Аңдатпа
Н.А. Кебина мен М.Х. Хамитовтың «Тұлғаны қалыптастыру және бүгінгі күн» атты мақаласында тұлғаны қалыптастырудың бүгінгі мәселелері сөз болады. Бұл мәселелердің әсіресе жастар тәрбиесі үшін зәрулілігі мойындалады.
Annotation
In this article of N.A. Kebina and M.H. Hamitov «Formation of the person and the present» is discussed questions of formation of the person, they are especially actual in the course of youth education.
ӘОЖ 94 (574)+930.1
ТҮРКІЛЕРДІҢ ӘСКЕРИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК
БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ИСЛАМНЫҢ ОРНЫ
А.Т. Қырқымбекова
ҚР ММ «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау
орталығы» мемлекеттік мекемесінің аға ғылыми қызметкері
Кіріспе. Әлемде ислам дінін ғылыми тұрғыда зерттеу мәселесі ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ ірі мәселелердің бірі болды. Бұл түрік тарихшысы З.У. Тоғанның зерттеген тақырыптарының арасында маңызды орынға ие болған. 1968 жылы 8-12 ақпанда Пәкістанда өткен «Құран» конгресінде З.У. Тоған «Құран және түркілер» атты ғылыми баяндамасын жасады. Кейіннен бұл баяндаманың ғылыми маңыздылығы басым болғандықтан қайта толықтырылған нұсқа Стамбулдағы Ислам зерттеу институтының ғылыми журналында жарияламақ болады. Алайда, З.У. Тоғанның өзі өмірде бар кезінде-ақ кедергілерге ұшырап баспадан шықпай қалды. З.У. Тоғанның Шығыс және Батыс елдерінің арасындағы ғылыми байланысы туралы 1935 жылы, сонымен қатар 1950 жылдары конференцияда жасалынған ғылыми баяндамаларын түрік тарихшысы Түнжер Байкара бір арнаға жинақтап, Стамбулдан 1971 жылы жарыққа шығарды [1]. Ислам әлемімен біртұтас болған З.У. Тоған батыс ғылымына арнап діни танымдық көзқарасын жоғарыда атап өткен ғылыми баяндамасында айқын, әрі анықтап кеткен. Ғалымның жасаған ғылыми тұжырымдары тек Батыс ғылымы үшін ғана емес, шығыс ғылымы үшін маңызды. Заки Уәлидидің «Құран және түркілер» атты ғылыми ізденісіне ғылыми талдау жасау, бүгінгі таңда аса қажет. Оның өзіндік себептері бар десе де болады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында конфессияаралық байланысының күшею кезінде Заки Уәлиди Тоғанның ғылыми тұжырымдары діни ұғымды тарихнамалық тұрғыда толықтырып отыратындығына сеніміміз мол. Түркі халықтары Ислам дінін, яғни Талас шайқасы басталмай тұрып-ақ қабылдай бастаған. Енді бұл Талас шайқасының тарихы мен оның маңыздылығына тоқтала кетейік.
Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, «751 жылы шілде айының 31 жұлдызында Тараз қаласына іргелес жатқан Атлах бекінісі маңында бүкіл Орталық Азия тағдырына терең ықпал болған Атлах-Талас шайқасы болды. Шайқаста араб-қарлұқ-түркеш құрама қолдары қытайдың таңдаулы әскерін тас-талқан етіп жеңіп, оның батысқа жылжуына тосқауыл қойды». Міне осы шайқасқа Тараздың сол кездегі негізгі тұрғындары қаңлылармен бірге Құлан, Меркі, Аспараны тұрақ еткен, кейінірек Таразды астана еткен бауырлары қарлұқтар мен түркештер де қатысқаны анық. Себебі алғаш қарлұқ, түркеш мемлекеттері Меркіні астана еткен еді. Бір сөзбен айтқанда, Меркі және Құлан қалаларының тағдыры Түркеш, Қарлұқ мемлекеттерімен сабақтас. Ал бұл мемлекеттердің ҮІІІ ғасырдың ортасынан соңына дейін билік құрғаны белгілі. Түркештерді биліктен тайдырып, өлкеге әмірлігі жүрген қарлұқтар Құлан мен Меркіні негізгі қалаларына және ірі әскери бекінісіне айналдырды. Ерекше қарқынмен дамыған бұл екі қалаға сырттан көз тіккендер көбейе бастады. Қарлұқтар билік басына келместен бұрын да бұл қалалардың сол өңірге билік жүргізуде шешуші рөл атқарғаны анық. Меркі сол заманда өңірге билік жасау үшін аса қажетті қақпа болған. 751 жылы Құлан мен Меркіге арабтар шабуыл жасағанда да сол қақпаға ие болуды армандаған еді. Тура осы кезде олардың жерлеріне басып кірген қытайларға қарсы бірлесе шайқасты. Қытайды жеңгеннен кейін билікке келген қарлұқтар арабтармен достық қарым-қатынасты сақтап қалады. Олар исламдық өркениеттің дамуына жол ашты» [2]. Ал Тараздың жергілікті ғалымы Б. Әбділдаұлының пікірінше бүкіл түркі ұлысының өміріне 751 жылғы шілде айында Талас өзенінің жағасындағы Атлах қаласы мекені маңында мұсылман арабтар мен қытайлар арасындағы қырғын соғыс тағдырлы бетбұрыс әкелгендігі белгілі. Сол жолы екі ұлы армия бетпе-бет келіп шайқасқанда, тағдыр таразысы теңселгенде түркі ата-бабаларымыздың арабтар жағына шығуы халқымыздың ислам дінін біржолата қабылдауына бастағанын, осы соғыста жеңілген қытайлықтар арасындағы тұтқын шеберлер арабтарға қағаз жасау технологиясын үйреткенін, әлемдік өркениеттің осы құралы сөйтіп бүкіл әлемге Талас өзені жағасынан тарағанын ескерсек, бұл соғыстағы жеңістің маңызын толығырақ түсінеміз [3].
Түркі халықтарының мұсылмандықты қабылдауы, ұлттық тарихымыз бен ислам тарихының ең маңызды оқиғаларының бірі болып табылады. Исламды қорғау мен таратуда үстемдікке қол жеткізгеннен кейін белсенді қызмет жалғастырды. Түркілердің Ислам мемлекеттерінің құрылған кезеңі болып табылатын Х ғасыр – Ислам өркениетінің гүлденген ғасыры болып табылады. Түркілер де аталмыш өркениетті дамытуға бар күшін салды. Олар сол дәуірлерде ислам мен мұсылман халқы үшін қызмет етудің нағыз күшіне ие болып тұрған уақыт еді. 1058 жылдан бастап ресми түрде Ислам дінінің қамқоршысы атағына ие болды. Бір жағынан Аббасидтер халифатының көтерілістерін басса, екінші жағынан Византия империясының шабуылдарын тоқтатты. Пікір айырмашылықтары мен алауыздықты жою мақсатында медреселер құрып, ғылымның дамуы мен мәдениеттің өркендеуі үшін қызмет атқарды. Құранды басқа тілдегі ұлттар үшін аударма жүйелері қалыптаса бастады. Бұл жөнінде тарихшы З.У. Тоғанның өзіндік жасаған пайымдары мен тұжырымдарына арнайы тоқталуды жөн көріп отырмыз. З.У. Тоған Құран және түркілер арасындағы мызғымас байланыстың бастау бұлағына, ұлт пен діннің ерекшеліктері тұрғысынан қараған тұжырымдарын 8 тармаққа бөліп айқындап өтуді жөн деп білеміз. З.У. Тоғанның тұжырымдары түркі халықтарының исламға деген діни сенімдерінің және оның тарихының маңыздылығына дәйекті дерек.
1. VIII-Х ғасырлар арасында түркі халқының шекарасына ислам дінінің біртіндеп таралуы етек ала бастаған еді. Исламнан бұрынғы тек тәңрілік, будда, христиан дініндегі түркі тілдес ұлттар шығыс халифтарының әскеріне толық өз еріктерімен қызмет етті. Себебі, пұтқа табынған қарлұқ еліне қарасты Талас және Сырдарияның орта ағысы тұсында орналасқан түркі тектес тайпалар, Шаш қаласы мен Іле өзені маңындағы мани дінін қабылдаған түркілерінің ешбірі, ислам дінінің енуіне қарсылық көрсеткен жоқ. Бірақ мұсылман елдерімен одақтасқан түркі тектес халықтар (Керейлер, Наймандар және Шігіл тайпалары) кәпірлерге қарсы күрес жүргізіп отырды. Оған төмендегі келтірілген деректер дәлел. Ахмет ибн Ибрагим аль-Истахридің атап көрсеткеніндей: олар «Ферғаналықтар» немесе «Жетікент түркі халықтары» деп аталынды. Халиф Биллах Жафар ибн Ахмет аль-Муктадир (908-932) оғыздардың әскер басы сүбашы мұсылман болмаса да хат арқылы байланыс жасап тұрды [4, 195 б.]. Яғма және шігіл тайпаларының билеушісі Бұғра хан Саманилермен одақ құрып, 921 жылы Хорасандағы иран көтерілісшілеріне тойтарыс берді. Сонымен қатар Емеви халифы Хишам ибн Абдулмалик Шам қаласына қонаққа келген Белхтық билеуші Бермекке өз дінін ұстануына қарсылық білдірмеді.
2. Емевид және Аббасидтерге қызмет еткен түркі армиясындағы әскерлердің өз діндері мен салт дәстүрін жалғастыруға, өздеріне киелі санайтын кітаптарын қолдануға мүмкіндіктер жасады. Оған Аббасид әулетінің халифы әл-Мұтасим (833-842) тұсында пұтқа табынған қарлұқтардан тараған Афшин оқиғасы мысал бола алады. Өзінің әскери және жазалаушы жоспарларын жүзеге асыру үшін әл-Мұтасим 835 жылы түрік Афшинді әскери басшылыққа қойды. Оның есімі Самарқанд пен Ходженттің арасындағы таулы өлкеде орналасқан Ошрусан атты шағын әмірлік билеушілерімен ақсүйектерінің тарихи лауазымына айналған. Бұрын Афшин будда дінінде болатын, халифтың әскери қызметіне келердің алдында ғана ислам дінін қабылдаған-ды. Ошурсанның әмірі болып, Аббастар әулетінің армиясын басқарғанда ол «Сарайдың табалдырығынан Батыс территориясының шекарасына дейінгі» барлық жерлердің бақылаушысы болып тағайындалды. Әскери жауынгерлердің жасаған кейбір әділетсіздігіне қарсы халықтың көтерілуінен қорыққан әл-Мұтасим өзінің ордасын неғұрлым қауіпсіз жерге көшіруді ұйғарды. Ол үшін халиф Бағдадтың теріскейіне қарай кететін Тигр өзенінің жағалауындағы аумақты жерді таңдап алды да, сонда Самарра деп аталатын жаңа қаланың құрылысын бастады. Өзінің Бағдаттан қашып Самарраға барған халиф көп ұзамай мұндағы Сарай армиясын басқаратын әскербасшыларына мүлдем тәуелді болып қалды. Афшинге жалған жала жабылып абақтыға қамалды да 841 жылы оны қастандықпен өлтірді. Бұл оқиға тек Самаррада ғана емес, халифаттың барлық орталық облыстарында билікті өз қолдарына алған түрік әскер басыларының ызасын қоздырып, белсенділігін арттыра түсті.
842 жылы әл-Мұттасимді оның халифтың күңі болған грек қызынан туған ұлы әл-Васик алмастырды. Бес жылдан кейін ол көтеріліс жасаған армия жауынгерлерінің қолынан қаза тапты. Ендігі билік түрік әскербасшыларының қолына тиді, олар таққа әл-Васиктің інісі Жапарды әл-Мұтаваккила деген атпен отырғызды (847-861) [5]. Емевид және Аббасид (х.ж.132/б.з.750ж.-х.ж.656/б.з.1258ж.) армиясының әскер қатарындағы түркі жауынгер ұландары үшін «Менің шығыста түрік есімін берген бір әскерім бар» деген сөз маңызға ие болды. С.ғ.с. Пайғамбарымыздың өзі «Алла жолындағы әскери орда» деп атағаннан кейін халық арасында түркі әскері туралы жақсы түсінік қалыптасты. Қауым билеушісі, жаһангер Ебу Ханифе, Хорасан және Мауренахрлық түркі әскерлері мен иран территориясындағы әскери ордасының әдет-ғұрып, салт дәстүрлеріне түсіністікпен қарады. Кейбір жауынгер түркі ақсүйектері арасында қолданатын тағам түрлерін, мысалы жылқы етін, сусындарын (қымыз, балдан жасалған сусындар) адал деп қабылдап, жарлық шығарды. Ебу Ханифе және оның жолдастары Имам Мұхаммед пен Юсуф түркі жауынгерлерінің арап тілін білмегендіктен ғибадат кезінде Құранды парсы тілінде оқуға; ал кейбіреулері арап тілін білсе де, ғибадатта парсы тілінде дұға оқуға рұхсат етті. Имам Өмер уль-Несефи бұл үш имамның әрекетін көрегендік пен даналық деп бағалады. Осыған орай, алғаш рет кейбір кішігірім сүрелерді түркі тіліне аударды.
3. Құранды аударуда Табери Тефсирді негізге ала отырып, Саманид (Самани әулеті билік басында (х.ж.204-б.з.820ж.; х.ж.390-б.з.1000ж.) отырды) билеушісі Абуль Қасым Мансұр ибн Нұхтың (961-977) нұсқауымен бірқатар ғалымдар парсы тіліне, содан кейін түркі тіліне аударды. Тәржімалаған ғалымдар арасында түбі Исфиджаптық (қазіргі Сайрам) ғұламалар да болған. Мани дініндегі Батыс түркілерінің әдеби тілі, орта ғасырдың «Алтын тамыры» деп аталған тілінде аудармалар жасалды. Бұл аударманың аяқталмаған көне нұсқасы Манчестердегі Джон Райландс кітапханасында сақталып тұр. Аударманың оғыз диалектіндегі тағы бір нұсқасы Британ мұражайында (түпнұсқа 9515) тұр. Бұл екі нұсқа парсы тілінен түркі тіліне аударылған. Ғалымдардың пайымдауынша, екі нұсқа да шамамен ХІ ғасырда жазылған деген дәйектерге сүйенеді. Арнау сөздерді жазған уақытына қарағанда, шығыс түркі диалектіндегі Қарахандықтар мен Селжұқтардың ХІІ ғасырдағы атақты уәзірі Тагар-бек Қашқаридың қол жазбасы болғандығын айқындайды. Әрине бұл жерде тілдік ерекшеліктеріне қарамастан нақты аударылған. Ари өркениетінен Түркі өркениетінің ерекшелігін осыдан анық көреміз. Түркі өркениеті әлемдік сегіз өркениеттің қатарына ілінбей қалғандығы белгілі. Бірақ бұл бұрмаланған көзқарасты толығымен сыпырып тастау уақыты келген сияқты. Сондықтан тарих ақтаңдақтарына зер сала отырып, ғылыми тұрғыда әлемдік деңгейдегі өркениеттердің қатарынан түркі өркениетін көру үшін тарихымызда бүгіліп жатқан деректерді аша білу біздің парызымыз.
Түркі тіліндегі құранның басқа да нұсқаларын атап өтуге болады. Олар: 1338 жылы Илхандықтар үшін Сыразда жазылған. (Түркі-Ислам еңбектері мұражайы № 73) одан кейінгі екінші нұсқа 1362 жылы Алтын ордада Моңғол империясының батыс территориясында өмір сүрген түркі халықтарының әдеби тілінде жазылған. (Хакимоглу Али Раша кітапханасында № 957) Ал, үшінші нұсқаның уақыты белгісіз; бірақ қағаз бен жазу ерекшеліктеріне қарағанда Орта Азияда жобамен Шағатай ұлысында жазылған. (РАН Восточ. институт) Бұл нұсқалар бізге Х ғасырдағы Аргу аудармасы, Моңғол империясына тараған Құран аудармасына негіз болған. Аймақтық диалектілердің ықпалында жазылғандықтан барлық нұсқаларда Х ғасырға тән көне түркі сөздері мен терминдері кездеседі. Сонымен қатар Петербургтағы (Ленинград) нұсқасында да көне түркі сөздері сақталынған. Құран түркі халқының әдебиет саласының (әдеби сынып) дамуына жәрдем етті. Бұл әдеби сынып аймақтық диалектілердің басымдығына қарамастан Шағатай ұлысының астанасы Самарқандтан Гератқа дейінгі аймақтарда ортақ әрі жалпы біріктірілген түркі тілі сипатына ие.
Гератта бұл тіл классикалық иран әдебиетінің түсіндірме түрлеріне ықпал етті. Сол себептен өзбектер дәуірінде Орта Азиядағы түркі тілдеріне Құранды қайтадан аударуға тура келді (Бұл нұсқа Конуадағы Юсуф Аға кітапханасында). Енді Орта Азияда жаңадан Құран нұсқалары пайда бола бастады. Қазіргі таңда Қазақстанда исламның пайда болуы мен даму тарихы мәселесін қарастырғанда, ислам дінінің діңгегінің бекуі Алтын Орданың мұсылманшылықты қабылдау кезеңінен бастау алады. Бұл кезең Берке ханның тұсында (1255-1266 жж.) басталды. 1283 жылдары Тодеменгу хан, оның соңынан Өзбек хан исламды қабылдайды [6, 39 б.].
4. Құранның парсы және түркі тілінде жасалынған аудармалары Ислам дінінің Орта Азияда кеңінен таралуына ықпал етті. «Алланың әскері» деп аталынған түркі армиясы ислам дінін толыққанды қабылдады. Пайғамбар мен оның сахабалары ұлттық қаһарман ретінде қабылданып, хазіреті Мұхаммед, Али, Халид ибн Уалид дала халқының ауыз әдебиетінен табылады, әсіресе ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетін өз әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрі бойынша киіз үйде өмір сүргендер түркі халқы деп саналды. Пұтқа табынуда көкке қол жеткізу аңызы кейіннен с.ғ.с. Пайғамбардың миғражында баяндалғанындай сюжеттер қалыптасты. Пайғамбар туралы исламдық әдебиет, ислам өкілдерінің уағыздары, халифтардың тарихына байланысты шығармалар, Газан хан (1336-1346) және Әмір Темір (1370-1405) кезеңінде Пайғамбар суреттелді. Илхандық және Тимуридтік сурет салу салты кейіннен Османдықтар діни әдебиетте де исламдық негізде енгізілді.
5. Аббасид және Саманидтердің әскери ордасындағы түркілердің көнеден келе жатқан әскери әдістерін және саяси құрылымдарын қолдануға мүмкіндік берді. Бірақ түркілер Таяу шығыстық теократтық билік түсінігін ешқашан қабылдамады. Олар сунни-ханефилік ағымына теріс болған барлық талаптардың енуіне жол бермеді. Саманид әскер басылары Түлүн Үгенің әрекеті Саманид Наср ибн Ахметтің батинилікке икемделуіне қарсы шықты. Өзбек Шайбани хан, Сафеви шах Исмайлға «сен әлемнен өзіңді жиырып алған бір дәруішсің» деп жазды. ХVІІ ғасырда Шығыс Түркістанда Шағатай Абдулла хан «Хазіреті Мұхаммед және Ебу Ханифе, бұл екеуі ғана емес хандар да мұсылман түркі халқы үшін ұлы тұлға санатында еді» деп атап өткен. Қожаларды (негізінде өздерін Пайғамбардан тараған ұрпақ деп санайды) мемлекетті басқару жүйесіне араластырмауға әрекет жасады. Салжұқтар «салтанаты» «хилафет» даңқын олардан сыпырып алды. Қарахандық билеушілер Самарханд және Бұхараның рухани жалынды әрекеттеріне қарсы әр уақытта күрес жүргізіп отырды. Шыңғыс және Темірдің мемлекетті басқару туралы көне әдістерін жазған кітаптарын қайта өңдеп исламдық негізде «Құдатғу білік» атты еңбегін Ж. Баласағұн Баласағұнда бастап, Қашқарда аяқтап, Сүлеймен Арслан ханға сыйға тартты. Хан ғұламаның бұл еңбегі үшін Ұлы хас-хажип деген лауазым берген. Олар өздерінің тілін, әдебиетін, тарихын, тағы басқа ғылым салаларын зерттеуде түркі халқына ортақ болған «Құдатғу білікке» жүгінеді. Сонымен қатар тілімінің дамуына Құран аудармалары әсер еткендігі, Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде көрінеді. Атақты орыс ғалымы А.Н. Кононов М. Қашқаридың бұл кітапты жазудағы басты мақсаты түрік тілінің мәртебесін көтеріп, оның араб тілінен кем түспейтіндігін дәлелдеу болды дейді. Ал екінші бір түрік тілінің маманы Н.А. Баскаков Махмуд Қашқари бұл атақты еңбегін жазуда түрік тілдерін өзара салыстырған зерттеушілердің көшбасшысы болды. Деген пікірді айтады [7, 219 б.]. Илхандықтармен қыпшақ даласына билігін құрған Жошы әулеті арасындағы күрес ХІV ғасырға дейін жалғасын тапты. Илхандық Газан ханға арнап, Бұхаралық ғалым Фыкых кітабын жазады. Онда экономика және саяси әлеуметтік жағдайға байланысты шығарылған бұйрықтар жазылған фыкых кітаптарын пайдаланды. Бұл шығарманың бір нұсқасы Лахорда, екінші бір нұсқасы Стамбулда сақталынған. Түркияда ХІV ғасырдың бірінші жартысында тек қана Шыңғыс хан жарлығын өңдеп, Османдық нұсқа яғни Кануни сұлтанның нұсқауымен «Осман жарғысы» жасалынды. Сонымен қатар шариғат заңдары мемлекеттік заңмен сәйкестендірілді. Мемлекет заңдары мен шариғат заңдары арасындағы қайшылықтардың себебінен күрес жылдар бойы жалғасты. Нәтижесінде Кемалистік реформаға дейін «Межелле» түрінде біріктірілген еді.
6. Бұл әрине мұсылман халқы, түркілердің жасаған жолымен жүрді деуге келмейді. Түркілердің бұған дейінгі күресінің нәтижесінде олар көне мемлекеттік басқару түсінігінен бас тартуына талап қойылмады. Араб алфавитімен қатар ұйғыр алфавитін қолдануға, жаназаға, сарайға және жалпы жиындарға әйелдердің баруына тиым салмады. Шариғат бойынша жеваз салығын төлемегендерді қинамады. Сурет өнерінен бас тартпады. Олар тақта отырып ішуді, әскер басылармен мейрамдар өткізуді саудамен айналысуды т.б. жалғастырды. Шыңғыстың шарықтауы және ұрпақтарының ислам дініндегі ханефи-суннилік ағымда жүруі, Батинилер мен Алевилердің теократтық жолға түскен бүкіл үміттерінің солуына себепші болды. Батыста Анатолия және Қырымнан шығыста Ханбалыққа дейінгі территорияда тек бір ханефи-суннилік мұсылмандық толығымен таралды.
7. Ислам тұтастығының күшеюіне түркілердің қажылық парызын орындауы өте пайдалы болды. ІХ-Х ғасырдың өзінде Түркілердің қажылық сапарының маңызды бір мәселеге айналуы жөнінде қазіргі Дублиндегі Честер Биути кітапханасында (Chester Beatty) Ибрахим ибн Мұхаммед уль Естахридің «Сувар уль-Екаалум» атты еңбегінде атап өткен. Онда «шындығында олардың (түркі) ислам діні пайда болған жерден қашық орналасқан; бірақ қажылық сапарын жасауда басқа ұлттарға қарағанда, бірінші орында. Олар сондай халық, басқа халық олардан бұрын шөл даланы басып өте алмайды, сонымен олар сияқты шөлден бұрын шыға алмайды. Олар дала өміріне берік әрі төзімділігіне қарамастан мемлекеттік құрылымы тұрақты, тәртіпте ұстанымды, басшыларына бағынатын халық ретінде басқа халыққа қарағанда жоғары деңгейде. Сондықтан халифтардың назарын өздеріне аударды. Олар әскерлеріне Мауреннахрлық түркі жауынгерлерінен жасақ құрды. Сондықтан түркі қаһармандары әлемдік мәселелерді жоғары бағалағандықтан басқа қауымдардан жоғары сатыда тұрды». ХVII ғасырда Үндістанда Шаһ-Жиханның тұсында, Түркістанда Надир Мұхаммедтің тұсында Орта Азиялықтардың ең ірі қызығушылығы Дайбул (Карачи) жолымен Меккеге зияратқа бару болды. Осы екі билеушінің Жалаңтөс Бахадур арасындағы жазысқан хаттары дәйекті дерек. Қажылық сапар болашақта мұсылмандар арасындағы байланысты дамытуға үлкен үлес қосатыны белгілі. З.У. Тоған ХХ ғасырдың бас кезінде Ислам дінінің маңыздылығын көрегендікпен атап өткен.
8. Құран Түркілердің әскери және мемлекеттік басқару жүйесін өзгертпестен тәжірибелерін қолданып, үстемдігін Азияның кең даласы мен таулы аймақтарына ұзақ уақыт жүргізуіне берік ықпалын тигізіп, құранның күні бүгінге дейін түркі халқы арасына сіңді. Ислам діні Сасанид, Византия және Каспий территорияларына тез тарады. Құран түркі халқының философиялық ой жүйесін және әдеби тілінің дамып қалыптасуына өз үлесін қосты. Түркі халқының мәдениетіне ислам діні толығымен енді. Түркі халқының кейбір көне әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрінің орнын басты, сонымен қатар керек емес кейбір сарқыншақтарды ұмыттырды. Түркілер Құранды өзінің ұлттық нақыштағы киелі кітап ретінде толығымен қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |