Батыр. ҒАлым. ҚАйраткер



Дата18.06.2017
өлшемі101,61 Kb.
БАТЫР. ҒАЛЫМ. ҚАЙРАТКЕР
Сейтқасымов Аманбай Асылбайұлы

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің

тәрбие ісі жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Қара орман халқымыздың туын көтерген талай тарлан тұлғалар мен небір ақиық асылдарымызды дүниеге әкелген қасиетті Көкше жерінде ұлан даланың ұлы перзенттерінің бірі де бірегей – Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин де өмірге келді.

Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы қарашаның 15 жұлдызында Көкшетаудың Зеренді көлінің сыртында «Қойсалған» деген жерде (Қазіргі Мәлік Ғабдуллин ауылы) қараша үйде дүниеге келеді.

... Көк торғын Көкшетауды мұнар басқан,

Тастары көкке бойлап бұлттан асқан.

Бір шың бар етегінде тіп-тік найза,

Адамзат жасағандай құйған тастан.

Тіп-тік шың көкке қарай кеткен бойлап,

Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап.

Жалғыз-ақ шың басында ноқаттай боп,

Құйқылжып қалықтайды бүркіт ойнап...

Міне, осынау табиғат таңғажайыбына Біржан сал да, Ақан сері де, ғалым, саяхатшы Шоқан да, Үкілі Ыбырай да, Балуан Шолақ та таңдай қағып тамашалап қараған.

Бірде Алматыда осы Бұқпа төңірегінің тумасы, журналист-жазушы Сарбас Ақтаев Көкшетауға барып келген жазғы сапарын, Бұқпаға шыққандағы алған әсерін шабыттана отырып былай деп еді: «Жойқын жасыл теңіздің айдынында жүзіп бара жатқан алып кемедей көзге ұрған Көкшеге бетіңді беріп тұра қалсаң, оң жағыңда көл басына төңкере салған дәу тегенге ұқсап Зеренді жатады, сол жағыңды жанап далаға жалғыз тігілген ақ боз үйдей болып Жалғызтау тұрады. Ту сыртында мөлдіреген қос жанардай екі көлдің ортасына келіп шөккен айыр өркеш бурадай Айыртау жатады, оң қапталында ұшар басына дейін сыңсыған орман жапқан Имантау қарауытады да, сол бүйірінде сағысға оранып Сырымбет бұлдырайды. Аяғыңның астына көз тастасаң, күміс шараға құйған судай, айдыны күнге шағылып, айнадай жалтырап дөп-дөңгелек Қопа көлі мөлт ете қалады. Бұқпаны күміс оқадай орап, оған батысынан келіп Шағалалы, шығысынан келіп Қылшақты өзендері құяды. Сол сәт Қопа алып жүзіктің алмас гауһар көзі де, тауды сақинадай орап келетін екі өзен оның сабағы сияқты болып кетеді».

Адамзат баласы – Табиғат-Ана перзенті, туған жердің түлегі. Туған жерімен жан дүниесі үндескен Мәліктің кір жуып, кіндік кескен туған жері туралы «Асыл аға» деген естелігінде батырдың бауыры Жанатай Бекенов әсерлі әңгіме тиегін ағытады:

«Мәліктің туған жері – Зеренді ауданының Қойсалған ауылының табиғаты тамылжыған, көрікті әсем жер. Ауылды айнала ит тұмсығы батпайтын көк жасыл орман, тау, қыр-қыраттар қоршап жатыр. Күншығыс жағындағы жатаған, кішігірім Жолдыбай тауы өрлей отырып, осы өңірге жақсы белгілі Желтауға ұласады. Одан кейін шағын ғана Бурабай іспетті Беріктас, шығыс батысына қарай Көкала айғыр таулары созылып кете береді.

Осынау ғажап өңірде Мәлік ағамыз дүниеге келеді. Бұл жерді одан бұрын Қанай би бастаған ата-бабалары мекендеген. Тарихтан белгілі Қанай шешен Бурабай өңірінде атақты Абылайды ақ киізге салып, хан көтерген, кейін бүкіл қазақтың басын біріктірген Ұлы ханның бас билерінің бірі болған.

Абылаймен қатар өмір сүріп, ел қорғаны болған Қанай биден тараған үш ұлдан Зеренді өңірінде алты ауыл бар. Олар Игілік, Кіші Жамантұз, Ұялы, Қарабұлақ, Ескенжал және Қойсалған ауылдары. Бұл елдердің адамдары күні бүгінге дейін бірін-бірі қатты құрметтеп, сыйлап, бір-бірімен араласып жүреді. Абылайға кезінде жалынды сөзімен ақыл-кеңес беріп, бүкіл халықтың қамқоршысы атанған Қанай бидің ұрпақтары да осал болған жоқ», ‒ деп жазады Жанатай Бекенов.



Қазіргі ұрпақтары мен тұрып жатқан елді-мекендері.

Ал Қанайдың сегізінші ұрпағы – жазушы, ғалым, педагог, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, КСРО ПҒА-ның академигі, Кеңес Одағының Батыры, Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, бірінші дәрежелі Отан ордендерінің иегері Мәлік Ғабдуллин – бүкіл қазақ халқының абыройы, көзайым қуанышы.

Қанай бидің тағы бір сегізінші ұрпағы – ел ағасы, қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалұлы Жаңғалов. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазіргі абыройлы дана қартты облыс көлемінде білмейтіндер кемде-кем.

Ұлы Отан соғысына қатысқан, физика-математика ғылымының кандидаты, профессор қызметін атқарушы Ысқақов Мыңбай Өтежанұлы Алматы қаласында тұрады. Ұрпақтары бар. Рамақ Әбдірахманұлы Еуразия ұлттық университетінің доценті. Қанай ұрпағы Астана қаласында да тұрады. Шәйдолла Хасенов, Мәнтай Әлкебаев сынды еңбек ерлері, Айтқажы Қазбеков – ғылым кандидаты, ақын, қаламгерлер Қорғанбек Аманжолов, Жанатай Бекенов сияқты ұрпағының арасында инженерлер, дәрігерлер, ауыл еңбеккерлері де көптеп саналады.

1923 жылы Қойсалғаннан 3-4 шақырым жердегі Құлет дейтін ауылда бастауыш мектеп ашылады. Бұл мектепте көрші ауылдың балалары да оқиды, себебі, басқа ауылдарда мектеп болмайды. Мәлік Құлет мектебінде қатарынан төрт жыл оқиды. Алғашқы ұстазы Рамазан Нұғыманов деген кісі болады.

Мәскеу. КСРО Қарулы Күштерінің Орталық мұражайы. Мұнда Кеңес Одағының он бес батырынң сурет галереясы орналасқан. Соның бірі – Мәлік Ғабдуллин.

Суретінің астында қысқаша өмірбаяны жазылған. Онда «1941 жылы жазда Алматыда 316-атқыштар дивизиясы құрылған кезде Мәлік Ғабдуллин ротаның саяси жетекшісі болып тағайындалады. Ұрыс барысында 1941 жылғы күзде Мәскеу түбінде ол Панфилов дивизиясы полкының атқыштар батальоны саяси басшысы қызметіне жоғарылатылды. Саяси қызметкер М.Ғабдуллин жауынгерлерге сөзімен де, ісімен де өнеге көрсетіп, оларды Кеңес мемлекетінің астанасы – Мәскеуді ерлікпен қорғауға жігерлендіре білді.

КСРО Қарулы Күштері Орталық мұражайында сақтаулы құжаттардың ішінде орыс және қазақ тілдерінде басылған үнқағаздар (листовкалар) бар. «Оларда қазақ халқының ержүрек ұлы Мәлік Ғабдуллиннің ерлігі баяндалған. Қан майданда ол жеке өзі фашистердің екі танкісін қиратты, 200-ден аса фашисті жойып жіберді, 12 фашисті тұтқынға алды. Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін саяси қызметкер Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Атқыштар ротасының саяси жетекшісінен ол Кеңес Армиясы мен Соғыс Теңіз флоты саяси Бас басқармасының жауапты қызметкері дәрежесіне дейін өсті» делінген.

Мәлік Ғабдулиннің жазушылық қырына белгілі сыншы-ғалым, академик С.Қирабаев та ерекше тоқталған. Ол кісі былай дейді: «Мәліктің өз өмірі – сол батырлықтың үлгісі болса, оның жазушы есебінде жазған кітаптары да майдандас достарының ерлік жолдарын жырлауға құрылды, «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Сұрапыл жылдар» (1972) атты кітаптары арқылы Мәлік әскери жазушы есебінде танылды. Ол майдан өмірінің қат-қабат шындығын шыншылдықпен бейнеледі. Генерал Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин тағы басқалары сияқты Ұлы Отан соғысы азапты жолдарын Мәлікпен бірге өтіп, иық тіресе соғысқан жауынгер азаматтардың әскери өмірі аталған кітаптардың мазмұнын құрайды. Мәлік бұл кітаптарында көргенін тізуші емес, ойлы суреткер ретінде танылады. Әрбір жеке факты, соғыс эпизодтары арқылы жауынгер тұлғасын, оның жан дүниесін ашады, болған істен ойлы қорытынды жасайды.

«Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды». «Айлалы адам ажалды жеңеді», «Сақтық та батырлық», «Ел намысы – ер намысы» деген мақал-мәтелге, нақыл сөзге айналып кеткен ұғымдарды да Мәлік соғыс тіршілігінің шындығынан туған өмір философиясы ретінде ұсынады».

1975 жылдың қараша айында Мәлік Ғабдуллиннің 60 жылдығы ҚазПИ-де аталып өтті де, артынан үйіне бір топ ғылым, көркемөнер, әдебиет қайраткерлері шақырылады.

Сонда Бауыржан Момышұлы өзі отырған жерге шақыру билетін әдейі қалдырып, қойып кеткен көрінеді. Онда өзінің Мәлікке берген бағасын былай деп жазып қалдырыпты:

«Ол – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер еді.


  1. Азамат.

  2. Батыр.

  3. Білімпаз.

  4. Ұстаз.

  5. Жазушы.

  6. Ақын.

  7. Аудармашы.

  8. Қоғам қайраткері».

Иә, біз Мәлік сынды тұлғаға Бауыржан Момышұлы секілді қаһарманның берген бағасынан басқа бере алмаймыз.

Мәліктің жеке ісінен:

«Краткое конкретное изложение личного боевого подвига или заслуги М.Габдуллина.

Тов. Габдуллин прибыл в полк с момента его организаций, то есть с 15 июля 1941 года и был назначен политруком батареи. С первых же дней он приступил глубокому изучению бойцов и всего личного состава батареи. Ознокомившись с людми, он наметил план работы по воспитанию каждого бойца. Проводя личные и групповые беседы, Малик Габдуллин растил своих людей так, как хороший садовник выращивал свое любимое дерево для снятия баготого уражая. Он всегда помнил слова Маркса, что воспитатель должен быть сам воспитан, и тов. Габдуллин упорно, энергично, с настойчивостью работал над изучением военного дела, помня, что бить врага может только тот, кто научился искусству побеждать.

Первые же дни его работы показали результаты – батарея тов. Габдуллина заняла первое место в полку по боевой и политической потготовке, и в дальнейшем на фронтах Великой Отечественной войны батарея, которой руководил и воспитывал тов. Габдуллин, оставалась передовой, которой поручались наиболее ответственные участки боевых действий».

1988 жылы Москва қаласындағы «Молодая гвардия» баспасынан «Ғажайып адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясы айдарымен шыққан кітаптың 284 бетінде саяси жетекшіге (политругке) мынандай анықтама берілген екен: «Саяси жетекші» ‒ жауға қарсы атой салып, шабуылға шығатын отрядтың ең алдында, ал, кейін шегінген кездерде ең артында жүретін батыл да батыр адам.

1944-1946 жылдары КСРО Қорғаныс Министрлігі Жоғарғы Саяси Басқармасы үгіт-насихат бөлімінің бастығы, ал 1946-1951 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында директордың орынбасары, директоры, 1951-1963 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарған. Екі рет Казақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

М.Ғабдуллин дарынды очеркші, жалынды публицист ретінде қазақ әдебиетіне өте зор үлес қосты. Сондай-ақ туған әдебиеттің тарихы мен сынына, оқу-тәрбие жұмыстарына қатысты еңбектері де елеулі.

1938 жылдан бастап қазақ фольклорының мәселелерін терең зерттеген ғалым. 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген (1958) монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, айтыс өнері туралы ғылыми таладулар мен терең қорытындылар жасады.

«Қобыланды батыр» жыры Мәлік Ғабдуллиннің негізгі тақырыбы болды. Бұл оған отыз жыл бойы әлденеше рет оралды. 1972 жылы «Қазақ халқының батырлық жыры» монографиясын жариялады.

Мәлік Ғабдуллин 1959 жылы докторлық диссертациясын қорғап, сол жылы профессор ғылыми атағын алады. КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі (1959), Кеңес Одағының Батыры (1943), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961), Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты (1972).

М.Ғабдуллин Алдар көсе, Жиренше, Асан қайғы, Қожанасырдың тарихта қашан болғаны, нақты өмірбаяны белгісіз тұлғалар жөніндегі аңыздардың да өмірдің өзінен алынғанын, оқиғаларының нанымды екенін тілге тиек етеді. Батырлар жыры бұл ғалымның бүкіл ғылыми қызметінде айрықша зерттеген қастерлі тақырыбы. «Батырлар жыры» жинақтарының (үш томдық) жалпы редакциясын басқарды.

Сондай-ақ, М.Ғабдуллин айтыс өлеңдерін мазмұнына, тақырыбына қарай екі топқа бөледі: біріншісі – халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып салтына байланысты туған айтыстар. екіншісі – ақындар айтысы. Алғашқы топқа жататындар жар-жар, бәдік айтысы, «Қыз бен жігіт айтысы», «Жұмбақ айтысы» және «Діни айтыс». Айтысты зертеушілердің бәрі де, оның ішінде осы оқулық авторы да тұрмыс-салт айтыстарын ерте заманда пайда болған көне түрге жатқызады. Бұл кейіннен айтыстың күрделі түрлерінің, мысалы, ақындар айтысының туып, қалыптасуына себеп болды дегенді айтады. Соңғы ақындар айтысын сүре айтыс, түре айтыс деп екіге бөледі.

Мәлік Ғабдуллин әдебиет зерттеушісі, сыншы, педагог: «Абай романы совет әдебиетінің зор табысы» «Қарағанды қазақ әдебиетінде», «Қазақ совет поэзиясындағы әйел образы», «Қазақ әдебиетінің оқулықтарын жазу туралы» т.б. байсалды мақалалары құнды зерттеу еңбектер. Ғалымның «Мұхтар Әуезовке хат» деп аталған мақаласы да осы заманғы поэзияның көкейкесті проблемаларына арналған.

Қазақтың ұлы ғалымы Мәлік Ғабдуллин ағамыз әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология және журналистика факультетінің студенттеріне ұзақ жыл қазақ халқының ауыз әдебиетінен сабақ берді.

Қазақстан үкіметі көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Мәлік Ғабдуллиннің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен оның есімі Алматы және Көкшетау қалаларындағы көшелерге, мектептер мен кітапханаларға берілді. Көкшетауда және ол туған жері Қойсалған ауылында асқан білімпаз ағамыздың музей-үйі мен ескерткіші бар.

Сонымен қатар М.Ғабдуллин ІІ-ІV сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957), Югославияда (1957) болды. Ғабдуллин еңбекшілер депутаттарының Алматы облыстық, қалалық Кеңестерінің депутаттығына, Қазақстан КП Алматы облыстық, қалалық, Фрунзе аудандық комитеттерінің мүшелігіне бірнеше рет сайланды. Ленин ордені, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

Қазақ халқының ұлы ғұлама-ғалымы Мәлік Ғабдуллин ағамыздың аты мәңгі бақи алтын әріппен жазылған!


Саттар Сейітқазиннің Мәлікке арнауы. (1973)

Жақсылықты Мәлігім деп ұғамын,

Баршылықты Мәлігім деп тынамын,

Асқар тауды Мәлігім деп білемін,

Абзал жанды Мәлігім деп танимын.

Туған жерді Мәлігім деп сүйемін,

Ғасіретімді соған әкеп үйемін,

Самалымды Мәлігім деп сырласып,

Орманыма Мәлік деп бас иемін.

Кең далаға мәлігім деп қараймын,

Мәлік болып көрінеді бар айдын,

Қалың қазақ елінен бір ұл туса,



Бұл халқымның Мәлігі деп санаймын.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Пірәлиев С., Сманов Б., Омарова Л. Мәлік ҒАбдулиннің әдеби мұралары: тарихи-танымдық басылым. 1-кітап. / Алматы, Ұлағат баспасы, 2014 ж.

  2. Батырлардың тұйғыны, ғалымдардың жүйрігі. Естеліктер жинағы./ Құрастырған Ж.Бекенов – Астана, 2000 ж.

  3. Мәлік Ғабдуллин. Шығармашылық және эпистолярлық еңбектер. Төрт томдық жинақ. / Құрастырған Ж.Бекенов – Көкшетау, 2005 ж.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет