Бала ойын ойнағанда өзін қалай көрсетсе, өсе келе еңбекте де өзін солай көрсетеді.
Сондықтан да болашақ қайраткерді тәрбиелеудің бірден бір жолы, ол –ойын» деген А.С.
Макаренко. Қазіргі қоғамның талабына сай жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісін жан-жақты
дамыту – қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты ең алдымен,
оқушының жалпы психологиялық дамуына, соның ішінде ақыл-ойының дамуына әсер ететін
жаңашыл технологиялар мен бағдарламаларға деген қызығушылық артуда. Бұл әдістер мен
жүйелер психология мен педагогика ғылымдарының жетістігіне негізделеді.
Адамның бүкіл өмірлік жолында бір-бірінің орнын басып тұратын үш түрлі генетикалық
іс-әрекет бар: олар ойын, оқу, еңбек. Ойын – үлкендердің балаларды тәрбиелеудегі іс-әрекеті.
Ойынның теориялық түсінігі педагогика мен психологияда көп зерттелген.
Дүние – дүние болып адам баласы жаралғалы бері, тамақ тауып күн көруден басқа, сан
алуан ойын түрлері де пайда болған. Ойынды үлкен де, кіші де ойнайды. Бала кездегі ойын
түрлері бүлдіршіндердің ақыл-ойын дамытады, өсіреді. Ойын түрлері көп-ақ. Балабақшадағы
жас жеткіншектер дайын бөлшектерден үй құрастырып, ермексаздан түрлі-түрлі мүсіндер
жасаса, бірте-бірте виртуалды ойындарды ойнауға көшеді.
Ойынның басты-басты үш түрі бар деп білеміз. Олар: кәсіптік ойындар, әуестену
ойындары және жаттығу ойындары. Ойын оқыту барысында оқытудың бір формасы және әдіс-
тәсілі есебінде дидактикалық категория болады. Осыған орай, ойынды оқытушылар мен
студенттердің, ұстаздар мен шәкірттердің, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен
тәрбиешілердің қоғамдасқан оқу мен тәрбие ісіндегі бір-бірімен тығыз байланысты
технологиясы ретінде де қолдануға болады. Кішкентайлар ойыны да, ересектер ойыны да
белгілі бір тұлғаның мағыналы іс-әрекеті ретінде қарастырылады. Адам өзінің де, өзгенің де
ойынын талдап, таразылай отырып, оны өзінің өмір тәжірибесінде қолдануға дағдыланады.
Педагогтардың іс-тәжірибесінде ойынға орай бір қатар ұғымын, түсініктері қалыптасқан. Атап
айтар болсақ, ол: ұжымдық ойын, рөлдік ойын және т.б.
Ойын теориясы мен практикасын отандық және шетелдік педагогтар, психологтар,
әлеуметтанушылар зерттеуде. Мысалы, Иохан Хейзингтің «Ойыншы адам», Д.Б.Элькониннің
«Ойын психологиясы», Эрик Берннің «Адамдар ойнайтын ойындар» атты еңбектері жазылды.
Ойын теориясын зерттеуші Ресей ғалымдары: А.В.Вербицкий, Т.В.Кудрявцев,
И.П.Пидкасистый, қазақстандық ғалымдар: Н.К.Ахметов, Ж.С. Хайдаров, Г. М. Қасымова т.б.
Балалар ойындарындағы ұстаздардың рөлі өте зор. Ұстаз – көбіне-көп сол ойынды
ұйымдастырушы. Ойынның мән-маңызын түсіндіріп, ақыл-кеңес береді. Шәкірттердің дау-
дамайлы мәселелеріне әділ қазы да бола біледі.
Ұстаз балалардың ойын кезінде де қилы сезімдерде болып, көңіл күйінің мың
құбылатынын (мақтану, қуану, ренжу, қызғану, өкіну) білуі тиіс. Мұндай көңіл күйдің ұтысқа,
не болмаса ұтылысқа байланысты болатыны бесенеден белгілі. Көп жағдайда, ойын үстінде
топ мүшелері жұмылған жұдырықтай, тату-тәтті қарым-қатынаста болады. Кей кездердегідей
талас-тартыс, ашу-реніш дегендер атымен ұмытылады. Ұжым бір адамның баласындай ортақ
бір мүдде үшін күреседі. Алайда, ойын барысында жағымсыз жағдаяттардың да туындауы
мүмкін нәрсе. Шәкірттердің бәсекелес қарсы топты дұшпан көріп, келеңсіз іс-әрекеттерге
баруы ғажап емес. Мәселен, қарсы ойыншылар ұтып кеткенде, намыстанып, қызғанып, жеңіс
жалауын қолдан бермеуге тырысып, жеңіске жетудің қитұрқы жолдарын жасауы мүмкін.
Мұндайда ұстаз әділ төрелігін айтып, екі жақты да ренжітпеуі тиіс.
Балалардың еңбегінде, қарым-қатынасында, танымдық үдерісінде және тұлға болып
қалыптасуында ойынның алатын орны үлкен. Тәрбиенің теориясы мен практикасындағы
балалардың ойын әрекетін күшейту туралы мәселенің қойылуы тұлғаның қалыптасуы мен
ойын әрекетінің көптеген мүмкіндігіне және осы мақсаттардың іске асуына негізделген.
Ойынның мәні мен оның тәрбиедегі маңызын екі жақты бағалауға болады. Біріншіден, кең
мағынада қоғамдағы адамгершілік тұрғыда адамға деген қамқорлығы мен соның ішінде, өсіп
келе жатқан ұрпаққа деген жанашырлық. Екіншіден, нақтырақ алсақ, педагогикалық мәнде:
білім беру мен тәрбиедегі нақты мәселелерді шешуге негізделген.
Ойын үнемі екі түрлі уақыт өлшемінде: қазіргі уақытта және болашақта орындалады. Бір жағынан тұлғаны сол мезетте қуанышқа кенелтеді, оның туындаған өзекті мәселесін шешуде
қанағаттанушылық тудырады. Ал екінші жағынан, ойын үнемі болашаққа бағытталған.
Өйткені, онда өмірлік жағдайлардың болжамдары мен модельдері жасалады. Ойын арқылы
тұлғаның әлеуметтік, кәсіптік, шығармашылық функцияларына қажетті қасиет, сапа, жағдай,
біліктілік, қабілеттіліктер қалыптасады, сонымен қатар дамып келе жатқан ағзаның
физикалық дағдылары да қалыптасады /1/.
Б.Г. Ананьевтің айтуынша, «Балалар психологиясы саласындағы көптеген мамандар
ойын баланың ең алғашқы туылған кезеңнен мектепке дейінгі кезеңді қамтуына ерекше көңіл
бөлген. Бірақ ойын адамның барлық өмірлік кезеңдерін қамтитын ерекше іс-әрекет түрі
ретінде өзіндік тарихы бар. Адамның жасөспірім және бозбала, жас және орта жаста, тіпті егде
тартқан кезінде де ойынның сан түрлері қолданылады» /2/. Бұдан біз ойынның қандай кең
ауқымда қолданатынын байқаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |