Қазақ тілі программасы жобасының құрылымы жайында
А.Ысқақов. Педагогикалық ғылымдар институтының директоры
(...) Мектептің әр алуан сатылары мен түрлері анықталумен қатар, олардың мән-мақсаттары да бағдарланған; демек, мектептің әр сатысы мен басқышының оқу көлемі меңзелген. Анықталған осы нысанаға лайық қазіргі жеті жылдық енді сегіз жылдық мектеп болып құрылуы тиіс. Бұл мектеп ауылдағы, қаладағы 7 мен 15 жас арасындағы барлық балалар жаппай міндетті түрде оқитын ең негізгі мектеп болмақ. ...
... Мектеп жүйесін қайта құрумен, олардың түр-түрін және мақсат-міндеттерін анықтаумен байланысты, ерекше қадағаланатын негізгі мәселенің бірі мектепте оқылатын оқудың мазмұны екендігі даусыз. Ал бұл мәселені алсақ, оның үлкен-үлкен екі түйіні бар: бірі -мектептің әр кезеңінде (басқышында) қандай-қандай пәндер оқытылатынын анықтау .мәселесі; екіншісі - әр пәннің мазмұнын және көлем аясын тиянақтау мәселесі.
... Сегіз жылдық мектептің оқу жоспары бойынша өтілетін осы пәндердің ішінде ана тілінің алатын орны ерекше. Бала өзінің өмірінде нені көрсе, нені білсе, соның бәрін ана тілі арқылы біліп түсінеді, басқа адамға өз білгенін, өз ойын осы ана тілі арқылы айтып жеткізеді ...
Мектепте оқылатын ана тілі, бір жағынан, баланың тілін практика жүзінде жетілдіру, дамыту, байыту мақсаттарын көздесе, екінші жағынан, сол тілдің жүйесін, оның негізін ғылыми жолмен оқушыларға саналы түрде білдіруді нысана тұтады. Тек бұл ғана емес, ана тілі сабағы бір жағынан, баланың ойын өршітуге, байытуда өзіне теңдесі жоқ ерекше құрал болса, екінші жағынан, ана тілі - басқа пәндерді түсінуге, меңгеруге таяныш, тірек болып қызмет атқарады. Қазақта «ойлай білмеген адам сөйлей де білмейді» деген мақал бар. Бұл мақал оймен сөйлеудің бір-бірімен тығыз байланысты екеніне айғақ. Шынында, ой-тілге негіз болса, тіл-ойға арқау болады. Баланың тілін дамыту дегеніміз - оның ойын дамыту, керісінше, баланың ойын дамыту дегеніміз - оның тілін дамыту деген сөз. Егер баланың ойлау қабілеті дұрыс дамымаса, жетімсіз болса, оның ұғу, түсіну қабілеті де шалағай болмақ; ондай бала өз ойын басқаға жазбаша да, ауызша.да жеріне жеткізіп айтып бере алмайтын болмақ. Олай болатын себебі, адамның ойы тілдегі сөздер арқылы, тілдің грамматикалық заңдылықтары жарыққа шығады. Ана тілі мектепте өтілетін басқа пәндердің ішінде төтенше орын алады дейтін себебіміз де осыдан.
Сегіз жылдық мектептің мақсаты мен міндеті анықталғаннан кейін мазмұны мен көлемі айқындалып, тиісті программалар жасалуы қажет екендігі белгілі. Осы міндетті орындау мақсатымен Педагогикалық ғылымдар институты сегіз жылдық мектепте (I-VTII кластарда) өтілуге тиісті ана тілі пәнінің программасының жобасын жасады. Сол жобаны ана тілі оқытушыларының талқысына салып, кеңірек пікір алысуы үшін журналымыз осы санында арнайы басып отыр. Біз бұл мақалада сол жарияланып отырған жоба жайында ана тілі мұғалімдеріне кейбір түсініктеме, жөнеме берумен бірге, пікір алысқанда, қандай мәселелерге айырықша зер салу керек екендігі жөнінде айтпақпыз.
Бастауыш және жеті жылдық мектептерде қазір қолданылып жүрген программалар бұл жобаға негіз болғанын алдымен атап кетуіміз керек. Сонымен қатар, сол негіз болған программалар жайында соңғы жылдары айтылып жүрген пікірлер және сегіз жылдық мектептің мақсаты мен міндетіне лайық ана тілі программасына қойылатын талаптар еске алынды.
Оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбекке баулуға оқу жоспары бойынша оқылатын барлық пәндердің өз ерекшеліктеріне және қал-қадірінше ат салысулары керек. Онан қала берді, сегіз жылдық мектеп, барлық балалар бірдей жалпылама түрде оқитын мектеп болғандықтан, оқушыларға әр пәннен белгілі бір көлемде тыңғылықты білім беруге тиіс екендігі де аян. Солай болса, программаның жобасы жасалғанда, бұл жағдаяттар да есепке алынды. Осы талаптарға орай, бұрынғы программада тым артық беріліп жүрген мәліметтер азайтылды да, бұрынғы еленбей, ескерілмей келген өмірге қажетті мәліметтер еселеніп берілді. Сондай-ақ, ғылыми жағынан әлі де шешілмеген даулы мәселелер және сегіз жылдық мектеп оқушыларының ой-өрісіне сыймайтын ауыр материалдар мүмкіншілігінше программадан шығарылып тасталынды.
Бұрынғы программаларда концентризммен әуестенушілік, орынсыз қайталақтай беру сияқты кемшіліктер де басым болып келген еді. Ал жаңа программа жобасында бұл сияқты кемшіліктердің жіберілмеуі қадағаланды.
Сегіз жылдық мектеп I кластан басталып, VIII класпен бітеді. Бірақ біздің республикамыздың ауылдарындағы бытыраңқылық жағдайындағыға байланысты көп жерлерде I-VIII кластардан алғашырақ, оңаша отыратынын еске алып, ана тілінің программасының жобасын әрі I-VI кластарға (I саты) бір бөлек және V-VIII кластарға (II саты) бір бөлек деп қарайтындай да, әрі барлығын да бір бүтін (I-VIII) программа деп қарайтындай да болып жасалды. Әр сатыда оқушыға ана тілінен берілетін білімнің көлемі жобада анықталғандықтан, оған арнап тоқталмай-ақ, тек сол екі сатыға арналған программаның жобасы жайында жеке-жеке мынадай жайды қосымша ескерте кеткен дұрыс деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |