Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет53/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

 
 
 
 
 


215 
 
ӘОЖ 82.09 
 
Ә.КЕКІЛБАЕВТЫҢ «АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ» РОМАНЫНДАҒЫ АДАМ 
КОНЦЕПЦИЯСЫ 
 
Мауытова Ж.Қ. 
 Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы НЗМ 
 
Аңдатпа.
  Бұл  мақала  Ә.Кекілбаевтың  «Аңыздың  ақыры»  романындағы  Адам 
жаратылысының  концепциясына  тоқтала  отырып,  шығарма  негізінде  кейіпкер  бейнесін 
танытудағы автор даралығына тоқталуды  мақсат етеді. Кейіпкер образын  даралауда автор 
қолданған  әдеби  тәсілдер  сөз  болып,  олардың  ышағрмашылық  тәсілдемеге  тигізген  әсері 
жайлы тұжырымдар жасалады.  
Түйінді сөздер:
 Аңыздық желі, психологизм, ішкі монолог, адам концепциясы, сыртқы 
әлеммен тұтастық.  
 
Қазақ  әдебиеттану  ғылымында  ұлттық  философиялық  ой-пікірлердегі,  қоғамдық 
ойдың  дамуындағы  адам  жаратылысын  зерттеу  ХХ  ғасырдың  80-жылдарынан  кейін  ғана 
қолға  алынды.  Ұлттық  көркем  ойдың  дамуындағы  адам  тұлғасын  сан  түрлі  қырынан 
қарастыру  –  қаламгердің  адам  мәселесіне  эстетикалық,  философиялық,  адамгершілік 
қатынастарының    толық  көрінісін  талдау  болып  табылады.  Ұлттық  әдебиеттегі  адам  мен 
табиғат,  адам  мен  қоғам,  адам  мен  адам  сияқты  алуан  түрлі  қарым-қатынастық  жүйелерді 
тұжырымдау  –  жазушылардың    шығармашылық  жүйесіндегі  көркемдік-идеялық 
ерекшеліктерін анықтайды.  
Қазіргі таңда қазақ әдебиетіндегі прозаның сүйегі ауыз әдебиетінде жатқаны ешкімге 
жасырын  емес.  Оның  ішінде  қазақтың  байырғы  аңыздары  да  халық  прозасына  жатады. 
Аңыздық, ертегілік сюжетті шығармаларына арқауы ету – Абай мен Ыбырайдан бастау алды. 
Сол бұлақтан сусындаған қаламгерлердің енді қатты назар аударып, шешуге тырысатын кең 
ауқымды  проблемасы  –  адам,  оның  жұмбақ  болмысы,  тіршілік  тірегі,  айнала  қоршаған 
ортамен  байланыс-қатынасы  болып  қалды.  Осы  жолда  өмір  шындығын  философиялық 
пайымдаулар  тұрғысынан  игеруге  тырысқан  шығармалардың  қатарына  Әбіш  Кекілбаевтың 
«Аңыздың  ақыры»  романын  жатқызуға  болады.  Әрине,  романды  тарихи  роман  шегінен  де 
зерттеп қарастыруға болады. Бірақ  мұнда автор ежелгі  аңызды қайта жаңғыртып қолданып 
қана  қойған  жоқ,  адамның  өмірі,  оның  адамгершілік  қырлары,  пәнидегі  жақсылық  пен 
жамандықтың арақатынасы туралы жеке концепциясын ұсынды. Романның басты кейіпкері 
Алмас хан уақыт пен кеңістік шегінде анықталмаған образ болуымен ерекшеленеді. Ғаламды 
билеген билеушінің бейнесі – Адамның уақыт пен кеңістік алдында шарасыз пенде екендігін 
дәлелдеудің  жаңаша  бір  қыры.  Жалпақ  әлемді  уысында  ұстағанымен,  билік  иесі  Мәңгілік 
туралы ойларында ұдайы тосып тұрған тығырықтан шығар жол таба алмайды.   
«Жаяу  борасыннан  сақина-сақина  боп  шимайланып  қалған  ұлпа  құмақтағы  әлдебір 
сиқыр  жазып  кеткен  жұсбақ  дұғалықтай  көп  шиыр  қанша  телміргеніңмен,  ой  сергітердей 
нышан  танытпайды.  Қайта  көңіліңе  тіршілік  дегеннің  өзі  құм  бетіндегі  осы  бір  мән-
мағынасыз  құр  шимайдай  мынау  ұлан-аыср  сұрқай  кеңістіктегі  бүгін  бар,  ертең  жоғалып 
кететін  өткінші  бедер  ғана  емес  пе  екен  деген  күдік  қашырғандай.  Күні  кеше  ғана  асырды 
салып, ақырында мысы құрып, өз-өзінен тыным тапқан көктеменің әумесер дауылындай  о 
да қанша аласұрып баққанымен, уақыт дейтін сусыма құм бәрібір із-түзін қалдыртпай, түп-
түгел өшіріп жіберетіндей». [1.17-18]. 
Бұл  туындыда  аңыздық  арқау  оқиғалық  желілердің  баяу  дамуына  әсер  етеді.  Негізгі 
басымдық  кейіпкерлердің  ішкі  жан  дүниесі  мен  рухани  толғанысына  берілгендіктен, 
сюжеттің динамикасын қарқынды деп атай  алмаймыз. Ә.Кекілбаев аңызға жүгінгенде өзіне 
ұнағанын  алып,  сол  мазмұнда,  сол  қалыпта  бейнелеумен,  сол  материалдан  өзінше  түйін 
түйіп, ондағы тарихи шындықтың қаншалықты ауқымдылығын  тауып, өзі сол тарихқа еніп 


216 
 
кетпей, кайта оған бүгінгі күннің биігінен барлап, сөз қозғауға тырыскан. 
«Аңыздың  ақыры»  романының  бүкіл  сюжеті  Темірдің  сүйікті  тоқалы  Бибі  ханым 
салдырған атақты ғимараты жөніңдегі хикаяға негізделген. Бұл аңыз халық арасында былай 
тараған: 
Ұлы  Әмірші  жортуылға  аттанып  кеткен.  Ерін  сағынған  жас  әйел  косағы  қайтып 
оралғанша ғажайып күмбезді көк мұнара салғызуды ойлайды. Осы мұнараны салушы шебер 
сұлу  ханшаға  ғашық  болады  да,  егер  тілінен  бал  татқызбаса,  мұнараның  күмбезі  әрі  қарай 
қаланбайтынын  шарт  етіп  қояды.  Бұған  ашуланған  ханша  шеберге  ең  қымбатты  күңін 
сыйлыққа  ұсынады.  Бірақ  анау  қасарысып  көнбейді.  Бұл  кезде  Әмірші  де  жауын  жеңіп, 
атының  басын  кері  бұрған  дейді.  Әмірші    астана  жұртына  келмес  бұрын  жас  ханша  жас 
шебердің  тілегін  орындауға  ыңғай  танытады.  Әйелі  салдырған  ғажайып  мұнараға  Әмірші 
риза  болады,  бірақ  ханшаның  бетіне  түскен  ыстық  таңбаны  көріп  қаһар  шашады.  Ханша 
қылмысын мойындайды, шебер дарға асылады.  
Байыптай  қарар  болсақ,  аңыз  бен  тарихтың  арасында  үйлесіп  қалар  сәттер  көп. 
Тарихта  болған  шындықты  халық  мүлде  жоққа  шығарған  емес.  Бұл  аңыздарда  тарихтың 
іздері  айқын  байқалып  тұр.  Бұл  шындықты  тарихи  мұрамыз  саналатын  архитектуралық 
ескерткіштер  де  растап  тұр.  Ә.Кекілбаев  тарихтың    терең  қойнауына  еніп,тарихи 
тұлғалардың  өмірдегі  келбетін  бейнелейтін    шығармалар  жазуға  ерте  бастан  ден  қоюына 
осындай себеп бар. 
Ал  романға  өзек  етіп  алған  аңыздық  желілер  ішінен  бүгінгі  жұртшылыққа  ғибрат 
берерлік  астарлар  іздеп,бұрынғы  дәуірдің  әлеуметтік,адамгершілік  тәрбиесін  биік  мұрат 
деңгейінен  қорытып,өзіндік  ой  түюге  ұмтылған.  Роман  туралы  жас  шебер  мен  кіші 
ханымның  сүйіспеншілік  оқиғасын,  жүрек  жұтқан  ханның  өз  қылмысының  зобалаңына 
ұшырап,  арымен  арпалысуын  жазушы  үлкен  психологиялық  шеберлікпен  жеткізе  білген. 
Қолмен  ұстап,  көзбен  көргендей    айқын,  ұлттық  тарихи  сипаттан    адамзатқа  ортақ  идея 
шығара  келіп,  ел-жұрттың  белін    үзетін  бедеу  биліктің  бақытсыздыққа  бастайтыны  – 
романның  арқау  желісіне  айналған.  Романның  қанабын  толтырып  тұрған  құлау  мен  
құлдыраудың қорғасындай ауыр бұлтын махаббат пен өнерден өрілген ерке желі қақ жарып 
өтеді.  Сыншы  Т.  Тоқбергенов  «Ә.Кекілбаевтың  ел  аузындағы    аңызға  ерекше  мән 
беріп,соның өзінде өмір шындығының анық-танық суретін салуға ұсталығын айта келе,роман 
осыған  дейінгі  тарихи  тақырыпқа  жазылған  төрт  повесті  түйдектеп,түйіп  тастағандай  пікір 
қалдырады,-деуінің сыры осында жатыр.  
Образдың тұлға ретіндегі жан әлемі, психологиялық жай-күйі, адамдық болмысын сөз 
ету  –  көркем  әдебиет  жүйесінің  Флобер,  Стендаль,  Бальзак,  Достоевский,  Ф.Кафка  т.б. 
дәстүрлерімен қалыптасқан психологизмдік әдебиеттің тууына әкелді.  
 
Психологиялық романның өзге жанрлық түрлерден ерекшелігі кейіпкердің жан дүние 
бейнелеуінен көрінеді. Суреткер кейіпкердің жан дүниесінің дамуын  белгілі бір іс-әрекетке 
бастар  көңіл-күйінің  себеп-салдарын  көркемдік  тұрғыда  талдап  жазғанда  ғана  шығармада 
психологизм  өріс  алады  [2,13].  Бұл  ойымызды  нақтыласақ:  «...әдебиеттегі  психологизм-
кейіпкердің  ішкі  әлемнің  толық  суреттелуі  шығармадағы  эстетикалық  әлемнің  бөлігін 
құрайды».  [2,34].  Шынында  да  көркем  шығармада  кейіпкердің  әртүрлі  қалыптағы  қарама-
қайшы дүниетанымын, көзқарастарын, іс-әрекеттерін, көңіл күйлерін тереңдей талдап, жан-
жақты  бейнелеу  психологизмнің  көркемдік  табиғатын  танытады.  Аналитикалық  тәсілдің 
басты  көрінісі  –  ішкі  монолог.  Адамның  сезім-күйін,  ой-толғанысын,  күйініш-сүйінішін, 
барлық қайшылығын асқан шеберлікпен шынайы әрі дәл де нанымды нақышпен бейнелейтін 
психологиялық  романның  ерекшелігі  жанрлық  талап  пен  автордың  кәсіби  шеберлігінде 
жатыр.  Психологиялық  роман  табиғатының  өзі  жеке  адам  тағдырын  екі  әлем,  атап  айтсақ, 
сұлулық  пен  ұсқынсыздық,  саналылық  пен  бейсаналық,  өмір  мен  өлім  т.б.  арасындағы 
ымыраға келмейтін күрес пен мәңгілік құндылықтар жайында ой қозғауға мәжбүр етеді. Бұл 
–  психологиялық  туындыға  қойылар  басты  шарттардың  бірі.  Психологиялық  шығарманың 
өзіне  тән  жанрлық  ерекшеліктері  нақты  көркем  мәтіндерді  талдау  барысында  төмендегідей 
айқындалады:  Біріншіден,  психологиялық  прозада  оқиға,  кейіпкер,  кезең,  уақыт,  тақырып, 


217 
 
идея т.б. деген мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймайды. Ол талап та етілмейді. Екіншіден, 
мұнда ең бастысы – жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адам бастан 
кешетін  азапты  тағдыр  тәлкегі,  кейіпкердің  күрделі  тұлғаға  айналуы  көркемдік  назарға 
алынады.  Үшіншіден,  шығармада  шым-шытырық  оқиғалар  тізбегінен  гөрі  жеке  адам 
санасындағы  сапалық  өзгеріс,  рухани  қопарылыс,  ішкі  сезімдік  құбылыстар  тереңдетіле 
талданады. Төртіншіден, психологиялық прозаның көркемдік әлемі өзінің жанрлық талабына 
сай  жеке  санада  жүріп  жатқан  ой  мен  сезім  қайшылықтарын,  сөз  бен  іс  сәйкессіздіктерін 
тереңдеп  талдап,  көркемдік  жүйеде  саралайды  [2,14].  «Қаһарманның  рухани  әлемін,  жан 
сырын  жеткізу  амал-тәсілдерінің  жиынтығы  немесе  идеялық-эстетикалық  шығармашылық 
феномен- психологизм» [2,3],- дейді Б. Майтанов. «Психологизм-көркемдік әлемнің жұлын-
жүйесі»  [2,  12]  болғандықтан  психологияның  әдебиет  саласындағы  тұрақты  «елшісі»  ғана, 
себебі  әдебиет  психологияның  өзінен  бұрын  енші  алып  ерте  дамыған.  Жазушының  қол 
артқан басты тәсілі-психологиялық талдаудың аналитикалық түрі. Аналитикалық дегеніміз – 
бір кейіпкердің жан дүниесін бүге-шігесіне дейін талдау.  
«Аңыздың 
ақыры» 
романындағы  кейіпкерлер  –  Ұлы  Әмірші,  Бибі  ханым,  шебер  іс-әрекеттерімен  емес, 
Г.Піралиеваның  тілімен  айтсақ:  «Көңіл-күйлеріндегі  күйзелістермен,  жан  әлеміндегі 
арпалыстармен,  ішкі  буырқаныстардан  сыр  берер  бет-жүздегі,  мінез-құлықтағы  сезімдік 
құбылыстармен  көрінеді»  [3,172].  Әмірші  де  кезінде  Әмір  әскерінің  көп  сардарының  бірі 
ғана  болатын.  Сол  көптің  бірін  осы  данқ  пен  дақпыртқа,  бақытқа  жеткізген 
қанағаттанбаушылық сезім еді. Өмірдің қаталдығы мен қатыгездігін, қулығы мен сұмдығын, 
әккілігін,  талғампаздығын  бойына  жинақтаған  тамаша  кейіпкердің  сұңғылалығы 
таңдандырады.    Әккі  Әмір  ел  қарамағындағыларды  уысында  ұстау  үшін  елді  қабағынан 
тануды  қажет  құрал  етті.  Айналасындағы  адамдардың  іші-сыртын,  пендешілік  осалдығын, 
көңіл  түкпіріндегі  құпия  сырларын  Әміршінің  тап  басып  зерттейтінін  бейнелеуде    үлкен 
суреткерлік алымдылық Ә.Кекілбавқа тән. Өз сырын өзге түгіл өзінен жасыратын Әміршінің 
табиғаты  –  тұнып  тұрған  құпия,  өзінің  не  күйінішін,  не  сүйінішін  сырт  көзге  сездірмес 
тәкәппар.  Кейіпкер  –  тек  төңірегіндегілер  үшін  ғана  емес,  оқушысына  да  оңайлықпен  сыр 
ашпайтын тылсым характер. Оның сырт көзге байқала бермейтін ішкі сезім иірімдеріне, жан 
арпалыстарын,  ой-сезім  құбылыстарын,  санасындағы  психологиялық  процестегі  терең 
тебіреністерін  тек  автор  көмегімен  еніп,  түсіне  аласыз.  Әміршінің  ой-монологы,  көпті 
көңіліне  ойланса  да,  неден  күдіктенсе  де  іште  сақтайтын  сырмінезділігі    оқиғаны  оймен 
өрбітеді.  Психологтік  түйсік  немесе  суреткерлік  сезімталдық-туа  біткен  таланттың  еншісі. 
«Аңыздың ақырындағы» Әміршінің тынымсыз ойға, небір қиялдарға бөленген ұзақ жол, жол 
бойындағы оңашалық, жалғыздық болса, еліне келген бетте оны мазалайтын нәрсе – өзегіне 
құрт  түскен  қызыл  алма.  Бұл  жерде  қызыл  алма  –  Әміршінің  тынышын  тонаған  көркемдік 
нышанның басты Түйіндіі. Иә, қызыл алма – опасыздықтың символы. Осы бір өзегіне құрт 
түскен қызыл алма арқылы Алмас хан  үй-ішінің, өз шаңырағы астындағы алауыздықты, өзі 
жоқта  орын  алған  опасыздықты  ғана  түсініп  қойған  жоқ  Әмірші,  сонымен  қатар,  жалған 
өмірдің өткіншілігін, жер жүзінің жартысын билеген қаһары да, атағы жер жарған даңқ пен 
дақпырттың да шын ғашықтың жүрегінен шығып, көңілінен қаланған мұнара меңзеп тұрған 
адал  махаббаттың  қасында  ешқандай  да  құны  жоқ  екенін  түсінеді,  түсінеді  де  күйінеді. 
Күйініш  оны  күйреуге  әкеледі.  Жазушының  шеберлігі  сол  –  дараланған  образдың 
нанымдылығын, шынайылығын сақтайды.  
 «Ішкі монологтың кейіпкер  психологиясын ашудағы қызметі» атты еңбегінде ғалым 
Г.Піралиева  Ә.Кекілбаевтың  «Аңыздың  ақыры»  романына  қатысты  біршама  ойлар  айтып, 
тоқталады:  «Кейіпкердің  күрделі  қақтығысқа,  ішкі  психологиялық  тартысқа  құрылуы  Әбіш 
творчествасына  айрықша  тән  қасиет.  Оның  үздік  үлгісі  де  осы  –    «Аңыздың  ақыры» 
романы»- дейді.   «Әбіш, әсіресе түсті өз шығармаларында өте көп және зор рөл атқаратын 
құрал ретінде пайдаланады.Ал түс – ішкі монологтың  бір элементі, яғни кейіпкердің көңіл-
күйін,санасында  үздіксіз  жүріп  жатқан  процестің  бір  сәтін  бейнелейтін  көркемдік  тәсілдің 
бірі.  Қазақ  прозасында  түске  соншалықты  мән  беріп,  одан  терең  философиялық  ой, 
әлеуметтік  мәселе  көтеру  осы  алпысыншы,  жетпісінші  жылдардағы  жаңа  лекке  тән  қасиет 


218 
 
болса керек». [3,83] - деп жазады. Шындығында да ішкі монолог, түс көру сарынын қолдану 
70-80 жылдарда кеңес әдебиетінде кеңінен қолданылды. Ішкі монолог тәсілін пайдаланумен 
шығармадағы түрлі жауабы табылмай тұрған сұрауларға жауап ізделді. Ішкі монолог арқылы 
әр  адам  өзіне-өзі  сұрақ  қойып,сол  сұраққа  шынайы  жауап  іздейді.  Ешкімге  айта  алмайтын 
сырын  ашады.  Әлсіз  жақтарына  көз  салады.  Жалпы  алғанда  жүрек  түбіндегі    жақсылы-
жаманды әрекеттерінің қоспасыз қалпы көрінеді. Яғни, нағыз шындықты қаламгер кейіпкер 
жанынан іздейді. Қаламгер романындағы басты кейіпкер Әмірші өмірлік жолын, іс-әрекетін, 
адамзатпен  қарым-қатынасын  таразылау  арқылы  шындыққа  қол  жеткізеді.  Өз  кемшілігін 
іштей мойындайды. Қаламгердің ұстанған басты мақсаты – осы. Қайсыбір адамзат өзінің іс-
әрекетін  іштей  бағалап,  өз  тағдырының  сыншысы  болған  кезеңде  ғана  шындыққа  қол 
жеткізеді.  Романда  өмірдің  ащы  шындығы      монолог  тәсілі    арқылы  терең  беріледі. 
Ә.Кекілбаев  психологиялық  процесті    Әміршінің  жан  әлемінде  өрлете  түседі.  Әміршінің 
өмірге  деген    көзқарасын  сараптауда  терең  көрініс  табатын  ішкі  даму  –  ол  кейіпкерге  әсер 
еткен    сыртқы  жағдай  ретінде  көрсетіледі.  Сол  мақсатта  психологизм  тәсілдері  шебер 
қолданылады.  Бас  кейіпкер  бейнесі  арқылы  қоғамдағы  әр  алуан    жағдай  түрліше  көрінеді. 
Оның бойында өткен мен бүгіннің байланысы бар. Заман өзгере келе өткен кезең мен бүгінгі 
өмір  арасындағы  үйлесімділік  бәсеңдей  береді.  Себебі  қоғам,  адамзат  санасы  күннен-күнге   
даму  үстінде  болады.  Өткен  дәуірдің  оқиғасын  өзек  етіп  философиялық  роман  туындатқан 
қаламгер  Ә.Кекілбаевтың  шеберлігі  сонда  –  көркемдік  тәсілдерді  орынды  қолдану  арқылы 
бір  идеялық-көркемдік  тұтастыққа    әр  кезең  өткелдерін  сыйдырып,  олардың  тағдырларын, 
психололиялық  көңіл-күйлерін,  әлеуметтік    жағдайларын  көрсету  арқылы    бүкіл  адамзат 
атаулыға  ортақ  мәселені  көтереді.  Бұл  жағдайлардың  барлығы  да  Әмірші  жан  дүниесінде 
өтіп  жатады.  Оның  бойында  іштей  өзіне-өзінің  көңілі  толмаушылық,  өзінің  іштей  өзімен 
тартысы,  арымен  тартысы  буырқанып  жатады.  Жан  әлемінде  өткен  өмірінен  қалған  жара 
алдағы өмірлерінде де әсер етіп жатады. 
 «Аңыздың ақыры» романындағы психологиялық жағдайдың шырқау шегі  –  Әмірші 
өзінің сезім алдындағы әлсіздігін іштей сезінсе де, оны мойындағысы келмейді. Бірақ,оның 
жан  әлемі  өз  әлсіздігін  мойындайды.  Жаппар  шебердің  кіші  ханымға  ғашық  екендігін, 
екеуінің  арасында  сезімнің  өршіп  кету  қаупі  барлығын  сезіне  тұра,  оның  алдында  ішкі 
сезімін  сезіндіріп,  бас игісі  келмейді.  Әмірші  жан  дүниесі  іштей  құлдырау  үстінде.  Әмірші 
бойындағы  кіші  ханымға  деген  қызғаныш  сезімі  оны  түрлі  әрекеттерге  итермелейді. 
Бойындағы  сезімді  жеңе  де  алмайды,  жеңілгісі  де  келмейді.  Қаламгер  бұл  тұстар  арқылы 
өмірдің  көлеңкелі  шындығын    көрсеткісі  келгендей.  Қайсібір  адамзат  болмасын  шындыққа 
қол  жеткізу  үшін  түрлі  әрекеттерге  барады,  оған  көзі  жеткен    сәтте,  өз  кемшілігін 
мойындағысы келмейді. Міне, оның нәтижесі адамның адамдық қасиетінің төмендеуіне әкеп 
соқтырады.  Романда  бұл  сәттер  Әмірші  монологы  арқылы  терең  ашылады:  «Егер  бұл  бір-
біріне  іңкәр  боп,  өліп-өшіп  жүрген  екі  мұңлықтың  тілеулерін  берсе,  ең  алдымен  сол  көп 
шуылдақ  шулап шығар еді. Мұның атарға оғы жоқ  дұшпандарының өздері мұны сол сасық 
ауыз көп көп шуылдақтың айтып жүргенін  бетіне басып табалар еді. Қайдағы пәлені бастап 
жүретін  солар,  бұған  ең  азы  күнәһар  шеберге  кесілер  үкімді  де  солар  айтып  беріп  отырған 
жоқ  па?  Ендеше  сол  немелер  дегендеріне  жетіп  тынсын.  Сөйтіп  өздерінің  бауырынан 
шыққанды өздерінің аузына шыққанға жем қыла берсін! Өз лақаптарына өздері адаса берсін! 
Әйтеуір мұның сүйегіне дақ түсіргелі тұрған масқараны білмесе, көрмесе болды. Ендеше сол 
көкіме тобыр әлгі қаңқуларынан айнымай тұрғанда, тағы бір лақап таппай тұрғанда,жігіттің 
жазасын беру керек» [1,176].  
Әміршіні  өзіне  сырттай  қалай  баға  береді  екен  деген  ойлар  мазалайды.  Ол  өзінің 
нағыз  өмірдегі  келбетін  айқындауға  тырысады.  Әмірші  емес,  қарапайым  адам  ретінде  өзін 
тани бастайды. Қаламгер мақсаты да адамзатты сыртқы болмысындағы  әшекей-бояулардан 
арылтып, нағыз шын бетпердесін ашу. Бұл тұста психологизм –  қаламгердің басты құралы. 
«Жаратқан кедір-бұдыр қып кемшін жаратқан дүниені бұл қалай бір тегіс қыла алады. 
Жаратқан жалғыз сенің өзің он сегіз мың ғалам өз билігінен шығып кетпесін деп,өз қолынан 
шыққан  жан-жануарлардың  әрқайсысына  әр  алуан  кемшілік  пен  әлсіздік  беріп,сол  арқылы 


219 
 
тұтымында  ұстаса,өз  қарауындағы  жұмыр  басты  пенделерді  бұл  қалай  солай  ұстап,  солай 
тұтпайды. Құдайдың өзінде бар кемшілікті адам қайталаса,неге күстаналайды. Өзі жаратқан 
иелерінің  аласынан  алланың  өзі  әлгіндей  сескенгенде,бұл  қайтіп  сескенбейді.»  [1,200]. 
Осылайша Алмас хан өзінің ел билеу заңдылығына тәңірінің тәртібінен үлгі тауып, көңілін 
демдейді.  Жазушы  авторлық  баяндауда  эпикалық  үшінші  жақтан  баяндау  стилін 
тандағанмен,ол  көбіне  кейіпкер  секілді  ойланады,  толғанады,  яғни  кейіпкер  кейпіне  енген 
авторды  көп  көреміз.  Авторлық  баяндау  білінбей  кейіпкер  монологына  ұласып,  үнсіз 
қосылып  жатса  ,енді  бірде  кейіпкердің  ішкі  толғанысы  автордың  ойымен  қосылып  кетеді. 
Романдағы монологтар жеке алып қарағанда толғау секілді  көрінеді. Күдіктің анық  шешімі 
мен  өмірінің  құпиялы  жақтарының  Түйіндіін  таба  алмаған  жанның  рухани  ізденісін 
аңғарылатын шығармада бүкіл әлемді жаулап,байлыққа кенелсе де, абырой атағы Алмас хан 
үшін  мұрат  болмайды.  Жанына  жақын  жарыңның  саған  деген  көңілінің  тазалығы,  жан 
ұядағы  береке  –  міне,нағыз  мұрат.  Демек,  бақытты  жан  ғана  мұратқа  жетеді  дер  болсақ, 
мұрат дегеніміз қарны тоқтық, көйлегі көктік емес екен.        
«Өмірде  ешнәрседен  қорықпайтын  адамның  өзі  күлкіден  қорқады»,-  деп  жазады 
Гоголь. Шындығында әншейінде көзіне де ілмес қызметшінің күлкісі  Әміршінің мәртебесін 
төмендетіп, жанын таптағандай. Қызметші әйел  мен Әмірші арасындағы осы бір көріністі, 
қызметшінің түр-әлпетін, мимикасын бейнелеуде жазушы шеберлік танытқан. 
 
Адам  концепциясы  –  әдебиеттің  орталық  мәселесі,  басты  нысанасы  болғанда  ғана, 
шығарма  өміршең  болмақ.  Әмірші  мен  сыртқы  әлемнің  үйлесімі,  адами  еркіндігі  мен 
қоршаған  ортаға  бөтендігі,  тіршіліктің  мәнсіздігі,өзінен,  өзгеден  жатсыну  арқылы  уақыт 
биігінде  танылу  –  шығарманың  негізгі  тіні  бола  отырып,  Әбіш  әлемі  тереңіне  үңілуге 
итермелейді.  Адам  феноменінің  түрлі  аспектілерін  жан-жақты  қарастыруда  суреткер 
адамның  ішкі  жан-дүниесінің  трагедиялық  болашағына  алаңдау  білдіреді.  Адамды  айтқан 
соң  адамгершілікті  айтпай  кету  мүмкін  еместігін  қаламгер  жақсы  біледі.  Сондықтан,  ерте 
заманға  тиесілі  кейіпкер  арқылы  да  заманауи  дәуірдің  маңызын  жоймаған  көкейкесті 
мәселесі – адамның ар-ожданын сақтауы екенін терең философиялық оймен нысанаға алады. 
Адам мен оның қайшылыққа толы шынайы табиғатын көрсетуге күш салған шығарма өзінен 
кейінгі әдебиетте сапалық өзгерістердің тууына алғышарт бола алды деп сеніммен айтамыз.  
 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1. Кекілбаев Ә. Ек томдық шығармалар жинағы. Алматы Д989, 576 
2. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. Зерттеулер.- Алматы; Жазушы, 1987, 86-6 
3. Піралиева Г. Ішкі монолог  Алматы, 1994, 16-176 бб. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет