Жас қазақ
Абай айтқандай «құлақтан кіріп бойды алатын» әуенді де асқақ, жақсы әннің бірі «Жас қазақ» екенін білеміз. Осы әнді соғыс кезінде, ұрыс майданында жас композитор Рамазан Елебаев шығарыпты деген сөзді де жұрт естіген. Бірақ, «Жас қазақтың» қашан, қалай және қандай оқиғаға байланысты туғанын білушілер аз. Сондықтан осы әннің шығу жайын айту қажет сияқты.
Ең алдымен, композитор Рамазан Елебаевтың өзі туралы бір-екі сөз.
Соғысқа дейін мен Рамазанды Алматыда сырттай көріп жүрдім. Бірақ, бір-бірімізбен танысып, сырлас болған адамдар емеспіз. Онымен алғаш рет Москва түбінде, Ново-Никольский деп аталатын селода, мата тоқу фабрикасының клубында таныстық. Ол былай болып еді.
Москва түбінде фашистік басқыншыларға қарсы жүргізілген сұрапыл соғыстарға екі айдай үздіксіз қатысқан біздің дивизия 1941 жылғы декабрь айының 16-нда демалысқа шықты. Біздің полкіміз демалу үшін Нахабино селосына орналасқан еді. Бұл арада біраз күн тұрдық та кейіннен Ново-Никольский селосына көштік.
Демалыс деген аты болмаса, жігіттермен күн сайын әскери сабақ жүргізіп, оларға соғыс өнерін, қолдағы қару-жарақтан ату техникасын үйретудеміз. Сөйтіп жүрген кезде біздің полкымызға жаңа жігіттер келіп, қатарымызға қосыла бастады. Полк бойынша оларды қабылдайтын комиссия құрылған еді. Комиссия мата тоқу фабрикасының клубына орналасып, өзіне жүктелген міндетін атқарып жатқан-ды.
1942 жылғы январь айының 7-сі. Таң жаңа ғана біліне бастаған мезгіл еді. Комиссия мүшелерінен Балтабек Жетпісбаев (полктағы комсомол бюросының секретары), Александр Данилов үшеуіміз кезекші болып отырмыз, жаңадан келген жігіттерді күтудеміз.
– Екі күннен бері ұйқы көрмедіңдер ғой, – деді Балтабек Данилов екеуімізге, – келесі эшелон келгенше көз шырымын алыңдар, мен отыра тұрайын.
– Көп рахмет. Мұндай туысқандық қамқорлығыңа басқалар қарсы болу мүмкін, ал мен қарсы емеспін, – деді де, полк штабы бастығының көмекшісі аға лейтенант Данилов бұрышта тұрған диванға құлай кетті.
– Сен неге отырсың? – деді Балтабек маған, – мына Даниловтың қасына жат та, демал. Жаңа жігіттер келгенде екеуіңді де оятып алам.
– Мақұл.
Қанша ұйықтағанымды білмеймін, Балтабектің «тұр, тұр» деген дауысын естіп орнымнан атып тұрсам, комиссия отырған бөлмеге біраз жаңа жігіттер келген екен. Олармен Данилов және комиссияның басқа да мүшелері әңгімелесе бастапты. Бұларға Балтабек екеуіміз қосыла кеттік.
– Уа, бауырым, амансың ба? – деп ұзын бойлы, танауының астына ғана қойған мұраты бар, ашаңдау келген ақсұр жігіт маған қол берді. Бірден тани кеттім. Рамазан Елебаев екен. Құшақтаса көрісіп жатырмыз. Сол жерде мен оны Балтабек пен Даниловқа таныстырдым.
– Бұл жігіт белгілі композитор, – деп жатырмын. Және Рамазанға қарап: – композиторлық қару-жарағыңыздың қайсын ала келдіңіз? – дедім.
– Алты тілді гармоным бар. Жігіттердің ішінде домбырасын ала келгендер де кездеседі.
– Сізді полктың қай батальонына бөлді?
– Әзір комиссиядан өткен жоқпын, – деді Рамазан.
– Бұл композитор жолдасты полктың қай бөліміне жіберу мәселесін комиссияның председателі шешер, – деді Данилов, – оған дейін, Елебаев жолдас, демала тұрыңыз.
Жаңа келген жігіттерді комиссия қабылдап, батальондарға жіберіп жатыр. Ал Рамазан екеуіміз бір бұрышта әңгіме соғып отырмыз.
– Міне, сіздердің қатарларыңызға мен де келіп қалдым, – деп бастады Рамазан әңгімесін, – панфиловшылардың даңқы бүкіл жер жүзіне жайылды ғой. Сіздердің соғыстағы ерліктеріңізге бүкіл ел, халық разы, мақтаныш етіп отыр. Тылдағы жолдастардың бәрі сіздерге келіп қосылуды арман етуде. Сондай армандаушының бірі өзім болдым. Соғыс комиссариатына арыз беріп, осы дивизияға жіберуді сұрандым.
– Сіз әскер қызметіне шақырылудан босатылғандардың қатарындасыз, – деді военкоматта істейтін бір капитан. – Сондықтан алаң болмай жүре беріңіз.
– Маған ондай жеңілдіктің қажеті жоқ. Денім сау, жас жігітпін. Өз қатарымнан қалғым келмейді. Мені де әскерге шақырып майданға, панфиловшылар дивизиясына жіберуіңізді өтінем, – дедім.
– Осы бәріңнің сұрайтындарың, жібер дейтіндерің – панфиловшылар дивизиясы, – деп капитан күле қарады. – Одан басқа дивизияға барғыңыз келмей ме?
– Маған совет әскерінің бәрі бірдей. Жаумен қолма-қол соғысып, фашистерді қырғым келеді, – дей салдым. Бірақ арманым – панфиловшыларға қосылу екенін қайталап айтпадым. Айтсам, капитан ашуланып қалар да тілегімді орындамай қояр деп ойладым.
– Жақсы, өтінішіңізді военкомға айтайын. Ертең келіңіз, – деді капитан.
Ертеңіне военкоматқа қайта келдім. Кеше өзім сөйлескен капитанға жолықтым. Ол мені военкомға алып барды. Военком орта жастан асқан майор екен, жылы шырай білдіре әңгімелесті, тілегімді тыңдады.
– Жарайды, бүгін комиссияға түсесіз, – деді ол.
Сонымен не керек, комиссиядан өттім. Басқа жігіттермен бірге әскер қатарына алындым. Біраз уақыт казармада жатып, әскер оқуын оқыдық. Содан, міне, өздеріңізге келіп қалдық, – деп Рамазан осы кезде қасымызға келген Балтабекке қарады.
– Дұрыс. Айтпақшы, әскери атағыңыз бар ма?
– Менде ешқандай да әскери атақ жоқ, болған да емес, қатардағы жауынгермін. Шынымды айтсам, сіздерге қосылғаныма өте қуаныштымын.
Рамазанмен әңгімелесіп отырғанда комиссияның бөлмесіне Бауыржан Момышұлы келіп кірді. Ол өткен айда біздің полкқа полк командирінің орынбасары болып келген. Қазір ол жаңа келгендерді қабылдайтын комиссияның председателі еді. Біз оны әскери тәртіппен қарсы алдық. Мен оған Рамазанды таныстырдым.
– Жолдас капитан, – дедім Баукеңе, – мына Рамазан Елебаев жолдасты білетін боларсыз. Талантты жас композитор, былтыр Москвадағы Театр өнері институтының композиторлар даярлайтын бөлімін бітірген, шығарған әндері де бар...
– «Жолдастар», «Қазақстан», «Қуаныш» дейтін әндердің авторы емессіз бе? – деді Бауыржан.
– Иә, солай.
– Сізді бұрын көрмесем де әндеріңізді білем. «Жолдастар» былай айтылатын еді ғой, – деп Баукең, ән әуенін ыңылдап айта бастады. – Жақсы ән. Жарайды, жаумен соғысу үшін майданға келгеніңіз құптарлық іс. Енді әдемі әндеріңізді автомат пен пулемет арқылы да орындайтын болыңыз, – деп күліп қойды.
– Е, онда сөз бар дейсіз бе? – деп Балтабек қостап жатыр.
– Партияда барсыз ба?
– Жоқпын. Комсомолда болған едім, қазір одан жасым асып кетті ғой.
– Жолдас капитан, Елебаевты қай батальонға жіберуіміз керек, – деді Данилов.
– Тоқтай тұрыңыз. Бізге жаумен соғысатын жауынгер де, композитор да керек. Қазір осында полк комиссары Мұхамедьяров келеді, сонымен ақылдасайық. Бәлкім, композитор жолдасты өз мамандығы бойынша пайдаланармыз.
Ертеңгі сағат он шамасында комиссия отырған бөлмеге полк комиссары Мұхамедьяров келді. Біз оған Рамазан жайын баяндадық. Комиссар Рамазанмен біраз әңгімелесті. Содан соң: «Елебаев жолдасты менің қарамағыма қалдырыңыз», – деді ол Даниловқа.
Сол күннен бастап Рамазан полк комиссарының секретары болып жұмысқа кірісті. Анда-санда онымен кездесіп қалғанда:
– Қалай, Рамазан, осында келгелі қанша ән шығардыңыз? – деп қалжыңдаймыз.
– Бір де ән шығарған жоқпын, – дейді ол. – Ән дегеніміз халықтың тарихында, жеке адамдардың өмірінде болған елеуі оқиғалардан туады. Және адамның жан жүйесін, ой сезімін тебіренткен оқиғаларды әнге айналдыру үшін көп ізденіп, көп толғану керек. «Әу» дегеннің бәрі әдемі ән болып шықпайды.
– Бұл айтқандарыңыздың бәрі де дұрыс шығар. Бірақ, қазір бізге керегі жақсы ән, – дейміз. – Олай болса, бүкіл совет елі мақтаныш етіп отырған панфиловшылар туралы бір ән шығарып беріңіз. Ол әніңіз әдемі де асқақ болсын. Халқымыздың ерлік рухын, гвардеецтердің батырлық бейнесін беретіндей болсын.
– Осы тілектеріңізге мен де қол қоямын, – дейді Рамазан. – Жақсы ән бола ма, әлде нашарлауы бола ма, оны болашақ көрсетер. Әуелі жауынгерлердің ерлігін өз көзімізбен көрейік те сезінейік, содан кейін бірдеме туар...
Бірақ, Рамазанның осы айтқан «бірдемесі» Ново-Никольскийде тұрған кезімізде туа қойған жоқ. Өйткені жаңа да жақсы ән шығару үшін композиторға уақыт керек, жағдай керек екен. Ал, мұндай мүмкіндік онда болмады, уақытының көбі күнделікті жұмыспен өтіп жатты.
Бір күні Рамазан біздің ротаға келді. Бұл кезде біз жігіттерді мылтық ату өнеріне үйретіп жатыр едік. Ол автоматтан шапшаңдата атып жатқан жігіттерге сүйсіне қарай қалыпты.
– Қалай, Рақа, ұнай ма? – дедім.
– Ұнағанда қандай, ғажап екен! Қалай, қалай зырылдатады! – деп автоматчиктерге таңданып тұрды.
– Сіз де атып көріңіз.
– Оқты нысанаға тигізе алмай, жігіттердің алдында ұятқа қалармын.
– Оқасы жоқ, бірден мерген болған жауынгер аз. Сіз де үйреніп кетесіз. Мә автомат, оқтаңыз да атыңыз.
– Келесі жолы болсын. Қазір асығыспын, үшінші батальонға бара жатыр едім. Егер уақытым болса, кешке келермін, әңгімелесерміз.
– Келіңіз, күтеміз.
Күн батты, күндізгі қызмет аяқталды. Ротадағы жігіттер кешкі тамақтан кейін клубқа кино көруге кетті. Рота командирі Соловьев екеуіміз взвод командирлерімен мәжіліс өткізіп, күндізгі оқудың қорытындысын шығардық, ертеңгі жұмыс жайын ақылдастық.
– Политрук, клуб жағына барып қайтайық, киносын көрейік, – деді Соловьев.
– Сен бара бер. Менің комиссарға жазып беретін бір қағаздарым бар еді.
– Желаю тебе успеха, – деді де Соловьев үйден шығып кетті.
Комиссарға деген қағаздарымды жазып бола бергенімде есік ашылды, үйге бірнеше адам кіріп келді. Жалт қарасам Балтабек екен. Қасында екінші батальондағы санвзводтың командирі Ермеков Ербатыр, полктағы жаяу барлаушылардың бөлімше командирі Меңдіғазин Бахтияр және Рамазан бар.
– Жақсы келдіңдер, төрлетіңдер.
– Қалай, қонақтарды күтіп аларлық жағдайың бар ма? – деп Балтабек қалжыңдай бастады.
– Қойымыз өрістен қайтқан жоқ еді, барыма разы боласыңдар.
– Бізге сол барың да жетеді. Құр ауыз кетпесек болғаны, – деп Ербатыр жымың етті.
– Ербатыр мен Бахтияр үшеуіміз бұл ротаның дәмін талай таттық қой. Мына Рамазанның сыбағасын берсең болады, – деп Балтабек әзілдей жөнелді.
– Бәріңе де сыбаға табылады, – дедім де шай қойып, дастархан жайдым.
Сөйтіп отырғанда Соловьев пен взвод командирі Гадько келді. Балтабек жайдары әзіліне сала Соловьевты қағыта бастады.
– Қазақта: «Қонақ жаман болса үй иесі қыдырады, үй иесі жаман болса, қонағы қыдырады» деген мақал бар. Соловьев жолдас, сенің біз келерде қыдырып кетуіңді не деп түсіну керек?
– Сен сияқты қонақтың жаман болғаны ғой. Келетіндеріңді алдын ала ескертіп қоймайсың ба? – деп Соловьев қарсы дау соғып жатыр.
– Жеңілдім. Дастарханға кел, әлі ешнәрседен құр қалған жоқсыздар, тамаққа жаңа кірісіп жатырмыз, – деді Балтабек.
Астан кейін әдемі әңгіме басталып кетті. Мұндайда Балтабек сөзге шебер-ақ. Ол Рамазанды таныстырып, үлкен композитор деп жатыр. «Ән мен күйдің құдайы осы жігіт. Өзінің шығарған әндері өте көп. Ертең, Соловьев, сен туралы да ән шығарады, оны әуелі екеуіміз қосылып айтатын боламыз» деп те қойды.
Балтабектің бұл сөзін естігенде Рамазан қатты ұялғандай болып, екі беті қызарып кетті. Жаратылысында аса кішіпейіл, қыз мінезді, ұялшақ, «мен» деп айтуға батылы бармайтын Рамазан , қазір үндемей төмен қарап қысылып отыр.
– Елебаев жолдас әнін қазақша шығаратын болар. Оны басқа ұлттың адамдары орындай ала ма? – дейді Гадько.
– Әдемі ән адамның ұлтын таңдамайды, – деп Ербатыр сөзге кірісті. – Орыстың әндерін қазақ та, қырғыз да айтады. Жақсы ән барлық халыққа ортақ, тумасы болып кетеді.
– Ол рас, – деді Соловьев.
Осыдан былайғы әңгімеміз ән, музыка жайына ауысып кетті. Әрқайсымыз жақсы әннің барлық ұлтқа ортақ екендігін дәлелдемек болып, орысша, қазақша өзіміз білетін әндерді айта бастадық.
– Қап, музыкалық аспабымыздың жоғын-ай, – деп өкінді Бахтияр.
– Гармоныңды осында бекер ала келмеген екенсің, – деп Балтабек Рамазанға қарады.
– Ән салатынымызды білмедік қой. Келесі жолы есте болсын.
Ән мен өлеңді біріміз бастап, басқаларымыз қостап дегендей, өзіміз отырған кішкене бөлмені басымызға көтеріп жатырмыз. Дауысымыздың қалай шығып, ән ырғағын қалай келтіріп жатқанымызда жұмысымыз жоқ.
– Шіркін, әдемі ән жанға рахат қой, – дейді Балтабек. –Көңіл көтеріліп, жақсы тынығып қаласың. Солай емес пе, Рамазан?
– Солай. Оныңыз дұрыс сөз.
– Айтпақшы, сізден бір нәрсе сұрағым келеді, – деп Соловьев Рамазанға қарады. – Мен композитор да, әнші де емеспін. Солай болса да әнді жаным жақсы көреді. Бірақ сол жаным сүйетін әндердің қалай туатынын білмеймін. Сіз композитор екенсіз, әнді қалай шығарасыздар?
Күнімен ән салып, өлең айтқаны болмаса, басқа әңгімеде үндемей тек тыңдаумен отырған Рамазан, Соловьевтың сұрауына жауап қайыра бастады. Оның сөзін бәріміз ықылас сала тыңдай қалдық.
Рамазан әуелі ән дегеніміз не екенін, сонан соң оның қалай туатынын аса қызықты етіп әңгімелеп кетті. Ән шығару көңіл күйіне, көп ізденуге, тебіреніп, толғануға байланысты екендігін де айтты. Осы ретте ол атақты орыс, қазақ композиторларының әндері қалай, қандай жағдай, қандай оқиғаға байланысты туғандығынан мысалдар келтірді. Ал өзінің композиторлық еңбектері, әндері жайында бір ауыз сөз айтпады. Неге айтпайсың деп біз де сұрамадық.
– Бәрекелді, көп рахмет, ән туралы жақсы әңгіме айттыңыз, – деді Балтабек Рамазанға. –Ал, бұдан бұрын біздің сізге жасаған өтінішіміз сол күйінде. Сіз алдағы күнде гвардеецтер туралы бір әдемі ән шығарып беруді басты міндетім деп біліңіз, оны ұмытпаңыз.
– Мақұл, – деп Рамазан бәрімізге қолын ұсынды. Бұл оның жауынгер жолдастарына берген уәдесі сияқты болып көрінді.
Сол күннен бастап Рамазан біздің автоматчиктерге жиі келіп тұратын болды. Оған екі-үш себеп бар еді. Біріншіден, автоматчиктердің көпшілігі Рамазанға таныс, бәрі әскерге бірге алынған, осында бірге келген. Екіншіден, автоматчиктердің ішінде әнші, домбырашылар бар. Қабиев, Жұмажанов, Еркінбаев, Сұлтанов сияқты жігіттер майданға домбырасын да ала келіпті. Үшіншіден, автоматчиктер біркелкі жастар, құрдастар. Жастық кездің жарасқан әзіл-күлкісі де, ойын-сауық та, қайрат пен жігер де осында.
Рамазан кей уақытта біздің ротаға күндіз де келіп жүрді. Бұл кезде автоматчиктер далада болады, шаңғы тебеді, мылтық атады, «қызыл» мен «көкке» бөлініп бір-біріне шабуыл жасайды, қамал бұзады. Мұның бәріне Рамазан қызыға қарап, жолдастарының жігері мен өнеріне жас балаша қуаныш білдіреді.
– Нағыз батыр – автоматчиктер екен ғой, – дейді Рамазан.
– Оныңыз рас, – дедім мен. –Жауды жусатып салатын, жайпап жіберетін, жапырып тастайтын жойқын күшіміз осы автоматчиктер. Бұлардың ерліктерін ертең фашистермен қолма-қол ұрысқа енген шақта көрерсіз. Ал жігіттердің күнделікті оқу-жаттығу, соғысқа дайындалу жұмыстарындағы қимылдары бәрімізді сүйсіндіріп жүр. Соған қарап, олар жаумен батырларша соғысады деп сенеміз.
– Солай болсын деп тілейік, – деді Рамазан. Соны айтып ол автоматчик жолдастарына көз салды, қадала қарады. Әлдекімдерді іздегендей болады.
– Рақа, автоматчиктерге үңіле қарай қалыпсыз. Болашақ шығармаңыздың кейіпкерін іздеп тұрған жоқсыз ба?
– Солай болуы да мүмкін...
Біздің автоматчиктер ротасы полк командирінің қарамағында болатын. Әртүрлі бұйрық, нұсқауларды полк штабынан тікелей алып тұратынбыз. Полк штабы қай жерде болса, біз де сол маңнан табылатынбыз. Осыған байланысты кейбір жаңалық хабарды батальондардан бұрын біз еститінбіз.
Соңғы күндері естіген жаңалық хабарымыздың бірі: жақын арада майданға аттанатынымыз туралы болды. Бірақ,қашан, қайда? – деген сұрауға ешкім жауап бере алмады. Таңертең полк командирі полковник Капров батальондар мен арнаулы бөлімдердің командирлерін, комиссарлары мен политруктерін жинап мәжіліс өткізген еді. Онда қай майданға және қашан аттанарымыз жайлы сөз болмады. Бар айтқаны: «демалыс мерзімі енді ұзаққа созылмас. Сондықтан жүріс дайындығы да естеріңізде болсын».
Мәжіліс аяқталды, командирлер тарай бастады. Бізбен бірге Балтабек те тысқа шықты. Әр нәрсені сөз етіп, біраз уақыт далада жүріп қалдық.
– Осы маған, – деп бастады Балтабек сөзін, – бір ой келіп жүр. Майданға аттанғанда біраз күн жолда болатынымыз сөзсіз. Жолшыбай жігіттерге ойын-сауық көрсетіп тұрған жақсы-ақ болар еді. Ол үшін, ең алдымен, өнерпаздар және музыкалық құралдар керек қой. Олардың бәрі табылады. Мәселен, батальондарда және осы штаб маңындағы бөлімдерде баян, гармонь, аккордеон, домбыра дегендерің толып жатыр. Жігіттердің арасында биші де, әнші де, басқа өнершілер де бар. Әңгіме солардың бәрін бір жерге жинап, концерт бригадасын құруда.
– Бұл пікіріңді комиссарға айтпадың ба?
– Бұған дейін айтқан жоқ едім. Қазір екеуіміз оған барсақ қайтеді?
Балтабек екеуіміз комиссарға келсек, полк басшылары әңгімелесіп отыр екен. Не шаруамен келгенімізді Балтабек баяндап берді.
– Міне бұларыңыз орынды ұсыныс, – деп Балтабекті полк басшылары бір ауыздан қолдап жатыр.
– Сонда концерт бригадасын кім басқармақ? Осыны ойладыңыздар ма? – деді полк командирі Капров.
– Илья Васильевич, – деп полк командирінің жаңағы сұрауына жауапты комиссар қайырды, – мен сізге осыдан біраз күн бұрын полкымызға талантты бір жас композитор келгенін, оны өзіме секретарлыққа тағайындағанымды айтқан едім. Есіңізде болар, фамилиясы: Елебаев. Менің ойымша, сол жігітті өнерпаздар бригадасына жетекші етіп бекітейік. Бригадаға керекті адамдар мен музыкалы аспаптарды тауып алу ісіне политрук Жетпісбаев көмектессін. Және де Елебаевты бүгіннен бастап полктың санротасына санинструкторлық қызметке ауыстырайық.
– Комиссарға секретарь керек емес пе? – деп қалды Капров.
– Бір секретарь бар ғой, сол жетеді.
Полк басшылары өнерпаздар бригадасын ұйымдастыру туралы ұсынысты толық мақұлдады. Сол күні бұл жөнде арнаулы бұйрық та шықты. Рамазан Елебаев өнерпаздар бригадасына жетекші болып тағайындалды.
Рамазан өзіне тапсырылған қызметке зор қуанышпен кірісті. Оған Балтабек те, басқаларымыз да көмектесіп жатырмыз. Полкта әнші де, биші де, гармоншы мен баянист те, домбырашы мен аккордеонист те, өлеңші мен тақпақшы да көп екен. Солардың ішінде жиырма жігіт өнерпаздар бригадасына алынды. Бұлар күндіз өздерінің бөлімдерінде болып, міндетті қызметін атқара берді. Ал, кешкілік кезде олар клубқа жиналып, Рамазанның басқаруымен репетиция жасап жүрді. Музыкалық аспаптардың да әр түрлі (үш баян, екі аккордеон, алты гармонь, төрт домбыра, бес балалайка) өзімізден табылды. Майданға аттанғанға дейінгі бір жұманың ішінде Рамазан бастаған өнерпаздар бригадасы өздеріне жүктелген міндетті орындауда біраз жұмыс жүргізді. Таныс істің таңсықтығы жоқ дегендей, өнерпаздар бригадасының жұмысын ұйымдастыруда, концерт программасын, репертуарын дайындауда Рамазан асқан іскерлік көрсетті, аз күнде зор табысқа ие болды...
Бір күні кешкісін клубта өнерпаздардың концерті болды. Оған әр батальоннан командирлер мен жауынгерлер келді. Екі сағатқа созылған бұл концертке көрушілер қатты разы болып тарасты.
Концерттен кейін өнерпаздардың алғашқы табысына құтты болсын айтайық деп сахнаның сырт жағына барып едік, жігіттер кетіп қалған екен. Тек Рамазан ғана отыр. Өңінен бір нәрсеге қуанышты екені, разы болып тұрғаны байқалады.
– Рақа, концертіңіз жақсы өткеніне құтты болсын айтамыз, – дедік.
– Рахмет, рахмет. Алғашқы концертіміз ғой, кемшілігі де болар. Қос жүре түзеледі деген ғой. Өзімнің байқауымша да бірінші сыннан жаман өтпеген сияқтымыз. Осылай кете берсек, алдағы күнде ұятқа қалмаспыз деп ойлаймын. Тек бір ғана жетіспей тұрған жеріміз бар.
– Ол не?
– Өнерпаздардың ішінде ақынымыз жоқ. Әр түрлі тақырыпқа өлең, күлдіргі әңгіме, сықақ-мысалдар шығаратын, тіпті, ән текстерін жазып беретін ақынның болғаны аса қажет-ақ.
– Ақын табылады, – деді Ербатыр. –Сізге өлең шығарып беретін ақын осы дивизияда көп. Мысалы, Павел Кузнецов, Леонид Макеев, Дмитрий Снегин.
Жоқ, бұл атаған ақындарың, – деді Балтабек, – мұнда келмейді, олар басқа бөлімде. Ақынды өз полкымыздан іздеу керек. «Жазушылар одағының мүшесі» деген документі жоқ, бірақ ақындық қабілеті бар таланттар өз арамызда жүр. Екінші батальонның комсоргы Алексей Самсонов, тоғызыншы ротадағы пулеметчик Борис Герасимов, автоматчиктер ротасындағы Николай Ненахов пен Жұмажан Батталовты алыңыз, бәрі де ағып тұрған ақындар. Олар жігіттердің алдында өздерінің өлеңдерін, күлдіргі әңгімелерін айтып, тыңдаушыларын мәз-мейрам еткендерін талай рет көрдім. Сондықтан ақынды алыстан іздемейік, өз арамыздан қарастырайық. Бұл жөнде сіз, Рақа, қам жемеңіз, сізге керекті ақынды өзім тауып беремін.
– Бұл көмегіңізге көп рахмет.
– Мен тағы бір ақынды, өзімізбен күнде көрісіп жүрген ақынды білемін, – деді Ербатыр. –Ол өзіміздің Бахтияр Меңдіғазин.
– Тауып айттың, – дедім Ербатырға. – Бахтияр – ақын. Ол осында келгенге дейін «Социалистік Қазақстанда», әдебиет баспасында істеді, қабілеті бар адам. Оның газет-журналдарда жарияланған көптеген шығармалары да бар. Ендеше, өнерпаздар бригадасына Бахтиярды да тарту қажет.
– Бұл айтқандарыңыздың бәрі де орынды да дұрыс, – деді Рамазан – Бізге қазіргі сағатта ақын керек.
– Табамыз ақынды...
Осылай әңгімелесе отырып, клубтан шықтық. Күн шаңытқан аяз екен. Кейбір үйлерден ән мен музыка дауысы естіледі. Онда жігіттер өздерінше сауық кешін жасап жатқан сияқты.
– Менің тағы бір өтінішім бар, – деді Рамазан. – Осы уақытқа дейін бір-бірімізге «сіз», «біз» деп келдік. Қазір біз аға мен інідей, етбауыр туыс болып кеттік. Олай болса, бұдан былай «сен» мен «менге» көшейікші.
– Мақұл болсын, – деді Балтабек.
... Демалысымыз бітті,майданға аттанар күн де жетті. 1942 жылдың январь айының он алтысы күні кешкі сағат он шамасында вокзалға келдік. Ұзыннан ұзақ созылған эшелоннан автоматчиктер ротасына үш қызыл вагон бөлінген екен, соған орналасып жатырмыз. Қалған вагондарға капитан Гундилович бастаған екінші батальонның жігіттері жайғасыпты. Бір мезгілде Рамазан ұшыраса кетті. Арқалап алған қапшығы тіпті үлкен, ішінде екі-үш адамның жүгі бар сияқты.
– Ал, Рақа, сапар оң болсын, – дедім.
– Айтқаның келсін.
– Осынша жүкті қалай арқалап келдің, қапшығыңа не толтырып алғансың?
– Керек дүние ғой. Мұның ішінде, – деді ол қапшығын иығынан алып, – қаруым – гармоным бар...
– Бригаданың жігіттері қайда?
– Олар өздерінің бөлімінде. Жеті жігітім осы составта, өзім де сендермен біргемін, он төртінші вагондамын.
– Жақсы. Жолда концерт бересің ғой?
– Міндетті түрде. Жолшыбай вагондарды аралаймыз, сауық-сайран саламыз.
Есікті ашып, далаға көз жіберсем,қалың ағаштың ішімен жүріп келеді екеміз. Түнімен қанша жер жүрдік, қай станциялардан өттік – оны біле алмадық. Әйтеуір жүріп келеміз. Түс кезінде поезымыздың жүруінен де тоқтауы көбейіп кетті. Көрінген разъезге сағаттап тоқтайтын болдық. Келесі бір разъезде осы эшелонның бастығы капитан Гундилович келіп, хал-жайымызды біліп кетті.
– Жолдас капитан, неге тоқтай береміз, – дедік Гундиловичқа.
– Соны білмедім, – болды оның жауабы.
– Күн бата бергенде біз отырған вагонға Рамазан келіп кірді. Оған жігіттер қатарларынан орын беріп қарсы алды.
– Ал, Рақа, қайдан келесің?
– Өздеріңе кіріп, амандықтарыңды білейін деп келгенім ғой. Күнімен бесінші ротаның жігіттеріне концерт бердік.
– Концертті бүкіл бригадаңмен бердің бе?
– Жоқ, өзімді қосқанда сегіз-ақ адам болдық. Басқаларымыз өз бөлімдерінде ғой. Осы аз ғана адаммен де ойын-сауық көрсетуге болады екен, әрқайсымыз төрт-бес номерден бердік, өлең айттық, би биледік, ән салдық. Концертіміз екі сағаттай уақыт алды.
– Жақсы. Ал концертіңді біздің ротаға қашан бересің?
– Осы айдың 20 күні. Одан бері батальондарда болам. Алдағы бір разъезде поездан түсем де келесі эшелонды күтем, ондағы жігіттерімді тауып алып, концерт береміз. Комиссардың бұйрығы осындай.
– Тоқтай қал, сен бізге енді үш күннен кейін келеді екенсің, ал оған дейін поезд үстінде боламыз ба?
– Оған дейін қайда болатындарыңды білмеймін. Менің білетінім; сендерге үш күннен соң келетінім. Поезда кездесеміз бе, әлде далада жолығысамыз ба –ол арасын айта алмаймын.
– Мейлің, қашан келсең де құшағымыз жаюлы, әйтеуір автоматчиктерді ұмытып кетпесең болғаны.
– Өзімді ұмытып қалуым мүмкін, ал автоматчиктерді ұмытуым мүмкін емес. Осыған келістік пе?
– Келістік.
Достарыңызбен бөлісу: |