Б. Ж. Абжаппарова



бет1/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
түріМонография
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Л.Н.ГУМИЛЕВ ат. ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Б.Ж. АБЖАППАРОВА


ҚАЗАҚСТАН ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ: ТАРИХИ-ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ

Астана


2012

УДК 94(574)

ББК 63,3(5каз)

Жауапты редакторы: т.ғ.д., профессор Әбжанов Х. М.

Рецензенттер:

Т.ғ.д. профессор Ахметов Қ.Ә.

Т.ғ.д. профессор Какенова Г.М.

Т.ғ.д. профессор Ауанасова Ә.М.



А14 Абжаппарова Б.Ж.

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясы: тарихи-тарихнамалық талдау: Ғылыми басылым. – Астана: 2012. – 287 б.


ISBN 978-601-7400-69-9


Монография Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының кеңестік кезеңдегі тарихы мен тарихнамасының өзекті мәселелеріне арналған. Ең алдымен өндірістік-техникалық интеллигенцияның теориялық- методологиялық мәселелері, оған қатысты ұстанған мемлекеттік саясат, өсу көздері, әлеуметтік даму, кәсіби және қоғамдық саяси қызметінің тарихнамасы қарастырылған. Өндірістік-техникалық интеллигенцияға қатысты тоталитаризм қылмысын зерттеу тарихнамасына да ерекше мән берілген. Кітап ғалымдарға, тарихшылар, әлеуметтанушылар, философтар, тарих мамандығы студенттеріне арналған.
УДК 94(574)

ISBN 978-601-7400-69-9 ББК 63,3(5каз)


© Абжаппарова Б.Ж., 2012

© Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2012



КІРІСПЕ
Егемендігіміз бен мемлекеттігіміз бекіген кезеңде халқымыз рухани жағынан жаңарып, әкімшілдік-әміршілдік жүйе жағдайында қалыптасқан идеологиялық ұстанымдардан бас тартып, отандық тарихымызды жаңаша зерделеуге жол ашылды.

Кеңестік кезеңде тарих ғылымының әлемдік ғылымнан томаға-тұйықтығы, мемлекеттік идеологияның қасаңдығы, басқаша ойлаумен күрес ғылымға қайшы концепциялардың бекуіне алып келді, ғылымда таптық көзқарасқа негізделген маркстік-лениндік методология үстемдік етті. Мұның өзі ғалымдардың шынайы тарихты айқындауына, ақиқатты ашып көрсетуіне кері ықпалын тигізді. Қасаң идеологиялық ұстанымдар тоталитарлық жүйенің жетекші күші болған КОКП басшыларының айтқандарын, партия съездері мен конференцияларының шешімдерін басшылыққа алып, сол негізде тарихты жазуға тарихшыларды мәжбүрледі. Сондықтан бүгінде қазақстандық зерттеушілердің алдында қазақ тарихының өткен жолын түсінбейінше, болашақты ұғынуда қиындықтар туындайды. Осы тұрғыда отандық тарихқа ғана емес, әлемдік тарихқа, үдеріске де тереңірек мән беретін уақыт келді. Тарих ғылымының іргелі саласы тарихнаманың міндеті – біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде жазылған еңбектерді ғылыми негізде талдап, әлі де болса шешімін күтіп отырған жағдайларды анықтау, жолын айқындау, ұсыныстар жасау. Тарихнама тарихи құндылықтарымызды сақтаушы ғана емес, тарихтың күрделі бетбұрыс сәттерінде оны жүзеге асырушы құралға айналып, қазіргі кезеңде жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отыр. Тарихнама маңызды идеологиялық қызмет атқара отырып, жаңа тарихи жағдайда жаңа өзіндік сананы тәрбиелеуге де ықпал етеді.

Қоғамымыздың демократиялық жаңаруы кеңестік отан тарихының ғана емес, өндірістік-техникалық интеллигенцияның тарихнамасының өзекті мәселелерін зерттеуге оң әсерін тигізуде. Өндірістік-техникалық интеллигенцияның қазіргі Қазақстан интеллигенциясының құрамында ерекше әлеуметтік-мәдени құрылым ретінде айқындалуы Қазақстанда ақпараттық-технологиялық қоғамның қалыптаса бастауымен және оның ғылыми-техникалық жағынан дамуымен тығыз байланысты. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында болашақта «Біздің балаларымыз білігі жоғары жұмысшылар мен фермерлер, инженерлер, банкирлер және өнер қайраткерлері, магазиндердің иелері, мұғалімдер мен дәрігерлер, зауыттар мен фабрикалардың иелері, биржа делдалдары және спортшылар болады. ...Біздің жас ұрпақтың кей өкілдері мемлекеттік қызметке тұрады. Олар жоғары ақы төленетін жақсы оқытып үйретілген, Қазақстан мен қазақстан халқына мүдделерін өздерінің жеке мүдделерінен жоғары қоятын мамандар бола отырып, жаңа дәуір жағдайында жұмыс істейтін болады»,- деп оның ішінде инженерлерге үлкен үміт артады [1, 11 б.].

Монографиямызға негіз болған Қазақстанның өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихын өз алдына бөлек қарастырып, объективті бағасын беру – бүгінгі заман талабына сай қажеттіліктен туындап отыр. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жеделдетілген индустриялық инновациялық бағдарламасының қабылдануы өндірістік-техникалық интеллигенцияға үлкен жауапкершілік артып отыр. Өндірістік-техникалық интеллигенцияның тарихнамасы жалпы және арнайы зерттеулерде кең қарастырыла қойған жоқ.

Монографияның ауқымы аса кең, себебі, бұл кеңестік кезеңдегі өндірістік-техникалық интеллигенцияға ұстанған мемлекеттік саясат пен феноменін айқындап, тарихнамалық талдау жасауға мүмкіндіктер береді. Тарих ғылымының соңғы жылдары дамуы зерттеушілердің «интеллигенция тарихнамасы» мәселесін әр қырынан ашуға жол ашуда. Сондықтан «өндірістік-техникалық интеллигенция тарихнамасы» дегеніміз кезектегі емес, объективті процестерге жауап беріп, оның Қазақстандағы тарих ғылымында көрініс табуын айқындау болып саналады. Тарихнама қарастырып отырған мәселеге байланысты жазылған еңбектерді тізіп, талдау жасаумен шектелмей, тақырыпты ғылыми негізде нақты-тарихи және теориялық-методологиялық жағын айқындауымен де өзекті.

