Аязбеков Ж. Ағайынның арасы


«Кәкімжаным он бірге келсе...»



бет4/7
Дата15.12.2016
өлшемі1,16 Mb.
#3879
1   2   3   4   5   6   7

«Кәкімжаным он бірге келсе...»
«Ең болмағанда Кәкімжаным он бірге келсе, қатарға қосылып еңбек етсе, жетіліп кетер едік-ау!» – депті, ері қаза болғанда көкірегі қарс айырыла аңыраған қосағы Жәмила. Сонда «Кәкімжаным» деп отырғаны – бүгінгі күні жасы жетпіс бестен асқан, дала гладиаторы, жон жолбарысы, «көлқамыстық» Кәкімжан Кәрбозов жеті жаста ғана екен. Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен тұңғышы Зейнепті емес, ұл баласын он бір жастан-ақ діңгек көріп, пана тұтқан ана сөзінің астарына үңілсек, қазақтық уыз қасиетті танимыз. Жәмила ананың осы бір ауыз сөзінен атам қазақтың сонау ықылым заманнан бері атадан – балаға мирас, бесіктен белі шықпай жатып-ақ, ұл боп туған баласына отбасының тіреуіш, ер азамат, әулетін, елін, жерін қорғаушы деп таныған қанға сіңген міндет-парызы ақиқат өмірдің өзінен алынғанын тағы бір дәлелдеп отыр. «Ұл туғанда, күн туған» деген сөз тегін емес!

«Ұл бала еркі мықты, ержүрек әйелден туады», – депті былайғы жұрт қазақтарды меңзеп. Десек те, адамзат баласында еркек кіндікті айрықша пір тұтатын жалғыз қазақ емес. Түріктің сұлтаны, жапон самурайы, еуропа рыцары сияқты сонау ежелгі және бергі орта ғасырларда әр елдің өзіндік дәстүрлі жауынгерлік мектептері қалыптасқанына тарих куә. Қазақта ұлды отбасын асырауға, мал бағу, отын шабу, пана тұрғызуға дайындау өмірлік қажеттіліктен туған еді. Ұлтымыз батырлық пен бекзаттыққа тым ертеден дайындаған. Бес жастан-ақ атқа отырғызып, мәрт, жомарт, намысқой және ержүректікке баулыған. Хан Кене құмға пышақ қадап қойып бес жасар баласы Сыздықтың жүрек жұтқандығын сынапты. Ал Шоқанды әкесі үш жасынан хат тануға, бес жасынан оқып-білуге үйреткен. Ал Абайды 13 жасынан әкесі Құнанбай ел басқаруға баулығанын еске түсіріңіз. Есімі тарихта қайта жаңғырған ұлы батыр бабаларымыз: Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, хан Абылай он бір-он екіге қадам басқанда жеке дара шыққан.

Шешендік өнерде Төле би жетіге толғанда ерек шығып, талай жасы үлкен атақты абыз билердің батасын алғаны, он екі жасар Сырым жесір дауын шешкені, Абылай ханның алдында «Аймен аталас емеспіз, күнмен баталас емеспіз, бұлтпен туысқанымыз жоқ», – деп, шешендік сөзін бастайтын он екідегі Байдалы би, он бестегі оғылан Қаз дауысты Қазыбектің Қоңтəжі ханға айтқан: «Біз – қазақ деген елміз!» – деп бастайтын алтын кесек сөздері ұлтымыздың жадында мәңгі қалған жоқ па?! Ендеше Жәмила ананың аузына «Кәкімжаным он бірге келсе» деуінің негізі тереңнің тереңінде.

Қазақ «Балаңды 5 жасқа дейін хандай көтер, 15 жасқа дейін құлдай жұмса, 15-тен асқан соң досыңдай сырлас, сыйлас» деген. Қазақтың айтпағаны жеті қат аспанның арғы жағында, немесе, жеті қат жердің астында. Бірақ өз айтқанын өзі істеуге келгенде, мойны әлі жар бермейді. Әйтпесе төрткүл дүниені таңғажайып технологиясымен таңғалдырған жапонның түрін қарасаңыз біз сияқты. (Жапондар түп атамыз Сақ дейтін көрінеді). Бірақ, бізге ұқсамайтыны – тірлігі! Шығыстанушы Шарафат Жылқыбаева былай деп жазады: «Ер бала беске, қыз бала жетіге толғанда, ата-анасы оған арнайы кимоно кигізіп, храмға апарып, баланың амандық-саулығы үшін рәсімдер жасайды. Осы шараға арнайы ұлттық тағамдар пісіріледі. Бала ержетіп, жиырма бірге келгенде де осылай істейді. Бұл, ең алдымен, ата-баба дінін бала жүрегіне ұялатып, бойына сіңіру. Ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалған. Ойын арқылы жапон баласы ер бабасының ерлігін түйсініп, дана әжесінің шеберлігін ұғынады. Мысалы, «Карута тори»  деген ойынды кішкене баладан бастап, ересек адамдар да ойнайды. «Карута ториді» ойнау үшін байырғы әдебиеттен жүз жыр білу керек. Бұл жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Феноменді ми қабілеті осылай дамиды». Бұл тәртiпке – құл, бұл болмысы – жанкештi елдің дәстүрі.

Кәкімжан ағамыз Қостанайдан 600 шақырым қиырда жатқан «Көлқамысында» жұмақ орнатып қойды. Пендеге керектің бәрі бар. Ауылдағылардың денінің кіндік қаны сол жерде тамған. Олар көкелерінің туғаннан жанкештілігін, он бірге келгенде, әке үйінің түтінін тура түтеткенін біліп, көріп, өсіп келеді.

...Астана төрінде, Президенттің концерт залында ауылдан келген жеті жасар қаршадай Жамбыл Дүйсенұлының «Тәуелсіздігім тәңірден келген тәтті сый» атты жыр кеші болды. Еңбектеген баладан, еңкейген шалға дейін сонда, бұрын-соңды болмаған аншлаг. Бала ақынның саңқылдаған даусымен ақ нөсердей сабылта төпелеген өлеңдері сарайдың кемерінен асып төгіліп жатты!



«Болар бала...»

Эгоизм
Эгоизм... менмендік, қара бастың қамы... Ал енді ойланып көріңізші, о баста Алла-тағаланың адам баласына дарытқан тұмса түйсіктері, тұмар сезімдерінің ұябасар жері – отбасы болса, сол отбасының өзі де эгоизмнің ізашары. Жарық дүниеге шырылдап келген шарананың тұңғыш тірлігі – ана емшегін құшырлана емуден басталады. Тілі шықпай-ақ өзі үшін тіршілікке ұмтылады. Соқыр сезімнің бойына бірте-бірте "өзім" ұғым-ұрығы пайда болады. Ана – баласын, бала – анасын "өзімдікі" дейді. Бұл инстинкт дами келе сана-түйсікті оятып, отбасы зүриятынан ата мен әже, әке мен шеше, аға мен іні, әкпе мен сіңлі, т.с.с. арасындағы басқалардан бөлек өзімшіл қарым-қатынас түзіледі. Осы түзілістің өзегіндегі бастапқы өзімшілдік – табиғи, бейкүнә сезім. Демек, эгоизм – адамның табиғи қасиеті. Ол ілгері дамудың, өркендеудің түрткісі, күші-қуаты. Гәп, әрине, адамның осы өзімшілдік диалектикасында.

Шәкәрім жазған мынадай бір тәмсіл бар: "Бір байдың қызына шешек шығып бетін тыртық қылғандықтан, ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін естіп, әлгі байдың бір досы байға келіп: "Сондай дәрігер келіпті, күйеуің балаңыздың көзін неге қаратпайсыз?" – десе, бай айтыпты: "Күйеу баламның көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан қайтып келгенінен гөрі, күйеуі соқыр қалпында қалғаны артық", – депті. Сонда досы: "Туған күйеу баласының көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтан айырылайық", – депті.

Дейінгіні айтпағанда, кейінгі жиырма ғасырда небір қарағай басын шортан шалған аласапыран замандар өтті. Адамзат қоғамы дамып, жетіліп, кемелінің кемеріне келді. Бірақ адам-пендеңіз ізгілік, мейірім, махаббатымен қатар, сол баяғы дүниеқоңыз, көзтоймас, баққұмар, қызыққұмар, құмар да құмар! Құштар да құштар! "Әлемді түгел көрсе де, алтын үйге кірсе де, аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап мінсе де – қызыққа тоймас адамзат!" (Бұхар жырау). Осы қасиетке күншіл, қызғаныш вирустары қосылып одан сайын тегеурінді, қатерлене түседі. Жолына кездескен кез-келген тосқауылды тас-талқанын шығарып, жайпап, таптап, не болмаса айналып орағытып өтуге, тіпті болмаса өлердей өрмелеп шығуға ұмтылады! Бәрін, ең алдымен, өзі көргісі келеді, өзі білгісі келеді, өзі рахатқа батқысы келеді. Сол үшін басын тауға да, тасқа да ұрады, қорлық-сұмдыққа да барады, қорлық-сұмдыққа да төзеді. Ал қазір түйені түгімен жұтатындар пайда болып, енді тау-төбеңізді, жиделбайсын атамекеніңізді үй-орманымен, тезек-қабымен қоса бауырына басып алды. «Өзім» дегенде "өгіз қара күшін" көрсетіп жатыр. Аяулы ұлы махаббат, ізгілік, адамгершілік атаулының да түптеп келгенде, бір жібек тіні – иманды өзімшілдікте жатыр. Тұтастай айтсақ, қоғам мен қоғам, мемлекет пен мемлекет те солай. Тіпті кеше Қазақ мемлекеті ежелгі даласындай аңқылдақ ақжарма ниетімен Астана Саммитінде еуроодақ елдерін татулық пен ынтымақ үшін басын қосып, бәтуаға шақырғанда, күштілерінің арты диірмен тартып кергіді, кедейлері кербезденіп кежегесі кейін тартты, ортақ адамзаттық татулық, төрткүл дүниедегі бейбіт тірлік, тастүйін бірлік дейтін баға жетпес келісім үшін бәрін ұмытып, президенттер бір-біріне риясыз жүрекпен құшақ жая алмады. Әрқайсысы да өз елінің мүддесінен, мемлекеттік өзімшілдігінен асып кете алмады. Әр кәллада өз қиялы.

Ал тарихта жаһанды дүр сілкіндіріп, қоғам дамуына бетбұрыс жасаған XVIII ғасырдың соңынан бастап XIX ғасырды шарпыған Франциядағы ұлы төңкерістердің көзін де ашқан, көрін де қазған – эгоизм! Ал сол эгоизмнің бүлк-бүлк соққан күретамыры – сан жүзді құштарлық! Құмарлық! Ынтықтық! Осы тіні бір, сабағы бір тұмса қасиеттің адамның түрлі ниеттерімен түрленіп, мың құбылысқа ұшырайтынын қайтерсіз?! Мұны пәлсапашылар, психологтар, социологтар тағы сол сияқты түрлі саланың мамандары талдап, жіліктеп, адамзат қоғамындағы алуан-алуан көрінісін, сипатын ғылыми айналысқа енгізгелі талай-талай ғасырлар өтті, алда да солай бола бермек.

Ендеше, жұмыр басты адам пендеңіздің кеудесінде шыбын жаны бар да осынау бес күн жалған дүниедегі құштарлығында шек болмайды екен...

«Лұқпан хакім мың жасапты»

Лұқпан хакім: "Екі дүниеде де пайдасы тиетін бір сөз айтайын. Адам сегіз нәрсеге мән беру керек. Олар:

– Төрт уақытта төрт нәрсені: намазда – көңілді, халық арасында – тілді, жеп-ішуде – тамақты, біреудің үйіне барғанда – көзді қорға;

– Екі нәрсені: Алланың ұлылығы мен өлетініңді ұмытпа;

– Екі нәрсені: біреуге істеген жақсылығыңды, басқаның өзіңе істеген жамандығын ұмыт.

Сонау бір ықылым замандардан жеткен абзал абыздың осы өсиеттері әлі сол күйі мәнді, сол күйі өміршең.

Барып көрсеңіз, мешіттерде, жұма немесе айт күндері намазға жығылған жастардың арасынан көңіл хошын келтіріп, күллі ағзаларын мамыражай күйге бөлеп, жүрегімен бір Аллаға байланған жігіт-қыздарды көргенде сүйсініп қаласыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбәрак хадис шәріпінде: "Намаз – көзімнің нұры", – депті. Намаз оқыған кісі қажылықты өтеген адаммен бірдей көрінеді.

Халық арасындағы тіл құдай сала көрмесін, біздің қазақта абайламаса – сөз сүйектен өтеді, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешеді, айтылған сөз – атылған оқ еді. Ал енді бүгін тіл киесін елеп жатпайтын болдық. Сондықтан ба, бүгінгі ел аузындағы, жұрт арасындағы сөздің пәтуасы да, дуасы да жоқтай көрінеді. Ғасырлар қойнауындағы Бұхар жырау, кешегі Махамбеттердің динамиттей, детонатордай құдіреті бар қазақтың тілі, бүгінде көбіне халық арасында мысықтың мияуындай, қалыптан шыққан, сүргіленген жылтыр да жалтыл...

Ішіп-жеуден кенде емеспіз. Қостанайдың әр тұрғын үй орамында самсаған азық-түлік дүкені. Химиялық өңделген өнімдерінен, қоспа толған тамақтың, жеңсік астың түр-түрінен көз сүрінеді. Тамаққа сақтығымыз шамалы-ау...

Деніміз сау дейін десек... Қостанайдың әр орамында әр жүз метр сайын түрлі-түсті дәріхана саңырауқұлақтай қаптап кетті. Емханалар да көбейіп барады. Басыңыз ауырып, балтырың сыздаса, қаланың қалаған жердегі емханасына барыңыз да, тіркеліп, қарала беріңіз.

Тәбетімізге тосқауыл боларлық әр жүз метр сайын не бар?

Қонаққа барғанда көз демекші, есіме ауылдағы бір досымның жеңгесі түсті. Сол жеңгейдің сүйегіне сіңген бір әдеті болды. Қай үйге барсын, танысын-танымасын ұры итше үй-ішін сыпыра тінтіп, дүние-мүккамалын түгелдеп, сұғын қадамай шықпаушы еді. Апырай, десеңізші?! Тағдырдың кәрі ме, сол бейбақ жеңгеміз ойда жоқ жерде сүрініп кетіп, қос жанарына ағаштың жаңқасы кіріп, зағип болып қалды.

Осы күні қонақ пен тойға барса, нәзік жандылардың көз алмай қызықтайтыны – жұрттың тойға киіп келген қызылы, дастарханның мәзірі.

Алланың ұлылығын, алдымен, әлемдегі асқан дана, кемеңгерлер мойындаған. Түркі дүниесінде Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев өздерінің жүрекжарды туындыларын бисмиллаһир-рахмани-рахимы мен "Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла атымен бастаймын" деп жазумен бастаған.

Өлім дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : "Муту қаблә ән тәмуту, яғни өлмей тұрып өліңдер" деп бұйырған. Мұны ислам ғалымдары: "Дүниеде сеніп, иман келтірген нәрселердің бәрі өлгеннен кейін көрінеді. Адам өліп, ақиқаттарды көргенінде қандай жағдайда болатын болса, тірі кезінде қандай амалдар жасаған болып өтуін қалайтын болса, қазірден бастап соларды жасауы, өлмей тұрып өлуі дегенді білдіреді", – деп жазған. Дүниенің дүниелік қызығы желіктіргенде, сабыр әдіре қалып, ақылдың көзі тұманданады. Асфальт жолдағы заулаған көліктің тізгінін ұстаған пәтшағарлар өлім тұрмақ, өмірді де ұмытып кетеді...

Ал адамның адамдық қасиеті – кісіге істеген жақсылығын ұмытуы. Біреуге қайырымдық көрсетсеңіз – бұлдамаңыз, көзін шұқып айтып міндетсімеңіз, есіне түсірмеңіз. Жақсылық жасау – ардың ісі. Ардың ісіне есеп-қисап жүрмейді, ол – жүрек қалауы! – дейді өмір даналығы.

Егер біреуден көрген жамандықты ұмытпасаң, кеудеңде кек, өш алсам деген сезімдер бірте-бірте кеулеп, кернейді. Мұндайда ізгілік, қайырымдылық имани қасиеттер ығып, хайуани қасиеттер бой көтере бастайды екен.

Ел арасында "Лұқпан хакім мың жасапты" деген аңыз бар. Осының мәнісін сұрағанда Лұқпан хакім: "Жақсы жандармен дидарласып, сұхбаттасқан сайын жасыма жас қосылады", – депті.

Біздің Қостанай өңірінде де жақсы жандар шүкір, баршылық. Бірақ сол "шылық" пен біліктің кемдігінен дидарласудың, шынайы сыйласудың ретін таппай жүретін өзіміз кінәлі.

Өзіңді өзің ізде
Бір шипая бозөкпе имене кіріп: "Сізге мыналарды көрсетіп алайын деп едім", – деп бірнеше бет қағазды қолыма берді. Ашып көз жүгіртсем, өлеңдер екен. Оқи бастадым. Үйіріп әкетіп барады. Жып-жылы, ұйқастары да келісті.

– Жақсы екен, – дедім бас көтерместен. Ол кенет:

– Мен әлі өзімді таппай жүрмін, ағасы. Ізденіп, іздеп жүрмін. Әл-әзір таппақ тұрмақ, қарам да көрінбейді, – деді маған емес, жалюзидің арасынан сыздықтай ағылған терезе жарығына қырын қараған бойы. Менің жауабымды күтпестен:

– Отыз елдің қатарына жетуін жетеміз-ау. Бірақ солардың ішінен бізді, "Міне, қазақ!" деп қай түрімізге, қай қасиетімізге қарап таниды? – деп, сірә, бүкіл қазақтың тағдырына жауапты адам мен секілді маған безірейе қарап қалыпты. Сол екі арада телефон шыр ете қалды. Жанашыр газетіміздің ардагері екен.

– Ертеңгі мейрамда ұлттық киіммен келіп, ұлттық дастархан жасаймыз, соны суретке түсіріп, бірінші бетке берсеңіздер, қатып кетер еді!" – дейді.

– Жақсы, – дедім әңгімені ұзатқым келмей.

Ал мына аяқ астынан пайда болған мына тықақ кім? "Қазақтың іші-сыртына күмәндануыңа жол болсын! Өзіңді таппай жүріп, бүкіл қазақта нең бар? Ел тағдыры сен сияқты бозбастың босаң сенім-нанымына қарап қалмаған шығар. Ал, тіпті, сеніңше елдің болмыс-бітімі қандай болу керек?"– деген дүр еткен сапалақ ойлармен дүрсе қоя берсем бе екен деп.. алдымда орындық бос тұр! Бозбас жым-жылас. Есіктен хатшы қыз кіріп, қолыма бір флешка ұстатты. Дереу компьютерге қоса қойдым. Жаңағы бозөкпе: "Көке, мен өзімнің тұрғыластарыма айтарым бар. Дүние-мүлкің, киімің тозар, тәніңнен де жан кетер. Дүниеде қатып қалған еш нәрсе жоқ, өзгерер, құбылар, жаңғырар. Бірақ әр ұлттың айнымас, бұлжымас ұлттық рухы, құндылығы, серті болса керек-ті. Жаратқан Ие: "Алланың жасаған нәрсесінде кемшілік болмайды. Мен сендерді ұлттарға, ұлыстарға бөлдім..." деген аятта. Ендеше жүз жерден өркениеттің алдыңғы сапында алшаң басып кетсек те, қазақ қазақ болып қалуы анық. Бірақ мәселе – қандай қазақ болып қалады? Жауап айқын: қазақ рухани мінез-құлқы бар, ұлттық парасат-пайымы сұңғыла, заманауи технологияны меңгерген, сымбатты да сырбаз болуы шарт. Бірақ менің осыған күмәнім бар. Себебі, замандастарым ізденгісі келмейді, дайынға құмар, – деп бір түйіп тастады да, одан әрі осы талапқа сай болудың жолдарын білмей басы қатып жүргенін айтып, – қандай кеңес бересіз? – деп келіп ем, байқадым кабинетте бұл әңгіме жараспайтын сияқты, – деп нүкте қоя салды. Сөздері түйеден түскендей. Еріккеннің ермегі емес.

Ал енді балаңмен жасты бозбасқа қапелімде не кеңес беріп жарытамын? Күні кеше ҚМУ-дың журналистика факультетінің үш студенті бізде практикада, өзара пікірталас ұйымдастырып қырықпышақ болғаны бар.

Қазір жеке меншіктің заманы. Капитал билеген дүниеде жеке меншік ғасырлар бойы қалыптасып, нығайған. Бірақ оларда ұлттық иммунитет жойылған. Біз олардың қазіргі нұсқаларын, кейпін өзімізге көшіруге жанталасудамыз. Адамзаттың алпауыт топтарының ентігіне елітіп, оларға қызыға, етегін ала ілесе жөнелдік. Олар не істесе, біз де соны істеп жатырмыз. Олар не ішсе, не кисе, не көрсе, соны қайталаймыз. Тіпті алпауыт деген орыс та мемлекеттік ресми төл атауларының орнына "Президент", "Премьер-министр", "Мэр", "Департамент" деген сияқты еуропа стандартына алмастырып, байырғы атауларын қолданыстан шығарып жіберді. Әр ұлттың ұлттық ерекшелігі, болмысы (менталитеті) құндылық болудан қалып барады.

Біз ұлттық қасиет-құндылықтардың бәрін, мереке салтанаттардағы сахнада, көшеде декорацияға, жасанды дүниеге өзімізді-өзіміз алдаңғыртатын арзан әуеске айналдырып жібердік. Біз ұлттық киімді, ұлттық тағамның түр-түрін тек наурызда ғана жасаймыз. Семинар кеңестерде ұлттық құндылықтарды сөз етеміз. Бірақ күнделікті тұрмыста, тірлік-тіршілігімізде әдетіміз бен ғадетімізге сіңгені шамалы. Кедей «бай болсам» дейді, бай «құдай болсам» дейді. Бірақ соның бірі де нағыз қазақ болғысы келмейді. Елімізде неге отбасыны тәрбиелейтін институт жоқ? Жылқы шаруашылығымен айналысатын мемлекеттік институт қашан ашылады? Қазақы қасиеттің бәрі осы шаруашылықта жатқан секілді.

"Біреуге малай болып, еңбек іздеп жүрген дүниеде ешбір қазақ жоқ", – деді Елбасы Тәуелсіздік мерейтойында.

Әр қазақтың бойында ұлттық гендік код бар. Оны тек ізденген, үздіксіз өзін-өзі іздеп тапқан адам ғана аша алады. Ашқан адам – нағыз қазақ!

Осыны студенттер қалың жастар ортасына алып шығамыз деп пәтуаласқан. Мен шипая бозөкпеге осы төңіректе айтқым келді. Бірақ ол менсіз де білетін, сезетін сияқты. Өйткені ол өзін-өзі іздеп жүр!

Кім қалай ойнап жүр?

Есік сарт ашылып, ақын інім түрі өрт сөндіргендей диванға сылқ отыра кетті. Сөйлеуге асығар емес, тұтығып қалды ма, түрі сұрланып, өзін-өзі әзер жұбатып отырғандай көрінді.

– Не болды? – дедім, ақырын сыр тартып. Менің сұрағым оған жетпей ауада ілініп қалғандай, ол сол күйі үнсіз. Сабасына түсер деп назарымды өз шаруама аудардым да отыра бердім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, кенет ақын інім ұйқыдан оянып кеткендей:

– "Қыз Жібектің ақтығы, наурыздың ақша қарындай, ақ бетінің қызылы ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары, жазғы түскен сағымдай, білегінің шырайы, айбалтаның сабындай!" Иә, дәл сондай! Ал, көке, күле көрмеңіз, шынымды айтайын, ақын атымыз бар, мен қиссаға бұрын онша сене бермейтінмін. Өйткені ол көркем туынды, тыңдаушыны қызықтыру үшін әсірелеп жырланған. Тіпті олай емес екен! Сыртқы сұлулығы айна қатесіз! – деп ақын інім әңгімесін есе жөнелді, – өткен жетіде "Астықжанға" барып, оны-мұны алып, енді шығар есікке бұрыла бергенімде, екінші қабаттағы баспалдақтан бір сұлу бойжеткен түсіп келе жатты. Енді сұлулығы жаңа айтқан Қыз Жібектей-ау! Қамбар батырдағы "Қыз Назым шықты, бұраңдап" дегеннің нақ өзі, жүрісін айтсаңшы! Жымиғанын айтсаңшы! Ерекше. Артынан қалай салпаңдап еріп жүре бергенімді өзім де аңғармаппын. Автобусқа отырып, жаңа шағын аудандағы бір бес қабатты үйдің қасынан түсті. Мен де түсіп еріп келемін. Бірінші есікке жақындағанда кілт бұрылып маған тағы бір әдейі жымиғандай болып, зып беріп кірді де кетті. Мен тоқ ұрған адамдай, жүрегім кеудеден шығып кетердей атқақтап тұрып қалдым. Бәрі таза. Риясыз. Шынайы. Апырай, бұл Қостанайда жиырма жыл тұрып, мұндай хор қызын бірінші көруім! Содан несін айтасыз күнде сол жерден өтіп аңдитын болдым. Бір апта өтті, кездестіре алмай қор болдым. Жүректе – шоқ. Көруге зармын, жандырып, күйдіріп барады.

Ақыры... бүгін көрдім. Әдеттегімше талдың тасасынан "хор қызы" кірген есікті аңдып тұрғам. Кенет есік сарт етіп ашылып, сыртқа бір орта жастағы ірі денелі әйелді жетелеп, аңсаған арманым – аруым шыға келгені. Ай маңдайы жарқырап, жетелеген кексе әйелді тура аялдамаға қарай сүйрей жөнелгендей болды. Кенет айдай ару: "Әй, соқыр-ай, сен-ақ сорлатып біттің, тез жүрсеңші енді!" – деп дүр ете қалғанда, біреу мені шапалақпен тартып жібергендей болды. Сол екі арада автобус та келіп, жетектегі мосқал әйел денесін ауырсынып баспалдаққа аяғын қоя алмай мықшыңдап жатқанда, әлгі қыз: "Бол енді, не өлмедің, не қоймадың, сука!" – деп, жұлқи тартып түйіп жіберді. Тағы басқа да лас сөздерді шаңқылдап айтып жатты. Айдалада тұрып, жердің тесігі болса кіріп кете жаздадым. Сенейін бе, сенбейін бе?! Апырау, мынандай түрден, мұндай тіл шығады деп кім ойлапты?! Тіл емес – у, у емес – құсық! Көрген жоқсыз, сенбейсіз, көке! – деп айқайлап жіберді. – Мен түс көргендеймін. Жиырма бірінші ғасырдың он төртінші жылында. Қазақ қызы! Құдайақы, қасындағы шешесі! – деді інім көзін алайтып.

– Сен оған тым қапалана берме. Сенің көргенің – мыңнан біреуі дейікші, – дедім. Сәлден соң ініме кеңесейік деген ағалық ниетпен: "Біздің барлық өміріміз – ойын, ал ондағы адамдар – актерлар" деген (Шекспир) сөзді терең түсінсек, жарық дүниеге келген әр адам бұл фәниде өз ойынын ойнайтыны аян. Мәселе, кім қалай ойнайды, әркімнің ойнау қабілеті әр түрлі ғой. Адамның бақыт-бағы оның сыртқы-ішкі дүниесінің үйлесімінде. Осы бар ғой, сенің таңғала, жаның ауырғанына қуанып отырмын. Әйтпесе қазір жұрт бір нәрсеге таңғалмайтын болғалы қашан. Небір сұмдыққа етіміз әбден үйренген. Замандастарымыздың ішкі мәдени иммунитеті тозған. Бәрін бір көргеннен кесіп-піше салу оңай. Сен асықпай бағала. Өмірде бәріміз де ойыншымыз. Бірақ әр кісі өзінің шамасы келгенше, ой-өрісінің жеткенінше ойнайды.

Әсілі, шынайы әйел сұлулығының өзі де ойын. Тек сол сұлулықты, шырайына келтіріп, табиғи үйлесімді ойнай білсе. Бақытын тапты, бағы жанды дейтін сөз сонда айтылса керек.

Қарапайым болу кімге лайық?
Рудныйдағы "Горняк" спорт кешені. Бойы сырықтай, желке шашы желпілдеген, бақырайған қос жанары көзілдірігінен тесіп жіберердей елгезек кісі сахнадағыларға дамыл берген жоқ. Екі қатарға тізілген топты бірден үйіріп әкетті. Ән айтушылардың дауыс ырғағын, әннің әр тармағының дыбысталуын, сөздің мәнерін мұқият қадағалап, қаперінен қалт жібермеді. Сахнаға күні бойы сан мәрте жүгіріп шығып, өзі бас болып, ән шырқап әбден терледі. Ақыры сын сағаты да келіп жетті.

Елбасы рудныйлық кеншілерді торқалы тойымен құттықтады. Содан соң іле жұрт алдына шыққан ол музыка легімен әнді бастай жөнелгенде, дыбысы стадион ішін бірден кеулей кернеп әкетті. Үлкен-кіші бәрі сол сәтте ән дүбіріне елітіп, жетегінде кеткенін байқамай да қалды. Әнұранды мәнерімен құйқылжыта аяқтағанда, алаңда отырған қалың көпшілік дүр етті. Шынайы қошемет! Төккен тері зая кеткен жоқ екен.

Ол енді әр қадамын әнтек басып, жүзі нұрлана жеңіл ғана Елбасы отырған шатырға беттеді.

Бұл Рудный қаласы стадионында өзі әнші, өзі дирижер, өзі режиссер болған қазақстандық миллиардер, олигарх, аллюминий алпауыты –Александр Машкевич еді. Болса ше? Оны, қадірлі оқырман, несіне мил-лиардерді тамсана жазып отырсыз деуіңіз хақ. Айтып көрейік. Бізді, шынтуайтында, әйгілі алпауыттың байлығы мен шайлығы емес, ықыласымыздың ауғаны – оның пенделік қылығы. Дәлірек айтсақ, қарапайымдылығы. Өндірісте қызмет істейтін әрі комбинат басшылығына жақын кісілердің айтуына қарағанда, Машкевич мырза шектен шыққан қарапайым адам көрінеді. Комбинатқа келсе болды, кісі талғамай көңілі ауған адаммен ежелден таныс адамдай жайдарлана үйіріле түседі екен. Тіпті миллиард қаржының иесінің мысы ма, буы ма, әйтеуір бір артық мінез-құлқы, қасиеті ме, бірдеңесі сезілуі керек қой. Бірақ мұнда түк те сезілмейтін көрінеді. Кәдімгі көшеде күнде көріп жүрген серейген күйі, қарапайым пендеден еш айырмасы жоқ. Бірақ миллиардер.

Ал ССӨБ-нің 60 жылдық мерейтойында жанкештілікпен әнұран жазып-жаттап, өзі орындады, ал онда тұрған не бар? Біздің заманымызда таң қалатын құбылыс қалды ма екен? Кімнің не ойласа да еркі. Сан-саққа жүгіртуге хақылы. Алдымен қайтсем Елбасына жағынам, қайтсем оның көңіл-күйін табам деп зыр жүгірді дер. Бірақ бұған иланғың келмейді. Неге? Себебі ұзақ жылдан бері Елбасының сенімді инвесторлар қатарында саналатын, оң қабағына ілінген басқа емес, аса бай Машкевич бұл. Сондықтан мұндай жағымпаздық Александр үшін тым ұсақ-түйек секілді. Төрткүл дүниедегі байлығын еселей түсемін деп тыным көрмейтін Александр көп кәсіпорынның біріндегі мерейтойда әнұран шырқап, жалынды сөз сөйлеп, Елбасынан тағы бір ұпай алып қалайын деді десең, баланың сөзі сияқты. Қазақы түсінікпен қарағанда. Немене әнұран айтудан басқа амал-тәсіл қалмап па, сірә? Көзге түсіп, қызметімді көтеруге септігі тие ме дейтіндей биліктегі қызметкер емес. Дүние-мүккәмалы аста-төк олигарх Машкевич. (Әлде еврей үшін ұсақ-түйек деген, бәлкім, болмайтын шығар?..)

Жалпы бұрын-соңды еврейлердің қазаққа істеген жақсылығы бар ма? Бар. Қазақтың 1000 әнін жинап-теріп, нотасымен кітап шығарған, "Қыз Жібек", "Ер Тарғын", "Жалбыр" операларын жазған, "Қалқаман-Мамыр" балетін қойған А.Затаевич, Брусиловский, Ерзакович, Шаргородский, Шабельский, Круглыхин, Орлов секілді қазақстандық еврейлер, бірі қазақтың ән-күйлерін жинаса, бірі өңдесе, опера жазса, бірі қазақ музыкасы туралы оқулықтар шығарды, лекция оқыды, ұлттық кадрлар дайындады. Бұл енді мәселенің бір жағы. Біздің айтпағымыз Машкевичті, еврейлерді жақтау немесе жағыну емес, басқа.

Турасына көшейік. Машкевичтің орнында бір қазақты қойып көріңізші. Миллиардтаған доллары бар, әлемдегі ең бай адамдардың бірі болған қазақ қарапайым адамдармен қатар жүре қояр ма еді? Өзі комбинатқа әнұран жазып, жаттап айтып "азапқа" түсіп, күнге күйіп, зыр жүгірер ме еді? Тіпті, керек десеңіз, миллиардер қазаққа (бөрі текті) қарапайым болу жараса ма?..

Бір анығы, қарапайымдылық – қабілет, қасиет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір амалында өте қарапайым болған. Өзгелерге де қарапайым болуды әмір етті. "Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Ешкімнің ешкімде артық үстемдігі жоқ. Алланың рахмет есігі баршаға ашық. Кім өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Кімде-кім қарапайым болса, оның дәрежесін көтереді. Сол секілді Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына жүз еселік дәреже береді" – делінген хадисте.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет