Нәрестелік және ерте сәбилік кезеңдегі баланың психикалық дамуы.
Баланың үлкендермен қарым-қатынас ролі
Сөйлеуді игерудің алғышарттарының қалыптасуы
Қимыл мен іс-әрекеттің дамуы
Айналасындағыларға бағдарлануды дамыту
Нәрестенің негізгі ерекшелігі-жаңа тәжірибелерді игеру, адамға тән мінез құлық формаларына ие болу мүмкіндігінің шексіздігі. Егер органикалық қажеттілік дәрежеде қанағаттандырылса, онда олар кешікпей өздерінің жетекшілік мәнін жояды және дұрыс режим мен тәрбие жағдайында жаңа қажеттіліктер (әсер алу, қимыл, үлкендермен қарым-қатынас қажеттіліктері) қалыптасады: солардың негізінде психикалық даму жүзеге асырылады.
Жаңа туған баланың маңызды ерекшелігі мынада: оның көруі мен естуі дене қозғалысынан жылдамырақ дамиды. Баланы алдымен қозғалысы жетілетін хайуанаттар пәнінен осы ерекшеліктері ажыратады. Баланың жүйке жүйесімен сезім мүшелерінің дұрыс дамуына қажетті көру мен есту әсерінің түп негізі және бұл өте маңызды, осындай ықпалды ұйымдастырушы үлкендер болады.
Нәрестенің өмірі түгелдей үлкендерге тәуелді. Үлкендер сәбилердің табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады: тамақтандырады, шомылдырады, бір жағынан екінші жағына аударады. Үлкендер балалардың әр түрлі әсерленгіш қажеттігін де қанағаттандырады: оны қолына алғанда сәби біраз көңілденіп қалады. Далаға шыққанда үлкендердің көмегімен бала көптеген заттарды байқайды, олардың қозғалғанын көруге, қолын тигізуге, содан кейін ұстауға мүмкіндігі болады. Негізгі есту және сезіну әсерлерін үлкендерден алады.
Жадырау комплексінің өзінде-ақ баланың үлкендерге деген жағымды эмоциялық көзқарасы, онымен қарым-қатынас жасағаннан қанағат алатыны байқалады. Мұндай қарым-қатынас бүкіл нәрестелік кезең бойына ұлғая береді.
Егер бала қырсықтанып, ойнағысы келмесе, сол кезде қасына үлкен кісі жақындаса-ақ оның көңілі көтеріліп, ашуы басылады да, өзінен-өзі тағы да жалғыз қалып, алдыңғы ойыншығымен ойнай бастайды.Туғанына 4-5 ай болғанда үлкендерді таңдап, қарайтын болады. Сәби өз үйінің адамдарын басқалардан ажырата бастайды, таныстарына қуанып, бөтен адамнан қорқатын болады.
Дұрыс тәрбие әдістері үстінде, нәрестелік шаққа тән тікелей қарым-қатынас кешікпей белгілі бір затпен, ойыншықпен жасалатын қатынасқа ауысады да, үлкен кісі баланың бірлескен іс-әрекетіне айналады.
Үлкен адам мен баланың бірігіп қимыл жасауы үлкен адамның нәресте қимылын басқарумен, сондай-ақ сәби өзі орындай алмайтын іс-әрекетін атқару үшін үлкендерден жәрдем сұраумен сипатталады.
Бала мен үлкен кісінің бірлескен іс-әрекетінде бүкіл нәрестелік кезеңде ересектердің іс-әрекетінде еліктеу қабілеттілігі зор маңыз алады. 7-10 айда бала үлкендердің сөзін, қимылын бақылайды. Көбіне ол өзіне әсер еткен қимылды сол бойда емес, біраз уақыт өткен соң, кейде бірнеше сағаттан соң қайталайды. Бірнеше рет көрсеткеннен кейін ғана еліктеп, қайталайтын кездері аз болмайды.
Нәрестелік шақтың соңында балалар үлкендердің көптеген қимылдарын қайталап, оларда көптеген қимылдарын қайталап, оларда еліктеушілік пайда болады. Столға жайылған дастарханды шүберекпен қалай сүртетінін байқап, ыңғайы келсе, қолына түскен матамен сүрте бастайды. Баланың үлкендердің басшылығымен меңгеретін қимылдары дамудың негізін жасайды. Сонымен, нәрестелік шақтың өзінде баланың психикалық дамуының жалпы заңдылығы айқын көзге түседі, ондағы психикалық процестер мен сапалар тұрмыс жағдайының, тәрбие мен үйретудің шешуші әсері бойынша қалыптасады. Баланың болмысқа қарым-қатынасы әуелден бастап әлеуметтік, қоғамдық қарым-қатынас болады.
Үлкендермен қарым-қатынастағы қажеттіліктің артуы кейде қарама-қарсылыққа да әкеліп соғады. Бұл қайшылық сәби сөзге түсініп, өзі де сөйлей білген кезде ғана шешіледі.
Қарым-қатынастың қажеттілігі сөйлеуге еліктеудің пайда болуының негізін қалайды. Өзімен үлкендер сөйлескен кезде бала ерте бастан-ақ бірден тынышталып, көңіл қоя тыңдайды. Туғаннан кейін 3 айдан соң, егер баланың көңіл-күйі жақсы болса, ол уілдеп, дыбыс шығарады. Үлкендер балаға жақындап еңкейсе, бұл уіл күшейеді.бала өзі шығарған дыбысқа құлақ қойып тыңдайды. Кейде ол өзіне өзі еліктеп, ілкіде өзі кенеттен шығарған дыбысын ұзақ қайталайды. Бірқатар балалар дыбысты мейлінше, анық шығара алатын болады.
Үлкендер нәрестеге жақындаған сайын онымен сөйлесіп, оған кейде жылы сөздер айтады. Өзара сөйлеспейінше өмір сүру мүмкін еместігін білетіндіктен адамдар баланың жауап қатуына қол жеткізуге ұмтылады. Сөйлесудің эмоциялық үнін бала тез түсінеді. Дүниеге келген алғашқы жылдың екінші жартысында дұрыс дамып келе жатқан дені сау бала былдырлап, сөйлегіш келеді. Түрлі буынды дыбыстар шығарып, оны ұзақ уақыт қайталайды, үлкендер айтқан буындарды қайталап айтуға тырысады.
Былдырлау арқылы сәби қарым-қатынас жасауға әзірлігін білдіреді, жаңа сөздерді және айта білуді үйренеді. Осындай дыбыстар шығару балаға қызық, сондықтан ол кейде ұйықтап жатып та былдырлайды. Баланың сөздік қорының дамуы үшін бұл былдырлаудың, маңызын асыра бағалау қиын. Былдырлай жүріп, бірте-бірте ерін мен тілдің қимылы және тыныс алуы жетіле береді. Осындай әзірліктің нәтижесінде сәби келешекте кез келген тілді меңгере алады.
Егер бала дүниеге келегн алғашқы айларда үлкендер сөзді оған деген өзінің көңіл-күйін білдіру үшін пайдаланса, шамамен нәрестелік шақтың жартысынан бастап, олар баланың айтқанды түсіну үшін арнайы жағдай жасауда болады. Нәрестелік шақта балаға арналып берілген сұрақтың дауыс ырғағы сөзді түсінуіне әсер етеді.
Бала дүниеге келген бірінші жылдың соңында заттың аты мен заттың өзінің арасында байланыс болады. Байланыс сол затты іздеп табудан көрінеді. Мұның өзі сөзді түсінудің бастапқы формасы болып табылады.
Бала үлкендердің сұраған нәрсесін оған қарау үшін ғана іздемейді, қайта үлкендермен қарым-қатынасын жалғастыра беру үшін іздейді. Үлкен кісі «ана зат қайсы?»-деп сұрайды да, бала оған «ол міне!»-деп жауап беру үшін әлгі затты іздейді. Үлкендердің сөзіне түсінуге байланысты эмоционалдық қатынас жасау, әдетте, баланы зор қатынасқа бөлейді.
Заттың атын атаған сөзге құлақ асу бала мүмкіндігінің дамуына байланысты болады: әуелі бала әлгі нәрсеге жай ғана қарайды, біраздан соң оған ұмтылады, ақырында жаңағы затты үлкендерге алып береді немесе алыстан қолмен нұсқап көрсетеді.
Жылдың соңында сәби үлкендердің сөзіне жауап беруі және сөйлеу реакциясы пайда болуы мүмкін. Мұндайда көбіне-көп «Папаң қайда?»-деген сұраққа жауап ретінде сәби әкесіне бұрып: «Па-па»,-деп қуана тіл қатады.
Үлкендердің сөзін түсініп және алғашқы сөзді айта бастағаннан кейін бала үлкендермен өзі байланыс жасап, одан тағы да жаңа заттардың атын үйретуді талап етеді. Сөйтіп, нәрестелік шақтың соңында сәби сөйлеуге ықыластана кіріседі, сөйлеу баланың үлкендер мен қарым-қатынасын ұлғайтудың маңызды құралына айналады.
Бала дүниеге келген алғашқы бір жыл ішінде кеңістікте қозғалып заттар мен іс-әрекет жасауды үйрену арқылы елеулі табыстарға жетеді. Ол басын дұрыс ұстап, отырып, еңбектеп, тәй-тәй тұрып, қаз-қаз басуға үйренеді. Көзіне көрінген затқа ұмтылып, жармасады, ұстайды да, ақырында, оларды сілкілейді, лақтырады. Осы әрекеттердің бәрі адамға тән мінез-құлық формаларын біртіндеп игерудің баспалдақтары іспетті болады. Осындай прогрессивті қимылдар және іс-әрекеттермен қатар, дұрыс тәрбие болмаған жағдайда балада қимылдың тұйық түрлері қалыптасуы мүмкін, олар баланың одан әрі дамуына жағдай жасамайтыны былай тұрсын, қайта кедергі келтіреді. Қимыл мен әрекеттің прогрессивті түрлері үлкендер балаға үнемі көңіл бөліп отырғанда, оның мінез құлқына бағыт-бағдар бергенде ғана дұрыс қалыпиасады және оның психикалық дамуы үшін зор маңызы болады. Сонымен бірге, олар дамудың бала жеткен дәрежесінің көрсеткіші болып табылады. Әсіресе, кеңістікте еркін қозғалудың (еңбектеу, жүру), бір нәрсені ұстап әртүрлі қимыл жасаудың маңызы зор.
Еңбектеу баланың өздігінен бір жерден екінші жерге қозғалуының алғашқы түрі. Бақылаулар көрсеткендей көпшілік балалар алғашқы жарты жылдың соңында, екінші жарты жылдың басында, әлдебір тартымды ойыншықты алуға тырысқанда еңбектей бастайды. Бала ойыншыққа қарай біресе оң қолын, біресе сол қолын созып талпынады, оны ұстауға ұмтылып аздап ілгері жылжиды.
Өздігінен жүруді-бір жерден екінші жерге орын ауыстырудың адамға тән әдісін-үйрену үшін көп уақыт керек. Бұл мерзім ішінде сәби аяғынан тік басып тұруға, бірдеңені жағалап тәй-тәй басуға, ештеңеге сүйенбей тұруға, жүруге үйренеді.Еңбектеген бала ойлаған жеріне бару үшін жүруге асыға қоймайды. Сондықтан оны жүруге және қимыл жаттығуларына үлкендер әзілеуі тиіс.
Жүре бастаған балаеңбектеуін бірден қойып кетпейді. Әдетте оған жүруден гөрі еңбектегені оңай болады да, ол алысырақ жатқан нәрсеге тезірек жету үшін еңбектей жөнеледі. Алайда үлкендердің қолдауымен болған жүру әдісі кешікпей-ақ үйреншікті іске айналады. Бұл әдетте, нәрестелік шақтан кейін жүзеге асады.
Бірдеңеге жармсу туғаннан соң 3-4 ай өткенде басталады. Төсекте немесе манежде жатқан бала қолын кеудесінен жоғары көтеріп, бір қолымен екіншісін сипағандай болады.
Тек 4,5-5 айлық бала ғана ілулі тұрған ойыншыққа қолын еркін жеткізіп, көп кешікпей 6 ай болғанда бір қолымен ұстай алады. Әрине бұл бала жармасу әдісін толық меңгерді деген сөз емес. Мұның өзі әлі жетіліп болмаған. Затқа ұмтылған қол тура бармайды, доғаша иіліп, көбіне басқа жаққа ұмтылып бұрылып кетеді. Бала туғаннан кейінгі екінші жарты жылдықта жармасуды онан әрі жетілдіре түседі. 1-шіден, қолды затқа қарай тура созатын болады. 2-шіден үлкен саусақты қалған саусақтарға қарсы қоюы жетіледі., сөйтіп бала затты саусақтармен ұстауға көшеді. Қолды затқа біртіндеп жақындату шамамен балаға 8 ай болғанда, ал қолды көздеген нәрсесіне ауытқытпай тура апару 1 жасқа толғанда мүмкін болады. Затқа жармасып, онан соң саусақтардың көмегімен ұстап тұру 7-8 ай болғанда қалыптасады да, жасқа толғанша жетілдіріле береді. Саусақтардың қалай орналасуы, әдетте қандай нәрсені ұстайтынына байланысты: допты саусақтарын тарбитып, ал жіпті үлкен және сұқ саусақтарының ұшымен ұстайды, кубикті ұстағанда саусақтар оның қырларына жатады.Бірақ, кешікпей затпен қимыл жасау күрделене түседі. Тіпті қарапайым қимылдардың белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді. Түрлі қимылдар жасауды одан әрі дамыту дегеніміз мұнда нәресте бір емес, екі затпен бірдей әрекет жасай бастайды. Бір жастың соңына қарай баланың заттармен түрлі қимылдар жасауында жаңа маңызды ерекшелік пайда болады.
Бала қимыл мен әрекеттің жаңа түрлерін меңгеріп, оларды жетілдірген сайын, оның қоршаған кеңістіктегі, заттардың қасиеттері мен қатынасын бағдарлауы әлі де болса, бөлек сипатта болмайды. Нәрестенің мінез-құлқын сипаттаған кезде «бала бақылайды», «бала таниды», «бала түсінеді» дегенді жиі қолданамыз.
Нәрестелік кезеңнің басында көру аппараттары мен есту аппараттарының жұмысын дәлелдеу жүзеге асырылады. Оларды жаттықтыруға байланысты көру мен естуді шоғырландыру пайда болады. Нәрестелік кезеңнің басында көру мен естуді жетілдіру осы бағытта жүргізіледі. Бақылау көрсеткендей, 3-4 айға дейін, яғни еңбектегенге, бір нәрсеге жармасып, онымен түрлі әрекет жасағанға дейін бұл жетілдіру негізінен аяқталады.
Бала көріп және естіп қана қоймайды. Ол сонымен бірге көргеннен естігеннен әсералып, қанағаттанғандық сезімге бөленеді.Демек, баланың көру әлемі бірінен-бірі өзгеше ауыспалы әсерлерден тұрады. Олар кейде тартымды, 2-шісі тартымсыз болып келеді.
Нәрестенің сыртқы қимылдар мен іс-әрекеттердің көмегімен орындалатын қоршаған дүниені бағдарлауы психикалық процестердің көмегімен орындалатын бағдарлаудан бұрын пайда болады және оның негізі болып табылады. Тұрақты өзгеріп тұратын әсерден кейін заттар балаға өзін қоршаған кеңістікте тұрақты өмір сүретін және өзгермейтін белгілі бір қасиеті бар нәрсе болып көріне бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |