Б. Ж. Абжаппарова


Өндірістік-техникалық интеллигенция: тарихи-теориялық пайым



бет3/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

1.2 Өндірістік-техникалық интеллигенция: тарихи-теориялық пайым


Қазір отандық интеллигенция тарихын зерттеудің өзіндік бағыт-бағдарлары мен әдістері қалыптасқан. Сол интеллигенция тобының ішінде өндірістік–техникалық интеллигенцияның әлеуметтік феномен ретіндегі бейнесін қалыптастыруды зерттеудің өзіндік ерекшелігі бар.

Өндірістік–техникалық интеллигенция құрамына жоғары және орта арнаулы білімі бар қызметкерлермен қатар орта арнаулы білімі жоқ практиктер де кіреді. Кеңестік кезеңде дипломды мамандардың сонымен қатар еңбекшілер қатарынан шыққан маман-практиктердің де саны артты. Әсіресе, жұмысшы табы қатарынан шыққан маман-практиктердің жұмысшы табымен арадағы байланысындағы әлеуметтік құндылығы жоғары болды. Олар техникалық интеллигенция қатарын толықтырудағы негізгі тұтқаға айналады. Маман-практиктер таңдаулы жұмысшы табы қатарынан шығып, өндірістік-техникалық интеллигенцияның жұмысы барысында негізгі тірекке айналды.

Өндірістік-техникалық интеллигенция тарихнамасын қалыптастыруда А.Е. Бейлиннің монографиясының алар орны ерекше [117]. Оның ХХ ғ. 30-шы жылдарында жарық көрген еңбектерінде алғашқы бесжылдық жылдарындағы өнеркәсіптегі инженер-техникалық кадрлардың саны, құрамы жөнінде бағалы статистикалық мәліметтер берілген.

1930-шы жылдары өнеркәсіптегі инженер-техникалық кадрлардың құрамы мен оларды дайындау жөнінде басқа да еңбектер жарық көрді. Олардың қатарында В.А. Шмелев [118], А.И. Иванов, Л.В. Швейцер т.б. авторлардың статистикалық деректерге бай материалдары бар [119]. Осы жылдары кеңестік зерттеушілер инженер-техникалық кадрларды зерттеуге байланысты сүбелі үлес қосты. Авторлар өз еңбектерінде сол кезеңдегі статистикалық мәліметтерді қолдана отырып, техникалық интеллигенция мамандарының қалыптасуындағы маңызын айқындайды. Бірақ олардың барлығында біз қарастырып отырған мәселеге «объективті баға» берілді деп санауға болмайды. Мысалы А.И. Иванов пен В.Л. Швейцер кеңестік техникалық интеллигенцияны зерттеушілер «Ескі техникалық интеллигенция өкілдері Кеңес өкіметі жағына жақындаған сайын, олардың мамандануы төмен болды», - деген жаңсақ пікір айтты [119, 14-15 б.]. Соғысқа дейінгі кезеңде жоғарыда көрсетілген және тағы басқа да еңбектер теориялық, практикалық жағынан алғанда фундаментальды мазмұнда болмады. Күнделікті кадр саясатын айқындай отырып, мәселені ашып көрсетуде еліміздің партиялық-мемлекеттік билігінің саяси-әлеуметтік мазмұнына сәйкес қатаң идеологиялық көзқарасымен ерекшеленді. Бұл еңбектердің құндылығы сонда, инженер-техникалық кадрлардың саны, әлеуметтік құрамы, оларды дайындау түрлері жайлы бай фактілік материалдарды жинады. 1930-шы жылдардың бірінші жартысында жарық көрген монографиялық зеттеулерде техникалық кадрлардың құрамы мен саны мәселелері кешенді түрде зерттеліп, онда мамандарға деген сұранысты қалай қанағаттандыру керек деген мәселе пайымдалған.

ХХ-шы ғасырдың 40-50-ші жылдары өндірістік-техникалық интеллигенция тарихын зерттеуде айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Хрущевтік жылымық отандық тарихнамаға біраз ықпал жасады. Зерттеушілер дәстүрлі маркстік-лениндік методологиядан асып кете алмаса да, Сталиннің жеке басқа табынуын ресми түрде сынай бастады. Осыдан кейін ғана интеллигенцияның қалыптасу жолдарын нақты зерттеуге жете көңіл бөліне бастады. С.А. Федюкиннің монографиясында өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуы, социалистік модернизацияға интеллигенцияны тарту әдістері зерттелді [120].

Өндірістік-теникалық интеллигенцияның қалыптасу тарихының зерттелу мәселелері Л.М. Зак, М.Е Главацкий т.б. монографияларында, мақалаларында диссертацияларында жан-жақты зерделенген [121, 119-128, 148-156,136-178 бб.].

Тарихнамалық зерттеулердің қатарында ленинградтық авторлардың «Советская интеллигенция» (История формаривания и роста 1917 –1965 гг.) еңбегін ерекше айтуға болады [122]. Бұл еңбектерде кеңестік интеллигенцияның негізгі топтарының тарихы қарастырылғанымен, бірақ интеллигенцияның негізгі топтарының қалыптасуы, әлеуметтік рөлі, даму бағыттары қысқаша түрде баяндалады.

«Советская интеллигенция» анықтамалық сөздігінде өндірістік- техникалық интеллигенцияның ірі кәсіби тобы ретінде материалдық өндіріс саласында немесе өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл және орман шаруашылығында, көлік қатынасы саласында еңбек ететін, арнайы даярлығы бар адамдарды айтады. Оның құрамына инженер-техникалық қызметкерлермен қатар ауыл-шаруашылығы мамандары (агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлермен), материалдық өндіріс саласында еңбек ететін экономистер де кіреді деп анықтама берілген [123, 128-129 б.].

Интеллигенцияның дамуы мәселелері жөніндегі көлемді басылымдардың бірі - 1979 жылы маусым айындағы Новосибирскіде өткізілген «Советская интеллигенция и ее роль в строительстве коммунизма» тақырыбында өткізілген бірінші Бүкілодақтық конференция материалдарының 13 томдық жинағының жарық көруі болып есептеледі [124].

Конференцияға қатысқан әлеуметтанушылар, философтар мен тарихшылар: Ц.А. Степанян, В.С. Семенов, М.Н. Руткевич, А.П. Окладников, В.Л. Соскин, В.С. Волков, М.Е. Главацкий, В.Г. Ермаков т.б. өздерінің зерттеу мақалаларында интеллигенцияға байланысты жаңа ғылыми көзқарастарын білдірді. Конференция алғаш рет кеңестік кезеңде өткізілгендіктен, интеллигенцияға анықтама беруде маркстік-лениндік концепцияны қорғап, оған «таптық қоғамның ерекше әлеуметтік тобы»,- деген баға берілді. Зерттеушілер интеллигенцияның ой еңбегімен айналысуы - оның негізгі әлеуметтік белгісі екендігін атап өтіп, олардың жұмысшы табына деген кеңестік қоғамдағы көзқарасы жөнінде де ой бөліседі.

Конференцияда интеллигенцияға байланысты ұстанған мемлекеттік саясат ашып көрсетілді. Біз Ц.А.Степанян секілді авторлардың интеллигенцияның әлеуметтік-саяси рөлін дәріптеуге айрықша көңіл бөліп, маман – практиктердің рөліне байланысты айтқан біржақты ой-пікірлерін қолдаймыз [125, 3-30 б.].

Конференцияда интеллигенцияға байланысты күмән тудыратын пікірлер де айтылды. Атап айтқанда, И.Г. Никольский: «Кеңестік интеллигенция өзінің құрамына ерекше топ, «колхозшы интеллигенттерді» өндірісшілердің жаңа тобы «жұмысшы интеллигенттерді» ендіріп отыр, бұл топтар «колхозшы шаруалар мен жұмысшы табының бір бөлігін құрайды», - деп ой түйіндейді [126, 6 б.]. Өз кезеңі үшін бұл пікір дұрыс болмады, себебі бір жағынан кеңестік интеллигенция өз құрамына «жұмысшы интеллигенттерді» және «колхозшы интеллигенттерді» енгізуі, екінші жағынан жұмысшы табы мен колхозшы- шаруалардың құрамына ерекше әлеуметтік топ ретінде кіре алмайтын еді. Осы кезеңде топтар мен әлеуметтік топтардың арасында өзара жақындасу процесі болғанымен, ішіне еніп кетуі әлі бола қойған жоқ еді. Интеллигенция тарихын зерттеуші ғалым С.Н. Соскиннің еңбегінде «атқаратын еңбегіне, кәсіби даярлығына қарай ауыл шаруашылық интеллигенциясының құрамында үш топ бар дейді: 1) дипломды мамандар; 2) мамандар қызметінде отырған практиктер; 3) маман емес қызметкерлер [127, 66-72 б.].

Зерттеуші В.И. Астахова интеллигенцияның мәні мен қалыптасуы жайлы философиялық тұжырымдар жасағанымен, социалистік интеллигенцияны дайындаудың қайнар көзі ескі интеллигенция мен жоғары оқу орындарында дайындалып жатқан мамандарды жоғарылатушылық деп сәйкессіздікке орын береді [128, 17-18 б.]. Біздің пікірімізше, интеллигенцияны қалыптастырудың әлеуметтік-таптық қайнар көзі мен маман кадрлар қатарын толықтыру дегенді шатыстыруға болмайды. Социалистік интеллигенцияны қалыптастырудың әлеуметтік-таптық қайнар көздерін жұмысшы табы, еңбекші шаруалар, ескі, буржуазиялық интеллигенция, аз көлемдегі басқа әлеуметтік топтар құрайды.

М.П. Ким: «Кеңестер Одағында интеллигенцияның қалыптасу үдерісі екі бағыт бойынша жүрді: ескі интеллигенцияны тәрбиелеу және жұмысшы табы мен шаруалардан жаңа интеллигенцияны қалыптастыру».- деп атап көрсетеді. Соңғы көзқарасын қайтадан ой елегінен өткізген дұрыс сияқты. Себебі жоғары оқу орындары мен техникумдарда жұмысшы табы мен шаруалармен қатар қоғамдағы басқа да әлеуметтік топ өкілдері де оқығаны белгілі [129, 20 б.].

Өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасу тарихын зерттеуде зерттеушілер А.К. Григорьянц, Ф.Н. Заузалков, В.С. Волков, М.Е. Главацкий т.б. үлкен үлес қосты [130]. Бұл еңбектер бірін-бірі қайталамайды, дегенмен де инженер-техникалық мамандарды дайындау, олардың құрамы, саны, материалдық өндіріс саласындағы қызметі, өндіріс орындарындағы техникалық интеллигенцияны дайындау жөніндегі мазмұны ұқсас келеді.

Қазақстанда өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастыру жергілікті органдардың басты міндеттері болып қойған жоқ, сонымен бірге дамыған өнеркәсіп орталықтарынан шеткері болғандықтан, олардың санының аз болуы, мамандарға деген сұраныстан да туындады. Сондықтан Қазақстанда өндірістік-техникалық интеллигенцияны қалыптастырудың жалпы заңдылықтары, өзіне тән белгілері пайда бола бастады. Мәселен, кәсіби маманданған мамандарды басқа аймақтардан шақыру, жергілікті жерлерде жедел қарқынмен мамандар дайындауға көңіл бөлу, жоғарылатушылық арқылы маманданған жұмысшыларды инженер-техникалық интеллигенция қатарына тарту т.б. жұмыс түрлері қарқынды түрде жүре бастады.

Социалистік қоғамда жұмысшы табы мен өндірістік техникалық интеллигенция арасында айырмашылық жоқ деген қате пікір болған еді. Ой еңбегі мен дене еңбегінің арасында әлі де болса сақталып отырған айырмашылықты байқауға болады. Кеңестер Одағында, тағы да басқа социалистік мемлекеттерде өндіріс құрал–жабдықтарына деген жеке меншіктің жойылуына байланысты техникалық интеллигенция жұмысшы табынан немесе саяси мақсаттарына байланысты айырмашылығы ғана емес, негізінен қоғамдық еңбек бөлінісі, еңбектегі қызметі, мамандануындағы басты айырмашылықты аңғаруға болады. Социалистік өндірістік–техникалық интеллигенцияны «біздің жұмысшы табымыздың ғылыми жағынан қаруланған тобы», - деп пікір айтқан зерттеушілердің пікірін қайтадан ой-елегінен өткізген жөн сияқты [131].

Өндірістік-техникалық интеллигенцияның құрамында өзгеріс болып, кәсіби жағынан мамандануы артып, өндірістің жаңа салаларының дамуына байланысты оның жаңа топтары пайда болды.

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының қалыптасуы С.Б. Бәйішев монографиялық зерттеу еңбегінде кең орын алған [132, 4-5 б.]. С.Б. Бәйішев 1950-ші жылдары жарық көрген зерттеу еңбегінде: «Қазақстанда социалистік индустриализацияның негізгі міндеттерінің бірі қазақ жұмысшы табы мен жеке қазақ кеңестік техникалық интеллигенциясы қалыптасты»,- деп қорытындылайды [132, 27-28 б.]. Әсіресе ұлттық мамандарды дайындау мәселесіне терең көңіл бөлінген.

О.М. Малыбаевтың зерттеу еңбегінде кең көлемдегі фактілік материалдар негізінде ауыр индустрияның басты салаларының бірі – көмір өнеркәсібіндегі өндірістік техникалық интеллигенция мамандары жайлы мәліметтер бар [133].

Республикада өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуының кейбір мәселелері басқа да тарихшы және экономист ғалымдардың зерттеулерінде кездеседі [134]. Еңбектер мен мақалаларда біз зерттеп отырған мәселе жөнінде маңызды фактілік материалдар мол.

Өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарының соғысқа дейінгі бесжылдықтарда қалыптастуы жайлы басқа диссертациялық еңбектерде ашып көрсетілген. А.И. Куртовтың диссертациясында индустрияландыру жылдарында республикадағы өнеркәсіп орындары үшін қажет жаңа өндірістік-техникалық мамандармен қамтамасыз ету қарастырылған [135]. Орта техникалық оқу орындарының тарихы, техникалық мамандар жөніндегі құнды материалдар Р.Б. Сүлейменов еңбектерінде кең орын алған [136].

1960-шы жылдардың басында қоғамтанушы-ғалымдар кемелденген социализм кезеңіне жетіп, ұлттық интеллигенцияның сан және сапа жағынан өсу деңгейі одан әрі жүріп жатыр деген болжам жасады. Бұл ой еңбегі мен дене еңбегі арасындағы елеулі айырмашылықты жояды деген пікір білдіреді. Дене еңбегімен қабысу және оқу процесі нәтижесінде қызметкердің жаңа түрі – жұмысшы–интеллигент пайда болатындығын, олар техниканы қайта құрып, шығармашылық жағынан әр беретін өндіріс жаңашылдары деген ой айтады. Бұл жерде біз өндірістік-техникалық интеллигенцияға қатысты көзқарасты байқаймыз. Еңбек кеңестік кезеңде ресми методология тұрғысында жазылғандықтан, тек табыстар ғана көрсетілген [137, 170 б.].

Өндірістік-техникалық мамандарды даярлауға арналған О.А. Байқоңыровтың еңбегінде республика өнеркәсібі үшін мамандар даярлау Қазан төңкерісінен кейін түбірінен өзгерді. Алғашында инженер-техникалық мамандар республикадан тысқары жерлерде даярланса, 1960-шы жылдардың басында 144 орта арнаулы оқу орындарында, сонымен қатар 46 техникумдарда республика өнеркәсібі үшін техниктер даярлау жүзеге асып отырғандығын саралайды. [138, 154-157 б.].

Өндірістік-техникалық интеллигенция феноменін зерттеуде өзіндік орны бар зерттеушілердің бірі – Е.Х. Мұхамеджанов. Ол кандидаттық диссертациясы мен көптеген мақалаларында өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын қалыптастыру, дайындау жөнінде жазады. Еңбек партия тарихы тұрғысында жазылып, оның өндірістік-техникалық мамандарды қалыптастырудағы басшылық рөліне арналса да, зерттеудің құндылығы жоғары, өндірістік-техникалық интеллигенция тарихына тікелей қатысты жазылған [139].

Инженер-техникалық кадрларды дайындауда басқа бауырлас республикалардың көрсетіп отырған көмегі жайлы жаза отырып, олардың өз республикамыздағы оқу орындарын ашуға да ықпал еткендігін көрсетеді [140].

Республикамызда өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау, тәрбиелеу, рөлін арттырудағы Коммунистік партияның басшылық қызметіне байланысты тарихшылар мен әлеуметтанушы ғалымдардың осы тақырып төңірегінде арналған 1970–1980-ші жылдары бірнеше диссертациялары қорғалды. Олардың қатарында Н.И. Джагфаров, Т.Қасенов, А. Абдакимов, Л.Я. Гуревич, М. Байтуров, С.В. Рыбакова О.В. Харченко., Т.К. Назханов т.б бар [141].

Н.И. Джагфаров социалистік интеллигенцияны қалыптастыруда оның ең көлемді, маңызды топтарының бірі - өндірістік-техникалық интеллигенция ерекше орын алатындығына тоқталады. «Интеллигенцияның бұл категориядағы кадрлары материалдық игіліктерді өндірумен байланысты, қоғамның материалдық өндірісімен шұғылданады. Экономиканың одан әрі дамуы, алдыңғы қатарлы ғылым мен техниканың жетістіктерінің өндіріске енгізілуі, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту, еңбекшілердің материалдық және мәдени тұрмыс халін жақсарту, өндірістік-техникалық интеллигенцияның санын арттырып, дайындауды көбейтумен байланысты», - деп сараптайды[141, 3 б.]. Ғылыми-техникалық революцияның ықпалымен жыл өткен сайын инженерлік еңбектің мазмұнында үлкен өзгерістер жүріп, оның өндірістік мәнге ие болып, коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасауда маңызды орын алып отырғандығына тоқталады [141, 7 б]. Еңбек сол кезеңдегі ресми методология тұрғысында жазылғанымен, оның мол мұрағат құжаттарын пайдаланып, өндірістік-техникалық интеллигенция феноменін қалыптастыруда алар орны бөлек.

Зерттеуші Т. Қасенов социалистік халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде мамандар әсіресе алдыңғы қатарлы өндірістік-техникалық интеллигенция мәселесіне мән беріп отырғандығына көңіл бөледі [141, 16 б.].

Өндірістік-техникалық интеллигенция тарихын зерттеуші ғалым А. Абдакимов «оның құрамына инженерлік-техникалық интеллигенцияны, агрозооветеринарларды және техниканың дамуымен, өндіріс технологиясының жетілдірілуіне байланысты қызметі қажет ғылыми кадрлардың бір бөлігін» жатқызады [141, 27 б.].

Л.Я. Гуревич өзінің кандидаттық диссертациясында инженерлік-техникалық интеллигенция – саны жағынан көп, әрі дамып отырған әлеуметтік топ екендігін айта келіп, Кеңестер Одағында саны, әлеуметтік құрылымдағы үлестік салмағы жөнінен оның жұмысшы табынан кейін екінші орын алып отырғандығын жоғары қарқынмен артуымен ғана ерекшеленбей, тағы да басқа сапалық факторларға байланысты екендігін зерделейді [141, 1-2 б.]. Инженерлік-техникалық қызметкерлер жұмысшы табы және колхозшылармен бірге коммунизмнің материалдық-техникалық базасын тікелей жасаушылар деген пікір білдіреді. Инженер-техникалық қызметкерлер еңбек жағдайы және психологиясы бойынша, интеллигенцияның басқа топтарына қарағанда жұмысшы табына жақын, күнделікті оған қолайлы саяси, идеологиялық және моральдық ықпал етіп отырғандығын, жұмысшылардың мәдени-техникалық және идеялық-саяси деңгейінің артуына да әсер етіп, еңбек ұжымдарында ұйымдастырушылар, тәрбиелеушілер ретінде ықпал жасап отырғандығын жазады. Еңбек маркстік-лениндік методология негізде жазылғандықтан, партияның басшылық рөліне ерекше мән берілген.

Ғылыми және практикалық мәні бар еңбектердің қатарына М. Байтұровтың диссертациясын жатқызуға болады. Еңбек өндірістік-техникалық интеллигенция тарихына тікелей қатысты болмаса да, жоғарғы оқу орындарында ауыл шаруашылығы үшін дайындалған селоның өндірістік-техникалық интеллигенциясы жөнінде біраз мәлімет береді [141, 18-19 б.].

Зерттеуші О.В. Рыбакова өзінің диссертациялық жұмысында ғылыми-техникалық прогресстің қарқыны, барлық халық шаруашылығын интенсификациялау, оның тиімділігін арттыру, өндірістің сапалық көрсеткіштері инженерлер мен техниктердің еңбегіне байланысты деп көрсетеді. Инженер-техникалық қызметкерлер – интеллигенцияның еліміздің халық шаруашылығында еңбек ететін интеллигенцияның ең үлкен тобы, сондықтан оның құрамындағы өзгерістерді көрсету, кеңестік интеллигенцияның маңызды отрядтарының бірі ретінде оның даму тенденцияларын зерттеудің ғылыми және практикалық маңыздылығын көрсетеді [141, 2-3 б.]. Инженерлік-техникалық интеллигенция кеңестік интеллигенцияның маңызды отрядтарының бірі ретінде, негізінен материалдық өндіріс саласында жұмыс істейтіндігін, онда ғылыми-техникалық революцияның қызып жатқандығын тілге тиек етеді. Диссертацияда инженер-техникалық интеллигенцияның социалистік интеллигенцияның құрылымында өз алдына бөлек топ болып ерекшеленуінің негізгі себептері: материалдық өндіріс салаларының технико-технологиялық процестерін жетілдірумен, материалдық өндірістің одан әрі дамуы социализмнің ғылыми-техникалық революцияның мүмкіндіктерімен қабысуы бұл салаға ой еңбегімен айналысатын жаңа қызметкерлерді қажет ететіндігінде деп көрсеткен.

Зерттеуші О.В. Рыбакова: «Инженерлік-техникалық интеллигенция – материалдық өндіріс саласында күрделі шығармашылық еңбекпен айналысатын ой еңбегі қызметкерлерінің ерекше әлеуметтік-кәсіби тобы ретінде, ғылым мен өндірісті байланыстырушы, ғылым мен өндірістің жетістіктерін жүзеге асырып, оған техникалық-экономикалық жағынан басшылық жасау, жаңа техника мен технологияны зерттеп, дайындаушы, өндірісті басқару мен ұйымдастырушы, еңбекшілерді тәрбиелеуші қызметін атқарады», - деп баға береді [141, 8-9 б.].

Еңбекте инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік рөлінің артуы өндірісті күштердің үздіксіз прогресіне, қоғамда ғылымның өндіргіш күшке айналуы, қоғамдық өмірдің барлық салаларын басқаруды жетілдіру, еңбекшілердің мәдени тұрмыс жағдайының жақсаруына байланыстылығы көрсетілген.

Инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік рөлі деп, оның нақтылы әлеуметтік құрылыс жағдайында шешуге тиісті айқындалған міндеттердің жиынтығын алады. О.В. Рыбакова инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік белсенділігінің негізгі дұрыс белгілерін былайша анықтайды: «Оның техникалық шығармашылыққа, өндірісті басқаруға қатысуы, техниканы, экономиканы, еңбекті ұйымдастыруды жетілдіруі, жұмысшыларға рационализаторлық, өнертапқыштық қызметтеріне көмек көрсету, олардың мәдени-тұрмыс деңгейлерінің артуына ықпал жасау, еңбекшілерді тәрбиелеу. Социализм жағдайында инженерлік-техникалық интеллигенцияның негізгі әлеуметтік функциялары: ғылыми-техникалық, басқару, тәрбиелік және ағарту-мәдени» [141, 16-17 б.].

Инженерлік-техникалық интеллигенция тарихын зерттеумен айналысқан ғалымдардың бірі – С.В. Харченко. Еңбек партия тарихына, Коммунистік партияның инженер-техникалық интеллигенция қызметкерлерінің еңбекшілерді идеялық-саяси тәрбиелеудегі рөлін арттырудағы қызметіне (1971-1980 жж.) арналғандықтан, біз қарастырып отырған мәселе зерттеудің негізгі объектісі болмағандықтан тек жанама түрде баяндалады [141]. Автордың диссертациясы өз кезеңі үшін дұрыс бағытта жазылғанымен, қазіргі ғылыми зерттеу талабы басқаша, жаңаша ойлауды, зерделеуді талап етеді.

Т.К. Назхановтың зерттеу жұмысы қайта құру кезеңінде жазылғандықтан, одан жаңаша бағытты, көзқарасты аңғарамыз. Қоғамда инженерлік-техникалық интеллигенцияның атқаратын рөліне байланысты үлкен міндеттер тұрғандығын, сондықтан оның негізгі міндеттеріне жаңа техниканы жасау мен оны ендіру, өндірісті басқарудың жаңа жүйелерін ойлап табу деп болжайды. Ол материалдық өндірісті кеңейтуде жұмысшы табымен бірлесе отырып, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін жүзеге асыруға тікелей қатысатындығын саралайды. Техникалық прогрестің жетістігі, қоғамдық өндірістің тиімділігінің артуы мен интенсификациялануы, еңбек өнімділігінің артуы, өнеркәсіпте ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерінің пайдалануы, инженер-техникалық кадрлардың белсенді шығармашылық қызметіне байланысты екендігін дәлелдейді. Ғылыми-техникалық прогрестің маңызын анықтай отырып, оның жетістіктерін өндіріске ендіру өндірістің интенсификациялануының индикаторы болып есептелетіндігін айтады. Зерттеуші Т.К. Назханов тұжырымының өзіне дейінгі жазылған еңбектерден айырмашылығы инженер-техникалық кадрларға ғылым мен өндірісті байланыстырушы маңызды топ деп мән беріп, инженерлік еңбектің қоғамдық маңыздылығының жоғарылығын қорытындылайды [141, 2-3 б.]. Автор өзіне дейін жазылған ғылыми еңбектерге талдау жасай отырып, инженерлік-техникалық интеллигенцияның феноменін қалыптастыруға байланысты әртүрлі көзқарастардың бар екендігін жоққа шығармайды. Диссертациясының «Инженерлік-техникалық инетеллигенция социалистік қоғамның әлеуметтік тобы» деп аталатын бірінші бөлімінде инженер-техникалық интеллигенцияның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер, оның материалдық өндірісті дамытудағы орны, инженерлік қызметтің мәні мен басты-басты белгілерін қарастырады. «Инженерлік-техникалық интеллигенцияға – материалдық өндіріс саласында өндірістік еңбекпен кәсіби айналысушы қызметкерлердің әлеуметтік тобы» ретінде, «өндірісті ғылыми-техникалық жағынан қамтамасыз етуші, жаңа техника мен технологияны жасаушы, ғылым мен өндірісті байланыстырушы, өнеркәсіп өндірісін басқарушы және ұйымдастырушы, еңбекшілерді тәрбиелеуші», - деген анықтама береді [141, 7-9 б.].

Қазақстандық зеттеушілер М.С. Аженов, А. Ишмухамедов, Ц Р. Розенберг, Ш.Ю. Тастанов. т.б монографиялық зерттеулерінде өндірістік–техникалық интеллигенцияның феномені жайында бірталай ой-тұжырымдарын ұсынды [142]. Мәселен, М.С. Аженов интеллигенцияны қоғамда атқаратын қызметіне байланысты үш топқа бөліп қарастырады.

Қоғамдық өмірде материалдық өндіріс шешуші рөл атқаратындықтан барлық инженер- техникалық қызметкерлерді агрономдар, зооветеринарларды, есеп-жоспарлау мамандарын «техникалық-экономикалық интеллигенция» деген атауды қолдана отырып бірінші топқа жатқызады.

Екінші топқа партия органдары, мемлекеттік аппарат, қоғамдық ұйымдар, әскери күштердің командалық құрамын «басқару интеллигенциясы» деп атайды.

Үшінші топқа ғылым, ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер, әдебиет, баспасөз қызметкерлерін кіргізіп «ғылыми-мәдени интеллигенция» деп атайды. Интеллигенцияның барлық топтарын бірінен-бірін жоғары қоюға болмайды. Барлығы да бірдей маңызды рөл атқарады деп топшылайды [142, 118-119 б.].

Интеллигенцияның әрбір көлемді топтарының өзіндік жеке әлеуметтік құрылымы немесе кәсіби отрядтары бар. Олардың ішкі әлеуметтік көрсеткіші, сапалық құрамы, мамандануы, білім деңгейі, атқаратын қызмет дәрежесі, жалақысы, саяси сауаттылығы, қоғамдық және еңбек белсенділігі біркелкі еместігін айтады. Топтар арасындағы әрбір бөлімнің әлеуметтік-кәсіби мамандануы айырмашылықтары жайлы ой қозғайды. Егер де кімнің жоғары білімі болса, орта арнаулы маманға қарағанда мамандануы да жоғары болады. Кейде жауапты лауазымды қызмет орындарына маманданған қызмекерлердің орналасуында сәйкессіздіктерге орын беріліп жатады. Егер ол заводтың бас инженері болса, өз қызметіне лайықты, кәсіпорынның инженерлерінің арасында беделі бар адам тағайындалуы керек. Атқарып отырған қызметіне жалақысы сәйкес келуі керек. Жауапты қызмет атқарып отырған мамандар өздерінің ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетіп, жоғары қоғамдық-саяси белсенділігін байқату қажеттігін пайымдайды.

Интеллигенцияның әрбір кәсіби топтарында атап айтқанда, жоғары, орта арнаулы, төменгі білім деңгейіндегі мамандар аралығында нақтылы жік бар екендігін анықтайды, егер оны орналастыру барысында келеңсіздіктерге орын берілсе, кәсіпорын мен мекеменің қызметіне кері әсер ететіндігі сарапталған. Мысалы заводтың инженер-техникалық қызметкерлері тек инженерлерден тұрмайды. Инженерлер санына техниктердің саны сәйкес келуі қажеттігіне мән береді.

Инженер-техникалық интеллигенция ең алдымен материалдық өндіріс саласында алатын орнымен ерекшеленетіндігіне ерекше көңіл бөлген.

Өндірістік-техникалық интеллигенцияның теориясы мен концепциясын қалыптастыруда Ц.Р. Розенберг еңбектерінің алатын орны өзгеше. Тарихта белгілі 1960-шы жылдары ғылыми-техникалық прогрестің дамуы өндірістің дамуына ықпал етті. Өндірістік күштердің дамуындағы түпкілікті сапалық өзгерістердің болуы, өндірісте қызмет атқарып жатқан қызметкерлерге тікелей байланысты. Себебі олардың өндірістегі рөлі мен еңбегінің мәні мен мазмұнының өзгеруінде ілгерілеушілік байқалуда. Ц.Р. Розенберг: «машиналық өндірістің пайда болуы, өндірістің жаңа қызметкерлер тобы – инженер-техникалық мамандардың өмірде қажеттігін туғызды», - деп атап көрсетеді [143, 22-23 б.]. Инженер-техникалық қызметкерлер категориясының пайда болуына ХVІІІ-ші ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басындағы өнеркәсіп төңкерісі әсер етсе, олардың құрамындағы сапалық, сандық көлемді өзгерістердің тууы ғылыми-техникалық революцияға байланысты деп ой қорытады. Зерттеуші Ц.Р. Розенберг «өндірістік-техникалық интеллигенция» терминінен гөрі «өндірістік интеллигенция» деген термин орынды дейді. Ол өндірістік интеллигенцияны үш топқа бөледі: 1) өндірістік басқарушы топ; 2) инженерлік-техникалық топ; 3) өндірістік-гуманитарлық топ. Біздің ойымызша Ц.Р. Розенбергтің жіктеуінде агрозоовет мамандарға мән берілмеген [144, 64-65 б.].

Ғылыми-техникалық революцияның жалпы қорытындысы қоғамдық өндірістегі ой еңбегі рөлінің артуында. Жұмысшының еңбегі интеллектуалданып, инженерлік еңбекті қолдану ауқымы артты, өнеркәсіп-өндірістік қызметкерлер қатарына мамандардың жаңа категориясы – ғылыми қызметкерлер кірді. Академик С.Г. Струмилин «Материалдық игіліктерді жасаудың қайнар көзінде бұрын жұмысшы мен инженер тұрса, енді үшінші фигура – ғалым келді» деп атап көрсетеді [145, 43 б.].

1960-шы жылдары жаңа кәсіпорындардың, заводтардың, фабрикалардың, кен орындарының, электростанциялардың салынуы өндірістің дамуымен, екінші жағынан өндірістің механизациялануы мен автоматизациялануы, жаңа өндірістік объектілердің технизациялануы инженерлік-техникалық еңбекті қажет етті. Өндіріс күрделене түсіп, оның «ғылымилануы», техникалық прогрестің жедел қарқынмен дамуына әсер етті. Инженерлердің рөлі ғылыми лабораториялар мен институттардағы жабдықтарды техникалық жағынан қамтамасыз етумен ғана анықталып қойған жоқ, олар институттардың теориялық фундаментальды зерттеулерін жүзеге асыруда, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, проектілеу, жобалау, конструкторлық-технологиялық институттарда жобалауларын зерттеулерде, жоғары оқу орындарының лабораторияларында, заводтардың орталық лабораторияларында, эксперименталды цехтары мен кәсіпорындардың техникалық қызметтерінде қолданды. Ц.Р. Розенберг: «ғылыми-техникалық революция барысында инженерлік-техникалық қызметкерлердің еңбегіне – күрделі техникалық жүйелер мен қондырғыларды қамтамасыз етудің жаңа қосымша ауқымы қосылды»,- деп ой қорытады [144, 25-26 б.].

Интеллигенция тарихын зерттеуші ғалымдардың бірі – И. Евдокимов қоғамның әлеуметтік құрылымындағы өзгерістер интеллигенцияның дамуына, қалыптасуына ықпал еткендігін айта келіп, ұлттық кадрлардың ішінде ғылыми қызметкерлердің, инженерлердің, техниктердің, агрономдардың, мұғалімдердің және дәрігерлердің санының артып отырғандығына тоқталады [146, 164-165 б.]. Партияның рөліне терең мән беріліп, жетістіктердің барлығы Коммунистік партияның арқасында жүзеге асты деген пікір айтылды. Жоғары маманданған ғылыми-техникалық интеллигенцияның қатарының толығуы, оның қызметі маңызды ғылыми-техникалық, мәдени, идеологиялық, әлеуметтік мәселерді шешуге бағытталғандығын, бұл ой еңбегі мен дене еңбегінің бірлесіп қалыптасуына қолайлы жағдай тудырып отыр деген көзқарасын білдіреді. Сөйтіп, жұмысшы табы, колхозшылар мен интеллигенцияның одағы, ғылым мен өндіріс арасындағы одақты нығайтуға ықпал ететіндігін саралайды. Ғылыми-техникалық революция кезеңінде интеллигенттер жұмысшы табы мен шаруалармен бірге өндірістік еңбекке тікелей қоян-қолтық араласады деп, бұл жерде инженерлік-техникалық қызметкерлер, ғалымдар, конструкторлар жайлы сөз қозғайды.

Ой еңбегінің үлестік салмағының артуы екі түрлі жолмен жүзеге асатындығын сараптап, біріншіден, өндірістік қызметкерлер құрамында инженер-техникалық қызметкерлердің үлесінің артып отырғандығын, екінші жағынан, жұмысшыдан ой еңбегімен атқарылатын амалдардың артып отырғандығына байланысты одан жоғары күрделі мамандандықты игеруін талап ететіндігін саралайды. Сөйтіп, бірте-бірте инженердің еңбегі мен жұмысшы арасындағы айырмашылықтар жойылды деген қорытынды жасайды. Ғылыми-техникалық революция ой еңбегімен айналысатын көптеген салаларда техниканы кеңінен қолдануға итермеледі. Зерттеуші И. Евдокимов: «әлеуметтік топтардың – жұмысшы табы, колхозшы шаруалар, интеллигенцияның ішінде қазіргі қоғамда коммунистік құрылыстың тапсыз әлеуметтік құрылымының элементтері қалыптасуда», - деп болжайды [146, 172 б.]. Өз кезеңі үшін дұрыс көзқарас болып есептелгенмен, тек қиял, ал оған жетудегі негізгі объект болып есептелетін адам құндылығына мән берілмегендігін аңғарамыз. Автордың бұл пікірін қазіргі уақыт өлшемімен алсақ, қайтадан ой елегінен өткізген дұрыс деп есептейміз.

Интеллигенцияның қоғамда алатын орнын зерттеген ғалымдардың бірі – А. Ишмухамедов. Ол «кемелденген социализм қоғамында социалистік жұмысшы табы мен ғылыми-техникалық интеллигенцияның алдыңғы сатыға көтерілуі Қазақстан мен Орта Азия республикалары үшін ерекше маңыз алып отырғандығын, себебі жұмысшы табы мен ғылыми-техникалық интеллигенцияның негізгі күштері 8 миллионға дейін жетіп отыр»,- деген ойын қорытады [147, 4 б.]. Еңбекте автор социализмнің дамуында жұмысшының жетекші рөліне мән беріп, оның интернационалдық жағынан көпұлтты болып отырғандығын саралайды. Әлеуметтік құрылымды жүріп отырған таптық қайшылықтарды, интеллигенцияның ғылыми-техникалық революциядағы прогрессивтік рөлін байқамайды. Тек коммунистік партияның арқасында социализм жағдайында ұлт мәселесі дұрыс шешіліп отырғандығын айтады. «Жұмысшы табы ғылыми–техникалық интелиигенциямен бірге қоғамдық өндірістің дамуында, коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасауда және ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуде алдыңғы қатарлы рөл атқарып отыр» деп пайымдай келе, жұмысшы табы мен оның республикалық отрядтары ғылыми-техникалық интеллигенциямен бірге өндірістік күштердің дамуындағы, қоғамдық еңбек бөлінісі мен әлеуметтік қатынастардың жаңа тенденецияларының анықтаушысы деп баға береді [147, 39 б.].

И. Ишмұхамедов ғылыми-техникалық интеллигенция, Қазақстан интеллигенциясының құрамдас бөлігі ретінде басқа категориядағыларға қарағанда, өздерінің еңбек ететін саласына қатысты екендігін айта келіп, қоғамдық қызметтермен қатар, зерттеумен байланысты, өндірістің жаңа техникасын, технологиясын жасау, еңбекті ғылыми жолмен ұйымдастыру, әлеуметтік даму, өндірістік және ғылыми зерттеу ұжымдарының интеграциялануы мен жақындасуы, маманданған кадрлар дайындаумен байланысты олардың шешуге тиісті міндеттерінің ауқымы өсіп отырғандығын айтады [147, 152 б.].

В.К. Гривенная зерттеулерінде «ауыл шаруашылық интеллигенциясын саналы өзіндік, ішкі дифференцияланған, колхоз-совхоз өндірісіне кәсіптелген еңбекпен айналысатын адамдардың үнемі дамитын әлеуметтік топтары ретінде, әлеуметтік маңызын анықтау үшін біраз әрекеттер бар. Ол ауыл шаруашылық интеллигенциясына дипломдалған мамандар мен практиктерді жатқызады, дәлірек айтсақ: агрономдар, зоотехниктер, инженерлер мен техниктер, мал дәрігерлері, экономистер мен плановиктер, совхоз бен колхоздарда жұмыс істейтін мамандандырылған есеп қызметкерлері, сонымен қатар шаруашылық пен оның өндірістік бөлімдерінің барлық басшылары», - деп есептейді [148, 11 б.].

Н.К. Капесовтың монографиясында ауыл шаруашылық интеллигенциясының ішкі топтары көрсетіліп: «біріншісі – бұл ауыл шаруашылық кәсіпорындарының басшылары, бас мамандар, бөлімше басшылары. Екінші топ – бұл экономистер, агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері, бөлімшелерде, цехтарда фермалар мен басқару аппараттарында еңбек ететін инженерлер. Үшінші топ – бұлар негізінен атқарушы жұмыстарды жүзеге асыратын техниктер, бухгалтерлер», -деп жіктелген [149, 7 б.].

Зерттеуші В.И. Гноевых ауыл шаруашылық интеллигенциясының әлеуметтік шекарасы мен мәнін басқаша көрсетеді. Ол ауыл шаруашылық интеллигенциясын «ауыл жағдайында кәсіби іспен айналысатын ой еңбегі мамандарынан тұратын жоғары және орта арнаулы білімді талап ететін қызметкерлер, сапалық анықталған, іштей дифференцияланған, кеңестік социалистік интеллигенцияның әлеуметтік тобы ретінде» көреді [150, 18 б.]

Ш.Ю. Тастанов социалистік интеллигенцияны әлеуметтік жағынан мамандануына байланысты бірнеше негізгі топтарға бөледі [151].

Өндірістік интеллигенция материалдық өндіріс саласында еңбек ететін инженер-техникалық қызметкерлер, ауыл шаруашылығы мамандары (агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері және экономистерге) бөлінеді деп атап көрсетеді.

Х.М. Әбжановтың «Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенствования социализма» аталатын монографиясында да село интеллигенциясы құрамын оның атқаратын функциясының мазмұны және мәні, қоғамдық өмірдегі рөлі мен орны, материалдық және рухани өндірісті ұйымдастыруына байланысты төрт ірі әлеуметтік-кәсіби топтарға бөледі [152, 76 б.].

Соның ішінде ең алдымен өндірістік-техникалық интеллигенция колхоз-созхоз өндірісінің, транспорт кәсіпорындары, байланыс, дайындау және материалдық-техникалық жабдықтау, құрылыс ұйымдары басшылары мен мамандарынан тұратындығын айқындайды. Село экономикасын көтеру, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру, капиталдық құрылыс және материалдық өндіріс саласының басқа да мәселелері осы сала қызметкерлерінің қызметінің негізгі мазмұнын анықтайтындығын саралайды.

1980-ші жылдардың соңында С.С. Әубәкіров «Кеңес халқының құрамдас бөлігі – техникалық интеллигенция елуінші жылдары ғылыми-техникалық прогрестің интенсивті дамуына белсенді ат салысты, мұның өзі техника мен өндіріс дамуын күрт өсіріп, өндіргіш күштер мен әлеуметтік-экономикалық процестердің одан әрі өрлеуін жылдамдатты. Ғылыми-техникалық революцияны дамытуда инженерлер мен техниктердің еңбегінің мәні аса зор екендігін айта келіп, инженер-техникалық интеллигенция ғылыми-техникалық прогресті тездетуші ғана болып қойған жоқ, сол прогрестің тегеурінді әсерімен өздері де өзгерді» деген ойын ортаға салады [17, 20-21 б.].

Аңғарып отырғанымыздай, 1970-1980 жылдары кеңес қоғамының әлеуметтік-таптық құрылымы жайлы көптеген зерттеулер жарық көрді. 1970-1980-ші жылдар тарихнамасы жайлы не айтуға болады? Әлеуметтік құрылым, өндірістік-техникалық интеллигенцияға байланысты жарық көрген зерттеулерде идеологиялық бағыттылық пен ресми методология, қатаң бақылау бір жағынан, екінші жағынан нақты ақиқатты білмеу, болып жатқан құбылыстарды түсінбеу зерттеушілерге жан-жақты талдау жасауға мүмкіндік бермеді. Бұл үшін бар кінәні тарихнамаға артуға болмайды.

ХХ ғасырдың 90-шы жылдары зерттеу жүргізген әлеуметтанушы ғалымдардың бірі - М.С. Садырова интеллигенцияның өзіне тән ерекшеліктерінің пайда болғандығын саралай келе, мынадай ой-тұжырымдарын білдіреді: «Еліміздің нарықтық қатынасқа өтуінде:

1. Интеллигенция аз ғана аралық топтан саны жағынан көп қомақты, халқымыздың төрттен бір бөлігін құрайтын әлеуметтік топқа айналып отыр.

2. Интеллигенцияның көпшілікке айналуының әлеуметтік салдарлары:

а) Ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер сияқты интеллигенттер мамандығының дәрежесі төмендеді.

б) интеллигенция мен жұмысшылардың еңбек ақысының айырмашылығы азайды.

в) жоғары оқу орындары мен техникумдарда конкурс азайып, интеллигенцияның сапасы төмендеді.

3. Интеллигенцияның құрамы өзгерді», - дей келіп, М.С. Садырова интеллигенцияны төмендегідей топтарға бөледі:

«а) гуманитарлық, б) техникалық, в) басқару, г) өндірістік. 1990-шы жылдары басқару интеллигенциясы, техникалық және гуманитарлық интеллигенцияның арақатынасында мәселе туындады. Шешуші рөлді техникалық және гуманитарлық интеллигенция алып отыр. Техникалық интеллигенция медициналық интеллигенциямен бірге барлық интеллигенция санының тең жартысын құрайды. Бұл интеллигенцияның жағдайын өзгертіп - өзіндік арнайы ерекшеліктері бар жеке әлеуметтік топқа айналдырды», - деп жаңа ой-пікірлерін ұсынды [116 б.].

Ғалымдар 1990-шы жылдардың соңында жарық көрген «Социальная стратификация в республике Казахстан» атты еңбегінде М.С Аженов., Д. Бейсенбаевтар: «Ғылыми-техникалық революциямен байланысты, «жоғарғы технологияның» енгізілуімен интеллигенцияның рөлі бірден артып отыр. Өндірісте шешуші рөлді капиталға деген меншік емес, адамның ойы атқаруда», - деп пайымдайды [153, 50-51 б.].

Интеллигенцияға байланысты жаңа ой-тұжырымдарын көрсетеді: «Кеңестік интеллигенция тоталитарлық жүйеге халық бұқарасының арасында өз саясатын жүргізу, идеологиясын насихаттау, режимді бекіту үшін қажет болды. Кеңестік интеллигенция билікке қатынасы, меншігі, білімі мен мамандануы, беделі т.б байланысты бір текті болмады. Кеңестік интеллигенцияның жоғарғы бөлігін орталықтағы партия және кеңес басшылары құрады. Бұлар КСРО-ның СОКП мен одақтас республикалардың өкімет басшылары, облыстық, аудандық хатшылары, жауапты қызметкерлері, атқару комитетінің қызметкерлері, кәсіподақ басшылары болды. Бұл әлеуметтанушылардың айтуы бойынша кеңестік бюрократия өнімдері болды.

Бюрократиядан кейінгі ерекше артықшылығы бар топты және еңбек ақысы жоғары белгілі бір жеңілдіктері мен наградалары бар интеллигенция тобын құрады. Олар өнеркәсіп, колхоз, совхоз басшылары, ірі ғалымдар, халық артистері, белгілі жазушылар мен журналистер, суретшілер т.б. Бұлардың саны шектеулі және өздерінің кәсіби істерімен айналысқанымен бұл топ негізінен бюрократияның бұйрықтарын орындады.

Әр түрлі наградаларға қызыққан (батырлар, лауреаттар, екпінділер), дәрежелік жағдайларына (депутаттар) артықшылықтарға (саяжай, тегін санаторийлер мен демалыс орындары, дербес зейнетақыларға) риза интеллигенция өкілдері еркі болсын болмасын, кеңестік тоталитарлық жүйенің негізгі тірегі ретінде қызмет атқарды.

Ал үшінші топқа интеллигенцияның барлық қалған топ өкілдері жатты, олар үшін еңбекақы негізгі күнкөріс көзіне айналды (ауылшаруашылық интеллигенциясын қоспағанда). Бұлар білім, ғылым, денсаулық сақтау қызметкерлері, инженер-техникалық қызметкерлер, офицерлер т.б. Олардың халықтың басқа бөлігінен айырмашылығы жоғары білім деңгейі мен мәдениеттілігінде. Бірақ еңбекақы мөлшері, тұрмыстық жағдайы мен үй мәселесі жалпы алғанда экономикалық жағдайы бойынша бұл топ өкілдерінің басқа топ өкілдерімен салыстырғанда саяси дәрежесіне қарағанда жұмысшы табы, тіптем шаруалардың кейбір бөлігінен төменгі деңгейде тұрды», - деп қорытындылайды [153, 48-50 б.].

Кеңестер Одағы құлағаннан кейін, зерттеушілер бұрынғы ресми методологиядан басқа жаңа бағытты таңдады. Тарихи шындықты ашуға тырысты. Осы кезеңде жаңа пайымдаулар, көзқарастар пайда болды. Солардың қатарында К.М. Төлеубаева, М. Іліповтар да бар. К.М. Төлеубаева ауыл шаруашылығындағы өндірістік-техникалық интеллигенция жайлы зерттеу жүргізіп, «соғыстан кейінгі жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығында еңбек еткен өндірістік-техникалық интеллигенция топтары білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін шыңдай отырып, аграрлық экономиканы нығайтуға әрқайсысы тиесілі үлесін қосты», - деп есептейді [154, 20 б.].

М. Іліпов ауыл шаруашылығы интеллигенцисының тарихын зерттеген ғалымдардан айырмашылығы сонда, ол мәселені кешенді түрде зерттеп, әлеуметтік дамуына ерекше көңіл бөлген. Осы зерттеу жұмысының авторы «республика өнеркәсібінің негізгі саласы болып саналатын қоғамдық өндірісте еңбек ететін инженер-техник қызметкерлер», - деп айқындайды. Ғылыми-техникалық үдерістің жетістерінің жүзеге асуы да оларға байланысты екендігін айқындайды [155, 11 б.].

Өндірістік-техникалық интеллигенция құрамына ауыл шаруашылығында еңбек ететін инженер-техникалық мамандар да жататындықтан, осы төңіректе зерттеулер жүргізген ғалымдардың орны ерекше. Себебі олар ғылым идеологиядан босаған кезде, өз ой-тұжырымдарын ашық көрсете білді.

Қазақстан интеллигенциясының (1917-1941 жж.) әлеуметтік-демографиялық мазмұнын қарастырған ғалым Н.Н. Южакова кандидаттық диссертациясында «Фабрика-завод қызметкерлерін инженер-техникалық қызметкерлер деп атағанымыз дұрыс емес, себебі олардың көп жағдайда мамандану деңгейі төмен. Бұл категорияны мемлекеттік сектордағы өнеркәсіп орындарының жұмысшылары мен олардың аз бөлігін мастерлер, есепшілер, техниктер құрайды. «Инженер-техникалық инеллигенцияны» «техникалық персонал» деп қолданған жөн деп, бұлар инженерлік, заң, ауылшаруашылық интеллигенциясы және техниктер. Бұл екі топ инженерлік-техникалық интеллигенцияның тұтас санын береді»,- деп байыптайды [156, 47 б.].

Инженерлік-техникалық интеллигенция тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың бірі Б. Омарова «инженер қызметінің ерекшелігі, біріншіден, бұл қызмет практикалық болып табылады; екіншіден, ол техникалық міндеттерді шешумен тікелей байланысты. Үшіншіден, ғылыми білімді талап етеді. Инженерлік өнер арқылы ғылым қоғамның өндіргіш күшіне айналады. ... Инженерлер алдындағы міндеттер қоғамдағы күрделі процестердің салдары. Бұл міндеттерді шешуде инженерлердің сапасы мен қабілеттілігінің, қоғамда мұндай адамдардың болуы маңызды рөл атқарады. Әр елде бірдей міндеттер әртүрлі жылдамдықпен және әртүрлі сапалық көрсеткіштермен орындалатынын осымен түсіндіруге болады. Демек, инженерлік процесс – творчестволық процесс»,- деген пікірін ұсынады [157, 3-4 б.].

Соңғы жылдары жарық көрген еңбектерінің бірінде Г.Назарбаева мен Х.М. Әбжанов «ауылшаруашылығы интеллигенциясы» деп кеңес қоғамында мемлекеттік және колхоз секторынан құралған аграрлық экономикада күрделілігі және мазмұны әрқилы ой еңбегімен айналысқан мамандар тобын айтамыз деп түсіндіре келе, ғылыми әдебиеттерде бұларды «өндірістік-техникалық», «ауылшаруашылығының өндірістік-техникалық интеллигенциясы» деп те атай береді», - деп саралайды [94, 169 б.].

Қазіргі Қазақстан интеллигенциясын әртүрлі салаға бөліп қарастыруға болады (көркемөнер, гуманитарлық, жаратылыстану, ғылыми, техникалық, медициналық, педагогикалық, әскери, діни-рухани, әкімшілік-басқару т.б.). «Ғылыми-техникалық интеллигенция» ұғымы кеңестік билік кезеңінде пайда болып, арнайы жоғары оқу орындарында оқып, практикалық жұмыс кезінде біліммен қаруланған адамдар ғылыми-техникалық идеялар жасап, оны техника мен технологияда жүзеге асырып, жаңа ғылыми және техникалық білімді қоғамдық өмірдің әртүрлі саласында ендіруге ыкпал ете алады деп анықтама берілген. Осы уақытқа дейін ғылыми-техникалық және өндірістік–техникалық интеллигенцияға анықтама беруде оның әлеуметтік-кәсіби жағына мән беріліп, рухани-имандылық, мәдени аспектілері қарастырылмаған.

Ғылыми-техникалық интеллигенцияның қатарына ғалымдар мен инженер-техник қызметкерлерді жатқызады. Инженер-техникалық қызметкерлердің үлестік салмағы ғалымдарға қарағанда жоғары болып, 1985 жылы инженерлерге қарағанда ғалымдардың саны 21 есе аз болған [158, 38-39 б.].

Ғылыми-техникалық үдерістің дамуы, әсіресе, Қазақстан Республикасының дамуының шешуші кезеңінде қоғамдық өмірдің жан-жақты жаңаруы сатысында маманданған ой еңбегіне деген сұраныс, қажеттілік артуда. Өнеркәсіп ғылымилануда, ал ғылым индустриялануда. Осы тұрғыда өндірістік -техникалық интеллигенцияның қазіргі Қазақстанның әлеуметтік процесінде алар орны өзгеше.

Олай болса өндірістік-техникалық интеллигенция деп, - дене еңбегімен жұмыс істейтіндерге қарағанда негізгі айырмашылығы «басымен басымырақ ойлайтындығымен», яғни ой еңбегімен айналыса отырып, өндірісте материалдық өнім өндіруге тікелей қатысатын, жиынтық ішіндегі қызметкерлерді айтамыз. Өндірістік-техникалық интеллигенция құрамына өнеркәсіп орындары мен оның құрылымдарының басшылары (шаруашылық жетекшілері, әкімшілік–техникалық кадрлар), жобалау, технологиялық, конструкторлық, өнеркәсіп орындарының, лабораториялық зерттеу бөлімінің, жоспарлау бөлімінің, еңбекті ұйымдастыру, экономикалық, қаржылық, өнеркәсіптік есеп пен статистика бөлімі, ауыл шаруашылығының зооинженер, экономист, инженер-техникалық мамандары кіреді деп пайымдаймыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет