Негізгі кезең.
Педагог мақалдар оқиды:
Атадан бала туар, ата жолын қуар. Бабалар өмірі – ұрпаққа өнеге.
Мақалдардың мағынасын қалай түсінуге болады? Балалар педагогтің көмегімен мақалдардың мағынасын ашады:
Ата-бабаларымыздың жақсы істерінен үлгі алып, солар сияқты еңбек ету керек.
Келешек ұрпақ ата-бабалардың үлгі-өнегесін алып өседі, олардың ақылымен ержетеді.
Ұрпақ, ата-баба сөздеріне сөздік жұмысын жүргізеді. Ұрпақ – тұқым, жұрағат, нәсіл, келешек ұрпақ. Ата-баба – бұрынғы өткен әкелер.
Полилингвалды компонент: бесік – колыбель – cradle, бесік жыры – колыбельная песня – lullaby .
Қазақ халқында ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне көп мән берген. Кішкентай балалар өнегелі, тәрбиелі болып өсуі үшін, ұлттық салт-дәстүрді қалыптастырып, мұра ретінде келешек ұрпаққа қалдырып отырған. Бүгінгі оқу қызметіміз салт-дәстүрлер туралы болмақ. Салт-дәстүр дегеніміз – белгілі бір рәсім, әртүрлі жағдайларға арналған ұлттық мағынадағы елеулі кезеңдер.
Демонстрациялық материалдармен жұмыс.
Суреттерге назар аудару.
Мына суретте жаңадан туған нәрестені бесікке бөлеп жатыр. Бұл – қазақ халқының ежелден келе жатқан «бесікке бөлеу» дәстүрі. Суреттен тағы нені байқауға болады?
Баланы анасы бесікке бөлеп жатыр, аналар «бесік жырын» айтып тұр.
Анасы кішкентай баланы бесікке бөлеп, ұйықтату үшін «бесік жырын» айтады. Сендердің аналарың ұйықтатар алдында қандай бесік жырын айтады?
«Бесікке бөлеу» ойыны
Педагог алдын ала дайындаған қуыршақты, бесікті алып шығады. Бір қызды қасына шақырады. Кішкентай қыз бесікке қуыршақты жатқызып, бөлейді, тербетеді. Бесік жырын айтады:
Айтайын әлди өлеңін, Қуанышым, өлеңім.
Ұйықта, ұйықта, бөбегім. Әлі өзің жетексіз,
Батыл басып кетерсің. Оқу оқып, білім ап, Мақсатыңа жетерсің.
Балалар өздері білетін «Бесік жырын» айтады.
«Бесікке бөлеу» – кішкентай бала үшін өте маңызды. Баланың сымбатты, денесі түзу болып өсуі үшін ата-бабаларымыз баланы бесікке бөлеген.
Келесі суретте не бейнеленген?
Ұлттық киімдегі кішкентай бала, апа оның тұсауын кесіп жатыр. Жасы үлкен әжей
«шашу» шашып жатыр.
Бесікте жатқан бала өсті, тәй-тәйләп жүре бастады. Енді көп құламай тез жүріп кетсін деп, ол баланың тұсауын кеседі. Адал, шыншыл бала болсын деп, тұсауын «ала жіппен» кеседі.
Қазақ халқында «Біреудің ала жібін аттама» деген мәтел бар. Оның мағынасы – ешқашан өтірік айтпай, ұрлық жасамай, үлгілі, өнегелі азамат болып өссін дегенді білдіреді.
Сергіту сәті:
Балалар хормен Е. Өтетілеуұлының «Тәй-тәй» өлеңін айтады. Өлең жолдарына сәйкес қимылдар жасайды.
Жаңағы кішкентай бала өсіп, 5–6 жасқа келді. (Cуретті көрсету). Үлкендер оған жеке тай атап, ашамай (тайға арналған кішкентай ер-тоқым) істетіп, қамшы өріп, «Сен азамат
болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді.
Осы қуанышқа орай атасы:
Ал ақ тілек, ақ тілек Атқа тоқым сал білек.
Атта жақсы шаба біл, Өнеге, өнер таба біл, Аймағыңа жаға біл.
Атқа міндің, ақ жол болсын! – деп бата береді.
Педагогтің әңгімесі: Қазақ халқының кең тараған рәсімі – шашу.
Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүр.
Шашу бала туылғанда, тұсау кескенде, сүндетке отырғызылғанда тағы басқа зор қуанышты күндерде әйелдер құрт, ірімшік, өрік-мейіз, кәмпиттен, күміс теңгеден шашылады.
Шашылған шашудан тойға қатысушылар теріп алады, ырым қылып балаларына апарып
береді. Шашуды, әдетте жасы үлкен әйелдер, әжелер шашады да, оны жастар, балалар теріп алады. Туыс-туғандар әкелген дастарқан – шашу ретіндегі қазақ халқының қуаныш-тілегін білдіретін ниеті. Дәстүрлі қазақ қоғамында ауқатты адамдар күміс, алтын теңгелер де шашқан. Шашу қазіргі уақытта да кеңінен қолданылуда.
Дәптермен жұмыс. Жеке жұмыс жүргізу. Балалар педагогтің айтқанын мұқият тыңдайды.
Тапсырманы орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |