Ең алдымен, композитор Рамазан Елебаевтың өзі туралы бір-екі сөз



бет2/3
Дата31.12.2019
өлшемі61,37 Kb.
1   2   3

Рамазан екеуміздің бұдан былайғы әңгімеміз сырласу, жөн сұрасу түрінде болып кетті. Мен оны осы уақытқа дейін сөзге сараң адам шығар деп ойлаушы ем. Оным қате екен. Ол алдымен өзінің өмірбаянын, әскерге келгенге дейін қайда, қандай жұмыстарда болғанын айтты.

– Жол қысқартайық, – деп Рамазан әңгімесіне кірісті. Біз тыңдай қалдық. – Мен 1908 жылы қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданына қарасты Өтей ауылы деген жерде кедей шаруаның семьясында туыппын. Үлкен атам Өтей деген кісі екен. Оның Ержан, Еркебай есімді екі баласы болыпты. Менің әкем Ержан жас кезінде кәсіп іздеп, Қазан, Самара жақтарынан келген татар саудагерлерінің қазақ ауылдарынан жинаған тері-терсек, жүн-жұрқасын тасуға жалданады. Ал 1896 жылдан 1910 жылдарға дейін жаз айларында әкем өзінің ағасы Еркебайды, інісі Жолдасбек пен оның әйелі Рәнді қасына алып, Самара маңындағы татарлардың малын бағады, бие сауады, қалаға апарып қымыз сатып жүреді.

– Осындай кәсіппен айналысқан әкем 1906 жыл шамасында бір татар қызына үйленеді. Бұл менің анам Сәбира еді. Одан туған мен үшке қараған кезімде, әкем ел жаққа көшу керектігін айтады, бірақ шешем оған көнбейді. Әкем де, оның туыстары да «туған елге қайтайық» дегенді шешейге өтініп те, жалынып та айтады. Шешей «бармаймын» және «өзімнің туған жерімді тастап ешқайда кетпеймін» деп отырып алады. Арада тағы біраз уақыт өтеді. Әкемнің шешейге «елге қайтайық» дегенінен ешнәрсе шықпайды. Ақыры әкем мен шешем айрылысады, шешей өз еркімен мені әкеме береді (Кейін, ержеткен соң мен шешеме талай рет барып, қонақтап жүрдім.)

1919 жылдың күзінде әкем мені Ахметжан дейтін молдаға берді (Бұл кезде біздің ауыл түгіл сол маңда мектеп болмайтын.) Одан оқып, ешнәрсе жарыта алмай жүрген кезімізде, 1920 жылдың сентябірінде ауылдан мектеп ашылды. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, отыз шақты бала бірінші класқа түсіп оқи бастадық. Жасым он екіге келіп қалса да бірінші кластамын, беске келгендер де бар еді.

– Он екідегі бала бесінші класта оқуы керек қой, – деді бір жауынгер.

– Оныңыз дұрыс. Бірақ қазақ ауылдарында мектеп дегеніміз 20-жылдардың бас кезінде ғана ашыла бастағанын, ал одан бұрын біздің маңда мектеп болмағанын еске алсақ, 12-15 жасар балалардың бірінші класта оқуы таңқаларлық нәрсе емес еді.

– Сөзді бөлмеңдер, айта беріңіз, Рақа, – деді автоматчик Жұмажанов.

– Сонымен ауылдық мектепте оқи бердім. Бізге Бабаұлы Андықожа, Азнабаев Рамазан дейтін мұғалімдер сабақ берді. 1924 жылы Шортан қаласына келіп, Тоқсанов Қайырбек дейтін бала екеуіміз орыс мектебіне түстік. Орыс тілін үйрене бастадық. Бұл жөнде бізге көп көмек көрсеткен ағаш күзетшісі Петр Алексеевич Иванов пен оның қызы Анастасия Петровна болды. Біз сол Ивановтың үйінде пәтерде тұрдық, үй иесі де және оның балалары да қазақшаға судай. Осы адамдар орыс тілін үйреніп, орысша білім алуыма себепкер болды. Және де Иванов шебер гармонист еді, ол, әсіресе, жексенбі күндері серуендеп көшеге шыққан қала жастарының ойын-сауығын басқарып, дуылдатып жүретін. Оған еріп біз де ойынға баратынбыз. Олардың ойын-сауығы бізге қызық көрінетін. Сөйтіп жүріп мен гармонь үйренуді арман еттім. Бұл арманыма жетуіме көмектескен де Петр Алексеевич болды. Ол маған өзі тартатын Саратов гармонын үйретті. Содан бала кезімде үйренген домбыраға енді гармонь келіп қосылды.

Шортан қаласындағы орыс мектебінен табаны күректей төрт жыл оқыдым, бастауышты бітірдім. Алдағы оқудың жөні қалай болады екен деп жүргенімде «Әбілқайыр Досов Бурабайға демалысқа келіпті» деген хабар дүңк ете қалды. Қазақстанда совет өкіметін орнату жолында көп еңбек сіңірген және сол кезде Москвада жауапты қызметте жүрген Әбілқайырдың мұнда келе қалғанына қатты қуандым. Одан ақыл, көмек сұрайын деп Бурабайға бардым. Әбілқайыр мені інісіндей, ең жақын тумасындай қарсы алды. Орыс тілін білетінімді құптап:

– Тағы да оқуың керек қой, – деді.

– Өзім де сізге оқу туралы келіп тұрмын. Оқуға жібертіңіз, оқығым келеді.

– Жарайды, көмектесейін. Осы айдың 20-сы күні осында кел, оқуға ала кетем.

Әбілқайыр ағайдың бұл сөзіне басқа жауап таба алмаған басым, «рахмет, рахмет, айтқан күніңізде келем» дей беріппін. Сонымен, август айының 20-сы күні ағайға келсем, мен секілді тағы үш бала отыр екен. Ол бәрімізді оқуға белгіледі, мені Орынбор рабфагына орналастырды. Бұл 1927 жыл еді.

Орынбор рабфагында оқып жүрген кезім. Күнделікті сабақпен қатар менде сурет салуға әуестенушілік пайда болды. Кей кезде сабақ үстінде отырып та сурет сала беретінді шығардым. Жанымдағы жолдастардың, кейде мұғалімдердің бейнесін альбомыма түсіре бердім. Мұның үстіне пианино, гитара, балалайка сияқты музыкалық аспаптарды үйренудемін.

20-жылдардың аяғында Орынбор үлкен қала, мәдениетті қала еді. Мұнда мектептер, әртүрлі оқу орындары, газет, журнал, баспа мекемелері, кино, театрлар, мәдениет ошақтары көп болатын. Мен сол кезде театрға барғыш, музыка тыңдағыш болып алдым. Театр мен музыкасыз өмір мен үшін бос өмір сияқты еді. Осындай сезінудің әсерінен бе, музыкаға берілгендіктен бе, әлде басқа себебі бар ма, ол арасын қазір айта алмаймын, әйтеуір Орынборда оқып жүрген кезімде өз жанымнан ән шығаруға талпындым. Кей күндері гармонымды не домбырамды алып қала сыртына, ағаш арасына кетіп қалып жүрдім. Далада жападан жалғыз, жынды кісідей гармонь не домбыра тартам, ыңылдап ән салам. Жаңа да тың ән іздеймін, бірақ оны бірден таба алмай сілемді қатыратын ем.

Сонымен, 1930 жылдың жазында Орынбордан Алматыға келдім. Арманым: қазақ театрына орналасу, сонда қызмет атқару. Театрға да келдім, бірақ, мені артістік қызметке алмады. Сөйтіп жүргенде мен осындағы қазақ атты әскер полкына шақырылып, екі жылдай қызмет атқардым. «Жолдастар» дейтін әнім осы полкта шығарылған және оның жауынгерлеріне арналған еді.

Әскер қызметінен босанысымен, қазақ театрына қайта келдім. Театрдың оркестріне музыкант болып алындым және театр қасынан ашылып, әртістік қызметке даярлайтын студияға тыңдаушы ретінде түстім. Студияда музыканың, өнердің тарихы, теориясы мен тәжірибесі жайында лекциялар, сабақтар өткізіледі. Бәрі де пайдалы. Мен нота жазуын осында үйрендім де, өзімнің «Жолдастарымды» нотаға түсірдім.

Студияның кейбір тыңдаушыларын театр басшылары қосалқы рольді атқаруға тарта бастады. Соның бірі мен болдым. Мен Қазақстанның бүгінгі халық артісі Жүсіпбек Елебековке серік болып «Сүңгуір қайықтағы» радист матростың ролін ойнадым. Және осы постановканың сахналық-декорациялық кейбір картиналарын салысуға қатыстым. Сурет демекші, Алматыға келіп қазақтың драма театрында, одан соң филармонияда істеп жүрген кезімде де оны тастаған жоқпын. Осы кезде Сәкен мен Ілиястың, Мұхтар мен Бейімбеттің, Күләш пен Жамбылдың портреттерін жазғаным бар еді.

– Сонда немен жазатын едің?

Қарындашпен, көмірмен, кейде майлы бояумен.

– Сол жазған картиналарың қайда?

– Оның кейбіреуі Алматыдағы жолдастарымда қалды. Шынын айтайын, менде суретші болайын деген ой болған жоқ, әшейін әуесқойлық қой. Айпақшы, әндерімнің нотасын да құнттап сақтаған адам емеспін. Әр жерде қалып қойды ғой.

– Сонан соң не болды? Театрға алындыңыз ба? – десті Рамазанның әңгімесін тыңдап отырған жігіттердің біреуі.

– Жоқ, жаңағы студияда тыңдаушымын, театрдың оркестрінде музыкантпын, кейде қосалқы рольдерді орындауға қатысам. Бірақ артист емеспін. Менің артист болғым-ақ келеді, амал не орын жоқ. Сөйтіп жүрген кезде менің біраз жолдастарым: «дәрігерлік институтқа түсіп оқы, саусақтарың ұзын, жақсы хирург боласың» деп әзіл-шыны аралас үгіттей бастады. Бұл да ақыл екен дедім де, 1934 жылы Алматыдағы дәрігерлер дайындайтын институтқа түсіп кеттім, оның екі курсын бітіріп те тастадым. Байқаймын, менен дәрігер шығатын түрі жоқ сияқты. Қой, шатаспайын, жасымнан жақсы көретінім өнер мен музыка еді ғой, енді олардан айырылмайын дедім де, дәрігерлік институтпен қош айтыстым. 1936 жылдың бас кезінде қазақ филармониясына қызметке алындым. Мұнда жүріп ән де шығардым, сурет те салдым. «Қазақстан», «Қуаныш жолы» дейтін әндерім осы кезде туған еді.

Филармонияда істеп жүрмін, ән мен күйдің ортасындамын. Құлашты кеңінен сілтейтін кез келген сияқты. Бірақ ол үшін білім керек. Сол сәтте осы ойымды Ахмет Жұбановқа айттым.

– Оқимын, музыкалық білім аламын дегенің өте орынды, мен мұныңды қатты қолдаймын, – деді Ахмет. – Москваға тарт. Москвада А.В.Луначарский атында театр өнері институты бар, соның композиторлар даярлайтын бөліміне түсіп оқы.

Ахаңның бұл ақылы көңілге қона кетті, мен Москваға тарттым. Театр өнері институтының композиторлар даярлайтын бөліміне түсу үшін емтихан тапсырады екен және жазылған бір шығарма болу керек екен. Мен «Біржан-Сара» дейтін музыкалық пьеса жазып бердім. Онымды комиссия жоғары бағалады, сөйтіп мен институтқа алындым.

Институтты да бітірдік. Бүгін-ертең диплом аламыз деп тұрғанымызда соғыс басталып кетті. Әрқайсымыз келген жерімізге аттандық. «Дипломды арттарыңнан жібереміз» деп институт басшылары қалды. Тартып отырып Алматыға келдім, филармонияда қызмет істей бастадым. Бірақ жұрттың бәрі қолдарына қару алып, жауынгерлік сапқа тұрып жатыр. Сол кезде мен де военкоматқа арыз беріп, әскерге алуды өтіндім. Бұл өтінішім қабыл болып, осында келіп қалдық қой... – деп Рамазан әңгімесін аяқтады.

– Уа, бәрекелді, көп жаса, інім, – деп автоматчиктердің ағасы, Москва үшін жүргізілген ұрыстардың батыры, жасы қырыққа келіп қалған жауынгер Іңкәрбала Иманбеков Рамазанның қолын алды. – Әңгімең әдемі екен. Өзің шамасы, ән шығаратын жігітсің-ау, ә. Олай болса, осы отырған гвардеецтер туралы бір әдемі ән шығарып беруді ұмытпа, бәріміз айтып жүрелік.

– Іңкәр аға, мұндай тілекті Рақаңа айтқанымызға біраз уақыт болды, – дедім, – уәдесін берген. Айтулы ерлік болса, әдемі ән де шығаратыны сөзсіз ғой.

– Рақа, өмірбаяныңыз қызық екен, – деді жауынгер Жарқынбаев. – Қазір туған-туыстарыңыз қайда?

– Біздің ауыл колхоздастыру кезінде «Сәуле» совхозы деп аталған екен. Әкей сонда 31-жылы дүние салды, марқұмға көрсеткен құрметім: басына құлпытас орнату ғана болды. Екінші шешем Зейнеп деген кісі еді. Одан Шәмшия, Ақантай, Қанапия есімді бауырларым бар. Ақантай майданда жүр, ал басқалары елде.

Манадан бері Рамазанның әңгімесін зейін сала тыңдап отырғандардың бірі автоматчик Төлеген Тоқтаров орнынан тұрды да менің қасыма келді. Бір сұрауы барын айтты. Сондағы сұрағаны:

– Әдемі ән ерліктен туа ма, әлде әдемі әннен ерлік туа ма? – деді.

– Өзің қалай деп ойлайсың?

– Менің түсінуімше, – деді Төлеген, – әдемі әннің шығуына әйгілі ерлік себепкер болуы керек. Ерлік болса ән туады, ал ән қанша әдемі болғанымен де айтулы ерлікті тудыра білмеуі мүмкін.

– Төлегеннің бұл айтқаны дұрыстыққа келеді, – деді Рамазан. – Әдемі ән үлкен оқиғадан туады. Сондай әнді шығару міндетін мен алайын, бірақ оның тууына себеп болатын ерлікті сіздер алыңыздар.

– Болсын, бұған біз де келістік, – деп Төлеген күліп қойды.

Осындай әңгімемен отырғанда түн ортасы ауып кетіпті. Жігіттер демалуға кірісе бастады. Әлден уақытта бір кішкентай разъезге келіп жеттік. Сол жерде Рамазан вагоннан түсіп қалды да:

– Мен кейінгі эшелонды күтем, ал өздеріңе жиырмасы күні келеміз, – деді.

– Жақсы, күтеміз.

Рамазан уәдесінен шықты. Ол январьдың жиырмасы күні қасына алты «артисін» ертіп біздің вагонымызға келді. Қолдарына домбыра, гармонь, аккордеон ұстаған оларды біз қуана қарсы алдық.

– Концертімізді бастаймыз, – деп Рамазан құлақтандыруын айтып, жігіттердің тыныштық сақтауын сұрады.

Концерт басталып кетті. Әр тілде өлең де, тақпақ та, күлдіргі әңгімелер де айтылып жатыр, әдемі әндер мен билер орындалуда. «Артистердің» бір номерінен екіншісі асып түсуде. Олардың бір жарым сағаттық концерті аяқтала бергенде, біздің жігіттер өнер көрсетуге кірісті. «Үйдің үш ауызы», «ауылдың алты ауызы» дегенді Иманбеков пен Ненахов айтып шықты. Ал орысша, қазақша, татарша, ұйғырша, украинша ән салушылар да табылды. Бұл ретте Тоқтаров, Бахолдин, Изюмов, Гатченко сияқты автоматчиктер жолдастарының құрметі мен алғысына ие болды.

Майданға аттанған жолдастарына концерт беріп мәз-мейрам еткен Рамазандарға шын көңілден алғысымызды айтып жатырмыз. «Тағы да келіңдер, еңбектерің жемісті бола берсін» дегенді айтудамыз.

Біздің эшелонымыз январь айының 22-күні кешке қарай Дворцы деп аталатын кішкене станцияға келіп тоқтады. Эшелон бастығының бұйрығы бойынша қару-жарақ, нәрселерімізді алып вагондардан түсе бастадық. Осы эшелонмен келген роталардың командирлері мен политруктарын полк командирінің орынбасары капитан Момышұлы жинап алды да, қысқаша мәжіліс өткізді. Ол осы арадан майдан шебіне жақын қалғанымызды және осыған орай алда тұрған міндетімізді айтып берді.

Қалың ағаш іші. Күртік қар, жолсыз жер. Күн аяз. Полк командирінің бұйрығында көрсетілген маршрутпен батысқа қарай тартып барамыз. Кейде күндіз, кейде түнделете жүріп келеміз.

Келесі бір күні Быки деген селоның маңындағы қалың ағаштың ішіне келіп тоқтадық. Осы арада демалмақпыз. Ротадағы жігіттер шалаштар жасап, от жағып жатыр. Бәрі де тынығу, демалу қамын істеуде. Шіркін, жастың аты жас қой. Олар бірнеше күнгі жаяу жүріске бой алдырмаған сияқты. Кейбір шалаштардан әдемі әзіл, күлкі де естіледі.

Соловьев екеуіміздің де шалашымыз дайын болды. Оның ішіне от жағып, жайғаса бергенімізде қолында жаңа автоматы, иығына асып алған санитарлық сумкасы бар Рамазан келіп кірді.

– Уа, Рақа, жоғары шық, төрлет, – деп оны қарсы алдық.

– Композитор жолдас, көрінбей кеттің ғой, – деді Соловьев.

– Көрінбегенім рас, оның себебін айтайын, – деп Рамазан жауап қайыра бастады. – Осыдан екі күн бұрын мені комиссар шақырып алды да, жақын арада жаумен айқасқа кірісетінімізді айтты. Бұл ұрыс кезінде концерт беруге мүмкіндігіміздің болмайтындығын және оған қолымыздың тимейтіндігін ескертті. Содан кейін комиссар: концертке қатысатын жігіттердің бәрі де өз бөлімдерінде болып, жауынгерлік міндетін атқаруға кіріссін деді. Мен санротама барып, кешеден бері санинструктордың міндеті мен қызметін үйрене бастадым. Бүгін қолыма автомат және санитарлық сумка алдым. Ұрыс уақытында қай батальонда боларымды әзірге білмедім.

– Полктық санротаның санинструкторлары ұрыс кезінде батальондарға бөлінеді ғой, – деді Соловьев, – сіз, жолдас композитор, біздің ротаға сұранып келіңіз.

– Бұл айтқаныңыз маған қатты ұнайды. Бірақ сіздерге келу, келмеуім менің қолымда емес қой.

– Жақсы, сізді автоматчиктер ротасына бөлуді өзім сұрап алайын, – деді Соловьев.

Ертеңіне Cоловьев полктағы санротаның командирі Валентин Александрович Кирилловқа барып, Рамазанды өзімізге ертіп әкелді. Міне, сол күннен бастап, Рамазан Елебаев автоматчиктер ротасында санинструкторлық қызмет атқара бастады.

Жауға қарсы қолма-қол ұрысқа кіріскен кезде санинструктордың қызметі өте қиын да жауапты болады. Оның негізгі міндеті: жаралыларға жәрдем беру, өз бетімен жүруге жарай алмайтындарды кейінгі жаққа шығару, ұрыс майданында жаралы жатқан жауынгерлерді жаудың нөсерлей төгілген оғына қарамастан өлімнен құтқару, қандай жағдай болса да ұрыс алаңында жаралыны қалдырмау. Бұл сияқты міндеттерді орындау үшін санинструктордың өзі ержүрек, батыл да өжет болуы керек. Міне, осындай батыр санинструктордың бірі Рамазан болды. Бұған бір-екі мысал келтірейік.

Февральдың екісінен үшіне қараған түн. Полктың алдыңғы отряды болып келе жатқан автоматчиктер Ново-Свинюхово деп аталатын деревняға кіріп келді. Бұл деревняда бекінген жау бізді біліп қалды, оның сыртта тұрған күзетшілері мылтық атып дабыл қақты. Сол жерде атыс басталып жүре берді. Жас автоматчиктер қолма-қол соғысқа бірінші рет кіріп отырғанына және ұрыс салу тәжірибелерінің жоқтығына қарайтын емес. Олар жауға өрттей тиісе отырып, таң ата Ново-Свинюховоны дұшпаннан тартып алды, жаудың көптеген адамы, техникасы, қоймалары қолға түсті.

Біздің жігіттер жауға қарсы түнде бастаған шабуылын күн көтеріле үдетіп жіберді. Осындай жойқын ұрыстар жүргізіп бара жатқан автоматчиктердің қатарында Рамазан кетіп барады. Ол жаралы болған жолдастарына жәрдем көрсетіп, кейінде тұрған дәрігерлік пунктқа жөнелтіп келеді.

Күн бата шабуыл бәсеңдеді, күнімен күркіреген атыстар да басылды. Біз қалың ағаш ішіне жиналдық, жігіттер тамақтануға, демалуға кірісті. Бұдан бұрынғы ұрыстардан алған тәжірибеміз бойынша жауынгерлерді түгендей бастадық. Әр жерде жігіттердің әзіл-күлкісі естіледі. Күндізгі ұрыстарда кімнің қандай ерлік жасағанын, жауды қалай қуғандарын айтып жатыр.

– Нағыз батыр деп сержант Тимонинді айту керек. Бір өзі бес фашисті ұшырып түсірді ғой.

– Ер деп мына Қыраубаевты айтсайшы. Өзі кіп-кішкентай бола тұрып, жаудың бір дөкейін тұтқындап әкелді.

– Есінен айрылған жау алды-артына қарамай қашады екен.

Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді деген бар емес пе?

– Бәлемдерге сол керек. Жаудың зымырай қашқанын ертең де көрерміз. Тек қуып үлгер.

– Жауды осылай дүркірете қусақ, соғыс ертең-ақ бітетініне сенем.

Бұл сөздер басқыншы жаумен қолма-қол соғысқа бірінші рет қатысып отырған жас автоматчиктердің бүгінгі ұрыстан алған алғашқы әсері еді. Соның өзінен олардың сенімі, жауды жеңетіндігі байқалады.

Шеткерірек тұрған бір топқа келсем, ротаның старшинасы Шупилько мен Рамазан және бірнеше жігіт отыр. Орталарында кішкене қол шана. Бір жігіт шанаға арқаннан жетек тағып жатыр.

– Бұларың не? – дедім амандасқаннан кейін.

– Қол шана ғой, – дейді Рамазан. – Ауыр жаралыларға керек екен.

– Бүгін қанша адамымыз жаралы болыпты?

– Сегіз жігіт жаралы, оның бесеуін кейінге жібердік. Өзгелері осында, – деп Рамазан жағдайын айтты. –Апырай, шабуыл дегенің қызық болады екен ғой.

– Несі қызық екен?

– Бәрі қызық. Жаудың дүркірей қашқаны, қарсыласа алмай қашқаны, қарсыласа алмай зытқаны. Ең қызығы жас автоматчиктердің тайсалмай алға ұмтылуы, жаудың есін тандыра сүмеңдеткені.

– Бұл тек бастамамыз ғой. Ұрыстың үлкені де, қызығы да алда.

– Тағы бір байқаған ғажабым, – деді Рамазан, – жастардың өткірлігі. Тіпті, жаралы болған жігіттердің жарасына қарамай ұрысқа ұмтылуына қайран қалдым. Бірінші взводта өзіммен бірге Алматыдан келген Воробьев деген автоматчик бар еді. Түс кезінде ол басынан жаралы болды, көмек көрсеттім де жарасын таңып беріп, «енді кейін қайт» дедім. Ол сөзімді тыңдамай, ұрыс жүріп жатқан жаққа қарай жүгіре жөнелді. Ал аяғынан жараланған Каримов дейтін ұйғыр жігіті «жарамды тезірек байлап берші, қатардан қалмайын, фрицтерден кегімді алайын» дейді. Міне, өжет деп осыларды айт. Соларды көріп өзің де өжеттеніп кетеді екенсің.

– Иә, мұндай өжет те батыр жігіттер бәріміздің мақтанышымыз ғой. Айтпақшы, өзің ұрысқа кіріскен жоқсың ба?

– Жоқ, мен бүгін жігіттердің ерлігін бақылаушы ғана болдым. Жаралыларға көмек көрсеттім. Соғыс дегеннің не екеніне енді-енді түсіне бастаған сияқтымын.

– Мұның жақсы екен. Бірақ сақ болғайсың.

Жауға қарсы жүргізілген шабуыл келесі күні мейілінше үдеп кетті. Жау әрбір қолайлы жағдайды пайдаланып, шегіне соғысу әдісіне салып барады. Бүгін полк командирі біздің ротамыздың екінші взводын резервіне қалдырды да, басқа екеуін шабуылдап кетіп бара жатқан батальондарды қолдауға шығарды. Бірінші взводты алып Соловьев үшінші батальонға тартты. Және ол өзімен бірге Рамазанды да ала кетті.

– Жолдас композитор, – деді Соловьев Рамазанға өзінің әдеттегі әзіліне салып, – кеттік.

– Қол шанамды алайын ба?

– Әрине, алғаның жөн, керегі болады.

Бүгінгі шабуыл да сәтті болды. Жаудан көптеген селоларды тартып алдық және көш ілгері барып қалдық. Күн батқан соң, әдеттегідей, қайта жиналдық, жігіттердің хал-жайын біліп, бүгінгі ұрыстың қорытындысын шығарудамыз.

– Композиторымыз ер жігіт екен, – деді Соловьев. – Оның бір ерлігіне бүгін өзім куә болдым.

– Қандай?

– Бері кел, картадан көрсетейін, – деп Соловьев планшетінен картаны алды. – Мына Трошки селосына жете бергенде жау қатты қарсылық көрсетті, бізді ілгері бастырмай атқылап берді. Батальон командирінің бұйрығы бойынша, қасыма бір топ автоматчик алып селоның солтүстігіне қарай ұмтылдым. Алғарақ кеткен бір автоматчигім аяғынан жараланды, ол не ілгері, не кейін кете алмай оқтың астында қалды. Сол кезде қасымда тұрған композитор қол шанасын сүйрете ілгері еңбектей жөнелді. Жолдастарына көмекке бара жатыр. «Тоқта!» дегеніме қарар емес. Ол еңбектей отырып жаралы жолдасына да жетті, оны шанасына салып ала бергенде оң жағынан екі неміс келіп қалды, композиторды және автоматчикті «тіл» ретінде алып кетпек. Композитор жаңағы екі немісті байқап қалды білем, автоматын зырылдатып қоя берді, немістің екеуі де домалап түсті. Енді не істер екен деп бақылап тұрмын. Ол жаралы жолдасын шанасына салды да, сүйретіп алып келді. Міне, композитордың осы ерлігін өз көзіммен көрдім.

– Жаралы кім екен?

– Автоматчик Бейісов. Екі аяғынан жаралы екен. Оған композитор көмек көрсетті де, кейінде тұрған санитарларға табыс етті. Осы ерлігі үшін композиторды наградаға тапсыруымыз керек. Шынымды айтсам, мен оны интеллигент адам ғой, соғыста ерлік жасай алар ма екен деп ойлайтын едім. Оным теріс екен.

– Иә, бұл жақсы ерлік екен. Мұны композитордан күткен әдемі әніміздің алғашқы әуені, бірінші жолы делік.

Панфиловшылардың жауға қарсы 1942 жылдың февраль айында бастаған жойқын шабуылы күннен-күнге үдеп барады. Жаудың мықты деген қорғаныстарын бұзып өтудеміз. Осы ұрыстар кезінде біздің автоматчиктер де айтарлықтай ерлік жасауда. Олардың тамаша ерліктері фашистерден, әсіресе, Бородино селосын тартып алған кезде көрінген-ді. Алдын ала күшті бекініске айналдырған бұл селоны біз жаудан февральдің алтысына қараған түні тартып алғанбыз.

Жау Бородиноны тастап кеткісі келмей және оны бізден қайырып алмақ болып үш күн бойына қарсы шабуыл жасады. Бірақ жаудың онысынан ешнәрсе шықпады. Өйткені бұл селоны фашистерден босатысымен-ақ капитан Гундиловичтің батальоны қорғаныс жасап алған болатын-ды. Полк командирінің бұйрығы бойынша біздің автоматчиктер ротасы Гундиловичтің қарамағына берілген-ді. Біз батальонға қосылып және оны қолдай үш күн бойына жаумен қатты айқасқа түстік. Осындай айқастың алғашқы күні Рамазан аяғынан жаралы болып жүре алмай қалды. Оны батальонның санвзводына Ербатыр Ермековтың өзі алып келіп, жарасын байлап берді.

– Фашистер саған да куәлік берген екен, – деді Ербатыр Рамазанға. Бұл сөзге түсінбей қалған Рамазан:

– Куәлігің не? – деді.

– Немістің ефрейторы ма, солдаты ма, әйтеуір біреуі «қазақ композиторы Елебаев соғысқа қатысып аяғынан жаралы болды. Соны куәландырам» – деп аяғына оқпен мөр басқан екен. Мен соны айтамын, – деп Ербатыр әдеттегі қалжыңын айтып жатыр.

– Осы сенің-ақ қалжыңың таусылмайды екен, – деп Рамазан күліп жіберді. – Біреу жаралы болып жатса, сен оны күлкіге айналдырасың.

– Құдай әзіл-күлкіден айырмасын. Ал сенің жараң түкке де тұрмайды, сүйегің аман, тек сол аяғыңның тарамысы жыртылыпты. Келесі шанамен санротаңа жөнелтем, бір жұмадай сонда жатып емделесің. Содан соң қайтадан қатарға қосыласың.

Күн бата Рамазан полктың санротасына жөнелтілді. Сол кеткеннен ол біздің ротаға қайтып оралмады, бірінші батальонға санинструктор болып кетіпті. Осыған байланысты ол автоматчиктердің Бородиноны қорғауда және одан кейін де жасаған ерліктерін өз көзімен көре алмады.

Февральдың 23-і. Қызыл Армияның 24 жасқа толған ұлы мейрам күні.

Түс кезі. Қалың ағаш ішіндегі бір алаңға әрбір батальондардан топ-топ жігіттер келе бастады. Бұлар өткен шабуылдарда тамаша ерліктер жасағаны үшін үкімет наградасына ұсынылған командирлер мен жауынгерлер еді. Бүгін оларға ордендер мен медальдар тапсырылмақ. Сол үшін жиналып тұрмыз.

Жиналған жігіттерге Капров, Мұхамедьяров, Момышұлы, полк штабының бастығы капитан Мамонов, партия ұйымының секретары Александр Астахов тағы бірнеше командир келді. Полковник Капров жауынгерлерді қызыл армия күнімен құттықтады. Содан кейін фашистерге қарсы ұрыстарда айтарлықтай ерліктер жасап, айбынды міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін наградталған командирлер мен жауынгерлерге ордендер мен медалдар тапсырды. Рамазан Елебаев, Александр Соловьев, Балтабек Жетпісбаев, Павел Гундилович, ал, автоматчиктерден Николай Ненахов, Василий Тимонин, Іңкәрбала Иманбеков, Насыр Изимов, Жұмажан Батталов тағы бірнеше адам «Қызыл Ту» орденін алды. Ербатыр Ермековке «Қызыл Жұлдыз» тағылды. Ал автоматчик Төлеген Тоқтаров пен осы жолдардың авторы Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғаны жарияланды.


Каталог: sites
sites -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
sites -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
sites -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
sites -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
sites -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
sites -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
sites -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
sites -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
sites -> Өмірбаяндық деректеме
sites -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет