§2. Қазақстан Республикасының Заңы «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет».
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әскери қызмет - Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери қызметшiлердiң мемлекеттік қызметiнiң ерекше түрі;
2) әскери қызметшілер - Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметте тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
3) әскери мiндеттілер - әскери есепте тұратын және әскери есепте тұрудың шектi жасына дейiн запаста болатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
4) әскери атақ - әскери қызметшi мен әскери мiндеттіге берiлетін әскери айырым белгiсi;
5) әскери мiндеттілiк - Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасын қорғау жөнiндегi конституциялық мiндеттілігі;
6) әскери киiм нысаны - әскери қызметшiлердiң Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиiстiлiгiн айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген погоны бар нысанды киiм (киiм-кешек) мен жабдықтар;
7) шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлер - мерзiмдi әскери қызметке шақырылған, сондай-ақ офицерлер құрамы лауазымдарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары;
8) келiсiм-шарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлер - Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке ерiктi түрде кiрген Қазақстан Республикасының азаматтары;
9) әскери лауазым - Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттiк мекемесiнiң әскери атағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген лауазымдық өкiлеттіктер мен мiндеттер жүктелген құрылымдық бiрлiгі;
10) әскери жиындар - әскери қызметшілердің әскери даярлығы, әскери бiлiмiн жетiлдiру жөнiнде, сондай-ақ әскери мiндеттілердiң жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығын арттыру мақсатында оларды әскери бөлiмдерге шақыра отырып, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда жүргізiлетін iс-шаралар;
11) әскери есеп - әскери қызметшiлердiң, әскерге шақырылатын және жұмылдырылатын, ресурстардың есебiн жүргізу және оларды талдау жүйесi;
12) әскери тағылымдама - практикалық дағдыларды меңгеру және жетілдiру, офицерлердiң даярлау бағдарламасы бойынша алған білiмдерiн тереңдету және орнықтыру;
13) тәрбиеленушiлер - әскери даярлық бойынша қосымша бiлiм беру бағдарламалары бар жалпы орта, бастауыш және кәсiптiк орта білім беру ұйымдарында оқитын Қазақстан Республикасының азаматтары;
14) жалпыға бiрдей әскери оқыту - соғыс жағдайы енгiзiлген кезеңде Қазақстан Республикасының азаматтарын бастапқы әскери даярлыққа мiндеттi оқыту;
15) әскер жасына дейiнгiлер - әскери есепке алынғанға дейiн әскери қызметке даярлықтан өтетiн еркек жынысты азаматтар;
16) әскери міндеттілерінің запасы (запас) - аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарында әскери есепте тұратын, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды толықтыра жасақтау, өрiстету және шығынының орнын толтыру мақсатында пайдаланылатын әскери мiндеттiлер;
17) әскери қызметі ерікті түрде өткеру туралы келісім-шарт (бұдан әрі - келісім-шарт) - келісім-шарт бойынша әскери қызметтi қамтамасыз ету және өткеру мүддесi үшiн тараптардың мiндеттемелерi мен жауапкершiлігін белгілейтiн шарт;
18) курсанттар - оқу-жаттығу бөлiмдерiнде (орталықтарында), орта немесе жоғары әскери оқу орындарында оқитын сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының әскери қызметшiлерi;
19) жұмылдыру - Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, ұйымдарын, Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын, халқын, аумағы мен экономикасын (жалпы жұмылдыру) немесе олардың қайсыбiр бөлiгiн (iшiнара жұмылдыру) соғыс жағдайы режимiне көшірумен байланысты жалпымемлекеттiк iс-шаралар кешенi;
20) бастапқы әскери даярлық - әскери iс және адамның қауіпсіздігі мен тұрмыс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету негіздерi бойынша мiндеттi оқыту пәнi (оқу пәнi);
21) ұйымдық-штаттық iс-шаралар - Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда өткiзілетiн штаттарды құру, тарату, орын ауыстыру, қайта жасақтау, бағыныстылығын өзгерту, ұлғайту мен қысқарту жөнiндегi iс-шаралар;
22) кейiнге қалдыру - азаматтарды әскери қызметке шақыруды осы Заңда көзделген негіздер бойынша кейiнге қалдыру;
23) отставка - әскери қызметшілердi әскери қызметтен босату немесе запаста болудың шектi жасына жеткен әскери мiндеттiлердi әскери есептен шығару не әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды әскери есептен шығара отырып әскери қызметтен босату;
24) офицерлер - офицерлер құрамының тиiстi әскери атағы берiлген әскери қызметшiлер;
25) тексеру жиындары - соғыс уақытының ұйымдық-штаттық құрылымындағы мiндеттердi орындауға арналған әскери бөлімдердiң даярлығын тексеру мақсатында өткiзілетiн әскери жиындар түрі;
26) әскерге шақырылушылар - аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергіліктi әскери басқару органдарының шақыру учаскелеріне тiркелген және мерзiмдi әскери қызметтен өту үшiн Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға шақыруға жататын еркек жынысты азаматтар;
27) шақыру учаскесi - аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi атқарушы органдары азаматтарды әскерге шақыру және шақыру учаскелерiне тiркеу кезеңiнде құратын учаске;
28) шақыру пунктi - азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу және әскери қызметке шақыру кезiнде оларды медициналық куәландырудан өткiзетiн, сондай-ақ әскери-патриоттық және спорттық-көпшілік жұмысты жүргiзетiн пункт;
29) запаста болу - әскери мiндеттілердiң әскери есепке және әскери есепте болған кезеңiнде әскери жиындарда қызмет өткеруге байланысты мiндеттердi атқаруы;
30) жиын пунктi - әскерге шақырылушыларды бақылау медициналық куәландырудан өткiзу, медициналық көмек көрсету, әскери-патриоттық, спорттық-көпшiлiк жұмысты жүргiзу, Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскерге шақырылушылардың командаларын құру және жөнелту пункті;
31) сержанттар (старшиналар) - сержанттар (старшиналар) құрамының әскери атақтары берiлген әскери қызметшiлер;
32) сарбаздар (матростар) - сарбаздар (матростар) құрамының әскери атақтары берiлген әскери қызметшiлер;
33) тыңдаушылар - жоғары әскери оқу орындарында, офицерлер құрамының бiлiмiн жетiлдiру (қайта даярлау) курстарында оқитын офицерлер құрамының әскери қызметшілерi;
34) арнайы жиындар - төтенше жағдайлардың салдарын жою жөнiндегi iс-шараларды орындау мақсатында және Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетiн әскери жиындар түрi;
35) мерзiмдi әскери қызмет - еркек жынысты азаматтарды осы Заңда айқындалған тәртiппен Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға шақыруға негiзделген әскери қызмет;
36) оқу-жаттығу жиындары - әскери міндеттiлердi даярлау мен қайта даярлау мақсатында өткiзiлетiн әскери жиындар түрi.
2-бап. Қазақстан Республикасының әскери мiндеттiлiк
және әскери қызмет туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының әскери мiндеттілік және әскери қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Әскери мiндеттілiк мазмұны
1. Әскери мiндеттілік азаматтарды әскери мамандықтар бойынша даярлау және бейбiт кезде және соғыс уақытында Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленедi.
2. Әскери мiндеттілік:
1) азаматтарды әскери қызметке даярлауды;
2) азаматтарды әскери есепке алу мен шақыру учаскелеріне тiркеудi;
3) әскери қызметке шақыруды;
4) әскери қызметті өткерудi;
5) запаста болуды;
6) запаста болған кезеңiнде әскери жиындардан өтудi;
7) соғыс жағдайын енгiзу кезеңiнде азаматтарды жалпы әскери оқытуды қамтиды.
3. Әскери мiндеттiлiктi атқару тегiне, әлеуметтiк, қызметтік және мүлiктік жағдайына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, саяси және өзге де сенiм-нанымына, қоғамдық бiрлестiктерге тиiстiлігіне, тұрғылықты жеріне байланысты болмайды.
4. Азаматтар осы Заңда көзделген негiздер бойынша әскери міндеттіліктен босатылады.
5. Әскери мiндеттілiкке қатысы бойынша азаматтар әскер жасына дейiнгілер, әскерге шақырылушылар, әскери қызметшілер, әскери міндеттiлер және әскери мiндеттi еместер санаттарына бөлінедi.
4-бап. Әскери қызмет мазмұны
1. Әскери қызмет Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда белгiленедi.
2. Әскери қызмет:
1) шақыру бойынша әскери қызметтi;
2) келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi қамтиды.
Шақыру бойынша әскери қызметке:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамының мерзiмдi әскери қызметi;
2) осы Заңның 24-бабына сәйкес шақырылған офицерлердің әскери қызметi;
3) жұмылдыру, соғыс жағдайы, соғыс уақыты және әскери жиындардан өту кезiндегi әскери қызмет жатады.
Келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) және офицерлер құрамының лауазымдарында келiсiм-шарт бойынша әскери қызметiн өткеретiн әскери қызметшілердің әскери қызметi;
2) әскери оқу орындары курсанттарының және тыңдаушыларының әскери қызметi мен оқуы жатады.
3. Әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттілер әскери қызмет мiндеттерiн атқарады.
4. Азаматтардың iшкi iстер, қаржы полициясы органдарының, қылмыстық-атқару жүйесi оқу орындарының және өртке қарсы қызмет органдарының өрт-техникалық оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмдерiнде оқыған уақыты мерзiмдi әскери қызметті өткеруге теңестiріледi.
5. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының халқына адалдығы туралы әскери ант қабылдайды.
Бұрын әскери ант қабылдамаған әскери мiндеттiлер оны әскери жиындарға және жұмылдыруға шақырылған кезде қабылдайды.
6. Осы Заңмен айқындалған тәртiппен азаматтар әскери қызметтен кейiнге қалдырылуы немесе әскери қызметтен босатылуы мүмкiн.
5-бап. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен
әскери құралымдарды жасақтау
1. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жеке құрамы әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдарынан тұрады.
2. Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар шақыру бойынша әскери мiндеттілік негiзiнде аумақтан тыс және аумақтық принциптердi ұштастыра отырып және осы Заңда белгіленген тәртіппен әскери қызметке ерiктi түрде (келiсiм-шарт бойынша) кiру жолымен әскери қызметшiлерден жасақталады.
Азаматтық персонал Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет және еңбек туралы заңнамасына сәйкес қабылданады.
3. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды соғыс жағдайы енгiзілген кезде, соғыс уақытында жасақтау әскери қызметке шақыру негiзiнде жүзеге асырылады.
Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды соғыс уақытындағы құрамы мен санына дейiн толықтыра жасақтау және өрiстету үшiн бейбiт уақытта әскери мiндеттілер қатарынан әскери үйретілген резерв құрылады.
6-бап. Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлер құрамы
Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлер:
1) сарбаздар (матростар)
2) сержанттар (старшиналар);
3) офицерлер құрамдарына бөлiнедi.
7-бап. Әскери атақтар
1. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда мынадай әскери атақтар белгiленедi:
ӘСКЕРИ КЕМЕЛIК
САРБАЗДАР (МАТРОСТАР) ҚҰРАМЫ
қатардағы жауынгер матрос
ефрейтор аға матрос
СЕРЖАНТТАР (СТАРШИНАЛАР) ҚҰРАМЫ
кiшi сержант екiншi сатылы старшина
сержант бiрiншi сатылы старшина
аға сержант бас старшина
үшiншi сыныпты үшiншi сыныпты
сержант старшина
екiншi сыныпты екiнші сыныпты
сержант старшина
бiрiншi сыныпты бiрiншi сыныпты
сержант старшина
штаб-сержант штаб-старшина
шебер-сержант шебер-старшина
ОФИЦЕРЛЕР ҚҰРАМЫ
КIШI ОФИЦЕРЛЕР ҚҰРАМЫ
лейтенант лейтенант
аға лейтенант аға лейтенант
капитан капитан-лейтенант
АҒА ОФИЦЕРЛЕР ҚҰРАМЫ
майор үшiншi дәрежелi капитан
подполковник екiншi дәрежелi капитан
полковник бiрiншi дәрежелi капитан
ЖОҒАРЫ ОФИЦЕРЛЕР ҚҰРАМЫ
генерал-майор контр-адмирал
генерал-лейтенант вице-адмирал
генерал-полковник адмирал
армия генералы
2. Медициналық немесе заңгерлiк әскери-есептiк мамандығы бар офицерлер үшiн әскери атақтарына тиiсiнше "медицина қызметiнiң", "әдiлет" деген сөздер қосылады, Авиацияның (инженерлiк-авиациялық даярлығы бар ұшу, инженерлiк) жоғары офицерлер құрамы үшiн әскери атақтарына "авиация" деген сөз қосылады.
Запастағы азаматтардың әскери атақтарына "запастағы" деген сөз, ал отставкадағыларға "отставкадағы" деген сөз қосылады.
3. Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттілерге әскери атақтар беру, мерзiмiнен бұрын берудi қоса алғанда, әскери атағын төмендету, әскери атағынан айыру Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Әскери қызмет өткеру ережелерiне (бұдан әрi - Әскери қызмет өткеру ережелерi) сәйкес жүзеге асырылады.
Әскери атағынан айырылған азаматқа, сондай-ақ әскери атағы төмендетілген әскери қызметшiге Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес әскери атақ берiлуi немесе қалпына келтiрiлуi мүмкін.
2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4. Әскери атақтарда еңбек сiңiрген мерзiмi былай белгіленедi:
сарбаздар (матростар) құрамына - белгіленбейдi;
сержанттар (старшиналар) құрамына - белгiленбейдi;
офицерлер құрамына:
лейтенанттарға - екi жыл;
аға лейтенанттарға - үш жыл;
капитандарға (капитан-
лейтенанттарға) - төрт жыл;
майорларға (үшiншi дәрежелi
капитандарға) - бес жыл;
подполковниктерге (екiншi дәрежелi
капитандарға) - бес жыл;,
полковниктерге (бiрiншi дәрежелі капитандарға)
және одан жоғарыларға - белгiленбейдi.
8-бап. Әскери лауазымдар
1. Әскери қызметшi әскери атағы сәйкес келуге тиiс әскери лауазымға тағайындалады. Бұл ретте әскери лауазым Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың алдына қойылған негізгі мiндеттер мен функцияларға орай айқындалады.
2. Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери лауазымдар мен оларға сәйкес келетiн әскери атақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Әскери лауазымдар:
1) сарбаздар (матростар);
2) сержанттар (старшиналар);
3) офицерлер;
4) курсанттар мен тыңдаушылар лауазымдарына бөлiнеді.
4. Әскери қызметшiлердi қызметке тағайындау, ауыстыру, қызметінен босату және шығару Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес жүргiзіледi.
5. Әскери қызметшi:
1) оны басқа қызметке тағайындаған кезде командирдiң (бастықтың) билігінде болса - екi айдан аспайтын уақыт;
2) ұйымдық-штаттық iс-шаралардың өткізілуiне байланысты командирдiң (бастықтың) билігінде болса - үш айдан аспайтын уақыт;
3) әскери қызметшіге қатысты қылмыстық iс қозғалуға байланысты командирдің (бастықтың) билiгiнде болса - қылмыстық iс бойынша шешiм шыққанға дейін;
4) Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсiздігі мүддесіндегi жұмыстарды орындау мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдарға iссапарға жiберiлген жағдайларда, әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеруi мүмкін.
9-бап. Әскери қызметшілердiң әскери киiм нысаны
мен айырым белгiлерi
1. Әскери қызметшiлерге және запастағы азаматтарға олар әскери жиындардан өткен кезде әскери атақтары, әскер түрлерi мен тектерi бойынша айырым белгiлерi бар әскери киiм нысаны белгiленедi.
Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Әскери нысанды киiммен жабдықтау нормаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Әскери нысанды киiм киіп жүру ережелерін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi белгілейдi, ал әскери нысанды киiмнiң жекелеген заттары мен айырым белгiлерiн тағып жүру ерекшелiктерiн басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiріншi басшылары белгілейдi.
2. Әскери нысанды киiм киіп жүруге құқығы жоқ азаматтардың оны киiп жүруiне тыйым салынады.
АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ДАЯРЛАУ
10-бап. Азаматтарды әскери қызметке даярлау
1. Азаматтарды әскери қызметке даярлау - әскер жасына дейiнгi және әскер жасындағы, азаматтарды әскери қызметтің негіздерiне үйрету мақсатында олармен міндеттi түрде жүргізілетiн iс-шаралар кешенi.
2. Азаматтарды әскери қызметке даярлау:
1) бастапқы әскери даярлықты;
2) әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлауды;
3) жалпы орта бiлiм беру ұйымдарында қосымша бiлiм беру бағдарламалары бойынша әскери даярлауды;
4) жоғары кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлауды;
5) дене шынықтыруды, медициналық көмекті, әскери-патриоттық тәрбиенi қамтиды.
3. Азаматтарды әскери қызметке даярлауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртiппен мемлекеттiк ұйымдар ұйымдастырады және қамтамасыз етедi.
4. Ұйымдардың басшылары әскер жасына дейiнгiлер мен әскерге шақырылушылардың әскери қызметке даярлықтан өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
5. Азаматтарды әскери қызметке даярлау iсiнiң ұйымдастырылуы мен өткiзілуiн бақылауды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.
11-бап. Бастапқы әскери даярлық
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жалпы орта, бастауыш кәсiби және орта кәсiби білім беру ұйымдарында азаматтармен бастапқы әскери даярлық жүргізiледі.
2. Әскерге шақыруға жататын және бастапқы әскери даярлықтан өтпеген азаматтар тиiстi жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша одан мерзiмдi әскери қызметке шақырылар алдында өтедi.
3. Бастапқы әскери даярлықтың өткiзiлуiне бақылауды Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдарымен бiрлесіп жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы, Қорғаныс министрлiгi, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органы бастапқы әскери даярлықтың практикалық сабақтарын ұйымдастыруға, оқу-материалдық базасын құруға көмек көрсетедi.
5. Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
12-бап. Азаматтарды әскери-техникалық мамандықтар
бойынша даярлау
1. Әскери-техникалық мамандық бойынша даярлыққа денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жетi жарым жастан жиырма алты жасқа дейiнгі азаматтар тартылады.
Әскерге шақырылушылар оқуын бiтiргеннен кейiн мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
2. Өндiрiстен қол үзе отырып әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлықтан өтiп жатқан әскерге шақырылушылардың оқу кезеңінде жұмыс орны, атқаратын қызметi сақталады.
13-бап. Бiлiм беру ұйымдарында азаматтарды қосымша
бiлiм беру бағдарламалары бойынша әскери даярлау
1. Республикалық әскери мектеп-интернаттар (лицейлер) және жалпы орта, бастауыш және орта кәсiби білім беру бағдарламаларын iске асыратын өзге де білiм беру ұйымдары қосымша білім беру бағдарламалары бар білiм беру ұйымдары болып табылады.
2. Әскери даярлықтан өту және тәрбиеленушiлердi ризықтың барлық түрлерiмен қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
14-бап. Жоғары кәсiби бiлiм беру ұйымдарында
азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы
бойынша әскери даярлау
1. Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау мемлекеттiк тапсырысқа сәйкес әскери кафедраларда алған жоғары кәсiби білімi негiзiнде жүргiзіледi.
2. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын бiтiрген және жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейін әскери тағылымдамадан өткен азаматтарға Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес лейтенант әскери атағы берiледi.
3. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын бiтiрген және жоғары оқу орнын бiтiргеннен кейiн әскери тағылымдамадан өтпеген азаматтарға сержант әскери атағы берiледi.
4. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi әскери-есептiк мамандықтардың тiзбесiн, азаматтарды әскери кафедраларда даярлау жүзеге асырылатын оқу бағдарламаларын, запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өткiсi келетiн азаматтардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды айқындайды, сондай-ақ әскери кафедраларды әскери-техникалық мүлiкпен және қару-жарақпен қамтамасыз етедi.
5. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша азаматтардың әскери даярлықтан өту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
15-бап. Дене шынықтыру. Медициналық көмек.
Әскери-патриоттық тәрбие
Әскер жасына дейінгілер мен әскерге шақырылушылардың дене шынықтыруын, оларға көрсетілетін медициналық көмектi, әскери-патриоттық тәрбиенi жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады және олар дене шынықтыру-спорт ұйымдарында, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
ӘСКЕРИ ЕСЕП.
АЗАМАТТАРДЫ ШАҚЫРУ УЧАСКЕЛЕРIНЕ ТIРКЕУ
16-бап. Әскери есептiң жалпы ережелерi
1. Мыналарды:
1) әскери-есептік мамандығы жоқ әйелдердi;
2) осы Заңға сәйкес әскери мiндетті атқарудан босатылған адамдарды;
3) бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеп жатқан адамдарды;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде тұрақты тұратын адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары әскери есепке тұруға жатады.
2. Әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебін олардың тұрғылықты жерi бойынша аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi әскери басқару органдары жүзеге асырады, ал олар жоқ елдi мекендерде әскери есептi кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi қамтамасыз етеді.
3. Әскери есеп тәртiбi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың әскери есебін жүргізу ережелерiмен (бұдан әрi - Әскери есеп ережелерi) айқындалады.
4. Арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, қатардағы немесе басшылық құрамның лауазымдарына тағайындалған не ішкi iстер, қаржы полициясы органдары, кеден органдары, қылмыстық-атқару жүйесi, өртке қарсы қызмет органдарының (мекемелерiнiң) кадрларына есепке алынған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар әскери есептен шығарылады және Әскери есеп ережелерінде белгіленген тәртіппен аталған органдарда арнайы есепте тұрады.
5. Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілер тиiсті әскери бөлiмдер мен мекемелерде есепке алынуға тиiс. Оларды есепке алу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрi, сондай-ақ басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары белгiлейдi.
6. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары осы Заңға және Әскери есеп ережелерiне сәйкес азаматтардың әскери есебін қамтамасыз етедi.
17-бап. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу
1. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу - тиісті жергілiктi атқарушы органдар әскер жасына дейiнгілердi әскери есепке қою үшiн жергіліктi әскери басқару органдары арқылы жүргiзетiн әскери есеп iс-шаралары.
2. Тiркелетiн жылы он жетi жасқа толатын еркек жынысты азаматтар шақыру учаскелерiне тiркелуге жатады.
Шақыру учаскелерiне тiркеу жыл сайын қаңтар-наурызда:
1) азаматтарды әскери есепке алу;
2) олардың санын анықтау;
3) әскери қызметке жарамдылығын және денсаулық жағдайын анықтау;
4) жалпы білiм деңгейін және мамандығын белгілеу;
5) дене даярлығы деңгейін анықтау;
6) әскерге шақырылушыларды алдын ала белгілеу;
7) әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау және әскери оқу орындарына түсу үшін кандидаттарды iрiктеу мақсатында жүргiзiледi.
3. Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеуді тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкiмдерi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi.
4. Кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерi және ұйымдардың басшылары жыл сайын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлеген мерзiмде тиiстi жергiлiктi әскери басқару органдарына шақыру учаскелерiне тiркелуге жататын әскер жасына дейiнгiлердiң тiзiмiн бередi.
5. Азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеудi жүргiзу үшiн аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аудандарында шақыру учаскелерi және құрамында:
комиссия төрағасы - тиiстi жергіліктi әскери басқару органының бастығы;
комиссия төрағасының орынбасары - жергiлiктi атқарушы органның уәкілетті өкілi;
комиссия мүшелерi:
тиiстi ішкi iстер департаментi (бөлiмi) бастығының орынбасары;
медицина қызметкерлерiнiң жұмысына басшылық жасайтын дәрiгер - медициналық комиссияның төрағасы;
хатшысы бар тiркеу жөнiндегi комиссия құрылады.
Тiркеу жөнiндегi комиссияның дербес құрамын және оның жұмыс тәртiбiн жыл сайын тиiстi жергілікті атқарушы орган бекiтедi.
6. Шақыру учаскелерiне тiркелу кезiнде азаматтар әскери қызметке жарамдылық деңгейiн анықтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметi бекітетiн Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Әскери-дәрігерлiк сараптама жүргiзу ережелерiнде (бұдан әрi - Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерi) айқындалған тәртiппен медициналық комиссиядан өтедi.
Медициналық комиссиядан өткен азаматтар тiркеу жөнiндегi комиссияның шешімімен әскерге шақырылушылардың әскери есебіне алынады, ал әскери-медициналық комиссияның шешiмiмен әскери есептен шығарыла отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар әскери есепке алынбайды.
7. Он жетi жасқа толатын жылының 1 сәуiріне дейін дәлелдi себептерсiз әскери есепке тұрмаған әскерге шақыру жасына дейiнгілер әскери есепке қоюдан жалтарғандар деп есептеледi.
8. Азаматтар әскерге шақыру жасына дейiнгілердi әскери есепке қоюға байланысты мiндеттердi орындау үшiн қажеттi уақытқа жұмыс орны мен атқаратын қызметi сақтала отырып, жұмыстан (оқудан) босатылады.
9. Тiркеудi жүргiзу тәртiбi Әскери есеп ережелерiмен айқындалады.
18-бап. Мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды
адамдардың және әскери мiндеттiлердің Әскери
есеп ережелерiн орындау жөнiндегi мiндеттерi
1. Кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi және ұйымдардың басшылары әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушыларды олардың аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарына шақырылғаны туралы хабардар етуге және олардың дер кезiнде келуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi және ұйымдардың басшылары өз құзыретi шегiнде:
1) әскери-есептiк құжаттарында жергілiктi әскери басқару органдарының әскери есепке алғаны (әскери есептен шығарғаны) туралы белгiлерi болған кезде әскери қызметшiлердi, әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушыларды тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi (тiркеуден шығаруды) жүзеге асыруға;
2) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тиiстi жергілiктi әскери басқару органдарына әскери мiндеттiлердің, әскерге шақырылушылар мен әскер жасына дейінгілердің сандық құрамын растайтын құжаттар беруге;
3) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi әскери басқару органдарына әскер жасына дейiнгiлердi әскери есепке алуда, азаматтарды әскери қызметке (әскери жиындарға) шақыруды жүргізуде көмек көрсетуге;
4) әскери қызметшілердің, әскери мiндеттiлер мен әскерге шақырылушылардың Әскери есеп ережелерiн сақтауын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Iшкi iстер органдары әскери мiндеттерiн орындаудан жалтарған адамдарды iздестiрудi және ұстауды өз құзыретi шегiнде жүзеге асыруға міндетті.
4. Азаматтық хал актiлерiн жазу органдары аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi әскери басқару органдарына әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылардың тегiн, атын және әкесiнің атын, туған күнi мен туған жерiн өзгерткені туралы, сондай-ақ әскери мiндеттiнiң немесе әскерге шақырылушының қайтыс болғаны тiркелген жағдайлар туралы жетi күн мерзiм ішінде хабарлауға міндетті.
5. Анықтау және алдын ала тергеу органдары жетi күн мерзiм iшiнде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергіліктi әскери басқару органдарына оларға қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілер туралы, ал соттар оларға қатысты қылмыстық істерді сот қарап жатқан әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілер туралы, оларға қатысты заңды күшiне енген үкімдер туралы хабарлауға мiндетті.
6. Халықты әлеуметтiк қорғау органдары жетi күн мерзiм ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарына мүгедек деп танылған барлық әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы хабарлауға міндетті.
7. Денсаулық сақтау ұйымдары шақыру өткiзудi бастар алдында жергілiкті әскери басқару органдарының сұрау салуы бойынша стационарлық емдеудегі және диспансерлік есепте тұрған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы мәліметтердi хабарлауға міндетті.
8. Әдiлет органдары Қазақстан Республикасының азаматтары ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органына әскери есепке қою немесе әскери есептен шығару туралы мәлiметтер берген жағдайда, оларды тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi (тiркеуден шығаруды) жүзеге асыруға міндетті.
9. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар тегін, атын, әкесiнің атын, отбасы жағдайын, денсаулық жағдайын (бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған), тұрған жерiн, бiлiмiн, жұмыс орны мен қызметiн өзгерткен жағдайда, өздерi әскери есепте тұрған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органын жетi күн мерзімде хабардар етуге мiндетті.
АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ
19-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру - Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды мiндеттi негізде құраммен жасақтауды қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар кешенi.
2. Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
1) азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
2) запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
3) әскери жиындарға шақыруды;
4) жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақыруды қамтиды.
3. Азаматтардың әскери қызметке шақырылуын жүргізудi тиiстi жергіліктi әскери басқару органдары арқылы жергiлікті атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жүргізу үшiн осы Заңда белгіленген тәртіппен шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
4. Ұйымдардың басшылары шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан (демалыстардан) шақырып алуға, олардың хабардар етілуін және шақыру учаскесiне уақтылы келiп жетуiн ұйымдастыруға міндетті.
5. Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келген соң, кейінге қалдырылу немесе босатылу құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шығарылған кезден бастап әскери қызметке шақырылған болып есептеледi.
20-бап. Шақыру комиссиялары
1. Шақыру комиссиялары әскерге шақыруды өткізу кезеңiне жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша осы Заңның 17-бабының 5-тармағында айқындалған құрамда құрылады. Оларға мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Шақыру комиссиясының сандық құрамы тақ болуға тиiс.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткiзу кестесін жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясы:
1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асырады;
2) азаматтардың әскери қызметке шақырылуын кейiнге қалдырудың және одан босатылуының дұрыстығын тексереді;
3) қызмет өткеретiн жерге жiберілер алдында әскери қызметке шақырылған азаматтардың және әскери оқу орнына түсетiн азаматтардың медициналық тексеруден өтуiн ұйымдастырады;
4) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) жөнiндегi қорытындымен келiспейтiнi туралы арыз берген азаматтарды қайтадан медициналық куәландырудан өткізеді;
5) аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтар берген шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
6) аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) шақыру комиссиялары шешiмдерiнің күшiн жояды.
3. Аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзеді.
Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
1) әскери қызметке шақыруға жатқызады;
2) әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырылсын;
3) әскери қызметке шақырудан босатылсын;
4) әскери міндеттiлiгін атқарудан босатылсын деген шешiмдердің бiрiн қабылдайды.
Аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы әскери оқу орындарына түсетiн азаматқа қатысты оны конкурстық оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшiн әскери оқу орнына жiберу туралы немесе оған жiберуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
Шақыру комиссиясының шешiмi әскери қызметке шақыруға жатқызылған азаматқа хабарланады, шешiмнiң көшiрмесi оның қалауы бойынша қолына берiледi.
Азамат шақыру комиссиясының шешiмiне сот тәртiбiмен немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясына шағымдана алады. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа жүгiну үшін мiндеттi шарт болып табылмайды.
Арыздар облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясында және сотта бiр мезгiлде қаралған кезде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) шақыру комиссиясы арызды қарауды соттың шешiмi күшiне енгенге дейiн тоқтата тұрады.
Соттың шешімін тиiстi шақыру комиссиялары міндеттi түрде орындауға тиiс.
4. Қорғаныс министрi және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз адамдарға қатысты әскерге шақыру туралы шақыру комиссиясы шешiмiнiң күшiн жоюға және оларды әскери ант қабылдағанға дейiн шақыру комиссияларына қайтаруға құқылы.
21-бап. Медициналық комиссиялар
1. Әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзу үшiн шақыру комиссияларының құрамында медициналық комиссиялар құрылады.
2. Медициналық комиссиялар әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудың нәтижелерi бойынша олардың әскери қызметке жарамдылық деңгейi туралы қорытынды бередi.
3. Медициналық куәландырудың тәртiбi және медициналық комиссиялардың құрамы Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерiмен айқындалады.
22-бап. Әскери қызметке шақыруға жататын
азаматтардың мiндеттiлiгі
Әскери қызметке шақыруға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.
23-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегiзден жиырма жетi жасқа дейiнгi, шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті мөлшерде мерзiмдi әскери қызметке шақыруға жатады.
2. Оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ осы Заңның 16-бабының 4-тармағында көрсетілген, жиырма жетi жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгiленген мерзімін өткермеген азаматтар осы Заңға сәйкес мерзiмді әскери қызметке шақыруға жатады.
24-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін шақырылады.
25-бап. Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру
Әскери мiндеттiлер әскери жиындарға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негізiнде шақырылады.
26-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша және соғыс
уақытында шақыру
1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
2. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс, қызмет орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төленеді. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтарға өздерi тұрған тұрғын алаң сақталады. Жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды өткiзу кезiнде және соғыс уақытында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың уақтылы хабардар етiлуін және жиын пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзiлуін қамтамасыз етуге міндеттi.
27-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясының шешiмi бойынша кейiнге қалдырылады.
Мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайы бойынша;
2) білімін жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша кейiнге қалдырылуы мүмкін.
2. Отбасы жағдайына байланысты:
1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк күтiмге алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұратын басқа да адамдар болмаған жағдайда, заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарды;
мыналар:
әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, егер олар оның асырауында болса, зейнеткер жасына жеткен немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi;
ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-қарындастары;
асырауында әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
өзiнiң асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інісi, апа-қарындасы) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi болып табылады;
2) өзiнiң асырауында:
анасыз тәрбиелеп отырған баласы;
ата-анасының қайтыс болуына, сондай-ақ олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе соттың бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарды;
3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарды әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
3. Білімін жалғастыру үшін әскери қызметке шақыру:
1) білім беру ұйымдарында орта жалпы білiм алып жүрген азаматтарға, оқу кезеңіне;
2) тиiстi білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндiзгі оқу нысаны бойынша бастапқы кәсіптік, орта кәсіптiк немесе жоғары кәсіптiк білім алатын азаматтарға оқитынын растайтын құжаттарды берген кезде, бiр жоғары оқу орнын бiтiргенге дейiн;
3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алатын азаматтарға оқу кезеңіне кейінге қалдырылады.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыру:
1) ауылдық (селолық) жерлерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта кәсіптiк немесе жоғары кәсіптiк педагогикалық білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына, жұмыс iстеп жүрген бүкiл кезеңiне;
2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген бүкіл кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына, олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға, тиiсiнше оларға қатысты анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
5) дiни атағы немесе тiркелген діни бiрлестіктерде штаттық лауазымы бар әскерге шақырылушыларға, діни қызметi кезеңіне;
6) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ұйымдарда мамандығы бойынша жұмысқа кiрген азаматтарға, бүкiл жұмыс кезеңiне кейiнге қалдырылады.
6. Офицерлер құрамының әскери атағы беріле отырып запасқа қойылған азаматтарды осы баптың 1-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында, 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіздер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
7. Әскери жиындарға шақыру кейiнге қалдырылмайды.
8. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында және 5-тармағының 6) тармақшасында көзделген негiздер бойынша кейiнге қалдыруды қоспағанда, жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезiнде азаматтарды шақыруды кейінге қалдыру тоқтатыла тұрады.
9. Жеке өтiнішін және мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариаттық куәландырылған тиiстi құжатты ұсынған кезде, осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында және 4-тармағында аталған адамдардан басқа, азаматтар әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
10. Осы бапта көзделген шақыруды кейiнге қалдырудың негiздерi жойылған азаматтар осы Заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақыруға жатады.
28-бап. Әскери қызметке шақырудан босату
1. Бейбiт уақытта шақыру бойынша әскери қызметке шақырудан:
1) әскери қызметті өткеріп жүрген немесе өткерген;
2) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп
танылған;
3) жиырма жетi жасқа толғаннан кейiн мерзiмдi әскери қызметке
заңды негiзде шақырылмаған;
4) әскери қызметтi өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інісi немесе апа-қарындасы) қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
5) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
6) ғылыми дәрежесi бар азаматтар босатылады.
2. Офицерлер құрамының әскери атағы беріле отырып, запасқа қойылған азаматтар жиырма тоғыз жасқа толғаннан кейін, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 1), 2), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша әскери қызметке шақырудан босатылады.
3. Әскери жиындарға шақырудан:
1) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ұйымдарда мамандықтары бойынша жұмысқа кiрген әскери мiндеттілер, жұмыс iстеп жүрген бүкiл кезеңіне;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiктi және құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
3) мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
4) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
5) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi оқу жылы кезеңiне;
6) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
7) әскери мiндеттi әйелдер;
8) әскери мiндеттілер запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
9) он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
10) өздерiне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iс қарап жатқан адамдар;
11) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1) және 8) тармақшаларында аталған әскери міндеттілер арнаулы жиындардан өтуден босатылмайды.
5. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
6. Мүдделі адамдардан нотариаттық куәландырылған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде, осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған азаматтардан басқа, әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.
7. Сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген және алып тасталмаған азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақыруға жатпайды.
8. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шақырудан босатудың негiздерi жойылған азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен әскерге шақыруға жатады.
КЕЛIСIМШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
29-бап. Әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт
1. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың уәкілеттi лауазымды адамымен жасасады.
2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмнің өтуi бойынша;
2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшартты жасасқан күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кiруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
4. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келiсiмшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көрсетіледi.
5. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан өткередi.
Аталған әскери қызметшiлер қызметiнен босатылғаннан кейiн Әскери қызмет өткеру ережелерiмен айқындалған тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе әскери қызметтен босатылады.
6. Жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзiмдi қызметтің әскери қызметшілерi Әскери қызмет өткеру ережелерiнде айқындалған тәртіппен келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiруге құқылы.
30-бап. Келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiретiн
адамдарға қойылатын талаптар
1. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға сай келуге:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуға;
2) курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кiшi және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңмен белгіленген шектi жасынан үлкен болмауға тиiс.
2. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп таныған;
2) дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін атқаруға кедергі келтiретін науқасы бар;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
4) әскери қызметке кiрер уақытта заңда белгіленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар не өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған;
5) әскери қызметке кiрер алдындағы екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптiк жауаптылыққа тартылған;
6) әскери қызметке кiрер алдындағы бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшілік жаза қолданылған;
7) әскери қызметке кiруге дейiнгi үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) егер босатылғанына бiр жыл толмаса, мемлекеттік қызметтен терiс себептермен босатылған адамдар қабылданбайды.
3. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
4. Адамның белгiленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптама ережелерiне сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке болмашы шектеулермен әскери қызметке жарамды деп танылған адам қабылдануы мүмкін.
5. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамнан бас тарту үшін:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердi бұрмалау;
2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос қызмет орындарының жоқтығы да негiздер болып табылады.
31-бап. Азаматтардың әскери оқу орындарына түсуi.
Әскери оқу орындарында оқитын азаматтармен
әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттар
жасасу
1. Әскери оқу орындарына:
1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жетi жасқа толған, бiрақ жиырма бiр жастан аспаған азаматтардың;
2) қабылданар жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызмет өткерген азаматтардың және мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілердің;
3) келісiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлердiң түсуге құқығы бар.
Әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар бiлiм беру ұйымдарының тәрбиеленушілері әскери оқу орындарына түсуде артықшылығы бар құқыққа ие болады.
2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери оқу орнына қабылданған күнi оның қызметтiк міндеттерін атқара бастаған күнi болып есептеледi.
3. Әскери оқу орындарына қабылданған азаматтар әскери лауазымдарға Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес тағайындалады.
4. Әскери қызметті өткермеген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және олар он сегіз жасқа толғаннан кейiн, бiрақ әскери оқу орнында кемiнде бiрiншi курсты аяқтаған соң әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шығарылған күннен бастап әскери қызметте өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Осы Заңмен белгiленген тәртiпте әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметшілер әскери оқу орындарынан шығарылуға жатады.
5. Әскери оқу орындарына қабылданбаған әскери қызметшілер Әскери қызмет өткеру ережелерiмен белгіленген тәртiпте әскери қызметті одан әрi өткеру үшін жiберіледi.
6. Әскери оқу орындарынан шығарылған, сондай-ақ әскери қызметтi өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметшілер, егер олар шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiм өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке қою үшiн жiберіледi және кейiн жалпы негіздерде әскери қызметке шақырылады. Бұл ретте үлгермеуi немесе тәртiпсiздiгi үшiн әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметшілер өздерінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын бiтіргеннен кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартса немесе келiсiмшартты өз бастамасы бойынша бұзса, өзінің оқуына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi. Ұстауға жататын сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өткерiлмеген айға барабар есептеледі.
8. Жоғары әскери оқу орындарын бiтiргеннен кейiн әскери қызметшiлерге лейтенант әскери атағы беріледi.
32-бап. Келiсiмшарт мерзімі және оны жасасу тәртiбi
1. Әскери қызметті өткеру туралы келісім шарт әскери қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін үш жылға, бес жылға, он жылға немесе әскери оқу орнындағы оқу мерзіміне және оны бiтiргеннен кейiн әскери қызметке он жылға жасалуы мүмкін.
2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiру тәртiбi Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес айқындалады.
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ
33-бап. Әскери қызмет мiндеттерiн атқару
1. Запастағы әскери қызметшi, сондай-ақ азамат әскери жиындардан өту кезiнде:
1) лауазымдық мiндеттер атқарған;
2) жауынгерлік iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайларында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;
3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі бiтiмгершілік операцияларына қатысқан;
4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға қатысқан;
5) кемелердегi оқу-жаттығуларға немесе жорықтарға қатысқан;
6) егер бұл қызметтік қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiне белгіленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта әскери бөлiмнiң аумағында болған;
7) қызметтiк iссапарда болған;
8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;
9) емдеуде, емдеу орнына бару және керi қайту жолында болған;
10) демалыста, демалысын өткiзу орнына бару және кері қайту жолында болған;
11) әскери жиындардан өткен;
12) тұтқында, кепiлдiкте немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;
13) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын, ар-намысы мен қадiр-қасиетін қорғаған;
14) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық тәртібiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
15) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-қимылдар жасаған жағдайларда, әскери қызмет мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.
2. Командирлерге (бастықтарға) әскери қызмет мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар (бұйыруға) мен өкiмдер беруге тыйым салынады.
34-бап. Әскери қызметшiлердi лауазымға тағайындау
және ауыстыру
Шақыру және келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеру тәртiбi, лауазымға тағайындау кезiнде әскери қызметшiлерге қойылатын талаптар, сондай-ақ оларды ауыстыру Әскери қызмет өткеру ережелерiмен белгiленедi.
2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
35-бап. Әскери қызмет мерзiмi
Әскери қызмет мерзiмдерi күнтiзбелік мерзiммен есептегенде былайша белгiленедi:
1) мерзiмдi әскери қызметi әскери қызметшiлерi үшiн - он екi ай;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін - жиырма төрт ай;
3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер үшiн - әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшартта көрсетілген мерзiм.
36-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте
болуының шектi жасы
1. Осы Заңның 45-бабының 3-тармағында көрсетiлгендердi қоспағанда, әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы былайша белгiленедi:
1) подполковникке (екiншi дәрежелi капитанға) дейiн, подполковниктi (екiншi дәрежелi капитанды) қоса алғанда - қырық бес жас;
2) полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) - елу үш жас;
3) генерал-майорларға (контр-адмиралдарға) және генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) - елу сегіз жас;
4) генерал-полковниктерге (адмиралдарға) және одан жоғарыларға - алпыс үш жас.
2. Шектi жасқа жеткен әскери қызметшiлер Әскери қызмет өткеру ережелерiнде белгiленген тәртiппен запасқа немесе отставкаға шығаруға жатады.
Жоғары кәсiби даярлығы, атқарып отырған лауазымында жұмыс тәжiрибесi бар және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызмет өткеруге жарамды әскери қызметшiлерге Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бiрiншi басшылары жаңа келiсiмшарт жасасу жолымен әскери қызмет мерзiмiн ұзартуы мүмкін, бiрақ ол бес жылдан аспауға тиiс.
37-бап. Әскери қызметтен босату
1. Әскери қызметшiлердi босату Әскери қызмет өткеру ережелерiне сәйкес мынадай негіздер:
1) әскери қызметте болудың шектi жасына жеткенде жасы бойынша;
2) шақыру немесе келiсiмшарт бойынша әскери қызмет мерзiмінің аяқталуы бойынша;
3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеумен жарамды деп танығаны туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген
тәртiппен әскери атағынан айырылуы;
5) әскери қызметшiге бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындау туралы сот үкiмiнiң заңды күшіне енуi;
6) әскери оқу орнынан шығарылуы;
7) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуы бойынша жүргiзіледi.
2. Әскери қызметтi келiсiмшарт бойынша өткеріп жүрген әскери қызметшi:
1) ұйымдық-штаттық iс-шаралар кезiнде;
2) мемлекеттiк органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты;
3) оның келiсiмшарт талаптарын орындамауына, сондай-ақ дәлелсiз себептермен қызметке шықпауына байланысты;
4) арнайы тексерiстен бас тартқанда;
5) әскери қызметшiге шартты түрде бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындау туралы сот үкімiнiң заңды күшiне енуiне байланысты;
6) терiс себептер бойынша мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн.
3. Келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшi:
1) келісiмшарт талаптары өзіне қатысты елеулi және (немесе) жүйелi түрде бұзылған жағдайда;
2) мыналардың:
әскери қызметшiнiң отбасы мүшесiнiң медициналық көрсетулер бойынша әскери қызметші әскери қызметін өткеретін жерде тұруына мүмкін болмауы және әскери қызметшiні жаңа әскер қызмет орнына ауыстыру мүмкіндiгінің болмауы;
отбасын басқа жерге көшiру қажеттiгiне байланысты әскери қызметшi күйеуiнiң (әскер қызметшi әйелiнiң) әскери қызмет орнының өзгеруi;
тұрғылықты жерi бойынша халықты әлеуметтік қорғау органының қорытындысына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмдi (көмекті, қадағалауды) қажет ететін, не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әкесiне, анасына, әйелiне, күйеуiне, аға-iнiсiне, апа-қарындасына, атасына, әжесiне немесе асырап алған адамына немесе қартайғандығына байланысты зейнетақы жасына жеткен немесе он сегiз жасқа толмаған, заң бойынша аталған азаматтар асырауға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған, он сегiз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттiгi салдарынан отбасы жағдайы бойынша;
3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған жағдайда;
4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
4. Офицер әскери атағы жоқ және шақыру бойынша әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшi мынадай мән-жайлар бойынша:
1) осы Заңның 27-бабының 9-тармағына және 28-бабының 5-тармағына сәйкес кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан кейінге қалдыру құқығы туындаса;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық беретінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кетсе, мерзімінен бұрын босатылуға құқылы.
5. Шақыру бойынша әскери қызметтi өткеріп жүрген офицерлер құрамының әскери қызметшісі 27-баптың 2-тармағының 1), 2) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын босатылуға құқылы.
6. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi - қайтыс болған (қаза тапқан) күннен кейiнгі келесi күннен бастап, ал сот хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап әскери бөлімнің жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады.
7. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату, төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда, оның қолданылу кезеңiне тоқтатыла тұрады.
ЗАПАСТА БОЛУ
38-бап. Запасқа қою
1. Мыналар:
1) запасқа қойыла отырып, әскери қызметтен босатылған;
2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
3) жиырма жетi жасқа толғанда шақыру кейiнге қалдырылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен адамдар запасқа қойылған адамдар болып есептеледi.
2. Запаста болатын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптама ережелерiне сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған, сондай-ақ соттың үкімімен офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамдарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары запастың қатардағы жауынгерi (матросы) әскери атағын бере отырып, запасқа қояды.
4. Әскери қызмет өткерген адамдар запасқа қойылған кезде оларға әскери-есептiк мамандықты ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органдары белгілейдi.
5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылады.
6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру ережелерiн орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды білдiредi.
39-бап. Запаста болудың шектi жасы. Запас топтары
1. Әскери міндеттілердiң жасы бойынша запаста болуы екi топқа бөлiнедi. Топтар запаста болу мерзiмінің ұзақтығына байланысты белгiленедi.
2. Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамындағы әскери міндеттілердiң запаста болуының шектi жасы мынадай болады:
1) бiрiншi топта - отыз бес жасқа дейiн (отыз бес жасты қоса алғанда);
2) екiншi топта - отыз алты жастан қырық бес жасқа дейін (қырық бес жасты қоса алғанда).
3. Офицерлер құрамы әскери мiндеттілерінің запаста болуының шекті жасы:
1) бiрiншi топта - қырық бес жасқа дейiн (қырық бес жасты қоса алғанда);
2) екiншi топта - қырық алты жастан елу бес жасқа дейiн (елу бес жасты қоса алғанда).
4. Әскери мiндетті әйелдер өздерiне берiлген әскери атақтарына қарамастан екiншi топтағы запасқа енгiзіледi. Олардың запаста болуының шектi жасы былай белгіленедi:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн - отыз бес жасқа дейiн (отыз бес жасты қоса алғанда);
2) офицерлер құрамының адамдары үшiн - қырық бес жасқа дейiн (қырық бес жасты қоса алғанда).
5. Запаста болудың шектi жасына жеткен әскери қызметшілер мен әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
6. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста болудың шекті жасын ұзартуы мүмкін.
40-бап. Әскери жиындардан өту
1. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауға арналған әскери мiндеттiлер оқу-жаттығу, тексеру және арнаулы әскери жиындарына шақырылады.
2. Ұзақтығы бiр ай оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бiр рет шақырылады.
3. Әскери мiндеттілер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде он бес күнге дейiнгі мерзiмге тексеру жиындарына тартылуы мүмкін.
4. Запаста болу кезiндегi жиындардың жалпы мерзiмi әскери мiндеттілер үшiн он сегіз айдан аспауы керек. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзiмiне тексеру жиындарында болған уақыт та есептеледi.
5. Арнаулы жиындар төрт айға дейiнгi ұзақтықпен өткiзiледi.
6. Әскери жиындар кезеңiнде әскери мiндеттiлердің жұмыс орны мен атқаратын қызметi сақталады, оларға республикалық бюджет есебiнен орташа жалақы төленедi.
Әскери мiндеттiнiң дәлелсiз себептермен жиындар орны орналасқан жерден тыс болған уақыты әскери жиындардан өту мерзiмiне есептелмейдi.
41-бап. Азаматтарды жалпыға бiрдей әскери оқыту
1. Халықты азаматтық қорғаныс iс-шараларына тарту және соғыс кезiнде Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау үшiн қажеттi контингент даярлау мақсатында:
1) он алты жастан елу бес жасқа дейiнгі (елу бес жасты қоса алғанда) ерлер;
2) балалары жоқ немесе он жастан асқан балалары бар, он сегіз жастан қырық бес жасқа дейiн (қырық бес жасты қоса алғанда) әйелдер жалпыға бiрдей әскери оқытудан өткiзiледi.
Азаматтарды жалпыға бiрдей әскери оқытуды азаматтардың жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жерi бойынша жергiлiктi әскери басқару органдары жүзеге асырады.
2. Жалпыға бiрдей әскери оқыту бағдарламасын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi азаматтарды жалпыға бiрдей әскери оқыту жөнiндегi бағдарламаны әзiрлейдi және iс-шараларға бақылауды жүзеге асырады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘСКЕРИ
МIНДЕТТIЛIК ЖӘНЕ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН
БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
42-бап. Азаматтар мен лауазымды адамдардың
Қазақстан Республикасының әскери мiндеттiлiк
және әскери қызмет туралы заңнамасын бұзғаны
үшiн жауаптылығы
1. Жергiлiктi әскери басқару органының шақыруы бойынша, соның iшiнде жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында, көрсетiлген мерзiмде жиын пункттерiне дәлелсiз себептермен келмеген азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2. Әскери жиындардан жалтарғаны үшiн, сондай-ақ әскери жиындардан өту кезiнде әскери қызметте болудың белгiленген тәртiбiне қарсы құқық бұзушылық жасағаны үшiн әскери мiндеттілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
3. Қазақстан Республикасының әскери мiндеттілік және әскери қызмет туралы заңнамасын бұзуға жол берген шақыру комиссияларының мүшелерi, әскери қызметке шақыруға жататын азаматтарды медициналық тексеруге қатысатын дәрiгерлер, сондай-ақ басқа да адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Азаматтардың әскери мiндеттi атқарудан жалтаруына жәрдемдесетiн немесе олардың әскери қызметтi өткеруiне кедергi келтiретiн адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
5. Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары мен ұйымдардың басшылары осы Заңда белгiленген талаптарды сақтамағаны, жұмылдыру бойынша және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың уақытылы келуiне кедергi келтiргенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
43-бап. Әскери қызметшiлердiң Қазақстан Республикасының
әскери мiндеттiлiк және әскери қызмет туралы
заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы
1. Әскери қызметшiлер, әскери атағы мен лауазымына қарамастан, заң алдында бiрдей.
2. Әскери қызметшiлер қылмыстар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Әскери қызметшiлердi әскери тәртіптi бұзғаны үшiн жауаптылыққа тарту тәртiбi әскери жарғылармен белгіленеді.
ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР
44-бап. Осы Заңды орындауға байланысты іс-шараларды
материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) азаматтарды тiркеу және оларды әскери қызметке шақыру кезiнде медициналық куәландырудан өткiзудi;
2) шалғай жерлерде тұратын азаматтарды медициналық және шақыру комиссияларынан өту үшін жеткiзудi және оларды әскери қызмет өткеру үшiн жөнелтудi;
3) шақыру (жиын) пункттерiн жабдықтауды, дәрi-дәрмекпен, құрал-сайманмен, медицина және шаруашылық мүлкiмен, автомобиль көлiгiмен, сондай-ақ байланыс құралдарымен жабдықтауды;
4) қызмет көрсететiн персоналдың, медициналық және техникалық қызметкерлердiң қажеттi санын;
5) денсаулық сақтау ұйымдарында орындарды қамтамасыз етеді.
2. Iшкi iстер органдары әскери қызметке шақырудан жалтарған адамдарды жеткiзудi, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың әскери бөлiмдерге жөнелтiлуi және кетуi кезiнде қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз етедi.
3. Соғыс уақыты жағдайларында жұмылдыруды жүргізу жоспарларын орындау үшiн жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерiмен әскери мiндеттілердi хабардар ету штабтары немесе учаскелерi, оларды және техниканы жинау пункттерi құрылады.
4. Шақыру учаскелерi мен жиын пункттерiнде жұмыс iстеу үшiн iссапарларға жiберiлген, азаматтарды шақыру учаскелерiне тiркеу жөнiндегi комиссиялардың, шақыру комиссияларының мүшелерiне, медициналық, техникалық қызметкерлерге, сондай-ақ қызмет көрсету персоналы адамдарына осы мiндеттердi атқару уақытына жұмыс орны, атқаратын қызметi және жалақысы сақталады.
Егер аталған адамдардың өз міндеттерін атқаруы іссапарлармен байланысты болса, жергілiктi атқарушы органдар олардың тұрғылықты жерінен жұмыс орнына баруға және қайтуға, тұрғын үй жалдауына жұмсаған шығыстарын, сондай-ақ iссапар шығыстарын өтейдi.
45-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзілгенге дейiн әскери қызметшiлермен әскери қызмет өткеру туралы жасалған келiсiмшарттар, олар жасалған мерзімдер iшiнде қолданыста болады.
2. Әскери қызметтi өткерiп жүрген, келiсiм-шарттар жасаспаған әскери қызметшiлер оларды осы Заңда көзделген тәртiппен жасасады.
3. Осы Заңмен әскери қызметте болуының шектi жасы өзгертiлген әскери қызметшiлер мынадай шектi жастарға:
1) полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) - елу жасқа;
2) генерал-майорлар (контр-адмиралдар), генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) - елу бес жасқа;
3) генерал-полковниктер (адмиралдар) және одан жоғарғылар - алпыс жасқа жеткенде әскери қызметтен босатылуға немесе отставкаға кетуге құқылы.
4. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн әскери қызметке шақырудан босатылған немесе әскери қызметке шақырылуы кейiнге қалдырылған азаматтар берілген босатулар мен кейiнге қалдыруларды олардың қолданыс мерзiмi өткенге дейiн пайдаланады.
5. Запастағы немесе отставкадағы әскери қызметшiлер мен азаматтардың осы Заң қолданысқа енгізiлгенге дейiн берiлген әскери атақтары сақталады.
46-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 7-баптың 4-тармағын және 35-бапты қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |