Эрозия түрлері. Жел эрозиясы кезінде топырақтың майда бөлшектері ұшып, «қара дауыл» көтеріледі, ал су эрозиясы болған танаптарда үлкенді-кішілі жыралар пайда болады және жаз айларында өте тапшы болатын сумен әр түрлі қоректік заттар ағып кетеді, яғни топырақтың құнарлылығы төмендейді. Сондықтан эрозиямен күрес топырақты және оның құнарлылығын сақтау үшін күрес деген сөз. Эрозия — топырақтың құралу процесімен қатар жүретін құбылыс. Топырақ бетіндегі табиғи немесе ауыл-шаруашылық дақылдарының өсімдік жамылғысы болғанына қарамастан, су көп болған жылдары, ол топырақ бөлшектерін шайып әкетіп, су эрозиясын тудырады. Жел қатты соққан кезде ол топырақтың өсімдік жамылғысы жоқ немесе аз жерлерден майда ұлпаны айдап әкетіп, жел эрозиясын тудырады. Бұл қалыпты эрозия деп аталады. Ол баяу жүреді және аса зиян келтірмейді. Қалыпты эрозия климатқа, жер бедеріне, топырақтың судың шаю күшімен желдің бұзуына төзімділігіне, өсімдік жамылғысының сипаты мен тығыздығына байланысты болады. Шапшаң немесе апатты эрозия адамның араласуынан және табиғатта қалыптасқан байланыстардың бұзылуынан туады.
Жел эрозиясы орманы жоқ, ашық, жаңбыр аз жауатын жазық далаларда болады. Қазақстанда жел эрозиясы тың жерлер игерілген өңірде көптеп кездеседі. Тың жерлер жыртылғаннан кейін Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, т.б. облыстардың топырақтары жел эрозиясынан қатты зардап шекті. Жел эрозиясы кезінде қарашірігі мол, жеңіл, қоректік заттарға бай топырақтың үстіңгі қабатының құнарлы майда түйіршіктері ауаға көтеріліп, желмен бірге ұшып кетеді.
Күнделікті (жергілікті) эрозия. Әр жердің өзіне тән үйреншікті желі болады. Сол желдің әсерінен де үлкенді-кішілі сырмалар, құйындар болып тұрады. Бұл желдер үйреншікті болған соң, оған көп көңіл бөлінбейді. Ал ғалымдардың есебіне қарағанда, олардан да келер зиян аз емес. Мұндай эрозияның әсерінен де күн сайын топырақтың құнарлылығы кеміп отырады, желмен ұшқан мақда түйіршіктерден өсіп тұрған дақылдардың өркендері зардап шегеді, олардың жапырақтары жырымдалып, жыртылады.
Егер танап топырағының 50 пайызынан артығының диаметрі 1-2 мм-ден үлкен кесек түйіршіктерден тұрса, ондай танапта жел эрозиясы болмайды. Жел эрозиясының басталуына қатты әсерін тигізетін түйіршіктерге диаметрі 0,5-1 мм болатын топырақ кесекшелері жатады. Мұндай түйіршіктер қатты желдің әсерінен көтеріледі де, жер бетімен секіріп домалай бастайды. Осы кез де басқа кесектерге соғылып олардың да орнынан қозғалуына себепші болады. Ол кесектер басқаларды қозғайды, ақыры жел эрозиясына айналады. Диаметрі 0,1 мм-ден кем түйіршіктер қатты желдің әсерінен (жылдамдық 15 м/сек.) едәуір алысқа ұшып кетеді де, қалқалы бір жерге үйіледі.
Жел эрозиясының қатерлі де қауіпті түрін шаң дауылы дейді. Ол жердің беті өсімдік жамылғысынан айырылған немесе нашар қорғалған, желі күшті соғатын, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл аймақтарда болады. Топырақ эрозиясының келесі түрі — су эрозиясы.
Жер бедері күрделі болып келетін Қазақстанның оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарында, қар қалың түскен жылдары солтүстік, орталық, батыс облыстарында су эрозиясы болады. Қар суын жерге тездетіп сіңіру үшін ешқандай әрекет жасалмаса, онда су эрозиясы барлық жерде болуы мүмкін. Су эрозиясы кезінде тек топырақтың құнарлы бөлшектері шайылып қана қоймайды, сонымен бірге оның терең қабатында ылғал аз жиналады, содан барып дақылдар өсу кезінде су тапшылығын көреді. Су эрозиясы тамшылық, беткі (үстіңгі), сызықтың және иррагациялық болып төртке бөлінеді.
Тамшылық эрозия. Ол жаңбыр нөсерлеп жауғанда, әр тамшының диаметрі 1 мм-ден 5 мм-ге дейін, жылдамдығы секундына 4,5-9 м шамасында болады. Осы тамшы топырақтың майда кесекшелеріне тиіп, оны бірте-бірте үгітіп, езіп жібереді. Үгітілген бос, майда ұнтақтар топырақтың үстіңгі қабатындағы жіңішке саңылауларды бекітіп, судың сіңуіне кедергі жасайды. Топыраққа сіңіп үлгермеген су жер бетімен ағып, өзімен топырақтың беткі қабатындағы майда бөлшектерін ала кетеді.
Беткі (үстіңгі) эрозия ағынды судың күшті әсер етуінен пайда болады. Мұны кейде жазықтық эрозия деп атайды. Беткі эрозия өте қауіпті, себебі ол көзге онша ілінбей өтіп жатады. Бірақ, бұл эрозиядан келетін зиян көп. Оның әсерінен жыл сайын танаптың әр гектарынан 5 тоннадан 25 тоннаға дейін топырақ шайылып кетеді. Уақыт өткен сайын топырақтың органикалық заттарға бай майда түйіршіктері азайып, құнарлылық кемиді, соның салдарынан алынатын өнім төмендейді.
Сызықтық эрозия. Қар ерігенде немесе нөсер жауын болған кезде судың қатты ағысы топырақта біраз ор жасап кетеді, ол жер бірте-бірте үлкейіп, терең жыраға айналады. Олардың ені 2-3 метрге, кейде, тіпті, 10 метрге жетуі ықтимал. Мұндай жағдайда топырақтың үстіңгі қабаты ғана емес, оның терең қабаттары да бұзылады.
Ирригациялық эрозия. Суару кезінде су топырақтың ылғал сыйымдылығынан артық берілсе, ол топыраққа толық сіңбейді, сондықтан танаптың үстіңгі қабаты шайылып, эрозия басталады. Эрозияның бұл түрін ирригациялық эрозия деп атайды.
Эрозиядан келетін зияндар. Топырақ эрозиясы ауыл-шаруашылық өндірісіне орасан зиян келтіреді. Біріншіден, эрозияның әсерінен топырақтың беткі қабаты желмен ұшып немесе сумен шайылып кетеді, сондықтан шаруашылықтар жердің құнарлы қабатынан, онымен бірге қоректік заттардан айырылады.
Су эрозиясымен күресу шаралары. Су эрозиясымен күресуде шаруашылыққа тиісті жерді дұрыс пайдалана білудің маңызы зор. Бұл, әсіресе, бедері күрделі болып келетін таулы жерлерде орналасқан шаруашылықтар үшін өте қажет. Су эрозиясына дөңес жердегі танаптар өте бейім болады. Сондықтан мұндай топыраққа жиі қопсыта беруді қажет етпейтін дақылдар себу керек. Дөңес жерлердің топырағын су эрозиясынан қорғау шараларының ішінде еңіске көлденең, контур бойынша жүргізілетін мелиорациялық жұмыстардың (жолақтап ағаш отырғызу, көп жылдық шөптер егу) маңызы зор. Топырақты су эрозиясынан қорғауда агротехникалық шаралардың маңызы зор. Ең бастысы, бұл шаралар онша қиын емес, оларды кез келген шаруашылықтарда қолдануға мүмкіндік бар. Олардың ішіндегі ең бастысы жерді дұрыс өңдеу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |