Әл-фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі
білім беру факультеті
Наралиева Р.Т.
Қазақ халқының бата беру дәстүрінің ұлттық құндылығы мен маңызы
Қазақ халқының әлемдегі өзге халықтар секілді ұлттық салт-санасы мен дәстүрі бар. Қазақтың сан ғасырлардың барысында өзіндік бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрі қалыптасты. Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері үй ішіндегі отбасылық және адамдардың өзге де топтары арасындагы өзара қарым-қатынастардың әдебін қалыптастыруда үлкен тәрбиелік рөл атқарды. Үлкен тәбиелік мәні бар бата беру дәстүрі қазақтардың әдептілігінің көрінісі ретінде танылады. Осы тақырыпты таңдаған себебім, жерлестерімнің өздері білім алып жатқан елдің, қиыншылықта қол созып бауырмалдығын танытқан ізгі жанды қазақ халқының салт-дәстүріне деген қызығушылығын арттыру, қазақ халқының әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып және эстетикалық танымы мен тәрбиелік мәнін байланыстыра қарастыру еді. Қазақ елі әлемдік аренада өзінің лайықты орнын алды. Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енді. Кен-қазынасымен қатар, рухани байлығы да мол ел екендігін әлемге танытты.Салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын да дүние жүзіне таныстыра отырып, ұлттық құндылықтарға қаншалықты бай халық екенін көрсетті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы назарбаев 2015 жылғы кезекті жолдауында: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады» – деп, салт-дәстүрді жандандырудың маңызын көрсетіп берді. Қазақ халқының салт-дәстүріде қазақ халқымен мәңгілік бірге жасай бермек. Бата беру дәстүрі баға жетпес ұлттық құндылық ретінде қазіргі Қазақстанның әлеуметтік әдебінің, тұрмыс салтының негізін құрайды. Батаның көптеген түрлері бар: ақ бата, ас қайыру немесе дастарқан батасы, үлкен тамақ алдындағы ас батасы, серттесу батасы, жол батасы, көші-қон батасы, жаңа ай батасы, соғым батасы, наурыз батасы, жарапазан батасы, жас отау иелеріне арналған бата, өлім шыққан үйге айтылатын бата, тағы да басқа жайттарға байланысты айтылатын бата түрлері көп. Қазақ халқының бата беру дәстүрі тамыры тереңнен бастау алады, халық тарихымен тағдырлас, қиын уақыттың небір талқысына да түссе де, елдің тұрмыс салтында тайға таңба басқандай айқын із қалдырған, бүгінгі күнге жетсе де, тынымсыз талғампаз талай ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болған тағылымы мол тамаша мұрамыз ретінде қарастырылған.Қазақ халқының тыныс-тіршілігінде бата беру дәстүрі кеңінен етек алған. Бата беру, бата алу, бата сұрау салты әрбір маңызды шаруаға кірісер немесе үлкен жолға шығар алдында міндетті саналады. Бата поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып, кейде бата сұраушы адамға арнап беріледі. Бата беруші адам өзгелерге жақсылық, береке, бақ, табыс тілеп, бата береді. Әдетте батаны жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ беруі тиіс. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру «аумин» деген сөзбен аяқталады. Бата алушылар батаңыз қабыл болсын деген тілекпен ашық алақандарымен бетін сипап қабыл алады. Бата алу барысында ер адамдардың жаюлы қолдары кіндіктен төмен, ал әйелдердікі кеудесінен жоғары болуы шарт.
Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды, ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда әркім ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі, марқұмның өзіне де, артында қалған үрім-бұтағына да ізгі тілектер білдіріледі [1].
Қазақ халқымыздың бүгінгі күні де рухани маңызын жоғалтпаған ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі – бата, тілек, өсиет. «Сөз арқылы жаратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады», – деп түсінген қазақтар: «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», – деді. Қазіргі кезде ғалымдар да сөз құдыретін жоққа шығармайды, сөз арқылы өзге адамның іс-әрекетіне ықпал етуге болады, деген тоқтамға келіп отыр. өнер алды – қызыл тіл – деп, сөздің бағасын жете түсінген, асыл сөзді ардақтай білген қаза халқы ізгі ой-пікірді уағыздап, соңынан ерген ұрпағына оңықылас білдірген, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді игі халықтық дәстүрге айналдырған. Қазақтың бата сөзінің шығу тегі туралы этнограф ғалымдардың пікіріне жүгінсек: «Ата-бабаларымыздың өсиет батаның шығу тарихы әлі терең зерттелген жоқ. Алайда бірқатар тіл мамандары: «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі», – дейді. Яғни, бата – фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз» [4, 69 б.]. Ал сөз – бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш. Өзінің адал жаны, бүкіл рухы, өткен тарихы сөзге тығыз байланысты қазақ халқы ақ батаның ізгі сөздеріне сүттей ұйып, оның құдіретті күшіне шексіз сенеді. Жақсы бір істі қолға алғанда өз мақсатына жету үшін Аллаһ Тағалаға жол іздеп, оны Жаратқан Иеміздің рұқсатымен бастау үшін әуелі ниетін түзеп, бүкіл ойын, тілегін сығымдап, сөз арқылы бір арнаға құйып, Раббымыздан «Ісімді оңғара көр», – деп сұрайды, басқаға тілек айтып, бата бергенде де оның қабыл болуын Аллаһ Тағаладан тілейді. Олай болса, тілек айту, бата беру – Аллаһ Тағалаға жол іздеудің, онымен байланысудың Ғаламдық күш-құралы, дүниетанымымыздың ұлттық бір жүйесі. Ақ бата – қазақ халқы үшін – Ой, Ниет, Тілек, Істің жиынтығы, барлық наным-сенімнің бірлігі. Сол себепті, қазақ халқы көне – көк түрік заманынан қазірге дейін өзінің барлық ізгі істерін ақ тілекке толы ақ батамен бастап келеді, келешекте де әр қадамын ақ батамен аттайтын болған [2].
Ал бата түрлеріне келсек, халық арасында ақ бата, теріс бата немесе оң батасын, теріс батасын берді деген ұғым бар. Ақ бата – шын жүректен шыққан ізгі тілек, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнамасы, қазақтың қасиетті тұмары, ұрпағына ата-бабаларының қалдырған өсиетнамасы, қазақ ұлтыүшін теңдесі жоқ асыл сөз. Ақ батаның басты мақсаты – ағайынның, адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағатын білдіру, сүйіспеншілігін, бауырмалдық қасиетін ояту, арттыру, ынтымақ-ырысқа, береке-бірлікке шақыру, үлкен-кішінің жолын ашу, болашақта іске асырылатын мақсат, мүдделерін айқындау, ізгі жолға бағыттау. Ақ бата көбіне жарық дүниенің есігін енді ашқан жас нәрестеге, өмірдің үлкен жолына қадам басқан ұл-қызға, жас отауға – жас жұбайларға, алыс жолға шығушыларға, үлкен бір істі қолға алушыларға, жорыққа, әскерге аттанушы сарбаздарға, әртүрлі жақсылықтарға арнап жасалынған тойларға, аруақтарға арналған асқа, жауын тілеген тасаттыққа, жиналған егінге, садақа, құрбандыққа, қонақасыға, күздік, соғымға сойылған малға, сойылған соғым басына, қонақасыға, Наурызға (Наурыз бата), Жаңа жылға, мүшел жасқа, дастарқанға, Ораза ұстағандарға (Жарапазан бата) беріледі, ақ дастарқан басында айтылады.
Теріс бата – қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны әке-шешесі сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата-тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған баласына қолдарын теріс жайып тұрып берген. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген. Ата-анасының теріс батасын алғандарды халық жек көрген, оларға сенім артпаған, қонаққа шақырмаған, қыз беріп, қыз алыспаған, дос болмаған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұртты жинап, жаратушыдан теріс батаны өзгерту сұралып, жалбарыну рәсімдері жасалынған. Тірі болса, ата-анасы: «Теріс батамды қайтып алдым», – деп айтқан. Адамдар қаншама ашуланып, қорланып, намыстанса да, теріс бата беруге асықпағаны, теріс бата беруден сақ болғаны, теріс батаға мән бермей, айтып қалудан бойын аулақ ұстағаны абзал. Сол себепті «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дегенді ұмытпаған жөн [3]. Теріс бата қарғыс болып саналады. Теріс бата беру сәті «Қыз Жібек» көркемфильмінде көрсетіледі. әкесі Базарбайдың ақ батасын алмаған, теріс батасын алған Төлеген – фильмнің басты қаһарманы, сүйген жары Қыз Жібекке жете алмай, жарты жолда қызғаныш пен зұлымдықтың құрбаны болады. Бекежанның қолынан мерт болады. Сонымен қатар ақ бата, теріс батамен қатар серттесу батасы да бар. Серттесу батасы (Баталасу) – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын әдеп-ғұрып. Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды. Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Қазақ халқының ақ тілек-бата сөздері жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, дәулетті – бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға талапты, мықты боп ер-азамат болып өсуге, отаншылдыққа тәрбиелейді. Белгілі бір этикалық, эстетикалық, педагогикалық желімен құрылған тілек-бата сөздер халықты өзімен бірге келе жатқан ежелгі мұрасы. Қазақ халқының бата беру дәстүрі – халықтың рухани өмірінде тұтастық пен берек-бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқаратын, тәрбиелік мәні зор салт.
Пайдаланған әдебиеттер
1.Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2-том. Дүниеге келгеннен өмірден озғанға дейін (отбасылық әдет-ғұрыптар ертеректегі авторлардың еңбектері бойынша). Құрастырған С.Е. Әжғали. Алматы: «Арыс» 2006. 416-бет;
2. Калыш А.Б., Мейрманова Г.А. Қазақтың бата беру дәстүрі – ізгі тілек тілеудің әдебі ретінде. «edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы №
3. Мақсұтбек Сүлеймен. Бата, ақ бата, теріс бата, батагөйлік. SABAQ.KZ сайтынан
Достарыңызбен бөлісу: |