Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Қалдыбаев Ә. Қ- 24 Мен апамның баласымын / Роман. Астана: Фолиант



бет9/13
Дата20.06.2018
өлшемі0,59 Mb.
#43780
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

(Дастан)
Аралтөбе түбінде бес үй отыр,

Ақбөпеден айырылып несіне отыр?

Әлдеқашан бір ойран етпес пе едім,

Кедейшілік қолымды кесіп отыр.

Айтып жүрген Саукеңнің жыры, қане,

Бастан-аяқ келіскен сыры, қане?

Ақбөпеден айырылып қалғаннан соң,

Тұмсығында Ұланның ұлығаны.

Қалғаным ба Ұланның жотасында,

Ғашық болдым Ақбөпе ботасында.

Кемшілік боп кедейлік соққаның ба,

Жарамадым Бөпенің қолқасына.

Қаңғып қалдым далада қолым жетпей,

Ашадағы жақсыға сөзім өтпей.

Малым жоқ ақшам да жоқ биге берер,

Жүрекке тиіп барад жанған өрттей.

Қаңғып қалдым қол жетпей боз далада,

Күлкі-мазақ болдым да бозбалаға.

Кезендің кердең заман кедей үшін,

Қолда жоқ қайрат-қуат жол бола ма?

Құрттың ба шаруаның қысқалығы,

Жаз айында киемін қыстағыны.

Өткен күзде бір қырға шығармақ ем,

Боп кетті болыс-бидің іштарлығы.

Болысыма беретін атым да жоқ,

Биекеме өтетін парқым да жоқ.

Бір атаның баласы бөрі кедей,

Атсалысар ауқатты жақын да жоқ.

Бөрі жеген, Ақбөпе, болдың лақ,

Айыра алмай Ұланда қалдым жылап.

Елу қара берді де бай әкетті,

Бес қара таба алмадым басын құрап.

Ақбөпе, торғай болдың жылан сорған,

Қаңғырып ажыратпай, қайттым жолдан.

Басқа тұрмақ мінерге жалғыз ат жоқ,

Не келер жылағанмен енді қолдан?

Қош бол, Бөпе, көрем бе, көрмеймін бе,

Айналып келемін бе, келмеймін бе?

Бөпе, сенен бар болса немді аяр ем,

Қырық тұрмақ елуді бермеймін бе.

Тыңдайтұғын бар болса әділ заман,

Басты тігіп жолыңда өлмеймін бе.

Қош бол, Бөпе, ақ Бөпе, алтын Бөпе,

Жақсы туған жайдары, жарқын Бөпе!

Малды артық баладан бағалаған,

Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе?

Үш жыл жүрдім соңыңда үміт артып,

Таппадым ешнәрсенің шартын, Бөпе!

Тұсымдағы жігітгің

Сауықта мен серкесі

Ауылдың әрін кіргізген

Қыпшақтың сен ең еркесі.

Шеңгелге шыққан қызыл гүл,

Өтелбайдай момынның

Туылған аппақ бөпесі.

Малға сатты зарлатып,

Үстіне беріп әйелдің,

Билердің қызсын шекесі.

Жиырма жеті жасында

Сауытбектің қиылды

Кедейліктен желкесі.

Азаға салған тайлақтай

Жетекте кеттің байланып,

Саудагердің малындай

Бір жерден жылжып, бір жерге

Базарға кеттің айдалып.

Ықтиярлы заман жоқ

Арыстанның аузында

Босқа кеттің шайналып.

Бір басыма — бір көзім,

Жете алмай қалдым зар жылап,

Тентек қойша айналып.

Екеуміз де туыппыз

Әділетсіз уақытта.

Кедей өтті жылаумен

Қолы жетпей суатқа.

Жаман да болса бай ұлы

Ойнаған кез шуақта.

Екеуміздей қол қысқа

Жылай-жылай күнбе-күн

Көз жаспен бетін жуат та.

Баянсыз өткен бұл дүние,

Кедейге жоқ жақсылық

Ақша, мал мен қуатта.

Әйел үсті бір байға

Қордайға кетті зар жылап.

Қақпанға түскен қасқырдай

Қол байлаулы мен қалдым

Жылап-сықтап шырылдап.

Өтесің де қайғымен

Жөн білмейтін бір тентек

Тоқал десе қалжыңдап.

Орнына кеттің байталдың

Ақша мен малға сатылып,

Жібек жалды арғымақ

Қалған жерім қаңғырып

Жадыраның даласы.

Әулиеата, Пішпектің

Екі дуан арасы.

Күні кұрысын кедейдің

Болмаса отыз қарасы

Сауытбек қалды сандалып,

Бір қызға жетпей шамасы.

Қара баста ерік жоқ,

Әйел жатыр сатылып.

Қу заманға қарашы

Жүрегімнен оқ тиіп

Ұлып қалдым далада,

Дүниеде бітпес жарасы.

Ит-құс боп ұлып, ән салып

Патша зұлым болған соң

Естілер кімге наласы?

Өз балаңды саудалап,

Сол жеріңді қайтейін,

Бойға сіңген бұл ауру —

Қазақ атамның шаласы.

Жылап қалдым далада.

Ем таба алмай жараға.

Өксіп-өксіп жылаймын

Ұқсадым сәби балаға.

Артыңнан қуып іздедім

Қолда қару, ақша жоқ

Кім жүреді араға?

Үш жыл еткен еңбегім

Босқа кетті далаға.

Малға болса кедеймін

Сөзімді кулар ала ма?

Жоқтап жылап өтермін

Өле-өлгенше зар жылап,

Күлкі боп бала-шағаға.

Қош бол, Бөпе, не дейін,

Атадан туа кедеймін.

Алысқа кеттің айдалып,

Енді қайтып көрмеймін.

Ете алмадым жігіттік,

Уәдеге мәрт болдым,

Оныңды қашан өтеймін?

Жылап-сықтап өтсек те

Көп жиылған жиында

Соры да жалғыз көмейдің.


Дәптерді оқып шығып ойланып отырып қалдым.

Неткен зарлы өлең еді!

Әттеген-ай, сүйгеніне қосыла алмай зар жылаған екен- ау Сауытбек ақын!

Өзіне осындай өлең арналған Ақбөпе өте сұлу қыз болған екен де.

Бұл дүниеде Сауытбек ақын да, Ақбөпе ару да жоқ "Ақбөпе" дастаны бар.

Сауытбектің зарлы әні — "Ақбөпе" бар.

Адам өтеді өмірден. Оның өлеңі, өнері қалады.

Мен де неге осы Сауытбек атам құсап өлең шығармаймын?

Сонда мен кімге ғашық болып зарлаймын? Тоқта! Базаркүл ше?

Мен, міне, аяқтың азабын тартып жатырмын. Ол Шоқпарда оқып жүр.

Базаркүлді де біреу Ақбөпе құсатып мал беріп алып кетсе қайтемін?!

Жоқ өйтпейді. Қалыңмал деген құрыған. Қыз қазір өз сүйгеніне барады. Базаркүлдің сүйгені кім?

Базаркүлді біздің кластағы балалардың бәрі жақсы көреді. Мен ше? Мен

де жақсы көремін.

Базаркүл!

Сауытбек атам "Ақбөпе!'’ — деп еңіресе, мен "Базаркүл" деп жылаймын.

Менің көзіме шынымен жас үйірілді.

Базаркүл, сен Шоқпарда оқу оқып,

Жүрсің-ау көп білімді ойға тоқып.

Аяқ сынып жатырмын сүйретіліп,

Жаман ойлар жүдетті миды шоқып.

Базаркүл, сен ешкімге алаң болма,

Құдайым түсірмесін жаман жолға.

Тілегім: жақсы оқып, бұралып өс,

Бастап жүрсін арманың адам болға

Сауытбектің ой салды әні төккен.

Сақ болғын қу Мәтен мен Әлібектен,

Бұл аяқтың қорлығы өтті маған.

Күресерге дәрмән жоқ әлі көппен.

Ойбай-ау, бұл не сұмдық! Өлең төгіліп барады. Жаза берсем, сілтей беретін түрім бар. Қой, тоқтайын. Маған ғашық болу әлі ерте. Базаркүл талшыбықтай қыз, мен бозым жігіт боламыз. Сонда жазамын мен Базаркүлге арнаған өлеңдерімді.

Өлең жазу үшін Сауытбек ақын құсап қайғы жұту керек шығар. Құрысын! Ол заман кеткен. Енді ақындар сүйген қызына еш кедергісіз қосылады. Ендеше ақындар бұдан былай қыздарға арнап өлең жазбайтын болар. Өзіңмен бірге оқып, бірге жүрген қызға өлең шығарудың қажеті қанша. Өлең жазғанша өзін көр.
Мен Базаркүлді қайтіп көремін, ол алыста жүр.

Менің жатысым мынау.

Мен оқуды, балаларды сағынып жатырмын.

Базаркүлді ерекше сағыныппын.

Базаркүл, сарғайдым-ау, сағындым-ау,

Саған мен өлең жазып қағындым-ау.

Сен алыста жүргенде, ей, Базаркүл,

Деп қорқамын өзіңнен қағылдым-ау!


Е-е, өлең қайғы ғана емес, сағыныштан да шығады екен ғой.

Аяғымның сынғаны қандай жақсы болған. Аяғым сынбаса ғой мен бүйтіп шоқиып Базаркүлді сағынып отырмас едім. Сағынбаған соң өлең жазбас едім.

Ө-өй, тоқта!

Өлең кұрысын! Аяқ керек маған!

Аяғым жазылса, Шоқпарға барамын. Базаркүлге айтатынымды өлеңмен емес, қара сөзбен айтамын.

Қара сөз жақсы ғой, шіркін. Ұйқас іздеп қиналмайсың, аузыңа келгенді ақтарып айта бересің.

Сонда мен Базаркүлге не айтпақпын?

Базаркүл, мен сені жақсы көремін!

Базаркүл, мен сені сүйемін!

Жоқ, мен бұлардың біреуін де айта алмаймын. Мөлиіп қарай беремін. Базаркүл өзі түсінеді.

Ұл баладан қыз бала түсінікті, деседі ғой үлкендер.

Базаркүл — түсінігі мол, ақылды қыз.

Бүгін кешке төрт көзіміз түгел үйде отырғанда отбасына " Ақбөпені" дауыстап оқып бермек болдым.

Жұрт қаперлерінде ештеңе жоқ, тамақтарын ішіп болып, аяқтарын жазып отыра берді.

Ұйғарымымды жария ететін кез келді.

– Жезде, сіз "Ақбөпені" білесіз бе?

– Қай Ақбөпе?

– Сауытбек ақынның "Ақбөпесі".

– Саукеңнің "Ақбөпесін" білмей не бопты?

Білсеңіз, мына дәптерде сол “Ақбөпе" бар, оқып берейін бе?

– Міне, қызық! Оқы!

Біздің үйдің іші түгел құлақ түріп тына қалды.

Мен "Ақбөпені" мәнерлеп оқып шықтым.

– Жөн екен. Бұл бәрі емес, біразы екен. Саукең мұны бір түн жырлайды екен. "Ақбөпенің" әні де бар.

– Сіз білесіз бе ол әнді?

– Күнтуда "Ақбөпені" білмейтін кім бар, бәрі біледі.

– Білсеңіз, айтыңызшы.

– Оған дауыс қайда? Мен бұл әнді Саукеңнің өз аузынан естігенмін. Ондай әнші жоқ бұл қазақта. Саукеңдей айта алмаған соң, әннің басын жарып, көзін шығарып қор қылудың қажеті жоқ.

– Сонда да айтыңызшы, жезде!

– Қап, болмадың-ау, Алданыш-ай! Айтайын.


Бескепенің басында бес үй отыр,

Ақбөпе жоқ ішінде несіне отыр.

Мал бергені барады алып кетіп,

Кедейшілік қолымды кесіп отыр.


Кім білген, жездем әнді бір кісідей—ақ айтады екен. Әуелім, біртіндеп қыза келе "Ақбөпені" ұзақ жырлап кетті.

Бірден байқағаным, ән сөзінде едәуір өзгешелік бар.

Ән керемет зарлы. Сүйгеніне қосыла алмай аңырап қалған жарлы жігіттің ащы айқайы, мұң-шері зар-запыран болып төгілді.

Адамға сөзден ән күшті әсер ете ме деймін. "Ақбөпені" жаңа мен оқығанда тып-тыныш отырған апам мен әпкем: "Қап!.. Бейшара-ай!", "Атаңа нәлет қу кедейшілік!" — десіп күңіреніп кетті. Балалар жағы көздері бақырайып отыр.

Менің жүйке-жүйкем босап, көзіме жас үйірілді.

Әкемнің әншейіндегі бетінен үзіліп көрмеген сұстан түк қалмаған. Аһ ұрып, қайғы жұтып отыр. Ән құдіреті — бұл.

– Қалқабай, әнші екенсің ғой, — деді апам.

– Бүйтіп ән айтқанын естіген емес едім, — деді әпкем.

– Біздің күнту — сөз білген, ән айтқан ел. Сауытбек – Ашаның алты салының ішіндегі шоқтығы ең биігі. Саукең "Ақбөпені" айтқанда жыламайтын жан болмайды екен, Алданыш, сен үйреніп ал бұл әнді, — деп жездем маған қарады.

– Үйренемін!

Осыдан кейін кешке қарай біздің үйде ән айтылып жататын болды. Бұл — үлкендердің бізге ән үйреткені. Ән үйрету — ән айту. Үйрену де ән айту. Апам да, жездем де, әпкем де әнді көп біледі екен.

Мен демде-ақ олардан талай ән үйреніп алып, айтатын болдым.

Ал, "Ақбөпе" дастанын жаттап, әнін үйреніп алдым, бірақ айтуға жүрексінемін, даусым жетпейді.

Амандық болса, айтамын әлі-ақ аңыратып.

Адам өз жақынын емдей алмайды тегі. Әйтпесе, менің апам кәдімгідей тәуіп адам. Қазақтың ең көп тараған емі демеу сөз. Оны апам күніне мың рет айтады, бірақ сыныққа ол әсер етпейді.

Апамның қолы керемет епті. Қалтқыны шешіп, қайта таңу, сор ботқа тарту, жұмыртқаның сарысын жағу кезіндегі апамның абай қимылын айтпаңыз, мүлде ауыртпайды. Арнайы білімі бар емші бикенің өзі апама астар бола алмас.

Басқа кезде де апам ғажап сақ сынған сүйектің титтей де қимылдамауын бір елі есінен шығармайды. Оның үстіне өзім де бармын ғой. Қайткенде қай жерім ауырады, оны менен артық кім білсін. Апамның еппен сылап-сыйпағаны, өзімнің әрекетім аяқтың бетін бері қаратты.

Адамның сезімі қандай күшті еді, шіркін! Мен аяғымның сынғанын ат үстінен ұшып кетіп, аунап келе жатқанда қас қағым сәтте сезгенмін. Бұралып, сүйретіліп жатқан аяғымды көргенде көңілім жамандыққа қиғысы келмей, қандай да бір дәмемен сынған тұсқа қарай бергенмін. Тіземнен ұстап тартып жинап алған сол аяқтың ортан жілігі ортан белінен үзіліп кеткенін айтып жеткізгісіз түйсікпен білгенмін.

Барт болған ісік қайта бастады. Мүмкін, сор ботқа сорған шығар, мүмкін, жұмыртқаның сарысы тартқан болар, саным жіңішкеріп өз қалпына келе бастады. Апам да, мен де ісікті ұстап та, басып та көреміз, екеуміз де асығамыз, бірақ сынық асықпайды. Жетпісбай жылқышы айтқандай, сүйегім күн санап жатқан шығар. Амал қанша, адамға шыдам керек, ал, ол менде жеткілікті.

– Не аяғы сынғанда, не сынған аяғы шоршып ұйықтай алмай жатқанда кішкентай бір қыңқ еткенді білмеді-ау Әлдеш бала болып, — деп таңданғаны бар әпкемнің.

Онысы — рас. Аяғым ауырсын, ісік сыздасын, шыдаймын. Егер мен осалдық танытсам, онсыз да жарым көңіл болып жүрген апам мен әпкем зар қағар, мені аяп жәудіреп қарай беретін екі қарындасым мен інім шырқырап жылар деп қорқамын. Мен өзімді емес, соларды аяймын. Ешқайсымыз да асықпайық аяғым жазылады.

Он төрт күн өтті. Мен он төртінші тәуліктің дәл аяғым сынған түскі әлетін күтіп жаттым. Сағат жоқ бірақ болжам бар, тал түсте менің шорт сынған сүйегім ілігуі керек. Мен оны сезер ме екенмін? Шіркін-ай, адамның көзі еттен өтіп, сүйектің үзілген екі басы бір-біріне біте қайнасып жымдаса бастағанын көре алатын болса, мен аяғыма кірпік қақпай қарап отырар едім. Адамның көкейі – көзден өткір. Адам организмі-сұмдық нәзік те жұмбақ құбылыс. Денеңіздің кез-келген жеріндегі кішкентай бір жараның ауырып сыздағынан барлық мүшеңіз сезінеді, оның жазылып келе жатқанын да біледі. Сүйектің сынығының жай-күйін де дәл солай түйсініп, сезінеді екен адам. Мейлі сынған сүйек қара санның қалың етінің ішінде болсын, оны қалың ісік басып тұрсын, мықты бір тежегіш аяқты қимылдатуға еш әрекет еткізбей, бір қалыпта тас қылып ұстап қалған. Баска мүшемнің бәрі әлдеқашан ұмыт болған. Оң аяғым да, екі қолым да бейне бір керегі жоқтай, бар назарым сынған сол аяғымда, бар тілегім соның үстінде.

Он төртінші күні, мүмкін, менің сонша күткенімнен болар, сынған сүйегім қайта-қайта шымырлап, сан етім жыбыр-жыбыр етті.

– Апа, сынған сүйек ілікті!

– Оны қайдан білдің, күнім?

– Аяғыма жан кіріп жатыр.

Осы күнді тағаттары таусылып күтіп жүрген жездем мен әпкем жарыса үн қатты:

– Қане, қимылдатшы!

– Ия, сәт!

Мен аяғымды ақырын жиып, қайта создым.

Сол кездегі біздің үй ішінің қуанғанын айт!

– Бітіпті!

– Құдай, өзің жәрдем бере көр!

– Жә-жә!..

Бәрі мені қаумалап тұрғызды.

– Қалқабай, абайла, қолтығынан мықтап ұста! — деді апам.

– Өстіп жүріп аяғын ауыртып алармыз. Қой, жатқызайық! — деді әпкем.

– Сөзді қойыңдар! Әміржан, арғы қолтығынан ұста, жер басқызып көрейік, — деді жездем.

Әпкем дереу сол қолтығыма жармасты. Жездем оң қолтығымнан алған, екеуі ілгері еміндіріп еді, сынған аяғыммен жер басуға жүрегім дауаламады. Адамның барлық қимылын реттеп отыратын күш ақаулы аяқтың мүмкіндігіне сенбеді, тәуекелге жібермеді.

–Бас! Басып көр аяғыңды!

Жездемнің үні өктем шықты.

Не болса да сынған аяқпен жер басуға оңтайлана бердім.

– Қой, не деп тұр? Қышығаны несі?! Аяғы ауырады да, әйтпесе, Әлдеш аянушы ма еді?

Апам менің мүшкіл халімді дөп басып тұр.

Жездем райынан қайтты.

– Алданышқа балдақ керек екен.

– Ол қайдан табылмақ? — деп апам ойланып қалды.

– Табылады. Тоқтардың балдағын әкеліп беремін мен.

– Балдағы құрысын! Онымен жүре алмай, жығылып, тағы бір жері зақымданып жүрер. Ол пәледен Тоқтардың өзі де жығылып қалатын көрінеді. Қойшы соны, — деп әпкем жік-жапар болды.

Мұндайға көну қайда, жездем кесімді сөзін бар-ақ айтты:

– Әкелемін!

Жездемді енді райынан қайтару қиын.

Апам да, әпкем де көнді:

– Өзің біл.

– Мейлі, әкелші.

– Бәсе, сөйтсеңдерші. Сендер қорқады екен деп төсекте жата бермек пе бұл?

– Жоқ жатпаймын, тұрамын. Жезде, әкеліңіз балдақты.

– Міне, жігіт!

Жездемнің мына сөзіне мен ғана емес, апам мен әпкем де қуанып кеткендей болды, жүздерінде нұр ойнап тұр.

Менің орнымнан тұрғанымды айналасы үш үй кішкентай ауыл тез біліп қойыпты.

Үйге Костя атай мен Маруся апай кіріп келе жатты, екеуі де керемет қуанышты. Екеуінің менің орнымнан тұрғаныма осыншама мәз-мәйрам болғандарына кәдімгідей толқыдым әрі қайран қалдым.

Костя атай мен Маруся апай жарыса сөйледі:

– Калкабай, Алданыш турган, молодец. Биз куттыктайды!

– Алданыш, а ну-ка, тур биз көреді.

– Да-а, котерген керек. Давай, кол бер.

– Костя, ты что, не надо торопить пацана. Алданыш, аяк ауырады?

– Ия, ауырады.

– Жазылган керек, тогда турады.

– Калкабай, биз уялып журген. Жаксы болды.

– Неге ұяласыңдар?

– Алданыш аяк сынган, касыда Вова болган, биз катгы уялган, — деді Маруся апай.

– Алданыш — ойын баласы, жазым болып сынды аяғы. Біз оған ешкімді кінәлаған емеспіз, — деді әпкем.

Все равно, жаксы емес, — деді Костя атай.

– Жақсы. Сынық бітті, бала орнынан тұрды. Бәрі жақсы.

– Дай, бог! Алданыш — жаксы бала, — деді Маруся апай.

Аяғым сынған кезде менің жанымда Вованың болғанына қатты қиналып жүріпті ғой бұл кісілер.

Енді, міне, кәдімгі бір өз балалары қатерден құтылғандай қуанып тұр.

– Бұл — праздник. Мен улкен торт писиреди Алданышка.

– Торт бар балага берген керек.

Неткен жақсы адамдар еді бұл Вованың әкесі мен шешесі!

Бар айыптары қазақша жөнді сөйлей алмайды, сөздің бәрін біледі, тек дұрыстап айтуға тілдері келмейді. Ал, балалары қазақшаға ағып тұр. Олармен ойынымыз да, тіліміз де бір.

Мен, міне, енді байқап отырмын, Кербұлақтың басында – Барлыбайдың жұртында отырған үш үйдің үлкен-кішісінің қуаныш-қайғысы ортақ екен.

Костя атай мен Маруся апай табалдырықтан әрі аттасымен жездем бізге қарады да:

– Мына кісілердің келіп, кеткенінен не ұқтыңдар, балаларым, — деді.

– Ештеңе.

– Жақсы адамдар екен.

– Рас айтасың, Алданыш, жақсы адамдар. Орыстар осындай, көпшіл, өзгенің қуаныш-қайғысын бөлісуге дайын тұрады. Бұларда ешқандай ру, ата деген болмайды. Сен адамсың ба, болды, сол жетіп жатыр. Мұндағы болмаған біз — қазақтармыз. Сиырдың бүйрегіндей бөлтек-бөлтек болып бөлініп жүргеніміз. Қазаққа өз аталасынан басқаның бәрі бөтен, жаман. Осы кесапаттан аулақ болыңдар, балаларым!

– Сонда біз кунту екенімізді ұмытуымыз керек пе?

– Неге, ұмытпа. "Жеті атасын білмеген — жетесіздік",– деген атам қазақ, Руыңды біл, рушыл болма, тегіңді таны, ата жолын қу.

Шәкен екеуміз үнсіз келісіп отырмыз.

Біздің әкеміз — айтатын сөзін, жұмсайтын жерін білетін адам. Біз әкеміздің бір сөзін жерде қалдырып көрген емеспіз.

– Балаларым, сендер осы аттектеріңді білесіңдер ме?

– Былай, ептеп, — деді Шәкен.

– Жоқ олай болмайды. Сендер қайдан шыққандарыңды жақсы білулерің керек. Ал, мен айтайын, екеуің жаттап алыңдар. Әлде, Алданыш, сен жазып аласың ба?

– Айта беріңіз, мен бір естігенімді ұмытпаймын.

– Ендеше тыңдаңдар, мен — Смағұл баласымын, Смағұл — Оразбай баласы, Оразбай — Тілен, Тілен — Тілепберген, Тілепберген — Ыңыршы, Ыңыршы — Есенаман, Есенаман — Құттықадам, Құттықадам — Теген, Теген — Әйтімбет, Әйтімбет — Күнту, Күнту — Бозқозы, Бозқозы — Шынқожа, Шынқожа — Шымыр баласы.

Шымыр — Дулаттың кенже ұлы. Дулаттан – Сыйқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр тарайды. Дулат үш ағайынды. Дулат – Жарықшақтың кіші баласы. Дулаттың екі ағасы – Албан, Суан балалары Алматы облысында тұрады. Жарықшақ — Бәйдібек атамыздың кіші әйелі Домалақ енеден туған ұлы. Атамыздың Жарықшақ атанауы — келелі әңгіме.

Бәйдібектің үлкен әйелі сары бәйбіше тоқалға күндестікті көп көрсетеді екен. Анамыз екіқабат кезде сары бәйбіше кепсермен ішіне салып қалыпты. Кепсердің қыры Домалақ анамыздың қарнына қатты тиген екен. Кейін босанғанда баланың еңбегі жарық болып туыпты. Бала Жарықшақ аталыпты. Домалақ енеміздің шын аты — Нұрила.

Нұрила – денесі шағын, пәкене, қимылы ширақ кішіпейіл адам екен. Алдағыны болжай білетін көреген, айтқаны келетін әулие кісі болыпты. Қасиетті ананы денесінің шағындығына қарап ел: "Домалақ ене" атап кетіпті.

Домалақ енеміздің әулиелігі жөнінде әңгіме көп, соның бірі былай өрбиді.

Сол жаугершілік заманда Бәйдібек батыр ел қамымен алыста жүргенде Алатау асып келген қалың жау оның ауылын шауып, жылқысын айдап кетіпті.

Жау жылқыны шұбыртып айдап, Домалақ ене қараша үйде кішкентай жалғыз ұлы Жарықшақпен отырған бұлақ басына келіпті.

Домалақ ене Бәйдібектің жылқысын жау айдап бара жатқанын бірден біліпті.

Жау батырлары сусын сұрайды. Домалақ ене сұраған сусынын беріпті. Разы болған жау батыры: "Сусыныңа рахмет. Не қалайсың, айт, орындаймын", — дейді.

– Мына жылқының ішінен маған ұстатқанын бер, — дейді әулие ене.

– Айтқаның болсын, — депті батыр.

Нұрила белбеуін шешіп алып, қалың жылқыға жақындап, "Моһ-моһ, жануарым кел", — деп шу асау құла айғырды шақырыпты. Сөйтсе, жануар оқыранып Нұриланың алдына шауып келіп, белбеуге мойнын ұсыныпты.

Қалың жылқыны айдаған жау алты күндік жол асып кеткенде Домалақ ене сары айғырдың қолтығына қыл бурау салыпты. Сары айғырдың құлындағы дауысы шығыпты.

Жылқы ішінде сары айғырдың шешесі — сары бие бар екен. Мына сұсты адамдардың суыт тірлігінен секем алып, шөп басын үзбей, садақтай жарап алған сары биенің құлағына құлынының шырқыраған даусы жеткенде бетін кері бұрып, құстай ұша жөнеліпті. Қалың жылқы тайлы-тұяғымен соңынан жөңкіпті.

Жау жігіттері қумақ болған екен, батыр:

– Қумай-ақ қойыңдар. Сары бие енді атып алмақ болсаңдар да қарасын көрсетпейді. Әне күнгі сары айғыр сары биенің құлыны екен. Сары бие мына жылқының киесі, бәрі соның тұқымы. Бұлардың біреуі де енді қайыру бермейді, — деп найзасына сүйеніп тұрып қалыпты. Біздің анамыз осындай ғажап әулие адам болған.

Домалақ ененің әруағы қолдасын, Әлдеш, сені!

Айналайын ақ құдай, осы баламды кем қыла көрме! Жаратқан ием, жар бол!

Әкеміз екі алақанымен бетін сипап бата қылып, орнынан тұрды.

Шәкен екеуміз де алақандарымызбен бетімізді сипадық.

– Шәкен, жүр, екеумізге біраз жұмыс бар. Әкем мен Шәкен далаға шығып кетті.

Мен әкемнің тілегін іштей жалғастырып отырмын:

Құдайым-ау, әкемнің айтқанын болдыра көр! Әулие ана — Домалақ ене, мен сенің бір кішкентай бүршігіңмін. Ақсақ болғым келмейді, апатай!

Бір жәрдем етші!

Жездем сиырлы ауылға Тоқтар ағайдың балдағын әкелуге кетіп еді, өзі ере келіпті.

Тоқтар ағай — ақсақ адам. Анда-санда, жамбасының құрты қозғанда балдаққа сүйеніп қалады, басқа уақытта қолына таяқ ұстап ақсаңдап жүреді. Өмірі ат үстінде өтіп келе жатқан жігіт, колхоздың сиырын бағады. Қазір де ол балдақсыз жүр екен.

Тоқтар ағай ақсақтың жайын жақсы біледі екен. Алғашқы сөзін маған ақыл-кеңес беруден бастады:

– Бала, балдақпен жүру оңай емес, мені медсестралар қаумалап» жүріп зорға үйреткен. Жо-оқ балдақ оңай пәле емес, жүре білмейтін адамды бұлт деп ұшырып жібереді. Мен саған үйретейін деп әдейі келдім. Бірінші шартым — асығып-аптықпа. Әрі қарай шетінен айтып, істетіп отырамын. Мен не айтсам, соны екі етпей орындайсың. Түсіндің бе?

– Түсіндім.

– Онда тұрғызыңдар Алданышты!

Апам, жездем, әкпем үш жақтап асқан ептікпен мені қолтығымнан көтеріп тұрғызды.

Бәріміз енді Тоқтар ағайдың аузын бағып тұрмыз.

Тоқтар екі балдаққа асылып алып нұсқауларын беруге кірісті.

– Бала, міне, мына екі балдақты былай екі қолтығыңа қысасың. Міне, мына екі тұтқасынан екі қолыңмен былай қатып ұстайсың. Содан соң, міне, былай ұмтылып кеп секіресің. Бітгі, анадай жерге барып дік етіп түсесің. Міне, былай...

Тоқтар секіріп келіп кетті.

Сол сәт күтпеген жағдай болды.

Тоқтардың сау сол аяғы жерге тиген бойда шалқалап барып түзеле бере етпетінен түсті. Екі балдақ екі жаққа ұшып кетті.

Апамдар шу ете қалды:

– Ойбай, мына балдақ деген бір пәле екен ғой! Бір жерің ауырып қалған жоқ па, қарағым?

– Қайтадан майып қылып жүрер бұл баланы.

Тоқтар сөйлеп тұрып жатты:

– Абайламаса, балдық — асау тай. Адам бұлт деп ұшып кеткенін бір-ақ біледі. Тағы да болса — мен жығылып үйренгенмін, қалай жығылуды білемін. Балдақ ұстаған адамға ең бастысы — жығыла білу. Мына балаға қиын тиіп жүрмесе болды, әйтеуір.

Кемтар адам осы да, Тоқтар намыс буып қап-қара болып түтігіп кетті.

– Мейлі енді, не де болса, көрсін. Ал, ұста балдақты, қыс қолтығыңа. Жүріп көр, секір!

Жездем өстіп дем берді.

Намысым қозды.

Бәрі күтіп тұр ғой менің адымымның ұзарғанын.

Мен енді жасқаншақтай алмаймын. Екі балдақты екі қолтығыма қысып, алға қарай ұмтылып барып секіріп едім, анадай жерге барып түстім. Әрі қарай бітті, секеңдеп жүрдім де кеттім.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет