Бакитжанова Гульдарига Шараповна Ақтөбе қаласы білім бөлімінің қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының


Б.Майлин - қазақ тұрмысының шебер суреткері



бет11/14
Дата06.02.2022
өлшемі0,49 Mb.
#39784
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Б.Майлин - қазақ тұрмысының шебер суреткері.

Бейімбет - поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланған алғашқы өлеңдерінен бастап - ақ ел өмірінің сан-сала көкейкесті мәселелеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң - мұқтажын, арман-аңсарын, әсіресе азаттық-теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай - типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік - тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған.


Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі», «Хан күйеуі», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл - стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады.
Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол - көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Бейімбет - он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол - ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы.
Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады. Майлин аз өмірінде аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітабын шығарды. Оның шығармаларында қазақ кедейінің мінез - құлқы, тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі бұрын болмаған деңгейде жан - жақты да терең суреттеліп, қміршең типтік бейнелер жасалды. Майлиннің ақындық қызметі 1912ж. жазылған «Мұсылмандық белгісінен басталады». Төңкеріске дейін жазған көп өлеңдерінде («Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа») ауылдың ауыр тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік жырланады. 1916ж. ұлт-азаттық қозғалысы Майлин шығармашылығындағы халықтық сипатты күшейте түсті. Осы кезден жазылған «Қанды тұман» өлеңінде қараңғыға қамалған қалың елдің, аянышты халі суреттеледі. Ақынның шығармашылығында ұлт-азаттық, ағартушылық, демократтық сарындар түпкілікті қалыптасып, жаңа биіктерге бет алды. «Кедей», «Жауыз кім?», «Кедейге», «Құтты болсын», «Мейрамың», «Бүгін», «Гүлденсе ауыл - гүлденеміз бәріміз», «Коллективтің жырын айт» сияқты өлеңдерінде жаңа заман әкелген ауылдағы өзгерістерді, ондағы елдін тұрмыс-тіршілігін зор шабытпен жырға қосты. Майлин поэзиясындағы Мырқымбай бейнесі - жиырмасыншы жылдардағы қазақ кедейінің типік бейнесін жасау жолындағы үлкен табысы. Мырқымбай - тұтас бір өтпелі дәуірдегі ауыл кедейінің өмірінде болған өзгерістерді оның сана-сезімі, мінез - құлқы, іс-әрекеті, тұрмыс - тіршілігі арқалы шынайы суреттелген типтік бейне. Мырқымбай сияқты типтік дәрежеге көтерілген бейне қазақ әдебиетінде күні бүгінге дейін жасалына жоқ. Ол ақынның жиырма шақты өлеңінде, екі поэмасында бірде басты, бірде қосымша кейіпкер ретінде көрінеді. Майлиннің біраз өлеңдері әйел теңдігі тақырыбына арналған. «Қыздың сәлемі», «Қашқын келіншек», «Ақсуаттың жанында» сияқты өлеңдерінде ескі салтқа негізделген қазақ қыздарының аянышты тағдырлары суреттеледі. «Азат әйел», «Ғазиза», «Шал мен қыз», «Ажар» сияқты өлеңдерінде жаңа заманда теңдікке жетіп, бақытты өмір сүре бастаған жастарды жырға қосты.
Бейімбет сол замандағы қазақ ауылының тұрмысын, ауыл адамдарының мінез-құлқын қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған ауқымда, терең білгірлікпен және шыншылдықпен жан-жақты суреттеді. Кедейінің болсын, байы мен орташасының болсын дәл, шынайы, типтік бейнелерін жасады және соның бәрін тарихи даму, өзгеру үстінде суреттеді. Бейімбет жасаған бейнелер, оның прозасы мен драмаларындағы сияқты, оқырманға езу тартқызып, сүйіндіріп отыратын ұтымды да шуақты күлкімен — әзіл-ажуамен даралана, әсерлі де қызықты бола түседі.
Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бейімбет қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туьш, өсті. Қазақ төңкерісіне дейінгі, Кеңес өкіметі үшін күрес аласапыранында, өзі жазықсыз жазаға үшырағанға дейінгі кеңестік кезеңде реалист суреткер басқа тақырыптарға алаңдамай, өзіне жақсы таныс, өзі қалың ортасында ғұмыр кешкен сол ауыл тіршілігін өз шығармаларының арқауы етіп алады. Өзі сияқты ауылдан шыққан және ауыл өмірін ешкімнен кем білмейтін біраз қаламдастары қаланы, зауыт пен фабриканы, жұмысшы табын шығармаларына тақырып етіп жатқанда, саясат соған үндеп жатқанда, Бейімбет еліге қойған жоқ. Мұны оның ауылдан ұзап шыға қоймағандығынан деп түсіндіруге болмайды. Бұл оның талантының өзіндік сипатына, шығармашылық бейімділігіне, өзіндік таным-түсінігіне байланысты еді. Осы мәселе жөнінде оның өзі де 1931 жылы: "Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана болып келеді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге шейін кірісе алғаным жоқ. Өйткені әлі күнге өндіріс өмірімен таныстығым жоқ" деп жазған. Ақын өлеңдерінің мазмұны мен өзіндік көркемдік сипаттары оның осы ауыл өмірінің реалистік бейнесін сомдауымен ерекшеленеді. Соған шабыттандырған күш не екенін мына шумақан анық көруге болады:
Сенің зарың - зарлайтыным өмірде,
Сенің арың - арлайтыным өмірде.
Сен жыласаң - көзден жасым тамшылар,
Сен қуансаң - қайғы, шерім аршылар.
"Кедейге" деген бұл өлең оның кедей қауымына берген серт-уәдесі іспетті.
Ал "Ұлы күн" өлеңінде жоғарыдағы ойын жалғастыра келіп, оның себебін де айтады.
Жырлағаным - кедейдің жыры,
Сырлағаным - кедейдің сыры.
Сырым да бір, жырым да бір,
Мен-дағы сол кедейдің бірі.
Көріп отырғанымыздай, ақын дала тіршілігіне, қыр елінің кейпіне өзінің шыққан тегі - кедейдің көзімен қарайды. Қоғамдық ой-сананы уысында ұстап, билеп - төстеген, көзқарас атаулыны таптық таразымен өлшеген заманда жоқтықпен көз ашқан жазушының бұра тартар жөні де жоқ болатын. Әйтсе де суреткер Бейімбет шындыққа өктемдік жасап, өңін айналдырған жоқ, оның туындыларында қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтар, жаңа мен көненің күресі, түрлі таптар мен жіктер өкілдерінің ой - санасы, мінез-құлқы, психологиясы, даралық сипаттары көзбен көріп, қолмен ұстағандай жанды, әсерлі бейнесін тапты. Қазіргі оқырман үшін де ол типтер эстетикалық ләззатқа бөлеп, елітіп әкететіндей шынайы.
Ақын төңкеріске дейінгі де, төңкерістен кейінгі де ауылды суреттегенде кедейлерге мұраттастық, мұңдастық тұрғысынан көрсетеді.
Бейімбеттің кедейлерге іш тартуы мен жақындығы кеңестік саясат пен идеологияның ғана әсері десек, шындықтан бұра тартқандық болады. Ол сонау медреседе оқып жүрген кезінің өзінде жазған "Мұқтаждық" деген алғашқы өлеңінде - ақ:
Ай, мұқтаждық, кесел болып тұрдың ғой!
Талапкерге қарсы тұзақ құрдың ғой!
Қолды созып, бойды жазып жүргізбей,
Ауруы жоқ бір мүгедек қылдың ғой, - деп, мұқтаждықтың талапты жастың алға басқан қадамын кейін тартып, "жалындаған жүрегін сендіретінін" күйіне жазған.
Медресе - Ғалиядағы шығьш тұратын қолжазба журнал - "Садақта" тұңғыш жарияланған (1912) "Мұсылмандық" деген қазақтың ескі тұрмысының кейіпсіз, кесірлі, күйінішті, күлкілі көріністерін ажуа-сықақ, мысқылмен шындыққа сай суреттей келе, кейбір қазақтардың діншілдігінің жасандылығын келемеждейді. Дін парызын орындағансып, зекетке берген көтерем тай, қотыр қойының есебіне "о дүниеде" жұмақтан бір-ақ шыққысы келетіндерді кекетіп:
Барлық қазақ иемденіп жұмақты,
Басқаларға орын қылмай жүрмесін,- дейді ақын.
Бейімбеттің ақындығының алғашқы қадамынан осылайша басталған сатира мен әзіл - сықағы келе - келе поэзиясының күшті де әсерлі бір көркемдік сипатына айналады. Қарапайым өлең жолдарын бейнелі, терең мәнді қызықты етіп жібереді.
"Рәзия қыз" поэмасында бай қызы (Рәзия) мен кедей жігіттің (Әлім) ғашықтық хикаясы, екі ғазиз жастың көксегендері орындалмай, ақ бандылардың қолынан қайғылы қазаға ұшырағандары суреттеледі. Ал екінші поэмасының кейіпкері Маржан қыздың көңілі түскен кедей-жалшы жігіттер (жасы жағынан бірі - сақа, екіншісі - өзі қатарлы жас) Самалық байдың кесепатына кезігіп, дүние салады да, Маржан ауыр қасіретке душар болады.
Қалған поэмалары ішінде "Хан күйеуі" шытырман оқиғалы, қиял-ғажайып ертегі түрінде келеді де, өзгелері 1916-жыл оқиғасы, азамат соғысы, жер бөлісі тақырыптарын қозғайды.
Қорыта келгенде, Б. Майлин поэзиясын Қазақ төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі жылдардағы ауыл өмірінің өзінше бір көркем кестелі шежіресі деуге болады, оның өзіне тән елеулі ерекшелігі мен тарихи мәні де осында. Суреткердің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғүмыр - тіршілігімен тығыз байланысты. Ол өмірде нені жете таныса, өнері арқылы жұртқа да соны танытады. Осы ақиқат тұрғысынан қарасақ, Бейімбеттің дүниеге көзін ашқаннан көрген - баққаны - көбіне ауыл өмірі. Төңкерістен бұрыңғы, төңкеріс қарсаңындағы және одан кейінгі қыр тіршілігі, дала тұрмысы. Сондықтан оның ширек ғасыр бойы, сөз өнерінің қай жанырда болсын, жазған шығармалары түгел ауыл өнеріне арналуы тегін емес.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет