19.Метаморфтық тау жыныстары
Үлкен тереңдікте өтетін ауысу процесінде шөгінді немесе магмалық тау жыныстарының тек сыртқы түрі ғана өзгңріп қоймайды, сонымен қатар оның минералдық құрамы және құрылымы өзгереді. Мысалы, кеуекті бос әк тас, тығыз кристалдық мраморға – метаморфтық жынысқа айналады. Теңіз немесе мұхит түбінде жиналған әк тас қабаты уақыт өте келе оған қысым түсіріп, мұхит түбін оя бастайды. Пайда болған шұңқыр қысымының әсерінен күн өткен сайын тереңдей береді. Тереңдік өзгерген сайын әк тас жыныстары температурасы және қысымы да, жоғары жер қойнауына ене береді. Уақыт өте келе ол балқи бастайды. Нәтижесінде құрамындағы молекулалар бастапқы орындарын ауыстырады да басқа түрде топтаса бастайды. Осы масса қайтадан жоғары көтеріліп, жер бетіне шыққанда, суынады және кристалданады. Бірақ ол сол әк тас түрінде қалмайды, мраморға айналады. Оның түсі де әртүрлі болады. Егер осындай метаморфизация процесінде таза бор немесе әк тас түсетін болса, ақ мрамор түзіледі. Егер әк тас құрамында темір тотықтары болса, қызыл мраморға ал көміртегі заттарынан қара сұр мрамор түзіледі.
20.Тау жыныстарының үгітілуі
Тау жыныстары және минералдар өздерінің түзілу жағдайларынан өзгеше ортаға түскен кезде өзгере бастайды. Массивті-кристалдық, шөгінді және метаморфтық тау жыныстары жер бетіне шығысымен механикалық ұсақтануға, химиялық және биологиялық өзгерістерге ұшырайды. Жердің беткі қабағында (қыртысында) өтетін осы процесті үгітілуі деп атайды. Үгітілуге ықпал жасайтындар температура, су, көмір қышқылы, оттегі, әртүрлі тірі организмдер. Жер қабығының минералдық бөлігіне осы факторлардың барлығы бір мезгілде және бірлескен түрде әсер етеді. Сондықтан олардың әрқайсысының қаншалықты әсер ететінін тап басып айту қиын. Әйтседе ең басты факторды әрқашан анықтауға болады.
Үгітілуідің: физикалық, химиялық және биологиялық сияқты үш түрін анықтайды. Олардың барлығы бір мезгілде жүріп жатады.
Физикалық үгітілу – тау жыныстарының химиялық құрамын өзгертпей, тек қана механикалық жолмен өлшемдері әртүрлі бөлшектерге бөлінуін айтады.
Химиялық үгітілу кезінде тау жыныстарының құрамы өзгеріп жаңа минералдар түзіледі, көп жағдайда, алғашқы минералдарға қарағанда, олардың химиялық құрамы қарапайымдау болады.
Биологиялық үгітілу – тау жыныстарының тірі организмдердің әсерінен өздерінің химиялық құрамын өзгерте отырып, мүжіліп ұсақтануы.
21.Физикалық үгітілу
Физикалық үгітілу процесі түйіршіктердің өлшемдері 0,001 мм-ге жеткенше жүреді. Үгітілуге ұшыраған түйіршіктердің өлшемдері 0,001 мм-ден кемігенде физикалық үгітілу тоқтатылады. Себебі 0,001 мм-ден кіші түйіршіктер бірқалыпты қызынып, суынатындықтан өздерінің өлшемдерін өзгертпейді, физикалық үгітілуге ұшырамайды.
Физикалық үгітілу, республика көлемінде алғанда, құрғақ, ыстық аймақтарда немесе өте суық жерлерде, таулы аудандарда айқын байқалады. Құрғақ шөл далалық аудандарда күн мен түннің температураларының ауытқуы 600С, ал қыс пен жаздың температураларының ауытқуы 500С-ге жетеді. Мұнымен қатар күшті желмен көтеріліп ұшатын құм, тасты жыныстарлы қайрап, тегістеп оларды физикалық бұзылуға әкеп соғады. Сондықтан шөл жерлерінде сынған тастардың, шағал тастардың, құмның үйінді түрінде жиналуы көптеп байқалады.
Физикалық үгітілу топырақ түзілу процесінде маңызды орын алады. Осы үгітілу нәтижесінде химиялық және биологиялық үгітілуге негіз жасалынады. Жыныс бөліктері уатылғанда беттерінің үлестік ауданы артады да осы себепті олар химиялық және биологиялық үгітілу факторларымен оңай әрекеттеседі.
22.Химиялық үгітілу
Химиялық үгітілу кезінде минералдар бұзылып бөлшектенеді және синтезделінеді. Сөйтіп бастапқы жыныста кездеспейтін жаңа минералдар түзіледі. Химиялық үгітілудің негізгі факторлары – су, оттегі, көмір қышқыл газы, температура.
Химиялық реакциялардың өтуі температураның жоғарылануынан жылдамдайтыны белгілі. Сондықтан химиялық үгітілу ауаның жылдық орташа температуралары жоғары және көп мөлшерде ылғал түсетін аймақтарда айқын байқалады. Температураның әрбір 100С жоғарылануынан химиялық реакциялардың өтуі 2 – 2,5 есе үдейді. Бөлшектердің көлемі азайған сайын олардың реакциялық қабілеті жоғарылай береді. Осыған орай химиялық реакциялар кесектің ең ұсақ бөліктерінде (<0,01 мм) жақсы жүреді.
23.Биологиялық үгітілу
Жоғарыда минералдың ыдырауы тірі оганизмдердің қатысуынсыз өтетін процестерді қарастырдық. Жер қабығының өсімдіктер және жануарлар мекендейтін жоғарғы бетінде үгітілу процестері күрделенеді. Физикалық, химиялық үгітілудің нәтижесінде түзілген минералдар биологиялық процестердің әсерінен тұрақтылығын жоғалтып, бөлшектенуін жалғастыра беруі мүмкін.
Биологиялық үгітілу топырақ түзілумен тығыз байланысты. Минералдарға өсімдіктердің тамырлары, сонымен қатар микробтардың, өсімдіктердің және жан-жануарлардың тіршілігінен туындайтын қалдықтар, тіршілігін тоқтатқан организмдердің ыдырау қалдықтары әсер етуі мүмкін.
Организмдердің физикалық және химиялық түрде үгітілуге ұшырамайтын жыныс бөліктеріне әсері үлкен. Үгітілу процесіндегі организмдердің атқаратын үлкен рөлін көрсете отырып, академик В. И. Вернадский әрі қарай физикалық және химиялық үгітілуге ұшырамайтын каолин минералының тірі организмдердің әсерінен өзінің тұрақтылығын жоғалтатынын, соңынан биологиялық үгітілуге ұшырайтынын айтқан. Кейбір су жалбыздарының түрлері каолинді коллидты кремний қышқылдарын және сусызданған алюминийдің коллидты гидраттарын бөле отырып, ыдырауға ұшырайды. Осы ыдырау су жалбыздары бөліп шығаратын, негізінен пектин заттарынан тұратын, шырыштың әрекетінен болады.
24.Топырақтың макро- және микроэлементтері
Органикалық тыңайтқыштар – жануарлар мен өсімдіктер қалдықтарының органикалық қосылыстары түрінде кездесетін қоректік заттар. Органикалық тыңайтқыштар бұдан 3 мың жылдай бұрын Қытай мен Жапонияда қолданыла бастаған. Бұрынғы КСРО аумағында ХІV – ХV ғасырлардан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыратын құрал ретінде кеңінен таралған. Органикалық тыңайтқыштарға көң, қи, құс саңғырығы, садыра, жасыл тыңайтқыштар, сабан, т.б. өсімдік қалдықтары, залалсыздандырылған тұрмыстық және өндіріс қалдықтары, ақаба сулардың тұнбалары, т.б. жатады. Өнеркәсіпте мочевина шығарылады. Органикалық тыңайтқыштар құрамында топырақтың ең маңызды агроникалық қасиеттеріне қажетті макро- және микроэлементтер бар. Топырақты қарашірікпен, қажетті химиялық элементтермен байытуға, оның ылғалдылығын молайтып, ауа мен су режимінің реттелуіне, физикалық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Органикалық тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатып, сапасын арттырады. Құнарсыз топырақты құнарландыру үшін және суландыру жүргізілген жерлерді игеру үшін міндетті түрде органикалық тыңайтқыштар себіледі. Көбіне топырақты жыртқан кезде тұқымды себуге дейін енгізіледі. Қопсыту кезінде өте шіріген қарашірік, тауық қиын, т.б., ал үстеп қоректендіргенде көбіне, садыра және тауық қиын қолданады. Картоп, жүгері, көкөніс және техникалық дақылдарды, күздік дақылдарды, т.б. отырғызғанда оның шұңқырына салу тиімді. Жылыжайларда егістік бетін жабындауда қолданады. Органикалық тыңайтқыштарды қолданудың тиімділігі ылғалы жеткілікті аудандардағы шымды-күлгіндеу және орманның сұр топырақтарында жоғары, ал күлгінденген және сілтісіздендірілген қара топырақтарда төмендеу, құнарлы және қарапайым қаратопырақтарда төмен болады. Органикалық тыңайтқыштардың мөлшері дақылдың түріне және топырақ-климаттық жағдайға байланысты 15 – 60 т/га-ға тең. Минералды тыңайтқыштармен бірге қолданғанда оның мөлшері азаяды. Құрғақшылық аудандарда жырту қабатының барлық тереңдігіне енгізіледі, ал ауыртопырақты жерлерде оның тереңдігі 15 – 18 см-ден аспауы керек. Микроэлементтердің мал шаруашылығы үшін де маңызы зор. Кейбір микроэлементтердің топырақта және өсімдіктерде (жемде) артық не кем болуы мал өнімділігіне елеулі әсер етеді.
25.. Топырақтың ластану.
Адамдар және олардың шаруашылығы жер бетінде тікелей және жанама зор ықпал-әсерін тигізіп келеді. Егер де жылына ауаға дүниежүзі бойынша 1 млрд. тонна деңгейінде антропогендік заттектер (CO2 есептегенде), гидросфераға шамамен, 15 млрд. тонна ластағыштар енгізіліп отырылса, жерге түсетін техногенді қалдықтардың мөлшері 90 млрд. т. Кейбір ғылыми мәліметтерге сүйенетін болсақ, XX ғасырдың 90 жылдарының аяғында жерде жинақталған қалдықтар көлемі 4000 млрд. тоннаға дейін көтерілген. Топырақтың ластануына байланысты қазіргі уақытта құрлықтың жартысына жуығын антропогендік ландшафт алып жатыр. Ғалымдардың арасында тараған пікір бойынша, дүниежүзіндегі шөлдердің барлығының шығу тегі де антропогендік. Атропогендік шөлдің аумағы жылдан-жылға үнемі ұлғаюда, оның көлемі қазіргі шақта 10 млн. км2-ден асып отыр, бұл бүкіл құрлықтың 7 пайызын құрайды.
Топырақты ластайтын компенеттерге қарай, топырақтың ластануының түрлері: физикалық, химиялық және биологиялық болады.
Физикалық ластану радиоактивті заттектермен байланысты. Мысалы, уран рудаларын ашық әдіспен алғанда, жер қыртысында активтілігі жоғары сәулеленетін сұйық және қатты қалдықтар қалады.
Биологиялық ластану – ауру тудыратын және де басқа жағымсыз жағдайға итеретін микроорганизмднрдің қоршаған ортада болуы. Мысалы, ластанбаған топырақта дизентерия, сүзек және тағы басқада ауру қоздырғыштары 2-3 тәулік бойында сақталса, ластағыштармен әлсіреген қоздырғыштар бірнеше ай мен жылдарға дейін сақталып, едәуір аумаққа таралады.
Химиялық ластану – топырақта тірі организмдерге қауіп туғызатын химиялық заттектердің жиналуы.
Топырақты ластайтын көздерге өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары, көлік, ауылшаруашылығында қолданылатын шөпжойғыштар мен минералды тыңайтқыштар, қалдықтар, жылу энергетика кешені, атмосфералық жауын шашын, апатты жағдайда тасталатын шығарындылар, әскери өндірістік кешендер жатады.
26. Топырақ құнарлығы.
Топырақтың басқа табиғи денелерден ерекшелігі – оның құнарлылығы. Құнарлылық деген топырақтың өсімдіктерді өніп-өсуіне қажетті қоректі элементтермен және сумен қамтамасыз ету қасиеті. Жер бетінде адамның өсімдік пен жануарлардың өмір сүруі топырақтың осы қасиетімен тікелей байланысты. Көне дәуірлердің өзінде топырақтың құнарлылығын отпен, күнмен, сумен теңеп, оған табынған болатын. Көне Мысырда құнарлылықтың патшасы болып Изида, ал Римде – Прозерпина саналған. Біздін дәуірге дейінгі IV ғасырда Қытайда топырақтарды «ақ», «көк», «сары» деп, олардың құнарлылығын «аз», «көп», «орта» деп бөлді. Грек философтары Аристотель, Феофраст, Лукреций, Вергилий, Колумелла, Плиний, т.б. топырақ құнарлылығы туралы өз трактаттарында жазған. Сол кезден топырақ құнарлылығының көздері туралы ойланып, топырақ неге тозады, қалай оны дұрыс пайдалануға болады деген ойлар туа бастады. Феодализм мен капитализм кезеңінде әртүрлі топырақтар құнарлылығына қарай бағаланып, сол бойынша салық салу жолдары іздестірілді. XVIІ-ХІХ ғасырларда топырақ құнарлылығына социолог және экономист ғалымдар да назар аудара бастады.
. 27. Топырақ эрозиясы туралы.
Осындай топырақтар кездесетін аймақтарда, олардың тұзын шайып немесе топырақ орталарының реакцияларын химиялық мелиорациялау арқылы жақсарту шаралары әлемде көптен жүргізілуде. Топырақтанудың бұл саласын топырақты мелиорациялау деп, онымен шұғылданатын ғылым мелиоритивтік топырақтану деп аталады.
Топырақ құнарлылығына әсер ететін жағдайдың бірі – оның эрозияға ұшырауы. Бұл ғасырлар бойы түзіліп, жиналған топырақтың құнарлы беткі қабатының қатты соққан жел-дауылдың әсерлерінен немесе қатты нөсерлетіп жауған жаңбырдан, тез еріген қардан, кей жағдайларда суармалы егістік жерлерді суару кезінде суды мөлшерден артык жіберудін нәтижелерінде жуылып-шайылуынан болады. Әлемде топырақтың жел эрозиясына да, су эрозиясына да ұшыраған алқаптар аз емес. Сондықтан да табиғаттың бұл апатымен күресу жолдары – топырақтанудын бір саласы.
Әлемдегі ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде, әсіресе өндірістің қарышты дамуынан табиғатқа, оның ішінде топырақ құнарына зиянды әсері де толып жатыр. Соның ішіндегі ең негізгілері жер қойнауының әртүрлі тереңдігінде жатқан қазба байлықтарды барлап, қазып алу және оларды байыту кезінде құнарлы топырақ қабаттары бұзылып, жер бетіне жер астындағы құнарсыз тау жыныстары шығып көптеген жерлер құнарсызданады. Оған қоса, көптегсн зауыт-фабрикалар мен жылу электростанциялардан шығатын күл-қоқыстармен ластанып, құнарларынан айырылатын жерлер баршылық. Осындай жерлеріміздің құнарын қайта қалпына келтіруді қайта культивациялау деп атайды. Мұндай жағдайларда, шын мәнінде, топырақтар адам колынан жасалған антропогенді топырақтар түзіледі. Топырақтанудың бұл саласы әлемде соңғы жылдары қолға алына бастады.
Сонымен, топырақ құнарын тиімді пайдалану, оны арттыру жолдары жалпы ауылшаруашылық ғылымдар жетістіктеріне агрономия, агрохимия, сонымен қатар топырақтану ғылымының салаларына (топырақ мелиорациясы, топырақ эрозиясы және одан қорғау, топырақты қайта құнарландыру) тиесілі. Бұл мәселелердің қоғамның дамуымен маңызы арта түспек. Табиғат қорларының барлық салаларын, оның ішінде жер қорларын сақтау, оны тиімді пайдалану сияқты мәселелер көптеген елдердің ата заңдары мен табиғатты және оның барлық салаларын қорғау туралы арнайы заңдарында қарастырылған. Республикамыздың табиғатын қорғап, оның экологиялық жағдайларын жақсарту, жер қорларын сақтап, тиімді пайдалану туралы арнайы заңдар қабылданған. Мәселе – осы заңдарды бұлжытпай орындау. Топырақ эрозиясы (латынша erosіo – желіну) – топырақтың беткі ұнтақталған құнарлы қабатының жел күшімен немесе су ағынының шаюы салдарынан құнарының азаюы. Жел эрозиясы кез келген топырақ типінде кездесіп, жел күшімен топырақтың беткі қабатын, кейде өсіп тұрған өсімдігімен бірге басқа жаққа ұшырып әкетеді. Әдетте жел эрозиясы жер бедері жазық, құрғақ, ормансыз шөл аймақтарында жиі болады. Тіпті шөл аймақтарындағы құмды алқаптардың шөп өспейтін бөліктері жел әсерінен бір орыннан екінші орынға жиі жылжып отырады. Оларды жылжымалы құмдар деп атайды. Топырақ бетінде өсімдік жақсы өскен алқаптар жел эрозиясына ұшырай бермейді. Өсімдік тамырлары топырақтың беткі қабатын бекітіп ұстап тұрады, өскіндері жауын суының біразын өздеріне сіңіріп, қалғанын жер астына өткізеді, ал екпе ағаштар қар тоқтатуға және олардың топырақ бетінде біркелкі таралуына септігін тигізеді, желдің күшін азайтады, т.б. Ал бұл жерлерді кәдімгі қайырмалы соқамен жыртып, топырақтың майда ұнтақталған бос қабаты жер бетіне шыққан кезде олар желдің еркіне беріліп ұшады.
28. ГЛОССАРИЙ
Аллювий – өзен тасығанда шығып қалған құмдар, қиыршық тастар және т.б.
Бонтировка – топырақтың сапалылығын бағалау.
Бонитет – топырақ сапасының көрсеткіші.
Геологиялық эрозия – табиғатта болуға тиісті биологиялық процесс, ол топырақты жаңартуға көмегін тигізеді.
Дефляция – топырақ пен борпылдақ тау жыныстарының түйірлерін жел үрлеп ұшыруы.
Дефляция эрозиясы – топырақтың желмен ұшып кету процесі.
Диагенез – шөгінді лайлы жыныстардың қатаюы.
Десукция – өсімдіктердің топырақ суын тамырларымен соруы
Далалық ылғалсиымдылық – ыза суы терең орналасқан жағдайда топырақты үстіңгі жағынан сулағанда топырақтың ұстап қалған су мөлшері.
Ортзаңдар – тығыз, шірік, қоңыр түсті темірдің қабыршықтары.
Ортштейндер – темір мен марганец тотықтарының кесек немесе тары тәріздес.
Рекультивация – топырақ жамылғысын қайта қалпына келтіру.
Жасанды құнарлық – адамның еңбек нәтежиесінде пайда болады. Табиғи және жасанды құнарлылықпен қатар, экономикалық құнарлық құрастырады.
Жерлерді бағалау – құнарлығын және тұрған орны жер учаскелердің сапалық жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер бойынша анықтау.
Зонасыз топырақтар – табиғаттың барлық зоналарында өзен бойлары мен ойпатты жерлерде немесе құм жиындары бар жерлерде кездесетін топырақтар.
Ирригациялық эрозия-адамдардың суды дұрыс пайдаланбауынан болатын эрозия.
Кадастр – есеп, салық үшін жер бағасын есептеу
Қалыпсыз топырақтар – өзен мен көлдер аллювилері, жел үйінділері.
Коагуляция – коллоидтардың ертіндіден тұнбаға көшу процесі.
Криогенді су режимі – үнемі тоң болып жататын суға төзімді қабат түзіп, соның нәтижесінде жауын – шашынның аздығына қарамастан, жылдың жылы мезгілінде топырақтың суға қанығуы.
Қалыпты зоналық топырақтар – 5 топырақ типінен тұратын құрғақ шөпт топырақтар
Құрғақшылықтың өлі қабаты – аспалы қылтүтік топырақ суының төменгі шегі мен ыза суының қылтүтік жиегінің жоғарғы шегінің арасында, қабат салу ылғалдылығына жақын жатқан ылғалды қалыңдылық.
Гравитациялық су – грунтты топырақта ауырлық күшінің әсерінен қылтүтіктерде ұстап тұрылмай, жоғарыдан төмен жылжитын су.
Гигроскопиялық су – топырақтың ауадан сіңіре алатын бу тәрізді ылғалдылықтың ең жоғарғы мөлшері.
Мезорельеф – рельефтің орташа мөлшері. Мысалы, тау аңғарлары, алқаптар, шұңқырлар.
Макрокомбинациялар – мезокомбинацилардың жер бедерінің ірі өзгерістеріне байланысты алмасып отыруы.
Микрорельеф – рельефтің өте ұсақ түрі. Мысалы, ұсақ құм төбелер, сор ойпаңдар және т.б.
Пестицидтер – ауру туғызатын ұсақ бунақденелілерді жою үшін қолданылатын химиялық заттар.
Сорланған топырақтар – құрамында суға тез ерігіш тұздардың біршама мол кездесетін топырақ түрлері.
Сор топырақ – суға тез ерігіш тұздардың топырақтың беткі қабатынан бастап мол кездесуі.
Сортаң топырақ – топырақтың колоидты кешені негізінен натрий катионына қаныққан топырақтар.
Солодтар – қалдықты кварц және аморфты кремний балшығы көп топырақтар.
Топырақ-биоклиматтық белдеу – топырақтардың көлбеулі зоналар мен биіктік белдеулердің радиациялык және жылу жағдайларының біртектестігі.
Топырақ-биоклиматтық облыс – топырақ зоналарының тек радиациялық және жылу жағдайлары ғана емес, сонымен катар ылғалдану және құрғақтану жағдайларының біртектестігі.
Топырақты бонитеттеу – топырақтың табиғи құнарлығын салыстырып бағалау, оларды табиғи қасиеттер бойынша жіктеу.
Топырақ провинциясы – топырақ зонасының кейбір топырақжәне оның тұзілу ерекшеліктеріне байланысты (ылғалдану, құрғактану немесе температуралық өзгерістері) – зонаның бір бөлігі.
Топырақ округі – топырақ провинциясының жер бедері топырақ түзуші жынысқа байланысты топырақ жамылғысын біркелкі құрылымда кездесетін топырақ провинциясынын бір бөлігі.
Топырақ ауданы – топырақ округінің жергілікті жағдайларға тіпті, кейде әкімшілік бөлінісіне қарай бөлінетін ең кіші бөлігі.
Топырақ зоналары – топырақ түрлерінің түзілуі мен генетикалық қасиеттері өзіндік биоклиматтық жағдайына сай қалыптасқан табиғи аймақтар.
Топырақ типі – топырақ жіктелуінің басты белгісі.
Топырақ құнарлылығы – топырақтың өсімдіктерді өніп-өсуіне қажетті су, қорек элементтерімен қамтамасыз етуі және олардың түсімділігіне керекті жағдай туғызу қасиеті.
Топырақ пісуі – топырақтың жабысқақтығы мен байланысы маңызды агрономиялық қасиеті.
Топырақтың тоңдануы – топырақтың қысқы аяздарда құрамындағы ылғалы мұзға айналып қатуы.
Топырақ тегі – аналық тау жынысы өзгешелігіне орай бөлінетін топырақ бөлігі ( кебірленген, сорланған, корбонатты).
Тип – топырақтың жіктелуінің басты белгісі.
Топырақ аймағы бір немесе екі аймақтық топырақ типінің және осыларға сәйкес интрааймақтық және аймақ ішіндегі топырақ типтері таралған жер кеңістігі.
Топырақ аймақшасы топырақ аймағына сәйкес таралған бір топырақ типшесі таралған жер аумағы.
Топырақ фациясы – жылу режимінің және жыл мерзімдері ішінде ылғалдылығының ерекшелігі бар топырақ аймағының бір бөлігі.
Топырақ округы және топырақ ауданы – жер бедерінің және топырақ түзуші тау жыныстарының ерекшелігіне байланысты қалыптасқан топырақ жиынтығы бар топырақ өлкесінің бөлігі.
Тиксотропия – мәңгі тоңды өлкелердегі топырақтарда кең тараған құбылыс.
Топырақтың тұздануы – өсімдіктер үшін зиянды болып келетін тұздардың топырақтың жоғарғы қабатына жинақталу процессі.
Толық ылғалсиымдылық –топырақтың толық сумен қанығуы.
Топырақ провинциясы – топырақ және оның түзілу ерекшеліктеріне байланысты топырақ зонасының бір бөлігі.
Өтпелі топырақтар – шайылған және жер бетіне төселген топырақтар.
Үлкен геологиялық айналым– құрлық жер мен мұхит арасында жүретін химиялық элементтер жолы.
Шабындық – жаз бойы өсіп толысатын, көбнесе орташа ылғалдыққа бейімді шөптекті өсімдіктер тобы биогеоценозы.
Шөгінді – өзен суына ілесіп келген минаралдық және органикалық түйірлі заттар.
Шурф – құрғақ жерде топырақты зерттеу үшін қазылатын тік шұңқыр.
Фаза – топырақты құрайтын бөліктер.
Фиксация –топырақтың катиондарды қайта алмастырмай сіңіруі.
Фосфорлы тыңайтқыш – өсімдіктерді қоректі фосформен қамтамасыз ету үшін топыраққа шашылатын органикалық заттар.
Экономикалық эрозия – ғылыми негізсіз жер байлығын тиімсіз пайдалану нәтижесінде топырақтың бүлінуі.
29.Топырақ эрозиясы және онымен күресу жолдары
Топырақ эрозиясы туралы түсінік. Жер өңдеу кезінде топыраққа интенсивті ықпал жасау оның ққрылымы мен құрылысының «бұзылуына және табиғи топырақ құралу процесі бағытының өзгеруіне, ең соңында эрозия құбылысының пайда болуына әкеп соқтырады. Эрозияның қатерлі, тіпті апатты зардабын сезіну үшін оның мәнісін терең түсіне білу керек. Сонымен топырақ эрозиясы дегеніміз — оның желдің немесе судың (жаңбыр мен қар сулары, қолдан берілетін сулар) күшімен бұзылып басқа бір алыс не жақын жерге барып шөгуі. Эрозия кезінде топырақтың майда, құнарлы бөлігі сумен шайылып, желмен ұшып кетеді де, оның құнарлылығы кемиді. Табиғатта 2,5 см ғана қарашірік қабаты түзілуі үшін 300-ден 1000 жылға дейін уақыт керек. Осыдан-ақ топырақты қорғаудың, танапта эрозия болмауын ойластырудың өте қажет екені көрініп тұр.
Эрозияның пайда болу факторлары. Топырақ эрозиясы негізінен екі топ фактордың әсерінен пайда болады, атап айтқанда: а) табиғи факторлар; б) адамдардың шаруашылық іс-әрекеті (антропогендік фактор).
Табиғи факторларға климат, жер бедері, топырақ жағдайы және өсімдіктер жамылғысы жатады. Климаттан топырақ эрозиясын тудыратын ең басты фактор — жел. Оның әсерінен негізінен жел эрозиясы пайда болады. Ол, әсіресе, қуаңшылық, желі күшті соғатын және өсімдік жамылғысы нашар немесе аңыздар мен өсімдік қалдықтары топыраққа сіңірілген жерлерде пайда болады. Жел эрозиясының пайда болуы, өсіресе, желдің шапшаңдығына тығыз байланысты. П.С.Захаровтың деректері бойынша, егер жердің беткі қабатынан 10 см биіктіктегі желдің жылдамдығы секундына 8-12 м болғанда эрозия пайда бола бастайды, ал ол жылдамдық 12-15 м/сек. болса, эрозия процесі күшейіп, желдің жылдамдығы 16-25 м/сек.-қа жеткенде күшті эрозияға әкеп соқтырады.
Жер бедері. Топырақ эрозиясы кез келген жер бедерінде пайда болады. Дегенмен, ол кобінесе дөңес жерлерде тезірек пайда болады. Мұның, әсіресе, су эрозиясына қатысы бар.
Өсімдіктер жамылғысы. Климат факторларының ішіндегі ең күшті фактор — осімдіктер жамылғысы. Егер өсімдіктер жамылғысы күшті және оның тығыздығы зор болса, онда эрозия процесі нашар жүреді және керісінше.
Жер бетінде өсімдік жамылғысы жақсы дамығанда ол желдің күшін азайтып, топырақ түйіршіктерінің желмен ұшып кетуіне кедергі жасайды. Ал өсімдік жамылғысынан айырылған жерлерде эрозия процесі күшті жүреді. Өсімдік жамылғысының жоғалып кетуіне топырақ өңдеу тәсілі және малды ретсіз жаю үлкен әсер етеді. Топырақ эрозиясының пайда болуына әсер ететін күшті фактор — адамдардың шаруашылық іс-әрекеті.
Ол біздің республикада жел эрозиясының пайда болуына күшті әсерін тигізді. Ол әсіресе 1954-1956 жылдар арасындағы тың көтеру кезінде күшті байқалды. Кезінде Қазақстан топырағының гранулометриялық құрамын және далалы аймақтағы желдің күшін есепке алмай, 25 млн.-нан астам жер қайырмалы соқалармен аударылып жыртылды, яғни өзінің өсімдік жамылғысынан айырылды. Көптеген ауа райын зерттейтін станциялардың деректері бойынша, тың көтерілген аймақтарда жылына 300 күн желді болып тұрады екен. Міне, осындай үлкен массивті жыртып тастау жел эрозиясының пайда болуына әкеліп соқтырды. Осының салдарынан 1966 жылы республика бойынша жел эрозиясы 11 млн. гектар жерді қамтыды.
Достарыңызбен бөлісу: |