Шал мен Жолдас
Бір кемпір шалына құдайы көршісін үнемі, – жүріс-тұрысы сұйық, ұры, – деп жамандап жүреді. Күндердің бір күні шал үйіндегі отын жаратын балтасын іздесе, орнында жоқ. Әрі-бері іздеп, таппаған соң, көшеге атып шықса, көршісі келе жатыр екен. Көршісі мұның балтасын ұрлап алып, содан өзінен-өзі қуыстанып келе жатқандай көрінді. Тіпті, амандасқаны да бір түрлі, ұрлық істеген кісідей. "Бұл өзі не деген сорлы адам еді, менің көршім?" – деп ойлайды шал. Көршісінің кейпін көріп аяп, шал үйіне қайтады. Қораға кірсе, бір бұрышында жоғалтқан балтасы жатыр екен. Сірә, балалардың бірі ойнап алып, орнына қоймай тастай салған-ау?!
Қуанған шал сыртқа шықса, тағы да көршісі өтіп барады екен. Ол енді балта ұрлаған кісіге ұқсамайды, мұның көзіне тура қарап, бейкүнә кісідей күлімсіреген кейіп танытты. "Менің көршім қандай адал адам еді?!" – депті, шал іштей қызарақтап. Бұл бар болғаны өткен ғасырлардан қалған әфсана.
Ал енді бүгінгі өмірде ше?..
Бірде сыралғы бір жолдас жігіт ойда жоқта кездесе кетті. (Тіпті атын атағым да келмейді). Әңгімеден әңгіме шығып, әлгі өзінің бел құдасы – Жалғасты жатып кеп жамандай жөнелді. "Апырай! Екеуің баяғыдан көңіл сыйлас едіңдер, араларыңа кім түсті?" – дедім сыр тартып. «Мәселе сонда, ешкім де түскен жоқ, – деді ол әңгімесін сабақтап, – Жалғасты білмейді екенбіз, оңбаған екен. Біздің үйдегі Мәрияш өз құлағымен естіпті, туған інімді біле тұра нақақтан-нақақ жұмыстан шығартып жіберіпті» .
Жолдастың көңілін аулап: "Е, егер олай болса, әттеген-ай екен!" – дедім де, екеуміз жөн- жөнімізге кеттік.
Арада бар болғаны екі-ақ күн өткен. Тағы сол көшеде әлгі танысым кездесе кетті. Салған жерден құдасы Жалғасты мақтап, жер көкке сыйғызбай барады. Мен болсам, – кешегісі анау, бүгінгісі мынау, мынаның есі дұрыс па, өзі?! – деп аң-таңмын. Зорға тоқтатып, өткендегісінің мәнісін сұрадым.
– Е, осы біздің үйдегі Мәрияш та асығыс қой, інімді өздеріндегі цехтағы жұмыстан босатып, басқа зауытқа бастық етіп қойыпты. Әй, өзі бір мәрт жігіт қой, кеше оны көрдім, ананы-мынаны айттық, бірақ ініңді қызметке қойдым деп маған тіс жарып ештеңе деген жоқ, во, құда! – деп бармағын көрсетті.
Ойлап тұрсам, шал жолдас жігітімнен әлдеқайда артық-ау?.. Ол қалай ойласа да, ішінен, өзімен-өзі кеңесіп, өзі түсінді.
Ал, мына пәтшағар құдасы туралы енді екі күннен кейін тағы не дер екен?..
Ұят
Қазір "өлімнен ұят күшті" емес. Ұят деген кейде жай бір сөзге тиек, тақырып, пәлсәпалық қағидат ғана деп қаласың.
Пайғамбардан адамға жеткен сөздердің бірі: "Ұятың болмаса, білгеніңді істе". Қазіргі заманның сипаты осылай емес деп айта аласыз ба?
Соңғы он бес-жиырма жылдың ішінде шынымен ұялып, екі беті ұяттан өртеніп, жердің тесігі болса кіріп кетердей халдегі адамды көрген жоқпын. Бірақ бұл ұятсыздық жоғалды деген емес. Керісінше, ұялмақ тұрмақ, түңіліп кетердей масқара істі бастан кешіп тұрса да, түк болмағандай безірейген міз бақпайтындар шықты. Бүгінде баланың ұяты – әкеге, қыз ұяты – шешеге дарымайтын болды.
Сонда ұят құндылығы неден құнсыз болды? Сан түрлі себеп-салдарын жазып та, айтып та жүр. Біз де барлап көрейік.
Басқаны қайдам, меніңше, ұяттың түбіне жеткен кесапаттың бірі – алдымен, таңғалмаңыз латын америкалық телесериалдардан келді.
Аға ұрпақтың есінде, сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдары кеңес елі Бразилияның 100 сериядан тұратын "Күң Изаура" (A Escrava Isaura) телесериалының көрсетілуінен бастап, "Байлар да жылайды", "Жай ғана Мария", "Жабайы Роза", "Сенен басқа ешкім емес" т.с.с сондай-ақ, еуропалық "Спрут", "Эдемге оралу", "Санта-Барбара", "Даллас" және басқаларынан "телесериал синдромы" дертіне шалдықты. Әсіресе, қандастарымыз өз балаларына Изаура, Марианна есімдерін қойғанын, өрістен келген малды сериалды көріп барып, түгендеп қораға қамағанды кезінде естігенбіз, есімізде.
Тоқырау заманында тұрмыстан титықтап, аш құрсақ біздің жұрттың сана-сезіміне жаман-жақсы, өтірік-шын, жасанды-табиғиы мипаланған сюжеттері капиталистік сананың "нұрын шашқандай" болды. Әрине, сериалдардың ішінде жүрек-сезімге әсер ететін сәттері де аз емес еді. Бірақ кеңес адамдарының ой-санасына, мінез-құлқына көзге көрінбей, білінбей, психологиялық "радиациялық сәулелер" тараған еді. Айталық, бірден жаныңды баурап алған сүйкімді де сүйікті болған жағымды кейіпкерің сериал бойында бірте-бірте пәтуасыз, алаяқ, залым болып шығады. Ал жағымсыз, жексұрын деген кейіпкерлер ақыры жағымды, сенімді түлғаға айналады. Сериалдарда адамның ұялу сезімін, табиғи таза мінезін ақырындап үгітіп жойды. Тұлғаның ішкі "меніне", даралық қасиеттеріне іріткі салды. Сериалдар кейіпкерлердің қолымен, еркімен жасаған қиянат пен кесепат, кінә мен күнә атаулыны ақтап шығады. Сөйтіп, мөлдір ең бір аяулы сезімдер лайланып, ластанып, жүрек айнытып жібереді. Ұлттық бітіс ұстанымдарға, қағидаттарға соққы берді. Бәрін кешіруге болады. Бәрін өшіруге болады. Бұл дүниеде тұрақты, пәтуәлі ешнәрсе жоқ, тіпті адамның адамгершілік асыл қасиеттері, ең бастысы – ар-ұят құнтсыз, құнсыз деген пәлсапа жегі құрттай жүйке-жұлыныңызға дейін жалмап-жайлап алған еді.
Ресейлік социологиялық орталықтардың кезінде "АиФ" газетінде жазғандай сол кезеңнен бастап, ажырасқан отбасылар, некесіз туған балалар, дүниеге құныққандар, жас-кәріні, кәрі-жасты бәтқорлаған жүгенсіздік күрт өсе бастаған. Кеңес адамдарына жасалған осы психологиялық "басқыншылық" вирусы діттеген жерден дөп тиді. Енді ешкім ешнәрседен ұялмайтын күйге жете бастады. Бір жерде оң жақта отырған бойжеткен ата-анасының көзінше босанып жатса, енді бір жерде келін қайын енесін үйінен қуып шығып жатты. Әрине, осыған қоса кеңестік жүйенің ыдырауы, экономикалық-әлеуметтік күйзеліс бұрынғы қалыптасқан моральдық ахуалды, қалыпты бұзды. Соның салдарынан да бетсіздік белең алды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды жақсылыққа ұмтылдыратын да жамандықтан қорғайтын бірден-бір негіз – ұят деген. Ұят – адамның иманы мен әдеп мөлшерінің көрсеткіші. Ұят тұрмаған жерде иман да қалмайды. Шүкір, ұлтымыз бар да, ұят та бар. Әйтсе де...
Сіз не дейсіз?
Ойда жоқ жерде облысқа танымал З. деген қадірлі ақсақал жолығуға келіпті. Таң қалдым. Өмірі ешкімге бас шұлғып, иіле қоймайтын, ақадал қызметімен абыройлы да беделді, алпыс батпан жүк артсаң да қайыспай көтеретін қатепті қара нардай кісі. Зейнетке шықса да, – кәрі емендей мықты, тартымды болмысынан айнымай, қарттықтың қадірін кетірмей жүрген санаулы ақсақалдың бірегейі. Таң қалғаным – кәдімгідей ақыл-кеңес сұрағандай сыңай танытты. Екеуара болған соң баппен ғана шешіле сөйлей бастады:
– Өзің білесің, балаларымның баласы, тіпті олардың немерелері де бар. Қыздарым да сондай күйлі-қуатты, тату-тәтті, тиісті несібесін теріп жүріп жатыр. Кемпір дүниеден озғалы бес жыл. Балаларыма да, қыздарыма да, барлық немере, шөберелеріме дейін ризамын. Күндіз-түні қасымда жалғызсыратпайды. Еш нәрседен таршылық көріп отырған жоқпын. Асты-үстіме түсіп, аузыма қарап, бағып-қағып отыр, – деді де, менің жүзіме сәл жымия қарады. "Енді не керек, бұл шалға?" – деп отырсың ғой. Мәселе осы! "не керектен" шығып отыр. Менің осы азын-аулақ ғұмырымда ел үшін сіңірген еңбегімнің куәсіндей едәуір орден-медальдарым барын білесің. (Солардың қатарында Тәуелсіздігіміздің он жылдығына берілген медаль да бар). Кезінде тарихта аты қалған талай марқасқалар Қостанайға келгенде түскен фотосуреттерім де жеткілікті. Газет-жорналдарға шыққан мен туралы мақалалар да екі папка. Соңғы он жылдағы бейнематериалдар да таспа-таспа, дискілерде жатыр. Марқұм кемпірім шалымның еңбегі ғой деп жинай беріпті. Енді, міне, "қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман..." Пендешілікпен мақтангершілік жасап, өзімді-өзім әспеттейін дегеннен аулақпын. Бірақ жаны жоқ заттар болса да, естелік сияқты жаныңның бір бөлшегіндей ыстық көрінеді екен.
Бір күні балаларымның үлкені мен кенжесін шақырып алып, "Осы дүниелердің сендерге керегі бар ма? Ертең мен өлсем, мұны не істейсіңдер?" – дедім төтесінен. Екеуінің де қипақтап отырып айтқаны: "Әке, қайдағыны айтпаңыз. Әл-әзір ол өзіңізге естелік ретінде керек қой. Кейінгісін кейін көрерміз", – деп, осы да уайымдайтын нәрсе ме дегендей сыңай танытты. Мен сонда да болмай: "Әй, бұлар сендерден нан сұрамайды ғой. Екеуің бөліп алып, үйлеріңде сақтасаңдар қайтеді. Немерелеріме, шөбелеріме аталарыңнан қалған ескерткіш демейсіңдер ме?" – дедім қабақ шытып. Сонда кенжемнің тұрып айтқаны: "Әке, сіз туралы дүниелердің бәрін компьютерге түсіріп қойдық. Киноролик жасаймыз. Сіздің немере, шөберелеріңіз содан бәрін білетін болады. Ал мына дүниелерді мұражай, мұрағаттарға өткізген дұрыс шығар?" – деді. Менің жақтырмағанымды сезіп екеуі де үнсіз кетіп қалды. Ойланып келер, кейін өздері бірдеңе айтар деп күттім. Күнде көріп жағдайымды сұрап тұрады. Бірақ, бұл тақырыпқа мүлдем жоламай қойды. Балаларыма ренжісем де, бірте-бірте олардың айтқанының да бір қисыны бар сияқты, ол реніш басылды. Содан мұражайға да, мұрағатқа да қоңыраулатып, мән-жайды айтып түсіндіріп бердім. Ондағылар бірден: "Бізге керек. Аламыз. Тек әл-әзір қол босамай тұр. Кейін хабарласайық", – деп, мекенжайымды жазып алды. Арада жыл өтті. Зым-зия. Мені білесің, екінші қайтара өтінбейтін адаммын. Тек қинайтыны, ертең олай-пұлай болып кетсем, бәрі қоқыс жәшігінде шашылып жата ма кім білсін? Әлде, өзім құнды деп жүрген құнсыз әдіреқалғырды аяқасты етіп, иесіз қалдырғаннан гөрі, былғанбай тұрғанда өртеп жіберсем бе екен, ә? Сен не дейсің?" – деп, сөзін аяқтады. Мен қапелімде не дейін?..
Мінез
Адамның мінезі – ұлттық мінез, өмір сүріп отырған қоғамның мінезі.
Әл-Фараби ғұлама: "Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлқына байланысты", – десе, Абай абыз: "Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім", – дейді. Ал Жүсіп Баласағұн: "Құрсақта біткен мінез – қара жерге бірге енеді, сүтпен біткен мінезді – өлгенше өзгерте алмайсың", – десе, Жүсіпбек Аймауытов: "Жағдайдың өзгеруі мінезді де өзгертеді", – дейді. Ал Шортанбай Қанайұлы: "Сүтпен біткен мінез – сүйекпен кетеді" – деп түйіп тастаған. Ертедегі Рим мемлекетінің түбіне мінезсіздік жеткен деген де сөз бар.
Енді бір сәт ойлана қарасақ, біздің осы заманғы, осы күнгі мінезіміз қандай? Ұлтымыздың, полиэтносты қоғамымызға тән мінез бітістері бар ма? (Этнопсихология, этнография, лингвистика, философия, тарих, зерттеулері бөлек әңгіме).
Соңғы кезде сонау ғасырлар қойнауынан аян ұлтымыздың ардаемген мінезін аңсау, сағыну, іздеу – аға ұрпақ, орта буын ортасында жиілеп бара жатқандай көрінеді. (Бұл өзі өткен ғасырлардан басталған көзі ашық ұлт зиялыларыдан туған алаңдаушылық). Сонау ықылым замандарда қазақтың атамекенінде, тұрған жеріндегі ел азаматтары отжүрек жауынгер, қайтпас-қайсар, қырағы оғылан болғаны мәлім. Соның арқасында қазақ ұлан-ғайыр жерге ие. Үлкендер қазіргі жастардан осы жерді қорғайтын осындай бір кесек мінезді көргісі келеді. Ол мінез жойылған жоқ, осыдан небәрі жиырма сегіз жыл бұрынғы желтоқсан (1986) көтерілісі осыған дәлел. Сондықтан мұқым дүние компьютерлі-технологиялық болмысқа бейімделген сайын, ұлт жанашырлары аға ұрпақ қазақтың айнымас төл қасиетін, ұлттық салт-дәстүрді қадірін түсірмей, жас ұрпаққа беріп кету керек деп алаңдаулы. Өйткені, отаршылдық зардабынан әлі арылған жоқпыз. Болмысымызға жат салт-сана, түсінік те сіңді. Айналамыз, замана әлі аумалы-төкпелі. Міне, алаңдаушылықтың бір себебі осыдан.
Ұлттық менталитет өзгерді, бұл – шындық. Бірақ, Құранда "Мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім" деген аят жолдары бар. Жаратқанның айтқаны ұлттық ерекшелік, мінез-қасиеттерің жойылмайды деген аксиома. Ендігі жерде ұлтқа тән мәрттік, жомарттық, конақжайлық секілді мінездерді ұрпақтан-ұрпаққа сіңіре беретін жарнама, менеджмент керек-ақ. "Өзіңді танытпай жатып, өзгені танимын деген күлкі тудырады", – депті Сократ. Жаһандану үдерісі ештеңеге қарар емес. Қарамайды да. Ендеше біз өзіміздің негізі бар заманауи ұлттық сана-сезімімізді, салт-дәстүрімізді табандылықпен қалыптастыруға ұмтылса дүр. Әсіресе, зиялыларымыз белсенділік танытқаны абзал.
Адам пенде дүниелік құмарлықтың соңына түскен сайын қайғы-дерті, азап-тауқыметке бата береді. Сондықтан да оған қарсы тұру үшін Пайғамбарымыз: "Жақсы мінезді толықтыру, орнату үшін келдім. Көркем мінез – иманның жемісі", – деген хадистерінде. Мұндай ұғым, мұндай өсиет-мінез басқа діндегі ұлт пен ұлыстарға да тән. Адамның иманы, адамгершілігі, әділдігі, мейірім-шапағаты – барша қоғамның діңгекті мінезі. Ділі мен дініне қарамай-ақ, жұмыр жердегі замандастарымыздың бойындағы ұстанымы. Әлихан Бөкейханов былай депті: "Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден". Ол мінез: шыншыл, мейірман, жайдарман елгезек, сыпайы, сөзге сараң, амалға жомарт, кісіге зиянсыз, үлкенге құрмет, кішіге ізетті, шүкіршіл, сенімді т.с.с. Ал, керісінше, өктем, әдепсіз, кесірлі-кесапат, күндес, көнбіс т.с.с жетіп артылады. "Жалтақтық пен жалпақшешейлікті суқаным сүймейді", – дейді Н.Назарбаев.
Тереңінен толғасақ, "Мәңгілік ел", "Қазақ елі" деген ойлары Елбасының ұлттық мінезінен туған-ау?!
Тәуба
Жап-жас жігітті бір машина қағып, тіл тартпай кетті. Жігіт біреудің жалғыз баласы екен. Қаққан кісі аудандағы бірінші басшы әрі байдың бірі болса керек. Ол жедел жәрдемді күтпей, оқиға болған жерден кетіп қалады. Полиция үйіне іздеп барса, түк болмағандай қаннен-қаперсіз жайбарақат демалып жатыр дейді. Кешірім сұрап, өкінудің орнына: "Подумаешь, алдымнан шығып несі бар, беталды жүрген өзі кінәлі", – деп тәкаппарланыпты. Жігіттің ата-анасы сабырлы, көрегенді кісілер екен: "Жазмыштан озмыш жоқ, өлер бала өлді, оның орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Қайтейік енді?" – деп, берген ақшаны да, көмекті де алмай, – тек көзіме көрінбеңізші, – деп өтініпті. Байды кешірген, ол қазір қызметі өсіп, облысқа ауысыпты деп естідік.
Бәлкім білерсіз, бәлкім есіңізге түсер, мынандай бір әфсаналық ертегі: Ертеде бір патша болыпты. Бір күні ескіше кітабын ашып отырған кезінде "адам баласы қандай жүйрік болса да, кемшілік келейін десе, оңай екен" деген сөзді тауып алады. Сонда патша: "Мен өзім бірсыпыра елді биледім әлі де билеп тұрмын, білім-парасатым жұрттан артық, менде не кемшілік бар?" деген ой келеді. Сөйтіп отырғанда, көшеден айқай шығады. Бір уәзір келеді де: "Бір нәрсе көрдім не екенін білмеймін, соны, патшам, сізге көрсетуге келе жатырмын", – дейді. Патша далаға шығып қараса, дөңгелене заулап жанып бара жатқан бір отты көреді. Уәзірге: "Менің дүлдүлімді әкел!" – дейді. Уәзір дүлдүлді әкеледі. Оған мінеді де тұра қуады. Қуады да шаһардан екі шақырым шыққаннан кейін жетеді. Жетіп келіп қараса, жүні сусылдаған алтын киік. Әлгі жарқыраған от сол киік болып шыққан. Киік бір батпаққа қабырғасымен батып қалған екен. Патша: "Енді бұған барсам, ат жығылады, киімім былғанады", – деп, барша киімін сыпырып тастап, жаяу, жалаңаш киікті ұстауға қасына келеді. Патша қасына келгенде, санынан батпаққа батады. Киік сілкініп-сілкініп қойып еді, айдары беліне түскен ақ жігіт болды. Содан соң ханның киімін киіп, дүлдүлін мініп: "Қош, хан ием!" деп, жүріп кетеді. Хан бір мезгілде батпақтан шыққан күйі шаһарға келеді. Бірақ балалар жалаңаш жүрген жынды кісі деп тас лақтырып қуып, шаһарға жуытпайды. Жәбірленген хан "бүйтіп тірі жүргенше суға ағып өлейін", – деп өзен шетіне келсе, судың жағасында бір кемпір-шал отыр екен. Хан келісімен, – суға түсіп өлем, – дейді. Шал: "Өлме!" – дейді. "Өлмей қайтем? Киімім жоқ, тамақ жоқ", – деп жауап қайырады. Содан кемпір мен шал бір ескі көйлегі мен кішкене нан береді. Шал: "Сен бүйтіп жүрме, қалаға барып қайыр тіле", – дейді. Патша шалдың айтқанын тыңдап, мойнына бір дорба салып алады да шаһарға келеді. Садақа сұрап төрт-бес күндік тамақ тауып алады. Патша бір мезгілде "Үйіме барып көрейін, бар ма екен, қатын-балаларымды, уәзірлерді көрейін, мені таныр ма екен?" деп келеді. Келе үйде отырған ханға "Ассалаумағалейкүм!" деп, "қайыр-садақа" деп, уәзірлерді қағып тастап, тура ентелеп ханның алдына барады. "Сен кімсің, қай жердің кісісісің?"– дейді хан. Сонда: "Осы шаһардікімін", – дейді. Шаһардікі болсаң елің кім, атың-жөніңді, бәрін шапшаң айт!" – деп сұрайды. Патша көрген-білгенін тегіс баян етеді. Сонда бір уәзірін шақырады да: "Мынаны жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып алып кел", – дейді. Жеті қайта боз биенің сүтіне шомылдырып, ханның алдына әкеледі. Хан мүсәпірдің қолынан ұстайды. "Кітаптың бетін ашқаның рас па?" – деді. Ол: "Рас", – дейді. "Бұдан былай көңіліңе астамшылық ойлама! Тәуба де!" – дейді де, – міне тағың, міне жұртың, міне уәзірің, міне елің, мен Жәбірейіл періштемін, – деп тағын өзіне беріп жоқ болады.
Халықтан сөз қалған ба? "Тасыған – төгілер", "Байыдым деме, кедейлік сіңіріңе жетер. Жетістім деме, қара жер түбіңе жетер" т.с.с
Тәуба бойда жүрсін, ізгілік болсын!
Бәсеке
Мына заман бетерден бетер... Қалауыңызға қарап, ауаныңызға төңкеріліп жатқан жоқ. Тірліктің тініне назар салсаңыз, болымыңызды, бәсекеге қабілеттігіңізді құдайдың құтты күні тезге салуда. Нәсіліңізге, ұлтыңызға, жынысыңызға, тіпті жыныңызға да шаруасы жоқ, айнала-төңірек құмырсқаның илеуіндей. Соның ішінде, жылқы мінезді қазекеңде не өзгеріс, не жаңғыру бар? Қазақтың ардаемген қадір-қасиетінің қайсысы заман нөпіріне төтеп беруде? Осы ойлар көкейде жүргенде, бір басқосуда аяқ астынан өзінен-өзі алдымнан шықты:
– Төзімділік! – деді бекзат мінезді Қабекең деген ақсақал, – мына дүниенің аласапыранына ұлтымыз төтеп беріп, төзімділік танытып отыр. Әйтпесе кешегі қайта құрудың дүрбелеңі, желтоқсанның қасіреті, тәуелсіздік алмағайыбына барлық халық шыдас берген жоқ. Он бес республика, социалистік елдеріңізге қараңыз, өзара қырқысып-жанжалдасты, қан төгілді, аударылып-төңкерілді. Ажырасты, бөлінді. Біз де күйзелдік, қиналдық. Бірақ, кемеміз алапат дауылда қанша шайқалғанмен де аударылмады. Бағыт-бағдардан айырылмады, адасқан жоқпыз, – деді.
– Сол төзімділіктің екінші жағы бар. Ол – есе жіберу. Қазақ жан-жақтан жамыраған құбылыстардың бәріне бірдей төзіп отыра берсе, тозып кетуі де ықтимал, – деп Айбат есімді жігіт бүйірден әңгімеге қосыла кетті. – Тіпті рухани банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз! "Не жесең, соған тартасың", – депті қытай Лао-Цзы. Адам пендесі қай малдың етін көбірек жесе, мінезі соған ұқсайтынын ғалымдар дәлелдепті. Қайсыбір ұлт өкілдерінің бет-пошымына бір сәт зер сала қарасаңыз болғаны – кімнің доңыз етін, кімнің балық етін жейтіндерін байқауға болады дегенді де оқыдық. Ал енді басқаны қайтеміз, өзімізге келсек, соғым кезінде жылқы, қалған уақытта бәрін де талғап, талғамай жей беретін қандастарымыз аз емес. Тәуелсіздіктен бергі жаңа заманның жас алашы жылдан-жылға есейіп, сақайып келеді. Оларда қазақтың ұлттық қандай мінез-құлқы, рухани дидары бар? Олар бәсекеге лайық па?
– Бәсекенің де түрі көп. Экономиканың-өндірістік бәсекенің соңына түскен үкімет білек сыбанып, алға ұмытылып отыр. Инвестициялық тартымды жобалар іске асса, бәсекені қамшылай түсері сөзсіз! – деді экономист Нұрзат. Нұрзат кәсіпкерлікке жетекшілік ететін мемлекеттік органда істейтін жігіт.
– Сенің сол жобаларыңды жусататын адамдар қазақша сөйлей ме, ас қайыра ала ма, бата біле ме? Тіпті қазақша кітап оқи ма, сұрап көрші, қазіргі қазақ ақын-жазушыларынан кімді біледі екен? – деді Айбар айбарланып. Нұрзат мұндай сауалдарды күтпесе керек, абдырап қалды. Сәлден соң барып:
– Сіздің айтқандарыңыз, олардың тікелей қызметіне қатысы жоқ. Біле-білсеңіз, жаңа ғылыми жетістіктерді қолданып, озық технологияны меңгеріп, менменсіген бірқатар елдердегі байқауларда асып түскен талай тамаша мамандарымыз бар. Заманауи талапқа төтеп беретін техник, технолог болу үшін де айрықша талант, дарын керек. Бата, өлең-жырды, ақын-жазушыны білмейді деп олардың зор қабілет-дарынын кемсітуге болмайды. Керісінше, өнер адамдары өнеркәсіп пен өндірістік технологиядағы, аграрлық секторлардағы осы заманғы жампоз қазақ мамандарын атын атап, түсін түстеп бере ала ма? – деді ол Айбарға айбарлана қарап.
– Сен, бауырым, мәселені олай аударма, маман болу бір басқа, адам болу бір басқа! – деді Айбар сәл жуасып. – Бәсекеге адам капиталы кешенді түрде түседі. Әл-Фараби бабамыз адамгершілік тәрбие көрмеген дарынды маман қоғамға аса қауіпті екенін айтқан. Бізде тәрбие бәсекесі, руханият бәсекесі банкротқа жақын қалды. Ақырзаман боларда адамдар өзімшіл, ақшақұмар, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, ешкімді сүймейтін, ұстамсыз, қатыгез, құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады дейді.
– Бәрін айт та, бірін айт, қазақтың адамгершілігі, кісілігі, намысынан артық еш нәрсе жоқ. Дәл осылардан басқалармен бәсекеге түсіп, озық тұрсақ, – деді күндікке әңгіменің ауанын аңдып отырған Қабекең ақсақал. «Айнала алмай ат өлетін, айыра алмай жат өлетін» елге айналарымыз анық.
"Ертеде бір бай болыпты..."
Қазақ ертегілері осылай басталатын еді ғой. Соған қарағанда есте жоқ сонау бір ықылым заманда бай да, бағлан да болғаны рас-ау?.. Ондағы байлық көзі – кәдімгі қазақтың төрт түлігі. Тек кешегі кеңес заманы айналдырған жетпіс жылдың ішінде бай-бағлан атаулыны адамзаттың қас дұшпаны деп, сана-сезім, жүйке-жұлынға сіңіріп жіберді. Сіңіргені сондай, әлі күнге дейін кейінгі ұрпаққа ақ-адал еңбегімен байыған, дәулетті қазақтың жағымды имиджін қалыптастыра алмай келеміз. Біздің байларымыздың баюдағы төккен тері, амал-айласы, өмір сүру салты қарапайым халыққа жақпай-ақ қойды. Әйтеуір оларға тыжырына, күншілдікпен қарайтын көзқарас басым.
Ал енді төрткүл дүниені дөңгеленткен Американың алпауыт байларының қазақтан несі артық? Қысқаша шолып көрейікші. Айталық, Джон Рокфеллер. Қыруар дерек-дәйектер легіне үңіліп, бір байқағанымыз, Джон Рокфеллердің тірлігі қазаққа ұқсамайды. Ұқсамайтыны – есі кіргеннен-ақ отбасында «өз күніңді өзің көр!» деген қағидат тәрбие діңгегі болған. Қаршадай баланың математикаға қабілеті зор болыпты. Содан жасы он алтыға келгенде, Джон алты күн, алты апта бойы бухгалтерлік жұмыс іздейді. Аптап ыстықта қара қалың костюмі мен қара галстукті бозбала бір кеңседен екінші кеңсеге жанкештілікпен барып, табанынан таусылады. Ақыры күндердің күні "Хьюитт энд Таттл" фирмасына бухгалтердің көмекшісі болып ілігеді. Рокфеллер бұл күнді өмір бақи өзінің екінші туған күні ретінде атап өтіпті. Әлемдегі капиталдың аждаһа атасы атанған миллиардердің қалай байығанынан гөрі, қандай қасиеттері болғаны қызықтырақ.
Бітісінде Рокфеллер өте сабырлы екен. Ешқашан дауысын көтермеген, күйіп-піспеген, оны ешкім ызаландыра алмаған. Бірде оған адуынды мердігер баса көктеп кіріп, жарты сағат бойы тоқтамастан айқайлайды. Ал Рокфеллер болса, мәу демеген маңғаз қалпы, мердігер ызаға булығып, қып-қызыл болып әбден діңкесі құриды. Сонда Джон еңсе көтеріп, ақырын ғана былай деп сұрапты: "Кешіріңіз, мен сіздің не айтқаныңызды түсінбедім. Қайталай алмайсыз ба?.."
Рокфеллер қайырымды да мейірімді қожайын болған екен. Жұмысшыларына жақсы жалақы, науқастарға ақы төлеп тұрды, қызметкерлеріне тәуір зейнетақы тағайындады. Бірақ өзіне қарсы келгендерге аса қатал еді. Өзінің бағыныштыларға жүрек жылытар жылы сөзі әрқашан дайын болатын. Сонда да олар Джоннан қорқатын.
Джон Рокфеллер өзінің қызы Лаураны бас директор етіп тағайындады. Балаларына егжей-тегжейлі бухгалтерлік кітапты жүргізуге баулыды. Әр бала бір өлген шыбын үшін – екі цент, бір қарындаш ұштағаны үшін – он цент және әнмен айналысқан бір сағат үшін – бес цент алды. Кәмпит жемеген бір күн екі цент тұрса, әрбір келесі күн он центке бағаланды. Балалардың әрқайсысында өзінің бақшасы болды. Ондағы он жұлынған арамшөп бір пенни тұратын. Рокфеллер – кішісі ағаш жарған бір сағат үшін он бес цент табатын, ал қыздарының бірі түнде үй ішін аралап, шамды сөндіргені үшін ақша табатын еді. Таңғы асқа кешіккен кішкентай Рокфеллерлерге бір цент айыппұл салынатын, олар күніне бір түйір ірімшік алатын, ал жексенбі күні оларға Інжілді ғана оқуға рұқсат берілген.
Миллиардер өз дарыны мен қарымына сеніп, империясын жалғыз басқаруға ұмтылған жоқ. Рокфеллер Standart Oil Company-ді комитеттер көмегімен басқарды. Джон Д.Рокфеллер-үлкені орасан зор капиталдарды адамға қызмет еткізгені аңыз болып тарады. Тіпті, жасөспірім кезінде ол ақшасын баптист шіркеуіне қайырымдылыққа беретін. Орасан байлыққа ие Джон ақшаны қалай жылдамдықпен тапса, сондай ұшқырлықпен сол ақшаны таратып та беретін. Рокфеллер мен қорлары 530 миллион долларды қайырымдылық мақсаттарына қаражат жұмсаған. Рокфеллердің санитарлық комиссиясы ондаған мың жұп аяқ киімді жай ғана тарату арқылы АҚШ-тың оңтүстігінде бір тарихшымен "жалқаулық микробы" деп аталған анкилостомидозды жойды. Ол оның қаражатына ашылған Медициналық зерттеулер институты – тек медициналық зерттеулерге арналған әлемдегі ең бірінші институт (бүгінде Рокфеллер университеті) одан да күрделі аурулармен күресуге көмектесті. Қартайған Рокфеллер қайда болмасын жүрген жерінде қалтасынан бес және он центтік монеталарды алып айналасындағыларға уыстап үлестіріпті. Ол үнемі өзімен бірге қорын алып жүреді екен. Джон Д.Рокфеллер үшін алу да, беру де медальдың екі бетіндей еді.
Әрине, айта түссек байлардың сыры да, жыры да таусылмайды. Бір анығы, Америка мен батыс байларының бітіс-болмысы, менталитеті бөлек.
Десек те, айналып келгенде, бәрі де кәдімгі адам баласы, пенде.
Достарыңызбен бөлісу: |