Бірінші бағыт - дүниеге көзқарастық қызмет. Дүниеге көзқарас адамдардың, олардың қауымдастықтарының құдай туралы, дүние туралы және ол дүниеден алатын адамдардың орны туралы жүйеге келтірілген білімдердің жиынтығы. Дін құдай дүниені де, адамды да жаратқан алып күш, теңдесі жоқ құдірет, яғни - абсолютті күш деп түсіндіреді.
Екінші бағыт - бағалаушылық. Бұл бағытта діни сананың шешуші рөлі бар. Діни сана, қоғамдық сананың басқа формалары, айталық адамгершілік (этикалық) сана, көркемдік (эстетикалық) сана, құқықтық саналар сияқты өзінің құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Ол жүйеге ең алдымен - отбасының, оның мүшелері мен туған-туыскандарының қадірлейтін бейнелері, принциптері, нормалары жатады. Содан кейін тайпаның, елдің, халықтың, тіпті халықтардың да қасиетті деп есептелетін әдет-ғұрыптары, арғы-бергі ата-бабалардың ерліктері және өткен тарихтың ұлы тұлғаларының өнеге-өсиеттері кіреді. Ақыр аяғында, ондай құндылықтар жүйелеріне тылсым күштердің - әулие, періште, құдайдың бейнелері жатады.
Үшінші бағыт — реттеушілік қызметтер. Діни сана, қоғамның құқықтық санасы сияқты, адамдардың бірі мен бірінің, олардың қауымдастықтарға, құдайға, мемлекетке қатынастарын, яғни адамдардың өмірдегі қарым-қатынастарын реттеп отырады.
Дін топтастыру қызметін де атқарады. Дін, дін иелері діни нанымдағы адамдарды белгілі бір мақсаттар төңірегінде топтастырып, ұйымдастырады. Діндерді мәмлеге келтіретін - ондағы адамгершілік қағидалар. Осылар негізінде ынтымақтасу да, келісімге келу де жүзеге асады. Ежелгі сан ғасыр қазағымның рухани дамуының қайнар көздерінің бірі болып келе жатқан ислам дінінің халқымыздың ұлттық иммунитетін қалыптастырудағы рөлі ерекше екені аян. Олай болса, бүгінгі жаһанданудың кері әсеріне тек ұлттық қасиеті, ділі мен діні күшті ел ғана төтеп бере алады.
Діннің қоғамдағы қызметтерінен оның қоғамдағы рөлі шығады. Алайда Конституциямызда діннің мемлекеттен, мемлекеттің діннен бөлек екені атап көрсетілгені белгілі. Дінді мемлекеттен бөлу мәселесін Алаш жетекшілері де көтерген еді. Олар дін қызметкерлері мемлекеттен айлық алып отырса, онда діннің тәуелсіздігі сақталмайды деген. Әрине, Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары дінді мемлекеттен бөлу керек дегенде екеуінің арасына қытай қорғаны салынсын деген ойда болмаған шығар. Өйткені дінсіз мемлекет те, мемлекетсіз дін де жоқ. Қоғам дінсіз өмір сүре алайды. Бұған дінді мойындамаған кеңес өкіметінің шындығы дәлел.
Діндердің адам тәрбиесіндегі рөлін ерекше бағалай отырып, діндердің тарихын, олардың ізгілікке, имандылыққа шақырған және т.б. адамгершілікті насихаттаған қағидаларын мектептерде оқытылып жатыр. Бұл бүгінгі жаһандану заманында аса қажеттілік болып тұр. Алайда, бүгінгі дін оқулықтары туралы пікір қайшылықтары мол. Ол көбіне көп мемлекеттің дінге байланысты, оның ішінде ежелгі діндерге деген көзқарастарының кешегі кеңестік кезеңнен ұзап кете алмағанынан болып отыр.
№ 10 лекция. Этнос және ұлт әлеуметтануы
Достарыңызбен бөлісу: |