3 ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ ӨСУ КӨЗДЕРІ ТАРИХНАМАСЫН ТАЛДАУ
3.1 Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында өндірістік-техникалық интеллигенцияны дайындау тарихнамасы
Қазақстан өндірістік-техникалық интеллигенциясы қатарын толықтырудың негізгі қайнар көзі - жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары болып саналады. Қазақстанда кеңес өкіметі орнағанға дейін бірде-бір техникалық жоғары оқу орны болмады. Патша өкіметінің отаршылдық саясаты шеткері ұлт аймақтарының әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан дамуына мүмкіндік бермеді. Мектептерді патша өкіметі өздеріне сенімді, орыс тілін жетік меңгерген кадрлар даярлау үшін және әкімшілік мекемелерінде өздерінің отарлау саясаттарын жүргізетін мамандар үшін ашты.
Жергілікті жерлерде мамандар дайындаумен патша өкіметі айналысқан жоқ. Н.М. Богдановтың еңбегінде 1897 жылғы санақ қорытындылары бойынша, Орта Азия мен солтүстік-шығыс, шығыстың көшпелі халықтарынан жоғары оқу орындарында оқығандардың саны 22-оқушыны құраса, 790 оқушы орта мектептерде оқығандығы жайлы жазады [227]. 1911-1914 жылдары Ресейдің орталықтағы 11 жоғары оқу орындарында «мұсылман халықтарының» өкілдерінен оқыған оқушылар саны 0,52 % құраған. «Развитие социалистической культуры в союзных республиках» деп аталатын 1962 жылы жарық көрген еңбекте 1914-1915 жылдары Қазақстанда 200 дәрігер, 3000-нан аса мұғалімдер, инженерлер, техниктердің және агрономдардың саусақпен санарлықтай ғана болып, олардың қатарында қазақтар болған да жоқ деп жазады [228].
Орта арнаулы оқу орындарының қатарында мұғалімдер семинариялары мен Қазан төңкерісі қарсаңында ашылған ауылшаруашылығы мектептері ғана болды. Семенов–Тянь-Шанскийдің мәліметі бойынша, осы кезеңде 5 миллионнан аса халқы бар территорияда 98 дәрігер, 568 ауыл шаруашылығы мамандары (оның ішінде 109 ғана жоғары және орта арнаулы білімі бар), 311 мал дәрігерлері мен техниктер, 66 жерге орналастырушылар, 49 гидротехник, 18 орман шаруашылығы, 15 өнеркәсіп өндірісінің инженері мен техниктері болған [229].
Біз қарастырып отырған мәселенің тарихнамасын төрт кезеңге бөліп қарастырамыз. Біріншісі, Социализм құрылысы мен оның негізінің бекуі кезеңі (1918- 1950-ші жылдардың соңы), екінші кезеңі «Жылымық» немесе дағдарыс кезеңінің өршуі (1960-шы жылдардың басы – 1985 ж.ж.), үшіншісі, посткеңестік немесе тәуелсіз Қазақстан тарихы кезеңі (1991-ші жылдан қазіргі кезеңге дейін).
Тарихнаманың бірінші кезеңі Кеңес мемлекетінің қалыптасуымен басталды. Инженерлерді даярлау мәселесі партияның социализмнің негізін құруға бағыт алуымен байланысты өзекті тақырыпқа айналды. Коммунистік партия «буржуазиялық» инженерлерді кеңес өкіметі жағына тарту міндетімен қатар жаңа мамандарды даярлауды да кезек күттірмейтін міндеттің қатарына қойды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, мемлекет шеткері ұлт аймақтарында мәдени революцияны жүзеге асыру міндетін қойды. Соның ішіндегі басты әрі маңызды міндеттердің бірі – өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау болып есептелді. Ол үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындарын ашу керек болды. Өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын қалыптастыру мен дайындау мәселелері алғаш рет отандық тарих ғылымында зерттеле бастады. Өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын дайындау мәселелері ВКП(б)-ның Одақтық конференциялары мен съездерінде, партияның Орталық Комитетінің Пленумдарында талданды. Тарихшылардың кейбір қорытындыларына партиялық басшылықтың біраз ықпалы болды. Осы кезеңдегі басылымдардың көпшілігі публицистикалық мазмұнда жазылып, мемлекеттің саясатын баяндады [230].
1920-шы жылдың 6-шы қазанында Қырғыз (Қазақ) АССР-і еңбекшілерінің Декларациясы қабылданды. Артынша Қазақстан кеңестерінің бірінші Құрылтай съезінде халыққа білім беру жөнінде мәселе көтерілді. Съезд қарарында қырғыздардың (қазақтардың) мәдени жағынан артта қалуына, кеңестік құрылыстың дамуына кедергі келтіріп отырған не екендігін анықтау тапсырылды. Алдағы уақытта сауатсыздықты жою, жаппай міндетті оқыту, өсіп келе жатқан ұрпаққа әлеуметтік тәрбие беру мен кәсіби-техникалық білім беру – мәдени құрылыстың басты міндеттерінің бірі ретінде атап көрсетілді [231, 296 б.].
Мәдени революцияны ұлттық республикалар мен облыстарда жүзеге асыру - тарихи қысқа мерзімнің ішінде халықтардың теңсіздігін жояды деп түсінді. Партияның Х съезінің қарарларында дамуы жағынан алға шыққан Орталық Ресейге жету үшін орыс емес халықтардың еңбекші бұқарасына көмектесу керектігі атап көрсетілді: а) кеңестік мемлекеттілікті дамытып, нығайту; өз ана тіліндегі сот, әкімшілік, шаруашылық органдары, билік органдарының жергілікті жердегілерден құрылуына ықпал жасап, дамытып, нығайту керектігі; б) өз басылымы, мектептері, театр, клубтар, өз ана тілінде мәдени-ағарту мекемелері болу керектігі; г) ана тілінде жалпы білім беретін, кәсіби-техникалық мазмұндағы мектептердің, курстардың жүйесін кеңітіп, дамыту міндеттері қойылды [232, 559 б.]. Партия қаулысы ана тілінде білім беретін мектептерді, оқу орындарын ашуға шақырғанымен, ұлты орыс емес халықтар деп басқа ұлт өкілдеріне дұрыс көзқарастың болмағандығын ашық аңғаруға болады.
Мамандарды жаппай жұмысшылар мен еңбекші шаруалар қатарынан дайындау Коммунистік партия мен Кеңестік мемлекеттің қызметінде социалистік интеллигенцияны қалыптастырудың басты міндеттерінің бірі болды. Бұл үдерістің басталуына партия мен Кеңес мемлекетінің 1917 жылғы 9 қарашада «Оқу-ағарту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның бекітілуі», «Оқу-ағарту Халық комиссариатының құзырына оқу орындарының және білім беру мекемелерінің, ведомостволардың барлық мекемелерін беру жөніндегі» (1918 жылғы 5 маусым), «Жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері жөніндегі» (1918 жылғы 2 тамыз) декреттері мен қарарларының қабылдануы негіз болды [233, 114-118 б.]. Жоғарғы мектептерде ең алдымен жұмысшылар, онан кейін шаруалардың білім алуына кең жол ашылды. Интеллигенция қатарынан шыққандардың білім алуына жете мән берілмеді.
1919-1920-шы жылдары Халық Комиссарлар Кеңесі (ХКК) елде кәсіби-техникалық білім беруге басшылық жасауды орталықтандыруға байланысты бағытталған қарарлар қабылдады. 1920-шы жылдың қаңтарында ХКК-ң шешімімен кәсіптік білім беру орнына РСФСР-дің Халық Ағарту Комиссариатының құрамында кәсіби-техникалық білім берудің Бас комитеті құрылды. Бұл комитетке барлық ведомостволардың және ұйымдардың техникалық оқу орындары берілді. Кәсіби-техникалық білім берудің Бас комитеттерінің жергілікті органдары елдің шығыс бөлігіндегі ұлттық республикаларда (кәсіби-техникалық білім берудің Орал, Сібірдің комитеттері) құрылды.
Мамандар жетіспегендіктен мемлекет кәсіби-техникалық білім беруді, мамандар, халық шаруашылығына қажетті кадрларды даярлау үшін жоғары оқу орындарының елдің барлық аймақтарында орналасуына көңіл бөле бастады.
Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі – С. Сәдуақасовтың тарихи мұрасын зерттей келе, ғалым Х.М. Әбжанов: «Қырғыз Орталық Атқару комитеті төрағасына, КССР халық ағарту комиссарына, азаматтар Сәдуақасов Смағұл және Байділдин Әбдірахман және Алдоңғаров Ерғалидан жолданған хатын тауып жариялады: «Біздің алдымызда әлі қыртысы алынбаған қат-қабат жұмыстар тұр. Ірі индустрия құрып, өркенді ауыл шаруашылығын және үлгілі санитарлық гигиеналық жағдайлар жасау қажет. Бұл үшін барлық саладағы инженерлер, агрономдар, мал дәрігерлері және дәрігерлер керек. Ал, бұларды қазақ жастарынан даярлау керек. Революция жастарынан біздің болашақ мамандарымыздың даярланып, олардың келер күнді кеңейте түсетіні қандай бақыт.
Ресейдің техникалық салада артта қалған ел екені бұрыннан мәлім. Ресейлік ғылыми-техникалық әдебиет неміс және басқа тілдерден аударылған еңбектерден тұрады. Техника саласындағы өнертапқыштықтың басым бөлігі Батыс Еуропадан шықты. Егер осыған Ресейдің революция тұсында Еуропадан экономикалық жағынан бөлек қалғандықтан, жаңа ашылған жаңалықтардың бәрін біле алмай, оларды өмірге енгізе алмай қалғандығын ескерсек, онда Еуропаның техникалық саладан Ресейден қаншама жоғары тұрғандығы айқындала түседі. Осы тұрғыдан келіп, біз техникалық білімді шетелде алу керектігін, оның ішінде Ресеймен дипломатиялық қарам-қатынасы жақсы Германияда алған жақсы болатындығын түсіндік. Өйткені бар керекті жайды түпнұсқадан алып оқуға болады. Жас адамдарды шетелге жіберіп оқытудың пайдалы жағын психологиялық ерекшелікке байланысты да атауға болады. Біз қанша оқығанымызбен революциялық елде тұрып жатқандықтан, біздің ынтамыз таза ғылыми жұмыстан ауытқып, соның кесірінен оқу ісі ақсайтын болады. Оның үстіне, шет жерде өз үйімізден гөрі үлкен жауапкершілікті сезінетін боламыз. Бізді шет елге білім алуға аттандырды деген түсінік біздің әр сағат, әр минуттта алға жетелеп, оқуға ұмтылдыратын, оқуға жұмылдыратын жігер болады.
Міне, осы жағдайларлар сіздерден шетелге техникалық білім алуға жастарда жіберуді өтінуге итермелеп отыр», - деген мәтінін береді [94, Б. 251-253 б.]. Біз мұнан қазақ зиялыларының көшбасында болған ағаларымыздың өркениеттілік көзқарасын айқын аңғарамыз. Қазір егеменді ел жағдайында Қазақстан Республикасы президентінің «Болашақ» бағдарламасымен шет елге барып білім алып жатқан жастарымызға қарап, зиялы ағаларымыздың арманы жүзеге асқандығына куә болып отырмыз.
1923 жылы пролетариат диктарурасы орнағаннан кейінгі 5 жылдың ішінде 157 жаңа оқу орындары ашылды. Техникалық оқу орындарының саны екі есеге дейін артса, 1924 жылдың соңында студенттердің саны -38995 адамға (1914 жылы небәрі 21,4 мың болған еді) жетті [234, 102-103 б.]. Индустриалдық-техникалық оқу орындарының үштен бір бөлігі елдің шеткері аймақтарындағы ұлттық республикаларда орналасты. 1920-1922 жылдары Қазақстанда (тар шеңберлі мамандықтағы инженерлер дайындайтын техникум мен өнеркәсіптік-экономикалық техникум) алғашқы өнеркәсіп техникумдары ашылды [235, 508, 527 б.]. 1921 жылы 7 қыркүйекте ҚАССР ХКК-нің мәжілісінде Орынбор қаласында ауылшаруашылығы техникумын ашу жөніндегі қаулыға қол қойылады [236, 256 б.]. Осы кезеңде Кирсовнаркомның (Қырғыз ХКК) қаулысына сәйкес Орынборда 1922 жылы 2 наурызда бұрынғы (механикалық және инженерлік-құрылыс бөлімдері бар) индустриалдық, ауылшаруашылық және өнеркәсіптік-экономикалық үш техникум біріктіру нәтижесінде политехникалық институт ашылады [236, 257 б.]. Бірақ ұзаққа бармай-ақ 1923-ші жылдың 1-шілдесінде ҚАССР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен қайтадан жабылады. Оның құрамына кірген техникумдар жоғары типті орта арнаулы оқу орындары ретінде университтік бағдарламалармен оқыды. Жоғары маманданған кадрларды жұмысшылар мен еңбекші шаруалар қатарынан даярлауды жеделдету мақсатында, жаңа пролетарлық типтегі институттар: жұмысшы мектептері, дайындық техникалық курстар, жоғары оқу орындарының жанындағы рабфактар ашылды. Өндірістік-техникалық интеллигенцияның қалыптасуында рабфактардың рөлі ерекше болды. Олардың қызметіне мемлекет, қоғамдық ұйымдар тарапынан қамқорлық көрсетіліп отырды. Рабфактарға жұмысшылар мен шаруалар жергілікті партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының арнайы жолдамаларымен қабылданды. ҚАССР кәсіби-техникалық білім берудің Бас комитетінің республикадағы 1921-1922 оқу жылындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жағдайлары жөніндегі 1922 жылғы 31 тамыздағы есебі бойынша, 1921/1922 оқу жылының екінші жартысында Орынбор рабфагінде РСФСР-дің Кәсіби-техникалық білім берудің Бас комитетінің рабфактарына арналған нұсқауларды басшылыққа алды. Бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда екінші жартыжылдықта студенттердің тұрақтамаушылығы байқалғандығын айтып, есептегі 236 баланың 75-і әртүрлі себептермен оқудан кеткендігі жайлы мәлімет береді. Кету себептерін біріншіден, орталықтағы мандат комиссиясының нұсқауына байланысты, екіншіден, өндірістік сынақтарды тапсыра алмауына байланысты екендігімен түсіндіріледі. Рабфактың білім деңгейі төмен студенттерінің өздеріне лайықты оқу орындарына ауыстырылғандығы жайлы мәлімет береді. Олардың негізінен орыс тілдерін нашар білетін қырғыздар екендігі көрсетілген [237, 259-260 б.]. Құжаттардан ұлттық мектептерді бітірген студенттердің ана тілінде білім алуына дұрыс жағдай жасамағандығын анық аңғаруға болады.
Кеңес мемлекеті тарапынан жаңа буынды мамандар даярлауға, тәрбиелеуге маңыз берілгендігін 1922 жылғы 6-қазандағы РКП(б) ХІІ съезіндегі қабылдаған қарарлардан көруге болады. Дерек көзі ретінде пайдаланған құжаттар бойынша, «съезд жаңа шаруашылық қызметкерлерін даярдау ісі үнемі жүргізілуге тиіс, сонымен қатар терең мамандық беретін сипат алуға тиіс. Асығыс, үстірт оқытылған кезде қолданылған жалпы әдістер белгілі бір стажды өтеу арқылы белгілі бір жоспар бойынша жүйелі түрде оқыту ісімен алмастырылуға тиіс. Алғашқы дәуірде қызметке ұсынылған, сөйтіп қажетті білім ала алмай қалған қызметкерлерге өздерінің аса елеулі кемістіктерін жоярлықтай білім алуына мүмкіндік беру керек.
Атап айтқанда, есеп қызметкерлерін даярлау жұмысын барынша күшейту қажет, дұрыс есеп беру ісін ұйымдастыру міндеттерінің неғұрлым ойдағыдай шешілуін қамтамасыз ету мақсатымен бұл жұмысқа едәуір мөлшерде партия мүшелерін жіберу қажет деп есептейді» [238, 453 б.].
1923 жылы 11-15 қазан аралығында Орынборда өткен РКП(б) Қазақ облыстық Комитетінің кеңейтілген пленумында да «әртүрлі сатыдығы совет-партия мектептеріне, жұмысшы факультеттеріне және басқаларына тыңдаушылар ең алдымен жұмысшылар ортасынан алынуға тиіс» деп атап көрсетеді [239, 91 б.]. РКП(б) ХІІ съезінің ұлт мәселесі жөніндегі қаулысын жүзеге асыру мақсатында облыстық комитеттің губкомдар секретарлары қатысқан ІІ кеңесі мынадай шұғыл шараларды жүргізу жөнінде міндеттер қабылданды: «Орынбор жұмысшы факультетіндегі орынның кемінде 50 проценті қазақ жұмысшылары мен батырақтарына тиюі қамтамасыз етілсін» [238, 114 б.]. Жұмысшы факультеттері интеллигенцияны дайындауда үлкен рөл атқарғандықтан, оның таптық, ұлттық мәніне ерекше көңіл бөлінгендігін ашық аңғаруға болады. Ең алдымен жұмысшы факультеттеріне жұмысшылар қатарынан тыңдаушылар алуға өкімет тарапынан арнайы тапсырмалар берілгендігін байқаймыз.
1923 жылы жарық көрген партия қызметкерінің анықтамалығында Орталық партия Комитетінің жоғарғы мектептерді іріктеуге терең мән беріп, соған байланысты жоғары оқу орындарына қабылдау ережелері жөнінде арнайы шешім қабылданғандығы жайлы жазады [239, 164 б.]. Біз деректен мемлекет тарапынан жоғары мектептерді іріктеу арқылы мамандар даярлауға зор көңіл бөлгендігін байқаймыз. Мамандарды даярлаудың бір жолы алдын-ала тағайындалған орындарға жіберу арқылы жүзеге асырылды. РСФР-дің Халық ағарту Комиссариаты елдің орталық аймақтарында орналасқан оқу орындарында ұлттық республикалар мен облыстардың еңбекші бұқара өкілдеріне арнап жыл сайын белгілі көлемде тағайындалған орындар қалдырды.
Кеңес мемлекетінің қалыптасуымен байланысты Коммунистік партия социализмнің негізін қалау үшін өз жағына «буржуазиялық» мамандарды тартумен қатар жаңа кадрларды даярлау мәселесін алдыңғы қатарлы міндеттердің қатарына қойды. 1918 жылдан бастап Қазақстанда да инженерлік білім беруге мән беріле бастады. Осы кезеңдегі инженер-техникалық мамандарды даярлау мәселесіне А.Е. Бейлин, Д.А. Петровский, М.Н. Покровский, К.М. Овсянников, Л.Е. Минц еңбектері арналды [240]. Зерттеушілер инженерлік кадрларды жұмысшылар мен шаруалар қатарынан толықтыру және осы үдерістің барысындағы рабфактардың рөліне көңіл бөлді. Л.Е. Минц пен А.Е. Бейлиннің еңбектерінде инженерлік-техникалық интеллигенцияның негізгі эволюциялық аспектілері айқындалды. А.Е. Бейлин инженерлік кадрлардың әлеуметтік құрамы және қалыптасуының қайнар көздері, билік пен техникалық интеллигенция арасындағы қарым-қатынас мәселелері жайлы қарастырады. Отандық тарихи әдебиетте А.Е. Бейлин негізін қалаған кеңестік техникалық интеллигенцияның қалыптасуындағы партиялық басшылықтың шешуші рөлі мен инженер-техникалық қызметкерлердің жаңа интеллигенцияның қалыптасу үдерісіндегі маңызды заңдылығы ретінде әлеуметтік құрамына таптық көзқарас жөніндегі қорытындысы ұзақ жылдар бойы сақталды.
Жоғары оқу орындары мен техникумдарда кадрлар даярлау мәселесі Д.А. Петровский еңбектерінде зерттелді. Ол инженерлер мен техниктерді дайындауда және қалыптастыруда әлеуметтік тегі жағынан жұмысшы мен шаруалардан шыққандарға жеңілдік жасалып, таптық көзқарас сақталу керек деген пікірде болды.
1924 жылғы РКП(б) облыстық комитетінің директиваларында рабфактардың жанында негізінен қазақ халқы өкілдеріне арналған дайындық курстарының ашылғандығы жайлы айтады. Өлкелік партия комитетінің 1924-1925 жылдардағы халық ағарту жұмыстарының дамуы жайлы есебінде мектеп практикасында дайындық бөлімдерін ашу жаппай құбылысқа айналғандығы, ауылдан шыққан қазақ жастарының санының артуына байланысты, рабфактарда дайындық бөлімдерін ұйымдастыру мәселелері туындап отырғандығы көрсетілді. Бұл рабфактардың сапалық жағын күшейтуге ықпал жасады. 1922-1923 оқу жылындағы студенттердің құрамы 130 жұмысшыдан құралса, оның -11-і қазақтар, 1923-1924 оқу жылында 184 жұмысшыдан тұрып, оның 26-сы- қазақтар, ал 1924-1925 оқу жылында 230 студенттің – 84-і қазақтар болғандығы, ал 1925 жылы рабфакта небәрі 164 қазақ болғандығы жайлы мәлімет бар. Партияның Өлкелік комитетінің директиваларындағы деректер бойынша, 1925 жылы рабфактардағы қазақтардың үлестік салмағын 50 пайызға жеткізу орындалғандығын жазады. 1924 жылы 98 адам рабфактарды бітірсе, оның 98 пайызы коммунистер мен комсомолдар екендігі, бітірушілердің еліміздің орталықтағы жоғары оқу орындарына жолдамамен жіберілгендігі жөнінде айтылады [235, 547-548 б.].
Қазақстан үшін кадр мәселесін шешу өнеркәсіптің қарқынды дамуымен тығыз байланысты болды. Жаңа техникалық интеллигенция мамандарын жұмысшылар қатарынан орта техникалық оқу орындарымен қатар, жоғары техникалық білім беретін оқу орындарында даярлау өте қажет деп есептелді.
Бұл туралы 1928 жылғы 25-29 сәуір аралығында Қызылордада өткен ВКП(б) Қазақ Өлкелік комитеті мен Өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумында қарар қабылданды. Онда: «...2.Кәсіподақ және шаруашылық ұйымдары (оның ішінде темір жол транспорты да) орталықтың алдына Қазақстанның өнеркәсібі мен транспортын мамандармен толықтырып отыруды қиындататын бірқатар климат және тұрмыс жағдайларының ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары техникалық оқу орындарын бітіретін қызыл мамандарға деген Қазақстанның мұқтажын аз да болса қанағаттандыру туралы мәселе қоятын болсын.
3. Халық ағарту комиссариаты мен кәсіподақтарға үстіміздегі жылы орталықтан жоғары техникалық оқу орындары мен техникумдардан Қазақстанға жергілікті орын бөлуін, сондай-ақ СССР Халық шаруашылығы Жоғары Советінің Өнеркәсіп академиясынан берілетін орынды көбейтуді, партия ұйымдарының тікелей басшылығымен ол орындарға негізінен қазақтарды алуды қамтамасыз ету тапсырылсын.
Сонымен бірге Қазақ ССР-індегі бар техникумдарды өнеркәсіп қажеттеріне ыңғайлауға Халық ағарту комиссариатының назары айрықша аударылсын, кәсіподақ ұйымдарымен келісе отырып, оған бірінші кезекте жұмысшылар, әсіресе, қазақтар алынсын»,- деген нұсқаулар берілді. Мемлекет пен партияның қабылдаған құжаттары нұсқау түрінде жарияланғанымен, орталықтың техникалық жоғары оқу орындарынан арнайы орындарды бөлуді талап ету мен қазақ мамандарын даярлауға маңыз беруінің біз қарастырып отырған мәселені талдауда деректік мәні зор. Пленумда ВКП(б) ХV съезінің және Өлкелік VІ партия конференциясының шешімдеріне байланысты Қазақстандағы мәдени құрылыстың міндеттері туралы да қарар қабылдап, «...біздің жұмысымыздың барлық саласы үшін бірінші кезекте қазақтардан (мұғалім, агроном, фельдшер, ветеринар, қызыл отау мен оқу үйін басқарушылар, өндірістегі маман жұмысшылар, мәдениетті кооператор және т.б.) тәжірибелі құрылысшылар мен ұйымдастырушылардың қалың топтарын өсіріп және қайта даярлап шығару бірінші кезектегі міндеттердің қатарына кіруге тиіс делінген.
ІІ сатыдағы мектептер мен әлеуметтік тәрбиенің тоғыз жылдық мектептері, сол сияқты орта профессионалдық-техникалық білім беру мекемелері (халық ағарту институттары, техникумдар) жөнінде біздің алдымызда, бір жағынан оларды идеялық-саяси тұрғыдан меңгеруге, екінші жағынан біздің техниктер, ұйымдастырушылар, педагогтар және т.б. даярлау саласындағы талаптарымызға сай оларда сабақ беру мен оқыту ісін жолға қоюға байланысты практикалық міндеттердің» тұрғандығын атап көрсетті. Педагогикалық және ауыл шаруашылық техникумдарының материалдық жағдайларын нығайтып, жақсартуға ерекше көңіл бөлінуге тиістігін ескертті.
Бұдан былай да қазақтарды, бірінші кезекте жұмысшылар мен батрақтарды жұмысшы факультеттері мен жоғары оқу орындарына дайындау жөнінде басталған жұмысты, оны қажетті қаржылармен қамтамасыз ете отырып, барынша кеңейте беру керектігін басшылыққа алуды ұсынды.
1929 жылғы БКП(б) ОК-нің қараша пленумында техникалық жоғары оқу орындарындағы жұмыс жоспарларын қайта құруға байланысты маңызды шаралар белгіленді: өндірістік практикаларды кеңейтіп, жақсарту, өнеркәсіп органдары мен втуздар, техникумдар, ғылыми-техникалық институттар мен жаңа мамандарды даярлау ісінде байланыста болу: халық шаруашылығының салалары үшін экономист мамандарды даярлау, жоғары оқу орындары үшін ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау т.б.
Пленум шешімдерінде втуздарға мемлекет тарапынан басшылықты күшейту міндеттері қойылды [241, 634, 638 б.]. Сонымен қатар втуздардың әлеуметтік құрамын одан әрі жақсартып, жоғары оқу орындары мен техникумдарға даярлаудың резерві ретінде жұмысшы факультеттерінің, ІІ сатылы мектептер мен курстардың жүйесі арқылы кеңейту мәселелерін қарастырды.
Мемлекет ұлттық республикалар территориясында орта арнаулы және жоғары оқу орындарының кең жүйесін құруға көңіл бөле бастады.
1929 жылғы ВКП(б) Орталық Комитетінің қараша пленумының шешімі бойынша, КСРО-ның Бас Жоспарлауымен Бүкіл Одақтық Халық Шаруашылығы Кеңесі, одақтық республикалардың өкіметтерімен және бүкілодақтық наркоматтармен бірлесе отырып, 1930 жылдың басында маман кадрлар даярлаудың бірінші бесжылдық жоспарын жасады [241]. Бұл жоспардың негізгі міндеттері одақтас республикалардың халық шаруашылығын дамыту мен әлеуметтік мәдени құрылысты дамытудың бесжылдық жоспарларында орын алды. БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитеті ОК-тің қараша пленумдарының шешімдерін жүзеге асыра отырып, республикада мамандар даярлауға байланысты жұмыс шараларын жүзеге асырды. 1930 жылғы 15 сәуірдегі Өлкелік комитеттің шешімдерінде а) республикадағы күндізгі жұмысшы факультеттерінің санын 4-ке; б) 8-ден кем емес кешкі жұмысшы факультеттерін; в) барлық жұмысшы факультеттерін жаңа жұмыс жүйесіне көшіру (қысқартылған курс, үздіксіз оқу т.б.) белгіленді [242, 27 б.]. Алғашқы бесжылдық жылдары өндірістік-техникалық интеллигенцияны даярлау КСРО-ғы кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналды. 1928-1929 жылдары БКП(б) Орталық Комитеті мамандарды даярлауды арттыру мен жақсарту жолдары жөнінде маңызды қаулылар қабылдады.
БКП(б) ОК-нің қараша пленумында «Халық шаруашылығының кадрлары жайлы» қарарында: «Социалистік құрылыстың кең құлаш сермеуі, бесжылдық жоспардың жүзеге асуы...ақырында елдің ішіндегі таптық күрестің шиеленісуі, қайта қалыпқа келтіру жылдары партияның алдына кадр мәселесін кеңейтіп, шешуді талап етеді», - деп атап көрсетті [241, 632 б.].
Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы онжылдықтарда, мамандарды даярлау сол кезеңдегі өзекті мәселелердің бірі ретінде, іс-жүзінде бірден толығынан жүзеге асқан емес, шешуге тиісті шаралар ретінде баспасөз беттерінде талданды. «Қызыл Қазақстан» 1930-шы жылдары «Большевик Казахстана» журналы болып өзгерді. «Большевик Казахстана» журналы социалистік құрылысты мадақтаумен қатар, кеңестік мәдениетті, ағарту ісін мадақтаған мақалаларды жариялап, ұрандату сарыны басым болды. Онда күнделікті өткізіліп жатқан шаралар жарияланып отырды. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында өндірістік-техникалық мамандар даярлау тарихнамасы 1930-шы жылдардың басында біраз өзгерді. Тарихнамадағы негізгі кемшіліктер: ғылыми зерттеулердің терең болмауы, қол жеткізген табыстарды, жетістіктерді асыра мақтау, мадақтау, шешілмеген күрделі мәселелер мен қиындықтар жайлы ауыз ашпау. Қазан төңкерісінің он жылдығына арнап жазылған брошюрада сол кезеңдегі Қазақ Өлкелік Комитетін басқарған Ф.И. Голощекин елдегі атқарылып жатқан ұлан-асыр істер жөнінде мақтанышпен жар салады. Риддерде құрылыс, тау-кен, аграрлық-индустриалдық, мұнай техникумдарының ашылғандығы жайлы хабардар ете отырып, ондағы қазақтардың үлестік салмағы 35 пайызды құрайды деп ұрандатады. Партия мен мемлекеттің сөз жүзінде емес, іс жүзінде артта қалған Қазақстан өлкесі мен ұлттарына экономикалық жағынан көтеріліп, теңдік орнатуына көмектесіп отыр деп мақтанады [243]. Дегенмен де осы жылдары үгіт-насихаттық, белгілі бағыттылық, ұрандату концепциясына негізделген халыққа білім беру, мамандарды даярлау жайлы кітаптар, брошюралар жарық көрді [244]. Кітаптар, брошюралар, мақалалардың авторлары республиканың идеология, мәдениет қызметкерлері еді. Олар тарихи фактілерге сүйенбесе де, сол кезеңдегі білім, мәдениет, ағарту саласының көкейтесті мәселелерін талдап, оны дамытып, іс-жүзіне асыру жолдарын көрсетті. Г. Береза, О.Сафро, Ш. Әлжанов, Т. Дейнега, Ж. Сәдуақасов, С. Сәдуақасов еңбектерінде қазақ жастарының ұлттық мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алу мәселесіне көңіл бөлу қажеттігі жайлы айтылды. Ж. Садуақасов мектептердің басты кемшіліктерін көрсете отырып, Орталық Комитеттің біздің мектептеріміздің оқушыларды жалпы және жүйелі білім берумен толық көлемде қамтамасыз етпей отырғандығын айта келіп, соның салдарынан техникумдар мен жоғары оқу орындарындағы «ғылым негіздерін» игергенімен мамандар даярлау қанағаттанғысыз жағдайда жүріп жатқандығын сынағандығына тоқталды. Біздің жоғары оқу орындары мен техникумдарымыздағы жұмыс сапасын, әрі одан алатын өнім сапасын жақсарту, біздің бұқаралық мектептердегі жұмыс сапасын көтеруге тікелей байланысты, бұл кезеңде бастауыш және орта мектептер бұл саладағы шешуші бөлім болып саналады. Сондықтан бізге әлі де болса орын алып отырған осы «басты кемшілікті» жою керек деген қорытынды жасайды [245, 39 б.].
2006 жылы «Алаш ақиықтары: Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар» атты жинақта: «1926 жылдың 29 қазанында Қазақстанның Халық ағарту комиссары С. Сәдуақасовтың Ташкент қаласындағы педагогтік жоғары оқу орнының ашылуына арналған салтанатты мәслихатта «ЖОО-ның Қазақстан үшін маңызы» деген тақырыпта жасаған баяндамасында: «Мектеп деген, әрине қолдан адам жасап шығармайды, тек адамға өз бетімен тіршілік қылуға, саналы еңбек етуге жол сілтейді. Ескі орыс-қазақ мектебінен тәлім алған саналы қазақ жастары біліммен қаруланғаннан кейін еңбекшіл қазақ халқының жауы миссионерлер көрсеткен жолмен кеткен жоқ, қайта оларға қарсы тұрды.
Ұлы революция қазақ даласын түп-тұқиянына дейін сілкінтті, халық бұқарасы оянуының алғашқы нышаны оқуға жаппай ұмтылудан басталды. Оқуға кім барады дегенді жеребе тастап шешудің енді керегі болмай қалды. Қазір қазақ жастары білім алу үшін жүздеп, мыңдап кент арасына қарай жөңкілуде. Дәлірек айтсам, қазақ жастары бұл күнде халық ағарту орындарының есік-терезесін тоқылдатып төріне қарай ұмтылуда. Бір әттеңі мұндай орындардың бәрінің жай-күйі барлық жерде қазір оңып тұрған жоқ.
Білімге деген талпыныс таудай, бірақ қазіргі зор мәдени талап тұрғысынан алғанда мүлдем жеткіліксіз. Алайда өткеннен қалған мүшкіл мұрамен салыстырғанда, халық ағарту саласындағы жетістіктеріміз аз емес.
Қазір екі мыңға жуық ауыл мектебі бар, бұлардағы оқу ана тілінде жүргізіледі. Революциядан бұрынғы күйімізбен салыстырсақ, мектебіміз ол кездегіден үш есе көп.
Ондаған техникумымыз бар. Мұнда қазақ жастары мұғалімдіктен бастап, агроном, мал дәрігері, жерге орналастыру сияқты әртүрлі мамандық бойынша жұмыс істеуге дайындалып жатыр.... Қазір еңбекші халық білімді қайдан аламын десе де өз ықтиярында.
Халыққа білім беру дегенің интернационалдық құбылыс екендігі, бірақ, оның түрі ұлттық болатыны жөнінде Жүргенов жолдастың айтқаны өте орынды. Мен ол кісінің пікірін толық қолдаймын. Адамзатқа тән мәдениет атаулы әр халықтың арасына өз ана тілінде тарайтын болса, оны игеру де анағұрлым тезірек болмақ.
Кеңестік құрылыс идеясы ұлт аймақтарының кең көлемде дамуына мүдделі, осы тұрғыдан алғанда жоғары мектептің қазақ топырағында дүниеге келуін партиямыздың ұлт саясатындағы маңызды бір парызының жүзеге асуы деп бағалауымыз керек.
...Бізге мамандардың бәрі қажет екені даусыз. Бізге агроном да, дәрігер де, инженер де сондай-ақ басқа мамандар да керек»,- деп көрсетті [246, 158-169 б.].
Садуақасов тағы бір көлемді еңбектерінің бірінде жоғары, орта дәрежелі білім туралы айта келіп: «Осы күні біздің алдымызда тұрған мәселенің бірі – Кеңестер одағын машиналандыру болса, Қазақстанды алсақ, - осы ұран Қазақстанға арналып, айтылған секілді. Біздің жерден шығатын кеніміз ұшан-теңіз, осыны іске асыратын бізге қызметкерлер керек...
Кәсіп өндірісін машиналандыру мәселесі - ішкі Ресейге қарағанда Қазақстанда өзгеше. Ішкі Ресейде машиналандыру мәселесі төгілгенді толтыру дәуірінен өтіп, толған үстіне толтыру дәуірінде тұр. Оларда бұрыннан негіз бар, соған құрып, енді ілгері жіберіп отыр. Бізде өндіріс кәсібін жаңадан туғызуға тура келеді. Бұл жаңа жұмыс, оның үстіне бізде инженер-техник жоқ. Жоқ дейтін себебім – бар болғанмен саны аз, ділгірімізге жетпейді. Біз алдымен осындай мамандарды әзірлеп алуымыз керек. Біздің саясатымыз осы», - деп, жазады [246, 150-151 б.]. Ауыл шаруашылығы техникумының 8-ақ екендігін айта келіп, оның екеуі аға қызметкерлерді, біреуі мал тұқымын асылдандыру қызметкерлерін әзірлейтін техникумдар екендігін айта келіп, бұл теңіз қасындағы тамшы есебіндегі мәселе болғандықтан, мал шаруашылығын өркендететін қызметкерлер керектігі жайлы мәселе көтереді [246, 152-153 б.]. Болашақтың қожасы - жастар. Жастардың жігері - мол, қайраты - күшті, екпіні - қатты. Жастардың жүрегі ақ, көңілі адал деп, оларға үлкен үміт артады [246]. Сөйтіп, қазақ зиялыларының ішінде өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарының өте қажеттігі жайлы көзқараста болып, оған ашық түрде заман ағымына сәйкес баға берген алғашқыларының бірі - С. Сәдуақасов болып саналады.
2008 жылы жарық көрген «Красный террор: Политическая история Казахстана (Сборник документальных материалов политических репрессий 20-50-х годов ХХ века)» құжаттар жинағында Қазақ өндірістік-техникалық интеллигенция өкілдерінің бірі – Ғазымбек Беремжановтың автобиографиясы берілген. Онда ол өзінің өмірбаяны жайлы баяндай отырып: «Окончательно разочаровался в голых лозунгах и непоколебимо убедился получения специального образования. Таким образом, я поехал, по командировке ТурЦИК, а в Германию, куда я приехал 10-го ноября 1922 года. Летом 1923 года поступил Берлинский Сельско-хозяйственный ВУЗ. В марте прошлого 1928 года, вернулся обратно, окончив упомянутый ВУЗ. Приобретая знания, расширив кругозор и повидав разные ступени культуры, сейчас преисполнен лишь одним желанием работать по специальности. Был бы весьма удовлетворен, если я сумел в далнейшем принести своим знанием посильную мне пользу Каз. ССР, на деньги которой я проучился» деп жазады [247, 56-57 б.]. Бұл туралы мәліметті Ораз Жандосовтың 1928 жылы 11 шілдеде БКБ(б) Қазақ өлкелік комитетіне М. Әуезов, Байтасов және Г. Беремжановты еңбекке орналастыру жөніндегі түскен хаты айғақтайды. Онда Жандосов: «Есть три молодых беспартийных деятеля из противоположного нам лагеря, которые прошли высшую школу, считают себя лояльными в отношении со власти и просят работы. Это –Ауэзов Мухтар, Байтасов и Беремжанов. Первые двое просятся в Ташкентский инпрос, а Беремжанов просится на должность агронома при сельхозтехникуме. Причем Ауэзов М. Хочет специализироваться на начно-исследовательской работе по тюрколоогии.
Ауэзов в своем заявлении указывает на то, что он стал убежденным сторонником социолого-имманентного метода изучения литературы (марксисткий метод).
Прошу указания о направлении использования означенных лиц.
Мое мнение: Байтасова лучше было бы оставить в КИНО, Ауэзова допустить преподавателем в Казинпрос, а Беремжанова командировать в Алма-Атинский сельхозтехникум» [188, 88 б.].
Г. Береза мен Ш. Әлжанов еңбектерінде республика жоғары мектептерінің дамуының алғашқы қадамдары жайлы жазылған пікірлер үндестігін байқаймыз. Г.Березаның еңбегінде өнеркәсіптегі кадрлардың қажеттілігін көрсетіп, 1929/30 жылдарды қоса есептегенде Қазақстан өнеркәсібі үшін әртүрлі мамандықтағы 2261 инженерлер қажеттігі жайлы анықтай келе, жоғары маманданған мамандармен қамтамасыз ете алмағандықтан, әрі Қазақстанда бірде-бір техникалық жоғары оқу орны болмағандықтан, республикадан тысқары жерлерден шақыруға тура келеді. 1930-1931 жылы ғана тау-кен институты 100 адамды қабылдағалы отыр деген фактілерді ұсынып, бұл институттың келесі бесжылдық үшін де инженерлер дайындайтындығы жайлы айтады [186, 20-21 б.]. РСФСР мен басқа республикалардың жоғары оқу орындарының студенттерінің алдағы уақытта біздің республика келуіне жағдай туғызу қажеттігіне байланысты да мәселелер көтерілді.
Автор Одақтық Совнаркомның Ленинград облысын республикамыздың барлық аудандарын индустриалдық кадрлармен, Орал облысы металлургия мен химия, Донбассты көмір өнеркәсібіне қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге міндеттегені жайлы ой қозғайды.
Жоғары маманданған кадрларға деген сұранысты инженерлерді сырттан шақыру арқылы қамтамасыз еткенімен, орта арнаулы мамандарға сұраныс жоқ екендігін пайымдайды. Фактілік құжаттарды пайдалана отырып, Қазақстанның одақтық, өлкелік, жергілікті өнеркәсібі үшін орта маманданған 2316 маман қажеттігін көрсетеді. Бұл қажеттілікті толығынан қамтамасыз ету үшін, 1930/1931 жылдары жеті күндізгі және жеті сырттай білім беретін техникумдарға жалпы саны 1930/1931 жылы 1287 оқушы, 1931/1932 жылы 2055 оқушы, және 1931/1932 жылы 2418 оқушы қабылдау керектігін жобалайды.
Ұлттық мамандарды қалыптастыруға мән бере отырып, осы оқу орындарындағы қазақтардың үлестік салмағы 65 пайыздан кем болмау керек болса, оның ішінде әйелдер 20 пайызды құрауы керек деп болжайды [186, 21-22 б.]. Қазақстанның өз ішінде 1930 жылы малдәрігерлік, ауыл-шаруашылық, 1931/1932 жылдары: а) ауыл-шаруашылығын индустриализациялау мен механизациялау, б) гидро-мелиоративтік, в) ауыл-шаруашылығы экономикасы бойынша экономикалық институттар ашу жоспарланып, бұл келесі бесжылдықтың басында жоғары маманданған кадрларға деген сұранысты 70-80 пайызға қамтамасыз ететіндігін айқындайды. Автордың еңбегіне талдау жасай отырып, «интеллигенция» сөзінің орнына «кадрлар» деген терминді қолданғандығын анықтадық. Терең ғылыми көзқарасты көрсетпесе де, Г.Березаның еңбегінің жоғары оқу орындарында өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын дайындау тарихнамасында алатын орны ерекше. Г.Береза еңбегінің негізгі методологиясы тарихты экономикалық жағынан талдауға негізделген.
Ш. Әлжановтың еңбегінде: «1920-1921 жж. қазақ қызметкерлері милиция бастықтары, сот, атқару комитетінің төрағалары болуға тырысса, инженерлер, философтар, педагогтар болуға талпынбай отыр, оның негізгі себебі, қазақтардың негізінен әкімшілікке құмарлығын көрсетпейді, кезең талабы солай» екендігін түсіндіре келе, «егер кешегі Қойшыбайлар мен Ахметтер бүгінде педагогтар, инженерлер, дәрігерлер, философтар т.б. болса, түсінбейтін, таңқалатындай ештеме жоқ. Себептерін өзгерген жағдайдан іздеу керек», - деп жазады [248, 26-27 б.].
Жоғары оқу орындарында өндірістік-техникалық интеллигенция мамандарын даярлау тарихнамасында О. Жандосов пен І. Қабыловтардың да еңбектерінің өзіндік орны бар. О. Жандосов «Кеңес ғылымы мен ұлты» деген мақаласында одақтағы социалистік құрылыстың табыстарының нәтижесінде шеткергі аграрлы-артта қалған аймақтардың қазір аграрлы-индустриалды аймақтарға айналып, даму қарқыны, өзінің өндірістегі рөлі жөнінен Одақтың алдыңғы қатарлы деңгейіне жеткендігін мақтанышпен айтады.
Жаңа темір жолдардың, ирригация мен мелиорация саласындағы ірі құрылыстардың салынуы, көмір, түсті металдар, мұнай, фосфорит, күкіртпен сирек кездесетін элементтерді өндіру өнеркәсібі, ірі гидроэлектр станцияларының салынуы Орта Азия мен Қазақстанның индустриалдық маңыздылығын жоғары деңгейге көтеріп отырғандығына тоқталады. О. Жандосов: «Потребности хозяйственного строительства с особой силой ставят задачу подготовки технической интеллигенции из национальных кадров. С этими связан рост за последние годы сети национальных вузов», -деп атап көрсетеді [188, 184-188 б.]. Қазақстанның экономикалық дамуы моделін қолдаушылардың бірі ретінде зерттеуші шаруашылық құрылысының қажеттілігі үшін ұлттық ғылыми-техникалық интеллигенция кадрларын жұмысшы табы қатарынан алу керек деген көзқарасты ұсынады.
І. Қабыловтың мақаласында Өлкелік басшылық өкілдері болып санатын Ф.И. Голощекин, І. Құрамысов т.б. мәдени құрылыстың міндеттерін шаруашылық және экономикалық мәселелерді шешпейінше екінші орынға қою керек деген көзқараспен келіспейтіндігін білдіре отырып, оны сынға алады. «Мәдениетті шаруашылық анықтаса және керісінше, мәдениет - шаруашылық жағынан дамуымыздың белсенді факторларының бірі болып есептеледі», - деп пайымдайды [249, 56-57 б.].
Сонымен бірге І. Қабылов қазақтың ұлттық мәдениеті өз құрамына: ана тіліндегі барлық бастауыш, орта, жоғары мектеп; мерзімді және мерзімді емес баспасөздің, газеттер, журналдардың дамуын, оқу құралдарының, көркем әдебиеттің басып шығарылуын, ұлттық театр, музыканың дамуы, мемлекеттік және партиялық аппаратты жергіліктендіруді; еңбекші халықты өнеркәсіп құрылысына кеңінен тартуды және қазіргі ғылым мен техниканың жетістіктерін халық бұқарасының арасында кеңінен қолдануды кіргізеді деген ойын білдіреді. Автор жоғарғы мектептерде ана тілінде дамыту ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлімдерінің бірі екендігін ашып көрсетеді. Қазақстанда кәсіби-техникалық оқу орындарының, техникумдардың, курстардың жетіспейтіндігін, онда оқушылардың санының аз екендігін айтып қынжылады. Сондықтан Қазақстанның партия, кеңес ұйымдарының білім беру саласындағы кезекті міндеттерінің бірі ана тіліндегі кәсіби-техникалық білім берудің втуздарда, техникумдарда, құрылыс, фабзавоқуларында, комбайнерлер, трактористер, машинистер дайындайтын курстардың тұтастай жүйесі мен торабын шешуші түрде жүзеге асыруда екендігін саралайды. Алайда І. Қабылов алашордалықтарды «жергілікті ұлтшылдар» деп сынап, «местные националисты, алаш-ординцы, под видом сохранения самобытности, святости национальной формы требуют сохранения самбытного обособленного языка, самобытной обособленной экономики, территории, культуры и психологии. Но такая национальная культура является не нашей, а полуфеодальной, поповской, алаш-ордынской. Наша национальная культура и по содержанию и по форме в своем развитии разрушает, преодолевает национальную замкнутость, обособленность и языка, и экономики, и культуры, и психологии», - деп зерделейді [249, 61 б.]. Кеңестік кезеңнің интеллигенция өкілдерінің бірі болғандықтан, І. Қабылов Алаш идеологиясының оппонеттерінің бірі ретінде «большевизм идеясы ұлттық томаға-тұйықтығымызды жояды», - деген көзқарасын білдіреді.
О. Жандосовтың мақаласында социалистік құрылыстың жетістіктерінің негізінде, шеткергі ұлт аймақтары аграрлы-индустриалды аймаққа айналғанын айтады. Өндірістік күштердің дамуы және Шығыс халықтарының экономикалық деңгейінің артуынан ұлттық мәдениеттің алға қойған міндеттерден асқандығын зерделейді. Шаруашылық құрылысының қажеттіліктері ұлттық кадрлардан техникалық интеллигенцияны дайындау міндеттерін қойып отырғандығын, сондықтан да соңғы жылдары ұлттық жоғары оқу орындарының дамығандығын көрсетті.
1931 жылы «Народное хозяйство СССР» статистикалық жинағында жоғары оқу орындары мен техникумдардан қанаушы тап өкілдерінің толық ығыстырылғандығы жайлы жазады [250, 534-535 б.]. Қазан төңкерісінен кейін жоғары және орта арнаулы оқу орындарында барлық әлеуметтік топ өкілдерінің білім алуына жағдай жасалмады.
Отандық тарихнамада қандай да болмасын өздерінің белгілі-бір қоғамдық-саяси көзқарастарына қарамастан, біздің республикамызға қатысты еңбектер мен мақалалар жазған авторлардың өзіндік орны бар екендігін ерекше атауымыз керек. Міне, сондай өзіндік позитивтік көзқарасы бар либералдық интеллигенция өкілдерінің бірі - Мұстафа Шоқай біз қарастырып отырған зерттеуге байланысты 1930-шы жылдары жазған еңбектерінде өзіндік бағасын береді. Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Мұстафа Шоқай өзінің «Ұлттық зиялы», «Ұлттық зиялы жөнінде» деп аталатын публицистикалық мақалаларында «...Ұлттық зиялылар қатары барған сайын ұлғайып келеді. Бұл процесс үш ортада жүріп жатыр. Түркістанның болашақ иесі бола аларлық жас күштеріміздің көпшілігі ұлттық бағыттың бастауында бола алмай, мәскеулік диктатураның зұлымдығы астында өсіп жатыр. Атамекеніміздегі осы жастарымыз ұлттық тәрбиеге қас жау болып табылатын «таптық тәрбиемен» қоректенуде. Алайда осыған қарамастан Түркістан жастарының басым көпшілігі ұлттық рухта өсіп жатқанын біз жақсы білеміз. Кеңес жеріндегі кеңес мектептерінде оқып жатқан жастарымыздың ұлттық рухы, ондағы көне «шығыс рухында тәрбие» көрген «шығыс зерделі» зиялыларымызбен тоғысып жатқаны айрықша көңіл аударуға тұрарлық....
Жастарымыздың тағы біраз бөлігі туысымыз Түркияда дайындалып жатыр. Біз бүгін «Шығыс рухы басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды» дей келе, Европа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін сәтімен үйлестіре алып жатқандығына баса назар аударады.
Аз да болса біраз жастарымыздың Алманияда білім алып жатқандығына тоқтала отырып, олардың атамекеніндегі ұлттық рухын кеміткен еместігін, Батыста білім алған жастарымыз ұлттық рухпен сусындап қана қоймай, бұл рухты халқымыздың игілігіне жарату жолдарын да білгенін де дәлелдейді [84, 174-179 б.]. Мұстафа Шоқайдың жастарға білім мен тәрбие берудегі ой-тұжырымдары «кеңес отаршылдығын» айқындауға негізделген.
Модернизациялану жылдарындағы маңызды орын алған құрылыстардың бірі - Түрксіб темір жолы. 1927 жылы көктемнен бастап Түрксіб темір жолын салу басталды. Алғашқы айларда маманданған жұмыс күшінің, техникалық интеллигенцияның жоқтығы сезілді. Ресейден, Украинадан келген келімсектердің көбінің арнаулы білімі жоқ, әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан болатын. Бұл жөнінде қазақтың тұңғыш инженері – М. Тынышбаев қазақ баспасөздерінде жарық көрген еңбектері мен жазбаларында Түрксіб құрылысына қазақтарды тарту, әсіресе жастарды тарту жөнінде баяндамаларында атап көрсетеді. М. Тынышбаев: «...жоғары оқу орындарында, арнаулы орта мектептерде оқитын қазақ жастары көктем туысымен елдеріне барып қайтуға қаржы таба алмай, көрінген мекеменің есігін тоздырып, көмек сұрап, қиналып, ірі қалаларда бір үзім нансыз қалатын сәттері жиі кездеседі. Осы бір келеңсіз көріністі түпкілікті жоймағанмен азайтуға болатын мүмкіндік бар. Ол - салынып жатқан құрылыстарға студент-практиканттарды алдымен қабылдау». Ол Түрксіб құрылысына қазақ жастарын орналастыру жайлы өзінің ұсынысын жасайды: «1-студенттен әрбір құрылыс бөлімшесіне, 3-студенттен оңтүстік және солтүстік құрылыс басқармаларына (барлығы 20 студент); 2) қазақ округтік жергілікті транспорт бөліміне – 1 студент, 1 – студенттен әрбір бөлімшелерге (6-7 студент); 3) байланыс бөліміне 1-2 студенттен; 4) Ташкент техникумынаан – уездік Су шаруашылығы басқармасына – 1, губерниялық Су шаруашылығы басқармасына – 2, Қазақстан Су шаруашылығы басқармасына – 3 (барлығы – 15); 5) Агрономия бөлімінде оқитын студенттерді осындай жолмен губерниялық Жер бөлімдеріне, Жерге орналастыру жөніндегі Халық Комиссариаты басқармаларына бөлсе; 6) Медицина факуьтетінде оқитындарды Денсаулық сақтау Халық Комиссариаты басқармасына және осы саланың керегіне қарай орналастырса; 7) Губерния бөлімдерінде жаз айларында 1-2 студенттен жұмысқа алуды міндеттесе, мұның бәрі Кеңес аппаратын мәдени-техникалық жас күштермен толықтыруға, халықпен байланыс жасауға, жалпы жергіліктендіру саясатының өмірге енгеніне алғашқы қадам болар еді
Достарыңызбен бөлісу: |