Сұмдық
Би-ағаның осы бір әңгімесін («Айт күндері») оқыған сайын әр сөйлемінің тасасынан бір ызғар қарып өтетіндей сезінем.
Бірақ әуел бастағы: «Айт құтты болсын!», «Айтсын, жақсылығы бірге болсын!», «Жыл он екі айда бір келген жарықтық «айт» қой, бұл күнді көрген де бар шығар, көрмеген де бар шығар?..» деген үш сөйлемде қазақтың әдеттегі айт күндері амандасып жататын ежелгі ақ тілеуі, пейіл-ықыласынан алабөтен ештеңе жоқ тәрізді. Тіпті әңгіменің бірінші бөлігінен бастап , сол айт күні ауылда «жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатыр... Кәрі-құртаң шалдар, кемпірлер екеу-екеу көлеңкеде отыр. Біреуі пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр. Бір-біріне қайырлы болсын айтқан жұрт. Ақ отаудан бұралып бір келіншек шықты. Басында шетін кестелеген шашақты көгілдір жаулығы, неше түрлі асыл тұмаршалар қадаған көк пүліш қамзолдың төсі неше түрлі асыл ілгек, алқым баулармен безелген», – деп суреттейді. Осылайша сөз зергері ауыл-үй адамдарының өзара әзіл-қағытпа әңгімесімен қоңыртөбел, мамыржай халі, көңіл-күйін көз алдыңызға әкеледі.
Енді қараңыз, оқушысын осылай жаймашуақ тоқкөңіл күйге бөлеп алып, Би-ағаң бұдан әрі сөзді былай өрнектейді: «Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ, ызыңдаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ». Себебі, мұнда – аштық! Бірінен соң бірі өліп жатқан адамдар. Би-ағаң үш үйдің сұмдық трагедиясын суреттей келе былай дейді: «Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп екеуі бірдей тарпа бас салды. Таласты. Мә, біреуіңе жүректің құлағы бар, мынау текенің ені... Мынау жүректің құлағы... мұны да итке лақтырған жерінен алдым... Жұрттан қайыр кеткен ғой... құрбандарының қанын бер деп едім, Ұлбала бәйбіше айқай салды: «Былтырдан бері асырағаным жетер» деп... не бергенін қайдан білейін?» – деп, бір қайырады да, Би-ағаң оқырманды қайтып айт мейрамдап жатқан жерге әкеледі: «Бір топ ауыл қыдырып «айттық» алып жүр. Ауыл гу-гу... Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үйде аштықтан қырылып қалғандарды естіп, бастарын шайқасып отыр: «Қатыны мен Бәкен кайтыпты. Алда, бейшара-ай! Қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей көр болып еді. Дүние деген осы, жігіттер, – деді ортада отырған бір ақсақалды кісі. – Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр... тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттерінді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой... Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін тындаған жан жоқ. Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты» болды. Бейімбет осылайша салқынқанды, сырбаз баяндап әңгімеге нүкте қояды.
Енді пайымдап қараңыздаршы, «Айтты» мейрамдап, жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатқанда, іргелес үш үйде адамдар аштықтан өлуде. Бұлар бөгде-жат немесе ата жауы, қас дұшпан да емес. Бәрі де бір-бір елдің, қазақ ауылының адамдары. Бірақ ауылдастарын танып-біліп, аста-төк мейрамдап отырып, бірде-біреуі барып аузына су тамызуға жарамайды. Қайырым-мейірім, адам адамға дос-жолдас, бауыр деген адыра қалған. Біз кейде осы ұлтымызға келгенде аты-жөні жоқ бұрынғылар жетімін жылатпаған, бір-біріне қарайласқан, иманды, арлы болған деп бет қаратпаймыз. Ешбір зұлымдық, қатыгездік, немқұрайдылық болмағандай сипай жазатынымыз бар. Ашаршылықта адамдардың бір-біріне деген нақақ қысастығынан, жеме-жемге келгенде хайуани құлқынның құлы болғанынан да қырылғанымызды несіне жасырамыз? Адам баласының бойындағы безбүйректік, рақымсыздық, жатбауырлық қасиеттердің қасіретін ашып айтудың орнына, бәрін бірдей билеуші биліктің озбырлығына тели салу да әділдік емес. Бейімбет – аштықты көзі көрген, жүрегі сезген, ақылмен түйген адам. Бұл сұмдықты Ахмет Байтұрсынов 1922 жылғы «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласында: «...Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деп жазған. Алаш жұртының осылайша сағы сынды, жігері жасыды. Сірә, қазақтың «бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейтіні осыдан болса керек.
Содан бері 92 жыл өтті. Бәрінің беті аулақ, өзімен кетті, қарасы өшті. Ел тоқ. Заман басқа. Әйтсе де, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпегендердің» аманаты бар. Ұмытуға хақымыз жоқ!
Құмырсқаның қанағаты
Дүние төңкеріліп жатса да мәу демейтін тұйық, мінезі ауыр Ертұяқ деген кісі бар. Өзінің дене бітіміне мінез-құлқы да сай жарасымды үйлескен тұлға. Менің бір білетінім дүкенге бармайтын, киім-кешек, азық-түліктің бәрі үйдегі жеңгей мен балалардың мойнында. Ал Ерекеңнің жөні басқа. Сол Ерекеңді ойда-жоқта Қостанайдың сегізінші шағын ауданындағы "Технодомынан" көріп қалдым. Ол да анадайдан мені танып, сәл кібіртіктеп, бұрылып кетіп қалуға ыңғайсызданғанын сездім.
– Оу, Ереке, қайдан жүрсіз? – дедім мен жақындай келе. Ерекең аман-саулықтан соң, былай жүр дегендей оңашалау шығарып ап:
– Жәке, осы сен айтшы, шынында менің мына жүрісім не жүріс, а? – деп, көзін оқтай қадап, қолымды езіп барады. – Ана тұқымың өскір, боқмұрын жаман неме, жетінші сыныпта оқитын немерем үш күн, үш түн маза бермей шықты. Не болды десем, ұялы телефон керек екен. Бір емес, екі рет телефон әкеп беріпті әжесі. Біреуін де жаратпай, лақтырып жібереді де, қайдағыны шығарып өксіп-өксіп жылайтын көрінеді. Сондағы сұрайтыны ішінде "скайп", "ватсап" дейтіні бар Айфон әпер дейді. Ол бір удай қымбат, бала тұрмақ үлкендердің қолы жетпей жүр дейді. Жағынан тартып жіберіп, май құйрықтан теуіп сабап алайын деп талай рет оқталғанымды қайтейін, қол көтере алмадым. Әке-шешесі шетелде. Олардан не қайыр? Үлкенімнен немерелеріме емірене қоймап ем, мына кенжемнің кенжесінің бір құдіреті бар, тілім – тасқа, тфу, не деп оттап кеттім? – деді де, қоя қойды. Мен бірдеңе дегенімше:
– Әй, бәрібір, құмырсқаның қанағатындай қанағат жоқ, бүгінгіде. Тойғанның қадірін кім білсін, жақсы! – деді де, менің жауабымды күтпестен бұрылып жүре берді. Ой-хой, кімсің, Ерекеңмін! Кім болушы еді – Ерағаң! Тыңдамаса Ерекең тыңдатады, бермесе Ерекең бергізеді дейтін ел ағасы болған, атқа мінген, сұсы мен мысы басым көкеміз еді. Неге "еді"? Мына көргенім мүлдем басқа кісі, басқа мінез, басқа рух... айфоны құрғыр қалай өзгертіп жіберген, ә?!
"Құмырсқаның қанағаты"... Қазақ ертегісін кім білмейді. Сонда да, шамалы қысқаша қайырсақ..
Баяғыда бір данышпан құмырсқаның бойы мен дене тұрқын тергеп ақыл-ойына көзі жетіп, енді сынап көрмек болады. Данышпан құмырсқаны сауытқа салып, қасына құмырсқаның өзі айтқан бидайдың бір ғана дәнін қояды. Бір жыл өткен соң сауытты алып қараса, құмырсқа бүк түсіп, қимылсыз жатыр екен. Қасында бидай дәнінің жартысы қалыпты. Әрі-беріден кейін бірте-бірте мұртын, аяғын қимылдатады да, құмырсқа орнынан тұрады.
– Бір дән маған бір жылға жетеді, – деп едің. Жыл өтті, ал сен дәннің жартысын ғана жепсің. Оның қалай? – деп сұрайды данышпан.
– Иә ... ол дәнді бір жылда жеп бітірсем, қазір менің халім әлдеқайда жақсы болар еді. Бірақ сен бір жылдан кейін мені босатуды ұмытып кетсең, онда мен бостан-босқа аштан өлетінім анық. Сол себепті бір жыл бойы жарты дәнді қанағат қылдым, – деп жауап береді құмырсқа.
– Егер босатуды ұмытып кетсем, қалған жарты дәнді қанша уақытқа жеткізген болар едің?
– Төрт-бес жылға жеткізген болар едім, – депті құмырсқа.
Бұл есте жоқ ескі заманда, кейінгі аш-жалаңаш, арып-ашыған, адам баласының дүниеге тойынбаған кезінен шыққан мысал шығар?.. Сонау көнені неге бүгінгіге тықпалайсыз осы? Бүгінде шүкір, дүние баршылық, шашсын, төксін. Қанағат деп бардың қызығын көрсе, оралының барында шалқып-тасып, ойнап-күлсе, несі айып?" – дейді кеудемнің бір жағы.
Біздің қазақта шілдехана, тұсау кесер, қалжа, бала бір жасқа толғаны бар, содан бастап тойлар шеруі – бәрі де аста-төк шарықтап, көкке жетті. Көкке жетпегенде несі қалды, жас жұбайларды той салтанатына тікұшақпен топ еткізсе, төбеден ақша жаудырса... Екі қазақтың бірі той жасайды. Қазіргі ақыл: қарыздан-қауғалан жаса. Жасамаса ұят, алдымен "ата жауың" – ағайын-туыстан, жекжат-жұрағаттан ұят. Бұдан жаман кезде де тойға барғанбыз. «Қанағат дегеніңіз бұл жалқаулық емес пе, өзі?» – деді енді бір жағым.
Бәрінің ынта-ықыласы – ғаламторға ауған. Жаһанды алақанға сиғызып сиқырлап тұр. Ол бірақ "Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыз – жалғыз атын сойғызар" демейді. Компьютер балаларға «ат, шап, қырып таста, бауыздап таста». Ержеткендер мен бойжеткендерге «көріп қал, сайран сал, іш-же, тарылма-тартынба» тағысын тағылар, он сегіз мың ғаламның қызығын, сайқал-сұлуын да, сұмдығын да ұсынудан, арбаудан жалықпайды, пәтшағар! Мына жалған дүниеде кемтар, аш құрсақ, ауру-сырқау, мұңды-зарлы, таршылық-зоршылық көріп отырған пенде жоқтай...
Қанағат – арабтың сөзі, "барына разы болу". Дінде – Алладан өзгеден дәметпеу. Пайғамбар сахабалары айтқан өсиет аз емес. Сағид ибн Әбу Уаққас баласына: "Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық". Бірақ, қайтесіз, адамзатта хайуани қанағатсыздық сезім бар. Лев Толстойдың Пахом дейтін бір кейіпкері ("Адамға көп жер керек пе?") ындыны тоймай қайтсем жерді көп қарпып қаламын деп жанын жалдап, арпалысып, етегіне сүрініп жүріп ақыры зорығып өледі. Сондағы оған бар бұйырғаны – екі метр жер ғана...
"Құмырсқаның қанағаты" осы мектеп оқулықтарында бар ма екен?
Сағыныш немесе қалта телефоны
Купеге кіргеннен-ақ қалта телефоным үсті-үстіне қоңыраулатып, дамыл бермеді. Мен сөйлесіп болғанда пойыз қозғалды. Манадан бері жас шамасы алпыс бестен асқан, сопақ бет, жар қабақты, ақ маңдайының әжімі жіңішке, бірақ өзіне жарасымды апай ләм-мим деместен терезеге қараған күйі өзімен-өзі отырған. Кенет:
– Осы телефонсыз қалай өмір сүріп келгенсіңдер? Мұнда кісі бар-ау, амандасып алайыншы демейсіңдер, амансың ба, інім? – дегенде, мен сасып, аяқ астынан не дерімді білмей тұрып қалсам да, кешірім сұраған кейіп таныттым. Шынымды айтсам, танымайтын-білмейтін кісіні сөге сөйлеген мына бейтаныс апайға ашулансам керек-ті. Бірақ дауысы тарғылдан шығып, әр сөзді айтқан сайын әр жағынан бір зіл, қасірет сезілердей күйдегі апайдың соңғы "інім" деп өзімсіне жылы ұшырай айтқаны жуып-шайып жіберді. Мен де ашыла жөн-жобамды айттым. Байқаймын, арамызда бір әңгіме айтуға ортақ бір көңіл-күй пайда болғандай секілді.
– Қостанайларыңда бір-ақ түнеп кетіп бара жатырмын, мен бейбақ. Е, е! Несіне айтасың, інім-ау, ауылға барамын, ауылға, оңтүстікке. Шымкенттен ары екі жүз шақырым, – деп терезе жаққа бір қарап алды да, – осы отырғанда көкірегім қарс айырылып келеді, шырағым, – деді. Бір уақытта апамыз әлгі зілді даусы дірілдей, – жалғызым Жалғасым мен немерем Серікті екі жылдан асты көрген жоқпын. Өлердей сағындым. Үш мыңдай шақырым жерден сарғайып келгенде, сағынышымды баса алмай барамын. Бес жасар немерем де тосырқап, тіпті жолайтын түрі жоқ. Балам да бір түрлі тұйықталып кеткен бе, мен сұрамасам өздігінен сөйлемейтін болыпты. Сағынған шығар, елдің, ауыл-үйдің аман-саулығын сұрай ма деп емексіп ем, тіс жармады. Шыдай алмай: "Жарығым-ау, ауылдағы бірге оқыған, "Шеңгелдінің" шаңын бұрқыратқан сирақтастарың қалай демейсің ғой, сағынбайсың ба?" – десем, балам кекесін күлкімен: "Апа, кім кімге керек? Қазір мен мұнда, олар онда, әркім өз шаруасымен жүр. Менің сұрағанымнан, олардың сәлемінен не пайда? Керек болып жатса, телефонмен тауып аламыз. Несіне сағынам, бала емеспін ғой", – де-еп тұр. Ол – ол ма, сол сәтте осы әңгімемізді тыңдап отырған келінім не деді дейсің ғой: "Апа-ау, туу! Ит арқасы қияннан жаныңызды қинап, бекер-ақ келгенсіз. Амандықты айтып, Жалғасик телефон соға салады, біліп отыр емеспіз бе?.. Зря, зря.. пенсияңызды құртып. Онан да Серик ботақаныңызға салып жіберсеңіз, тәттілеріне, единицасына төлер еді", – деді еркелей, қалжыңдап айтты ма десем, жоқ, шыны беті бүлк етпейді. Осы аз болғандай, балам: "Апа, біз "Сосновый борға" жолдама сатып алып қойып едік. Ертең баруымыз керек. Сізге үйде жалғыз қалдыруға нельзя. Мүмкін ауылға қайтарсыз ", – дегенде, өзімді-өзім әрең ұстап, қаным басыма тепсе де, сыр бермеуге тырыстым. Өзегімді жарып шыққан тұла бойы тұңғышым, қабағанға қаптырмай, тебегенге тептірмей өсірген бауыр етімнің көңіліне тимедім. Тосын сый болсын деп, сонау ит өлген жерден айтпай келіп, кеудемді кемерлеген сағынышымды, мауқымды басам ба деген ойым әдіре қалды. Сағынышымды бір ащы өксік пе, әйтеуір бірдеңе басып, жүрегім сыздап келеді. Інім-ау, осы барғанда, ауылдағы үйге бірден бармай, қыр басындағы шалымның моласына барамын. Жалғасыма, немереме деген алапат сағынышымды қара шалыма айтып ағыл-тегіл ақтармасам, кеудемді көтеріп тірі жүре алмаспын. Мен бейбақ, сорлының сағыныш мұңын шағар басқа кімім бар енді?! – деді. Не дейін...
Қартайып, шау тарта бастамаса, қимасынан айырлып, қайғысы қабырғасына батпаса, сағыныш дегеннен бүгінгі пендеңіз, жас-жасамыс мақұрым ба деп қалдым.
Бір атадан, бір әкеден тарағандардың балалары бірін-бірі танымайтын болды. Танымайтыны, қарым-қатынастан ада, бармайды, келмейді, көрмейді. Көрмеген соң, бауыр баспаған соң, қайтіп сағынсын. (Бауыр дейтін бауыр да қалмай барады)
Бұрынғылар сағынғанда хат жазушы еді. Қазір хат – архетип. Қазір – смс.
Бұрындары арнайы қыдырып келіп, сағыныш мауқын басушы еді. Қазір ісің түспесе, бірге туғандарымыздың өзі бір-біріміздің есігімізді ашпайтын болдық. Өйткені қалта телефоны бар. Қалта телефоны демекші, таяуда бір тойда мәз-мейрамда дуылдап отырған бір танысымның қалта телефоны шырылдап, әлдекім тура салған жерден әкесінің өлгенін естіртті. Қан қысымы басына шапты. Сол қаралы хабарды жеткізген телефонмен әйелі жедел жәрдем шақырып, жанын алып қалды.
Анабір жылы әкемнің інісі қайтыс болғанда, дер кезінде бара алмағанда, кейін сол үйдегі жеңгем (бүгінде марқұм) "тым болмаса телефонмен көңіл айтсаң, қайтеді?" – деп өкпесін айтып еді. Енді қазір өкпелейтін кісілер де қалмай барады...
Тектілікті тестен сұраңыз
Ертеде бір бай ен далада жаяу мал бағып жүрген бір қойшыдан: "Алла-тағаланың қайырымы түсіп, сені хан етсе не істер едің?" – дегенде, қойшы: "Егер мен хан болсам, қойымды атқа мініп бағар едім", – депті.
"Кез келген аспаз әйел мемлекет басқара алады" деген Лениннің "Билік берсең, қара табан кедейлер де ел билейді", – дегені ғасырға жуық қойшыны депутат етті, әсем сарайлардың төріне отырғызды, төсіне орден-медаль тақты. Бәрібір қанша жерден жасанды құрмет-қошеметтің дәмін татса да, айналып келгенде баққан бағыланының құйрық майын жеп, мал қорадағы көңнің иісін иіскеп барып қана қойшының жаны жай табатын еді.
Осы күнгі қара халықтың нарықты, жаңа технологияны әлі дөңгелентіп, ұршықтай иіріп кете алмауына тек, текті құртқан кешегі заман зардабы ма дерсіз... Кешегі дегенде, нақтылай айтсақ, кеңес заманын орнатқан – шолақ белсенділер. Коммунистік ғасырда тектілердің тұқымын тұздай құртып, тексіз құл-құтанның ел басқарғаны тарихи шындық. Отызыншы жылдардың бас кезіндегі Қазақстанда болған қасіретті нәубетке жандайшаптар ұйытқы болды. Мұны Бейімбет Майлин туындыларында асқан шеберлікпен кестелеп берді. Топас белсенділері ештеңенің жөн-жосығын түсінбесе де, мансапқа қызығып, көп нәрсені бүлдірді. "Шаш ал десе, бас алуға әзір", айқайға, зорлыққа үйіріліп түсті. Жазушының "Арыстанбайдың Мұқышы": "Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың Мұқышы екен де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар. Қызмет басындағы адамды көрсе, шырғалап соның маңынан шықпайды." Әкесі Арыстанбай да күні кешеге дейін "осы ауылды бір шыбықпен айдап келген" атқамінер, қу, ел жегіш парақор болатын; Мұқыштың бүгінгі тіршілігі де сол "баққаны – өсек, айтқаны – ғайбат; көксегені – ұрыс-керіс, жанжал; жұрт арасына іріткі салып, біреуді біреуге атыстырып-шабыстырып жүрген, жалақор, пәлеқор". "Талтаңбайдың тәртібінде" екі сөздің басын жөндеп кұрай алмайтын, жазған мәнін өзі де жөнді түсінбейтін және тілі де келе бермейтін орыс сөздерін араластырып, ата-бабасында көріп, білмеген, естімеген колхоз дегеннен шошып, үркіп тұрған елдің зәресін ұшырады, онымен де қоймай: "құқ", "түрмеге тық!" – деп бейкүнә, момын жұрттың басына әңгір таяқ ойнатады", – деп жазған ұлы Биағаң.
Осылайша іргесі қаланған, өскен кеңес қоғамы гүлденді, кемеліне келген жылдары... "Таза қазақы ауданда аудандық партия комитетіне орыс таба алмай, көшеде мас болып шаңда аунап жатқан пеш салатын жирен шаштыны жуындырып, киіндіріп, екінші хатшы ғып сайлағанды да көргенбіз", – дейтін әкелеріміз, – аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен сол сабаздар ұрттап алған кезде аттыға жол, ауыздыға сөз бермей-ақ аудан, ауылда кәдімгідей зіркілдеп, қамшы үйіріп басқарды. Бірінші хатшы, бірінші деген аты болмаса, әлгі жирен шаштың ауанынан шыға алмайтын.
Жарайды делік, ол кез өтті-кетті, енді тарих...
Тәуелсіздік жылында туғандар тәуелді заманнан мақұрым. Санасы таза, танымы, талғамы өзгеше. Біздің гөй-гөйімізді тарихтан біледі, ата-әжелерінің әңгімелерінен естіген. Өзіндік пайым-түсінігі бар.
Қазақта бұрын "Он үште – отау иесі, он алтыда – орда иесі" деген. Елде тектілерден он алты жастан-ақ қабілет-дарынымен көзге түскендерден хан, би сайлағанын білеміз. Қазақтың үш биінің үшеуінің де ата-бабасы текті болған. Қаз дауысты Қазыбек 16 жасынан бастап қазақ елі басынан кешірген тағдыр талайына араласқан, орта жүздің төбе биі. Ал әрі батыр, әрі шешен Жәнібек Қошқарұлы Төле биден, Сырым Датұлы Малайсары биден бата алып, жол ашқан. Ғасырлар бойы ел басқарған, ел қорғаған небір ой мен қол батырлары үшін даналардан ақыл-кеңес сұрау, бата алу – тектілік емтиханы болған.
Бұл заманда тектіліктің барометрі, білім мен білігіңді сынап, тергеп, мансаптың майлы жілігін ұстатын – тест. Күні кеше сол тест "А" тобындағы небір аймүйізділерді астындағы атынан аударып тастады. Компьютер тектілігіңе қарамады, ептілігіңе қарады. Қайтесіз, заман солай, биді, яки абызды да тезге салатын технология.
Тектілікті тестен сұраңыз...
Абай болайық...
Бәріңізге аян, еліміздегі ең ірі қала – миллионнан артық тұрғыны бар Алматыдағы екі көшенің қиылысындағы қызтекелерді (гей-клуб) жарнамалау үшін Құрманғазы мен Пушкиннің сүйіскен суретін салып (постер) әлеуметтік желілер арқылы таратып жіберген. Екі ұлттың екі өнер алыбы аяқ астынан гей-клуб «жаршылары» болып шыға келді! Масқара! Бірақ эмоцияны сәл қоя тұралық. Бұл әрекетті кім, қалай түсінді? Алдымен, «бұл бүкіл қазақтардың намысына тиді. Олардың маған жауап бергені орысша: «Ол – ханжество», – деді, сіз түсінбейсіз. Бұл – креатив. Ешқандай, қазақтардың намысына тиетін нәрсе жоқ деп. «Намысыма тиді», – деді бір қазақ – Құрманғазының шөбересі Нүркен Халықберген. Ең сұмдығы – Havas Worldwide жарнама агенттігінің директоры, тағы бір қазақ – Дария Хамитжанова: «Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ. Бұл – шығармашылық. Біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз. Алдағы уақытта да бірнеше үлкен жарнамалар жасайтын боламыз. Аты белгісіз әншілерден бастап, ұсақ қоғамдық ұйымдарға дейін барлығы осы суреттің арқасында атын шығарғысы келеді», – депті шімірікпестен. Суретті салғандар мұны ұлттың намысына тидік демейді. Олар мұны «шығармашылық жетістік» деп отыр. Олардың түсінігінде бұл пәниде айрықша әспеттейтін құндылық жоқ, бұл фәниде ақшаға сатып алып, көретін тән рахаты, атақ, даңқ қана бар.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 34 адамнан құралған ұстаздары мен студенттер тобы сурет салғандарды сотқа берді. Сот істі қарап, агенттікке айыбы үшін 34 миллион теңге төлесін деп шешті. Жарнама агенттігінің мал-мүлкі тәркіленеді. Бірақ көкейде көп сауал көлденең тұрып қалғандай.
Алматы сияқты елдің абырой-беделін асқақтататын алаш азаматтары шыққан, бүгін де интеллектуалдар ордасы, ең көркем де сұлу қазақ қаласында гей-клуб неге ашылған? Жүз жерден демократия, заманауи жаһандық үдеріс десе де, бұл бізге жат, болмысымызға зиян, азғындық қылық! Бір қазақ намысыма тиді дейді, енді бір қазақ бұл жарнама деп бет бақтырмайды. Құрманғазы алаштың арындай маңдайымызға біткен ұлы тұлғаның әруағын саудаламағанда несі қалды енді?!
Рас, Мәдениет министрі айыптады. Бірақ бұл аз. Қалың ұлттың ар-ұяты дейтін маңдайалды, намысқой тұлғалар, зиялылар елге қарата сөз айтпады. Тоқсан тоғызы жиналып, тоғыз ауыз сөз түйіп, билікке дат демеді. Құрманғазының төл ұрпағы болмаса, қайтер еді? Ұлттың ішкі тұтастығы қайда? Қазақтық намысын кім қорғауы тиіс? Дүбәра демократия қазақтың ғасырлар бойы келе жатқан өміршең дәстүрлері мен өмір салтын аяққа таптап кете бере ме?
Ғаламторда қостанайлық гейлер жасырын пәтерлерде, түн ауғанда кафе-клубтарда бас қосайық деп хат жазысып жатыр. Күндердің күні құдай атып, Қостанайдан бұдан да сорақысы алдымыздан шығып жүрмесін...
Әй, бірақ, бүгінгі адамның еті бәріне үйреніп кетті. Нағыз итжанды енді болдық. Бәріне көне береміз. Ар-намыс ше? Бұл бойдағы бір ет пен терінің арасындағы желіктей ғана болғаны ма?...
Ұлттық намысы күшті. Ұлт азғындыққа төзбейді. Іштей іруге хақымыз жоқ.
Ұлттық мінез керек. Абай болайық, ағайын!
Қазір тұлға керек пе?
– Керек.
– Жоқ.
– Білмеймін...
Бұл осы күнгі замандастарымыздың жауабы.
"Керек" деген кісінің айтқандарының бір парасы мынаған саяды: біздің заманымызда тұлғаға лайық замандастарымыз бар.
Бірақ біз оны менсінбейміз. Жақсы атқа, мадаққа, марапатқа қимаймыз. Қызғанамыз. Күндейміз. Көзінше күле қарап, бас изеп, риясыз кейіп танытамыз. Әйтеуір мойындамаймыз. Сонымен тұлғасызбыз...
Ал ешқандай кесек мінез, сұңғыла ақылы жоқ, пысықсыған пысықайларды асыра орынсыз, лайықсыз мақтаймыз. Көбік, өтірік мадақ. Біліп тұрып, сезіп тұрып жалған айтамыз. Сөйтіп қолдан тұлға жасауға тырысамыз. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" дегенді теріс айналдырып түсінеміз. Біле білсек, жақсы кісі істеген жақсылығын айтпайды, керісінше біреу жақсылығын көзінше айтса, қысылады. Адамдық, азаматтық этикет осындай. Сыпайылық – имани әдеп. Мәдениетті айтуды үйреніңіз. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ" деген рас. Күнде көріп, етжақын араласқан соң, асыл азаматтың абзал қасиеттеріне бой үйреніп, әбден қадірін елемей, аяқасты етіп жібереміз. Ел мойындаған, қадір тұтып, сыйлап құрметтейтін азамат. Мансабын емес, мамандығын емес, адамдығын, адалдығын сыйлаудың жөнін білмейміз.
Ал енді осы жерде мысалға жиі алынып жүрген ұлы Мұхтар Әуезовтің Құнанбайдың Абайға айтқанын тағы бір еске түсіріп көрейікші. Құнанбай Абайға: "Ең әуелі, жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші, көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің – орысшылсың", – дегенде Абай: "Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін. Екінші сөзге – біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады. Орысшылсың дегенге – оның қолында зор қуат, өнер, білім бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсақ, ол – надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын", – депті. Абайдың өз жауабы өзінікі.
Ал енді сәл-пәл ойланып, Құнанбайдың айтқанын осы біздің заманымыздағы қоғаммен, адаммен салыстырып, көзге елестетіп көрейікші. Барлап кеп жіберсеңіз, Құнанбайдікі түгелімен дұрыс, шындық сияқты.
Айналаға қараңызшы: "жұрттың бәріне күліп сөйлеп, жайдақ су сияқты, ит те, құс та жалап, кісіге қадірі болмай жүргендер аз ба?! Шынымен де көрінгенмен жақын болып, кісі талғамай желбегей жүрген кісіге ел үйірілмейді. Арзан мен қымбаттың парқын айырмайтын, өзіңдегі барын арзан ұстайтын, бұлдай білмейтін, көп күлкі, болымсыз ермекке асылын шашқандар ше? Амал жоқ абыз ақынның осыдан жүз елу жыл бұрын айтқан: "Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі де есті. ...Елді пысық билегені несі? Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?" – деп (Қара сөздерінен) қайталай бергің келеді.
Ал екінші "жоқ" дегеннің тоқетері: осы заманға тұлғаның керегі жоқ. Әр адам өзін-өзі тұлға сезінетін болды. Өзі сұңғыла, парасатты, бәрін біледі. Үйренем десе, меңгерем десе, жүрем-тұрам десе ғаламтор бар, ақпарат тасыған дәуір. Керегін, қалауын, талабын, талғамын бәрін-бәрін көзді ашып-жұмғанша тауып алады. Жақсы әнші-сазгер, ақын-жазушы болса, өнерін тамашалауға бар. Еруге, еліктеуге бар. Бірақ оны тұлға деп мойындамайды. Оны тұтыну көзі ретінде сезінеді. Пайдасын көргенше ғана. Жастардың әнші-әртістердің жұлдыздары десе "қырылып" қалатыны сондықтан. Сонда да көріп, естіп алғанша. Сәл бірдеңесі ұнамай қалса, сол тұлғаны балағаттап, тіпті сабап кетуден тайынбайды. Ондайлар топ емес, тобыр. "Тобырда ақыл болмайды", ал ол жұлдыздарда тұлғалық қасиет жоқ.
Үшіншісі... білмесе білмейді де. Нанын тауып жесе болды, оған тұлғаның не керегі бар?!..
Достарыңызбен бөлісу: |