Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа


-секция  Ә:КЕКІЛБАЕВ ТАНЫМЫНДАҒЫ АДАМ ЖӘНЕ ЖАРАТЫЛЫС



Pdf көрінісі
бет46/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

5-секция 
Ә:КЕКІЛБАЕВ ТАНЫМЫНДАҒЫ АДАМ ЖӘНЕ ЖАРАТЫЛЫС 
КОНЦЕПЦИЯСЫ 
 
ӘОЖ 82.09 
 
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ «МЕН» КОНЦЕПЦИЯСЫ 
 
Жанаева Ш.А. 
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж» КМҚК директоры, 
филология ғылымдарының кандидаты 
 
Аңдатпа
.  Бұл  мақалада  Әбіш  Кекілбайұлының  ақындығы,өлеңдері  жан-жақты 
қарастырылады.  «Мен»,  «ақындық»  концептілерінің  мән-мағынасы  толықтай  ашылып, 
сараланады.  Өлеңдеріне  талдау  жасалып,ақындық  қыры,  ақын  тұлғасы  айшықталып, 
қаламгер шығармалары кеңінен баяндалады. 
Түйінді сөздер
: Әбіш Кекілбаев, ақындық, өлеңдер, ақын, «Мен» концепциясы.  
 
Қазақ  әдебиетінде  аты алтын  әріптермен  жазылған  дарын  иесі  –  Әбіш  Кекілбаевтың 
халқымыз  үшін  орны  бөлек.  Еліміздің  әдеби  байлығы  мен  мемлекет  ісінде  өшпес  із 
қалдырған Әбіш ағамызды халық ерекше ілтипатпен еске алады. 
Қай   адамның   да   кісілік   келбеті   мен   тағдырының   қалыптасуы     оның     балалық  
шағының     қалай   өткеніне   байланысты   болса     керек.  Әкесі   соғыстан  оралмаған  Әбіш 
Кекілбайұлы  анасы  Айсәуленің  тәрбиесін   көрді.   Әбіш  Кекілбайұлының  анасы  Айсәуле 
Жұмабайқызы дәулетті, ел ішінде аты шыққан бидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленген.  
Маңғаз  Маңғыстаудан  шыққан  текті   ұл   майдан  даласында  бір  төмпешік  болып   
қалған  әкесінің  аманатын  ақтады.  Әбіш  Кекілбаев  кішкентайынан     соғыстың     залалын 
 көріп   өскен  ұрпақтың     өкілі.  Cұрапыл    соғыстың  жалыны  балаларды  да  шарпымай  өткен 
жоқ:«біздің  бала  кезімізде  шошынарлық  жағдайлар  жеткілікті  болды.  Үш  жастағы  кезімде 
үйіміздің іргетасына бомба түсті. Сталинград түбінен келген фашистер теңіз асып келіп, біз 
тұратын Таушық атты шағын шахталар кентін бомбалады. Сәске шамасы еді. Кенет әлдене 
гүрс  ете  қалды  да,  үйдің  ығында  ойнап  отырған  біздер  анадай-анадай  жерге  ұшып-ұшып 
түсіппіз.  Жарылқап  дейтін  көршіміздің  әйелі  Мәрия  әлгі  оқыс  гүрсілден  шошып,  сыртқа 
жүгіріп шығыпты. Сұлап жатқан балаларды көріп, бір-бірлеп көтеріп үйіне апарып, есімізді 
жиғызыпты.  Сақшылар  келіп  үй-үйдің  есік-терезесін  қара  киіздермен  қымтатып,  ит  пен 
мысықты  қуып  жүріп  өлтіріпті»[2.15].Бала   күнінде   көргендерінің   бәрі   жазушы   Әбіш 
 Кекілбаевтың  қаламгер   болып     қалыптасуына   әсер  етті.  Қалың  оқырман  жақсы  біледі, 
қазақ  сөзінің  қайраткері,  халық  жазушысы  әдебиетке  ақын  болып  келген,  қаламгердің  23 
жасында,  1962  жылы  «Алтын   шуақ»  деген  атпен   өлеңдер   жинағы   жарық  көрді.  Ол 
 жинаққа  «Арғымақ»,«Абайла,  бауырым,  абайла»,  «Айым  сен   деп   жүр   едім», 
«Археология»,«Айдай аузы, күндей көзі  – шын  сұлу», «Ай  да  бір  сәт  қалжырап», «Адам 
 қолы  талай  жауды   жайратқан», «Аласарып  кетердей  көп  қой  қауіп», «Іңір  сембей іргеге 
  кеп  құлаған»   атты  өлеңдері   енген. Жалпы поэзияда ең бірінші жинағымен-ақ жарқ етіп 
көзге  түсіп,  ауызға  ілігу   үрдісі  көп  кездеспейді  Ондай  үздіктердің  қатарында  Төлеген 
Айбергенов пен Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиев, Сағи 
Жиенбаев  пен  Мұқағали  Мақатаевтай  қазақ  поэзиясының  ерен  жүйріктері  бар.  Кекілбаев 
жырлары осы көшке заңды қосылған сыбаға еді. 
Ақын  боп  туған  жаратылыс  проза  жазса  да,  тіпті  әдебиеттанудың    теориясы  мен 
сынына  қалам  тартса  да,  жарқырап   көрініп  жатады.  Жазушының    көркем  прозасындағы 
шұрайлы  тіл,  шырайлы  теңеулер  мен  шынайы  бейнелеулер    алғаусыз  ақындықтың  айқын 
белгісі.  Сондықтан  да  Әбіш  Кекілбаев  прозасы  өлеңдей  оқылып,  тереңдей  сіңіп,  адамның 
сезімін  қанаттандыратынын   жұртымыз  жақсы  біледі.  Поэзия   зерттеліп  бітпейтін 


181 
 
 дүние. Халық бар да, тіл бар, тіл барда әр халықтың өзіндік әдебиеті бар. Ал, әдебиет бар да 
поэзия ешқашан өлмек емес. 
 Қаламгер өзін толғандырған  қай тақырыпты да бос жырлай салмай, алған нысанына 
тереңдеп еніп, биіктен ой айтады: 
«Тажал  табан   ну  шалғынды  жайпады, 
  
Алда – майдан, алда – қаза, алда  мұң. 
  
Шойын  дене  жердің  тәнін  жаншыды, 
  
Сездіргендей  қасіреттің  салмағын. 
  
Қара  жердің  таспа  тіліп  жонынан, 
  
Бара  жатыр   бауырымен  қамшы  өріп. 
  
Жатыр  окоп қызыл  қанға  шомылған, 
  
Жайрап  қалды , қанша   ғұмыр… қанша  өлік?»[1,9]   
Осылайша екі   шумақ   өлеңмен   көз   алдымызға    соғыстың   суретін салып береді.Ол 
соғысты   буыны  бекіп,  бұғанасы   қатқан,  қару асынған  ересек   боп   көрген   жоқ,  балалық 
 шақта,   сәби   күнінде   көрді. Соғыс  ақынның  дүниетанымын,   сезім   серпілісін,   рухани 
дидарын қалыптастырды. Өмір  жолын  ащы  шындықтардың  бетпе-бет айқасында бастаған 
ол   өлең   жолдарын   да   ащы   шындыққа   құрды.  Бұл  шығарманы  тебіренбей  оқи 
алмайсың.Мұндай  тым  ерте  есею  тек  адам  таңқаларлық  ерекше  талант  иелерінің  қолынан 
келмек.Өлеңнен әдемі  теңеу, әсем тіркес,артық  әшекей  кездестірмейміз.     
Мына   біздер  конфет   таңдап бір  ауық, 
  
Үлкендердің   алған  жоқпыз  мазасын, 
  
Біздер  емес,ерке   бала  жылауық, 
  
Көкесінен    тартқан  талай  жазасын.[1,10] — Осы бір  шумақ  өлеңнен  суреткердің 
әкесінен ерте айрылып, ерке  өспегенін  байқасақ: 
Дей алмаймыз: 
Күні  бойы  доп  қуып, 
Көк  қойнына  күміс  шарлар самғаттым. 
Онда  елдің  омырауын  от  жуып, 
Жетпеді  ұлтан  етігіне  солдаттың.[1,10]    
«Төбемізге   талай  қатер   төнген-ді, 
  
Жатқанда   ажал   ат  ойнатып, дауыл  сап. 
  
Түсімізге  қоса    қабат енген-ді 
  
Көкеміз  бен күрең  қызыл   бауырсақ».[1,10] Бұл  да бір сол балалық  шақтың  әлі де 
бояуы ескірмеген бір  көрінісі. 
Соғыс  зардабы тым   қымбатқа  түсті.  «Түсімізге   қоса–қабат  енген-ді  Көкеміз   бен 
күрең   қызыл     бауырсақ»  -  деп,  әке  мейiрiмiне   жарымаған,  балалығын   соғыс  жалмаған    
ұрпақ тағдырын   суреттеп  береді. 
Қуантты  бізді   сол  күні 
Сәбидің  тұңғыш  ащы  үні. 
Жылатты   бізді  сол   күні 
Почташының  қапшығы. 
Көңілді   көктем  құшып  қап, 
Ажыратты  қыс  қайта. 
Түске  дейін  құттықтап, 
Бата  оқыды ел  түс  қайта. 
Көз  көргендер  шын айтса, 
Көкесінен аумайды. 
Аумайды  ма  менен   деп, 
Мазалап  жүр  талайды. 
Көкешімді  көрем  деп, 
Айнаға  көп  қарайды.[1,11]   


182 
 
Әкесіз  қалған  әрбір  ұрпақтың  жүрегінде  әкеге  деген  ұлы  сағыныш  жатады.  Әкенің 
жоқтығы  қалай  болатынын  зұлматты  жылдардағы  әр  бала  жан-тәнімен  сезінді.  Бұл  соғыс 
 жылдарындағы   әр  отбасында   кездесетін  жағдай   болғаны   анық.  Ақынның  сол  соғыс 
зардабынан  әкесіз  өскенін   ескерсек, бұл өлең қарындасы Нұрайшаның емес, өз басынан да 
 кешкен жағдай еді. 
Осы  бір  өлеңнің  жалғасы ретінде  1985  жазылған   « Әкемді аңсап» өлеңі:   
Әкемді  аңсап, 
 
Баламды  тостым, 
 
Жадырар  жаңа  заманды  тостым. 
 
Бақ  күттім. 
 
Көл-көсір  көктем 
 
Көз ілмей  күткен 
 
Кергіді ме 
 
Келмеді. [1,84] 
Бала   кезінен  танып-біліп  үлгермеген  әкесін  осылай   аңсайды,   үмітін  өшіруге 
қауқарсыз  күйге  түсіп,  күтеді.  Әбіш  Кекілбайұлының  сезімталдық  «мені»  осы  арада 
байқалады. 
 Суалды  суым,  
  
Көз алмай  жатып,  құм  басып 
  
Қуарды  талым, 
  
Көк  алмай  жатып  сор  шалып. 
  
Аяусыз  арман, арбай  да  арбай 
  
Алдап  кеттің, келмедің 
  
Қайырсыз  жалған, 
  
Қақсал  боп  алған 
  
Қайтып алды  бергенін.  
Осы  ой,  осы  сарын,  осы  бір  мұң  мен  ширыға  торығу  қаламгер  жырларында  тіптен 
молая  түскендей.  Бір  жалт  ете  қалған  сезімнің  оты  өшпей  жүрегіңе  мәңгі  шырақ  жағып 
кеткендей,  өзек  тілген  өкініш,  әкеге  деген  құштарлық  махаббат  құдіретін,  оның  тылсым 
сырын  жан  түкпірінде  оятқандай  әсер  етеді.  Өлең  оқырманның болмысымен   қабысып,    
 айтылар  ой  жүрекке  сәуле  болып  құйылғанда  ғана    нағыз  көркемдігі  жоғары   шығарма 
   болмақ.  Бізге   осы   өлеңдегі     интонация,   ырғақтың   өзі     сөзбен   сурет     салып   тұрғандай 
 көрінеді. 
Қара  сөзде  ешкімге  дес  бермейтін  Әбіш  қара  өлеңде  де  қатарынан  қара  үзіп,  дара 
шыққан. Дара шыққаны сол, ғасыр аяғында «Дүние ғапылды» ұсынып, қазақ өлеңінің қадір-
қасиетін танытатын ғажайып ескерткіш орнатты.[2,28]   
Бұл  ел  жүрегіне  орнаған  мәңгілік  ескерткіш.  Өйткені  дүниенің  ғажайып  құбылысы. 
Тек соны танып-білу, содан тәлім-тағылым алу, әр қазақтың санасы мен сезіміне сын болары 
сөзсіз. 
Тасқа  басылып,  оқырман  қауымның  қолына  тиген  бұл  бір  құнды  қазынаның 
көрінгенге көмбесін аша бермейтіндігі бесенеден белгілі. 
Әр  әрпінің  астында–әр,  әр  сөзінің  астында–нәр,  әр  жолында  жауһар  тұнып,  әр 
шумағында шұғыла шашырап тұрған, ақыл мен парасатқа астасқан асыл қазынаның қандай 
құпия-сыры барына барлау жасау бүгінгі ұрпақ міндеті. Кесірі қатты тиген кеңестік кезеңнің 
өзінде  алдаспан  жырдан  тамыр  тартқан  қазақ  поэзиясының  құнары  әсте  кеміген 
емес.Тумысынан діні берік, тегеуріні мықты, ұр да жық уақыттың уысынан да, уытынан да 
аман қалып, аталар аманатындай бізге жеткен қазақы қара өлеңнің қасиетін бойына сіңірген 
Әбіштің «Дүние ғапылдағы» бір ғана өлеңі – «Алмас қанжарға» назар аударып көрелікші. 
Жер түбінде көп дұшпан дуылдады- 
            Жатты қында жарқырап, суырмады. 
            Жаудың оғы төбеде зуылдады- 
            Жатты қында жарқырап, суырмады. 


183 
 
            Жау тақалды жүрегі суылдады- 
            Жатты қында жарқырап, суырмады. 
           Жау қамады қалды енді қалың сында- 
            Сонда зорға апарды қолын қынға. 
            Жау сүңгісі кеудеде от шашып тұр: 
            Суырды -ақ алмасты тот басыпты...[1,47] 
Осы  бір  бас-аяғы  10  жол  өлеңнің  өн  бойында  бүтін  дүниенің  бітім-болмысы  тұр. 
Философиялық «мені» осы жолдардан аңғарылып тұр.  
Ақын осы өлеңін 1959 жылы жазыпты. Өлең көптің діттеген ойын, көкейіндегісін тап 
басуымен  де  әсерлі.Бұл–бүгінгінің  де,  ертеңнің  де  сөзі.  Тіліңді,  діліңді,  дініңді  діттемесең, 
дәстүр-салтыңды сақтамасаң, барыңды бөгдеге беріп, қазынаңды жатқа қисаң, асылыңа ара 
түспей, қимылсыз қалсаң-тот басқан қанжардың күйін кешерің хақ.[6,8]  
Ғажабы сол,Әбіштің кеудесіндегі жыр-қанжар қанша жылдар көңіл көмбесінде, жан-
жүрегінде  жасырын  жатса  да–тот  баспапты.  Алтын  кездік-дәл  кезеңінде,  мезгіл  межесінде 
бүтін бір қазақ жырының мерейін өсіріп, тұлғасын танытып, жарқ етіп шыға келді. 
Әбіш өлеңдерін талдай отырып таңданасың, таңдана отырып-тәубе қыласың. Асылы, 
талдаудан  гөрі,  таңданудан  гөрі,  құнығып  оқу  керек.  Оқыған  сайын  ол-ойлантады, 
толғантады, желпінтеді, жаныңа жігер береді. 
 Әу баста ақын боп жаралған жан ақын боп қалады. Оған ешкім де кедергі де, кеңесші 
де  бола  алмайды.  Әбіш  Кекілбаев  ұзақ  жылдар  бойы  көркем  проза  мен  кемел 
публицистиканы  көп  жазды,  өндіріп  жазды,  өрісті  жазды.  Әсіресе  публицистиканы[8]. 
Солардың қай-қайсысында да ақындық аңғар сезіліп те, көрініп те жататын. Тіпті, тілі қысқа, 
тіні  жұтаң  көрінетін  жеделхаттар  мен  ұшқыр  жолдауларында  да  жылт  еткен  сезім,  жалт 
еткен ой, жарқ еткен образ ойнап жататын, ойлап жататын. 
Осылардың  бәрін  етене  білгендіктен  Әбіш  Кекілбаевтың  жаңа  жыр  жинағын  ұлы 
ұстаз,  академик,  сөз  өнерінің  зергері  Зейнолла  Қабдолов  та  байқап,  «жүрексіне»  қолға 
алыпты:  «Міне,  қолыңызда  «Дүние  ғапыл»  -  Әбіштің  өлеңдер  жинағы.  Тағы  бір  ескеретін 
нәрсе: Әбіш өзінің ақындығына яки өлеңге кәсіп деп қарамаған, қасиет деп қараған. Өзінің 
құдай  берген  талантының  бұл  қырын  жетілдірем  деп  жік-жапар  болмаған,  ұстартам  деп 
қырнап-сырлаудан бас тартқан, сол әуелгі төлтума табиғи күйінде, сол баяғы көрген жерден 
көз  арбап,  көңіл  баурайтын  дәстүрлі  қалпында  қалдырған...Сөйтіп  Әбіш  өзінің  өлең  сөзін 
жұртшылыққа  жалаулатып  ашық  ұсынбай,  жазу  столының  жәшіктерінде  жасырып, 
шеберханасында  бүркеп  тастады;  қоржын  қазынасынан  бөліп  алып,  қойын  дәптеріне 
көшірді.  Дабыраламай  үнсіз  жазып  жүрді.  Қалам  құрғатпапты.  Сонда  оның  өлеңдері  жұрт 
көзінен  сырт,  тек  өзінің  жекедара  көңіл  қошына,  рухани  қанағатына,  жан  тынысына 
айналды».[3,37] 
Әбіш  Кекілбаевтың  жекедара  көңіл  қошына  айналған,  рухани  қанағатына  айналған 
жырлар  қалың  оқырман  қауымның  да  шынайы  рухани  қанағатына  айналды.  Жыр 
жинағындағы  теңеулер  мен  образдар,  астар  мен  меңзеулер,  ойлар  мен  толғаныстар  ірі 
қаламгердің теңіздей толқыған талантының айқын көрінісі болған. Заңғар қаламгердің заман 
тынысын сездіретін өлеңдері оның көптен жазып жүрген елдік, халықтық тағдыр туралы ой 
орамдарының өлең тілінде көрініс табуы деген пікірі дейміз. Ұзақ қара сөзбен емес белгілі 
бір  жайларға  байланысты  көкейге  келген  көшелі  ойды  жұмыр  жырдың  жүгі  етіп,  тез, 
шапшаң  айтып  тастау  әдебиетте,  соның  ішінде  прозаның  байырғы  қаламгерлері  үшін 
«тығырықтан тез шығудың» да көрінісі. Ал ол Әбіш Кекілбаев поэзиясында өзін тіптен қара 
үздіріп  көрсетіп  тұрады.  Қаламгер  өзін  толғандырған  қай  тақырыпты  да  бос,тек  жырлай 
салмай, алған нысанына тереңдеп еніп, биіктеп ой айтады: 
Даналықтан алып қашам басымды, 
Ақыл алжып, аңғалдыққа бойлапты. 
Ұмытамын ойды, ызаны, ашуды, 
Қуам енді күлкі менен ойнақты. 
Парасаттың бес тиындық құны жоқ, 


184 
 
Бұл дүниеге шаттық – күн де, шарап - ай. 
Өлсем, өлем тек тәттіге құнығып, 
Абайламай  у  жеп  қойған  баладай,  [1,33]  -  деп  еді  ол  1960  жылы  жазылған  бір 
жырында.  
Ақын өзін талай толғандырған арман мен үміттің әлі де қолға түспей, қияның қызыл 
түлкісіндей болып зымырап бара жатқанын өзі көріп қана қоймай, өзгеге де көрсете алады. 
Зымыран  заманның  жалына  жармасқан  жұртының  көптен  күткені  ақталмай  қала  ма?  [7,19]  
деген қауіп пен күдікке толы ойларын жырмен қашап, қағазға түсіреді 
Ел болмақтың орнына, 
Бара жатыр ел іріп. 
Ойланбақтың орнына 
Жүргендер көп еліріп. 
Сахарада тудық па, 
Сағымды көп қудық па? 
Желпіл қағып шығамыз, 
Етек-жеңді жел үріп, - дейді келесі бір өлеңінде ақын.  
Бұл  өлең  әлгінде  мысалға  келтірілген  жырдың  одан  әрі  шамырқанып,  көшін  ұзатуы. 
Ел  мен  жердің  тағдыры,  халық  пен  ұлыстың  тағдыры  осы  жыр  кітабының  негізгі  алтын 
арқауын  құрайды.Өмірдің  драмасын,  диалектикасын,  автордың  түйсіну-толғауын  деталь 
арқылы жеткізу қаншама ізденіс пен шеберлікті керек ететіні өз алдына, сонымен бірге ол  - 
көркемдік ерекшеліктің де арқасы. 
«Дүние  ғапыл»  –  шынайы  адамзаттық,  парасатпен  толғап,  философиялық 
күрделілікке толы  жырлар жинақталған асыл дүние. 
Атақты  неміс  философы  Ф.  Ницше:  «лириктің  образдары  -  ақынның  өзінен  басқа 
ешкім де емес, тек  бұл  оның әр қилы формада объективтенген тұрпаты, сондықтан осынау 
ұланғайыр әлемнің кіндік-тұтқасы ретінде ол  «Мен» деп сөйлеуге әбден хақылы; бірақ бұл 
«Мен»  эмприкалық  реальды  Меннің  өзіне  ұқсамайды,  ол-жалпы  әр  нәрсенің  тегінде, 
негізінде жатқан бірден-бір мәңгілік қасиет, ақиқат — мән ретінде көрінеді»-дей келіп, осы 
арқылы  лирикті  жалаң  субъективті  ақын  деген  түсінікті  жоққа  шығара  отырып,  тіпті 
ақынның  өзін  бүкіл  ой-сезім  әлемімен,  түптеп  келгенде,  сол  өзі  жаратқан  лирикалық 
генийдің (Ницшенін атауы) танымы деп біледі.  Мәселен, философ  өзі  алғашқы грек лиригі 
деп  білетін  Архилох  өз  туындысында  енді  кәдімгі,  құмарлықтан  өртеніп  күйіп-жанған, 
сүйген,  жек  көрген  Архилох  емес,  керісінше  лирикалық,  яки  әлемдік  гений  түп-төркін 
(изначальный)  қасірет-қайғыны  адам  –  Архилохтың  кейпінде  символдық  мәнде  бейнелейді 
деп түсінеді. Біздің көзқарасымызда, бұл ойлардың да ақын мен лирикалық кейіпкердің ара 
қатынасын парықтауда үлкен маңызы бар. [4,42]   
Поэзияны  зерттеген  ғалымдарды  толғандырған  сауалдардың  бірі:  "Лирикада  мінез 
болады  ма?".  Бұл  жөнінде  салиқалы,  ұтымды  жауапты  З.Қабдолов  пікіріне  сүйене  отырып: 
"Лирикада  мінез  болады.  Ол  -  ақынның  өз  мінезі.  Өлеңім  өзіме  тарт  дегендей  әр  өлең  тек 
иесіне ғана тартады"[5,332] деп тұжырымдаймыз. 
Сонымен, лирикалық «мен»–ақынның өз болмысынан тұлғаланатын құбылыс. Ол, ең 
алдымен,  ақын  парасаты  мен  жан  дүниесінің  айнасы.  Лирикалық  тұлғаны  сомдауда 
творчестволық  субъектінің  дүниетанымы,  эстетикалық  көзқарас,  пайымы  басты  роль 
атқармақ.  Бұған  қоса,  лирикалық  кейіпкерге  танылған  өмірбаяндық  сипаттар  мен  шынайы 
өмірлік детальдар, басқа да субъективтік жайлар  – ақындық  «менді» ақынның жеке басына 
жақындата  түсетіні  рас.  «Лириканың  бас  қаһарманы  –  ақынның    өзі»  [6,39]  –  деп  З. 
Қабдолов, оның осы қырына меңзейді. Солай бола тұра, бұл ақынның нақ өзі емес, «оқшау 
образ» екенін де айқындай кетеді.  
Т.Әбдірахманова:  "Ақын  өзі  туралы  айта  отырып,  тек  өзі  ғана  болып  қалмайды. 
Қоғамдық  ақыл-ойдың  тәжірибесінен,  өз  замандастарының  тәжірибесінен  тоқып,  білгенге 
сүйсіне  отырып,  уақыт  тынысын,  заман  сырын,  өз  қоғамының  рухани  өмірін  бейнелейді. 


185 
 
Олай  болса,  ақын  творчествосында,  оның  әрбір  лирикалық  щығармасында  қоғамдық  адам, 
адам мінезі тұр деп қарауға тиістіміз"[9,38-39]. 
«Сөйтсем,  мен  дәл  сол  арада  туыппын.  Мен  тұрған  жер  мен  туғанда  біздің  үйдің 
тігілген орны екен. Көйлегімді шешіп, жеті рет аунап тұрдым. Енді мен бұл араны өмір бақи 
ұмытпайтын  көрінем.  Енді  мен  бұл  араны  көзімді  байлап  қойса  да,табатын  көрінем.  Енді 
тағдыр мені кең дүниенің қай қиырына айдаса да, бұл араға тапжылтпай тауып келе алатын 
көрінем. Өйткені ол маған өмір мен мынау кең дүниені түгел сыйлапты. Сөйтсем, ол жылы 
мен  жетіге  келген  екем,»-  деген  жолдар  тек  Әбіш  қаламынан  туындаған  сырлар,  тек 
Ә.Кекілбайұлына  тән  стильдік  қайталаулар.  Өмірді,  кең  дүниені  сыйлаған  туған  ана,  туған 
жер ұғымына тереңдей отырып, әр шәкірт «Менің туған аулым, мекенім өлкем  –осы!»- деп 
тебіренетін болады. 
Жалпы  лирикалық  поэзияның  күші  суреттілігінде,  яғни  ақынның  сөзбен  сурет  сала 
алуына байланысты дейтін болсақ, Ә.Кекілбайұлының алғашқы өлеңдерінің өзі бұл қалыпты 
айрықша танытады. Ақынның «Туған жер» (1959) деп аталатын өлеңінде: 
Өстім, қырда, қиырда, 
Естімей орман шуылын. 
Жүзімді қақтап құйынға 
Селеудің тыңдап суылын. 
Теңізден шетпін бұрқақты, 
Тәнімді толқын көмбеді. 
Сусай қалсам, су тарттым 
Шыңыраудан шөлдегі. 
Тақырға асық иірдім, 
Құмақта қудым қозыны. 
Күн жеп қойған киімнің 
Иықта кеткен тозығы.[1,52] 
Өлеңнің  лирикалық кейіпкері өзі туралы айтып отыр. Өлеңде өмірбаяндық дерек бар. 
Бірақ  бұл  жай  сөз  емес,  табиғат  суретіне,  пейзажға  сүйенген  сөз  және  бір  ғажабы  қолмен 
қойғандай,  анық,  дәл,  әсерлі  және  әдемі  сөздер.  Осы  жерде  суреткерлік  қабілет,  ақындық 
талант, оның өзіндік ерекшелігі мен даралығы төңірегінде бір көш әңгіме айтуға болар еді. 
Өлең шумақтары субъектіленген, сезімге суарылған, табиғат суреті, бөлшегі, құбылысы бұл 
жерде екінші орында, фон ретінде ғана алынған.  
Өлеңді  бастан  аяқ  оқып  болғанда  алған  бірінші  әсер  ақынның  көңіл-күйіне,  табиғат 
суреті  –  пейзаждың  әсем  үйлесіп,  өлеңнің   құрғақ  сөзге  емес,  сезімге  суарылған  табиғат 
суретіне малынып тұруы арқылы оқырманды жіпсіз байлауы мен баурауы. Екінші әсер бұл 
өлең  кім-кімнің  болса  да  туған  жерін  еске  түсіреді,  сағыныш  сезіміне  бөлейді.  Осылайша 
өлең  мақсатына  жетті,  бітті.  Нағыз  өлең,  ұлы  суреткерлер  ғана  дүниеге  әкелетін  көркем 
шығармалар  осылай  болса  керек-ті.  Ә.Кекілбайұлының  суреткер  «мені»  көрініс  тапқан  тұс 
осы. 
Әдебиеттанушылар  өлеңдегі  лирикалық  кейіпкердің  автобиографиялық  және 
автопсихологиялық  сипатты  болып  келетінін  айтады.  «Туған  жердегі»  автобиографиялық 
сипат байқағанымыздай, жалаң өмірбаян емес, өмірдің барша сұлулығын кереметтей табиғат 
суреті  арқылы  тамашалата    алатын  жанды,  суретті  өмірбаян  болғандықтан  кез  келген 
оқырманды  толқытады,  тебірентеді.  Ә.Кекілбайұлының,  бір  ғажабы,  ұлы  суреткерлік  қыры 
осы  табиғат  тақырыбына  жазылған  алғашқы  өлеңдерінен-ақ  тайға  таңба  басқандай  анық 
танылды  дейтініміз  сондықтан.  «Алматыда,  күздікүні,  бульварда»  (1959)  деп  аталатын 
өлеңінен үзінді: 
 
Теректер де жұлдырыпты кекілді, 
 
Тауда тұман тастан тасқа секірді. 
 
Күз жауыны тарсылдайды жер шұқып, 
 
Жем іздеген жетім шөже секілді. 
 
Сабапты жел қайыңды көк жоса қып, 


186 
 
 
Жайратыпты қызыл гүлді қоса атып 
 
Сар жапырақ тұра бермей бұтақта 
 
Жатыр орнын жаңа бүрге босатып.[1,55] 
 
Бұнда  автордың  табиғат  туралы  абстрактысынан  гөрі,  көріп-сезінуі  басым 
екенін шамалаймыз. 
Өлеңнен  байқағанымыз  –  көзбен  көргенді  суретке,  өлеңге  айналдырудағы  дәлдік, 
шеберлік. Осы дәлдік арқылы өлеңнің шынайылығы байқалып қана қоймайды, сұлу суреттен 
туған сұлу сезім терең ойға жетелейді, өйткені өлеңде табиғат суреті, оның детальдары бәрі 
де  жанды,  тірі  адамға  айналып  кеткен.  Өмірде  бәрі  өткінші,  мәңгілік  еш  нәрсе  жоқ  екен. 
Күздің келуі арқылы ақын осы өмір заңдылығын тағы бір еске түсіреді. Суреткерлік қарым-
қабілеттің күштілігі сондай, сөзбен сурет салу мен табиғат суретіне ынтықтыру арқылы жан-
жүрегімізді  сұлу  сезімге  бауратады.Нәтижесінде  күзбен  бірге  ордалы  ойға  келеміз.  Аса 
дарынды  суреткердің  алғашқы  туындыларының  өзінде  осындай  қымбат  қасиеттер  бар. 
Сезінудің, теңеудің бір ерекше сүйсіндіретіні - табиғилық, парасатты салмақтылық. Өлеңнің 
философиялық 
тереңдігі 
Ә.Кекілбайұлындай 
сирек 
таланттарымыздың 
алғашқы 
өлеңдерінде-ақ жүзеге асқан болатын.  
Тегінде,  ақын  интеллектісі  неғұрлым  кемелденген  сайын  оның  поэзиясындағы 
образдар  желісі,  жалпы  бейнелілік  күрделене  бермек.  Ал  ұшқыр  интуиция  интеллектінің 
тереңдеуіне, толуына себеп. Өлеңдегі, жалпы поэзиядағы қарапайымдылық пен күрделілік – 
әрі ақын интеллектісінің, әрі шеберліктің бейнелі куәсі. 
Махаббаттың мен де нөсер бұлты едім, 
Мезгілімді өткізіп ап селдеттім. 
Еміздім де қасіреттің емшегін, 
Өгей ұлын өкініштің тербеттім. 
Бәйшешек ем махаббаттың қырында, 
Дер шағымды өткізіп ап гүлдеппін, 
Айтпай маған жүрегім де, жырым да, 
Дүниеде оның барын білмеппін. 
Шуағымның тозаң қонып орынына, 
Жас қолқамда қалды шаңы ұялап. 
Құлағым да, көкірек те – сорыма, – 
Айтпай маған бәрі де етті қиянат. 
Жас үміттің тиылған соң өлеңі, 
Бәрі бүгін үстіме кеп төнеді: 
Бірі – оны жат үйінен көреді, 
Бірі – соны еске сала береді... [1,54] 
Бұл  тек  көңілмен  көріп,  жүрек  жобалауға  болатын  сәттер,  ой-толғаныстың  образға 
айналуы,  "жүрекпен  көріп,  ішпен  білетін"  сыр.  Лирикалық  кейіпкер  бастан  кешкен,  көңіл 
күй,  психологиялық  драматизм,  сезім-қиял  шиеленісуі,  ақынға  тән  қарапайымдықпен,  оған 
қоса  контрасты  детальдар  әрі  әдемі  лиризммен  бейнелген.  Қандай  да  болмасын,  күрделі  я 
керім  күйлерін  осылайша,  қарапайым,  көзге  бейнелі  жеткізе  білу  де  -  ақын  қаламына  тән 
қасиет. 
Ұлы  Абай  «Махаббатсыз  дүние–дос,  хайуанға  оны  қосыңдар»  деді,  Ә.Кекілбайұлы 
жас кезінің өзінде-ақ: 
Махаббат деген – ақырет, 
Тыңдата ма, бірақ, қыз. 
Бәйгеден жүрек аты кеп, 
Қызығын көрдік бір-ақ күз. 
Мен өкінбей қайтейін. 
Жүректі қайғы даты жеп, 
Қапаста қалдым шырақсыз. 
Қас пен көздей жақын ек, 


187 
 
Жер мен көктей жырақпыз. 
Мен өкінбей қайтейін, [1,59] – деп жазды. 
Тақырып  таңдау,  көркемдік  тәсілдердің  қолданылу  жүйесі  -  бәрі  айналып  келгенде 
суреткер интеллектісі мен интуициясының көрінісі. 
Ә.Кекілбайұлының лирикалық кейіпкерінің ұлт болмысы, халық тарихы мен тағдыры, 
жаратылыс,  дүние-таным  мәселелері  туралы  толғануы  заңдылық.  Өйткені  ол–тегеурінділігі 
терең теңіздей талант иесі, оның лирикалық кейіпкерінің интеллектуалдық дәрежесі өте биік, 
жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ә.Кекілбайұлының ұшан-теңіз білімі– баршамызға өнеге. 
Ә.Кекілбайұлы  қазақ  поэзиясына  терең  ойлылық,  дидактика-философиялық  сарындар 
әкелген ақын. 
Ә.Кекілбайұлының  сол  жылдардағы  жазған  өлеңдеріндегі  тағы  бір  ерекшелік  – 
қанасына сыймай, ағылып-төгілген, асып-тасқан сөз нөпіріне, нөсеріне толы болуы. 
Мысалы: 
«Қалайсың»-дейді қиылып, «Отырмын»-деймін бұйығып. 
Барады жүрек жиі ұрып, барады сабыр сұйылып, 
«Бері кел»,-дейді қысылып, «Жарайды»-деймін түңіліп. 
Түндігін үйдің түсіріп, зәремді түн ұшырып, 
Есігін зорға тапқаным, ентігіп зорға аттадым. 
Босағадан аспадым, төрге қарай баспадым, 
Түрінің көріп аппағын, сұсының көріп қашқанын, 
Немене болып қалды деп, қаралай әбден сасқаным. 
Жалма-жан оған ұмтылдым, «жолама» деп жұлқынды, 
Тежеп-тентек құлқынды, кеуде тұсым бұлқынды, 
Томпайтып алып ұртымды, бере алмай қызға сыртымды 
Томсырайып мен тұрдым, тымсырайып ол тұрды. [1,117] 
Осындай  экспрессивті  түрде  баяндалатын  ұзақ-ұзақ  шумақтардың  не  бір  асыл 
сөздерге,  бейнелерге,  бейнелілікке  толы  болып  келіп  отыруы  Ә.Кекілбайұлының  ақындық, 
суреткерлік қырының ерекше сипаты күйінде қазақ поэзиясының соқталы мазмұны болып әр 
уақыт  қала  бермек.Көріп  отырғанымыздай,  жоғарыдағыдай  өлеңдерде  драмалық  сипат: 
сұхбат, 
әңгіме 
элементтері 
де 
бар. 
Бұның 
барлығы 
ақын 
Ә.Кекілбайұлы 
шығармашылығының  сан  қырлылығын,  күрделілігін  көрсетеді.  Төгіліп  тұрған  сезім  мен 
ортаймайтын  ой  ағынын  құйылып  тұрған  асыл  сөздер  арқылы  бере  отырып,  өлең 
нысанындағы  адам,  зат,  құбылыстың  бәрін  де  үздіксіз  қозғалысқа  түсіру,  сөйте  отырып 
қоршаған орта, әлем барлығына жан бітіре суреттеу – ақын Ә.Кекілбайұлына тән стиль. 
Ә.Кекілбайұлының ақындығы туралы айтқанда біздің бір назар аударғанымыз – оның 
жоғарыда мысалға алынған өлеңдеріндегі жаңа леп, үн, қарқын. Өлеңдегі ұлы Абай дәстүрін, 
лирикалық поэзияның әлемдік  тәжірибесін  толық  әрі  терең  меңгерген  ақын  Ә.Кекілбайұлы 
тыңнан түрен салғандай қазақ өлеңіне жаңа бір эксперимент жасап көргісі келген сыңайлы. 
Жоғарыдағыдай  өлеңдер  лирикалық  поэзияның  классикалық  анықтамасына  тура  келе 
бермегенімен,  бізге  өте  таныс,  жат  емес,  жақын.  Бұл  жерде  ақын  қазақ  поэзиясындағы 
дәстүрлі  жыр  үлгісін  жаңғыртып,  жаңартып  лирикалық  сарын  қосып,  өзіндік  жол  салғысы 
келгендей  көрінеді.  Қалай  болғанда  да,  бұл  стиль  әдебиетіміздің,  өлеңіміздің  ұлттық 
дәстүріне  бөтен  емес.  Соны  серпін,  аса  қуатты  ақындық  темперамент,  эпикалық  құлаш, 
Құрманғазының  күйлеріндегідей  дауылды,  асқақ  қалып,  төгіліп-құйылып  тұратын  нөсер 
жаңбырдай  сұлу  сөздердің  тасқыны–ақын  Ә.Кекілбайұлының  бітім-болмысындағы  ерекше 
қырлар.  Жалпы  қаламгер  туралы  айтқанда,  оның  табиғи  бітім-болмысын   бірінші  кезекте 
есте ұстауымыз керек. 
Поэзия  мәңгілік.Оны  ешбір  тағдыр,  ешбір  ажал  ала  алмайды.  Кейде  даланың  қоңыр 
самалындай  баяу  ескен,  кейде  сабадағы  қымыздай  шымырқанған,  енді  бір  кезде  бәйге 
атындай  ауыздықпен  жұлқынған,  ал  кейде  дүркірей  құлаған  тау  суындай  тасиды.  Әбіш 
Кекілбаев  поэзиясы  халқымыздың  алтындай  аялап  сақтайтын  асыл  мұрасы  болып,  мәңгі 
жасай бермек. 


188 
 
ӘДЕБИЕТТТЕР 
 
1.
 
Кекілбайұлы Ә. Шығармаларының жиырма томдық толық жинағы. – Алматы: 
«Жазушы» баспасы.– Т. 9. – 2010. – 388 б. 
2.
 
Кекілбайұлы Ә. Шығармаларының жиырма томдық толық жинағы. – Алматы: 
«Жазушы» баспасы.– Т. 14. – 2011. – 352 б. 
3.
 
Кекілбайұлы Ә. Шығармаларының жиырма томдық толық жинағы. – Алматы: 
«Жазушы» баспасы.– Т. 17. – 2012. – 384 б. 
4.
 
Шaпaeв, Т. Шын жүpeк–бip жүpeк:әдeби–cын, зepттeу,эcceлep / Т.Шaпaeв. – 
Aлмaты : Жaзушы, 1999. –222 б  
5.
 
Қабдолов З. Сөз өнері:/Оқулық-монография. – Aлмaты: Өлке,2014. – 496б.  
6.
 
Қaбдoлoв, З. Идeя/ З.Қaбдoлoв. –Aлмaты: Қaзaқcтaн Pecпубликacы Бiлiм жәнe 
ғылым миниcтpлiгi, Қaзaқcтaн Дaму инcтитуты. – 1999. – 750 б. 
7.
 
«Қазақ әдебиеті» газеті №21, - 2018 – 16 б. 
8.
 
Кекілбайұлы Ә. Азаттықтың ақ таңы. – Алматы.– 1998. – 736 б.   
9.
 
Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы/Т. Әбдірахманова. - 1976.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет