Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық
идеясы мен ағартушылық қызметі.
(1841-1889)
Ы.Алтынсарин аса талантты педагог, ағартушы, дарынды жазушы, тамаша ақын, көрнекті қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин қазақ қоғамының мәдениет пен экономика жағынан мешеу кезінде өмір сүріп, халқымыздың демократиялық мәдениеті мен өнерінің бір сыпыра саласында жаңадан өсіп өркендеуіне айқын жол ашып, баянды негіз жасады.
Жан-жақты талант иесі Ыбырайдың есімі қашанда уақыт сынынан мүдірмей өтіп, өз халқымен бірге жасасып келеді. Оның өмірі өз Отанын шексіз сүйіп, оған бүкіл жан тәнімен қызмет етудің тамаша үлгілерінің бірі болып табылады.
Ағартушының өнегелі өмірі мен өрісі биік таланты бір кезде қандай жарқын да жанды қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса, қазірде сол асыл да абзал ерекшеліктерін өз бойында толық анықтауда. Мұның өзі заңды да еді. Өйткені әрбір ұлы адамзатпен бірге жасайтын мәңгі өшпес, ескірмес иделарды көтереді. Сондықтан олар арада бірнеше ұрпақтың өткеніне қарамастан, әрбір жаңа ұрпақ, жас қауымға алыстан қол созып, «жол болсын» айтып тұрғандай болады, уақыт өткен сайын биіктей, мән-маңызы қадір-қасиеті арта түседі. Мәдениетіміздің тарихында Ы.Алтынсарин дәл осындай, үркердей саңлақтардың бірі болған еді. Ол өзінің бүкіл шығармашылық өмірін бір ұлы мақсатқа арнады. Ол мақсат қазақ халқын ғасырлар бойы езіп келген надандық пен қараңғылықтың шырмауынан босатып, өнер-білімді, мәдениетті елдердің қатарына қосу еді.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Омарханұлы Әуезов Ыбырай Алтынсарин туралы былай жазды: «Ыбырай орыстың мәдениет мектебін танымаса, Ушинский бастаған педагогикалық жаңалықтарды білмесе, орыстың адамгершіл, прогрессшіл классикалық әдебиетінің нәрінен қорек алмаса, Ыбырай болмас еді… Ыбырай да сол бір бағытта болумен қатар, өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай жаңағы екеуінің де ісін өз өмірінде еңбегіне түйістіріп, қоса білді. Сөйтіп, ол екеуі де істеген тың тарихтың ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, «бұратана» елдер үшін тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты ол аса шебер өнерлі түрде қабыстырушы».1
Кезінде қазақ ха лқының болашақ дағдырын орыс мәдениетімен бірлікте алып қараған Шоқан, Абай және Ыбырай секілді ұлы ағартушы-демократтар тарихымызда өшпестей із қалдырды.
Осы орайда Ыбырай Алтынсариннің қосқан үлесі мен еңбегі орасан зор. Қазақ халқының талантты ұлдарының бірі Ыбырай Алтынсарин – аса көрнекті ағартушы-педагог, этнограф ғалым, ақын әрі жазушы, жаңашыл педагог болған адам.
Ы.Алтынсариннің сан салалы қызметі мен өмірі жайлы сақталған деректер мен материалдар өте көп, олардың дені ағартушының өз қолынан шыққан.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазанның 20-шы жұлдызында Орта жүздің қыпшақ руында дүниеге келген (Қостанай облысының Затобол ауданы). Әкесі 1844 жылы Кенесары шапқыншылығы кезінде қаза табады да, жас Ыбырайды атасы, белгілі би Балғожа Шаңбыршыұлы тәрбиелейді.
Балғожа би көзі ашық, көңілі жарқын, заманының алдыңғы қатарлы адамы еді: ол өз заманының жайын тез байқады. Ендігі үміт артта, ескіде емес, алды, жаңада екенін, Ресей өкіметінің саясатына ыңғайланып, орыс мәдениетінен азық алудың қажет екенін аңғарды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, патша өкіметі қазақ даласын бағындырудың, билеп-төстеудің тағы бір жаңа әдісін қолдана бастады: қазақ балаларына арнап мектептер ашуға кірісті. Патша өкіметінің бұл мектептерді ашқандағы мақсаты мектеп туралы ережеде ашық айтылған: «Мектеп құрудағы басты міндет – шекарадағы басқару ісін атқара алатын адамдарды
----------------------------------------------------------------------
1 Ыбырай Алтынсарин тағлымы: Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер.
Алматы: Жазушы, 1991. 21-22 беттер.
сұлтан – ел билеушілердің, ордаға аралық бастықтардың ісін жүргізе білетін және айрықша қызметтерді атқара алатын адамдарды дайындау» деп жазылған.
Сонымен, бұл мектеп 1850 жылы 22 тамыз күні Орынбор қаласында ашылды, оған қазақтың 30 баласы алынды, солардың бірі тоғыз жасар Ыбырай болды. Ыбырай бұл мектепті жеті жыл оқып, 1857 жылы бітірді. Ыбырай ерекше зерек, ерекше талантты болған.
Орынбор қаласында оқып жүрген кезінде және сонда қызмет етіп жүрген жылдары Ы.Алтынсарин Орынборда Шекара комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарған белгілі шығыстанушы ғалым, профессор В.В.Григорьевпен танысып, жақын болып және онымен достасып алады да, оның бай кітапханасын еркін пайдаланады. Соның арқасында ол орыс және шетел ақын-жазушыларының, ағартушы-ғалымдарының шығармаларын көптеп оқып, олармен мол танысады. Сөйтіп небәрі жетіжылдық мектепті бітіріп шыққан Ыбырай өздігінен оқып, ерінбей ізденіп, талмай еңбек етуінің арқасында жан-жақты мол білімі бар, ой өрісі өте кең, оқымысты адам болып шығады.
«Қарағым, мұнда жүрсең нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің!
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргеннен не мұратқа жетер едің?», - деп, атасы Балғожа би айтқандай, Ыбырай өз атасы тәрізді тек ауыл адамы ғана емес, бүкіл бір халықтың мәңдайына біткен жарық жұлдызы болып, қазақ мәдениетінің көгіне жарқырап шыға келді.
Ы.Алтынсарин 1860 жылдардан бастап жергілікті жерлерден мектеп ашу ісімен айналысады. Сол өңірдегі қазақ балаларына арналған алғашқы мектеп 1864 жылдың 8 қаңтарында Торғай қаласында ашылып, Ыбырайдың өзі соған мұғалім болады. Сөйтіп Ы.Алтынсарин 1864 жылдан 1889 жылға дейін жиырма бес жылдық өмірін қазақ балаларына арнап мектеп ашу, оларды оқыту, тәрбиелеу, оларға арнап оқулықтар, оқу құралдары және әдістемелік кітаптар жазу жұмысына сарп етеді. Осы жылдардың ішінде ол қазақ қыздары үшін мектеп-интернат, ауыл шаруашылық және қолөнер училищелерін аштырды. Өйткені ағартушы ғалым, әрі өз халқының ұлы патриоты қазақ халқының жарқын болашағын тек оқу-ағарту ісімен, білім-ғылыммен, сол білім-ғылымды ел ішіне көптеп тарата алатын мектеппен байланыстырған.
Сондықтан да ол: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты тұтқасы… Үміт мектепте, қазақ халқының келешегі мектеппен байланысты», - деп жазған болатын-ды.
Ы.Алтынсарин қазақ балаларына арнаған мектеп ашумен бірге онда қызмет істейтін, балаларды оқытып, тәрбиелейтін кадрларға, атап айтқанда, мұғалімдерді даярлауға аса зор мән берген. Ол мектептегі ең басты тұлға – мұғалім деп есептеген. Жақсылап салынған мектеп үйі, болуы мүмкін, тамаша жазылған оқу құралдарын да табуға болады. Бірақ бұлардың жақсы мұғалімсіз берері шамалы деп есептеген.
«Халық мектептері үшін ең керектісі оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы өкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды. Сондықтан да мен жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін»,-деп жоғары балады.
Ыбырай Алтынсарин орыс халқы мәдениетінің демократияшыл идеяларын, әсіресе, Ушинскийдің педагогикалық мектебінің жаңалықтарын шығармашылық жолмен қабылдай отырып, қазақ даласына білім таратушы, мектеп ашушы, жастарды тәрбиелеуші мұғалім болды. Ол өз ісінде әрқашан адамгершілік туын көтеріп, көптеген педагогикалық мұралар қалдырды. Солардың ішінде оның тамаша өлеңдері мен әңгімелері бар. Бірақ ол – ең алдымен ағартушы педагог. Ал оның ақындығы мен жазушылығы оның негізгі мақсатына – сол ағартушы педагогтік істеріне бағынған. Әңгімелері мен өлеңдерін балалар тәрбиесіне арнап, оқу құралдары мен оқулықтары үшін жазған.
Өзінің мектеп өміріндегі тәжірибесін Ушинскийдің, Толстойдың педагогикалық озат пікірлерін, тағы басқа да материалдарды қорыта отырып, Ы.Алтынсарин – «Қазақ хрестоматиясы» (1879 жылы) мен «Қазақтарға орыс тілін оқыту жөніндегі бастауыш басшылық» деген екі кітабын жазды. Бұл еңбектер кезінде қазақ халқының мәдениетінің тарихында аса зор оқиға, үлкен ғылыми табыс ретінде жарыққа шығуы өз кезінде қазақ халқы үшін сирек кездесетін тамаша жаңалық болды.
Ы.Алтынсариннің шығармашылығына Н.Ф.Бунаков және Н.А.Корфтің жүйесімен Ресейде құрылған бастауыш халық мектептерінің тәжірибесінің жемісті ықпалы болды. Ы.Алтынсарин оқу жоспарларын және бағдарламаларын жасауда оқыту мен тәрбиенің дидактикалық және әдістемелік тәсілдерді қолдануда оның пайдалы тәжірибелерін пайдаланды.
Ы.Алтынсарин өзінің оқу құралдарын жасауда өзінің идеялық бағыттылығы жағынан халықтың қағидаларға қызмет етуге және балаларды өз Отанына сүйіспеншілік рухта тәрбиелеуге ұмтылды. Сондықтан да орыс педагогтары мен жазушыларының шығармаларымен қатар ол хрестоматияға қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін енгізді.
«Қазақ хрестоматиясымен» жұмыс істеу барысында Ы.Алтынсаринге К.Д.Ушинскийдің педагогикалық көзқарасы мен оның «Балалар әлемі», сонымен қатар Л.Н.Толстойдың, И.И.Паульсонның, Н.А:Карфтің және басқалардың оқулықтар жасаудағы тәжірбиесінің әсері орасан зор болды.
Ы.Алтынсарин Қазақстанда әйелдерге білім беруде біршама қадамдар жасады. 1887 жылы Ырғызда бірінші қазақ қыздар мектебін интернатымен ашылды.
Ы.Алтынсариннің есімімен Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру ісінің дамуы байланысты. Торғайда кәсіптік-техникалық училище ашылды, содан кейін Қостанайда ауыл шаруашылығы училищесін ұйымдастырды. Ы.Алтынсарин өзі оқып, қызмет еткен жылдары Орынбор, Қазан, Уфа, Петербург қалаларындағы сол кездегі Шығысты зерттеуші ғалымдар В.В.Катаринский, А.А.Мазахин, уездік қызметкерлер Яковлев, Караулов, Плотников т.б.тығыз байланыста, достық қарым-қатынаста болады. Солар арқылы белгілі татар ағартушылары Ш.Маржани, Қ.Насыри, С.Кукляшев, әсіресе, Петербург университетінің оқытушысы, Ш.Уалихановтың досы, белгілі татар ағартушысы Хұсин Файызхановпен де танысып, достасады. Олармен хат алысып, хат жазысып тұрады. Оқу ағарту ісінде бұлардың қайсысының болса да, Ы.Алтынсаринге көп көмегі тиген.
Әрине, Ыбырай олармен істес, қызметтес, достас болып жүргенмен, қазақ халқының тағдыры, келешегіне байланысты барлық мәселелер жөнінде үнемі пікірлес бола білмеген. Кейбір күрделі, көкейкесті мәселелер жөнінде Ы.Алтынсариннің өз достарымен келіспей қалатын кездері де аз болмаған. Мәселен, ол Н.И.Ильминский, А.Алектронов, А.Бессонов, т.б.миссионерлік әрекеттеріне қарсылық білдіріп отырған. Ы.Алтынсарин сол кездегі қазақ жазуын (яғни, араб әрпіне негізделген қазақ емлесін) орыс алфавитіне көшіруге мүлде қарсы болған. Бұл туралы жоғары орындарға бірнеше рет хат жазып, арыз айтып ұсыныстар жасаған. Мысалы, ол 1871 жылғы 31 тамызда Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай дейді: «Шапағатты төрем Николай Иванович! Сіз бұл хатыңызда қазақ арасына орыс алфавитін енгізу жөнінде пікір айтқан екенсіз. Бұл талассыз пайдалы пікір ғой. Дегенмен, оны жүзеге асыру, меніңше, үлкен қиыншылыққа кездеседі. Орыс әрпімен жазылған кітаптар қазақ арасына, тап біздің ойлағанымыздай жеңіл және тез сіңе қоймайды. Бірінші жағынан фанатизмнің салдарынан, екінші жағынан, орыс жазуына көзі үйренбегендіктен, оның таныс еместігінен, оның үстіне, елімізде тарап отырған татар жазуының әсерінен… Кітаптарды қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара алу керек. Міне, менің шын пікірім осы».1
Алайда, Ы.Алтынсариннің өз заманы үшін бұл орынды ұсынысын Н.И.Ильминский де, сол кездегі оқу министрі Толстовта қабылдамаған. Ы.Алтынсарин сонымен бірге кейбір миссионерлердің оқушы қазақ балаларын еріксіз шоқындыруға үзілді-кесілді қарсы шыққан. Бұл жөнінде тиісті орындарға шағым жазып, наразылық білдіріп отырған.
Қазақ әйелдеріне білім беру ісі де Алтынсариннің есімімен тығыз байланысты. Аса маңызды бұл бастамада ол патша өкіметі тарапынан кедергілерге ұшырайды. В.В.Катаринскийге жазған бір хатында былай деп хабарлайды: «Қазақ қыздарына арнап ашылмақ табысты боларына губернатордың күдігі бар… ал мұндай маңызды істі бастамаса, ешқашан да ештеме де болмайды ғой. Бұл істің Ырғызда оңға басатындығына мен қазірдің өзінде кәміл сенемін».
Көп ұзамай бұл араманы жүзеге асады. Ырғыз қаласында қазақ қыздарына интернаты бар арнаулы мектеп ашылады. Шындығында бұл қазақ халықының өмірінде болған аса үлкен оқиға еді. Аса маңызды бұл бастаманың сәтті болғанына Алтынсарин аса қуанады. Ол патша әкімшілігінен Торғай облысының барлық уездерінде қыздар училищелерін
----------------------------------------------------------
1Алтынсарин А: Таңдамалы шығармалары. Алма-Ата, 1955, 278-279 беттер.
2Сонда, 430-бет
1891 жылы Торғай қаласында, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта және 1896 жылы Ақтөбеде ашуға рұхсат етілді.
Алайда, Алтынсарин аталмыш мектептерді ағарту ісінің алғашқы қадамдары деп біледі. Ыбырайдың Ушинский жолымен жүргізген оқыту жүйесі бойынша: мектеп, ең алдымен халықтық мектеп болуы керек, халықтың тұрмысына ыңғайлы, шаруашылығына қолайлы болып құрылуы керек. Ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп – болыстағы жағдайға сай құрылуы керек. Ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекті, мәдениетті, ауылдағы бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс.
Ыбырай мектептерінде өтетін сабақтардың бәрі де орыс тілін жақсы біліп шығуға арналды, сабақтың көпшілігі орыс тілінде жүрді.
Ыбырай мұғалімдер жөнінде өте жоғары пікірде болды. Ол ағартушылық жолына түскен күннен бастап, қазақ балаларын ана тіліндеоқыта алатын мұғалім кадрларын даярлау ісіне белсенді кірісті. Патша өкіметі Ыбырайдың бұл тілегін қабылдамады. Керісінше, Ыбырайды қудалай бастады. Ыбырай өзінің тағы бір хатында «оқушылар даярлайтын училище ашуға талпынамын деп басыма пәле іздеп алдым, өкімет орындары маған теріс қарай бастады, «жер» аударылуға аз-ақ қалдым» деп күйініп жазды.
Сол кездегі Қазақстан жағдайында өте күрделі мәселелердің бірі – белгілі педагогикалық даярлығы бар мұғалім кадрлардың жетіспеуі Ыбырай ол мәселені екі жолмен шешуді көздеді: біріншіден, қазақтардың өз ішінен мұғалім даярлайтын қазақ мұғалімдер мектебін ашу арқылы, екіншіден, жаңадан ашылып жатқан орыс-қазақ мектептеріне Ресейдің арнаулы мұғалімдік оқу орындарын бітірген жас мұғалімдерді жұмысқа шақыру арқылы мақсатты іске асырмақ болды.
Ыбырай қазақ мектептерінің инспекторы болып жұмыс істеп жүргенде Қазан мүғалімдер семинариясының директоры Н.И.Ильминскийге жаңадан ашылып жатқан екі сыныптық орыс-қазақ мектептері үшін мұғалім кадрларымен көмектесуді сұрап әлденеше рет хат жазған болатынды. Бұл кезде Қазан мұғалімдер семинариясы Қазан, Орынбор округтары ұлт мектептері үшін мұғалім кадрларын бірден бір оқу орны еді.
Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында әдейі қазақ жастары үшін педагогикалық оқу орындарын ұйымдастыру мәселесін жедел күн тәртібіне қойды.
1883 жылы бітіріп шықты. Оның түлектері кезінде қазақ даласының түкпір-түкпірлерінде жемісті еңбек етті.
Ыбырай Орскіде ашылған педагогикалық мектептің оқу жұмысын жетілдіріп отырды. Ыбырай Алтынсарин Қазақстанда педагогикалық білім берудің негізін қалауда және қалыптастыруда ерекше роль атқарды. Сондықтан да біз Ыбырайды Қазақстанда педагогикалық білім берудің негізін салушы «Ұстаздардың ұстазы» ретінде бағалауға тиіспіз.
Ы.Алтынсариннің енді бір топ шығармалары халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сипаттайтын этнопедагогикалық мәнде келеді. Мұның бірі өлген адамды жерлеу және оған ас беру және той жасау салты туралы баяндайды.
Халқымыздың салт-дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарын жетік болатын жан-жақты ғылым екендігін таныта білді. Осы ерекшелік ұлы ағартушының оқулық, хрестоматияларынан да айқын аңғарылады.
Ыбырайдың қазақ балаларына арнап жазған «Қазақ хрестоматиясы» атты оқу құралына енген материалдарға зер салып қарасақ, оның балалардың жас ерекшеліктері мен қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес құрылғанын көреміз. Осы талаптарға орай айтылар ойдың дәлдігі мен нақтылығы, қанымдылығы мен көркемдік әсемділігі негізге алынды. Сондай-ақ осы мақсатта автордың халық ауыз әдебиеті асыл үлгілері мен мақал-мәтелдерді, небір көркем шешендік сөз нұсқауларын таңдап-талғап енгізу де өте орынды.
Ыбырай жастарды оқу білім -өнерге үндегенде құрғақ насихатқа ұрынбайды, қайта өз ойын нақтылықпен дәлелдеуге ұмтылады.
Халықты және олардың жас өрендерін оқуға, өнер-білімге шақыруда Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтерген, әрқашан жаңарып, түрленіп, құлпырып, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын, ескірмейтін ееңбегі «Кел,балалар,оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар», «Әй,достарым», «Әй,жігіттер» деген өлеңдері.
«Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!»-деп ұран салады. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның өлеңдері мен әңгімелерінің қай-қайсысы болмасын балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі кісі болуды уағыздайды.
Елді қараңғылықтан жарыққа шығаратын жастар, тек ғана жастар деген қорытындыға келді. Әсіресе, оның келешекке сенімі мол болды. Аңсаған арманын өзі орындай алмаса, болашақ жастар орындайды деп білді.
«Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сендерге бердім батамды!»-деп, ол өз халқының келешек ұрпақтарына сеніп кеткен еді. Міне, сол ұрпақ Ыбырай арманының жүзеге асқанын бұл күнде айқын көріп отыр.
Ыбырайдың сол кездегі қоғамдық құрылысқа көзқарасында тарихи шектеукшілік пен кейбір кемшіліктер болды. Қоғамдағы кемшіліктерді көре тұрып, оны өзгертудің негізгі жолы адамдарды ағарту, білім беру, өмірді төңкеріс жолымен емес, реформа арқылы әділетсіздікті жойып, жақсылық орнатуға болады деді.
Бұл оның көзқарасының, дүниетанымының кемшілігі еді. Ол табиғатты тануда материалист бола тұра қоғамдық құбылыстарды түсіндіруде идеалистік көзқарастан аса алмады.
Ыбырай Алтынсарин 1889 жылғы 17 шілдеде, Қостанай қаласынан үш шақырымдай жердегі «Инспектор көлінің» жағасында салынған өзінің үйінде, қырық сегіз жасқа толуына үш ай және үш күн қалғанда дүниеден өтті.
Қазақ педагогикасының ұлы классигі Ы.Алтынсариннің 150 жылдық мерей тойы 1991 жылы Қостанай мемлекеттік университетінің базасында Қостанай қаласында атап өтілді. Мерей тойды өткізу барысында ұлы ағартушының туған топырағы «Инспектор көлінің» жағасында Ыбырайға арналған кесене іске қосылды, Қостанайда Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойында «Музей үйі» ашылды. Қостанай университетінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оған республиканың белгілі Ыбырайтанушы ғалымдар, жазушылары жоғары оқу орындары, оқытушылары, мектеп мұғалімдері, Ыбырайдың ұрпақтары қатысқан болатынды.
Туған халқының талантты перзенті ұлтының рухани мақтанышы, тұңғыш ағартушы-педагогі Ы.Алтынсарин қазақ халқының мәдениеті мен тарихының алтын қорына үлес қосумен қатар өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас бай мұра қалдырды.
Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы.
(1845-1904)
Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Абай өз ауылында арабша хат танығаннан кейін, он жасында Семей қаласындағы Ахмет Ризаның медресесінде 3 жыл оқиды. Оқуға зерек, ұғымтал Абай діни сабақтармен қоса өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс классиктері: Низами, Сағди, Хафиз, Науан, Физули еңбектерімен танысып, тағылым алады.
Абай ақыл-ой санасы толысқан шағында ел билеу ісінен аулақтанып, ақындық өнер жолына түседі. Өз бетінше шығыс, батыс, орыс елдері ақындарының, ойшыл оқымыстыларының еңбектерін оқып, білімін толықтырады. 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген революционер Михаэлиспен танысып, дос болады. Михаэлис Петербург университетінің студенті, Чернышевскийдің жолын қуушы, демократ-революционер еді. Михаэлис арқылы Абай айдаудағы орыс демократтары: доктор Долгополовпен, табиғат зерттеушісі, тарихшы Леонтьевпен танысады. Солар арқылы ол орыстың белгілі ақын-жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Шедрин, Некрасов; сыншыл, ойшыл-демократтары Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Батыс Еуропа ақындарымен: Гёте, Байрон, философ ойшылдарынан: Спенсор, Спиноза, Дарвин, т.б. еңбектерімен танысып, тәлім-тәрбие алады.
-----------------------------------------------------------------
1Уәлиханов Ш. Таңдамалы шығармалары. Алма-Ата, 1958, 100-бет.
Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады.
Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал»,-дейді. Яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.
Абай сана-сезімді тәрбиелеудегі қоғамдық ортаның ролін материалистік тұрғыдан түсіндіре білді. Адамның жақсы-жаман болуы, ақылды-ақылсыз болуы генетикалық негізге байланысты, ақ сүйек тұқымынан шыққандар ақылды, батыр, алғыр болады деген буржуазиялық нәсілдік, идеалистік көзқарасқа қарама-қарсы. Абай адам мінезінің қалыптасуы тәрбиеге, ортаға байланысты екенін дәлелдеді. Өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Мен, егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,-деді.
Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Біздің түйсігіміз бен қабылдауымыз, түсінігіміз айналадағы ақиқат шындық өмірдің сәулесі ғана.
Абай түсінігінше, табиғат біздің санамыздан тыс және бізге тәуелсіз өмір сүреді. Адам баласы «көзімен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады»,-дейді Абай. Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу- жан құмарлығы (жетінші сөз) деп ой түйіндей келе, «адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі» деген қорытынды жасайды.
Абайдың дүниенің дамуы жөніндегі көзқарасында диалектикалық сарын басым. Ол табиғат құбылыстарын өзара бір-бірімен байланыста, үнемі өзгерісте, дамуда болады, адамды қоршаған ортаның – табиғаттың ішкі сырын білім-ғылым арқылы білуге болады деп қарастырады.
Ұлы ағартушы өзінің көптеген шығармаларында қазақ халқының ауыр тұрмысын және надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат халыққа адал қызмет ету деп ұқты:
Пайда ойлама, ар ойла
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге, - деп жастарды білім-ғылымды меңгеруге шақырды.
Сол кездегі кейбір оқыған жастардың білімді шен алу, шекпен кию үшін пайдаланып, парақорлықпен алдап-арбаудың құралы етуге тырысқанына ызаланған Абай:
Ойында жоқ олардың
Салтыков пен Толстой
Я тілмаш, я адвокат.
Болсам деген бәрінде ой,- деп сөкті. Жастарға халық қамын ойлаған ақын-жазушылар мен ғалымдарды үлгі-өнеге етіп, «білімдіден шыққан сөз талаптыға кез болса екен», -дейді. Тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімже деп ұққан Абай:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған мақсат емес,
Өнердің бұдан өзге бәрі жалған.
Ел болу үшін қала салып, отырықшылықта болу керек, мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салды. Өнер-білімсіз қоғамның пайдалы азаматы болудың мүмкін емес екендігін, терең түсінген ол: «Барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет… өнер де, ғылымда орыста тұр. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті оны білгенге дүние арзанға түседі»1,-деп озық мәдениетті орыс халқын өнеге етті.
«Ақыл – ардың сақтаушысы» деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптеген ұлы ағартушы –
Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап…
Терей ой, терең ғылым іздемейді
Өтірік пен өсекті жүндей сабап, - деп кейбір жастардың іс-әрекетін қатты сынға алады. Абай қазақ қоғамындағы жас ұрпақтарды тәрбиелеуге байланысты ойларын бірнеше өлеңдерінде («Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» т.б.) айқын білдіреді. Ол халықтың артта қалушылығын, надандығын мінеп, әдебиет пен ағарту халыққа қызмет етуі, жалқаулыққа, ымырашылдыққа қарсы күрес жүргізуі қажет екендігін көрсетеді, прогресшіл орыс мәдениетіне жақындай түсуді уағыздайды. Мұндай күрделі міндеттерді шешудің жолдарын іздестіре келе, Абай өзінің «Қырқыншы сөзінде» жалпыға бірдей білім беру талабын ұсынып, қыздар да оқып, білім алу керек деп есептейді.
Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.
Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты. 1886 жылғы бір өлеңінде ақын:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман,- деп өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездері н қатаң сынға алды. Абай уақытын еңбексіз бос өткізетіндерді, еріншектерді, өсекшілдерді, адамгершілік қасиетке ұмтылмайтындарды мейлінше жек көрді. Ондайлар туралы:
Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай – сымпыс шолақ-деп, күйзеле жазады ұлы ақын.
Гуманист – ақын Абайдың ХІХ ғ.орта шенінде халқымыздың бойындағы жағымсыз қасиеттерді қатты сынға ала отырып, айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап өткіміз келеді. Абайдың айтқан ойлары бүгінгі Мақатаев сияқты ақындарымыздың ойларымен үндесіп жатыр.
Табиғатты айтсын мейлі, махабатты айтсын, адамның ары мен арманын айтсын, жан түршіген міні мен арамза мінез-қылығын айтсын, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали ағынан жарылып айтады, әрбір өлең жолынан ақынның жүрек лүпілін естіп, жан айнасын көреміз, адам бойында әлі де арылып болмаған сұмдық пен сараңдылықтан жериміз, жамандықтан түршіге түңілеміз. Сондықтан да ол:
Мамсапқорлардың қасынан
Шықпайтындарға ашынам !
Жалданып өскен жасынан
Жағымпаздарға ашынам !
Өзіңе ғана бас ұрам,
Сенесің бе, Отан осыған !?
Алаяқтарға ашынам !
Ашынам-дағы тасынам
Құнымды несін жасырам, - деп адам бойындағы жағымсыз мінез құлықты ашына сынға алды. Мұқағали айтқандай, осы жағымсыз қылықтар да бүгін де арамызда бой көрсетіп қалады.
Сол кезде Абайдың көтерген мәселелері бүгін де маңызды, өзектілігін ерекше айта кеткен жөн.
Абай тарихқа ең алдымен кемеңгер ойшыл ақын, ағартушы ретінде енді. Абай өлеңдері мен қара сөздерінің тәрбиелік-тәлімдік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары болып келеді.
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқты-барды, ертегіні термек үшін»,
- деп ақынның өзі айтқандай оның өлеңдерінің әлеуметтік, этикалық мәні мейлінше терең. Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ұдайы ой салды, оның көкірегін оятып, оны надандықтан, жаман қылықтардан сақтандырды, мәдениетті болуға, прогреске шақырды.
Абай өзінің өлеңдерінің бәрінде:
«Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,
Жақсы мен жаманды айырмадың
Бірі қан, бірі май боп енді еккі ұртың» – деген сөздері дәлел бола алады. Бұл өлеңде Абай ашынып, халықтың жанына тие айтады. Сондай-ақ, Абай бос даурығуға, бекер сал шашуға, өтірік, өсек айтуға, жалқаулыққа қарсы шықты. «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», - дей келіп, Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз», - деген өсиет айтты.
Абай өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. «Сен де – бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы. Қазақ елінде ойын-сауыққа көп әуестеніп, бір үйден бір үйге, бір ауылдан бір ауылға селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет селтеңдеп, қыдырып жүретін келеңсіз әдет барын ашына ескертіп, одан аулақ болуды арман етті.
«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын», - деп жағымсыз қасиеттерден жастарды жирендіреді.
Ол А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтовты ұстаз тұтты, олардың өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударды. Мәселен, «Татьянаның хатын», «Онегиннің хатын» аударып қана қойған жоқ, оған ән де шығарды.
1840 жылы М.Ю.Лермонтов Гетенің «Жолаушының түнгі әні» деген өлеңін «Горные вершины спят во тьме ночной» деген атпен аударған болатын. Гетенің бұл өлеңі көптеген ақындарға, композиторларға әсер етті. Ол Абайдың да жүрегіне ұялады. «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер маужырап» деп аударды. Сонымен қатар, Абай шығыс мәдениетінен де нәр алды. Фирдоуси, Науан, Низами, Хафиз, Сағди шығармаларына еліктеді.
1995 жылы бүкіл еліміз Абайдың 150 жылдық мерекесін ЮНЕСКО шешімі бойынша әлем болып тойлады. Ұлтымыздың рухани мақтанышы, ұлы гуманист, ақын-ағартушы Абайдың ғылыми-педагогикалық мұрасының зерттелу жайы туралы және Қазақстанда төңкеріске дейінгі педагогикалық ой-пікірдің даму тарихында алатын орны туралы айтқанымызда ұлы ғұлама ойшылдың педагогикалық мұрасын алғашқы зерттеушілер, педагогика тарихы саласындағы көрнекті қазақстандық ғалымдар, педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Т.Тәжібаев, Қ.Б.Бержанов, Ә.У.Сембаев, Қ.Б.Жарықбаев, С.Қ.Қалиев және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.
Ұлы гуманист-ақынның педагогикалық, тағылымдық мұраларының мәні мен маңызы бүгінгі таңда да өміршең, өзекті екендігін дәлелдейді.
ХХ ғасырдың басында бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар жалғастырды.
Ш.Уәлихановтың қазақ халқының салт-дәстүрлерi туралы ой-пiкiрлерi (1835-1865).
1. Шоқанның алғашқы хат тануы.
2. Ш.Уәлихановтың орыс достары.
3. Шоқанның Батыс-Шығыс халық әдебиетін зерттеуі.
1.Шоқанның өскен ортасы. Әжесi Айғанымның, әкесi Шыңғыстың маңына аңшы, әңгiмешi, ертекшi, әншi, күйшi, ақын, құсбегi т.б. өнер адамдарының үйiр болуы. Олардың Шоқанның жастайынан қазақ өнерiмен сусындауына ықпал етуi, Ауыл молдасынан оқып хат тануы.
2. Ел билеу тiзгiнiн берiк қолда ұстау мақсатында Шыңғыстың 11 жасар Шоқанды Омбыдағы Кадет корпусiне әскери оқуға беруi. Шоқанның орыс тiлiн тез меңгеруi.
3.Шоқанның Омбыдағы Кадет корпусiнде оқу кезiнде озық ойлы орыс интелигентерiнен бiлiм алуы. Оның ұстаздары И.Вас.Ждан, Пушкин, Николай Федорович Костымцский, Александр Андреевич Сотников, Василий петрович Лобадовсий т.б. болуы: Орыс география қоғамының негiзiн салушы П.П.Семенов – Тяньшанский, географ ғалым Н.Г.Потанин, саяси жер ауып келген орыс зиялылары: Ф.М.Достаевский, С.Ф.Дуров, А.Н. Майковтармен достық қатынаста болуы. Олардың прогрессивутiк идеяларының Шоқанға тигiзген әсерi;
4. Шоқанның Кадет корпусында оқып жүрiп те Батыс-Шығыс халықтарының әдебиетiмен, тарихымен, салт-дәстүрiмен, дiнiмен, тiлiмен терең танысуы.
5. Шығыс халықтарының әдет-ғұрпын, тұрмыс-тiршiлiгiн, тiлi мен дiни наным-сенiмдерiнжетiк бiлген Шоқанды Батыс Сiбiр генерал-губернаторы қырғыз елi мен ұлы жуз қазақтары, Қытайдың Жоңғария даласына саяхатқа жiберуi
1856-57 ж.ж. Шоқанның Қазақ, Қырғыз, Дұнған, Ұйғыр, Қытай халықтарының салт-дәстүрiн, ауыз әдебиет үлгiлерiн, тарихын зерттеп еңбектер жазуы;
6.”Сiбiр қарамағындағы қазақтардың сот реформасы туралы жазба”, “Жоңғария очерктерi”, “Қырғыздың манас жыры туралы”, “Абылай”, “Шаман дiнiнiң қазақтар арасындағы қалдығы” деген еңбектерiнiң мазмұны мен тәлiмдiк мәнi;
7.Шоқанның ел билеу мәселесiн демократиялық жолмен шешпек болуы. Қазақ қыздар тәрбиесi жөнiндегi ой-пiкiрлерi.
Шаман, мұсылман дiндерiнiң шығу тарихы туралы ойлары. Қырғыз халқының Алатауға келiп орналасуы, салт-дәстүрi туралы көзқарасы.
Манас жыры туралы ойлары, онда кездесетiнқазақ батырларының (ЕРсайын, Ер Қосай, Орақ-Мамай) аттары жөнiнде, қазақ-қырғыз салт-дәстүрлерiнiң ұқсастық себептерiтуралы пiкiрлерi, Шаман дiнiнiң шығу тарихы, Шаман дiнiмен байланысты ырымдардың қазақ арасында күнi бүгiнге дейiн сақталуы. (Айға бата жасау, отқа май құю, келiннiң отқа салар апаруы, ауру адамды отпен аластау).
8.Шоқанның қазақ ырымдарын талдауы, (көз тию, садақа беру, әулиелердiң басына түнеу, ақ сарбас айту, хайуанаттарды киелi санау, буаз аңдарды атпау т.б.)
Қорқыт Көрұғлы туралы, Асанқайғы жөнiндегi ой-пiкiрлерi.
9.Шоқанның қазақ салт-дәстүрлер мен дiни наным-сенiмдердi зерттеу еңбектерiнiң құндылығы.
10.Шоқанның 1860-61 ж.ж. Петербургтегi сапары кезiндегi ғылыми қызметiне сипаттама;
11.Шоқан өмiрiнiң соңғы кезеңдерi (Чернияев армиясынан кетiп қалуы, Тезек төренiң ауылына барып, оның қарындасына үйленуi).
12.Шоқан еңбектерiн зерттеушiлер: Ә.Марғұлан, Қ.Хайдарова, Б.Сүлейменов т.б.
13.Шоқанның есiмiн мәңгi есте қалдыру жолында iске асырылған iс-шаралар:
Қазақстан ұлттық ғылым академиясының тарих және археология институтының , Көкшетаудағы университеттiң оның атымен аталуы, Алматы, Көкшетау қалаларында оған ескерткiш орнатылуы, көшелердiң аты берiлуi. Талдықорғанның Алтын-Емел станциясындағы бейiтiне ескерткiш орнатылуы, Алтын -Емелде, Көкшетауда мұражай ұйымдастырылуы, оның атындағы тарихи ғылыми еңбектерге жыл сайын мемлекеттiк сыйлық тағайындау, орысша-қазақша оның көптомдық еңбектерiн шығару т.б. iстер атқарылды.
Ы.Алтынсариннiң тәлiмдiк мұралары (1841-1889).
1. Ы.Алтынсариннің тілмаштық кезеңі.
2. Ы.Алтынсариннің орыс достары.
3. Ы.Алтынсариннің қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеуі.
1.Ыбырайдың атасы Балғожа бидiң тәрбиесiнде болуы, оны Балғожаның өз орнына әкiм етiп тәрбиелеудi көздеуi. Орынбор шекара комиссиясы жанында 1850 жылы ашылған орыс-қазақ мектебiне берiп тiлмаш, писарь етiп шығаруы.
2. Ыбырайдың ауыл-ауылды аралап елден қаржы жинап 1864 ж. Торғайда тұңғыш орыс-қазақ бастауыш мектебiн ашуы. Әсiресе соңғы 10 жылда Торғай облысында мектеп инспеторы болып, оқу-ағарту iсiмен айналысуы. (Торғайда, Ырғызда, Тобылда, Қостанайда, Красноуфимскiде орыс-қазақ мектептерi, Қостанай, Торғай, Ақтөбеде қолөнер училищесiн, қыздар пансионатын ашуы).
3. Ыбырайдың “Мұсылмандық тұтқасы” атты (1884) оқулық жазып, дiндi тәрбиенiң құралы ретiнде пайдалануы, шала молдаларға қарсы күресi.
4. Ыбырайдың проф. Н.И.Ильминскиймен достық қарым-қатынаста болуы, оны өзiнiң ағартушылық iсiн алға апаруға пайдалануы, астыртын миссионерлiк саясатқа қарсы күрес ашуы, отарлау саясатына қарсылық бiлдiруi.
5. Ыбырайдың К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой еңбектерiн басшылыққа ала отырып екi оқулық (Қырғыз хрестоматиясы – 1879, Қазақтарға орыс тiлiн үйретудiң әдiстемесi – 1879) жазуы. Ол оқулықтардың үш түрлi ерекшелiктерi: бiрiншi – халық ертегi-аңыздарын пайдалануы, екiншi – орыс, батыс жазушыларының дидактикалық сарындағы еңбектерiн аударып енгiзуi, үшiншiден – өзiнiң ақыл-нақылға құрылған қысқаша әңгiмелерiн енгiзуi;
6.Ыбырайдың Ресей географиялық қоғамының Орынбор өлкетану бөлiмшесiнiң тапсыруы бойынша “Орынбор ведмоствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу, ас беру дәстүрлерiнiң очеркi” мен “Орынбор ведмоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерiнiң очерктерi” (1870) атты еңбектерiн жазып ұсыну:
Онда қазақтың құда түсу, жетi атаға дейiн қыз алыспау рәсiмдерiнiң елдi бiрiктiрудегi прогрессивтiк мәнiн ашып көрсетуiмен бiрге әмеңгерлiк зияндылығын айыптауы;
Молдалардың неке қиюдағы жас қыздарға жасайтын қиянатын, некенiң ерiксiз қиылатыны айыпталады.
Сондай-ақ өлген адамдары жерлеу рәсiмдерiне талдау жасай келiп, молдалардың өлген адамның күнәсiн “сатып алмақ” болып, мал-мүлкiн тонау сияқты жексұрын әрекеттерiн әшкерелейдi.
Жоқтаудың тәлiмдiк мәнiн аша келiп, өлген адамның жетiсiн, қырқын, жылын, асын беру, бейiт тұрғызу салттарын жан-жақты талдап баяндайды.
Өлген адамға асты 63 жасқа (пайғамбар жасына) келген атақты бай, билерге беретiнi, аста көп мал сойып, аста төк жасайтыны, ысырапқорлыққа жол берiлетiнi айтылады. Күрес, ат бәйгесi, т.б. ұлт ойындары ұйымдастырылатыны, аттың бәйгесi мен күрестiң бәйгесiн рулы елдiң талап алып кетiп, балуан мен ат иесiне түк тимейтiнi, мұның бiр жағы мақтаншақтық-даңғойлық екенi айтылады.
7. Ыбырайдың қазақ халқының салт-дәстүрлерiн зертеудегi мақсаты дәстүрлердiң шығу тарихына ғылыми талдау жасай отырып, озығы мен тозығын ажырату, тәлiмдiк мән-мағынасын ашу, озық дәстүрдi тәрбиенiң құралы ету едi. Сонымен бiрге қазақ мәдениетiн орыс достарына бiлдiрудi мақсат еттi. Ол сол кездегi орыс чиновниктерi ойлағандай қазақтардың “ұры”, “тағы, көшпелi, жабайы халық” емес, өзiндiк мәдениетi, өнерi бар халық екенiн бiлдiрудi көздедi.
8.Қазақтың салт-дәстүрлерiн жинап зерттеумен бiрге, әр ауыл, болыс сайын мектеп ашып, мектеп жанынан монша, кiтапхана салып, қайтсем қазақ елiн мәдениеттi елдердiң қатарына жеткiземiн деп арпалысты. Ол өзiнiң орыс досы В.В.Катаринскийге жазған хатында “Қазақ халқы оқу-бiлiмге сусап отырған халық, әттең, бұл iске оқыған адамдардың (орыс чиновниктерiнiң – С.Қ.) жаны ашымайтыны есiңе түскенде, кейде күйiнесiң” кейбiр ақылдысымақтардың “қазақ тентек, қанiшер халық” деулерi мәңгi-бақи тек қағаз бетiндегi мағынасыз сөз болып қала бермек… Қазақтарды оқыту жөнiнде бастықтарымыздың бекiнiстер жанынан мектеп салудан гөрi, үйлерiнiң онсыз да қызыл төбелерiн боятқанды, онсыз да ақ қабырғаны ақтай түскендi тәуiр көредi” деп ел билеушi әкiмдерге ренiш бiлдiредi.
Ыбырайдың Орынбор генерал-губернаторы Проценко тарапынан қуғын көрiп, оның Ыбырай ашқан мектептердi жауып, өзiн инспекторлық қызметтен босатпақ болып, iсiн сотқа беруi, ақыры орыс достары Н.И.Ильминский, В.В.Катаринскийлердiң ара түсуiмен аман қалуы осы кез едi.
9. Қалың елi қазағының қамын ойлап екi бiрдей қара күшпен (бiрiншi - қазақ арасындағы қожа-молдалармен, екiншi орыс миссионерлерiмен) алысып баққан Ыбырай Алтынсарин небәрi 49 жас жасап, 1889 ж. июнь айында жүрек ауруынан қайтыс болады.
10. Ыбырайды мәңгi есте қалдыру мақсатында Қостанайдағы қазақ мектеп-интернатына, Торғайдағы пединститут пен Алматыдағы Қазақ Бiлiм академиясына оның аты берiлдi. Осы мекемелер жанынан Ыбырайға арналған мұражай ұйымдастырылды. Алматы, Торғай, Қостанай қалаларында оның атында мектептер, көшелер бар.
Ыбырай мұраларын зерттеу iсiмен Ә.Сыздықов, Т.Тәжiбаев, Қ.Б.Жарықбаев, Ә.Молдашев, К.Жұмағұлов, С.Қалиев т.б. айналысты.
Қазақ этнопедагогикасы жөнiндегi А.Құнанбаевтың (1845-1904) көзқарастары.
1. А.Құнанбаев – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы.
2. Абай қара сөздерінің тәрбиелік мәні.
3. Абайдың шығыс әдебиет үлгілеріне қатысы.
Қазақ жазба әдебиетiнiң негiзiн қалаушы, классигi Абай Құнанбаевтың ең алғаш нәр алған бастау бұлағы – қазақтың бай ауыз әдебиет үлгiлерi болса, екiншi – Физули, Фердауси, Низами, Науаи, Сағди, Қожа Қафиз сияқты шығыс әдебиетi классиктерi едi. Үшiншщi – бертiн оңы мен солын тани бастағанда, Семейге жер ауып келген демократияшыл орыс зиялылары: Михаилес, Долгополов, Гросс т.б. достық қарым-қатынаста болып, солар арқылы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Крыловтың, батыстың ұлы ақындары Гете, Байрон, Шекспир, Шиллер еңбектерiмен танысты. Олардың (Пушкин, Лермонтов, Гете, Крылов т.б.) шығармаларын қазақ тiлiне аударды, Пушкиннiң Евгени Онегин поэмасынан Татьянаның хатына арнап ән жазды.
Абайдың қазақ, шығыс әдебиет үлгiлерiн үйренуi әжесi Зере, әкесi Құнанбай, халық ақындары: Шөже, Байкөкше, Балталар және Семей медiресесiнiң имамы Ахмед-Ризаның әсерлерiнен болса, ал орыс, батыс әдебиетiне құнығуына орыстың жер ауып келген оқымыстылары – революционерлерi әсер еттi.
1.Абай шығыс әдебиетiнiң асыл үлгiлерiн өз шығармаларының арқауы еттi. Мысалы, Абай шығыстың “Масғұт” атты ертегiлерiнiң мазмұнында поэма жазды. Онда иесiз тамда қарақшылар өлтiргелi жатқан малды ажалдан арашалап қалған жiгiт – Масғұттың (Мұхаммед пайғамбардың) ерлiгi, оған дән риза болған шалдың:
–Ағын жесең, ақылың жаннан асар,
Сары жесең, дәулетiң судай тасар
Егер де қызыл гүлдi алсаң таңдап,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар – деп үш түрлi жемiсi бар гүлдi ұсынуы, жiгiттiң ақылды да, байлықты да алмай, әйелдi таңдауы, кейiн топан суы қаптап, ел жындана бастағанда, оның да жынды суды iшiп жындануын суреттеу арқылы Абай дүниедегi байлық та, хандық та ақылға табынады. “Ақыл азбайды, бiлiм тозбайды. Тiршiлiктiң тұтқасы ақыл-бiлiмде деген қорытынды жасайды.
Екiншi Абай “Ескендiр” поэмасында атақты Александр Македонскийдiң дүниежүзiн жаулап алып бетi қайтпай келе жатқанда екi шатқалдың арсына салынған темiр қақпаға кез болуы, Ескендiр қанша жұлқынса да қақпаны бұза алмағаны, ақыры күзетшiден сыйлық – белгi сұрағаны, күзетшiнiң адамның көз сүйегiн шүберекке орап, Ескендiрге сыйға бергенiн, Македонский оны өзiнiң ұстазы – Аристотельге алып келiп көрсетуi, Аристотелдiң бұл жұмбақтың шешуiн тауып, адам көзi бүкiл әлемдi жауласа да, дүние-мүлiкке тоймайтынын, өлгенде бiр уыс топыраққа тоятынын мысал ете келiп, мұнда да хандықты да, батырлықты да, бiлiм-ғылым, ақыл жеңедi деген ой топшыланып отыр. Оны бүкiл әлемдi жаулаған Александр Македонскийдi Аристотельге бас игiзу арқылы дәлелдеп отыр.
2.Абайдың қай шығармасын алсақ та ел тағдыры, шаруашылық кәсiбi, тұрмыс-тiршiлiгi табиғатпен тығыз байланыста алынып суреттеледi.
Мысалы: “Ескi киiм” атты өлеңiнде қазақ жiгiтiнiң киген киiмi, ер тұрманы, сауыт-сайманы, олардың жасалу ерекшелiктерiн түп-түгел үш ауыз өлеңге сыйғызып берiп отыр. Сол арқылы қазақ аулының өмiрiн сипаттау көзделген.
Ал “Жазғытұры”, “Жаз”, “Күз”, “Қыс” атты жылдың төрт мезгiлiн сипаттайтын өлеңдерi де қазақ аулының өмiрi, шаруашылық кәсiбi, адамдардың кәсiбi баяндалған.
Абай жылдың төрт мезгiлiн арнайы тақырып етiп алып, оны ел өмiрiмен байланыстыруды орыс классиктерiнен үйрендi. Мысалы: Некраов орыс қысын “Мороз Красный нос” деп орыс ақсақалының бейнесiнде берсе, Абай “Кәрi құдаң қыс келiп әлек салды” деп құдасының ауылында ұзақ жатып алған құда-шалға теңейдi. Ал “Жазғытұры”өлеңiнде:
Жаздың көркi енедi жыл құсымен
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен
Көрден жаңа тұрғандай кемпiр мен шал,
Жалбаңдасар өзiнiң тұрғысымен – деп кәрi-жастың көңiл-күйiн жаздың бейнесiмен байланыстыра суретейдi.
Ал бұған қарама-қарсы “Қараша, желтоқсанмен сол бiр-екi ай” деген өлеңiнде күздiң ызғырық соққан қара суығын, аш-жалаңаш бүрсең қаққан кедей үйiнiң аянышты хәлi мен тамағы тоқ, үйi жылы ықтырма мен күзеуде ет жеп, сорпа iшiп, қызара бөртiп отырған бай үйiнiң кереғар өмiрiн суреттеу арқылы, ақын “Жалшы үйiне жаны ашып, ас бермес” сараң байларды санайды.
Ал Абайдың “Қан сонарда бүркiтшi шығады аңға” деген өлеңiнде аңшылық, саяткерлiк өнердiң қыры мен сырын поэзия тiлiмен сипаттай келiп, аңшының жанына ерген адамға (жас үлкенге) аңды тарту ету (байлау) дәстүрiн де сөз етедi.
3.Абайдың бiр топ өлеңдерi қыз бен жiгiттерге арналған. Өзiнiң “қақтаған ақ күмiстей кең маңдайлы” қазақтың сұлу қызының сыртқы бейнесiн тамаша, асыл теңеулермен бейнелеп бере келiп:
Сөйлесе сөзi әдептi,
Һәм мағыналы
Күлкiсi бейне бұлбұл құс сайрайды – деп сыртқы сұлулығына iшкi әдебi сай аруды перiштедей бейнелеп бередi. Ал бұған қарама-қарсы ашық боламын деп тантық болған “орынсыз жыртақтаған” күлкiшiл, оспадар, дөрекi, даңғаза, парықсыз, әдеп атаулыдан жұрдай қыздарды жерiне жеткiзе сынайды.
Жар таңдаушы жiгiттерге осындай оспадар қыздардан аулақ болуға шақырады.
Абай жiгiттерге де сын айтып, олар қандай болу керек деген эталлон-өлшемдi айқындайды. “Арыңды жасыңнан сақта”, “Ар ақылдың сауыты” дегендi айта келiп:
Керек iс бозбалаға талаптылық
Әр түрлi өнер, мiнез, жақсы қылық.
Кейбiр жiгiт жүредi мақтан көйлеп,
Сыртқа пысық келедi, көзге сынық, – деп, жiгiтке қойылар талаптар: талаптылық, арлылық, өнерлiк, мiнездiлiк – адамгершiлiк қасиеттiң биiк өлшемi дегендi айтады.
Бiр жерде бiрге жүрсең басың қосып
Бiрiңнiң бiрiң сөйле сөзiң тосып – деп сыйласымды достыққа шақырады.
Абай өзiнiң “Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ” атты өлеңiнде ойын-сырын, мiнез-құлық түзелмей, сыртын түзейтiн сымбас борбай, сидаң жiгiттердi:
Олардың ойында жоқ малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ
Жалғыз атын терлетiп ел қыдырып,
Сәлемдеспей алыстан ыржаң қақпақ – деп, жерiне жеткiзе мiнеп-сынайды.
Әкенiң тiлiн алмай, шаруаға мойын ұсынбай, ел қыдырып, ас iшiп, үнемi ойын-сауықпен өмiр өткiзушi жастарға “қалжыңбассып өткiзген қайран өмiр, түбiнде тартқызбай ма ол бiр зарлық” деп кейiн опық жейсiң, ойлан деп ой салады. Ондай жастарға Абайдың қояр талабы:
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бiр кiрпiш дүниеге
Кетiгiн тап та бар қалан – деп өсиет айту болды.
Абай жастарға оқу оқып бiлiм ал, өнер үйрен, егiннiң ебiн, сауданың тегiн бiл… Мал жұтайды, өнер жұтамайды дегендi айтты.
Адам болам деген жiгiттiң бойында қандай қасиеттер болуы керек дегенге үлкен мән бердi.
Адам болам десеңiз.
Тiлеуiң, өмiрiң алдыңда.
Оған қайғы жесеңiз
Бес нәрсеге асық бол,
Бес нәреден қашық бол…
Талап, еңбек, терең ой
Қанағат, рақым ойлап қой…
Бес асыл iс көнсеңiз.
Өсек, өтiрiк, мақтаншақ,
Ерiншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның бiлсеңiз – деп жастарға жақсы, жаман қасиеттердi санамалап көрсетiп бередi.
Абайдың 41 қара сөздерiнде де адам бойында болуға тиiстi адами асыл қасиеттер мен оқу, бiлiм, өнердiң пайдасы, адамды адамшылықтан аздыратын ерiншектiк, мақтаншақтық, күншiлдiк, көрсе қызарлық, өсекшiлдiк т.б. жаман әдет, жат мiнездер жан-жақты ғылыми тұрғыда сөз еттi.
Абай өзiнiң ақындық өнерiн де, ғақылиялық ғалымдық ой-пiкiрiн де қазақ халқының ғалымдық ой-пiкiрiн де қазақ халқының келешегiне, iргелi, мәдениеттi, көсегелi, берекелi, бiрлiкшiл ел болуына арнады.
Негізгі әдебиеттер:
1.Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б. “Этнопедагогика” - Астана. 2005 ж.
2.Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: “Ғылым” 1973 ж. Әлеуметтiк-этикалық трактаттар. А; “Ғылым” 1975 ж.
3. Қазақтың тәлiмдiк ой-пiкiр Антологиясы, 2 томдық. – Алматы: “Рауан” 1т. 1994., 2 т. 1998 ж.
4.Қазақтың мақалдары мен мәтелдерi. – Алматы: ҚазГосполитиздат. 1957.
5.Қожахметова К.Ж. Халық педагогикасын зерттеудiң кейбiр ғылыми және теориялық мәселелерi. - Алматы; 1993 ж.
Ұлт ұстаздары Ы. Алтынсарин мен А. Байтұрсынұлы
мектеп оқушыларына кезінде Ленинді дәріптегеннен артық ұлықталуы тиіс
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақтың тұңғыш халық ағартушысы, ұлт ұстаздарының атасы атанған Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңін жұртшылық арасында білмейтіндер кемде кем. Дегенмен де, осы балаларға арналған өлеңнің «Бір Аллаға сыйынып» деп басталатыны, бұл жолдардың кеңес тұсында алынып тасталғаны кейінгі күндері ғана белгілі болды.
Шындығында қазақ баласын оқуға, білім мен ғылым жарығына шақырған бұл өлең Ресей патшалығының орыс миссионерлерін жіберу арқылы қазақ даласын жаулай бастаған жылдары жазылғандығы анық. Сондағы алғаш рет ұлы даладан мектептер ашу ісінің мәнісі де түсінікті – қазақты ұлт ретінде жою. Яғни, Патшалы Ресей қазақты орыстандырып, православие дініне мойынсындырсам деген ниетінен барып қана қазақ сахарасында алғашқы миссионерлік мектептер ашылды. Бұл жөнінде ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Закон жобасының баяндамасы» атты «Қазақ» газетінде шыққан топтама мақаласында арнайы тоқталып өтеді. Онда автор былай деп жазады: «Дін жұмысы туралы 1822 жылғы Сібір уставында айтқан: бұ күнгі қазақтардың дінінде мұсылмандықтан мәджусилік (отқа табынушылық) мол, сондықтан да бұларды христиан дініне кіргізуге үміт бар. Облостной кәкімдер қазақ ішіне миссионер жіберуін сұрау керек. Миссионерлер қазақты зорламақ, өз еріктерімен христиан дініне үгіттеу керек... (Басқарма)». Осы тарихи деректің өзі мәдени-рухани тәсілмен жүргізілген отарлау саясатын ашық көрсетеді. Бірақ, діни миссионерлердің бұншалықты ұлтты жоюға бағытталған сорақы қам қаракетінен ештеңе шыға қоймады. Сол кездердің өзінде миссионерлер мектебінің табалдырығын аттағандар, яғни жат пиғылдылардың тәрбиесін көргендердің өзі түптеп келгенде ғылым мен білімге ізденістерін өздігінен дамытып, өз ұстаздарының мақсатын жүзеге асыруға емес, ұлтының білімді болуына қызмет ету жолын таңдағаны, сол бағытта табандылық танытқаны анық. Сондай ұлы тұлғаның бірегейі һәм қазақтың ұлттық ағарту ісінің атасы – Ыбырай Алтынсарин.
1926 жылы қазанның 29-ында Қазақстанның Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов Тәшкентте педагогикалық жоғары оқу орнының ашылу салтанатындағы «Жоғары оқу орнының Қазақстан үшін маңызы» атты баяндамасында қазақ елін сауаттандыру ісіндегі Ы. Алтынсариннің еңбегін жоғары бағалайды. «Өткен ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Ыбырай Алтынсарин деген қазағымыз болған. Ы. Алтынсарин – орыс мәдениетімен көрші қонған алғашқы қазақтың бірі. Біреуден қаймыққандығынан емес, өзінің ар иманымен православие миссионерлеріне көмектескен адам, орыс қазақ мектептерін алғаш ұйымдастырған да, қазақ жазуын орыс әліппесіне көшіруді көздеген де осы кісі. Ол әйгілі орыс оқымысты миссионері Ильминскийдің досы болатын, соған қалтқысыз көмектесті. Міне, дәл осы Алтынсарин өзі өлер алдында қазасын аза тұтуға бірде бір орыс адамының араласпауын сұрап, тіптен олардың «маған етене жақын жүргені болса да араластырмаңдар» деп тапсырған. «Жаназама тоқсан тоғыз молда шақырыңдар», деп өсиет қалдырған. Бұл, әрине, көзі ашық деген зиялы қазақтың басындағы трагедия еді. Орыстармен ұзақ жыл үзеңгілес өмір кешкен пенденің көңіліне түйгені, орыс миссионерлерінің қазақ жұрты үшін еш жақсылық ойламайтынына көзі әбден жеткен пенденің көкірегіндегі қасіреті болатын. Бәлки, бұл оның тіршілікте өз қолымен жасаған күнәсін қазақ деп қарс айрылған жүрегінің жантәсілімдегі айыптаулары болар. Қалай болғанда да, ол бәлен жыл бірге істеп, біте қайнасқан орыс ымыраластарынан безген», дейді С. Сәдуақасов. Тоқтала кететін жайт, Ыбырай Алтынсарин миссионерлік пиғылға қанша араласқанымен де, яки қазақ жастарына ана тілімен қатар орыс тілін де үйретуге күш салғанымен де оның ұстаздық мақсаты айқын болды. Бұл мақсат қазақ баласына ғылым, білімнің әр саласын терең меңгерту, қазақтың жастарын оқыту арқылы өркениетке қадам бастыру болып табылады.
Ыбырай Алтынсарин өзі ашқан мектептерде ана тілінің таза оқытылуына көңіл бөліп, алғашқы тілашар ретінде халықтың ауыз әдебиетін пайдаланып, өзі де ұрпақ тәрбиесіне арналған әдеби шығармалар жазды. Сол әдеби шығармалары арқылы қазақтың жазба әдебиетінің, әдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі болды. Әдебиетке тың тақырыптар әкеліп, озық ойлар енгізді.
Оның мазмұнды да мағыналы әсем лирикалық өлеңдері, әсерлі әңгімелері, мысалдары қазақ әдебиетінің тарихында өшпес орын алады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы Ы. Алтынсариннің тіл тазалығы үшін күрескерлігі, педагогикалық ілімнің тұңғыш кемеңгері екендігі мойындалады.
Ал қазақ даласындағы оқу ағарту мәселесін іс жүзінде тұңғыш рет қолға алған Ы. Алтынсарин болса, оның салған ағартушылық жолын ілгері жалғастырып, дамытушы ірі ғалым, көсемсөз шебері, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни, қазақтың «екінші Алтынсарины» аталған А. Байтұрсынұлы саналы ғұмырын білімге арнап, кейінгі ұрпақ үшін ағартушылық жолды барынша жеңілдеткен ғұлама. Ол қазақ даласындағы білім берудің, мектептердің жайын, бала оқытудың жолдары мен тәсілдерін тек баспасөз жүзінде ғана көтеріп қоймай, өзінің бар ықыласын оқу мен білім әдістеріне аударып, осы жолда мол қазына қалдырған, өлмес мұра жасап кеткен данышпан ғалым.
«Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ - қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың» -
немесе,
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын
Ел бүгіншіл, менікі- ертеңгі үшін»,
- деп, айтатын Ахмет Байтұрсынұлы - ұлттық деңгейде дәріптелуі тиіс ұлы ұстаз. Ол қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы, соныдан із салған жаңашыл ағартушы ғалым. А. Байтұрсынұлының жазған мектеп оқулықтары 1914 жылдан бастап 1928 жылдарға дейін пайдаланылып келді. Одан кейінгі күндері де, бүгінгі күні де ғалымның еңбегі еш ескірген емес. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсынұлының «Әліпбиімен» ашып, ана тілін Байтұрсынұлының «Тіл құралы», «Оқу құралы» арқылы оқып үйренді.
Ы. Алтынсарин балаларды оқуға үндегенде «Бір Аллаға сыйынып, Кел балалар оқылық!», деп бастаса А. Байтұрсынұлының «Оқу құралы. Қазақша алифба» (Орынбор 1912 жылы басылып шыққан) оқулығы «Би исми иллаһи рахмани рахим!», деп Құран сөзімен ашылады. Одан соң барып:
«Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!
Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер іздеп, тауып алалық та!», деген насихаттық жыры жазылады. Тағы бір өлеңінде:
«Балалар, оқуға бар, жатпа қарап,
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ.
Шақырды тауық мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн сығалап»,
- деген өлең шумақтарымен балаларды мектепке, оқуға шақырады.
Деректерге сүйенсек, ұлт ұстазының «Тіл құралы» жиырма бес рет, «Әліпбиі» жеті рет басылып шыққан екен. Сондай ақ, қазақ мұғалімдері үші жазылған «Баяншы» оқулығы сегіз мың тиражбен, «Оқу құралы» елу мың данамен, «Тіл құрал» бірінші жылдық – отыз бес мың, «Тіл құрал» екінші жылдық - жиырма бес мың, «Қырық мысал» бес мың, «Маса» кітабы бес мың данамен таралған екен. Бұдан басқа ғалымның «Нұсқаушы», «Әліппе астары», «Сауат ашқыш», «Әдебиет танытқыш» секілді бірқатар оқулықтары да бары белгілі.
Арнайы оқулықтар тапшы болып тұрған тар заманда жұртшылықтың біліммен сусындауына төте жол салып берген А. Байтұрсынұлының еңбегі орасан зор, білімге талпынған қазақтың да сол еңбектерден алған пайдасы мол болды. Әрі бұл оқулықтардың қай қайсысы да сол кезеңдерде тек қазақ арасында ғана емес, көршілес елдерде де теңдессіз деп танылған. Орыс ғалымдарының өзі А. Байтұрсынұлының тарихта алатын құрметті орнын ғылыми дәлелдермен жазып қалдырған. Мәселен, 1929 жылы орыстың ғалым қайраткерлерінің басшылығымен басылып шыққан «Литературная энциклопедия» баспасында А. Байтұрсынұлы туралы: «Байтұрсынов является и первым выдаюшимся казахским ученым-лингвистом. Он – реформатор орфографии казахского языка, основоположник его грамматики и основатель теорий казахский литературы», деп жазады.
А. Байтұрсынұлының қазақ тілінің терминін қалыптастырудағы еңбегі де ұлттық білімдегі көп істі біршама жеңілдетіп, осы бағыттағы алға жылжуды барынша ілгерілетті. Мәселен, термин қалыптастыруда қазақ тілінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған ғалым бүгінгі қолданып жүрген басты басты ғылыми терминдерді қалыпқа түсіріп берді. Қарапайым мысал ретінде айтсақ – зат есім, сын есім, сан есім, етістік, одағай, үстеу, шылау, леп белгісі, сұрау белгісі секілді тіл ғылымының терминдерінің баршасы А. Байтұрсынұлының жасаған еңбегі. Әйтпесе, оған дейін Ы. Алтынсарин оқулықтарындағы терминдер «нәрселердің аттары» (имя существительное), «зат мақұлықтың аттары» (имя прилагательное), «есеп аттары» (имя числительное) деген секілді түсіндірілген екен.
А. Байтұрсынұлының бала оқыту мәселесіндегі әдістері де, білім беру ісіндегі ол көтерген проблемалар да бүгінгі күні өзектілігін жойған жоқ. Қайта, соңғы кездері ұлт ұстазының қолданған әдістемелерін жаңғырта түсу қажеттілігі қатты сезіледі. Бұл тұрғыда қазақ балаларына өзінің ана тілінде біліммен сусындату мәселесінің де маңызы зор болмақ. А. Байтұрсынұлы сол кезеңдердің өзінде материалдық базасы мықты болып тұрған орыс мектептерінің қазақ балалары үшін келтірер пайдасы шамалы екендігін ашық айтады. «Олардың пайдасын кемітіп отырған бір ақ нәрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отыр. Сол школалар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Соның үшін біреулері әуелі балалар ана тілімен оқымай, орыс тілінде оқысын дейді, ана тілінде оқығандар да орыс әрпімен оқысын дейді», дей келе, бұндай ұстанымға қарсы шығады. «Бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш болуы тиіс», дейді А. Байтұрсынұлы. Шындығында, ғалым осы жолда барынша күш жұмсады.
«Ана тілі» терминінің де осындай пәннің де авторы болған А. Байтұрсынұлы, ұрпақтың өз ана тілінде білім алуының маңызын, пайдасын түсіне отырып күрес жүргізеді. Ал шындап келгенде бүгінгі қазақтың басындағы хал де сол кезеңдегіден артық та алшақ та емес. Өйткені, бүгінгі қоғамда орыс тіліндегі білім сапалы болады деген желеумен баласын ана тілінде оқытудан бас тартып жатқандар да баршылық қой. Яғни, баланы жастайынан өзге тілмен жетілдіру әлі де сақталып отыр.
Ал оқулық сапасына келер болсақ, бұл өз алдына жеке әңгіме. Дегенмен де, бұл бағытта да Ахаң салған сара жолдан ауытқушылық бар секілді көрінеді, ал бұны қайта жаңғыртудан тек ұтарымыз хақ. Бір ғана мысал келтірейік. А. Байтұрсынұлы бала оқытушыларға арнап жазған оқулықтарында жасөспірімді қызықтырып, ынталандырып, баурап әкететін тұстарына көбірек көңіл бөлген. Ғалымның пайдалануға үгіттеген дағдыландыру, сынау, жетілдіру әдістерінің маңызы да үлкен. Оның оқулықтарындағы қысқа да нұсқа әңгімелерін, мысалдарын оқуға оқушылардың өзі құлшына, қызыға, құныға да кірісетіні кәміл. Ахаңның әңгіме соңынан тобықтай түйінмен қорытындылау әдісі бала тәрбиесіне, мәдениетіне де ерекше әсер етеді, қанымызда бар шешендік өнерді жаңғыртады. Осы тұрғыда ғалымның оқуға жеңіл тілмен баланы тарту әдістері әлі де өзекті болып табылады. Мақал мәтелдер, аталы сөздерге кеңінен иек артқан бұндай әдістердің бүгінгі күні жетіспей тұрғаны рас. Мысалға алатын болсақ, ауылдағы ата мен әжесінің әңгімесін тыңдап өскен баланың тілі қандай көркем болса, қалалық ортада өскен баланың қазақша әңгіме айтуы сондай шолақ көрінеді. Сол екі басқа ортада өскен, бірақ екеуі де қазақша оқыған баланы қатар отырғызып, тексерсеңіз бұған анық көз жетеді. Бұл да оқытушы тарапынан, оқулықтағы қазақы мысалдардың, аталы, шешендік сөздер үлгілерінің жетіспеушілігінен, жастайынан сіңбегендігінен болатын үрдіс.
Өткендегі жиында бір жазушы ағамыздың «Қазіргі қалада тіпті қазақша оқыған балаға «беті табақтай» деп сөз айтсаң түк түсінбейді. Оған түсінікті болуы үшін «беті компьютердің мониторындай» деп сөйлеу керек екен» деп кейігені де осындай кемшіліктерден туындайтын дүние деп білеміз. Тағы бір мысал. Бір танысымның кішкене немере інісі балабақшада және өз әке-шешесімен тілдескенде тек орысша сөйлесіп, ата әжесімен үнемі қазақша сөйлеседі екен. Қазақша мен орысша әбден араласып, миы ашыған болуы керек, бірде ол атасынан «Мен осы дәл қазір қазақша сөйлеп отырмын ба, жоқ орысша ма?», деп күңіреніп тұрып сұрайтын көрінеді. Мұның өзін баланың жастайынан жетілуінің орнына қиыншылыққа ұрынуы деп есептеуге болады. Сондықтан да, А. Байтұрсынұлы ілімдерін, соның ішінде бала оқыту әдістерін бүгінгі ұрпаққа сіңірудің мәнісі зор болатын еді.
Бір сөзбен айтқанда, Ы. Алтынсариннің де А. Байтұрсынұлының да қазақ халқы үшін, әлеуметтің оқу ағарту ісін алға бастыру үшін жасаған еңбегі орасан зор. Сондықтан да осыншама сарқылмас мұраны мирас етіп қалдырған данышпандардың еңбегімен баланы алғаш мектеп табалдырығын аттаған тұстан бастап таныстырудың мәнісі де үлкен. Кезінде «Оқы, оқы және оқы» деген Құран сөзін иемденген Ленинсіз мектеп есіктері ашылмайтындай еді. Ал қазақ балалары үшін осы екі ғалымның жасаған сыйын неге сондайлық деңгейде дәріптемеске?!
Мұхтар Әуезов А. Байтұрсынұлы туралы: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі»», деп дұрыс баға берген. Сондықтан да ұлттың рухани көсемдері шын мәніндегі көсемдер деңгейінде ұлықталуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |