Байқадамның Бақытжаны, қазақтың біртуары! Bakhytzhan Baikadamov кazakh composer!



Дата18.06.2017
өлшемі96,53 Kb.
Байқадамның Бақытжаны, қазақтың біртуары!

Bakhytzhan Baikadamov кazakh composer!
Әрбір композитор өз шығармаларымен туған елінің болмысын білдіріп, ойын тербеп, жүрегін кернеп қоймай, творчестволық шек пен шеңбердің шекарасын жымдастырып, өнер көгіне көтеріле алғанда ғана халықтық мән-мағынаға иемденетінін түсінсе керек. Халықтық өлшем бар жерде тіл ұғым алалығы көрінбейді. Өйткені, халықтық болмыстың тірегі – ұлы шындық. Шындық шыңырауынан суарылған Бақытжан әндері қашан да сөлді, тартымды, толық қанды, әрлі еді. Оның сұлу сазды әндері біз үшін ерекше ыстық. Себебі, сонау 1917 жылдың көктемінде біздің Торғай жерінде Бақытжандай талант иесі шыр етіп дүниеге келген еді.

Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасының үш дүркін иегері, 1950 жылы Жамбыл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Мәдениет министрлігінің өнер үздігі», «Еңбек үздігі» медалін еншілеуші, Дүниежүзілік VI фестивалінің Бірінші дәрежелі дипломының иегері, лауреаты, «Алтын медаль» иегері, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері - Бақытжан Байқадамовтың қазақ өнеріне сіңірген еңбегі осындай атақтарымен еленіп отырды [1, 133 б.].

Бала Бақытжан өз еркімен әуестеніп, домбыра, барабан, балалайка, гитара, мандолина аспаптарында ойнады. Осы ізді жалғастырмақ ниетпен «үрмелі аспапта» оқимын деген шешім қабылдайды. Дегенмен, отбасында әкесінен кейін сенер азамат өзі болғасын, ана мен әпкенің қарсылығына бойұсынып, сөзіне құлақ асты. Математика мамандығына оқуға түсті.

Дәулеткерейдің ұрпағы Наушадан, Құрманғазының ұрпағы Уахаптан қазақтың күй өнерін бойына дарытқан кішкентай Бақытжан ол кездері 16-17 жасар оқушы болса да, ҚазПИ-дің көркемөнерпаздар үйірмесінде балаларға сабақ беріп жүрген ұстаз болатын-ды. 18 жасқа толғанда Есіктегі тәрбиешілер курсына директор болып тағайындалды.

Композиторлық кезең Бақытжанның институт қабырғасында математик мамандығын меңгеріп жүрген шағында басталды. Совет дәуіріндегі баланың бақытты шағын, шаттық күлкісін, қуанышын шынайылықпен жырлаған алғашқы туындысы Нығмет Баймұқамбетовтің сөзіне жазылған - «Айгөлек» әні болатын. Іле жазылған «Пионерлер маршы» «Айгөлектен» кем түскен жоқ. Осы әндердің барлығын анасы жатқа айтып, әрқашан бөбегіне қолдау көрсетіп отыратын еді.

1937 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтының математика факультетін бітірген Бақытжанды қалалық оқу бөлімі № 12, 18, 36, 38 мектептерге мұғалім етіп жіберді. Жиырмадан жаңа асқан, өрімдей жас педагогтің тәжірибесі кемшін болса да, көп жылдық тағылымы бар ұстаздар мойындайтын артықшылығы оның ұйымдастырушылық қабілеті еді. Көркемөнер саласынан берген тәрбиесі ерекшелендіріп, әріптестерін сүйсіндірсе, шәкірттері де бойұсынып, айтқанына тік тұрды, сабаққа үлгерімдері артып, тәртіп жағынан қала мектептерінің алды болып, жас маманның аруағын аспанға көтерді. Тентек -ау деген балаларды қалалық оқу бөлімі Бақытжанның сыныбына жіберіп жүрді де, кейіннен артта қалған мектептерді қатарға қос деп, № 36, 39, 51 мектептерге қызметін ауыстырды. Бақытжан барған жерінде балалар тобынан хор үйірмесін, би ансамблін ұйымдастырып, кеше ғана өзі атын шығарған мектебімен сайысқа түсіп жиі-жиі жүлде иемденіп жүрді. Хор, ансамбль үйірмелері Бақытжанның «шеберханасы» іспетті еді. Сол шеберханадан Бақытжан қандай олжа тапса, одан тәрбиеленген шәкірттері де өз талаптарының бетін ашуға қолдау тапты. Бұл шеберханадан ауызданған жеке дауыста суырылып ән салған, домбыра, қобыз, скрипка ойнаған оқушы пионерлер арасынан өнер жолына ден қоюшылар да аз кездескен жоқ. Белгілі өнер шеберлері Айсұлу Байқадамова, Фатима Балғаева, Нариман Қаражігітов, Майра Әбусейітовалар Бақытжан басқарған пионер ансамблінің бір кездегі белсенді мүшелері [2, 50 б.].

1939 жылы Қазақстан Композиторлар одағы ұйымдастырған мелодистер курсында жиырма шақты жас талапкер Е.Брусиловскийден сабақ оқыды. Бұған дейінгі көркемөнер үйірмелеріне жетекшілік етіп, жүлде алып жүргені, «Айгөлек» тәрізді ән жаза бастағаны композиторлығы емес, мелодистігі деп танылған. Бұл курс композиторлық талантын үшкірлеп, алғыр жастың көкірегіндегі күмбірлеген күйінің сыртқа теуіп, нотаға еркін түсіруіне қол жеткізді. Брусиловский шәкірті жайында: «Музыкалық тақырыбы тартымды, жарқын әуенді, музыка тілінің бояуы қалың болуы композитордың жеке басының ерекшелігі. Менен тек қана техникалық жағын үйреніп жүр ғой» - дейтін. Брусиловский жас жігіттің талантын жоғары бағалады, фашистер Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасағанда, Бақытжанды жібермей алып қалуының бір себебі осында болу керек.

Ұстазының қандай міндет артқанын Бақытжан да түсінді. Қолына қару емес, үшкір қалам ұстап, композиторлық қолтаңбасын шыңдай түсті. Жауға деген ыза-кегін туындыларының өзегіне айналдырып, «Партия туы астында», «Біз батырдың ұрпағымыз», «Біз соғысқа жол бермейміз», «Ант», «Біз жеңеміз», «Күзетте» тәрізді бірсыдырғы өжет талпынысты, Отан қорғау ерлігіне шақырған үні де ұранды, жігерлі әндерді дүниеге келтірді.

Бақытжан шығармаларының дені, тұтасымен дерлік өз қауымы, қазақ бауырының жұмырына жұқ, жүрегіне бал дейтін болсақ, бұдан нәр алған өнер иелері де аз емес.

Бақытжан әндерінің негізінде құрастырылып, музыка шеберлерінің жазған попурилерін өзіндік етіп сіңіріп алғандарының өзі бір төбе. Әндерінің халықтық колоритін көрсететін, сипаттайтын дәлелдің бірі осы.

Хамиди, Кәрімбаев, Төлебаев шығармаларына жазған рапсодиясы, «Алтын дән» атты Шамоның вокалдық сюитасын өңдеуі де үлкен әңгіме өзегі. Симфониялық оркестрге, скрипкаға, баянға арнап жазған шығармаларынан ұлттық әсем өрнекті табады. Бұлардың басым көпшілігі халықтық сипат иемденіп үлгерді. Өзі шығарған әнін кез-келген композитор айтпайды, ал өзі орындай алса, әрине, нұр үстіне нұр. Бақытжанның да әнін өзі айтуға қабілеті бар еді. Ең алғашында, 1938 жылы даусын қалыпқа келтіріп, радиодан ән салғаны кейін орындаушылардың сапалық қасиетін айыруға, дұрыс бағалауға басшылық етуіне, ұстаздық жасауына көп септігін тигізді. Өз әндерін хорға түсіруде, көп дауысқа бөлуде жеңілдік келтірді.

Қандай еңбек болмасын, көпшіліктің құрметіне бөлеп, бедел әперсе ғана қызғылықты да жемісті. Бақытжан шаршап-шалдықпай, халқым қашан таниды деп мойымай, өз еңбегінің жемісін тез татқан, туған ел-жұртына жан-жақты танылған суреткер.

СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалы мен республика Министрлер Советінің мегзеуі бойынша құрылған бригада құрамында 1943 жылы тарихшы А.Нұрқанов, драматург Ш.Құсайынов, композитор Б.Байқадамов Аманкелді батыр жайлы деректер мен ақындар жырын, сарбаздар айтқан әндерді жинауға аттанды. Сол жолғы құжатқа «композитор» деген сөз ресми түрде бірінші рет жазылды.

Бұл сапардан Бақытжан жемісті оралған соң, Қазақ радиосының хорын басқарды. Жас кезіндегі әдетін тастамай Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің өнерпаздар үйірмесін басқарды.

Ой өрісін толықтырып, музыка саласынан білімін кеңейтуге талпынған Бақытжан кімдерден ғана оқымады?! Совет Одағына өткен композитор Хуан Чуннан (шын есімі – Син Си Хаймен), профессор Людмила Мефодиевнадан, белгілі украин композиторы, Киев консерваториясының доценті Михаил Адамович Скорульскийден нота, сольфеджио, гармония, полифониядан білімін жетілдірді. Гармонияның курсын Н.Римский-Корсаковтың оқулықтары бойынша өтті [1, 60 б.].

Михаил Адамовичтің арқасында Бақытжан отыз екі жасында Алматы консерваториясына оқуға түсті. 1954 жылы композиторлар факультетін Е.Г.Брусиловский класын бітіріп шықты.

Скрипкашы И.Коганнның орындауына арнап «Жастық» поэмасын, «Жас түлек» күйін Құрманғазы оркестріне, «Оянған өлке» атты шығармасымен қоса «Майра» музыкалық комедиясын да жазды. Осындай шығармаларды шабыттана жазуына, әрине, консерваториядан алған білімі, әсіресе Е.Г.Брусиловский ұстазының әсері тиді. Ұстазына байланысты «Менің екінші әкем» дегенді Бақытжан жиі айтады екен.

Композитор творчествосына өмір лебі қай кезде де қайнар бұлақтай дем беретіні сөзсіз. Тіршіліктің толып жатқан қыр-сыры, ірілі-ұсақты қуаныш, реніш, сағыныш, мұң, өкініш – бәрі оған әсер етеді. Соның бәрі жүрек елегінен өтіп, өзіндік ырғақ тауып жатады. Осыған қосымша үй жағдайында түрлі сүйемел болса, нұр үстіне нұр екен. Не істеп, не қойып жүргенін кейде тіпті ең жақыны – жары түсінбеген өнер адамының күні қараң – ақ шығар...

Бірақ, Бақытжанның жаны бұл мәселеге келгенде тарыққан жоқ. Анасы, бауырлары, жары әрқашан жанында болды. Сол сәттерде пайда болған әндерінің бірі, соғыстан қайта оралмаған әкесіне арналған – «Менің папам» әні болатын. Бұл әнді анасы Үрзипа өз еріне бағыштап айтатын. Шешесінің музыкаға сезімталдығын, құлақ құрышының қағымталдығын мадақтап: «Мамамның слухы ешкімде жоқ, төргі бөлмеде отырып, тыңқылдатқан әнімді былай қойғанда, біреумен сыбырласқанымды естиді», - дейтін көршісі Мыңжасар Маңғытаевқа.

Бақытжанның анасына деген осындай ниетінен туған әннің бірі – «Бөбегім». «Ертелетіп бірде келе қалсам, самаурын қойып жүріп: «Еске сақта анаңның сүйіп айтқан, ей, өлеңін» деп сарнатқанын естігенде, жүрегім дір ете түсті. Сөйтсем, Бақытжанның түнде ғана аяқтап үлгерген жаңа туындысы болып шықты»- деп еске алады композитордың туған апасы Данабике Қаралдина.

Бақытжан жазған әндерінің өзі жүз деседі. Бұдан басқа хорға, биге арналған соната, кантата, поэмаларын қосқанда, олардың өзі қаншама! Қазақтың халық әндерін тегіске жуық білсе керек. Өз сөзімен айтқанда, «Екі жүз әннен кем білген композитор – шәркесіз жалаң аяқ композитор» дейтін.

1939 жылы Жамбылдың «Қымыз», «Бесік жыры», өлеңдеріне қолма-қол әуен тауып, домбыраға күмбірлете қосты. Осы тұста, «Әніне өлең жазамыз» деушілер молайды, солардың ішінде Жұмағали Саин «Шаттық жырына», Қапан Сатыбалдин «Біз батырдың ұрпағымыз», «Бейбітшілік жырына», «Шәй-шәй қойымға», «Тимуровшылар» әндеріне өлең жазып еді. Ұлы Отан соғысы басталған шақта Мұқышев «Найзағай», Қасым Аманжолов «Біз жеңеміз», Асқар Тоқмағамбетов «Ант», «Туысқандар», «Жеңіс туы астында», «Қоштасу» , «Халық қызы» әндерінің сөзін жазды.

Жұмағали, Қасыммен қатар майданға Бақытжанның талай достары аттанды. «Ант», «Қоштасу», «Найзағай», «Біз Отанның ұрпағымыз» дейтін шығармалары осы кезеңде туды. Араласып жүрген ардақты жандармен қоштасып, сәт сапар тілеуі, намыстарын қайрап, жігерленуге шақырған әндері өмір талабын дәл түсінгенінің айғағындай.

Елуінші жылдары Бүркіт Ысқақовпен біраз қосылып жұмыс жасады. Оған «Жастар жыры», «Күзетте», «Космонавтарға», «Шекарашы әні», «Қолхоз қызы» әндерінің сөзін жаздырды. Ә.Сәрсенбаевқа «Ақ көгершін», Н.Әлімқұловқа «Алма ағаштар жайнайды», Ш.Мұртазаевқа «Арман», Ш.Смаханұлына «Айт, келін», Ә.Тәжібаевқа «Дала сандуғашы», «Ой толқыны», М.Әлімбаевқа «Менің папам», «Жаңа жыл», «Коммунистік еңбек бригадасының маршы» әндерінің өлеңін арнайы өтініп жаздырған [3, 123 б.].

Композитор мен ақын өнері білек тілемейді, жүрек тілейді. Өнерпаздар ынтымағы шынайы болса, бірінің бірі қаламдарын жанып, жігерлерін қайрап, еңбектері жемісті шықса керек. Композитор Пахмутова мен ақын Добронравовтың творчестволық одағы бұл айтқандарымызға мықты дәлел.

Қазақтың хор капелласының іргесін қалаушылардың бірі, оны классикалық дәрежеге көтеруге ат салысқан алғашқы дирижері Бақытжан көркемөнер саласына 25 жылын арнапты. Сол жылдары біршама шығармаларды дүниеге әкелді. Мысалы:



  • «Менің папам» сюитасы. «Бақытты балалық», «Пионерлер маршы» атты бөлімдерден тұратын, қазіргі өмір сарынына сай , шындығы мол, дәуір болмысын бейнелейтін бұл шығармасы бақытты балалық шақтың сән-салтанатын толық қанды көрсеткен;

  • «Партия басшымыз» сюитасы: «Құдаша», «Жас панфилофшылар», «Алға-алға шарықта!» сықылды төрт бөлімнен құралған. Жігерлі, ойнақы, көңілді әуен негізінде өмір өріне өрлеген талапты жастарды әсірелеген, еңбекке баулып, алға атойлаған көріністерді байқап тамашалайсыз;

  • «Көктем мерекесі» атты поэмасы да төрт бөлімнен тұрады: «Есімде», «Айтыс», «Еңбек гимні», «Шопан тойы» деген аттарынан-ақ айқындалып тұрғандай ауыл өмірін, шат-шадыман тұрмысын сан құбылта қызықтырып, жаңа ауылдың жаңғырған көрінісін көз алдыңа әкеледі. Мұнда еңбектің құдіретті күші оптимизммен жырланған;

  • «Біз Отанды сүйеміз», «Біз соғысқа жол бермейміз», «Жайлау», «Шаттан, жырла!» бөлімдерден тұратын «Бейбітшілік үшін» сюитасынан тасқынды жігер, өжет қайсарлықты еріксіз сезінесің. Елдің тегеурінді қайратын көрсете отырып, жеңіске жететінін, әрдайым шаттық өмірде болатынымызға кәміл сендіреді;

  • «Ән шырқайық жаңаша!» сюитасы өнердің мәңгі жасампаздығын тамашалайды. Шаттыққа жаны жақын адам баласының тұлғасы елестейді, оның сән-салтанаты, қуанышы, алуан қырлы тірлігі шынайы өмірге сай суреттеледі. Композитордың жаңашыл жаны «Ән шырқайық жаңаша!» деп, жастарды өнер дүрмегіне ұрандай шақырады.

Жоғарыда аталған шығармалардың қайсысын алсақ та дәуір талабын, халық тілегін, салтанатын, тұрмысын, өжет ожданына айқындайтын өмір айнасындай. Бұған қоса, халық әндерінен өңделген сюитасы «Ахау, Семей» де сәтті шықты деуге болады. Ежелден құлаққа таныс айшықты ойнақы сазды ән көп дауысты хормен айтқанда жаңғыра құлпырып шыға келеді.

Хор капелласының тұңғыш пердесін Бақытжан өңдеген «Қараторғай», «Балқурай», «Бір бала-ай», «Жаяу Мұса», «Ғайни», «Харарау», «Ақ маңдайлым», «Ахау, Семей», «Қыздар-ай», «Майра», «Он алты қыз», «Жариям-айдай», «Жеңеше» «Елигай», «Молдабай», «Құдаша», «Той базары», «Кәмила», «Сәулем-ай», «Балқадиша» әндерімен ашқан.

Мемлекеттік ән-би ансамбліне «Сәлем, Москва», «Декадағы шашу», «Қазақ магниткасының маршы», «Қазақ фестивалі», «Жас құрылысшылар жыры», «Партия туралы жыр», «Жар-жар біздің тамаша», Гүлстан - менің астанам» мемлекеттік қыздар институтының хорына «Жаңа өлке», «Жаңа қала» атты шығармаларын арнап жазды [1, 134 б.].

Өмірінің соңғы жылдары елден ерек тапқан бір жаңалығы – Құрманғазы күйлерін көп дауысқа салып, хорға өңдеуі. Бұл тосын естілгенмен соңында серпінді табыс болды. Музыка аспаптарының сүйемелдеуінсіз, адамның күмбірлі көмейімен құлаққа жететін шебер де қонымды әдісін тапты. Бәрімізге белгілі сарын өзгеше сипатта сыр шертеді. «Ақбай», «Шалқыма», «Ақсақ киік», «Айжан қыз», «Келіншек», «Айқабақ» күйлерінің мән-мағынасын айқындап, бояуын тауып, жаңғыртып, хор коллективінің репертуарына қосқаны капелланың коллективі үшін айтарлықтай табыс болды. Беделі өсіп, көпшіліктің құлшынып тыңдайтын шығармаларын өзгеше сарында насихаттаған Бақытжан жаңа бір асуға бет алды.



60 жылға қараған жасында қазаққа өшпес мұра қалдырып, кете барған композитор Бақытжан жайында Совет Одағының халық әртісі Ришат Абдуллин былайша баяндап, өз бағасын береді: «Бақытжан – халықтың қайнаған ортасынан саф алтындай жарқырап шыққан талант. Ол еңбек адамын, жастық шақты, жастар араласқан ұлы істерді асқақ шабытпен жырлады. Әндеріндегі ұлттық нақыш оған ерекше халықтық сипат берді. Бақытжанды қазақтың Дунаевскийі десе де болғандай еді».

Композитордың әні – қанаты, ал енді қанаты қарышты болса – аясы ауқымды келеді. Сондықтан, біздің мақсат, композитордың қанатын әрқашан қалықтатып, қарыштату, әндерін күллі ұрпаққа паш ету. Себебі, бұл - біздің Бақытжан! Қазақтың біртуары, Байқадамның Бақытжаны.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу