Аязбеков Ж. Ағайынның арасы



бет1/7
Дата15.12.2016
өлшемі1,16 Mb.
#3879
  1   2   3   4   5   6   7


«Қостанай таңының» кітапханасы

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ

Ағайынның

арасы...



Әдеби-публицистикалық байып

Қостанай – 2014


Аязбеков Ж.

Ағайынның арасы...
«Центриум» ЖШС

Қостанай, ­2014

«Қостанай таңы» кітапханасы» сериясымен жарық көріп отырған бұл кітап аты аталған басылымның Директоры – Бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбековтың газеттің «Бас редактор әлемі» легі бойынша жазған әдеби-публицистикалық туындылар жинағы .

Жинақта автордың бүгінгі қоғам өмірі, замандастарының руханияты хақындағы сентенциялық ой-байып, көзқарастары арқау болған.



Ағайынның арасы...
Дүние өзгеруде, дәуір құбылуда. Кешегі алысты жақын, жақынды бауыр тұтқан, туыстық тамырының бүлкілі де, күнкүлі де ортақ, қойы қоралас, өзен-бұлағы жағалас, үлкенінің айтары – береке-бірлік, кішісінің сөзі – тырмысқан тірлік дейтін ел-жұрт едік, қазір қандаймыз өзі?.. Сұраса келгенде, бір-бірімен жекжат-жұрағат немесе қарынбөле боп шыға келетін ағайынның ағайындық қасиетінен не қалды? Мұндай көңілдегі алаң сауалды бүгін біз бірінші қойып отырған жоқпыз. Қазақ қазақ болғалы ғасырлар бойы айтумен келеді.

Мысалы, осыдан 250 жылдай бұрын, Қазықұрттағы ас-тойдан Түркістанға қайтып келе жатқан Төле би, Есен би бастаған бір топ игі жақсылар жолда Досай би ауылына аялдайды. Аталас, ағайын, би-болыстар бірер күн қона жатып, ел жағдайынан біраз әңгіменің басын қайырады. Ел арасындағы кикілжің, жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін естігенде Төле би: "Арғымақ баптап не керек? Жабы қуып жеткен соң. Ағайын, туған не керек? Аңдысып күні өткен соң. Бес күн жалған өтеді, ажал қуып жеткен соң. Бір төбенің басына, тыға салып кеткен соң. "Сөйле, Төке!" – дейсіңдер, жастар бар ма тыңдайтын? Бұрынғыдай жұрт қайда? Айтатын оны біз қайда?" – деп, ашына сөйлепті. Құдайшылығын айтсақ, осы сөздердің бүгін де желке жалы күдірейіп тұр. Бұрынғыдай жұрт та, айтатын сіз де, біз де бармыз-ау, бірақ сәл басқалаумыз, басқамыз...

Шүкір, ұлтымыз өсті, өнді, өркениетке ерді. Әлемдегі отыз озықтың қатарына ұмтылудамыз. Осындайда жан сүйсінтер жақсыдан гөрі, жамандығы құрғыр етегіңе оралып, мазаңды алып бітеді. Айдың күні аманда теледидарды қосып қалсаң, қылмыстық хроника: «Ағайын арасындағы жанжалдың ақыры атысып, кісі өлімімен аяқталды. Ұрыс-керіс бұрыннан қыз беріп, қыз алысқан құдалар арасынан шыққан. Қатар жатқан екі ауылдың адамдары мылтық, пышақ, шоқпар алып төбелескен. Немере ағайындылар да бір-бірін аямаған. Жаға жыртысқан жекжаттардың арасында үшеуі әйел екен. Жанжалдың салдарынан 2 адам опат болды", – деп қалың қазақ ауылындағы оқиғаны баяндап сұңқылдатып тұр. Ол ол ма, ағайынды айтасыз, әкесі мен баласы, анасы мен қызы дүние-тезекке таласып, төбелесіп, бірін-бірі ұрып өлтірген дегенге енді таңғалмайтын бір сұмдық болды. Біз сонда қашан бұзылдық?

"Қазақтың психологиясы, мінез-құлқы Абайдың тұсында бұзылды. Болыстық жүйе қазақты қазаққа айдап салды. Ауылдар өзімен-өзі ит болып таласты да кетті. Партия-партия, ауыл-ауыл болып таласты. Ал, патшаның адамдары ортада параны алып отыра берді. Абай осыны көрді, Абай осыған өкінді. Халқының қай жаққа қарай кетіп бара жатқанына қатты уайымдады. Қазақ содан бері оңалмай келеді. Руға бөлінушілік, парақорлық, мінездің түзелмеуі осы күнге дейін қалар емес. Өткеннің осындай салқыны барлық жерде сақталған", – дейді ғалым-жазушы Мекемтас Мырзахметов. Ғалым сөзінің жаны бар. Несін жасырамыз, оны ішіміз біледі. Бірақ, қанша жерден бұзылдық десек те, ағайынның арда емген асыл қасиеттері алқынды болып бойымызда қалып қойды.

Қайсысын айтайық, әлі есімде аталас бір ағамыз кіндігінен перзент көрмей, інісі бауыр етінен жаралған баласын қиып ағасына берді де, отбасымен нағашыларына көшіп кетті. Сол ағамыз ұлын қатарынан кем қылмай бағып-қағып өсірді. Баласы да ел сүйген азамат болып өсті. Ағамызға немере-шөбере сүйгізді. Ағамыз фәниден риза болып өтті. Інісі де дүниеден озған. Ағамыздың сол оғыланы өзі немере сүйіп, бүгін де әулет басы. Бірақ ағамыз да, оның інісі де өле-өлгенше балаға керексіз шындықты айтпай кетті. Екі жақ та сүйекке біткен сертке берік еді.

Қазір бала беру немесе ағайыннан асырап алу – жоқтың қасы. Асырап алғысы келгендер енді заңға жүгінеді.

Ағалы-інілер, немере ағайындар бір-бірінің қас-қабағына қарап өскен еді. Енді қазір бір-бірінің табағына, тамағына қарайды. Қала мен ауылда ағайындардың өзі шақырусыз бірінің есігін бірі ашуды қойды. Наурызда, айт күндері де бас сұғып, "құтты болсын!" айту ілу де біреу ғана.

Туыс-туғандар қиналғанда бір-біріне қол ұшын береді, торқалы той, топырақты өлімді бірге көтеріседі. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» деген. Бұл жағынан "Туысы бірдің – уысы бір", әл-әзір безбүйректене қойған жоқпыз. Бірақ шыны керек, ағайыннан гөрі көрші-көлем, дос, жолдас-жоралар артық. Ағайынның арасы алыстап барады. Сирек барамыз. Той-томалақ, өлім-жітімге де сылтау айту, апта – айға, ай – жылға жалғасып, аяғы сиырқұйымшақтанып, қуаныштың ерте-кеші жоқ, әйтпесе, "көңіл көрген жерде" деп өзімізді өзіміз жұбатып жүре береміз.

Ағайын арасы

"Бақ қонса, сыйлар алаш ағайында,

Келе алмас жаман батып маңайыңа.

Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні

Құл-құтан басынады малайың да", –

деген ұлы Ахаң:

"Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны"...

Сірә, бұдан кейін айтудың өзі артық десек те, халқымызда: "Ағайын бір өліде, бір тіріде керек", "Ағайынды жамандап туғанды қайдан табасың? Арғымақты жамандап тұлпарды қайдан табасың?" – деген нақыл сөздерден кейін ойланбай көріңіз...

Атаңа не істесең...
«Әке – асқар тау» деп басталатын бір айрықша ұғым бар еді. Еді дейтініміз – енді бәрі аласарып, жермен-жексен болмаса екен деген уайым. «Әке» десе көңілге тиетін, мазасыз күйге түсіретін үйір-үйір ойлар. Сана түкпірінен сонау бір есте бар ескі заманғы кесек мінез, атпан тұлға қариялар, әкелеріміздің сұлбасы қылаң береді. Әкенің қас-қабағы, ықылас пейілі деген бір бөлек дүние-мінез еді. Сағынасыз. Қайтесіз, енді бәрінің де қайтып оралмайтынын білесіз де, іштей тынасыз, тұнасыз.

Бірде жұмыс бабымен Рудный қаласының «Қарттар үйіне» аялдадым. Еңселі үйдің ауласынан жеңіл көлікке мінген ер мен әйелді шығарып салып тұрған бір қазақ әжейді көрдім. Түрі өрт сөндіргендей, қапалы еді. Сәлден кейін барып еппен сөзге тарттым. Әжей: «Келгендер – балам мен қызым. Тұқымың өскірлердің бүйтіп келгені құрысын. Келіп алып, екеуі екі жерден отбасының кикілжіңін, жетпей жатқан қу дүниесін айтып сұңқылдайды. Әбден мазамды алып бітті. Осы жолы, – аман болыңдар, бар болыңдар, маған жандарың ашыса енді гәрі қараларыңды көрсетпей, келмей-ақ қойыңдаршы, жандарым. Мен сендерден, жаратқан Иемнен соны жылап тұрып сұраймын, – деп жалынып, жинаған зейнетақымды екеуіне қақ бөліп зорға құтылдым. Әйтпесе кететін түрі жоқ», – деді, кейуана сабырлы қалыппен. Қартайған ата-ананы «Қарттар үйіне» беру – алаш баласына арға сын, бетке салық. Бірақ осындайды көргенде шынымен-ақ күдер үземіз-ау...

Бір статистикада: мектеп оқушыларының арасында 70% жуық бала – әкесіз. Олардың көпшілігі әкесінің емес, шешесінің тегіне жазылған. Сондай-ақ, балалары өз бетінше өмір сүріп жүргендер бар, себебі дүние қуған, қызмет буған әке – бір қиырда, шеше – бір қиянда дейді. Ал енді, егер сенсеңіз, бұл да жақында болған.

Қостанайдағы бір сыйлы азамат құда-жекжатындағы бір үйлену тойына жиналып жүрген-ді. Аяқ астынан бармайтын болды. Себебін сұрағанымда, тойды тойлатпаған әулеттің атасы көрінеді. Тура баяғы «Қалқаман-Мамыр» аңыз-жырындағыдай. Екі жастың ата-тегін тергей келсе, әлі жеті атаға жетпеген екен. Әулеттің атасы құдалықты тоқтатып, тойдан бас тартады. Жан-жақтағы Алматы, Астана, басқа облыстардағы барша туған-туыс, құда-жекжат, дос-жаранға хабарланып, шақыру билеті таратылып қойған еді. Шетелде тұратын баласының бос уақыты шектеулі, қызмет бабы көтермейтін жағдайына да, ұл-қыздарының, құдай қосқан кемпірінің жалынып-жалпайғанына да қарамады. Тас-түйін қатты да қалды. Сірә, ата әмірінен айнымайтынын түсінген той иелері ақыры қарияның ұстанымына мойын ұсынды. Бұл міне ХХI ғасырдың он төртінші жылындағы оқиға.

Бүгінде отбасында әке қабағын, әке беделін білмей өсіп жатқан балалар, әсіресе, қаракөздеріміздің қарасы көбейе бастады. Етіміз үйреніп, оны да өмір салты дейтін болдық. Бала кезде оқыған, кинодан көрген батыс өмірінің бәрін шіріген қоғамның сиқы деп түсінуші едік. Мысалы, Бальзактың «Горио әкесі» – екі қызының жолында бар өмірін сарп етіп, ақыры аяғы ит өліммен өлген 69 жастағы сорлы шалды еске түсіріңіздерші. Горио әйелінен ерте айырылады. Отбасында қалғаны – Анастази мен Дельфина атты екі қызы. Горио қос көбелегін мәпелеп, еркелетіп өсіреді. Бар арманы – сол екеуін қатарынан кем қылмай, қайғы-мұңсыз бойжеткізіп, үлде-бүлде жасауымен ұзатып, қоғамда өз орны бар, беделді де дәулетті адамдармен тұрмыс құрса, сөйтіп бай-бақуатты өмір сүрсе. Өз басы аш-жалаңаш жүруге бар. Әкесі армандағандай-ақ қыздарының үлкені – графқа, кішісі – баронға күйеуге шығады. Өмірі жіп сабақтап көрмеген қос қызы бақуатты қосақтарын тапса да әкесінің дәулетінен қол үзген жоқ, керісінше аямай шашты. Ақсүйек атпалдардың ортасында дулы дәурен, сауық-сайран салды. Дәрежелі күй біткен қыз-күйеулері енді әкелерінің ұн саудагері болғанына намыстанатынды шығарды. Күйеубалалары қайынатасының пошымынан қой үріккендей шошитын болды. Ал оларға әкесінен бұрын оның ақшасы қымбат. Әкесінің ақшасына қызы Анастази өзінің көңілдесін асырауға мәжбүр. Күйеубаласы әккі барон, бай, бірақ сараң. Қарт қыздарынан әкелік шексіз махаббаты үшін мысқалдай болса да қайырымдылық, мейірім күтті. Бірақ олар тасжүрек болып шықты. Горио зар илеп көз жұмды. Ақыр аяғында қыздары бір уыс топырақ салуға да жарамады. «Керек десеңіз, құдайдың өзін әке болғаннан кейін түсініппін», –дейтін француз шалының осыдан ғасыр бұрынғы тағдырынан қазіргі біздікінің не айырмашылығы бар?! Абайша айтқанда: «Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп, таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ».

Қазіргі балаларға «Атаңа не істесең, алдыңнан сол шығатынын» айтсақ, қаперіне алар ма екен?



Заманға жаман күйлемек
...Тек айтыңыз, бүгін жаназа күні екі бие сойдырып жатырмын. Қырқына тағы бір бие сойдырам. Бола ма? – деп қырықтың қырқасына шыққан, доптай домаланған тып-тығыз жігіт ағасы шегір көзін қадап ауыл имамының алдына тапжылмай тұрып алды. Қырық шақты адам отырған зал іші сілтідей тынды. Имам ақырын ғана бұл шектен шыққан ысырап, әруақ аста-төк аспен риза болмайтынын айта бастағаны сол еді, әлгі мейманасы тасыған пысықай ашулана, қолын бір сілтеп, теріс бұрылып жүре берді. Жұрт әлгінің әдепсіздігіне ұялып төмен қарады-ау деп ұрлана көз тастасам... Тіпті басқа. Әркім әр жерден күңкіл-сүңкілмен имамды айыптап, кінәлап жатыр: "Кісінің дүниесін несіне қызғандыңыз, сойса өзінікін сояды екен, сіздің неңіз кетеді?", "Оларды бәрібір тоқтата алмайсыз, білгенін істейді, құраныңыз бен дұғаңызды оқып, тыныш отыра бермейсіз бе?" т.с.с. Ауыл-үйдің ақсақал, естияр деген ер-азаматтарының сөзінің түрі осындай.

Танысым қояр да қоймағасын бірде оған еріп бір бай деген сыйласының үйіне қонаққа бара қалдым. Көз тартар зәулім коттедждің көк қақпасынан зіңгіттей келбетті жігіт қарсы алды. Байқаймын қағылез, елгезек. Өзін Абзал деп таныстырды. Жол көрсетіп, қолға су құйып, дастарқан жайып, осы үйдің бар шаруасына жанын сала кірісіп жүр. Бір ғана кемістігі: аяғын сылтып басады екен. Сондай-ақ, даусы жұмсақ, бірақ дыбыстағанда бір қырыл естіледі. Еппен сұрай келе ол осы үй отағасының інісінің баласы екенін білдік. Көзі ойлы да нұрлы. Бірақ, бір мұң бар ма қалай... Сол күні мені ерткен танысым үй иесімен байлық туралы айтыса-тартыса өзара оқшау қалды. Мен ретін тауып қашқалақтап жүрген Абзалды сөзге тарттым. "Мен әке-шешемнің жалғыз баласымын. Біз күйлі-қуатты тұрдық. Мен онға келгенде, олар ұшақ апатынан қаза тапты да жетім қалдым", – деп ұрлана-мұңая сөйледі, – содан бері осы көкемнің есігіндемін. Әке-шешемнің бар дүние-мүлкін басып қалып, мені мектеп бітіргеннен соң оқытпай, үй жұмысына жекті. Ерке өскен басым, алғашқыда көнбей, қиғалық салдым. Көкем сабамақ болып тұра қуды, мен қаша жөнелдім, сол сәтте балтаны жіберіп қалып, сирағымды сындырды. Ол ол ма, менің даусым саңқылдап шығатын еді. Сол неге екенін білмеймін, туғалы көкеме менің үнім жақпады. Мен сөйлесем, жүйкесі тозғандай болады. Бір күні удай мас болып келіп, аяқ- қолымды байлап қойып, көмейіме қайнаған су құйғанда есімнен танып қалдым. Сенерсіз, сенбессіз, шыным. Туған інісінің баласы болсам да..." – деп, жанары жасаурай, орнынан тұрып кетті.

Марк Орэл деген оқымыстының: "Күнде таңертең адамдар арасына барып қосылғанда былай ойланам, – бүгін мен адам бейнесіндегі жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай үйіме аман-есен оралуым керек", – дегені бар. Мен де сондай күйді кештім. Абзалдың көкесінің босағасынан тезірек кетіп, ойлап келемін, – бұл кім сонда? Қатыгез, болмашы байлыққа күйлеген жаман ба? Жаман-ау, сірә, жақсы болса туған бауырына қол көтеріп, қорлық көрсетер ме еді?..

Жарайды, фәниде адам пендесінің басынан не өтіп, не келмейді? Қатарыңнан қалмай, өмір сүру керек. Жөн-ақ. Рас, заман өзгерді. Жаңа құндылықтар пайда бола бастады, жаңа мәдениеттер қалыптасатын түрі бар. Адамзаттық өркениеттер алмасуға айналды. Ендігі жерде адамзат баласы бір-біріне бауыр, дос-жолдас, мейірман болар деген үміт кемеліне келіп, ізгілік пен қайырым мен мейірім үстем болуы тиіс еді. Ал, біз айдың күні аманында қаны бір бауырымызға қысастық жасаймыз. Қайтсек жақсы боламыз?

Түсте теледидарды қоссам "КТК" каналынан жаңалықтар беріп жатыр. Дардай бір мекеменің дырдай бір елудегі бастығы тапа-тал түсте, шынашақтай жиырмадағы хатшы қызына ашуланып, бас салып тепкілеп, көкала қойдай ғып сабап тастапты.

Тағы да сол жүгінсек қария сөзге жүгінеміз. Ақыл сұрағанда абыз: "Қарау болма. Ар-ұятыңды төкпей жүр. Тасымай жүр, тасыған төгілер. Ақылмен жүрсең, рулы елді жайларсың", – деп батасын беретін еді...

"Бақ біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады, тауып қонғаны есейтеді, ауып қонғаны есіртеді" дейді халық. Сіздерді қайдам, біз бүгінде осы ауып қонған бақ көбейіп бара ма деп қауіптенем.

"Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек", – деп, Абай атамыз заманға кінә тақпа! – дейді.



Жақсы – жаман
... Осы қара томардай кеспелтек шалды қырық жылдан бері білем. Бір айрықша қасиеті – өмірде адам пендесінің бір сөзіне, бір қылығына көңілі толған емес. Жасы сексенге жетті, әлі солай. Жұрттың басы қосыла қалған жерде біреу біреуді, біреу бір нәрсені жақсы десе болды, оның бәрін аяқ астында көк есекке теріс мінгізіп, бәтқордалап "жайратып" тастайды.

«Осы күнде жақсы мен жаманның ара-жігі жоқ. Қыздар алпыс батпан зілтемір көтеруде, бокс деп жұдырықтасып, футбол деп өкпесі өшкенше жүгіріп ойнайды. Осыны жақсы дейміз. Ал, сондай әйелден қандай бала туады? Жақсы әйел қайдан шығады?» – деді шал. Отырғанның бірі шалдың сөзіне май құя түсті: "Танабек парамен бес жылға сотталғанда ауыл-аймақ, туған-туыс арасында одан жаман, жексұрын адам жоқ еді. Енді қазір қандай?! Ақша табудың көзін түрме үйретті ме, кім білсін, екі жыл болмай-ақ босап келген соң, байып шыға келді. Хан сарайындай үйі, қос-қостан қымбат көлігі, бірнеше дүкені, қалада жалға берген үйлері бар. Өзі аудан әкімімен құда. Танитындар "Тәке", "Тәке Таңқыбайыч" деп, алды-артында құрдай жорғалайды. Осының бәрі – бір-екі жылда. Бақ қонса, жаманың – жақсы, бақ кетсе, жақсың – бақсы болады" деді. Қазір бай болсаң, жақсысың. Байға тай мінсе де жарасады. Бірде танымал пысықай байшыкеш бір томпиған құрттай жорғалаған "Оканы" мініп келіп еді, жұрт жата кеп жатаған көлігін мақтай жөнелді. Жесір әйел Мейрамгүл Меккеге бір рет қажылыққа барып, енді қазір әкесіндей кісілерге, қожа-молдаларға ақыл айтып отыр. Одан жақсы кісі жоқ. Ал өмір бойы ақ, адал еңбегі мен өзінің ішкі имани әдет-ғадетімен күн кешіп жүрген ардаемген ағай бірдеңе айтқысы келіп, ыңғайлана бергенде, бір жеңгесі: "Өй, түгі жоқ, жаман неме, сен тыныш отыршы", – деп тыйып тастады. Отырғандардың әңгіме ауаны осы сарында жалғаса берді. Сол бас қосудың насихатын пайымдасақ бай-дәулетті болсаң – жақсысың, жақсылықтың небір түрін жасау қолыңнан келеді. Кедей болсаң – жамансың, кісіге пайда тигізуге дәрменің жоқ, шерменде пендесің. Қазір ар мен ұят, иман жақсы да емес, жаман да емес.

Бұрынғылар не деп еді? Бұхар жырау: "Жаманмен жолдас болсаңыз, көрінгенге күлкі етер. Жақсымен жолдас болсаңыз, айырылмасқа серт етер. Жақсыға ерсең жетерсің мұратқа, жаманға ерсең қаларсың ұятқа", – десе, Сүйінбай ақын: "Жақсы жігіт елінің ағасындай, жақсының сөзін әркім пайдаланар, миуалы алма өріктің ағашындай. Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр, жүрер жолдан тал түсте адасып-ай", – деген.

"Сендердің жақсы көргендеріңнің ішінде жамандық бар, ал жек көргендеріңнің ішінде жақсылық бар", – депті Құранда жаратқан Иеміз.

Ал біз болсақ, жақсыны көргенде қуанып, жаманды көргенде ұялып, жұртты көргенде жұбанып дегендей күн кешсек-ті...

Қазақтың баласы
"Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба, сен мені? Мен қазақтың баласы!" (Қасым Аманжолов) деген осы бір ауыз сөздің қазақы бойыңызды қуалай кететін бір құдіретін тілмен жеткізу қиын. Қазақтың небір арда емген жақсы-жайсаңдардың осы сөз жан тұмары, рухани кредосына айналғаны аян. Дүние әлі де тәкаппар, дүние әлі де қатыгез, әлі де қатал. Адамзат өзін де, өзгені де өзгертті. Қазақ баласы да өзгерді. Бірақ, ұлттың осы саф қасиеті жоғалған жоқ.

Осыдан отыз бес жыл бұрын Мәскеудегі Олимпиадада Жақсылық Үшкемпіров боз кілемге ойқастап шыққанда ұстазы Қабден Байдосов ақтық сәтте: "Атаң жаудан қайтпаған, қара бала, бас қамшыны!" – деп, айқай сал-ғанда, Жақсылық болгар Павел Христовты алып ұрып, жауырынын жерге тигізген! Сонда Қабден ағасы жүгіріп келіп, кілемнің үстінен қапсыра құшақтаған күйі тұра жөнеледі. Жылап келеді. Қазақтан тұңғыш олимпиада чемпионы шықты! Соңынан қоса қуа жүгірген тілшілерге таңдайы кеуіп, қаталаған чемпион: "Қымыз беріңдерші, қымыз ішкім келеді", – дей беріпті. Міне, қазақы жан, қазақы қасиет! Шүкір, содан бері әлемдегі небір байрақты бәйгеден озған оғылан мен саңлақ алаш баласы бар.

Ал кешегі желтоқсан көтерілісінде (1986) небәрі жиырма бір жастағы "қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жанын" садақа етіп: "Қазақ деген затым бар, еркек тоқты құрбандық. Атам десең атыңдар!" – деп сот үкімін қасқая қарсы алған Қайрат Рысқұлбеков нағыз қазақтың баласына, Халық қаһарманына тән рух көрсеткен еді!

Көршіміз Көкшетаулық 12- сынып оқушысы Әйгерім Әйтім көлікті күн сәулесімен жүргізуге болатынын дәлелдеп, ойыншық машина жасап шығарды. Әйгерімнің тағы бір жобасы – күн қуаты арқылы үйде электр энергиясын өндіріп, пайдалануды көрсетті. Осы білім ұясының тағы бір оқушысы Мадияр Шарипов көмірдің күлінен құрылысқа қажетті бетон жасап шығарған. Міне, осындай жаңалықтарды естіген сайын қаршадай қазақ балаларының есімдерін естіп, теледидардан дидарын көргенде жаның жадырып, әлдебір мақтаныш сезімі жүрек басын жылытып қоя береді.

Ұлттық арнамыздағы "Шетелдегі қазақ балалары" арнайы жоба авторы Жанар Байсемізова сонау Америкадан қазақ балаларын іздеп қайтты. Сұхбатында: "Америка Құрама Штаттары мен Канаданы қосқанда бір айдың ішінде отыз шақты баламен кездестік. Сан түрлі тағдырлар. Кезінде туған анасы қоқысқа тастап кеткен қыз бен бір кезде Алматы қаласындағы көшелердің бірінде шырқырап жылап жатқан сәбидің де тағдырларының қалай қалыптасқанын көрдік. Қазақстан олар үшін енді жат ел саналады. Тілді білмейді, ағайын-туысы жоқ, олар не істемек?...

Бәрібір қазақ баласы жаратылған жерінің тілімен жеткізе алмайтын құдіретті күші барын жұдырықтай ет жүрегі сезеді. АҚШ-тың Род Айленд деген штатында Сара атты қазақ қызын асырап алған американдық әйел Сюзен Саксон қазақ ауылын құрыпты. Жыл сайын сол ауылда "Жайлау" деп аталатын жазғы лагерь ұйымдастырады екен. Бұл жерге Американың барлық штатындағы қазақстандық балалар жиналады. "Жайлауда" олар қазақтың тарихын, тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән-жырын үйренеді", – дейді.

Америкалықтар нағыз адам болу үшін бала түбірінен ажырамау керектігін біледі.

Алаш азаматына ұлттық намыс – рухани құндылық. Сәбетқазы Ақатаев марқұм: "Қазағым халқым! Ана тіліңді құдірет тұт. Ұлттың ұлы болып, мерейіңді үстемдет. Қазақ ұлығы! Әлемге қазақ ұлтының бар екендігімен санастыру жолын тап. Зиялылардың сөзіне құлақ түр. Аты мен аруағын тұт, сөзін құрметте. Ол – сенің алтын қазығың! Әділет жолын іздестіруден танба!" – деген өсиет сөздері құлағымызда.

Қазақ радиосынан ән төгілуде. "Ананың сүтін арда емген, атадан бала кем болмас. Қазақтың қара баласы, біріне-бірі қас болмас..."

"...Бауырым деп"
Осы күнгі зиялыларымыздың бірқатары батыс десе тітіркеніп, сол батысты мансұқтаудан төс табанымыз жерге тиген жоқ па деп күйіне кететіні бар. Аты-жөні жоқ бас шұлғи беруді қою керек дейді. Неге бұлай дейтіні түсінікті. Көп себептің бір себебі – батыстың "еуроцентристік" асқақ, менмен идеясының салқыны. Бір сәт сол халімізді қоя тұрып, шынайы әділет тұрғысынан қарасақ, адамзаттың ортақ игілігінен, руханият қазынасынан өзімізді танып-білу үшін алдымен өзгенің өнегесіне, өнегесінің өзегіне үңілсек, бұл арланатындай іс емес. Бұл орайда Олжас Сүлейменовтың әлемді "біздер" және "бөгделер" деп қарастыратын жазушылар өмірге окоптан көз салады. Ал окоптан, амбразурадан адамдарды емес, тек дұшпандарды ғана көре аласың. Қазақтар бәріне далалық перспективадан, алыстан, кеңінен қарай алады, сондықтан да көбірек, кеңірек көре алады. Қазақтар үшін жек көретін халық болуы мүмкін емес, қазақтар үшін жат ұлт болуы мүмкін емес. Өйткені, тұтас халықтың, тұтас ұлттың жаман болуы, жат болуы атымен мүмкін еместігін біз жақсы білеміз. Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген сөзін халқымыздың әр перзенті ұдайы жадында ұстауға тиіс" ("Егемен Қазақстан", 12.03.10) дегені осы жерде қисынды-ақ. Сондай-ақ, Шәкәрім бабамыз: "Адамның бәрі – өз халқың" десе, Мұстафа Шоқай: "Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ. Халықтың бәрі бірдей", – дейді. Рас, біз әлі жаhандық құндылықтарға терең бойлай алмай келеміз. Күні бүгінге дейін білдік, таныдық деген ғаламдық өнер, ілім-білім қазынасының басым көпшілігіне тек орыс тілінің көзімен ғана жеттік. Әлі болса да солай жалғасуда. Бұл – шындық.

Қазір, XXI ғасыр – тану-жаңғыру ғасыры. Бізге дөңгеленген дүниеге сан қырынан қарай алуға, өткен-кеткенді ақыл-ой елегінен жаңаша өткізуге, болашақты барлауға зор мүмкіндіктер туды. Қазақтар арасында күншығыс пен күнбатыс елдерінің төл тілін жақсы меңгергендер көбейіп келеді. Түпнұсқадан тікелей тәржімалайтын шебер аудармашылар қатары да молая түсті. Астанамызда өтетін "EXPO – 2017" көрмеге келетін 5 миллион адам қазақ жұртына таңдана, тамсана кетуі ләзім. Ол үшін маңдай терлеткен іс, қуатты күш, сұңғыла парасат, асқақ рух керек. Сондықтан ендігі жерде батысты бәтқордалап, шығыстан шырындайық деу – аясы тар көзқарас. Бұл айналып келгенде, өркениетті жатсыну синдромы деген сөз. (Жатсыну синдромына кейін бірде арнайы тоқталатын боламыз) Керісінше, қазақтың жасампаз болмысын, ұлттық көркем санасын төрткүл дүниенің қай түкпірінің болса да жауһар руханиятымен байытудың оңтайлы сәттерін мейлінше қарпып қалу керек.

Себебі, бәсекелестікке төтеп беретін әлемдегі отыз елдің қатарына қосылу мақсаты қойылды. Біле білген, тереңіне үңіле білген кісіге бұл саясаттан гөрі, бұл – өмірлік қажеттілік. Әрбір алаш азаматы мұны жан-жүрегімен қабылдап, алымды ой-сана, белсенді іс-қимыл таныту керек. Тарихтың дөңгелегі енді қайтып кері айналмайды. Қазіргі зымыран заман көшіне ілесе алмау – халықтың соры. Ілесу – ол бірлесу, білек сыбану, күресу.

Бүгінде жаныңды сүйсінтетіні – қыз-жігіттерімізде ата-бабадан мирас болған байсалдылық, еңбекқорлық, қағылездік, біліктілік, жаңашылдық сияқты көптеген қасиеттер жарқырап көрінуде. Батыс, Шығыс демей жер шарының бейқұт тірлігінің үлгі-өнегесін, құндылықтар атаулыға ұмтылып, меңгеруге күш салуда. Осының бәрі де ұлы даламыздан дарыған кеңпейіл, арда емген, бейбітшіл, татулықты ту еткен тектілігіміздің белгісі.

Қандастарымыз кейде өзара әлдебір іске налығанда ерме, елікпе, желікпе, оңғақ, бедерсіз халықпыз деп, жанын жұлып жегендей күйініп жатады. Батырып айтсам, намысы оянар дейтіннен болуы керек.

Қалай десек те, абыз атамыздың "Адамзатты бәрін сүй «бауырым» деп" айтқанынан артық айтқан ешкім жоқ .



Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет