырлы,
қайратының арқасы. Еліме болсын деген ниеті еді. «Кейін «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай
Алтынсарин туатын жылы (1841) жылы тарихта тұңғыш рет қазақ балаларына орысша-
қазақша білім беретін Жәңгір мектебі ашылған. Мектептегі оқу-ағарту ісінің өрбуін хан
тікелкей өз қамқорлығына алған. Бұл арада бұрын-соңды болып көрмеген кітапхана, клуб,
мұражай орнаған» [4, 293-296], – деген. Білімге, өнерге аса қатты мән беріп, оның жүзеге
асырылуын қадағалаған. Батыс Қазақстан облысындағы хан салдырған білім ордалары күні
бүгінге дейін халыққа қызмет етуде. Жайық бойында пәндік білім алу жүйесі қалыптасып,
оқудың орысша жүргені белгілі. Оның бастауында Бөкей ордасындағы хан Жәңгірдің
тұрғаны анық. Алғашында, өз ақшасына 25 орындық мектеп ашып, қазақтың алғашқы зиялы
136
топтарының легін қалыптастырды. Ол мектепті бітіргендер білімін сол кездегі іргелі оқу
орындарында жалғастырып, қайтып келіп, сол өз мектебіне жұмысқа орналасады, мұндай
талапты кезінде хан қойған екен.
Жәңгір мектебінің қабырғасынан шыққан ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов – Ресей
Географиялық қоғамының мүшесі, «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» мақалалары
«Северная пчела» журналында басылған. Жеке кітап болып Петербург баспаханасынан
шыққан. Атақты дәрігер М. Шомбалов, ақын, аудармашы Ш. Бөкеев, ұстаз А. Меңдешев, А.
Тажетдиновтер – еліне еселі еңбек еткен осы мектептің түлектері. «Шаруашылық жүргізуде
жаңалықтар көбейді. Мал тұқымын асылдандыру қолға алынды. Дәнді дақылдар өсіру мен
бақшалық салу үрдіске енді. Халықты індеттерге қарсы егу тәжірибеге ене бастады.
Финанстық жүйе жасақтау мен алым-салық жинау жолға қойылды. Ел басқару қайта
жүйеленді. Империя көкірегіне сұғына кіріп жатқан аймақта таза өркениеттік таңдау
жасамай тұрып, көсегелерінің көгере қоймайтынын жақсы білген Жәңгірге жан-жақты
жаңашыл болмасқа жағдай қалмады. Орыс капиталымен ықпалдаса отырып, шикізат өңдеу
кәсіпорындарын ашуға талаптанды. Қандастарын жаңаша тұрмыс құруға бағыттап, өзі
өнеге көрсетті. Н.Харузин айтқандай: «Жәңгір ақылы мен білімдарлығы жағынан орда
хандары арасындағы айырықша құбылыс болды».Жоғарыда айтылған В.А. Перовский мен Н.
Харузин сөздері – ханның жаңаға құмар, іскерлігін мойындағандық [10, 76].
Ислам дінін қастер тұтуы Жәңгірдің орыс еліне ұнамағаны анық. Жәңгір жасаған
жаңалықтарды халық көп қабылдай қоймады. «Ақынның кейіпкерлеріне, яки дос,
дұшпандарына байланысты көзқарастарының өте айқын, бір бетті, бір ізділігінен
айнымайтындығы» осы кезде туған өлеңдерінен байқалады [11, 96]. Жәңгірдің өзі де екі
жақты қыспақта қалды. Себебі жерінен айырылып, екіұдай болып отырған елге Ордадағы
жаңару пәлендей ұнамады. «Оның үстіне, Жәңгір қай жағынан алып қарағанда да,
прагматик еді. Елдің қамын ойлаумен қоса, өзінің де қамын ұмыт қалдырмайтын. Кейде
соңғысын алдыңғысына қарағанда, көбірек ойлаған сияқты» [3, 235]. Жәңгір туралы
кездескен деректің көбі – жер мәселесіне, шектен шыққан салыққа байланысты реніштер.
Зекет жинаудың да шариғат заңында өзінің тәртібі бар. Сол зекет Жәңгір тұсында шектен
тыс артық жиналып, халық наразылығын тудырған. Жәңгір қарауындағы халықтан бұрын,
қасындағылардың тойымсыздығын тежеуге келгенде, әлсіздік танытты. Халықты
ашындырған жайдың бірі осы еді. Осы себепті Жәңгір мен халық арасы шиеленісіп, оның
артыөртке ұласып, Исатай-Махамбет көтерілісіне шарықтады.
Қаламгер Ә.Кекілбаевтың жоғарыдағы «Алайда, ол бөтенге еліктейміз деп жүріп,
өзгеге сіңіп, өз-өзімізден біржолата құрып кетпеуді» мықтап есте ұстады. Бірақ ол ісі көп
ретте ел арасында наразылықтар тудырып жатты. «Жәңгір мешіт салдырды. Елге шариғат
жайыла бастады. Ханның айналасына ноғайдың молдалары, қожалар көп жиылды. Бұлар ел
билеу ісіне араласты. Ханның айналасына аннан-мыннан келген келімсектер көп жиылды.
Бұрынғы елді билеген билердің қадірі кеміді. Молдалар, қожалар, келімсектер елді билей
бастады. Бір жағынан, орыстан көрген қысымшылық, қоныстың тарылуы, қоныстың тозуы,
екінші жағынан, молдалардың, қожалардың келімсектердің астамшылығы елді Жәңгір ханға
наразы қылды. Елдің бір қатары Бөкейлікті тастап, Жайықтың күн шығыс бетіне өте
бастады» [3, 131].
Оның үстіне, отаршыл үкімет орыстандыру саясатын жүргізді. Қазақ даласындағы
алғашқы мектептерде тек тілмаштар ғана дайындау үшін ашылғаны белгілі, ал Жәңгір
қазақ баласын орыс мектебін ашып, жан-жақты оқытып, білімді қылғысы келді. Ол өзі
ашқан мектептің түрін де, мазмұнын да ұлттық қылды. Мұнысы отаршылдар жүргізген
идеологияға жақпайтын. Көзі ашық Жәңгір мұны күнілгері біліп, осылай істеді де, ал, енді
онысы генералға ұнамады! «Жәңгір сұлтандарға – ру басқартты. Көңіліне жаққан қара сүйек
өкілдеріне – ауыл басқартты… Ол ешкімге тәуелсіз билеушідей әмір жүргізді… Берілген
билікті, қарауындағылардың игілігіне емес, өзінің өктемшілдік, дүниеқоңыздық мүдделеріне
пайдаланды. Ол билеген тұста Орданың көсегесі көгерудің орнына, жұрт ханның өзі мен
сыбайластары тарапынан орынсыз қысым, әсіре салық, парақорлық пен қиянаттан басқа
137
ештеңе көрмеді. Ал, істемегенін істеген, тындырмағанын тындырған болып көрінуде: одан
жетік, одан шебер жан болмайтын. Сондықтан да ол өле-өлгенше үлкен абырой-беделге ие
болып өтті», – депті [3, 239].
Бұл мысалдардың барлығы да Жәңгірдің өз заманында басқа хандардан үстем
болғандығын жоққа шығармайды. Бойында пендешілігі де ит жығыс түсіп жатыр.
Жәңгірдің бар жазығы сол әупірім мақсатты жүзеге асыруда құрдай жорғалай
жөнелмей, әр түрлі айла-тәсілдерге жүгініп, бұлталақтап қолындағы хандық билік пен
мемлекеттік дербестікті жойып жіберуге жол бермеуге тырысқандығы еді. Ел басқарған
адамға мұндай айла мен ақыл қатар керек. Бұл – Жәңгірдің артықшылық қасиеті болатын.
«Жәңгірді қарапайым халыққа Қарауылқожадан кейін, жеккөрінішті еткендер – өз
ағайыны Шыман төре мен Қайыпқали Есімов. Көтерілістің алдында Мұғаджар тауын
жайлаған Шыман ханға келіп: «Сенің орныңа Қайыпқали хан болмақшы. Дегеніне жетсе,
Исатайды Баймағанбеттің, Иманбай Қалдыбайұлын Арыстан Жантөриннің орнына аға
сұлтан қоймақ. Ал, Сауқым, Жанғазы, Елекей – үшеуі Қайыпқалиға ақылшы би болмақ», –
деп тісін жасырып, тілін көрсетеді. Бұл азғырысқа сеніп қалған Жәңгір жанына
Баймағанбетті алып, төрт ағасымен ұстасады. Көтерілістің тууын – олардың ызғыштыруынан
іздейді. Шатақ іздеген, өз орнына көз алартқан төртеуінің арттарынан шырақ алып түсіп,
елден қуғындайды. Олар Самар даласынан тиянақ таппаған соң, Хиуаға қашады. Ал,
иманшылығын айтсақ, екіжүзді саясаттың төселген шебері Қайыпқали орайын тапса, хан
болғысы кеп ұмтылған»… [12,37]. Мұның өзі кезінде Ордадағы ішкі жағдайдың да оңып
тұрмағанын байқатады. Таққа талас, өз ағайындарының: Шыман төре мен Қайыпқалидың
берекесіз істеріне ұқсас қылықтар Жәңгірдің өз айналасында да болып, өз ішінде де
беделінің түсуіне әсерін тигізді. Бәрінен Жәңгірді іштей жеген өз туыстарының қысастығы
қатты әлсіретті. Бұл – патша үкіметі үшін «іздегенге- сұраған», тіпті, жақсы «шоқ-шоқ»
болды.
«Қарауылқожа – Жәңгірдің қайын атасы болған себептен астамсыды», – деген дерек
шындыққа сәйкеспейді, себебі, «Қарауылқожаның қызы ол уақытта бесіктен белі шықпаған
бала… Жәңгір оған күйеу бала емес» екендігін анықтайды. Бірақ жоғарыдағы түсінік қазақ
әдебиетінде әбден орнығып қалған. Бұл – келешек зерттеушілерге құлаққағыс. Осы деректі
де бірінші «Шандоз» еңбегінде көрсеткен – Ә.Кекілбаев. Тарихтың бұл ақтаңдағы түзетілуі
керек. Үнемі Махамбет ақынмен сөзге келгенге шыдамаған хан: «Алдым-жалын, артым-өрт,
екі оттың арасында жүрмін, қайтейін», – депті. Артымдағы өрт деп отырғаны ханға билік
бергенсіп, сол арқылы қазаққа деген бодандық бұғауын қысқан үстіне қыса түскен орыс
патшасының зымиян саясаты болса, алдымдағы жалын деп отырғаны – хан арқылы қан
қақсатып бара жатқан отаршылдық езгіге (қорлық пен зорлыққа) қарсы кек кернеген қазақ
халқының азаттық жолындағы айықпас айқасы мен шайқасы. Мұндай жағдайда хан мен
халық арасында қандай ынтымақ болу керек?!», – деген ғалым З.Қабдоловтың сөзі біздің
айтпақ ойымыздың қорытындысымен үйлеседі [4, 130]. Ол кездегі билік иелерінің бәрі
осындай күй кешті. Әрине, оның себептері жеткілікті. Әбіш Кекілбаев – дүниетанымы кең,
әлемдік ауқымдағы қаламгер. Ол отаршылдық, трагедиясының да қыр-сырын жете білді,
шығармаларында оны сараптай да білді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік А., Жазушы, 1993.-623.
2. Назарбаев Н. Сындарлы он жыл А., Өлке, 2003.-240
3. Кекілбаев Ә. Шандоз
Деректі тарихи баян. Атырау, 2003.-368.
4.Қабдолов З. Махамбет поэзиясындағы ерлік пен елдік рухы және қазіргі
дәуір\\Халықаралық конференция материалдары, А., Қазақ университеті, 2003.-520
5. Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап А., Қазақстан, 1994.-192
6. Рязанов А. Исатай Тайманов көтерілісі 11-кітап. А., Өлке, 2003.-295.
7. Шахматов В. Ф. Внутреняя орда и восстание Исатая тайманова А., Өлке, 2003.-284.
138
8. Зиманов С. Россия и Букеевского ханство А., Наука, 1982.-171
9. Дербісәлин Ә. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары А., Ғылым, 1982.-254.
10.Кітапта: Тілепов Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры А., Білім, 1995.-192
11. Тілепов Ж. Қазақ поэзиясының тарихилығы А., Ғылым, 1994.-172
12. Отарбаев Р., Құлкенов М. Жәңгір хан А., Өлке, 1992.-48.
Достарыңызбен бөлісу: |