Қазақ ақын жырауларының әлеуметтік-философиялық дүниетанымы ол заманнан ұлт өз дүниетанымын тілі, діні, фольклоры арқылы білдірген. Демек, ұлттық ойлауды зерттеу үшін негізгі сүйенетініміз - халықтың мәдениеті, рухани мұрасы, өмір сүру тәсілі, діни нанымы, күнделікті тұрмыстағы әдет-ғұрып, салт-санасы т.б. Өткен заманда өмір тіршілігінің көбін табиғат құшағында, күндіз-түні мал соңында өткізген қазақ қауымы, айналасын қоршаған жаратылыс дүниесі және оның сан алуан құбылыстары - аспан мен жер, күн мен ай, күн мен түн, қараңғы мен жарық , адам мен табиғат, жан мен тән, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, бақ пен сор сияқты сан алуан мәселелер жөнінде алуан түрлі аңыз, қиял - ғажайып ертегілер, өлең - жырлар, мақал - мәтел және толғаулар ойлап шығарып түрліше болжамдарды топшылаған.
Қоғамның дамуына, экономиканың өркендеуіне, ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне байланысты, қазақ халқынан философиялық ой-пікір қайраткерлері шықты. Бұлар негізінен қазақтың кемеңгер ойшыл, ақын-жыраулары еді. Олар қазақ халқының философиялық ой-пікірін өрістетуде елеулі үлес қосты. Бұлар ғылым, мәдениет әлеміне аты әйгілі Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау тағы басқалар еді.
Қазіргі халқымыздың рухани өсіп жетілу мәселесі тұйыққа тіреліп тұр десек артық айтқан емес. Қоғамда күн санап коммунистік емес сана толысып келеді, ол қайда бағытталған, оның мәні неде, әлі ешкім талдаған жоқ. Сондықтан алға басып, жаңа санаға жол ашу үшін, өткен тарихи санамызды саралап, соны негізге алып ұлттық даму концепциясын жасау керек. Ол үшін өткен ғасырлардағы ақыл-ой мәдениетіміздің тарихына жаңаша көзқарас, ойлау қажет. Жаңаша, қазақша ойлау дегеніміз - ұлттық ойлау, өмірге қазақ болып қарап, дүниені қазақ болып қабылдау, ұлттық мүдде тұрғысынан сана қорыту. Жаңаша ойлау дегеніміз - қоғамдық сананың прогрессивті көрінісі. Әр заманның өзінше жаңаша ойлау жүйесі болған. Қазақтың тұңғыш жаңаша адамдарының бірі - Асан қайғы болған, ол қазақ этносы қалыптасуының басында (қазақ мемлекетінің де) тұрған қайраткер, ойшыл. Ахмет Байтұрсынов айтқандай қазақи ойлаудың жүйесі хандық дәуірде қалыптасып еді. Оның тамаша үлгілеріне билер шығармашылығы жатады. Би сайланып қойылатын қызмет емес, би атану үшін адам өзінің ерекше қабілетінен, халыққа қызмет етуімен, даналығымен, көпшілік құрметіне бөленуі керек. Халық аузында осы күнге дейін жеткен Асан қайғының бірнеше шешендік сөздері бар. Асан Қайғы өз жыр, толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттайды, Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Сол кездегі қоғамның әдет-ғұрып, мінез-құлық, мораль философиясы мәселелерін көтереді.
Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы, философиялық ойлары төл философиямыздың қалыптасуына бірден бір рухани негіз бола алады деп санаймыз. Олардың айтқан жыр-толғауларында тарих шындығы адам, қоғам, табиғат мәселелері негізгі өзекті орын алады. Қазақ ақын-жырауларының шығармалары халық ауыз әдебиетімен, көшпелілердің әдет-ғұрып, салт- санасымен тығыз байланысты болып, бар болмысында ойлы философиялық, тарихи сабақтастық принциптері қатар жүріп отырады. Қазақ жырауларының ішінен Шалкиіздің шығармашылығы, философиялық, ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушылардың бірі Шалкиіз жырау Тіленшіұлы. Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшелігі - ондағы философиялық толғаныстардың молдығы. Шалкиіз сөз жоқ өз заманының перзенті. Арада төрт жарымдай ғасырдай уақыт өтсе де оның философиялық толғаныстары, өз дәуірін дәл түсінуі оның үлкен кемеңгер, алып жыршы болғандығын нығыздай түседі. Көркем шығарма қашан да сол заманның, өзі өмір сүрген дәуірмен сол кездің ой-өресімен салыстыра бағаланбақ, өлшенбек. Шалкніздің философиялық ойлары көп ойлану, өз заманын нәзік түсіне білген, ұзақ толғанудың жемісі. Бүл ерекшеліктер жыраудың шалқар даналықтың, терең ақылдың иесі болғандығын көрсетеді. Шалкиіз афоризмі, мақал-мәтелге айналып кеткен талай сөздері өзінің аз сөзге көп мағына сиғызған, айтпақ ойын дәл бере алатын сөздері іріктеп қолдана білуі оның үлкен талант иесі болғандығын көрсетеді.
Қолда бар толғаулардың өзі адам қоғамы, өмір табиғат жайында терең түсініктер береді. Дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ дейді жырау. Әлем бір тұрмайды , бәрі фәнилік, бәрі өткінші - дейді. Өмір қысқа екен, бұл жалған басы жұмыр пенденің бәріненде де өтеді екен, демек осы аз ғұмырды дүниедегі бар қызықты тегіс көріп думандатып өткізу керек - деп жырау өмір мен өлім мәселесі жайы да философиялық толғаныстар жасайды. Жырау өмірдің бар қызығы бақыны, қуанышы о дүниеде емес, адамның бар бақыты бұл дүниеде екендігін айтып өтеді. Шалкиіз жырау «Көп түкірсе - көл», деп елді үйымдастыққа, бірлікке шақырады. Оның пікірінше көптің, елдің қолынан бәрі келеді. Ол жауға айбар, елге қорған - дейді. «Белуардан сөз кешсең тобығыңнан келтірмейтін» сол «қамалаған қалың туғанның арқасы»,- деп ағайынның туғанның көп болғанын қалайды. Шалкиіз жырау жамандық пен жақсылық категориялары жөнінде де айта келіп «Көргеннің бәрі бірдей кісі емес», «Қырға шықпас жаманның» барынан жоғы жақсы, деп адам бойынан үлкен адамгершілік, игілік, тереңдік іздейді.
Жауынды күні көп жүрме –
Жар жағасы тайғақты,
Жаманға жақыным деп сыр айтпа,-
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айқақты!
Шалкиізден кейінгі алып жыраулардың бірі Ақтамберді жырау Сарыұлы. «Тауарих хамсаның» айтуынша, Ақтамберді Ойраттармен күрес дәуірінде қазақ қолының басында жүрген аруақты ерлердің бірі. Ақтамберді шығармалары дерлік нақыл сөздерге, афоризмдік толғауларға толы келеді. Қазақ халқының болмысы, тіршілік тынысы, ерекшеліктері сол кездегі тарихи оқиғалар оның толғауларынан ерекше айқын көрінеді. Ақтамберді бүкіл ел мүддесін, ру ата намысы емес, исі қазақтың намысын қуады, елді ерлікке, бірлікке шақырады.
Дұшпаннан көрген, қорлығым Сары су болды жүрекке,
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке,
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, құдай тілекке!
Ақтамберді, өзінен бұрын өткен Доспамбет, Шалкиіз дәстүрлерін әрі қарай жалғастырушы болып табылады. Ақтамберді жырларында көшпенді қазақтардың ой арманы, мақсат мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. Бұған жыраудың “Күлдір-күлдір кісінетіп” деп басталатын ұзақ толғауы дәлел бола алады.
Ақтамберді жыраудың айтуынша, Қазақ үшін байлық - малда. Малдың еті, сүті тамақта; жүні, терісі - киім; мал қазаққа көшсе - көлігі, мінсе – жүйрігі яғни малсыз тірлік жоқ. Ол «алғайдың құба жонына сыймас» ақтылы қой, «көлге түссе көз жетпес» көк алалы көп жылқы, боздаған даусы» жаралы құдай ыңыратып, жарылған мүздай күңірентіп күй болып төгілетін сансыз түйе жайлы армандайды, елдің төрт құбыласы тең, үлкен байлыққа басқанын қалайды. Қазақтар үшін мал асылы - жылқы екенін бәріміз де білеміз. Сондықтан да жылқының көшпелілер өміріндегі алатын орны жайлы Ақтамберді жыраудай толғаған қазақ ақыны жоқ.
Сондай-ақ ол, еліміздің ұлттық қасиеттерін, қонақжайлығын, үлкенді
құрметтеу, кішіні сыйлау, әсіресе отбасының сыйлығын, берекесін дәріптеп
өткен ақын. Жырау өмір бойы елінің азаттығын, әділдікті аңсап, халықты
ынтымаққа, адал еңбекке шақырып, өз заманының адал екенін танытып өтті.
Келесі қазақ тарихындағы XVII ғасырдағы жыраулар ішіндегі алып тұлғалардың бірі Бұқар жырау Қалқаманұлы. Жүсіп Бұхар жырауды әрі жырау, әрі көріпкел әулие етіп суреттейді. Әрине, бұл мысалдар Абылай ханның Бұхар жырауды қаншалықты өзіне байқатады. Қаз дауысты Қазыбектер сияқты Бұхар да отты тілінің арқасында «Қарадан шығып хан болған» өз заманының аса ықпалды, беделді билердің бірі болған екендігі көрінеді. Халық «Өнер алды - қызыл тіл» десе, Бұхар бұл мақалдың даналығын әбден түсінген адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:
Ел бастау қиын емес -
Қонатын жерден көл табылады;
Қол бастау қиын емес -
Шабатын жерден ел табылады,
Шаршы топта сөз бастаудан
Қиынды көргенім жоқ,
-деген екен.
Бірде Абылай: «Қазына қайда?» - деп сұрағанда жырау: «Басы жеткен
жігіттің екі езуі қазына: бір езуі - алтын, бір езуі - күміс, азуы - Қазына», -
депті. Бұқардың өзі осы қазынаны - сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді.
«Өз заманындағы жандар бұл кісіні көмекей әулие деседі екен, - деп жазады Мәшһүр Жүсіп. - Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Қорыта келгенде, қазақ ақын - жырауларының шығармалары, негізінен көшпелілер болмысы, ата-қоныс, адам, қоғам, сол кездегі әлеуметтік жағдайларға, батырлық, көркемдік, адамгершілік, өмір мәселелеріне байланысты болып келеді. Ақын-жыраулар философиясын оның тарихын зерттеу үшін мәселені ата-бабаларымыздың әлеуметтік- экономикалық тұрмыс-тіршілігінің рухани табиғи болмысының аясында қарастырған жөн.Тарихи философиялық мәселелерді зерттеу тарихи ойлауды тәрбиелеу мен тығыз байланысты. Қазіргі жаңа заман адамына өткен дәуір шындығын, ұрпақтар байланысы мен уақытын, ілкі замандағы ойдың дамуын, тарихтың даму диалектикасын тыс қарау түсініксіз болып қалады. Ал, өткен дәуір тарих шындығын сол ақын-жыраулар шығармашылығы арқылы біле аламыз. Сондықтан да ақын жыраулар қалдырған бай рухани мұралары, бай ауыз әдебиеті, алға қойған мәселені шешуге үлкен мүмкіндік береді. Қазақ ақын-жыраулары шығармашылығының бір ерекшелігі оның тарихында. Ол көшпелілер тарихымен тікелей үндесіп, болмысымен біте қатынасып жатыр. Бұл шығармаларда олардың дүниетанымында өзіндік табиғи болмыс, салт-дәстүр дүниетаным ұғымдары, көркемдік пен патриотизм, философиялық ой, гуманизммен парасаттылық, эстетикалық нәр тұнып тұр. Тек оны зерделі пайымдау бар. Міне сондықтан да қазақ ақын - жырауларының философиялық дүниетанымын, бүгінгі қоғамдық санада алатын орны, сабақтастық үлесімділік қағидаларының негізінде қалыптастыру қажет. Ұлттық философияны зерттеу не үшін керек дегенде, айтатыным мынадай ойлар төңірегінде топтасақ: ұлт деген адамдарды тұтастырып, біріктіріп тұратын қасиетті ұғым. Демек, оның өзге халықтан тілі бөлек, өнері ерекше, мәдениеті өзгеше, алайда осы ұлттық тіл, өнер, мәдениет бас-басына дамымайды, бәрі бірінсіз-бірі болмайтын, бірін-бірі құнарландырып, толықтырып, жетілдіріп, жандандырып, құттандырып отыратын салалар. Ал енді, осының бәрінен туындайтын ұлттық дүниетанымды білдіретін ұғымды біз ұлттық философия деп айтамыз. Менің ойымша - ұлттық мәдениетті таңдау барысында халықтың гносеология төңірегінде салиқалы сөздер айтылуға тиіс, себебі, ұлттық философия дегенде басты проблема халықтың іс-әрекеті болуы керек. Халық өзінің рухани қазынасының иесі ғана емес, оның жасаушысы да. Халық философиясы Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау т.б. дара тұлғалар барлығы да халықтың, елдің тағдырын толғаған кемеңгерлер, данышпандар, ойшылдар.
Достарыңызбен бөлісу: |