Тарихнамалық талдау жасаудың маңызды міндеті – мәселенің толық зерттелмеген және зерттеушілердің назарынан тыс қалған, дұрыс баға берілмеген аспектілерін айқындауда. Тарихнама мәселенің өзектілігін ашып, оған зерттеушілердің назарын көздейді. Тарихнаманың дамуы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын үдеріс. Таңдалған тақырыптың өзектілігі мынада: мемлекетіміздің ұзақ мерзімдік ғылым, білім саласындағы саясатының негізгі бағыттарын айқындауға да жол ашады.

1917-1991 жылдар аралығында жүргізілген идеологиялық науқандар орталықтардағы ғана емес, Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясына да әсерін тигізді. Сондықтан монография тақырыбы зерттеу нысаны ретінде шынайы түрдегі тарихи зерттеуді қажет ететін мәселеге жатады. Жаңа танымдық материалдардың қазақстандық тарихнамаға енгізілуі де мәселенің өзектілігін ашады. Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасы жаңа дамып келе жатқандығына қарамастан, біраз табыстарға жетті. Еліміз басынан кешіп отырған қазіргі күрделі кезеңінде интеллигенцияның рөлін арттыру өте қажет. Себебі бұл әлеуметтік-мәдени жағдайға ықпал етеді. Сондықтан мәселені тарихнамалық жағынан пайымдаудың қолданбалы мәні зор. Осы уақытқа дейін кейбір отандық авторлардың еңбектерінде өткен тарихымызды айқындауда кеңестік дәстүр белең алып отыр. Алайда кеңестік тарихнама сыни талдау объектісіне айналды. Ғылыми плюрализм жағдайында әрбір көзқарастың болу құқығы бар.

Таңдалған тақырыпты монографияда кешенді түрде зерттеу бұрын әдебиетте қысқа, аз көлемде немесе зерттелмеген мәселені зерделеуге негіз болады. Оның жекелеген аспектілерінің ғылыми жағынан сәйкессіздіктерін анықтап, мәселеге жаңаша көзқараспен қарауға болады.

Тарихи монографиялар мен айқын деректердің, ғұмырнамалардың, баспасөз материалдарының зерттелуі Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясы тарихының зерттелу деңгейін сараптауға септігін тигізеді.

Отандық және әлемдік тарихнамада Қазақстанның өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихнамасы арнайы түрде зерттеуді қажет ететін тақырып болғандықтан, біз таңдаған тақырыптың өз деңгейінде зерттелмеуі бұрын жарияланбаған деректердің молдығы – айтылатын мәселелерді нақты айқындай отырып, ғалымдардың арнайы ғылыми концепцияларын талдауға жол ашады.

Қазіргі тарихнамалық жағдай интеллектуалдар тарихымен байланысты жаңа зерттеулерге жол ашуда. Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының феноменін кешенді түрде зерттеуде интеллектуалдық тарихқа жүгінеді.

Ірі әлеуметтік қозғалыстар, саяси астан-кестен өзгерістер жаңаша бағалауға серпіліс береді. Кәсіби тарихнама да өзінің әлеуметтік қызметін атқара отырып, болып жатқан үдерістен тыс қала алмайды. Сондықтан қазіргі тарихнамада өткен тарихқа баға беру, ұлттық ерекшеліктерді айқындау міндетінің болуы - заңдылық. Тарих ғылымының дамуы оның теориялық методологиялық негізіне немесе методологияның жаңа ғылыми жолдарын іздестіруіне байланысты болса, тарихнамада ғалымдардың шығармашылық мұралалары отандық тарих ғылымының деңгейін анықтайды. Қазақстанның тарих ғылымы да қазіргі таңда даму үстінде. Тарихнамада жаңа талпыныстар жасалып, өз еліміздің тарихи тәжірибесін ғана емес, әлемдік тарихнаманың да мұраларын сараптап тану қажеттігін түсінуде.

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының кеңестік кезеңдегі тарихының кешенді түрде зерттелуі тарихнамадағы үлкен жетістіктердің бірі болып саналады.

Өндірістік-техникалық интеллигенцияның кеңестік кезеңдегі тарихын зерттеу ХХ ғасыр басынан бастау алатындығы белгілі. Осы уақыт аралығында зерттеушілер ғылыми айналымға Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының қалыптасуы, тарихы, әлеуметтік, демографиялық дамуы мәселелерін айқындайтын көлемді еңбектер жазып, нақты тарихи деректерді енгізді. Алайда Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихнамасы арнайы зерттелген жоқ. Сондықтан да өндірістік-техникалық интеллигенция мәселесі бойынша бұрын жарияланбаған деректерді арнайы талдай отырып, кең көлемдегі мәліметтерді жариялау монографияның ғылыми зерттеу нысанына шек болғандықтан, қазіргі таңдағы талаптар мүддесінен шығуға жол ашады.

Қандай да болмасын тарихи зерттеудің маңызды кезеңі мәселенің талдануы мен зерттелу деңгейінен тұрады. Ғылыми әдебиетте Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихнамасы арнайы зерттелген жоқ. Өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуы, сан және сапа жағынан өсуі, тоталитарлық режим жағдайындағы тағдыры, жоғары оқу орындарында даярлау, мемлекеттің оларға ұстанған саясаты кейбір зерттеу еңбектерде, диссертацияларда, ғылыми мақалаларда, тарихнамалық шолуға арналған жинақтарда жанама түрде қамтылған. Кеңестік кезеңде жарық көрген еңбектерде біз зерттеп отырған мәселе үзік-үзік күйінде бір-бірімен байланыссыз, үстірт қарастырылды.

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихнамасының қалыптасып дамуы кеңестік және посткеңестік кезеңдегі тарих ғылымының жетістіктері мен қиындықтары, қателіктері деңгейімен айқындалады. 1990-шы жылдардың басына дейін кеңестік ғылым қоғам дамуының заңдылықтарын айқындауда маркстік концепцияға сүйенді. Тарихнаманың дамуына коммунистік идеология кері ықпал етті. Сондықтан біз қарастырып отырған мәселенің теориялық қырларын жаңа ғылыми негізде қалыптастыру қажеттігі айқын сезіле бастады.

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының 1917-1991 жылдардағы тарихы жайлы ғылыми пайымдаулардың қалыптасуы барысын төмендегідей кезеңдерге бөліп қарастырамыз: Бірінші 1917-шы жылдардан бастап, 1950-ші жылдардың ортасына дейінгі тариханамның алғашқы кезеңі, Бұл кезеңде өндірістік-техникалық интеллигенция мәселесі баспасөз беттерінде, мемлекеттік, саяси орган қызметкерлерінің, интеллигенция өкілдерінің айтқан сөздері түрінде берілді. ХХ-шы ғасырдың 20-30-шы жылдары көптеген партия кеңес қызметкерлері баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларында ескі инженер-техникалық қызметкерлерді кеңес өкіметі жағына тарту, буржуазиялық интеллигенцияға сын көзбен қарау көрініс тапты. Бұл еңбектердің көпшілігін «тарихи зерттеу» еңбектері деп атағаннан көрі ескі интеллигенцияны айыптау деңгейіндегі еңбектер болды. Екінші кезеңі 1950- ші жылдардың екінші жартысынан бастап, 1980-ші жылдардың ортасына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жылдары тарихи-мәдени зерттеулермен қатар, интеллигенция тарихын зерттеуші кәсіби тарихшы мамандардың қалыптасуымен байланысты кеңестік кезеңдегі интеллигенция, өндірістік-техникалық интеллигенция, тарихына арналған монографиялық зерттеулер, тақырып төңірегіне қатысты құжаттар жинағы жарық көре бастады. Үшінші кезеңдегі біз қарастырып отырған мәселенің тарихнамасының дамуын 1980-ші жылдардың екінші жартысынан бастап қазіргі кезеңге дейін жалғасуда деп тұжырымдауға болады. 1917-шы жылдардан бастап 1980-ші жылдардың соңына дейінгі аралықта Қазақстан тарихнамасы маркстік теорияға сүйеніп, теориялық-концептуалдық негізі де соған байланысты болды. Мәселені зерттеуге белгілі бір шек қойылуы, зерттеудің теориялық-методологиялық базасының аясын тарылтты. Мұрағат құжаттарын өз деңгейінде пайдалануға мүмкіндік берілмей, қатаң цензураның орнығуы зерттеушілерге құнды мәліметтерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік бермеді.

Тарихнаманың бірінші кезеңінде монографиялық еңбектер жазылмады. Газет, журнал беттерінде білім, мәдениет саласының көрнекті өкілдері мен партия мен мемлекет басшыларының өндірістік-техникалық интеллигенцияға байланысты мақалалары мен сөздері жарияланды. Олар шынайылығымен, қиындықтар, жетістіктерді көрсете білуімен, алға деген ұмтылысымен ерекшеленді. Бұл мақалалардың құндылығы сонда, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды өз көзімен көргендер, оған қатысқандардың берген ақпарлары негізінде жазылуында.

Интеллигенцияның арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылуы 1950-ші жылдардың басынан бастап дами бастады. Философ ғалым Х.З Ақназаров, тарихшы ғалым Ш.Ю. Тастановтар диссертацияларында маркстік концепцияны негізге ала отырып, социалистік жаңа интеллигенцияның қалыптасу кезеңдерін саралады. Х.З. Ақназаров: «Интеллигенция барлық қоғамдағы таптық мүдделер саяси топтардың дамуын бәрінен саналырақ айқындайды деп тұжырымдап, ол қоғамда өз алдына бөлек, негізгі тап болған жоқ»,-деп көрсетеді. Автор методологиялық жағынан диссертацияның негізіне Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин шығармаларын алып, коммунистік идеологияның қыспағынан шыға алмады. Біз автордың көп ой-тұжырымдарының ескіргендігіне, таптық көзқараста жазылғандығына қарамастан, деректік негіз ретінде мұрағат құжаттарын ұсынуы, негізгі зерттеу нысаны ретінде интеллигенцияны қарастырған алғашқы зерттеу еңбек деп бағалаймыз [2, 3-4 б.].

КОКП ХХ съезінен кейін 1980-ші жылдардың соңына дейін интеллигенция, өндірістік-техникалық, инженерлік-техникалық интеллигенция мәселесі кең көлемде зерттеле бастады. Мәселені әр қырынан зерттеу тарихи зерттеу пәніне айналды. Қазақстан интеллигенциясы тарихын зерттеуге қазақстандық тарихшылар сүбелі үлес қоса бастады. Біздің көзқарасымыз бойынша біз қарастырып отырған жылдары жазылған еңбектер өндірістік-техникалық интеллигенция тарихнамасының даму кезеңдері маркстік теориялық-метологиялық негізде құрылды. Сондықтан, бұл мәселені зерттеу кезеңін маркстік кезең, 1917-шы жылдардан бастап 1980-ші жылдардың соңына дейін сақталды деп айқындауға негіз бола алады.

1960-шы жылдардың басында біз қарастырып отырған мәселені тарихнамалық тұрғыда қарастырған еңбек болмаса да, интеллигенция тарихында Ж. Қарағұсовтың «Казахская советская интеллигенция, рожденная Октябрем» атты брошюралық еңбегі жарық көрді. Таптық көзқараспен жазылып, маркстік-лениндік концепцияны басшылыққа алып, ғалым зерттеу барысында тақырыптық принципті негізге ала отырып, қазақ интеллигенциясының қалыптасу мәселелерін қарастырады. Республикада мәдени революцияның жетістігінің нәтижесінде қазақ социалистік интеллигенциясы қалыптасты деп тұжырымдайды [3, 4 б.]. Ұлы Қазан төңкерісінің жеңісі Ресейдің бұрын қысым көрген халықтарының саяси теңсіздігін жойды. Орыс халқының туысқандық көмегінің арқасында ұлттық жұмысшы табы мен интеллигенция қалыптасып тәрбиеленді деп ой қорытады [3, 41 б.].

Жаңа өнеркәсіптің пайда болуымен маманданған өнеркәсіп жұмысшылары, инженер-техникалық интеллигенцияның қатарын көбейту жұмыстары жүргізілгенін дәйектеген [3, 59 б.]. Әрі автор тарихи қысқа уақытта Қазақстан өнеркәсібінің қарқынды дамуы, жоғары білікті иженерлер, техниктер, жоғары маманданған жұмысшылардың пайда болуы социалистік құрылыстың артықшылығы деп дәріптейді [3, 118 б.].

Тарихнамашы ғалым Г.Ф. Дахшлейгердің тарихнамалық зерттеу еңбегі 1969 жылы «Историография Советского Казахстана» деп аталады. Бұл еңбектің жарық көруі, зерттеу нәтижесінде ғылыми пайымдаулардың, қорытындылардың белгілі-бір қорының жинақталуымен де байланысты. Автор еңбегінде қазақ халқының социализмге өту барысында орыс және туысқан халықтармен бірге теңсіздікті жойып, әлеуметтік – экономикалық және мәдени жағынан теңеліп кеңестік жұмысшы табы мен интелллигенция қалыптасуына көңіл бөлінді деген тұжырымдама жасайды [4, 93-94 б.]. Еңбекте біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде арнайы ғылыми пайымдаулар жоқтығына қарамастан, автор еңбегінен интеллигенцияның қалыптасуына қатысты нақты мәліметтер берілген.

Қарастырылып отырған мәселе төңірегінде ғалымдар Р.Б. Сүлейменов пен Х.И. Бисеновтің еңбектері жарық көрді. Еңбекте методологиялық жағынан фактілік материалдарды сыни талдай отырып, мәдениет, ғылым, ағарту т.б. мәселелер бойынша мемлекет, басшылары мен қайраткерлерінің еңбектерін негізге алады. «Жұмысшы мен шауалар қатарынан жаңа халықтық интеллигенцияның құрылуы, еліміздің индустриализациялануы, ауыл шаруашылығының ұжымдастырылуы, мәдени революцияның жүзеге асуы ой еңбегі мен дене еңбегі, интеллигенттермен жұмысшы-шаруа бұқарасының арасындағы айырмашылықты жоюға ықпал етті», - деп зерделейді [5, 196 б.]. Еңбекте кеңестік интеллигенция тарихы, Қазақстан интеллигенциясының кеңестік кезеңдегі тарихын зерттеудің әр қырлары қамтылған.

Интеллигенция тарихнамасына қатысты арнайы зерттелген ең алғашқы еңбектердің қатарына 1980-ші жылдардың ортасында жазылған В.К. Януловтың еңбегін ерекше атаған жөн. Автор «Историография истории рабочего класса, крестьянства и интеллигенции Казахстана в 1960-1970 гг. (Л., 1986) кандидаттық диссертациясы мен мақалаларында инженер-техникалық интеллигенцияны соғысқа дейін қалыптаса бастады деген Ш.Ю. Тастановтың ойын түйіндей отырып, оның толығымен қалыптасуы соғыстан кейін республикада техникалық жоғары оқу орындары жүйесінің құрылуымен байланыстырғанын дұрыс деп санайды. Әрі автор оның қалыптасуын 1970-ші жылдардың басына қарай деп көрсетуі қажет еді деген өз пікірін білдіреді [6, 127 б.].

Қазақстан интеллигенциясының әлеуметтік жағынан жіктеліп, өндірістік-техникалық мамандарды өз алдына бөлек әлеуметтік топ ретінде зерттеу 1960-шы жылдардан бастау алады.

Инженер-техник кадрларының қалыптасуы мен оларды оқытып шығаруға партиялық басшылық зерттеушілер Е.Х. Мұхамеджановтың, Н.Р. Жағыпаровтардың диссертациялары мен журнал беттерінде жарияланған зерттеулерінде кездеседі. Е.Х Мұхамеджановтың диссертациялық еңбегі Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясын 1927-1937 жылдарда өнеркәсіп саласында өсірудегі партия ұйымының тарихи тәжірибесін зерттеуге арналғандығына, кеңестік идеология ықпалында жазылғандына қарамастан, Кеңестік мемлекет және партия тарапынан ұлттық республикаларда өндірістік-техникалық интеллигенцияны дайындауға үлкен қамқорлық көрсетті деп тұжырымдайды [7, 13 б.]. Әрине еңбектер ресми методология негізінде жазылып, идеологиялық өктемдіктен аса алмағандығына, тарихнамалық тұрғыдағы еңбектер емес екендігіне қарамастан, біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде мұрағат құжаттарын орынды пайдалануымен, кейбір ой-тұжырымдарымен, тарихилық принципті сақтауымен құнды [7]. Авторлардың еңбектері сталиндік өктемдіктен босап, жылымық келген кезде партия мен Кеңес мемлекетінің басшылық қызметін дәріптегендігіне қарамастан, өндірістік-техникалық интеллигенцияны орта арнаулы, жоғары оқу орындарында даярлау, оларды ғылыми жұмыстарға тарту мәселелерінің тарихнамасында алар орны өзгеше. Н.Р. Жағыпаров Кеңестер Одағының туысқан республикаларында өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуы еліміздің барлық халықтарына теңдік, туысқандық және ынтымақтастық орнатуға ықпал жасап отырған лениндік ұлт саясатының нақты көрінісі деп тұжырымдайды. Жұмыста партияның басшылық рөліне мән берілсе де, зерттеуде Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенцияны даярлау мен тәрбиелеудің (1951-1959 жж.) аралығындағы зерттелу деңгейі айқындалған [7, 5-9 б.].

1970-ші жылдары жарық көрген бір топ диссертациялар мен мақалаларда республикалар арасында мамандар алмасу, Қазақстан инженер-техникалық мамандардың басқа туысқан республикаларда даярлануы зерделенген [8]. Бұл еңбектер де маркстік-лениндік методология тұрғысында жазылғанымен, Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясын қалыптастыруда туысқан республикалардың жоғары және орта арнаулы оқу орындары ықпал етті деген тұжырымдама жасайды.

Ғалым Ш.Ю. Тастанов 1970-ші жылдардың басында жарық көрген еңбегінде Қазақстандағы өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптауына, саны мен құрылымы, кәсіби білімі мен ұлттық құрамына байланысты құжаттары мол мәліметтер береді [9]. Автор интеллигенцияның зерттеу эволюциясын көрсете отырып, интеллигенция кеңестік қоғамның ерекше әлеуметтік тобы ретінде ой еңбегімен кәсіби түрде айналыса отырып, оның болашақта дамуы, қоғамдық өмірдегі орны, рөлі зерттелмей отырғандығын айтады [9, 3-4 бб.]. Қазақстанда ұлттық интеллигенция да, тіптем инженер-техникалық кадрлар да болған жоқ деп түйіндейді. Автор бұл зерттеу еңбектің басты мәселесі – Қазақстанды мысалға ала отырып, бұрын артта қалған халықтардың капиталистік даму сатысына соқпай социалистік интеллигенцияның қалыптасып дамуы заңдылығын ашып көрсетуде деп тұжырымдайды [9, 6 б.].

1970-шы жылдардан бастап қазақстандық әлеуметтанушылар және философтар да интеллигенцияны әр қырынан зерттеп, жіктеп арнайы зерттеу нысаны ретінде өндірістік-техникалық интеллигенцияға анықтама бере бастады. Олардың қатарында М. Әженов, А. Ишмұхамедов, И.И. Евдокимов, Ц.Р. Розенбергтер бар [10]. Олар ғылыми-техникалық үдеріс жағдайында дене еңбегі мен ой еңбегімен айналысатын қызметкерлер арасындағы айырмашылықтар азайып, жақындай түскендігін өндірістік-техникалық интеллигенция соның бел ортасында тұр деп пайымдайды. Әрі бұл зерттеушілер біз қарастырып отырған мәселені әлеуметтік аспектіде зерттеп қана қоймай, интеллигенцияға телінген «аралық жік» деген анықтаманы алғашқылардың бірі ретінде алып тастады.

1980-ші жылдардың басынан бастап партияның таптық идеялық-саяси мүддесін білдіріп, белгіленген ұстанымдардан ауытқи алмаушылық тарихнама ғылымының дамуын тежегендігіне қарамастан, өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау мен тәрбиелеу мәселесін зерттеуге көңіл бөлінді [11].

Ғалым С.В. Харченконың диссертациялық зерттеу еңбегі (1971-1980 жж.) Қазақстан Компартиясының инженер-техникалық қызметкерлердің еңбекшілерді идеялық-саяси жағынан тәрбиелеудегі рөлін арттырудағы қызметіне арналған. Еңбекте инженер-техникалық интеллигенцияның қызметінің түрлі аспектілері қарастырылған. Мәселенің тарихнамада зерттелу деңгейіне тоқтала отырып, автор адамгершілік қатынастары, еңбек пен тұрмыс жағдайы жұмысшының көңіл күйіне әсер етсе, ол еңбек өнімділігі мен сапасына да ықпал етеді деп пайымдай келе, сол кезеңдегі партия құжаттарында инженер-техникалық қызметкерлердің әлеуметтік-психологиялық және идеологиялық қызметі жаңа аспектіде қарастырылды деп саралайды [12, 4-5 б.].

1970-ші жылдардың басында Қазақстан ауылшаруашылық қызметкерлерінің идеялық-саяси қызметі Б. Қалқамановтың диссертациясында көрсетілді [13, 6 б.]. Автор республиканың солтүстік облыстарының материалдары негізінде, партия ұйымдары село интеллигенциясынның білімін және тәжірибесін насихат жұмыстарында пайдаланғандығын саралайды. Еңбектің инженер-техникалық интеллигенцияыны қоғамдық-саяси, кәсіби қызметінің тарихнамасындағы рөлі зор.

В.Т. Полякованың кандидаттық диссертациясында республика өнеркәсіп орындары партия ұйымдарының орта және кіші буындағы инженер-техникалық қызметкерлерге басшылық жасаудағы тәжірибесі қорытындыланған [14].

Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының қоғамдағы әлеуметтік рөлі О.В Рыбакованың «Инженерно-техническая интеллигенция на современном этапе развития социализма (на материалах Казахстана)» тақырыпта қорғаған диссертациясында қарастырылып, «инженер-техникалық интеллигенция – еліміздің халық шаруашылығында еңбек ететін интеллигенцияның ең үлкен тобы» деген баға береді [15, 2 б.].

«Демократиялық жаңару», «қайта құру» саясаты Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенция жайлы кеңестік кезеңдегі зерттеулер бірденінен айтарлықтай өзгерістер бере алмады. Алайда осы кезеңде өзіндік ғылыми бағытымен ерекшеленген Т.К. Назхановтың «Развитие творческой деятельности инженерно-технической интеллигенции – важный фактор ускорения социально-экономического развития социалистического общества (на материалах промышленных предприятий Казахстана)» диссертациясында инженер-техникалық кадрлардың ғылым мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізуде, ғылым мен өндіріс арасындағы маңызды байланыстырушы топқа айналып отыр деген тұжырымдаманы алға тартады [16, 2-4 б.].

Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуындағы негізгі тенденциялар талданып сараланған бірден–бір зерттеу монография – С.С. Әбубәкіровтің «Қазақстан инженерлік-техникалық интеллигенциясы» атты еңбек. Бұл монографияда 1946-1960 жылдары Қазақстан инженерлік-техникалық интеллигенциясының әлеуметтік дамуындағы негізгі тенденциялар талданып, сараланған. Атап айтқанда мамандардың республиканың экономикалық потенциалын арттыруға, өнертабыстық істер мен рационализаторлық қозғалысты алға бастыруға, ғылым мен техниканың жетіктерін, озат тәжірибені өндіріске енгізуге қосқан үлестері, жаңа адамды қалыптастырудағы рөлі қарастырылады [17].

Еліміз егемендік алып, ұлттық төл тарихымыз бен тарихнамамызға жаңа серпіліс келе бастаған 1990-шы жылдардың бас кезінде әдіснамалық жағынан маркстік-лениндік концепциядан бас тартып, қандай да болмасын мәселеге өркениетті көзқарас тұрғысында зерделеуге кең жол ашылды. Ұлттық интеллигенцияның әртүрлі әлеуметтік топтарын әр қырынан зерттеуге мән берілді. Олардың қатарында ғалымдар И Шайхимова, Ә.М. Ауанасова еңбектерінен тоталитарлық жүйенің қыспағынан босап, өздерінің еркін ойларын ортаға салуымен ерекшеленеді [18]. Ә.М. Ауанасова 1993 жылы «Национальная интеллигенция Казахстана в первые годы советской власти (1917-1923 гг.)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін қорғаған диссертациясының авторефератында «ұзақ уақыт бойы қазақ интелллигенциясы өкілдерінің озық идеялары, бағдарламалары, көзқарастары біржақты қамтылып, тереңнен зерттелмегендігін негіздей отырып, ақиқатын айтатын оның уақыты жетті», - деген пікір айтады. Интеллигенцияны 20-30-шы жылдары үш топқа: жоғарғы, орта, төменгі бөлініп қарастырылды деп зерделейді. Әрбір топтың саяси бағыты, кәсіби жағынан мамандануы, революцияға дейінгі қоғамның иерархиялық жүйесіндегі материалдық жағдайы арқылы анықталғандығын пайымдайды. Тарихи дерек көзі ретінде ХХ-шы ғасырдың 20-30-шы жылдардағы қазақ зиялыларының мерзімді басылым бетінде жарияланған шығармаларын орынды қолдана отырып, интеллигенцияға қатысты тың мәліметтерді береді [18, 1-2, 13-14 б.].

Интеллигенция тарихнамасында Х.М. Әбжанов пен Л.Я. Гуревичтердің еңбектерінің сүбелі орын алатындағын атап өткен жөн. Ғалымдар біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде тың ойларын білдірумен қатар, әдіснамалық жағынан негізделген пікірлер мен көзқарастарын ашық айтуымен маңызды орын алады [19].

Л.Я. Гуревичтің кандидаттық диссертациясы Қазақстан инженер-техникалық интеллигенциясына коммунистік тәрбие берудегі Қазақстан Компартиясының қызметіне арналған. Ресми методология негізінде жазылғандығымен, автор логикалық, жүйелеп талдау тәсілдерін пайдалана отырып, әртүрлі тарихи кезеңдердегі инженер-техникалық интеллигенцияның дамуы тарихнамасына талдау жасайды. Мемлекеттің инженер-техникалық интеллигенцияға ұстанған саясаты жөніндегі тарихнамада бұл еңбектің алатын орны өзгеше.

Алаш зиялыларының тарихын зерттеп, оны ғылым әлемінде жұршылыққа танытуда ғалым М.Қ. Қозыбаевтың еңбегінен таным-парасат биігіне ұмтылғаны байқалды [20]. М.Қ. Қозыбаев 1970-1980-ші жылдары Коммунистік партия ішкі жағынан қайралып, теория мен практика арасында алшақтық пайда болып, партиялық билік басына өзінің монополиясын ұзақ жылдар бойы бекіткен технократтар келді деп есептейді. Билік олигархияға айналып, ойшыл интеллигенция қуғынға ұшырады, көптеген ғылыми еңбектер коммунистік инквизицияға ұшырады. Партияға мансап қуғандар кіріп, трайбализм мен кланшылдық, көсемдік жайлады деп ашынады [20, 218 б.].

Зерттеу парадигмасы кезеңдерінің ауысуына байланысты, біз қарастырып отырған мәселенің теориялық-концептуалдық базасын тереңнен зерттеуге ерекше мән беріле бастады. Кеңестік кезеңде жарық көрген зерттеу еңбектері ондаған жылдар бойы отандық интеллигенция тарихын саралауға негіз болды.

1990-шы жылдардың ортасында ғалым К. Нұрпейісовтың «Алаш һәм Алашорда» деп аталатын еңбегінде, негізінен, Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің тарихына байланысты нақтылы оқиғалар зерттелген. Еңбекте «Революцияға дейінгі қазақ интеллигенциясын олардың кәсіби мамандығы бойынша бірнеше топқа бөлуге болады. Олар: отарлы қазақ өлкесінің басқару аппаратында әртүрлі жұмыстарды атқарған чиновниктер, денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері, журналистика, оқу-ағарту және мәдениет саласында еңбек еткендер және сан жағынан басқа топтардағыдан аз болған инженер-техник қызметкерлер» бар екендігін атап көрсетеді [21, 123 б.].

Егеменді ел жағдайында интеллигенцияға жүктеліп отырған жауапкершіліктің зор екендігін ескерте отырып, интеллигенция феноменін қалыптастыруға үлес қосқан ғалымдар қатарында ғалым Б. Ермұхановтың да өзіндік рөлі бар екендігін атап өткен жөн [22].

Қазақстан интеллигенциясының әлеуметтік-кәсіби жағынан жіктеліп, оның топтарын әр қырынан зерттеуге 1990-шы жылдары жете мән беріле бастады. Әдіснамалық жағынан тарихи еңбектер ретінде олардың да интеллигенция тарихындағы маңыздылығы зор [23]. Осы зерттеушілер ішінде С. Рысбекова ой еңбегімен интеллигенцияның айналысуы әлеуметтік топ ретіндегі біртектілігін анықтайды. Интеллигенция еңбегінің мәні мен мазмұнындағы айырмашылықтар оның ішкі әлеуметтік-кәсіби топтарға жіктелуіне әкелді. Интеллигенция әртүрлі деңгейде еңбек ететін қызметкерлерден тұрады. Методологиялық жағынан алып қарағанда интеллигенцияның әлеуметтік-кәсіби топтары анықтала бастады деп пайымдайды [24, 6 б.].

Мәселені жаңа қырынан қарап, оны шешудің жолдарын ашып, нанымды бағасын беруде А. Мұсағалиева еңбегін атап өтуге болады [25]. Автор «Халық Ағарту Комиссариаты қорының құжаттары республика зиялыларының қызметі мен көзқарасы жөніндегі дерек көзі (1920-1933 жж.)» кандидаттық диссертациясында ғылыми айналымға жаңа деректерді енгізген.

1990-шы жылдардың соңы 2000-ші жылдардың басында да интеллигенция тарихын зерттеуге деген зерттеушілердің қызығушылығы толастаған жоқ. Жаңа әдіснама және зерттеу тәсілдерін қолдана отырып, өркениетті көзқараспен талдау жүргізіп, нақты мәселелер бойынша өзіндік пікірлерін білдіруде біраз зерттеулер жүргізілді [26].

Ұлттық интеллигецияның тарихын зерттеуде әдіснамалық жағынан құнды мәліметті бізге Б.М. Сужиковтың «Казахская политическая элита и трансформация этнической тождественности на рубеже ХІХ-ХХ вв. в зарубежной историографии» мақаласы береді [27].

Мақалада автор батыстық зерттеушілердің Қазақстандағы этникалық жағдайға берген бағасы мен ұлттық құндылықтардың негізін сақтап отырған казақ интеллигенциясының батыс тарихнамасында қандай орын алып отырғандығына талдау жасайды.

Әдіснама және тарихи зерттеу тәсілдері тұрғысынан алып қарағанда Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасына арналған ғалым К.Л. Есмағамбетовтың еңбегі ерекше орын алады. «Қазақтар шетел әдебиетінде» деп аталатын еңбегінде интеллигенцияның әлеуметтік дамуы жөнінде мәліметтер келтіріп, ер адамдардың көбінесе инженер-техниктер болуға тырысқандығын саралайды [28, 168 б.]. Ғалым К.Л. Есмағамбетов «Қазақстан тарих ғылымының көптеген жылдар бойы өзімен-өзі болуы, дүниежүзілік тарих ғылымынан бөлек, томаға-тұйық жағдайда дамуы онда мешеу методология мен зерттеу әдістерінің, тарихи шындықтан алшақ концепциялар мен тұжырымдардың орнығуына соқтырғандығын» айтады. Американ тарихшысы Р. Хингли кеңес тарих ғылымына тән екі нәрсені: бірі- мемлекеттік және партиялық қатаң бақылау; екіншісі – бүкіл кемшіліктер мен қателіктерін жасырып, ал жеңістерін шексіз дабырайтып көрсетуге тырысқан дөрекі ұлтшылдық екендігін пайымдаған көзқарасын алға тартады. Автор «Қазақстан тарих ғылымының сүлбесін құраған көптеген болжамдар мен тұжырымдардың уақыт сынынан өтпегендігі ақиқат. Қазіргі уақытта оның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі өзін біртұтас дүниежүзілік тарих ғылымының ажырамас бөлігі екендігін сезіну және осы негізде шетелдік тарихнамамен тұрақты шығармашылық қатынас орнату болып табылады»,- деп ой толғаған [28, 4-5 б.].

Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу тәсілдері мамандығы бойынша қорғалған диссертациялардың қатарына ғалым К.Р. Несіпбаева еңбегін жатқызуға болады. Еңбектің артықшылығы - мәселені зерттеуге пікірталас тұрғысында қарап, жаңа теориялық және методологиялық концепцияны ұсына білуінде [29].

Қазақстан ғылыми интеллигенциясының тарихнамасын жаңа көзқарас тұрғысында талдаған еңбектердің қатарында Г.Ж. Рахымжанованың «Проблемы истории и историографии науки и начной интеллигенции Казахстана (1946-1991 гг.)» кандидаттық диссертациясы бар. Автор отандық тарих ғылымында 1990-шы жылдардың басына дейін маркстік-лениндік методология негізге алынғандығын, таптық көзқарастың болғандығын саралайды [29].

Тарихнама, деректану ғылымы саласына үлес қосып жүрген ғалымдардың қатарына О.Х. Мұхатованы жатқызуға болады. Автор «Қазақстандағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы (ХІХ ғ. соңы-ХХғ.)» тақырыбындағы докторлық диссертациясында методологиялық жағынан, жаңа концептуалды тың ойлар айту арқылы тарихнаманың дамуы тарих ғылымының дамуы дәрежесіне тікелей байланысты деген тың ой айтады [30].

Біз қарастырып отырған мәселеге қатысты тарихнамалық тұрғыда зерттеу жүргізген ғалымдар қатарында ғалым Р.М. Жұмашевты ерекше атаған жөн. Әдіснамалық жағынан жаңа көзқарас тұрғысында жазылған еңбекте, интеллигенция феноменін қалыптастыруға үлес қосып, олар біліммен қатар рухани құндылықтарды да тұтынушы деп ойын толықтырады [31].

Тарихнама ғылымы саласына қосқан еңбектердің қатарында ғалым Р.М. Таштемханованың монографиялық, диссертациялық еңбегі ерекше орын алады. Р.М. Таштемханова «История изучения Казахстана в Германии (вторая половина ХІХв. -1991 г.)» деген тақырыпта тарих ғылымдарының докторы атағын алу үшін дайындаған диссертациясының авторефератында ХХ-шы ғасырдың 20-30-шы жж. Қазақстан экономикасының күшпен модернизациялануы мәселесі неміс ғалымдарының назарында болғандығына талдау жасай отырып, индустриализациялау мен ұлттық мамандар қалыптасуының дамуы жолдарына байланысты кеңестік тарихшылар мен неміс советологтарының арасында пікірталастар туғандығын атап көрсетеді [32, 34 б.].

Қазақстандағы модернизациялаудың социалистік моделінің кеңестік және кеңес дәуірінен кейінгі тарихнамасы Р.Ж. Қадысованың зерттеу жұмысының нысаны болып табылады. «Социалистическая модель модернизации в Казахстане (1917-1940 гг.): Советская и постсоветская историография.» тақырыбында қорғалған докторлық диссертациясының авторефератында «1920-1930-шы жылдары тарихи публицистикада индустриализациялау кезінде кадр мәселесіне байланысты пікірталастар белең алып, индустриализациялау жылдары урбанизацияның аймақтардағы мамандардың шоғырлануына әсері болды»,- деп көрсетеді [33, 31 б.]. Әрі ғалым «жаңа интеллигенцияның» модернизациялау кезеңінде маргиналдануы (жаңаны жартылай қабылдай отырып, бұрынғы әлеуметтік белгілерін жоғалтуы) жаппай көрініс тапқандығы кеңестік кезеңнен кейінгі отандық тарихнамада белең алғандығын дәлелдейді [33, 37 б.].

Қазақстан тарихы мен тарихнамасының методологиялық мәселелері ғалымдар Т. Омарбеков пен Ш. Омарбековтың монографиясында үлкен орын алған [34]. Еңбекте кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында саяси қуғындалған ұлт зиялыларының төл тарихымызға тарихи көзқарастары жан-жақты зерттелген. Еңбекте Баймырза һайттың екі үкіметті біріктіруші күш ретінде М.Тынышбаевты ерекшелеуі дәлелсіз екендігін айтады. Мұстафа Шоқайдың қазақтың тұңғыш инженері М. Тынышбаев туралы айтқан: «Бұл кісінің де саяси көзқарасы кадеттерге едәуір жақын болатын Оны жақсы білетіндердің сөзіне қарағанда, қабілетті, білгір инженер зор саяси тұлға бола алған жоқ. Петербург инженерлер институтын бітіруден саяси қозғалысқа қадам басқан бұл кісіден Түркістан тұрғындары зор үміт күткен еді!...» деген ойын ортаға салады [34, 331 б.].

Қазақстан ғылыми, шығармашылық интеллигенцияның тарихнамасын теориялық-концептуалды және әдіснамалық негізде зерттеген ғалым Г.М. Какенова Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенция тарихының тарихнамасын қалыптастыруға өзінің зор үлесін қосты [35]. Бұрынғы ескі қалыптасқан көзқарастардан бас тарта отырып, деректік материалдарды кеңінен пайдалану арқылы өзіндік ғылыми пайымдауларын көрсетеді. Ғалым тұңғыш рет отандық шығармашылық интеллигенцияның кеңестік кезеңдегі тарихының тарихнамасының кезеңделуін қайта қарап, бір жүйеге келтірген. Тарихнамалық тұрғыда тоталитарлық тәртіптің нығаюы тұсындағы интеллигенция мен биліктің қарым-қатынас мәселелеріне байланысты негізгі концептуалдық бағыттарын айқындаған. Соңғы жылдары ғалым Г.А. Сексенбаева тарих методологиясы, деректану ғылымы саласына зор үлес қосып, өзіндік тың пайымдауларын білдіруде [36].

Мәселенің ғылыми және методологиялық негіздерін талдамайынша, жаңа отандық тарих және тарихнаманың жаңа объективті даму үдерісін көрсету мүмкін емес. Біз қарастырып отырған мәселенің зерттелу деңгейін талдай отырып, Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихнамасы мәселесі әдіснамалық жағынан қайтадан жаңаша зерделеуді талап етеді деп қорытындылауға болады. Нақты нәтижеге жету үшін, нанымды тарихнамалық талдау жасау керек. Оның негізіне қазіргі ғылыми білімнің жетістіктері мен талаптары алынуы қажет. Бұл міндет монографияда мәселенің қарастырылуы мен өзектілігін айқындайды.

Зерттеудің методологиялық-теориялық негізін қазіргі кезеңде тарихнамашылар мен ғылым методологтарының ұсынып отырған теориялық принциптері мен критерийлері құрайды.

Тарихнамалық еңбектерге қойылып отырған жаңа талаптарға сәйкес, қарапайым библиографиялық зерттеуден бастап, шолудан көрі тарихнамалық фактілерге методологиялық талдау жасауға мән берілуде. Тәуелсіздік жағдайында методология қазақстандық тарихнамада болып жатқан маңызды өзгерістерге байланысты айқындалады. ХХ-ХХІ ғасыр тоғысында методология қатты жапа шекті. Маркстік концепциядан бас тарту тарихтағы тарихи үдерісті түсіндіруге жаңа жол іздеу - аймақтық, салалық, ұлттық, мәдени тағы басқа дұрыс белгілерді қолдануға алып келді. Кейде әдістемеден бас тарту - тарихты ойынға айналдыруға әкеліп соқты. Кейбіреулер үшінші мыңжылдық тарихшысының басты ұраны «Қызықсыз болмасын» деп жариялады. Жарты ғасырдан астам ғылым мемлекетке бағынышты болды. Анықтама беруде саясатқа жүгінді.

Кеңестік және кеңестік кезеңнен кейінгі Қазақстан тарихын көпғасырлық тарихы бар адамзат қоғамының даму тенденциясы мен әлемдік шындықты, әлемдік ғылым жетістіктерін ескермей түсіну мүмкін емес.

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап тарихшылар адам және оның қоғам мен табиғаттағы орнына мән бере бастады. Әлеуметтік тарих қалыптасты. Осы ретте интеллигенция тарихына да ерекше көңіл бөлінді.

Қазір тарихқа формациялық және өркениетті көзқараспен қараудың ара-жігін анықтайтын уақыт жетті. Тарихнамада адамзат дамуының өркениетті моделі қазір негізгі модельге айналып отыр. Бірақ адамзаттың дамуында формациялық сатылардың болғандығын жоққа шығара алмаймыз.

Біз қазақстандық өндірістік-техникалық интеллигенция тарихының концептуалды дамуын қарастырғанда оған көпфакторлы деңгейде қарауымыз керек. Интеллигенцияның әлеуметтік дамуының таптық факторы, немесе географиялық, табиғат, этникалық факторлардың оған әсерін анықтаймыз.

Біз тарихты жазғанда халық бұқарасының тарихта алатын орнын, рөлін артқа шегіндіріп, аз мән беріп отырамыз. Сондықтан қазақстандық өндірістік-техникалық интеллигенцияның тарихнамасы мен әдістемесі, зерттелу деңгейі жөнінде концептуалды мазмұнын анықтау, тарихи таным механизмінің мазмұны мен теориялық мағынасына талдау жасау негізгі міндеттеріміздің біріне саналады. Теориялық ойлау саласы ретінде өндірістік-техникалық интеллигенция тарихының әдістемесі тарих ғылымы негізінде пайда болып, нақтылы тарихи зерттеуге негізделген.




Тарихнаманың қазіргі кезеңі



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет