Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Қалдыбаев Ә. Қ- 24 Мен апамның баласымын / Роман. Астана: Фолиант



бет10/13
Дата20.06.2018
өлшемі0,59 Mb.
#43780
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Жездем таңданды:

– Апыр-ау, бұл қалай жылдам жүріп кетті!

Апам тыз ете қалды:

– Қой, Қалқабай, көзің тиеді.

Әпкем қуанып тұр:

– Жүрсін-жүрсін! Жүргенді сағынып қалған ғой.

Тоқтар кеңмолдық танытты:

– Балалар балдақпен жүруді тез үйренеді. Бұлардың өмірі — секіру емес пе, еркіне қоя беріңіздер, секеңдесін.

Мен кәдімгі бір бұрыннан балдақ ұстап жүрген адамдай, түк қиындық көргенім жоқ. Екі қолтығымда екі балдақ сынған аяғымды салақтатып алып секіргенде сонадай жерге бір-ақ барып түсемін. Бұл, әуелім, маған біртүрлі қызық сияқты болып көрінді.

Ойынға қайтадан араластым да кеттім. Бірақ өзім құралпы ересек бала жоқ қайбір ойын болсын. Слава, Вова, Базаркүл оқуға кеткен. Ауылда қалғандары — менің інім — Бекежан, қарындастарым — Здән, Бағдаш, Құтым апайдың баласы — Медер, қызы — Аманкүл, Костя атай мен Маруся апайдың қызы — Лена. Бұлардың Бекежан мен Медерден басқасының бәрі — оқу жасындағылар, алайда, бірде-біреуі мектеп табалдырығын аттамаған.

Ал, Вованыкі, оқыдым ат. Шоқпарға оқуға барған болады, бірақ ізін суытпай, әйтеуір бір себеп тауып келеді де тұрады. Содан, қайтуды ұмытып кете ме, қайдам, жүреді ауылда. Бір сөзбен айтқанда, оны оқыдыға санаса да, санамаса да болады.

Мен қазір осы жолдарды жазып отырып ойлаймын: тегі сол жылдары малшылардың балаларының тағдыры ешкімді ойландырмаған. Баласы үшін бір ғана ата-ана жауапты деген бір заман өткен. Әйгпесе, менің аяғым сынып жатқанда не ферма меңгерушісінің, не колхоз басқармасы төрағасының төбе көрсетіп, кішкентай бір жанашырлық танытпағанын қалай түсінерсің? Ол кезде олардан мұндай адамгершілікті дәметкен де ешкім болмаған, сірә.

Сонымен ауылда кәдімгі бір қозылаққа қосылған тана құсап жүрмін. Бірге ойнаймыз деген аты болмаса, қайдағы ойын. Мен кішкентайлардың ойынын қызықтаймын, ал, олар менен қызық күтеді. Өзіңнен кіші балалармен ойнау мүлде жараспайды екен. Олар аяқтарының астында жорғалап бара жатқан құрт-құмырсқаға төніп түсіп жатса, мен сонау адырдағы арқарларды, тастағы түлкілерді бір көруді аңсаймын.

Оқудың басталғанына бір ай өтпей жатып Вова келіпті ауылға. Оның сонау Шоқпардан қалай жететіні өзінше бір әңгіме.

Оқып жүргенде үйді сағынып, Кербұлақ жаққа қарай-қарай екі көзім төрт болар еді. Зәуде бір апам, яки жездем келіп алып кетпесе, өз бетімше ауылға қарай аяқ басып көрген емеспін. Вованың бүйтіп жылтың-жылтың етіп ауылға келе бергені біздің үйдің үлкендеріне ұнамайды, ендеше мен олай етпеуім керек. Оның үстіне Кербұлаққа кетіп бара жатқан адамға: "Мінгестіре кетіңізші!" деу — ұят. Ал, Вова ұялу дегенді білмейді.

Жолаушы бас иетін бір заң бар, ол — адам өз үйінен қырық адым аттап шыққан соң мүсәпір, жәрдем сұраған мүсәпірге көмектесу — адамгершілік. Вова мұны жақсы біледі, оған мүләйімсіп мүсәпір бола қалу түкке тұрмайды.

Кербұлаққа Шоқпардан екі жолмен келеді, бірі — Далауыз, екіншісі — Қызылқора арқылы, бұрынғы "Кербұлақ" колхозының адамдары Далауыздан түсіп, өзенді бойлайды, ал қарауылтөбеліктер Қызылқора, Әулиеқораның тұсынан өтіп, Алпысбай асуы арқылы асып түседі өзенге.

Вова біздің ауылдың Шоқпарға келген адамдарының қайтарда қай жолмен жүретінін жақсы біледі. Кербұлақ малшылары шәй-қантқа Шоқпарға келмей тұрмайды.

Вова ауылға қайтқысы келсе, магазиндерді жағалайды. Магазинде сауда жасап жатқан адамды сыртынан әбден көріп—біліп алған соң Вова дереу ол жүреді-ау деген жолға шығады. Шоқпардан әудем жер ұзап барып, жол жағасына шоқиып отырып алады. Арғы жағы түсінікті, Вова әлгінде көздеп койған жолаушыға мінгесіп ауылға келеді. Вова — ардың-күрдің бала, әйтпесе бөтен адамға мінгесу ұят емес пе?!

Менің аяғымның сынғанына себепші болғаны Вованың ойы тұрмақ назарына кіріп шыққан жоқ. Костя атай мен Маруся апай осынысын бетіне шыжғырып басады екен. Сонда барып маған келген болатын көрінеді. Бұл Вова өзінің жақсы-жаман қылығын ойлап бас ауыртып көрген бала емес.

Есік алдында балдаққа сүйеніп тұрғанмын, үйдің бұрышынан Вова шыға келді. Мені көре салып әй-шәй жоқ жабыса кетті:

– Әй, ақсақ балдақ құтты болсын!

Бұл Вова осы енді. Басқа бала бүйтіп кемсітпес еді, көңілге қарар еді, Воваға бәрібір. Оның мұндай қыршаңқы сөзді жаныңды ауырту үшін әдейі айтып отырғанын, жоқ барының осы екенін біле алмай дал боласың. Воваға бәрі жарасады, бетің бар, жүзің бар дегенді білмейді, аузына не келсе, соны айтады.

Мен Воваға ренжірімді де, ренжімесімді де білмей, сілейіп тұрмын.

Жақсылап бір жауап қатпақ болдым.

Вова қу менің бұл райымды тез аңғарды:

– Ой, сен не өзі, ренжіп қалғаннан саумысың?

– Енді қалай, ақсақ деп...

– Ой, соны да сөз деп. Әлі-ақ жазыласың, сонда ақсақ деген сөзден құтыласың. Ал, әзірге ақсақ екенің рас емес ие.

– Рас.

– Рас болса, тез жазыл, балалар келеміз, деп жүр.



– Кімдер?

– Әлібек пен Мәтен.

– Қойшы соларды!

– Түсінікті. Сен екеуіне өкпелі екенсің ғой. Өкпелеме, жер мойыны — қашық, қайтіп жетеді?

– Сен қайтіп жетесің?

– Менің қалай жететінімді өзің білесің ғой. Маған жету — оңай, көрінгенге мінгесіп кете беремін, оларға қиын.

– Ия, қиын.

Шынында да, Кербұлақ ауылы мен Шоқпар станциясының арасы — қашық. Тіптен екеуінің арасындағы Далауыздың өзі — апамның сөзімен айтқанда, ит өлген жер. Мен ит өлген жердің қашық деген ұғымды білдіретінін білмей, Далауызды ит өлген, жаман жер екен деп жүретінмін.

Бірде Шоқпардан келе жатып Далауыздың желкесіндегі қырға іліккенде апамнан мұның жайын сұрағаным бар.

– Апа, Далауыз, ит өлсе, жаман жер болғаны ғой.

Апам күлді:

– Ол, қашық деген сөз. "Ит өлген жер", "Ит арқасы қиян" деген сөздер алыс, қашық шалғай ұғымын білдіреді.

– Қалайша?

– Кім біледі?

Менің апам, әрине, лингвист ғалым емес, тұрақты сөз тіркесі дегенді білмейді, бірақ апамның осы түсіндіргенінің өзі жетіп жатыр еді. Мұндай ғылыми терминнің барын ол кезде мен де білген жоқпын. Біліп не керек, грамматиканың ережесінсіз-ақ адам сөз мағынасын ұққан. Ереже — дайын асқа тік қасық — ғалымдардың ары тарт-бері тарт ететін ермегі. Ал, айналайын қазағым ешқандай ережесіз саналуан ұғымды білдіретін қаншама ғажап сөз тізбегін түзген.

Басымыз қосылып ойнап жүрген балалардың ең бақыттысы — Вова. Аяқ-қолы сау, оқып жүр. Вова өз артықшылығын жақсы біледі.

– Бізге биыл алгебра, химия сабақтары жүретін болды.

Алгебра, химия

Кірмейді менің миыма.

Бұл Вова өлең де шығарады екен-ау!

Бәріміз аузымызды ашып қалғанбыз. Әсіресе, Бекежан мен Медерде ес жоқ. Алгебра, химияның не екенінен екеуі де мүлдем бейхабар, бірақ осындай сабақтардың болатынын, олардың миларына кірмей әлек қылатынын осы бастан уайымдай бастаған сияқты.

Мен: "Ештеңе жоқ қорықпаңдар! Алгебра мен химия менің миыма кірген, жақсы оқысаңдар, сендердің де миларыңа кіреді" дегендей болып қарап едім, екеуі бірдеңкені бүлдіріп алған кісіше көздерін тайдырып әкетті.

Іле Бекежанның қуанышты даусы шықты:

– Ананы қараңдар, балалар!

Бәріміз төменгі мұрынға қарадық.

Екі бала келе жатыр. Мен бірден таныдым: Әлібек пен Мәтен.

Мен балдақпен секеңдеп, майда балалар алды-артымды орап, улап-шулап жарыса жөнелдік.

Ана екеуі бізге қарай жүгірмеді, состиып тұр. Мен жете бергенде Мәтен жымиып:

– Біз сені төсек тартып жатыр десек, секеңдеп шауып жүрсің ғой, — деді.

– Онсыз да пәс көңіл болып тұрғанмын, енді тіптен езіліп кеткендей болдым.

Әлібек менің бұл күйімді тез ұқты.

– Сен де айтады екенсің, көрмейсің бе, а-а...

Әлібек сөзінің аяғын жұтып қойды, бірақ не айтпағы белгілі еді.

Менің жүрегім одан сайын езілді. Дос деген мына екеуінің өзі өстіп отыр, басқа балалар көрсе, не демек? Қыздар ше! Оларға ақсақ болып көрінгенше, өлгенім артық!

Мен — ақсақпын, кеммін, бақытсызбын, Әлібек пен Мәтен — төрт мүшесі түгел бақытты балалар.

Аяғым-ау, неге ғана сындың! Сен мені осыншама жер ететініңді білдің бе, жоқ білмедің бе? Біліп сын, білмей сын, амал қайсы? Сені сындырған мен — өзім. Ұятқа өзім күйіп, намысқа өзім тырысамын енді.

– Алданыш, аяғыңның қай жері сынды? Көрсетші, — деп Әлібек баса-көктеп келе жатыр.

– Ия, көрсетші, — деп қостады оны Мәтен.

– Қайтіп көрсетемін, сымымды шешпекпін бе?

– Шеш!


– Шынында, шешші, көрейік.

– Сөйт. Әйтпесе, ертең не көрдік деп барамыз балаларға?

Мені намыс буып тамағыма өксік тығылды.

– Міне, көріңдер!

Балдақты тастай салып, ақсақ аяғыммен жерді басып кеп қалдым.

Қара санымның сынған ортан жілігінен өрген өткір инелер қара табанымды тесіп өтіп, қара жерге кірш-кірш кіріп кетті. Ұйып бара жатқан ақсақ аяғымды жерден көтере беріп оң жамбасыма құлап түстім. Аяғымның сонша қатты ауырғанын білдіргім келмей, дереу тұрып жаттым. Қайдағы, бәрі балалардың көз алдында өтті ғой, дүрлігіп қалды.

– Бұл осындай қырсық қой, — деді Әлібек.

– Мінезің өзгермепті-ау, — деді Мәтен.

Мен үндемедім.

Енді екеуі менің аяғымды ауыртып алғаныма өздерін кінәлі санап тұр.

– Не, қатты ауырып қалды ма?

– Ештеңе етпейді, сен ер едің ғой.

– Әлдеш, сен шынында, ерсің. Шыда.

– Ай, Аleks ist knand-ай!

Мен күліп жібердім. Балалардың бәрі күлді.

Вова бүл әңгімені біледі. Соған күледі. Ал, Бекежан мен Медер не біліп күлді екен? Мағынасын түсінбейтін жат сөз де күлкі шақырады екен-ау! Дені сау адамға бәрі — күлкі! Күлкіде витамин бар деген рас. Бәріміз сергіп қалдық.

Анада дәл мен ойлағандай болыпты. Эмма Яковлевна алғашқы сабақта балаларды тізіммен түгелдепті. Әріп ретімен сыдыртып отырып маған жетіпті.

– Идирисо-оф, — дейді.

Ешкім үндемепті.

– Идирисо-оф, — дейді Эмма Яковлевна тағы да.

– Аleks ist knand, — депті Мәтен қу әдетіне басып.

Ешкім күлмепті.

Мұндайда балалардың қыран күлкісіне үйренген Эмма Яковлевна аң-таң болып тұрып қалыпты.

Базаркүл орнынан тұрып, болған жайды айтыпты.

Эмма Яковлевна:

– Идирисо-оф — өте жақсы бала. Өкінішті, биыл оқымай қалатын болды-ау! — деп қатты аяушылық білдіріпті.

Әлібек пен Мәтен осы жайды жарыса айтқанда біз сабағында шулап, жүйкесін талай-талай тоздырған Эмма Яковлевнаны керемет жақсы көріп кеттім. Қағылез, жүдеу, бізге қайтсем бір сөз үйретем деп шыж-быж болып жүрген адамды сыйлауымыз керек екен ғой, әттең! Біз, балалар, мұндайды кеш ұғамыз. Осыдан сіздің сабағыңызға қатысатын күн келсінші, Эмма Яковлевна, қыбыр етпей отырамын.

Әлібек пен Мәтен мен жоқта мектепте болған тағы біраз жайды айтты. Мектепке жаңа директор келіпті, өте қатал адам екен. Мен қараптан-қарап отырып үрейлендім: аяғым жазылған соң барсам, оқуға жібермес ондай адам!

Мен осы ойымды айтып едім, Әлібек пен Мәтен күлді.

– Алады, сен — озат оқушысың.

– Сен оқуға қысқы каникулдан кейін келсең де үлгеріп кетесің.

Екі дос өз ойларын айтты.

Менің күдігім тарқаған жоқ.

Бүкіл Шоқпарды көшіріп келгендей болған Әлібек пен Мәтенді ортаға алып шай ішіп отырғанымызда жоғарғы сиырлы ауылдан май тартқан арба келе қалды.

Арбакеш нағашы ағам Төлеуіш:

– Балалар, жүріңдер, жолда ермек боласыңдар, — деп Әлібек пен Мәтенді алып кетті.

Арба ауылдың аяқ жағындағы мұрынды айналып кеткен соң көңілім әлейім-жәлейім болып биікке, Алайғыр разъезіне зорға көтеріледі. Шоқпарға Шу жақтан келе жатқан поездың тоқтамайтыны жоқ. Себебі, осы Шоқпарда пойыз біткеннің бәрінің артына паровоз тіркеліп итереді. Биікке шыққан соң олар қалып қояды да пойыз әрі қарай заулай береді.

Шоқпардағы елдің тірлігі — пойыздарды асудан аман-есен асыру. "Итергіш" деп аталатын паровоздарды жүргізу, жол қарау, тағы басқа толып жатқан жұмыстар станция халқын тыным тапқызбайды.

Шоқпарды бұл өңірде өзгешелендіретін бір қасиеті — желі.

Шоқпардың желіндей қатты жел әлемде жоқ шығар тегі. Жел, әсіресе, қысында құтырар еді. Бір қызығы жан-жақта күн шығып тұрғанда Шоқпар әлем тапырақ болып жататын. Қатты боран күндері балалар мектепке бара алмай қалатын. Жел бір соққанда үш, бес күн, бір апта бір-ақ соғатын. Бораннан кейін жер дүние шайдай ашылып, жайнап шыға келетін.

Бала ішегін сүйретіп жүріп ойнай береді. Боранды күні бала мен ит құтырады. Халық қалай тауып айтқан, рас сөз.

Біз, балалар мектепке бара алмай қалсақ та ойыннан қалмаймыз. Үй-үйдің тасасымен бір-бірімізге қатынап, қандай да бір ермек тауып ойнаймыз.

Мәтен мұндайда үйінен шықпайды. Мәтендікі Әбдрахман атайдың үйіне жақын.

Шоқпардың бораны құтырып тұрған.

Бірде Мәтеннің үйіне бармақ болып далаға шығып едім, жел дедектетіп ала жөнелді. Аяғым әр жерге бір тиіп, қоршаудан, аннан-мұннан ұстап жатып қарыс жердегі үйге әрең жеттім.

Мәтен кітап оқып, Ұмсынай апай жүн түтіп отыр екен.

Апай:

– Кел, Алданыш.



Күнту-күнту — күмелек

Күн жауғанда сүмелек.

Қар жауғанда қаңқай,

Мұз тоңғанда тоңқай, — деді.

Мен состиып тұрып қалдым.

– Алданыш, жоғары оз. Сен неменеге дүрдиіп қалдың? Сен күнту болсаң, мен де күнтумін.

– Онда неменеге айтасыз жаман өлеңді?

– Бұл жаман өлең бе екен, жоқ жақсы өлең. Бұл өлеңді күнтудың жақсы жігітіне қолы жетпей қалған жаман қыз шығарған. Әлі-ақ сен де жақсы жігіт боласың, сонда саған да талай қыз өлең шығарады.

Мен ұялып жерге қарадым.

– Алданыш, сен өйтіп ұялшақ болма. Біздің күнтудың жігіттері шетінен қасқыр. "Күнтуға басыңа күн туғанда жолдас бол”, — деген бар. Сен осы сөздің мағынасын білесің бе?

– Жоқ.

– Дұрыс, білмейсің. Елдің көбі біле бермейді, сөйтеді де осы сөзді күнтуды кемсіту үшін айтады. Ал, білгенге бұл сөздің мағынасы — терең, күнтуға пәле-жалаға ұрынғанда дос бол деген ұғым береді. Енді түсіндің бе?



– Түсіндім.

– Білемін, сен түсінесің. ''Күнтудың ертоқымы бір кісіні алдапты",—деп жамандайтындар да бар бізді. Мұның мәнісі мынау. Ертеде күнтудың бір кедей жігіті бір мейманасы асқан байды қатырмақ болыпты. Жолаушылап шыққан байды алдан тосып, астына ерін басып отырыпты. Бай жанына жақындай бергенде пұшайман халге түскен болып амандасыпты. Бай қолының ұшын беріп:

– Айдалада жол тосып отырған қай қарақшысың? — депті.

– Байеке, бұл қай сөзіңіз, мен де өзіңіздей жолаушымын, — депті күнту жігіт.

– Ендеше неге отырсың ер үстінде шоқиып?

– Атым асаулау еді, сол үркіп, ертоқымыммен бірге жерге атып ұрып тастап кетті.

– Қап!

– Байеке, өкінбеңіз. Атыңызды бере тұрыңыз, атымды ұстап әкелейін.



– Өй, қой!

– Не, сенбейсіз бе?

– Кім біліпті, тағы...

– Сенбесеңіз, мына ертоқымымды тастап кетейін, соның үстінде отыра тұрыңыз.

Бай көніп қалыпты да түсіп атын беріпті.

Күнту жігіт атқа мініп, былайырақ шығып, артына бұрылып:

– Байеке, отыр солай. Күнтудың ертоқымы бір кісіні алдайды, — деп шоқыта жөнеліпті.

– Қызық екен. Кітапта бүйткен Алдаркөсе деп жазылған.

– Ол — кітап. Ал, мынау — шын болған әңгіме. Не, Қалқабай ағай саған бұл әңгімелерді айтқан жоқ па еді?

– Жоқ


– Апа, бұл күнту емес, сыйқым. Жездесі айтпайды бұған ондай әңгімені, — деп қыстырыла кетті Мәтен сөзге.

– Қайдан, құдайдан жасырмағанды адамнан жасырушы ма еді. Солай ма, Алданыш?

– Қайдам?

– Мейлі, апаңның баласы бола бер. Біздің күнту осал емес екенін білсең бопты әйтеуір, — деп Ұмсынай апай пештің қақпағын ашып, қалақпен көмір салып жатты.

Менің бойымды қуаныш кернеп, разы сезім билеп алған.

"Қаңғыған күнту” деген сөз жүйкені жұқартатын. Өз ататегің туралы мынадай жағымды әңгіме есту қандай жақсы еді!

– Ойбай, анау не сұмдық?

Бағдаштың мына оқыс даусына бәріміз елең ете қалдық.

Шынында, мынау не сұмдық?

Екі дөңгелекті ирек-ирек темір үстінде жездемнің досы Иван отыр. Екі аяғымен темір шабақты кезек-кезек басады. Сөйтсе, дөңгелектер шыр айналып, әлгі пәле ілгері ентелейді.

Иван ағай астындағысының екпінін баспаған күйі келіп тоқтады біздің есіктің алдына. Ауылдың үлкен-кішісі Иван ағайды қоршай қалдық.

– Бұл не пәле?-деді Құтым апай.

– Пәле емес, велосипед, –деді Иван ағай.

– Шайтан арба, – деді жездем.


Мен анау айтқандай таңданғаным жоқ қайта, ойға баттым: "Екі аяқты қыр темірді адам жығып алмай, қалай жүргізеді?

– Алданыш қара әбден қара саған осындай шайтан арба керек. Мұндайың болса оқығанда Шоқпардан күнде демей-ақ қояйын сенбі сайын келіп тұрар едің, — деді жездем шайтан арбаның аппақ ай мүйізінен ұстап тұрып.

– Алданышқа велосипед берсе, ози жаяу алады. Аншы пычак бар, соны береди.

Иван ағай беліндегі қыннан аппақ құжанты пышақ суырып алды.

Жездем шошып кетті.

– Иван — дос, бұл болмайды!

– Неге болмайды?

– Қазақта дос, жекжат адамдар бір-бірінен ит, пышақ алмайды. Ит алса, ырылдасады, татулығына сызат түседі, пышақ алса, кескілеседі, кетіседі. Пышақты тек сатып алады.

– Онда сатып ал.

– Мұның дұрыс. Шайтан арбаң қанша жүк көтереді?

– Еки пуд бидай бер. Тауыкка жем керек.

– Мақұл.


Жездем аппақ пышақты маған ұстатқан да, көрсеткен де жоқ, қынына сүңгітіп, жанқалтасына салып алды.

Иван ағай екі пұт бидайды шайтан арбасына таңып алып, мұрынды айналып кеткенде барып жездем:



Алданыш, не сен мына қанжарға қызығып тұрсың ба?-деді.

– Ия.


– Жоқ кызықпа. Сен мұндай пышақ ұстайтын бұзық емес, қалам ұстайтын оқыған, парасатты азамат бол! — деп пышақты төске салып, жүзін жапырып ұра бастады.

– Жезде, неге бүйттіңіз? Одан да өзіне қайтып бермедіңіз бе?

– Балам, бұл — суық қару. Мұны мен кезінде Пішпекте ұстағанмын, бірақ жұмсағаным жоқ. Бұл — адамды жамандыққа итермелеп тұратын пәле. Бекетті осыны ұстайтын жасқа жеткізбей Пішпектен алып кетіп едім, енді Иванның мынасын көрмейсің бе. Өзіне қайтып берсем, көңілі қалады.

Мен — екі қолға бір еңбек деген адаммын. Сендердің де сондай болып өскендеріңді көргім келеді. Қаруды емес, еңбекті серік қылыңдар, балаларым!

Айналайын әке, біз өзің ойлағандай болып өсеміз. Сіз оған сене беріңіз!

Үйде жалғыз өзім әрнені ойлап отырғанмын.

Ішке Бекежан еніп еді, қарауыз ілесе кірді.

Бекежан қарауызды кіргізгісі келмей, мойнынан кері итеріп жатыр. Қарауыз менің алдыма атқып бір-ақ келді.

– Аға! — деді Бекежан кінәлі кейіппен.

– Бекежан, қарауыз мені сағынған ғой, тимейік.

Қарауыз, шынында, мені сағынып қалыпты, дәл алдымда үнсіз мүлгіп, мейірімін төгіп тұр.

– Лашын! Қарауыз! Күшігім!

Қарауыз әлсіз ыңырсығандай үн шығарды: еркелегені.

Қарауыздың басынан сыйпадым.

Қарауыз рахат күй кепггі.

Қарауыз — менің балалығымның әлемде теңдесі жоқ ұшқыр тазысы, ептеген дүрегей шатыстығы бар, бірақ ит болып үрмейді.

Мен Көкқайнарда төртінші класты бітіріп, жездем ауылға алып келген.

Бірден байқадым, жоғарғы Ахмедидің тамына біреу кіріп алыпты.

Жұртта бұзылмай тұрған там көп, тасып әкетуге көлік болмады-ау деймін, оның үстіне өз үйін өзі бұзуды жаман ырымға санап, көшкендердің бір де біреуі үйіне тимеген. Бос тұрған үйге иелік ететін кім бар, тау сағалағандар кез келген уақытта қалаған үйіне кіріп, қоныстана беретін.

Қысы-жазы Кербұлақ өзенінің бойында бір орнында тапжылмай отыратын: басында — біздікі, аяғында — Ысқақтікі, ортасында — Тоқтардың шешесі мен Тоқай кемпірдікі.

Ахмедидің тамына кірген Атабайдікі екен.

Атабай — ұзын бойлы, бидай өңді, қап-қара қияқ мұртты, қой көзді кісі. Жасында асқан шабандоз, сері болыпты. Әлі де тақымына көкпар тисе, оңайлықпен шығармайтын қарулы адам. Домбыра шертіп, ән айтатыны бар, сөзге ұста, елге сыйлы. Өмірі жүйрік ат, алғыр тазы ұстап келе жатқан адам.

Атабайдың тазысы — ақ қаншық күшіктеді.

Шәкен екеуміз күнде барып көреміз, Атабайдың үйінің артындағы жардың астында өңшең қарауыз сұр күшік енесінің емшегіне жабысып, қыбыр-қыбыр етіп жатады.

Күшіктер тез өсті. Әне-міне дегенше, біз жақындап келе жатқанымызда бірінен бірі кезек-кезек озып, құлдыраңдап жарысып алдымыздан шығатын болды. Сірә, енелері жарытпайтын болуы керек, келе, әй-шайға қарамай балтырымызға жармасады. Сұп-суық тұмсықтары шым етіп денеге тигенде құйқа шымырлайды.

Атабай қария ақ қаншығы туралы не бір қызық әңгіме айтып отырады.

Ақ қаншық— керемет алғыр тазы. Алдынан аң құтылып көрген емес. Ғажап ақылды: кейбіреудің тазысы құсап түлкінің соңына түсіп алып салпақтамайды, қиып қуады. Жазықтан қашқан түлкінің қай тасқа соғарын біле қойып төтелеп тартып, сол тасқа түлкіден бұрын жетеді. Тасқа талып жеткен түлкі алдынан атқып шыққан ақ тазының аузына түседі. Бұл өңірде мұндай алғыр тазы жоқ.

Сонда қалай, ақ тазы алданбай ма, немене? Түлкі өне бойы ақ тазы алдан тосып тұрған тасқа бара бере ме? Алпыс екі айлалы түлкіден де қу болғаны ма бұл ақ тазының?

Атабай ақсақал әлгідей әңгіме айтып отырғанда осы тәрізді сұрақтар анталып-ақ тұрар еді көкейде, бірақ бізге үлкеннің айтқанына күмән келтіру қайда?! Оның үстіне соншама мақтауға лайық ақ тазыға өзіңнің де кір жолатқың келмейді. Ақылды ақ тазы, әлбетте, ақымақ ақ тазыдан анағұрлым артық.

Ақ тазыға қол жетпейді. Атабай төре ақ тазыға жан адамды жолатпайды. Ол ақтазының күшіктерін де кім көрінгенге бере бермейді.

Атабай жылда ақ қаншығын жотадағы Асылбектің көк арланымен бірге оңаша қораға қамап қояды екен де кейін шешесінен айнымайтын ақ әкесіне тартқан көк күшіктерді тарту-таралғы әкеліп, жата-жабысып сұрағандарға таратып беретін көрінеді.

Ақ тазы биыл ақ та емес, көк те емес, аң қарауыз сұр күшік туған.

Оның себебін ақ қаншықтың иесі былай түсіндіреді:

– Түнде аққаншықты Асылбектің көк арланымен бірге қораға қамап, есік-терезесін тас қылып жауып тастағанмын. Ертеңгілік қарасам, терезе парша-парша болып сынып, үңірейіп тұр. Қораның есігін ашып, ішке бас сұқтым, көк тазы бір бұрышта бүрісіп жатыр, ақ қаншық пен Рыскелдінің қарауыз дүрегейі ауыз жаласып үлгеріпті. "Кет!" — деп зекіп едім, қарауыз міз бақпады. Қыңбағанына қапа болып, қолыма айыр алып, жарып тастамақ болдым.

Сондағы қарауыздың екі көзі қып-қызыл от болып жанып, айбат шеккенін көрсеңіз, өлуге бар, ақ қаншықтан айырылуға жоқ Рыскелдіден ұялдым, біреудің жансақтап отырған итіне қайтіп қастандық жасамақсың.

Қарауыз — бұл өңірде қасқырға түсетін жалғыз ит. Қасқыр Рыскелдінің қорасынан қотыр лақтың таңынан тартып көрген емес. Бұл қарауыздан жаман күшік тумас. Қолымды бір-ақ сермедім. "Әй, мейлі! Қарауыз, сен дүрегей болсаң да бірегейсің. Ал, барыңдар!" Қораның аузын аштым да жібердім, екеуі ойнап, бірін-бірі қуып ала жөнелді. Ақ қаншықты Қарауыздан ешқандай төбет тартып ала алмайды.

Арада екі-үш күн өткенде ақтазы ауылға жүдеп-жадап жалғыз оралды. Қарауыз да ауылында жүр деп естідім.

Жездем Атабайдан ақ тазысының бір күшігін талай рет сұрап ала алмаған.

Бұл жақта тазының күшігі таптырмайды. Бүкіл Кербұлақ өңірінде күшіктейтін екі-ақ тазы бар. Бірі — Атабайдікі, екіншісі — Ысқақтікі. Ол екеуінен ел тазының күшігін аттай қалап, жалынып-жалпайып сұрап жүргені.

Ертеңгі дастархан жинала бергенде біздің үйге Атабай төре келді.

Қысқа амандық-саулық сұрасудан соң төре төрге озды, малдас құрып отырды. Жүзі жылы, мұрты жыбырлап, көзі күлімдегендей болды.

– Шай суып қалып еді, қайта қойып жіберейін, — деді әпкем.

– Шайды төрекең өз үйінен де ішкен шығар, қымыз әкел, — деді жездем.

Төрекең жөппелдемелеп төрт кесе қымыз ішіпті. Қымызды құныға жұтқанда әтештің тұмсығы тәрізді жұтқыншағы қылтың-қылтың етеді.

Атабай төренің маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Қалтасынан жаялықтай орамалын алып, маңдайын, бетін сүртті, мұртын ширатып, тіктеп отырды.

– Қалеке, ақ тазының бір күшігін сұрап жүруші едіңіз, алыңыз. Бүгін Шатыртөбеде отырған "Ақсу" колхозының қойшылары келіп, күшіктерді үлесіп алып кетеді. Соған алғашқы күшікті сіздер алсын, деп айтқалы келдім.

– Шәкен, Алданыш, барыңдар, күшіктің біреуін әкеліңдер.

Әкеміз бізге осы сөзді айтып бітті ме, бітпеді ме, білмеймін, біз Атабайдың үйінің артындағы жарға қарай заулап бара жаттық. Ересек тартып, енелері жарытудан қалған аш күшіктер біздің тықырымызды естісімен, кәдімгі бір ту-талақайымызды шығаратындай болып атойлап жарысып келе жатты. Бір тықырлау кішісі бізге бәрінен бұрын жетті. Мен оны, әй-шайға қарамай, жерден іліп алдым.

– Шәкен, осыны аламыз.

– Қоя тұр, алдымен көрейік, мүмкін, ұрғашы шығар.

– Онда тұрған не бар?

– Ұрғашы ит құрысын!

– Неге?

– Күшіктейді. Күшігін алатын ел жоқ пәле болады.



– Ысқақ пен Атабай төрелердің күшіктерін ел таласып алады ғой, біздікін де сөйтер.

– Жоқ өйтпейді.

– Мә, онда көр!

Мен күшікті Шәкенге ұстата салдым.

Шәкен қарауыз күшікті шалқайтып көріп жатыр.

– О-о, арлан екен. Дегенмен, бұл — ең кішісі көрінеді, ана үлкенін алайық.

– Жоқ осыны аламыз. Бұл бәрінен бұрын жетті, шешесіндей жүйрік болады.

– Анау әкесіне тартқан, қасқырға түседі.

– Мен осыны аламын!

– Алданыш, қой қырсықпа!

Мен кішкентай қарауыз сұр күшікті құшақтап алдым да үй қайдасың, деп тартып отырдым. Анадай жерге барып артыма қарасам, жан-жағы мені ал-мені ал, деп анталаған өңшең қарауыз сұр күшіктің ортасында Шәкен тұр не істерін білмей, шарасыз.

– Әлдеш, тоқта! Мейлі енді, соны аламыз. Мыналарды қайттік, қалай құтыламыз.

– Тұра қаш!

Шәкен орнынан ата жөнелді.

Сұр күшіктер жабыла қуып кеп берді.

Мен де бездім.

Күшіктер біраз жер қуып келіп біртіндеп қалт тұра қалып жатыр, ендігі бір сәтте бізге бір, арттарындағы жарға бір қарап қойып серейіп-серейіп тұрды.

Біз ұзай бердік.

Күшіктер бастарын төмен салып жарға қарай шауып барады. Мейлі, онда тамақ жоқ болсын, енелерінің бауыры суып бара жатсын, бәрібір ол туған ұялары ғой. Туған ұядан ыстық не бар тірі жан атаулыға!

Біз қарауыз күшікті алып келгенде жездем мен Атабай төре үй алдында отыр екен.

Атабай төре күшікті көре салып кәдімгідей өкінді:

– Ой, сендер тазы танитын ба едіңдер? Ақ тазыға ептеп те болса тартып туғаны жалғыз осы еді, өзім асырайын деп жүр едім, қап! Қайтем, әкеліп қалыпсыңдар, асыраңдар. Қалеке, осыдан көр де тұр, бұл алдынан аң құтылмайтын алғыр болады.

– Төреке, айтқаныңыз келсін!

– Қалеке, әлі-ақ талай қызығын көресіз бұл қарауыздың. Мен тұрайын, қойшылар келіп қалар.

Шынында да, келе жатты, жоғарғы мұрыннан бес-алты аттының қарасы көрінді.

– Әне, келе жатыр. Мен кеттім.

Атабай төре аяғын ширақ басып, елпеңдей жөнелді.

Шәкен екеумізге қызық керек, бір-бірімізге қарадық.

– Жүр, барып көрейік күшікті үлескенін.

– Жүр!


Мен Шәкеннің айтқанын қуанып қоштап едім, болмады, жездем тиып тастады:

– Қой, әрі! Нелерің бар онда, сендерсіз де алады келгендер бір-бір күшікті.

Осындай ғой бұл үлкендер. Біз, балалар, бір нәрсеге өліп-өшіп қызығамыз, олар оны пішту құрлы көрмейді.

Сол сәт көңіліме екінші бір ой кілк ете қалды. Әкеміз біз күшік саудасын көрмесін, деп отыр.

Мен қазақтың итті жеті қазынаның бірі санайтынын, сатпайтынын біліп қалғанмын. Итті сілекейі деп бірдеңе беріп алады. Әкеміз соның өзін біз көрмейтін тірлік деп біледі.

– Ысқақ пен Атабайдың құлқы құрысын!

Итті саудаға салуға жиіркенішпен қарауды білдіруге осыдан артық қандай сөз болмақ?!

Қазақта бір нәрсеге тосқауыл қойғысы келгенде айтылатын сөз дап-дайын. Итті сорлатпас үшін "Дос, жекжат адамдар бір-бірінен ит алса, итше ырылдасып кетеді", — деп бездіреді. Қойдың миы тәтті, оған балаларды ортақ қылмау үшін үлкендер: "Бала ми жесе, миы былжырап кетеді", — деп қорқытады. Жіліктің майы — шыны, тәтті, ересектер оны да өздері сорғанды ұнатады. Балаларға айтатын сөз дайын: "Жіліктің майын жеген баланың мұрын боғы көп болады", — деп ескертеді.

Атабай төре өзіне бір қарауыз күшік алып қалыпты да қалғанын түгел беріп жіберіпті. Төрекең көгенінің бұршағы төрт-бес қозының мойнына салыныпты.

Менің ендігі ертелі-кеш армандайтыным: қарауыз тезірек өссе, алғашқы қардағы қансонарда түлкіге қосып, қызығын көрсе болды. Менің қиялымда қарауыз — қашқан түлкіні қарс жер аттатпайтын ұшқыр, қасқырға да түсетін алып. Не бір тәтті ойлар жетектеп ала жөнеледі.

Мен қанша асыққаныммен, қарауыз өте жай өсті. Маған қарауыз бір-ақ түнде үлкен тазы болып кетердей көрінетін, бірақ ертеңгілік ол дым өспеген қалпы есік алдында мені күтіп арсалаңдап жататын.

Шіркін, бала күшігінің қалай өскенін көре алатын болса, мен қарауыз қашан үлкен болғанша кірпік қақпай қарап отырар едім. Бірақ ондай керемет өмірде болып көрген емес. Қарауыз ешбір жанға білдірмей өсіп жатыр. Мен Шоқпарға бесінші класта оқуға жүргенге дейін бойы кәдімгідей биіктеп, сүйектері шығып қалып еді.

Осы жерде мына бір әңгімені айтпасам, болмайды екен.

Кейінгі кезде Атабай төре біздің үйге жиірек келетін болған. Қарауызды бергенін пұлдай ма, жоқ боз биенің қымызына аңсары ауып тұра ма, ол арасы белгісіз, әйтеуір күніне кем дегенде бір рет келеді.

Бір келгенінде жанында мауыздай жас жігіт бар екен. Екі иығына екі кісі мінгендей зор, түсі суық жігіт үндемей отыр дастархан басында.

– Қалеке, мына жігіт — Қамаубай, күйеу балам, — деп таныстырды Атабай төре оны.

– Көргеніміз осы болғанымен, Қамаубайды білеміз ғой, — деді жездем.

– Қайдан білесіз? — деп қадала кетті Қамаубай.

– Білеміз, — деді жездем жәйбарақат.

– Қалеке, біз де білеміз сізді, — деді Қамаубай титығып.

Мен қорқа бастадым.

Қамаубай — аты шыққан баукеспе ұры.

Ол неге қадалады жездеме? Құдай, сақтай көр мына пәледен!

Жездем сабыр сақтап, Қамаубайдың қарсыққан сөзіне жауап қайтарған жоқ.

Есіктің алдындағы көлеңкеге жайылған киіз, көрпеше үстіне жұрт жайғасып, дастархан жасалды.

Әпкем сары қымызды сапырып құя бастады.

Осы сәт Қамаубай анадай жерде жатқан кісенді нұсқап:

– Анау не? — деді.

– Кісен.

– Оны қайтесіңдер?

– Боз биенің аяғына саламын кешке қарай.

– Немене, қорқасыңдар ма?

– Жоқ.. Былай енді... Сақтықта қорлық жоқ деген, әйтпесе, кімнен қорқайық?

– Қалеке, сіз өйтіп күмілжімеңіз, менен қорқасыз. Менен елдің бәрі қорқады.

– Кім білген, мүмкін, — деді жездем қымыз толы кесені қолына алып жатып.

– Қалеке, сіз ұстасыз ғой.

– Ия.

– Пішту. Мен боз биені аламын десем, кісенің сөз емес.



– Менің өзім жасаған кісен де сөз емес пе?

– Сөз емес.

– Қайдам, мен жасаған кісенді жан адам ашып көрген емес еді. Бүкіл Пішпекте жалғыз Итбай ұста ғана аша алатын. Итбайдың жасаған кісенін жалғыз мен ғана аша алатынмын.

– Сендей ұстаның мыңын көргенмін мен, шибұқасың.

– Қамаубай, бұл қай сөзің?

– Сол сөзім. Сен неменеге менің ұрылық қабілетіме сенімсіздік көрсетесің?

– Ал, сен неге менің ұсталық өнерімді түкке татығысыз қылып, өзімді кемсітпек боласың?

– Білемін, сен бұрын Пішпектің жамбақысы болыпсың, ал, мен — дала батырымын, атақты Әбікен баукеспенің сарбазымын.

– Төреке, мына күйеу балаң өршіп барады ғой өзі, — деп жездем Атабайға қарады.

Атабай ләм-мим демей, сұп-сұр болып отыр.

Әпкем бірдеңе демек болып еді, жездем:

– Тыныш отыр! — деп тиып тастады.

Жалғыз әпкем ғана емес, жұрттың бәрі жым болған.

Тыныштықты Қамаубай тағы бұзды.

– Қалқабай, түсіндің бе? — деді зілмен.

– Нені?


Сенің боз биені байлап, қымызын ішіп отырғаның мына менің арқам. Менің жыныма тисең, боз биені желкеңнің шұқыры көреді, ал қымыз түсіңе кіреді.

Біздің үйдің үлкен-кішісі түтел шошып кеттік.

Жездем қорықпапты:

– Атабай, сен әдейі ертіп келіп отыр екенсің ғой мына қанішеріңді! Қайқайыңдар үйлеріңе, жоқ бірдеңе көргілерің келе ме? — деді.

– Ой, мына жаман қайтеді-ей!

Қамаубай орнынан атып тұрды.

Жездем де орнынан атып тұрды.

Қамаубай жездемді жұдырығымен кеудесінен қойып жіберді.

Жездем басымен Қамаубайдың бетін ала қағып жіберді.

Қамаубай есі ауып, сілейіп тұрып қалды. Мұрнынан қан саулап қоя берді.

Жездем Атабайға ашулы бұйырды:

– Атабай, әйда, кет! Көш, көшетін жағыңа. Өйтпейді екенсің, сөз басқа. Мен білмейді деп жүрсіңдер ме сендердің не істеп жүргендеріңді. Ұрылар! Ауылды былғамақ екенсіңдер ғой. Жоқ оларың болмайды. Болғызбаймын мен!

Бет-аузы қан-қан Қамаубай жездеме дөңайбат қылды:

– Қалқабай, мен мұныңды ұмытпаймын. Тұра тұр, әлі-ақ әкеңді көзіңе көрсетемін!

– Сенен қорыққанша өлгенім жақсы. Не сені өлтіріп, не қолыңнан өліп тынайын ба осы қазір?

Атабайдың үрейі ұшты:

– Қалеке, қойыңыз! Өзім де көшкелі жүр едім, көшеміз бүгін.

– Барыңдар жолдарың болсын!

Қамаубай қоқилануын қоймады.

– Барамыз. Бірақ айтпады деме, мен саған жасаймын жасайтынымды.

– Солай ма, онда...

Қалай болғанын көрмей де қалдым, жездем Қамаубайды іштен бір тепкендей болды. Қамаубай бүк түсті, екі қолымен жер тіреп жүрелеп отыр.

– Атабай, әкет мынауыңды! Көзіме көрінбеңдер түге! – деді жездем ашулы.

Атабай Қамаубайды қолтығынан сүйеп алып бара жатты.

– Өй, оңбаған! Біліп қой, Қалқабайды басынатын адам туған жоқ әлі!

Атабай сол күні төменгі төрелердің жұртына көшіп кетті.

Ал, Қамаубайды қайтып көргеніміз жоқ.

Көп ұзамай Қамаубай Қордай жақта жылқы ұрлаған жерінде ұсталып, сотталып кетіпті деген сөз естілді.

Рас болғаны да, Атабайдың қарындасы екі баласымен қайтып келді.

Күзге карай мен Шоқпар станциясындағы орталау мектептің бесінші класына оқуға бардым.

Жездемнің Әбдірахман деген жекжатының үйінде жүремін.

Араға екі-үш апта салып, ауылға келіп тұрамын. Әлбетте, Шоқпар алыс, екі ара елсіз, өздігімнен жете алмаймын, біздің үйдің біреуі атпен келіп алып кетеді.

Мен қарауызды сағынып келемін.

Қарауыз да мені сағынады екен. Мені көргендегі оның қуанғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Қарауыз заты мәймөңкелеуді, жағынуды білмейді, жан адамға құйрығын бұлғаңдатып көрген емес. Қуанғанын үнсіз мүлгіп тұрып білдірер еді. "Қайда жүрсің, неге мені тастап кете бересің" — деп сұрағандай аузыма аңқайып қарай беретін.

– Сен өкпелеме, балаға оқу керек, күшікке өсу керек, – деймін.

Қарауыз аңтарылып тұрып қалады.

Мен қарауызды ертіп алып сай-саланы, тау-тасты аралап кетемін. Қарауыз аң іздеп алас ұрады. Жаяудың, онда да баланың аяғы жететін жерде аң болушы ма еді, босқа әуре болып үйге қайтамыз.

Бір келгенімде біздің үйдің жанындағы бос тамға дәу мұрын кемпір кіріп алыпты. Меніңше, бұл кісінің есімін ешкім білмейді. Жұрттың бәрі дәу мұрын кемпір атайды. Дәу мұрын десе дегендей, орақ мұрын, басына кимешек киіп, қарқарадай етіп орамал ораған кесек пішінді қарасұр кемпірдің кейпі тым сұсты.

Дәу мұрын кемпірдің екі құлағының ұшын, құйрығын кескен көк күшігі бар екен. Бірден байқадым, екі күшік тату көрінеді. Қарауыз: қара, менің досым бар, ол — жақсы күшік, дегендей болып, көк күшіктің жанына қайта-қайта барады. Жалғыз басты кемпірдің күшігі де иесі сияқты жарым көңіл-ау деймін, қарауыздың қуанышына ортақтаспақ түгілі қайта менен бір қауіп күтіп, көзінің астымен қарап қойып жатыр. Қарауыз көк күшікке түк түсінбеген кейіппен қарайды.

Қарауыз жанына жақындап еді, көк күшік жақтырмай ар-р етіп тісін көрсетіп айбат шекті. Қарауыз дүрдиіп шыға келді.

Мына көк күшіктікі не? Мен дереу жерден жұдырықтай тас іліп алып, көк күшікке қарай жіберіп кеп қалдым. Көк күшік осыны күтіп жатыр екен, ата кеп жөнелді.

– Айт! Бас, қарауыз!

Қарауыз көк күшікті адымын аштырмай қуып жетті. Бірақ жеткенін қайтейін, бас салмады, алды-артын орап бірге жүгіріп барады.

Мен айтақтап, көк күшік қашып, қарауыз әрлі-берлі жүгіріп, ауылдың аяқ жағындағы мұрынды айналып кеттік. Қарауызды қанша айтақтағаныммен, ол көк күшікті көзіне ілмей, аң іздеп аласұрды. Күткен қызық болмады, екі күшік таласпады.

Есі шыққан екен, көк күшік айдалаға лағып кете барды.

Мен қарауызды ертіп үйге қайттым. Қарауызға өкпем қара қазандай, мен айтақтаған соң, ол неге көк күшіктің парша-паршасын шығармайды.

Мен өстіп қапа болып шаршап, үйге жақындай бергенімде апам шықты есік алдына. Бұл кісілердің сезімталдығын қойсаңшы, апам түтігіп кеткен маған, кінәлі болып көңілсіз еріп келе жатқан Лашынға бір-бір қарады да:

– Сендер осы бірдеңені бүлдіріп жүрген жоқсыңдар ма? —деді. Сөйтті де дәу мұрын кемпірдің үй жағын көзімен бір шолып шықты. — Көк күшік көрінбейді ғой. Қой, балам, Құттыаяққа жолама! Оған тисең, дәу мұрын апаң қарғайды.

– Неге?

– Ол кісі күшігін жақсы көреді. Көк күшік — апаңның... Сөйт, тиме!



Мен апамның тілінің ұшында қалған сөзді біле қойдым.

Дәу мұрын кемпір — кешегі сұм соғыс зарлатқан аналардың бірі. Екі ұлы бірдей майдан даласында қалған. Шалы да о дүниелік болған. "Көк күшік — апаңның бірден-бір алданышы" — дегісі келіп айта алмай тоқтады ғой апам. Қой, көк күшіктен аулақ жүру керек екен.

Көк күшік, әрине, ауылдан төменгі екі мұрынның арғы жағында қалып қойған жоқ келді. Далаға бір шыққанда көрдім, дәу мұрын кемпірдің есігінің дәл көзінде бүрісіп жатыр. Тұмсығын бауырына тығып алған, екі көзі жылт-жылт етіп, маңайдағы тіршілікті қалт жібермей аңдайды. Желкесінде — есік, оның арғы жағында — мияты, дәу мұрын кемпір. Көк күшік мұны есептеп, жақсы жайғасқан. Бірақ көк күшік апамның маған не айтқанын, мен оның дәу мұрын кемпірдің жалғыз алданышы екенін түсінгенімді, оған енді қайтып тиіспес болғанымды қайдан білсін.

– Құттыаяқ-Құттыаяқ, кә-кә! —деп шақырып өкпесін жазбақ болдым.

– Көк күшік қатты қапа болған екен, басын көтерген де жоқ. "Мейлі, өкпелей тұр. Қайда барасың, табысамыз әлі-ақ. Бір-екі күн тиіспесем, өзің-ақ түсінерсің".

Кешкі астан соң әпкем:

– Мына тамақтың қалғанын Лашын мен Құттыаяққа құйып келші, — деді.

– Екеуіне бөліп кұямын ба?

– Жоқ Лашынның итаяғына құйсаң болды, екеуі ішеді.

– Таласып қалмай ма?

– Таласпайды. Екеуі — тату.

Міне, мәселе қайда!

Мен қарауыздың бағанағысын жалтақтық деп ренжіп жүрсем, ол жолдасымен араздасқысы келмеген екен ғой.

Бәсе, бұл қарауыз сондай, текті!

Мен бір табақ көжені итаяққа құйдым. Қарауыз бірден бас қоймай, көк күшік жаққа бір, маған бір қарады, ананы шақыр дегені-ау!

– Құттыаяқ кә, кел!

Көк күшік басын ақырын көтеріп, тұмсығын жыбырлатып иіс тартты.

– Құттыаяқ келе ғой, тимеймін.

Кеудесінде жаны бар атаулыны отқа да, суға да түсірген қу тамақ Құттыаяқты орнынан тұрғызды, алдыңғы оң аяғын көтертті. Маған қарады. Мен ымдап итаяқты көрсеттім. Жаулық жоғын сезген көк күшік аяқтарын тез-тез басып келіп, көжеге бас қойды. Көже тәтті болды ма, жоқ күндізгі кірбің көңілінде ме, қарауыз ар-р етіп көк күшіктің тамағынан ала түсті. Таңдайына тәтті көже тиіп үлгерген әрі досынан мұндай опасыздық күтпеген көк күшік қарауызбен таласа кетті. "Әй-әй!" — дедім, таласқандарын қоя қойды. Екеуі итаяққа төнді, көжеге көк күшіктің тұмсығы бұрын тиген, енді ол қарауыз басын төмен сала бергенде көк желкесіне жармасты.

Мен енді қалай шыдап тұрайын, барлық ұстамдылық атаулыны ұмытып, анадай жерде жатқан жіңішке таяқты іліп алып, көк күшіктің жонынан салып кеп жібердім. Көк күшіктің "қаңқ" еткен даусымен бірге құлағыма: "Әй, көк түйнек!" — деген ызғарлы үн келіп жетті.

Жалт қарадым, есігінің алдында жұлынып дәу мұрын кемпір тұр.

– Сен, жүтермек, осындай қанішер ме едің? Өлтіремісің өзіңдей иесі жоқ күшікті? Ал, талаңдар, пісіріп жеңдер онда. Сендерге Ыдырыстың диірменінің қалдасы аз болған екен, көк күшік екеумізге ауыз салыңдар!

Дәу мұрын кемпір тоқтар емес, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты.

Апам ескертіп-ақ еді, ақыры осылай болды. Дәу мұрын кемпір мені аямай қарғады.

Жер болып тыңдап тұра бергеннен басқа амал жоқ еді менде.

Дәу мұрын кемпірдің даусы қатты-қатты шыққан сайын көк күшік басын итаяққа еркін салады. Қарауыз сен де ұрыспайсың ба дегендей болып, маған қарап-қарап қояды. Дегенмен, есесін жіберген жоқ. Екі күшік итаяқты дәу кемпірдің қарғысы бітпей жатып босатты. Мұны көріп дәу кемпір маған қайта кірісті:

– Бұл түйнектің тату-тәтті болып жүрген күшіктерде несі бар екен-ей! Әне, қара, екеуі итаяқтағыны түк те таласпай ішіп бітірді. Жетпегір, енді осыларды таластырғаныңды көрейін, ісім сенімен түссін. Сендер, қаңғыған күнтулар, есіктен келіп, төр менікі, деп жүрген шығарсыңдар. Бұл Кербұлақ мына мен сияқты бір бейбақ кемпірі отырса да жетіп жатыр, сыйқымның жері. Сен соны білмейсің тегі, оңбағыр.

– Ой, апа-ай, сонша жерлегеніңіз баланы!

– Мұндай бала болғанша бордай тозсын бұл!

– Сіз өйтіп қарғамаңыз. Балаларымнан аулақ жүріңіз!

Айналайын оқырман, арғы жағын айтпай-ақ қояйын.

Дәу мұрын кемпір сол екпінімен жалғыз мені ғана емес, біздің үйдің үлкен-кішісін де түк қалдырмай қарғап-сілеп, көк күшігін ертіп төменгі Тоқтардың шешесінің ауылына кетіп қалды. Оны — мұнысын кейін Тоқтар келіп алып кетті.

Дәу мұрын кемпір — жаны жаралы адам. Өзін құдай аямаған адам, өзгені аяп қайтсін. Ондайлардан аулақ жүрген жақсы екен.

Қолыңнан келсе, жарты көңіл адамға жақсылық жаса.

Абайсызда тап болған, мүлдем қажетсіз мына жай маған осындай ой түйгізіп еді.

Мен бесінші класты бітірген жылы қарауыз үйіне жеткен, яғни бір жасқа толған арыстай дүрегей шатыс тазы болды. Шақпақ еттері бұлтиып-бұлтиып тұрған қарауыздың тұрқы онша ұзын емес, шешесі сияқты жатағандау, әкесіндей қара ауыз, қара құлақ. Бөтен адамға ырылдайтынды шығарыпты. Ауыл үстінен әрлі-берлі өткен малшылар көшіне ілескен иттермен таласа-таласа аты шығыпты. Иесі ажыратып алмаса, кез-келген иттің жағдайы қиын екен. Лашын шешесі-ақ қаншықтай жүйрік, әкесі — қарауыздай қарулы, дүрегейден тазыға жақын буданның өзі болыпты.

Мен бұған қатты қуандым: ұяластарының ішінен мұны дұрыс таңдаған болып шықтым.

Қарауызды енді дереу аңға қосып ауыздандыру керек. Мен осы істің қамына кірістім, ертіп алып аң іздедім. Жазды күні түлкі көзге түскен бе, елік те кезікпеді. Жаяудың аяғы жетер жерде аң жоқ болып шықты. Қарауыз ғажап иісшіл екен, қара жерде ізге түсіп, шарқ ұрады, бірақ ешқандай аң табылмайды. Жүгіріп жүріп тас-тастың қуысында тығылып жатқан кекілікті айдап шығады. Кекілік аузына түспей, пыр етіп ұшып кетеді, қарауыз өзіңнен бір айла болмаса, менің қолымнан келгені осы дегендей аңқайып маған қарайды. Мен не істейін, иығымды қиқаң еткіземін.

Өстіп жүріп қарауыз үйіне жеткенде аң алмай, ауызданбай қалды. Бұл — жаман. "Тазы үйіне жеткенше ауызданбаса, мойны қатып қалады. Ондай тазы түлкіге жеткенімен, аузына түсіре алмайтын аңқақ болады. Қу түлкі ондай тазыны бірден біледі, алдап, әурелеп, діңкесін құртады. Бейшара тазы олақтығына қорланып, түлкіні қумай қояды", – деседі сұңғыла қарттар. Мен осындайдан қауіптеніп әрекет етіп едім, еш нәтиже шықпады. Біздің үйде менен басқа қарауызды ауыздандыруға құлық танытқан ешкім болған жоқ. Жездемнің диірменнен қолы босамайды.

Әрі-беріден соң қарауыз аң алмай-ақ бізге әбден керек итке айналды. Ызақор дүрегей біздің үйдің маңынан тірі жан жүргізбейтін болды. Ешкімді қапқан емес, бірақ арылдап айбат қылғанда кез-келген адам қаймығуға мәжбүр болатын. Біздің үйдің біреуі: “Лашын, қой!” — деп айтпайынша қарауыздың ашуы басылмайтын. Бір ғажабы өзіміз өстіп тоқтау айтып, үйге кіргізіп алған адамға көз алартпайтын. "Бұл – зат" – дейтін жездем осынысына қарап. Қорадағы оншақты уақ жан үшін де жанымыз тынды. Қарауыз тұрғанда қораға адам да, итқұс та жоламайтыны анық еді. Қарауыз енді аң алмай-ақ қойсын, ит үшін иесінің үйін, қора-қопсысын күзетуден асқан абырой бар ма!

Қарауыз қатқан қайыңдай қайратты, оқтай ұшқыр переннің өзі болды. Иттермен таласқанын көрсеңіз, таңқаларлық.

Қысқы каникул бітіп, Шоқпарға қайтатын кез келген. Жездем маған деген азық-ауқат салынған қоржын-қолаңды салып боз биеге өзі мініп, маған боз тайды дайындайтын болды. Дайындайтынның мәнісі – ер жоқ, беліне киіз, көрпе салынып, жіппен мықтап тартылып байланды.

Арда емген жұмыртқадай жұмыр боз тай жуас-ақ бірақ бас білмейді. Ноқтаны елең қылмайды, біресе құлын күніндегі әдетімен енесінің соңына түсіп алып жортақтайды, біресе желіп алға шығып кетеді. Мен өз дегеніме көндірейін, атты кісінің санатына қосылып, жездеммен қатар жүрейін десем, оны елең қылып жатқан боз тай жоқ өз ойына келгенін істеп келеді. Астындағы көлігің дегеніңе көнбегеннен жаман жоқ екен, мен кәдімгі бір қимылсыз қарақшы болдым да қалдым. Оның үстіне қалың көрпе жұп-жұмыр арқасына тұрмай, бұлт-бұлт етіп ауып түсіп қала жаздап, қу жанымды қу шүберекке түйіп келемін. Бірақ мұны жездеме білдіре алмаймын, намыс жібермейді. Бар болғаны боз биенің талай-талай қаннен-қаперсіз рахаттанып отырған жаялықтай сауырына қайта-қайта қарай беремін. Бірақ амал қанша, жездем мені боз биеге мінгестірмеді.

Боз тайға мені мінгізу әжептәуір әңгіме болған.

Бұл бастама жездемнен шыққан:

– Әлдеш ертең боз тайға мініп барады Шоқпарға.

Апам мен әпкем шыр ете қалған:

– Қой, бас білмейтін тай баланың бір жерін майып қылып жүрер.

– Ия, ол — болмаған сөз.

– Е-е, ештеңе жоқ. Алданыш қашанғы бала бола бермек? Тай бас білмесе, үйретсін.

– Әне, бұл айтқанға көнуші ме еді. Асау таймен алыстырып әурелемей, бұрынғыша боз биеге мінгестіріп апар баланы.

– Алданыш Шоқпарға боз тайға мініп барады.

Менің әкем — алған бетінен қайтпайтын адам. Әңгіме тәмам.

Апам мен әпкем мұны жақсы біледі, сөйте тұра біраз тәжікелесті. Ақыры, жездемді көндіре алмаған соң, апам әңгіме ауанын басқа арнаға аударды:

– Бұл өкімет балаңды өстіп салақтатып мінгестіріп жүріп оқыта бер дей ме екен жоқ, Кербұлақтың малшыларына мектеп ашар ма екен?

– Қайдам, өстіп оқытамыз балаларды. Мектеп ашатын ел қалдыма Кербұлақта.

– Біздің кішкентай кезімізде бар баланы жалғыз-ақ молда оқытушы еді, енді бір балаға он мұғалім жабылады, әйтпесе, Кербұлаққа соның біреуі де жетер еді.

– Жоқ апа, жетпейді. Әр мұғалім әр пәнді оқытады.

– Пән дегені не?

– Пән деген — сабақ.

– Әне, көрдің бе сабақ – дәріс. Дәрісті молда құсап балаларды бір жерге жинап алып оқытса, болмай ма?

– Болмайды.

– Мейлі енді, пән бола ма, мән бола ма, жақсы оқышы өзің. Басқа балаларды оқытуға шама жоқ Не, әйтпесе, мына Здән мен Бағдаштың оқығысы келмейді дейсің бе, келеді. Кімге жалынамыз, кімге табынамыз? Осыдан бар ма, осыдан биыл күзге жанымыз аман жетсе, бір үй жалдап, апаңды көшіріп апарып, үшеуіңді де оқытпаса болмайды екен.

Әкеміздің мына сөзіне менің екі қарындасым — Здән мен Бағдаш қуанып кетті.

– О-о, биыл біз де оқимыз, — деді Здән.

– Ата, ертең бізді де апар оқуға, — деп асықты Бағдаш.

– Көріп тұрсыңдар ғой, Әлдештің өзін қалай апарарымызды білмей, дал болып отырмыз. Күзге қарай бір амалын қарастыру керек екен. Мен енді, құдай қаласа, бір арба, бір шана шабамын. Содан соң боз биені жер қара, күн жылыда арбаға, қыста шанаға жегіп, бәріңді Шоқпарға апарып, әкеліп тұрамын.

Жайлы арба-шанаға мінетін кезкейін, ал әзірге мен боз жабағының үстінде үрейім ұшып келе жатырмын.

Әсіресе, жол үстіндегі мұз қатқан жерден өту қиын. Боз биенің төрт тұяғында бірдей емшек таға бар, мұзды қарш-қарш басады. Боз жабағы тайғанақтап, тапырақтап әуреге түседі.

– Жезде, боз тайды неге тағаламағансыз? — дедім әкеме.

– Боз тайдың тұяғы — болат. Өз аяғымен жүрген жылқы тасырқамайды. Боз тайдың мініс көріп, табанына тас бататын кез алда. Боз тай екеуіңді өмір әлі талай-талай сынайды. Мынау — соның алғашқысы. Үйрене беріңдер, деді жездем.

– Рас-ау!

Боз жабағы мені шыбын құрлы көрмей, ойына келгенін істеп келеді. Езу жыртар ауыздық болмаған соң, ноқтаның бауымен басын тартқаным, олай-бұлай бұрмақ болғаным түкке де тұрмады. Боз тай иті бар ауылдың тұсына келгенде ерекше құтырады, алдан абалап шыққан иттерге еліріп, біресе құлағын жымып, мойнын ішіне алып секіреді, біресе екі құлағын едірейтіп, жалт беріп ойнақтайды. Әбден зықым шықты, бірақ амал қанша, көніп, жанымды шүберекке түйіп келемін. Екі қара саным салбырап, қос қарым қарысып қалды.

Әне, Жолымбетте отырған сиыршы Сәуенің үш иті аспаннан іздегені жерден табылғандай қуанып, абалап, заулап келеді. Жолым үйдей боз биенің үстіндегі жездеме жолап қайтсін, тұрымтайдай боз тайдан мені жұлып алып, шайнап тастайтындай өршелене ұшып жетіп қалды. Боз тайға ойын керек, иттерге қарап осқырынып тұр. Осы сәт, міне, ғажап, менің дәл жанымнан қарауыз үш итке қарай бұғынып баспалап жүгіріп өтті. Боз тай да басын жерге салып, ноқта бауды тартқаныма қарамай, желе шоқырақтай жөнелді.

Мына қарауыз қайтеді-ей! Үш ит парша-паршасын шығарады-ау! Иттер одан соң, әлбетте, боз тайға ұмтылады. Боз тай жалт беріп безеді, мен жалп етіп ұшып түсемін.

Мен осылай ойлап үлгердім бе, үлгермедім бе, қарауыз аққан бойы барып алда келе жатқан сары төбетті кеудесімен қағып ұшырып түсірді. Сары төбет бір аунап барып тұра салып, қарауызға ауыз салмақ болып ұмтылды. Қарауыз жалт беріп, екінші итті тістеп өтті, ол қаңқ ете қалды. Енді үш ит Лашынды ауыздарына түсірмек болып жанұшырды.

Сондағы қарауыздың үш итпен жай оғындай жарқылдап таласқаны-ай, шіркін! Біресе қашып, біресе қуып жүріп тістеп, үш иттің дода-додасын шығарды. Қарауыздың тісі өткір ғой, үш иттің әр жер-әр жерінен қан көрініп қалды

Арғы жақтан Сәуе, бергі жақтан жездем жетіп, әркім өз итін қой-қойлап жүріп зорға ажыратты.

Сәуе — сиыршы жатып таңданды:

– Қалеке, мынауыңыз не өзі, жын ба, пері ме? Сары төбетке төтеп берген итті өмірімде көріп отырғаным — осы. Сорлы сары аузына бір түсіре алмай қор болды-ау!

– Сәуке, бұл — дүрегей шатыс.

– Ә-ә, әкесі Рыскелдінің қарауызы болды ғой.

– Дәл өзі.

– Шешесі кімнің тазысы?

– Шешесі — Атабайдың ақ тазысы.

– Онда бұл алғыр болады екен. Батылдығы қарауыздың өзі болыпты, жүйріктігі ақ тазыдай болса, жетіп жатыр. Сүйегі сәл кішілеу, нағыз қақпан белдің өзі екен, алысқа жүгіреді. Ауызданып па еді?

– Жоқ

– Қап, мойнын қатырып алған екенсіз-ау! Енді бір жақсы тазымен бірге қосу керек түлкіге. Бір қансонарда келіңіз, Көкдауылмен бірге қосайық.



– Көрейік. Бұл түлкі алар-алмас, баланың асырағаны, жүрер.

– Жоқ обалына қалмаңыз, Қалеке. Егер өзіңіз ерінсеңіз, маған беріңіз, Көкдауыл екеуін жүгіртейін.

– Сәуке — жиен, қой, итше ырылдасып жүрерміз.

– Қалеке, беріңіз. Мен мұны сізден түбелікті сұрап тұрғаным жоқ, біраз түлкі алдырамын да өзіңізге қайтарамын.

– Тұра тұр, ойланайық. Бұл — мына Алданыштың асыраған күшігі еді. Өзімен сөйлесейін, қалай қарар екен. Кешке үйге барған соң қабырғаммен кеңесейін. Жалғыз үй отырмыз, абайымыз – осы. Бізді ит-құстан да, керек десеңіз, адамнан да қорғайтын осы қарауыз қазір.

– Бәсе, солай шығар. Өздеріңізге керек болса, бермей-ақ қойыңыз.

Біз әрі қарай тарттық.

Жездемнің айтқанының бәрі дұрыс. Маған салса, қарауызға жан адамды жолатпаймын.

– Жезде, менен сұрамайсыз ба, карауызды Сәуле жиеніңізге береміз бе, бермейміз бе?

– Өзің айтшы, ал.

–Бермейміз. Енді қабырғаңыз қалды кеңесетін. Кешке үйге барған соң киіміңізді шешіп, қабырғаңыздан сұрайсыз.

Жездем күлді.

– Балам-ау, қабырға деп отырғаным мына денедегі қабырға емес, ол — әпкең. Қатын еркектің қабырғасынан жаралыпты деген сөз бар. Қазақ — әдепті халық. Қатынды өстіп, "қабырға" деп сыпайы атаған.

Түу, не деген тапқырлық! Қазақ сөзінің қатпар-қатпар астарына қашан қанығып болар екенбіз біз, балалар!

Осындай оймен келе жатып Сәлімбай қойшының ауылына тез жетіп қалыппыз.

Сәлімбайдың иттері өзімен бірге кетсе керек, өңшең қара күшік алдымыздан жүгіріп шықты. Ересек тартып қалған күшіктер шулап үріп бас саларман болып ентелеп келгенде қарауыз желкесін күжірейтіп, керіп тұра қалды. Жанына жақындаған күшіктерді бір-бір иіскеп еді, бәрі жуасып, қарауызға еркелей бастады. Қарауыз құдды түсі суық адамша илікпей, күшіктерден суырылып шыға берді.

Қарауыздың қайраттылығы мен батылдығы тау еліне тез мәлім болды. Бұл өңірдегі барлық ит қарауызды көргенде құйрығының ұшын төмен түсіретін. Бірақ бір өкініштісі, қарауыз әлі түлкі алып көрген жоқ.

Жездем қарауызды түлкіге қосып көріпті, сөйтсе жетуін жетіпті, бірақ аузына түсіре алмапты. Түлкі біраз шалдырып алып, қасқарып қашқанда қарауыз қумай шоқиып отырып қалыпты. Өз шарасыздығын бұлайша мойындаған, уақтылы ауызданбай, мойны қатып кеткен тазы алғыр болмайды. Лашын да сол болып шықты. Ондай тазыны ешкім жақсы көрмейді. Ал, қарауыздың жөні бөлек, мейлі ол тазы болып түлкі алмай-ақ қойсын, қияндағы ескі жұртта оқшау отырған біздің үйге ол қайратты, қабағын ит ретінде де аса қажетеді.

– Бала кіндік шешесіне тартады — деседі үлкендер.

Рас па, бекер ме, білмеймін, әйтеуір апамдар біздің мінезімізді кіндік шешелерімізге ұқсатып отырады.

Шәкеннің кіндігін Пішпектің медбикесі кескен. Ол, сірә, момын кісі болса керек, Шәкен — қой аузынан шөп алмайтынның нағыз өзі.

Мен Аққабақ апама тартқанмын. Аққабақ апам — қара жер қозғалса, қозғалмайтын сабырлы адам.

Здән – өкпешіл, кіді, тура Рәш апай.

Бағдаштың кіндік шешесі – Ақтоқаш апай – кербез, сұлу кісі. Бағдаш та үріп ауызға салғандай сүйкімді.

Бекежан – Әсел апасы сияқты шапшаң.

Кіндік шешеге баланың әке-шешесі – қарыздар. Ол қарызды кіндік шеше баланы құттықтап келіп алады. Кіндік шешенің құттықтауы – қазіргідей балаға туған күнінде "Құттықтаймын!" – деп айту емес, баланың есі кіріп қалғанда киім-кешек әкеліп кигізіп, әке-шешесінен қалағанын алу. Кіндік шеше қалағанын алса, бала жақсы болып өседі, әйтпесе, дұрыс болмайды. Қандай ата-ана баласын жаман болсын дейді, бәрі кіндік шешенің қалағанын береді.

Міне, енді сонау Шудан Бекежанның кіндік шешесі – Әсел апай құттықтап келіпті. Бекежанға бірсыпыра киім-кешек әкеліпті, басқамызға кәмпит, пряник бұйырды.

Бекежен әкелген киімдерді киіп алды, бірақ кіндік шешесіне жолар емес.

Кіндік шеше бір күн қонақ болды, ертеңіне шай үстінде ол кісінің бұйымтайымы сұралды.

– Әсел, айтқын, не қалайсың? — деді апам.

Апамның бүйтіп төтесінен кететін жөні бар. Әсел апай апамның абысыны, бөкей Әбиірдің әйелі.

– Боз биенің тайын қалап келдім. Әбиір соны малданамын, дейді.

– Қалағаныңыз сол болса, алыңыз. Менің баладан аянарым жоқ, -деді жездем.

Бірдеңе деуге оқтала берген әпкем демін ішке жұтты.

Қалағаным — сол, аламын. Бекежан үлкен жігіт болсын, қатарының алды болсын!

– Аумин!


Бекежанның болашағы боз тайға байланысты екен. Жездем жомарттық жасады.

Бәріміз боз тайды қимайтын сияқтымыз, бірақ бәріміз Бекежанның қатарының алды болғанын қалаймыз.

Боз тайды Бекежанның кіндік шешесіне қуана жетектеттік.

Әсел апай қатты разы болып аттанды: Бекежан жақсы жігіт болады.

Осыдан бір апта өткенде Қордайдағы Бүбісара әпкем мен Әбусағат жездем келді. Екі ұлы — Әділбай мен Қабылбайды алып келіпті.

– Бүбісара төркіндеп келді, — деді Әбусағат жездем.

Бүбісара әпкем әкесінен емшектегі күнінде қалған, ағасы да ол төркіндеп келуге жарамай жатып өмірден өткен. Әпкемнің ендігі төркіні — мен әлі жаспын. Содан да ол жездесі мен әпкесін төркін санап төркіндеп келіпті.

Мен әпкемнің ана жылғы "Әкең тірі жүр ғой" — деген сөзін ұмыта алмай жүргенмін.

Әпкемнің де ойында бар екен.

– Әлдеш, әлі ренжіп жүрсің бе? — деді екеуміз бір оңаша қалғанда әпкем.

– Жоқ.

– Бәсе, өзім де солай ойлап едім. Апам ренжитін шығар.



– Қайдам?

– Ренжісе, қайтем. Құдайға ренжиміз де.

Апам келе қалды қасымызға.

– Не, екеуің табыстыңдар ма? — деді.

Әпкемнің көзінен тарам-тарам жас ағып берді.

Апамның көзі де боталады.

– Әпке, апа, жыламаңыздар, мен бармын ғой!

– Ия, сен барсың. Мен соны білсемші! — деп әпкем көз жасын сүртіп жатты.

Аяғым сынып, екеуміз айдалада түнеп жатқанда апама дәл осылай деп едім, сол сөзді Бүбісара әпкеме айттым.

Әпкем де апамның сөзін айтты.

– Ақылыңнан айналайын, құлыным! — деп мені құшақтап сүйе бастады.

Үшеуміздің де көңіліміз шайдай ашылды.

Әпкемдерді қалай қайтарудың қамы басталды.

Төркіндеген қыз артынып-тартынып кайтуы керек. Апам мен әпкем Бүбісара әпкемнен ештеңе аяған жоқ. Киім-кешек, тағы басқа толып жатқан нәрселер алдына қойылды.

– Екі балаң боз биеге мінгесіп қайтсын, — деді жездем сол сәт.

Бүбісара әпкем мен Әбусағат жездем жарыса қарсылық білдірді.

– Ой, о не дегеніңіз! Жалғыз аяқ артар биеңізді алмаймыз.

– Ия, бізге боз биенің тайы да жетеді.

Жездем айтқанынан қайтпады:

Жоқ алыңдар! Бас аман болса, мал табылады. Бүбісара, сен қайта-қайта төркіндемейсің, қыз бір-ақ рет төркіндейді. Ал!

Сөйт, ал! — деді апам. — Сенің әкең де, бауырың да осы — Қалқабай. Ол берсе, көптігінен беріп отырған жоқ.

Сөздің нүктесін әпкем қойды:

– Дос бар, дұшпан бар, бәрі барғаныңда Бүбісара төркінінен қалай қайтыпты? — дейді. Боз биені мініп қайтасыңдар.

Бүбісара әпкем мен Әбусағат жездеме шегінетін жер қалмады, келісті.

Әпкеме боз бие ерттелді.

Сөйтіп, бас-аяғы оншақты күннің ішінде боз бие мен боз тай жаңа иелерін тапты.

Жылқының ішінен көргенде ішім жылап жүріп беретін жануарлар жоқ енді, қоңылтақсып қалдым.

Адам алыстағыны армандайды, аяқ астындағы алаңдатпайды.

Балдақ өрісімді кеңіткелі мен ауыл алдындағы Бозтөбеге, Қарабетке, үйдің желкесіндегі ұзын жонға шықсам-ау деп аңсайтынды шығардым. Алыс қырларға көз салғым келеді. Бірақ оларға шығу қиын, қия. Дұрысы — Құтым апайдың үйінің желкесіндегі төбеге шығу. Бұл төбенің сілемі біздің үйге таяп келіп таусылады. Осы етегінен өрлеген адам біртін-біртін көтеріліп түу биікке шығар еді. Биік төбенің басындағы тас обаға шықсаң, Кербұлақ анау аяғы Далауыздан сонау басы – Шатыртөбеге дейін көрініп тұрады.

Мен Бекежан мен Медерді ертіп алып, сол төбеге қарай тарттым. Ұзын жонарқаның үсті тегіс, байқалмай біртін-біртін биіктейді.

Мен қазір балдақпен жүруге әбден төселгенмін, секіргенде сонадай жерге бір-ақ барып дік ете түсемін. Бұрынғыдай қорқыныш жоқ ақсақ аяғым жер тіреуге жарап қалған.

Біз биік төбенің басына шығып, оба тастарына құйрық бастық. Кербұлақ алақандағыдай жарқырап жатыр. Әр сайы, әр төбесі, төмендегі өзен, кең қарын саздар — бәрі-бәрі тұнып тұрған өткен өмір.

Сонау мен туған Бөкей ауылының аяғындағы Кәдірдің үйінен мына Барлыбай ауылының басындағы Кенбайдың үйіне дейінгі бос қалған тамдарда тұрған барлық адам таныс еді, бәрі Шуға көшіп кеткен.

Ел кеткен жер, иесіз үйлер көңіл құлазытады. Кеудені сағыныш кернеп, көңілді тәтті мұң басады.

Бекежан мен Медер ойларында ештеңе жоқ тас лақтырып ойнап жүр.

Мен оба үстінде отырмын, ойыма ойдағы-қырдағы түседі.

Оқып жүрген балаларда арман бар ма екен, шіркін! Кербұлақ балаларының мектепке қатынауы, оқуы жатқан қызық еді.

Боранды күндері мектепке бармайтынбыз.

Қу балалар жаздыкүні де бір сылтау тауып, оқушыларды мектепке емес, сай-салаға бастап кететін.

Бірінші класты бітірер жылғы көктемде менің сондай бір арандатуға ұрынып қалғаным бар.

Төменгі бөкей ауылының балалары түгел оқуға келе жатқанбыз. Айдардың үйінің артындағы қырға іліккенбіз.

– Балалар, бүгін мектепке комиссия келеді екен,-деді Әлібек үрейлі үнмен.

– Ол не пәле? — деді Шәкен.

Әлібек шап ете қалды:

– Ойбай, жап аузыңды! Комиссия — пәле емес, адам. Мектепті тексеретін кісі.

– Бізді де тексере ме?

– Әлбетте. Шашымызды, тырнағымызды шұқшиып көреді. Білімімізді тексереді. Салдыр-салақ, азып-тозған, сабақ білмейтін баланы алдына салып айдап әкетеді. Шоқпарға апарып қамап қояды.

– Қойшы, кұрысын!

– Рас. Ана Темірқазықтың балаларын сөйтіпті.

– Онда қайттік?

– Қашамыз.

– Қой?


– Несі қой, сөйтеміз. Ал, кеттік, балалар!

Әлібек сөзін аяқтар-аяқтамастан Қарасайды бетке алды.

– Ей, Әлібек, тоқта!

– Тоқтамаймын. Қала беріңдер, өңшең қорқақ!

Соңғы сөз намысымызға тиді, неден қорқайық бәріміз.

Әлібекке қосылып, Қарасайды өрлеп кете бардық.

Содан мектеп жайына қалып, кешке дейін бір сайдан бір сайға ауысып ойнап жүрдік.

Кешке жақын келсек, ауыл дүрлігіп жатыр екен. Бізді мектеп директоры іздеп келіп, таба алмай, қатты қапа болып кетіпті. Комиссия жарты баласы оқуға келмей қалған мектеп директорына не деді екен?

Ертеңіне бізді әр үйден бір ересек адам ертіп апарды мектепке.

Директор осылай бұйырып кетіпті.

Құдай басқа салмасын, директор мен комиссия кісі бізді сапқа тұрғызып қойып, шетімізден сұрай бастады неге қашқанымызды. Әркім әрнені айтып жатыр, үндемей құтылғандар да бар.

Кезек маған келді.

Комиссия кісі:

– Ыдырысов, сен оқу озаты екенсің. Жақсы оқитын бала өсте ме екен? — деді.

– Ағай, комиссия дегеніңіз қатыгез, жаман адам екен деп қалдық. Сөйтсек, сіз жақсы кісі сияқтысыз ғой. Мұны білгенде біз қашпайтын едік.

Комисссия кісі де, директор да, ата-аналар да қыран күлкі болды.

Комиссия кісі күлкісін елден бұрын тиып:

– Қызық!Оны кім айтып жүр сендерге? Мейлі, енді қашпасаңдар болды комиссиядан, — деді.

– Енді қашпаймыз, к-к-ко... Ағай!

– Онда оқыңдар!

Мектеп директоры:

– Ал, балалар, кластарыңа барыңдар! — деп бұйрық берді.

Біз өзді-өз класымызға қарай ентелей бастық.

– Аға, арқар!

Көз алдымнан өтіп жатқан көрініс шорт үзілді.

– Қане?


– Әне!

Бекежан қолын шошайтып көрсеткен Секітас жаққа қарасам, шынында да, алты арқар шұбап қырға шығып барады екен.

Үшеуміз де демімізді ішімізге тартып, үн-түнсіз телміріп қарадық та қалдық.

Жездем айтқан: арқарлар көктемде Арқаға қарай өтеді, күзде Қордай тауларына қарай қайтады. Арқаның сайын даласы мен сеңгір тауларын көрген емеспін, ал, Қордай таулары, одан әрідегі Алатау Жайсаң жотасына шықсаң, көгілдір тартып көрініп тұрады. Арқар жазында Арқаның тауларын жайласа, жайлы болғаны да. Ал, Алатауға қысында адам аяғы тимейді. Арқар – биік таудың аңы, құз тастардың басында серейіп тұрған арқарды талай көргенім бар.

Міне, енді арқарларға ауылдан көп алыс емес жерде кез болып отырмыз. Ел кеткен жер осы да, аңның мекеніне айналады.

Аң атаулы бәрін біледі. Мына арқарлар да бізден жаулық күткен жоқ. Шуап Секітастың желкесіндегі төбеге шығып иіріліп, бізге қарап біраз тұрды.

Шіркін, түз тағысы, көз қызықтырып, көңілімізді өрекпітті.

Неден секем алғаны белгісіз, кенет құлжа басын кегжең еткізді. Арқарлар дүр етіп үркіп, іле жосып, демнің арасында бел асып кете барды.

Арқарлар қысқы мекенін көздеп барады. Адам тұрмақ жан-жануар да өз қамын ойлайды. Менің де өз көкейімді кескен арманым бар, ол – оқуға бару. Оқу керемет керек екен балаға!

Қой, жездеме айтайын: "Оқуға апар", —деп.

Мен енді балдақпен шоқаңдап жүріп, қарауызды жанымнан тастамайтын болдым.

Арқарлар қайтып көзге түспеді. Алатауына асып кетті.

Жездем қарауызды ерткенді қойған.

Сары күз ұзаққа созылды. Жаңбырлы, бұлтты күндер кешігіп келді. Басатты ауыр қарақошқыл бұлттар басып жататын болды.

Кеше кешке қарай бір суық жаңбыр сіркіреп жауып еді, ертеңгілік оянсам, жер-дүниені қар басып қалыпты. Аппақ жамылғы оранған төбелер жақын тартып, біздің үйге төніп тұр. Қара беттің қара тастары күлгін тартқан.

Жездем атын ерттеп жатып:

– Шіркін, нағыз қансонар екен, — деді.

– Не, қарауызды түлкіге қосасыз ба?

– Тегісін айтам да. Қарауыз түлкі алмайды.

– Жоқ алады. Нанбасаңыз, бүгін қосып көріңізші түлкіге.

– Әй, қайдам-ау?

– Жезде, ертіп барыңызшы, қосыңызшы.

Жездем менің көңілімді қимады, қарауызды жылқыға ертіп кетті.

Қазір жездем бағатын жылқы көп. Колхоз бүкіл күш көлігін, ягни жаздай арбаға, шөп машинасына, тырмаға жегілген аттарды Кербұлақка қыстатуды ұйғарып, жездеме бақтырған.

Біздің үйдің адамдары ата кәсібіміз — мал бағуға жегілген. "Өңшең саяқ үйір-үйір қылып бөліп алып қайыратын айғыры жоқ жылқыны бағу қиямет-қайым екен. Әр ат әр жаққа кетеді. Күнде жинап, басын қосып отырмасаң, бір де біреуін қайтып таба алмай қалуың ғажап емес. Бұл бір қиын іс болды", — деп қиналады жездем.

Кербұлақ — кең өлке. Қалың адыр, кең жота қырлар, ұзын сайлар, жазық жондар малға аса жайлы. Бұрынғылар айтады екен: “Қанша қақаған қыс болса да үш Кербұлақта жат болмайды", — деп. Өмірдің өзі туғызған сөз — бұл. Шынында да, Кербұлақта мал қыс бойы аяғынан жайылып шығады. Қар жауды болды, шығыстан сары жел тұрып, қарды үріп сай-сайға қуып тастайды да жайылым ашылып кетеді. Боран кезінде жылқылар терең сайларда ықтап жайылып тұра береді.

Жездем жылқыға ерте кетіп, кеш келеді. Басы ауған жаққа қаңғып кеткен өңшең саяқ аттарды қоғамдап жинап, түгелдеп, от жерге ауыстырып тастай қайтқанша күн батады. Кербұлақтың әр сайы — қыстау, мал. Малшы қауымның үрейленетіні — қасқыр. Жалпы, бұл өңірде ит-құс сирек бой көрсетеді. Сонау алыстағы Қордай тауынан, арғы Алатаудан анда-санда келіп бір дүрліктіріп кететіні бар. Малшы қауым: "Кезендінің кезінен сақтай көр”,— дегенге үйренген. Жездем де осындай қауіппен жылқыны қасқыр бармайды-ау деген сайларға кіргізіп жіберіп қайтады.

Қарауыз жездемнің соңынан қуана ілесті. Жездем — зәрлі адам, біздің үйдің үлкен-кішісі ол кісінің айтқанын екі етіп көрген емеспіз. Қарауыз да жездемнен қатты қорқады. Ілеспек болып тап бергенімен, жездемнің: "Кет!" — деген өктем үні діңкесін құртып, шоқып отыра кететін. Сөйтіп екі көзі жәутеңдеп қала беретін.

Ал, бүгін жездем қарагер атқа мініп, білегіне құрығын іліп, шылымын тұтатып тұрып:

– Ия, құдай, өзің жолды болдыра көр. Лашын, кә! — дегенде қарауыздың қуанғанын көрсеңіз, төрт аяғы жерге тимей, безектеп барады.

Біздің үйдің іші түгел жездеме қуана, үмітпен қарап тұрмыз.

– Ал, балаларым, көрейік енді Әлдештің күшігінің өнерін, түлкі алып қалар, мүмкін.

Қарауыздың әлі күнге түлкі алмағаны жездеме де батады екен.

Тіптен, апам да мазасызданатын болып шықты.

– Алады. Құмалақ "Қанжығаң майлы қайтасың", — дейді.

Біз әкемізді алыс жолға шығарып салғандай күй кештік.

Бүгін — қалың қар жауған күн — қансонар. Біз қарауыздың тілеуін тілеп қала бердік. Қарауыз жездемнің алдына түсіп алып әрлі-берлі жүйткіп, алас ұрып барады.

Бәріміз кешке дейін күннің батқанын асыға күтумен болдық. Алайда, жездем күндегі келетін уақытында келмеді.

Қас қарайып, шам жағылды, жездем жоқ.

Ел орынға отырып, қазан қайнады, жездем жоқ.

– "Жолаушының кешіккенінен сүйін" — деген, Қалқабай түлкі қуып ұзап кеткен болды-ау, — деді апам.

– Жылқы аман болса екен, — деді әпкем.

Жездем біздің көзімізге ұйқы тығыла бергенде барып бір-ақ келді. Ат тықыры білінгеннен-ақ әпкем далаға атқып шыққан, жездем екеуі үйге көңілді сөйлесіп кірді.

– Әміржан, қарауызды үйге кіргізші. Бұрышқа бірдеңе төсе, оны енді үйге жатқызу керек. Далада жатса, буынын суық алып, жүгіре алмай қалады.

– Жезде, не болды?

– Қарауыз түлкі алды.

Менің бойым балқып, көзіме жас үйірілді.

– Қалай алды?

– Сендер шыдамассыңдар, айтайын. Бірнеше ат Үкінің сайы жаққа шығандап кетіп қалыпты, соны айдап қайтуға бардым. Қарауыз соңымда келе жатқан, бір қарасам, жоқ. Әрі-бері қараймын, ұшты-күйді жоқ "Әй, келерсің", — деп аттарды айдап кете бардым.

– Сол да бола ма екен, түлкі қуып кеткен шығар.

– Ия, сөйтіпті, түлкі қуып кетіпті. Құдайдың құдіреті, қуғанды айтасыңдар, түлкіні алдына салып айдап алыпты, дәл тұсымнан өтіп барады. Байқаймын, қарауыз түлкіге еркін жетеді, тістемейді. Айғайға басып, қарагердің басын қоя бердім. Түлкі қарауызды құйрығымен алдап, біраз жер өткізіп жіберді. Қарауыз түзеліп қуып, қайта жетті. Тағы тістемей жарысып барады. Түсіне қойдым, ауызданбаған, аң алып көрмеген. Бүйте берсе, түлкі Үкінің тасына түсіп кетіп алдырмайды. "Бас, Лашын — дедім ашулы. Қарауыз ақылды ғой, түсінді, түлкіге еркін жетіп барып, кәрі жіліктің басынан алып, өкпесін қарпып-қарпып тастай салды. Бұл – нағыз алғыр тазының белгісі. Жақсы тазы жаман иістен жиіркеніп, түлкінің артқы жағынан тістемейді.

Қарасам, Шәкен қуаныштан жыларман болып отыр.

Қарауызды бәріміз жақсы көреміз ғой, Шәкен екеуімізге, жоқ, маған ол ерекше, менің күшігім.

Әпкем бұрышқа қалыңдап киіз төседі. Бұл — қарауыздың тазы санатына қосылып, үйге алғаш рет жатуына жасалып жатқан жағдай.

– Енді бұған не тамақ береміз? — деп уайымдады әпкем.

– Тамақты жақсылап бер, — деді жездем. — Дүниеде иесіне тазысының болдырып қалғанынан абыройсыздық жоқ. Өткенде Ысқақтың көкқасқасы болдырып, басатта ұлып отырып қалыпты. Соны жұрт күлкі қылып әлі айтып жүр.

– Жарайды. Тоң майды мол қылып қатып, ботқа істейін мен бұған.

– Сөйт. Тазының болдырып қалғаны, алдымен, әйелге сын.

Қар жауып сонарға шыққан сайын жездемнің қанжығасы бос қайтпайтын болды. Қарауыз күнде жездемнің қасында жүреді. Әрі-беріден соң қарауыз аң алмай-ақ жездемнің серігіне айналып кетті. Адамға ит ерген жақсы, абай.

Қар қайта-қайта қалың жауып, үресін көбейіп, ашық жер азайған сайын жылқы түнде быт-шыт бөлініп, бытырап кететін болды. Жел жалаңаштаған жоталарды, күнгей беттерді қуалап жайылып, шығанға шығатынды шығарды. Жездемнің жалғыз өзіне жылқыны жинап, түгелдеу қиын болып бара жатты. Жылқыға бірнеше рет Шәкенді ертіп шығып еді, ауылдағы шаруа қалды, қорада арық-тұрақ он-шақты ат бар, Шәкен кешке дейін келіншегі Кенен екеуі соның қамымен болады. Аттардың астын тазарту, шөбін жаңарту, суару — жас жұбайларға жетіп артылатын жұмыс.

Шәкен Кененге көктемде, мен Шоқпарда оқьш жүргенде үйленген. Дүрілдетіп той өткізуге жағдай қайда, жездем бір қой сойып, жақын жердегі малшыларды шақырып, Кененнің бетін ашқызған, сонымен бітті, біздің үй келінді болған. Былай қарағанда Шәкен ерте үйленген сияқты, әйтпесе, ештеңе жоқ он сегізде.

Кенен – Қарауылтөбедегі қапалдың қызы. Шәкен екеуі бастауыш класты бірге бітірген, оның да оқуды әрі қарай жалғастыруға жағдайы болмай тоқтатқан. Міне, енді екеуі жұптарын жазбай, колхоздың біздің үйге тапсырылған шаруасын — күш-көліктерін күтуді атқарып жүр.

Бір күні кеш түсіп, қас қарайғанда жездем қатты сансырап шаршап келді. Жылқыны әрең жинапты, сонда да екі ат табылмапты.

– Бүйте берсе қайтем, Мұзафар пермеден көмекке адам сұраймын ба? — деп дал болды жездем.

Жездемнің бүйтіп шарасыздық көрсетуі әбден жанына батқан соң ғой, бәріміз тұнжырап ойланып қалдық. Әркім өз мүмкіндігін саралап, қайтсем көмектесе аламын, деп отыр.

– Шәкен жылқыға шықсын, ауылдағы аттарды Кенен екеуміз бірдеңе қылармыз.

Әпкемнің бұл ұйғарымы жездеме ұнамады.

– Сен онсыз да қарап отырған жоқсың ғой. Үйдің шаруасынан артылып бара жатсаң көрерміз. Әзірге сені қозғамай-ақ қояйық.

– Ештеңе етпейді, ауылда қалған бәріміз жабыламыз. Әлдеш те жарап қалды анау-мынау шаруаға.

Әпкемнің мына сөзі менің бір іске кірісуім керектігін ескерткендей болды. Мен қолымнан келгеннен қалайша аянайын.

– Жезде, жылқыға сізбен бірге мен шығайын.

Менің мына сөзімді естігендердің бәрі үн-түнсіз тұнжырап отырып қалды, себеп: аяғым сынғалы бері мен атқа мініп көрген емеспін.

– Не, болмай ма, болады. Атқа мінгізіп жіберсеңдер болғаны, арғы жағын өзім көремін. Жезде, айтыңызшы, сіз жұмсаған жаққа барып, аттарды айдап келу қиын емес шығар.

Жездемнің жібі босады:

– Неге қиын болсын, дегенмен...

– Ештеңе жоқ.

– Қайдам, тағы бір жеріңді ауыртып алып жүрерсің.

Қамқор апам:

– Қой, құрысын! Қалқоздың жылқысын бағатын адам табылар, аяқ табылмас, — деп зәрезап болды.

– Сол адам табылмас. Бұл өзеннің бойында бос отырған адам жоқ.

Мен Кербұлақты ойша бір шолып шықтым. Жездем дұрыс айтады, Кербұлақта қолы бос бір адам жоқ бірі — қой, екіншісі — сиыр бағып отырған ел, жылқы бағатын жалғыз біздің үй.

– Жезде, бір күн ертіңізші, жарамасам, қайтып жалынбаймын. Жарасам, жақсы, сізге қолғанат боламын.

– Кім білген, қорқып қалдық қой, әйтпесе, байқап көрсе де болар еді.

Бұл — апамның райынан қайтайын дегені. Апам маған қанша жаны ашығанымен, жездемді де аяйды, әрине.

– Ия, бір күн барып байқасын, — деді әпкем.

– Үзеңгі бауды қысқартып беру керек, — деді Шәкен.

Бәріміз енді жездемнің аузына қарадық, кесімді сөзді сол кісі айтуы керек. Бұл — қашаннан бұлжымайтын заң. Қандай да бір маңызды мәселе сөз болмасын, әрқайсымыз өз ойымызды білдіреміз, тоқетерін жездем айтады.

– Мейлі, байқап көрейік. Шәкен, бұған қай атты ерттеп бересің?

– Бурыл атты.

– Сөйт.


Әңгіме бітті. Мәселе шешілді. Біздің үйдің әдетінде жездемнің ұйғарымы орындалады.

Ертеңіне маған екі көзі шегір бурыл ат ерттелді. Бұл бір пошымы тайдай ғана шағын, соған қарамай мініске өте мықты ат. Жездем қарагер мен осы бурылды жылқыға кезек-кезек мінеді, басқа атқа тимейді. Аттар көктемгі қос шыққанша ет алып, күш жинайды.

Бурыл ат көлденең тартылды.

Біздің үйдің адамдары менің атқа мінгенімді көруте түгел есік алдына шықты. Киімім қалың: үстімде — тон, аяғымда — пима. Бурыл атқа мінбек болып жақындап едім, жүрегім дауаламады. Сол аяғымды, яғни сынған аяғымды үзеңгіге салып міне алмасымды бүкіл жүйкем сездіріп, сескендім.

– Мен оң жағынан мінемін.

– О, несі, тағы! Қазақ атқа сол жағынан — мінер жағынан мінеді.

– Сол аяғы әлі тіреп мінуге келе қоймаған ғой. Дұрыс, оң жағынан мінсін.

Апам мен әпкем өстіп сөйлесіп жатқанда Шәкен бурыл атты менің алдыма оң жағымен көлденең тартып қойған.

Жездем қолтығымнан демеп мінгізіп жіберді.

Тізгінді қолға алып, тебініп қалдым. Біраздан бері мінілмей жемде тұрған тың ат ытырыла жөнелді.

– Әуп, бисмилла!

– Айналайын ақ құдай, жолын болдыра көр баланың!

Апам мен әпкем ғана емес, Здән мен Бағдаш та тілек айтып жатыр:

– Аға, тез кел!

– Аға, түлкі әкел!

Бекежан да қарап қалмады.

– Аға, шапшы! — деді.

Әкеме еріп, бурыл атты сау жүріске салдым. Қарауыз сергек елеңдеп, сылаң қағады.

Жездем екеуміз күншығысты бетке алдық.

Түнде қар жауған. Аспан шайдай ашық. Көк шатыры көкпеңбек. Төңірек түріліп, Кербұлақ тауының сай-саласы, жыра-жылғасы, тау-тасы алақандағыдай жарқырап жатыр.

Біз аузы ауыл артына келіп жайылып жатқан ұзын сайды өрлеп келеміз. Маған Кербұлақтың әр сүйеміне дейін белгілі. Оның әр сайы, жықпыл-жықпыл жыралары, беткейлері, жотасы — мен талай шиырлаған жерлер. Біраздан бері көрмеген қиырларға көз тігіп, өзіме таныс белгілерді түгелдеп келемін. Менің бұл күйімді бұрын оқыған қызық кітапты қайта парақтап ақтарып отырған адамның кейпіне баласа болар.

Әжінің қорасының желкесіндегі шоқыға шыққанымызда күн арқан бойы көтеріліп қалған. Қар беті — сансыз ине-жіп, жылт-жылт етеді.

– Түстен кейін жел көтеріледі. Қанша соғарын қайдам, біраз боран болады. Жылқыны мына Секітас сайының басындағы қолатқа жинайық. Боран соқса, сайға түсіп, тобылғыны порт-порт үзіп, күрт-күрт шайнап тұрады. Мен Шатыртөбе жаққа шашыраған жылқыны айдап келейін. Сен былай істегін, Әбиірбайдан асып, Үкінің қорасына дейін ұзын жонмен тартқын да отырғын. Жолай көрген аттарды көңіліңе тоқи бер. Қайтарыңда сол аттар сол тұрған жерлерінен ұзай қоймайды, жинап айдап кел. Сен келгенше мен де оралармын. Жылқының бәрін қосып түгелдейміз. Ал, жолың болсын! Кездесетін жер — осы, шоқының басындағы анау оба.

Жездем қарагердің басын Шатыртөбеге, мен бурылдың басын Әбиірбайға бұрдық.

Қарауыз жездемнің алдына түсіп алып жортақтай жөнелді. Ойбай-ау, бұл менің күшігім емес пе, маған неге ілеспейді? Жездемнің әмірі бәрімізге жүреді, қарауыз екеуміз бір-бірімізді қанша жақсы көргенімізбен, жездемнен қаймығамыз. Қарауыз маған қарағыштап барады. Ит те болса, іші қу, жол — үлкендікі, алдымен, соған ілесу керек. Оның үстіне үлкен адам аң қашатын алысқа барады. Қарауыз қу оны да біледі.

Мен өне бойы күнге қарай жүріп келемін. Күннің өзі де, қардағы жалт-жұлт еткен сәулелері де көз шағылыстырады. Қапталда, қойнауда екіден-үштен топтасып жайылып жүрген жылқыны түстеп келемін. Қайтарда осы маңнан тауып алармын деп көңілге тоқып отырмын.

Үкінің шоқысына шыққанымда алда аппақ қар сіреп жапқан бел-белесті сайын дала жатты. Қыс болды екен, ол жаққа мал атаулы аяқ басып бара алмайды. Қалың қасат қар, басқа малды былай қойғанда, жылқының өзін қарыс жер алға бастырмайды. Қар кетіп, жер аяғы кеңігенше бұл даладан ұшқан құс, жүгірген аң кездеспейді, бәрі таяудағы таттасқа тығылады. Ал, Кербұлақ тауының сансыз жыралары ұядай жылы, тіптен жел тимейтін жерлер де бар. Атам қазақ адамнан есті санайтын жылқы ондай жерлерді жақсы біледі, боран басталды екен тіке сонда тартады.

Аттардың иесіз ен далаға беттемейтінін білсем де мал іздеген адамның әдетімен алысты көзбен шолып біраз тұрдым. Сол сәт Нарқызылдың ұшар басынан ақ жал қар ұшқыны көлбең ете қалды. Ұзамай жел көтеріледі енді.

Дереу бурыл аттың басын кері бұрып, қамшы бастым. Түндегі орнынан қырға шығып жайыла бастаған жылқыларды жинап, Секітас сайының басындағы қолатқа қарай айдап келемін. Жел әлі жете қойған жоқ. Күн шақырайып тұр. Қар жіпсіп, иненің жасуындай есепсіз тамшылар жылт-жылт етеді.

Әбиірбайдың тұсынан өте бергенімде ызғырықта жетті-ау. Жел бір ұйытқып, алдымдағы қарды желпіп өткендей болып еді, демде жан-жағым ақырын жылжи жөнелді. Бір жақсысы — жел арттан, жылқылар менің ық жерге айдап келе жатқанымды түсінгендей сар желіп келеді. Біртін-біртін аспан мен жер тұтасып, ақтүтек боран басталды да кетті. Әбиір болғанда мен жылқыны межелі жерге — Секітас сайының басындағы кең қолатқа иек арттырып үлгердім. Әрі қарай бұларды айдаудың қажеті жоқ енді олар желдің шауып өтінен құтылды, өздері-ақ шұбап барып, сай ішіндегі қалың қорысқа кіреді де кетеді. Боран қанша күн соқсын, қаптаған ақ таспа мен тобылғының, ну құрақ-қамыстың басын шалып тұра береді. Жел тимейтін от жыралардың жусаны мен беткейлердің бозын тебіндейді.

Бурылдың басын Әжінің қорасының желкесіндегі шоқы басындағы обаға қарай бұрдым. Бурыл ат ығып бара жатқан аттардан қалғысы келмей қақаңдады. Мені баласынады, ілгері аяқ басқысы жоқ қалт тұра қалды. "Шүу! Шүу" — деп тізгін қақсам, шегіншектегенін қайтерсің! Аттың қырсыққанына көніп не болыпты маған. Қамшымен борбайдан осып-осып жібергенімде желіп жүріп берді. Бұл Кербұлақтан мен қанша боран соғып, қара түнек болсын адаспаймын. "Жалаңаяқ жар, қызылаяқ қар кешкен" дейтін жер ғой Кербұлақ маған. Адам табанына тікен кіріп, өкшесін тас тескен жерді ұмытпайды.

Бурыл аянып тұр екен. Менің мықтап бекінгенімді біліп, мейлі енді, обаға ерте жетейік дегендей, бүкектеп желе жөнелді. Обаға тез-ақ жеттім. Биікте жел құтырынып, адам ұшыратындай болып тұр екен. Жездем әлі келмепті. Не істеу керек? Кетіп қалсам, іздейді. Жай іздеп қана қоймайды, бойын қорқыныш билейді. Адасып кетті ме, жоқ жел аттан ұшырып түсірде ме? Жездем осындай жаман ойларға беріледі. Енді мен де қорқа бастадым: "Қайда жүрсің, әке? Жылқыны түгелдей алмай жүрмісің, әлде, адасып кеттің бе? Ертерек көрінші көзіме!"

Аттан ақырын сырғып түсіп, тізгінді мықтап ұстап, обаның ық жағына отырдым. Бурыл ат желге жонын беріп, басын төмен салып ықтап тұрды. Содан әр түрлі ойға батып ұзақ отырдым. Жездем келе қоймады.

"Жездемнің бір көрген бораны осы деймісің, бір мәнісін ойластырар, қой, қайтайын".

Бурыл атты обаға тартып мінбек болдым. Мінер жағынан мінуге аяғымнан қорқамын, қамшылар жағынан мінбек болдым. Сөйтсем, оңбағыр бурыл ат мінгізбей-ақ қойғаны. Оң аяғымды үзеңгіге қарай көтере бергенімнен құлағын жымырып, аузын ашып тістемек болды, сосын артқы аяғын серпіп қалды. Тұяғы сынған аяғымның жіліншігіне жанай тиіп, шым ете қалды. Ауырған жерімді еңкейіп ұстай бергенмін, бурыл ат тізгінді кере тартып жүріп кетті, біраз жер дедектетіп апарып зорға тоқтады. Тізгіннен қатып ұстап қалғанмын. Тізгіннен айырылу – айдалада қалу, боранға ұшу, ит-құсқа жем болу. Обаға қайта тартып, қамшылар жағынан қайта мініп көрмек болдым, қайда-а, маңайына жолататын емес. Не істеу керек? Не сол аяқпен тәуекел ету керек, не жездемді күту керек. Жездемді күтудей-ақ күттім ғой, келмеді, енді қашан келері де белгісіз. Не де болса, үзеңгіге сол аяқты салып көрейін. Мінер жағына шығып едім, бұрыл ат қыбыр етпеді, үзеңгіге сынған сол аяғымды асықпай салдым, қалың киімім ыңғайсыздық көрсететін түрі бар, дереу үстімдегі тонды шешіп, обаның үстіне қойдым, атқа мінген соң іліп алмақ болдым. Жел жеңіл киімімді кеулеп, демнің арасында өкпемді тесті. Аяғымды үзеңгіге қайтадан салып, ердің басы мен қасынан екі қолыммен қатып ұстап, "әуп!" — деп жеп-жеңіл мініп алдым бурыл атқа. Сол аяғыма көп салмақ түскендей де болған жоқ. Е-е, бұдан былай атты өстіп қияға тартып мінуге болады екен ғой.

Мен атқа өзім міне аламын! Алақай! Атқа өзің міне алудан бақыт бар ма адамға? Бурыл ат, енді сенің қамшылар жағыңа жармасудың түк те қажеті жоқ. Ол жағыңнан мінгізбедің деп мен сені кінәламаймын. Сенікі — дұрыс. Сен мінер жағыңнан мінуге үйренгенсің. Жылқы – кірпияз мал, сен де солсың.

Мен тонымды іліп алып кидім. Сол сәт жездем де жетгі.

– Алданыш, бармысың? — болды жездемнің алғашқы сөзі.

– Бармын. Жезде, мен атқа өзім міне аламын! Мінер жағынан міндім.

– Қалайша? Аяғың ауырып қалған жоқ па?

– Жоқ ауырған жоқ.

Мен жездеме болған жайды айттым.

– Әлдеш, жылқы түгел. Енді ит-кұстан аман болса, тұрады Секітас сайында. Бұл боран біраз соғар, кеттік ауылға.

Жездем қарагерді тебініп қалды, мен де тізгінді босаттым. Бурыл ат қарагермен қатарласа берді. Қарагер алшаңдап басып қатты аяңдай жөнелді, бурыл ат бүгежеңдеп желіп келеді.

Кешке қарай денем дел-сал болып, етім қыза бастады. Көп ұзамай көзім шаншуға кірісті. Мен мұнымды үйдегілерге білдірмеуте тырыстым. Білдірсем, олар мені енді қайтып атқа мінгізбей қояды. Онда даладағы қызықтың бәрінен құр қаламын. Бірақ апамнан мұндайды жасырып болмайсың, біліп қойды. Апам — кішігірім тәуіп. Тамыр ұстайды, ем-дом жасайды. Айтып отырса, бәрімізді бір-бір ажалдан алып қалған.

Көзім қарығыпты.

Адамның ең жанды жері — көзі екен, ауырғанда жанымды шығарды. Тамыры суырып, көзім шарасынан шығып кете жаздады.

Көзімнің ауырғаны ертеңіне түске қарай барып бәсеңдеді. Көзім әлі де жөнді ашылмай, жарық дүниеге сығалап қарай бастадым. Суық өтіп кеткен екен, қызуым басылмады. Тамақтың тәттісі аузыма тосылды, бірақ тәбетім тартпады. Буын-буыным құрып, сансырап қалдым.

– Алданышты тас бұлауға салып, адыраспанға шомылдыру керек, — деді апам түскі шай үстінде.

– Қайда шомылдырамыз? — деді әпкем.

– Үйге.

– Мен үйге шомылмаймын.



Апам күлді.

– Өсіп қалдым дейсің ғой. Қайда саған әлі. Әміржан, пешке отты жақсылап жақ. Қазанға су құй, адыраспан қайнат. Тас бұлауға өзім саламын.

Қайтемін, көнемін. Бұл үлкендер көнген-көнбегеніңе қарамайды енді, өздері шығарған үкімді өздері мүлтіксіз орындауға кіріседі. Оның үстіне ем қонса, ертерек жазылсам деген ой көкейімді тесіп тұр ғой, үнсіз келістім.

Әпкем апамның айтқанын орындауға кірісті.

Апам далада бірдеңе істеп біраз жүріп, ішке асығыс кірді.

– Ал, Әлдеш, басыңды көтер, тас қызды. Әміржан, кел, бір қолтығынан сен, екіншісінен мен сүйемелдеп апарайық.

Апам мен әпкем мені еппен қолтығымнан демеп тұрғызды да далаға алып шықты. Апам үйдің батыс жағындағы ыққа үлкендігі қос жұдырықтай-қос жұмырықтай жеті тастың үстіне от жағып қыздырыпты. Мені сол тастардың үстіне талтайтып тұрғызып қойып, үстіме жездемнің шапанын жапты, киімімнің бәрін шешіндірді.

Әпкем шапанның етегін көтерді, апам:

– Бисмилла, менің қолым емес, бибі Фатиманың қолы. Айналайын ақ кұдай, өзің ем қыла көр қоңыр қозыма! — деп ыстық тасқа бір кесе су шашып келіп жіберді.

Тас баж етіп, бу бұрқ ете қалды. Ыстық су аяғыма шашырап, тиген жері күйдіріп кетті. Әпкем әй-шәйға қарамай, шапанды қымтап жатыр. Апам тағы екі рет су шашты, шапан іші ыстық буға толды.

Мен терлеп қоя бердім.

Апам күбірлеп сөйлеп, мені айналып жүр. Мен әуелде назар аударған жоқ едім, енді көзім бақырайып қарадым да қалдым: апам аппақ қудай селдір шашын жайып жіберіп, мойнына бұршақ салды, сөйтіп ал кеп құдайға жалынсын:

– Уа, құдіреті күшті құдайым-ау, байымды, баламды алғаның аз ба еді? Ыдырысты қойшы, Әлдижанды алдың, көндім. Енді Алданышыма көз алартпашы. Мені ал, Әлдижанымды қалдыр дегеніме де көнбеп едің, мен енді өзімді Әлдештің жолына құрбандыққа шалдым. Мені ал, баладан аулақ! Бар болсаң, сөйт, айналайын ақ құдай!

Апам бұршақты қолы қарыса бүріп, өзін-өзі қылқындырып жатыр, екі көзінен жас парлап барады.

– Апа, апатай, қолыңызды босатыңызшы! Сіз өлмеңіз, ешкім өлмесін! Мен жазыламын!

Апам мойнын бунақтаған бұршақты жібере салды.

– Әлдеш, сен жазылдың! Ал, үйге жүр, шомылдырамыз.

Апам мен әпкем мені адыраспан қайнатқан суға шомылдырып, үстіме қалың көрпе жауып, жан-жағымды қымтап жатқызып тастады.

Түнімен қара терге түстім, жамылған көрпем сығып алғандай су болды.

Ертеңіне жеңілейіп қалыппын, асқа тәбетім шапты.

Апам да, мен де аман қалдық.

Апамның мойнына бұршақ салып, мені айналып, зар илеп құдайға жалынғаны көпке дейін көз алдымнан кетпей қойды.

Айналайын апам-ай, мен үшін жанын қиғысы келді-ау!

Мен жазылдым.

Жездем мені өзімен бірге жылқыға тағы алып шығатын болды.

Апам мен әпкем бұған зәрезап болып қарсы тұрды.

– Адам қысында бір-ақ рет тұмауратады. Қайта-қайта не қылған ауру, барады менімен бірге жылқыға. Ауырса, жазылады. Бала шынықсын. Шаруа істеуді үйренгені өзіне жақсы, тындырғаны маған жақсы.

Мына сөзден кейін жездеме енді ешкім қарсы тұра алмайды.

Жездем маған жұмыс тапсырғалы отыр.

Қыс қатайған сайын жылқыны бағу қиындап бара жатты. Қора басына үйілген екі маяны ауылда қалатын арық-тұрақ аттар кеулеп жеп, тауысып барады. Шәкен мен Кенен енді ол аттарға ауылдың аяқ жағындағы үлкен саздағы маяны бұзып, содан жалғыз аттық шанамен әкеліп салатын болды. Бір жақсысы — өрістегі аттар бір күн де қолға қараған емес. Өңшең сайдың тасындай құр аттар Кербұлақтың жездем жаздай қорып, мал аяғын тигізбеген жықпыл-жықпыл жыраларында емін-еркін жайылып жүр.

Жылқы жинап жүргенде қашқан түлкіні, шанда бір болмаса, қарауыз құтқармайтын. Қарауыз — керемет ізшіл әрі иісшіл. Тып-тыныш келе жатқанымызда кенеттен елеңдеп, тұра кеп жүгірер еді. Ізінше тастан түлкіні айдап шығып, қуып бара жатқанын бір-ақ көретінбіз. Ізіне түсіп барсаң, түлкіні жайратып тастап шоқиып күтіп отырады.

Алпыс екі айлалы түлкіні алу тазыға оңай емес. Кіп- кішкентай түлкінің тазыға көрсетпейтін қорлығы жоқ. Түлкінің ең алдымен жүгінетіні — төрт аяғы. Қара тұмсығынан құйрығының ұшына дейін сүп-сүйір оқ қой шіркіннің. Түлкінің төрт аяғынан кейінгі сенері — құйрығы. Түлкі айласының денін құйрығымен жасайды. Қар бетінде ағып келе жатқан түлкінің құйрығы бейне қалтқысыз қайық. Түлкі не бір алғыр тазы енді жетіп, ауыз салдым дегенде құйрығын бір жағына қарай бұлт дегізіп алдайды. Тазы екпінімен біраз жер өтіп барып, қайта түзеліп қуғанша түлкі ұзап кетеді. Әккі түлкі тым бастырмалатып қуған тазыны құйрығымен тасқа соғыстырып, тікенге отырғызып та кетеді.

Таңданарлық жай да кездеспей тұрмайды.

Осы қыста бір қызық жағдайға қарауыздың да тап болғаны бар.

Жездем жотадағы маяны көрейін деп барып жақындай берсе, бір түлкі атып шығып, тұра қашыпты. Жап-жазық мидай дала. Қарауыз түлкінің аяғын қия бастырмай қуып жетеді. Жездем алды ғой енді деп жайымен жақындай бере көреді, қарауыз бен түлкі бір-біріне қарсы қарап отыр. Апырау, мұнысы несі? Ат үстінен еңкейіп қараса, тазы мен түлкі бір-бірінің тұмсығынан тістеп қатып қалыпты. Сөйтсе, түлкі қарауыздың тұмсығынан, тазы түлкінің жағынан қарпыған екен. Жездем жақындаса, түлкі шегініп, қарауызды сүйретуге көшіпті, қарауыз бұлқынған болады, бірақ тұншығып әлсіреп бара жатады.

Жездем дереу аттан түсіп, түлкіні көк желкеден алыпты. Екеуінің де жағы қарысып қалыпты.

Ойланып тұратын уақыт жоқ, жездем түлкінің аузына қамшының сабын тығып, қарауыздың тұмсығын шығарып алыпты.

Мен қанша құмартқаныммен, сондай бір қызықты көре алмай-ақ қойдым. Ақыры оның да реті келді-ау.

Желтоқсан айының аяғында Кербұлаққа аттың тізесінен келетін қалың қар жауды. Түнімен төпеген қардан соң жылқыны түгелдемек болып барсақ бытырамай, кешегі тастап кеткен сайда жайылып жатыр екен.

Әлдеш, қой, бүгін біраз түлкі қағып қайтайық Мен білсем, қазір Мұхтар төре де шығады. Бүгін бір қансонар болайын деп тұр екен, — деді де, жездем қарагердің басын өрге бұрды.

Біз Кербұлақтың оңтүстік жақ бетіндегі ұзын жонмен Шатыртөбеге қарай беттеп бара жатқанда өзеннің солтүстік қапталынан Мұхтар да көрінді. Мұхтар басынан бөркін алып бұлғап жоғарғы Шатыртөбе жақты көрсетті, жездем де сөйтті. Бұл — екеуінің түлкінің бәрі бүгін Шатыртөбеде, солай қарай тарта берейік дегендері.

Мұхтардың ақ тазысы осы қыста алғаш аңға қосылған, соған қарамай, аты шығып тұр. Төренің үлкендігі тайдай көк иті мен ақ тазысы қашқан түлкіні құтқарған емес.

Ақ тазы — Ысқақтың көк қаншығының күшігі, әкесі Қонысбайдың ақ тазысы. Салпаң құлағы да, құйрығы да бұйра шашақ серейген ақ тазы ұшқанда көз ілеспейді.

Алшынның қорасының тұсына келгенде жездем айтты:

– Алданыш, сен осы жерде қал. Шатыртөбеден Мұхтар барып түрткен түлкі осылай қарап қашады. Мен түлкіні әріректен күтіп, қарауызды қосамын. Ақ тазы осы тұсқа дейін түлкіге жетсе, жетті, жетпесе, қалады. Ол жақынға жүгіреді. Сен қарауыз бел жазып қуғанша айқайлап түлкіні бір аялдатсаң болды, әрі қарай қарауыз өзі біледі.

Мен жездемнің айтқанын істеп, бурыл аттың ауыздығын алып оттатып тұрдым. Жездем бір белді асты да көрінбей кетті, ал Мұхтар төре Шатыртөбенің басына шыққанша көрініп бара жатты.

Шатыртөбе десе дегендей, үлкен шатыр төбе Кербұлақ өзенінің басында шоқиып тұр. Бергі беті — жалаңаш, арғы беті — терең сай, құзар жартастар. Бұл тастан түлкі қашпайтын кез жоқ. Алыс болғандықтан, аң қаққандар Шатыртөбеге ат ізін анда-санда салады.

Бір кезде Мұхтар айқайлап, әрі қарай шауып сайға түсіп кетті. Содан жездем де, Мұхтар да көзден ғайып болды. Мен әбден күттім, қашқан түлкі тұрмақ екеуінің қарасын бір көруге зар болдым. Күн бесінге ауды. Күте-күте ішім көгерді. Аттан түсіп жетектеп алып, әрлі-берлі жүрдім. Әй, бір уақытта көрінді-ау екеуі, өзенді бойлап келеді. Жақындағандарында көрдім, Мұхтардың қанжығасында екі, жездемдікінде бір түлкі бар екен. Мұхтар төре өте көңілді көрінеді, Шатыртөбеден екі түлкі қашыпты, ақ тазы мен көк ит екеуінің де аяғын қия бастырмапты. Бергі беттен бір түлкі қашыпты, қарауыз қағып түсіпті. Екеуі мені мұнда бекер қалдырғандықтарына өкініш білдірді. Қар қалың, түлкі малтығып қаша алмапты. Мен қызықтан құры қалыппын!

Өзенді бойлап, дәудірлеп сөйлесіп келеміз.

Ақ тазыға қызығып қарап қоямын. Тұмсығы жарты кез, шүйдесі үшкір, мойыны ақалтеке аттыкіндей ұзын, бұлшық еттері серіппелі болаттай шымыр ақ тазы керемет сұлу. Қашқан түлкіні тасқа тығылып, не інге кіріп кетпесе, адымын аштырмайтын алғырдың өзі болған. Бір ғажабы – Мұхтардың көк иті де ақ тазыдан қалыспайды. Ақ тазы бұрын жетіп шалған түлкіні көк ит іле келіп іліп әкетеді.

Әжінің қорасының бас жағындағы қалың қамыстан өте бергенімізде жолды қиып күнгейге өткен түлкінің ізі сайрап жатты.

– Бұл түлкі ұзай қойған жоқ із жаңа. Мен ізіне түсейін, қашса, көрерміз. Мына белдің арғы жағы — жазық түлкі олай қарай қашпайды, осы қамысқа қайта ұрады. Сіздер анау мойнақтан күтіңіздер, — деп Мұхтар төре түлкінің ізімен кетті.

Шаршап қалған ба, ақ тазы ізге түспеді. Көк ит ізді иіскеп-иіскеп алды да шоқыта жөнелді. Мұхтардың түлкінің соңынан бел асып кеткеніне көп уақыт өткен жоқ жездем:

– Ал, Әлдеш, түлкі! — деді.

Мен сасып қалып, жан-жағыма алақтап, ештеңе көре алмадым.

Қарауыз қамысты жағалап безіп барады. Қараймын, оның алдында қыбырлаған жан жоқ қарауыз біраз жер жүгіріп барды да сол қапталға қарап бұғынып қалт тұра қалды. Мен сонда барып көрдім, көк ит бір түлкіні әдеп ылди төмен жосылтып қуып келеді екен. Жетіп бір шалып, екі шалып, аузына түсіре алмады. Түлкі сай табанында күтіп тұрған қарауызды, андыздап шауып келе жатқан бізді көрді, тағы бір жеткен көк итті құйрығымен алдап, ылдиға қарай өткізіп жіберіп, кері бұрылды. Көк ит екпінін тоқтата алмай, бірталай жер орағытып барып қайрылғанша қарауыз өкпе тұстан қосылды. Түлкінің әлі құрып, түзеліп қаша алмай, құйрығы салбырап, шәңкілдегені-ай сондағы! Адам аяп кетеді екен, төбе шашым тік тұрды. Ая-аяма, иттер енді ештеңені елең қылмайды, қарауыз түлкіні өкпеден алып, жерден іліп әкетті. Өшігіп қалған екен, көк ит те ауыз салды. Сорлы түлкінің үні бірден өшті.

Жездем түлкіні менің қанжығама байлады. Бұл бұрын-соңды аңға шығып жүріп қанжығама байланған жалғыз түлкі еді. Алған аңды алдымен үлкендердің олжалануы – ата заңымыз, маған кезек келмейтін.

Түлкінің жан бергені қиын, аянышты екен. Мен енді аңға шығуға беттемей қалдым...

Кербұлақтың сары желі үш күн сарнап барып тоқтаған.

Бурыл атпен жездем тапсырған шаруаны атқаруға — боранда Әбиірбай қорасынан жоғары Үкінің шоқысына дейінгі сайлар мен шұраттарды ықтап тұрып, енді ашыққа жайылуға шыққан жылқыларды көздеп, жоқ түгелдеп қайтуға шыққан бетім. Күнгей беттің қыр жотасымен өрлеп келемін.

Үш күн бойы соққан қатты жел жердегі қарды ғана суырмаған, аспандағы бұлтты да тым-тырақай қылып қуған. Кербұлақ аспанында бір шөкім шуда да жоқ, көкпеңбек.

Жел қар біткенді сай-сайға айдап тастаған, күнгей беттер қап-қара болып кеткен.

Үкінің шоқысынан бері қарай құлдайтын ұзын қолаттағы сіреген қар үстіндегі қарайғанға көзім түсті. Жан-жағында қыбыр еткен қара жоқ, жалғыздан-жалғыз тұрғаны несі екен мына шіркіннің?!

Желе жортқан күйі келіп тұсына жете бердім, бауыры қар сызған бір сұр ат басын төмен салып бүрісіп тұр. Бурылды тебініп омбылатып жақындадым. Сұр ат басын бері бұрып, сәл көтеріп қайта төмен салды. Түсінікті. Шылбырының ұшы қар астында, дәу де болса, иесі ұстап жатыр. Қардың іші жылы болады, үресін астында қалған адам үсімейді, ұйықтап жата береді дегенді естігенім бар.

Ойбай-ау, естігені не, өз әкемнің басынан өткен жай ғой ол.

Мен туғанда әкем маған метірке алмақ болып Шоқпардың арғы жағындағы Темірқазықтағы ауыл советке барып, қайтарда боранға ұрыныпты.

Әкем Темірқазыққа магазинші Шәлімбайдың боз биесін сұрап мініп барыпты. Аспан мен жер тұтасқан әлем-тапырақта бағыт-бағдардан айрылып, адасуға айналыпты. Сөйткенде боз бие үресін қарға омбылап тұрып қалыпты. "Өлді!" –деген осы шығар. Алғаш бойын осындай үрей билеген әкемнің ойына әкесі айтқан: "Қардың асты жылы болады. Жан қысылғанда үресін қарды үңгіп жіберіп жатқан адамды боран да, үсік те алмайды", — деген сөзі түседі. Дереу үресін қарды үңгіп ұра жасап, боз биенің шылбырын қатып ұстап, ішігімен жақсылап қымтанып жата кетеді. Шынында да, қар асты ық ұядай жылы екен, демде есінеп, ұйқы дұшпан меңдеп бара жатады.

Әбиір болғанда әкем жол сорабынан көп ауытқымаған


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет