«Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет4/13
Дата31.12.2019
өлшемі323,73 Kb.
#53919
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Негізгі әдебиеттер


1. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965

2. Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. А. Мектеп. 1980.

3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. –Алматы, 1994.

Қосымша әдебиеттер

1.Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. –Алматы, 1984.

2.Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985.

3. Ертегілер. 1,2,3, 4 томдар. –Алматы,1988, 1989.

4.Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. Алматы,1976.

6 дәріс. Эпостық жырлар тағылымы


  1. Эпостық жырлар

2. Батырлық эпос

1.Эпостық жырлар. Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі кезеңде кеңестік көркем өнерді жаңа идеялық творчестволық белестерге көтереміз, әлемге социалистік мәдениеттің артықшылығын танытамыз деген даурықпаның желі көтерілді. Қазақстн Коммунистік партиясының Орталық Комитеті 1947 жылы 21 ақпанда «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының саяси өрескел қателері туралы» қаулы алып, әдебиеттану саласында көрініс берген кейбір кемшіліктерді қатты сынға алды, мәдени-әдеби мұраны тапшылдық тұрғыдан зерттеу қажеттігін нығарлап көрсетті.

«Бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ әдебиеті мен тілі бойынша оқулықтардағы өрескел қателіктер туралы» 1951 жылғы 28 тамыздағы қаулы тағы да қазақ тарихын, әдебиетін жүдеушілікке ұшыратты. Осы талқандау процесі 1953 жылы ауыз әдебиетінің халықтығы деген проблемаға ұласып, өзінің шырқау биігіне жетті. Осының нәтижесінде қазақтың ауыз әдебиеті тарихының көп шығармалары ескішіл деп жарияланып, оларды оқуға тыйым салынды. Батырлар мен эпос кейіпкерлері шыққан тегіне қарай жіктелді. Қобыланды, Алпамыс – байдың балалары, байларды қорғаған батырлар, Төлеген – бай баласы, Қыз Жібек – хан қызы ретінде бағаланды. Қазақтың бай эпосынан кедейдің ішінен шыққан Қамбар батыр халықтық деп танылды. Үш жүзге тарта батырлар жырынан тек төрт-бесеуін ғана зерттеу нысанасына алынды.



Қазақ халық поэзиясының ең бір көркем, ең көлемді саласы - эпостық жырлар. Тақырыптық жағынан қазақ эпосы үлкен он салаға жіктеледі. Жанрлық жағынан эпостық мұраларымыз төмендегіше бөлінеді:көне эпос, батырлық эпос, лиро-эпос, тарихи жырлар. Қазақтың жалпы эпостық мұраларының жиналуы мен зерттелу тарихы бар. Бұған қатысты көл-көсір әдебиеттер жазылды. Қазақ батырлық жырларын жазып алуда Ш.Ш.Уәлиханов, Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.В.Васильев, И.Н.Березин, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Ж.Көпеевтер айтарлықтай үлес қосты. Ғылыми тұрғыда зерттеу ісінде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов. С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.О.Әуезов, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, О.Нұрмағамбетов және т.б. құнды еңбектер қалдырды. Бүгінгі фольклортану ғылымында қазақ эпосына қатысты Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев т.б. жаңаша зерттеулерімен танылды.

Көне эпостың қалыптасуы ерте замандарды меңзейді. Ертегі, миф, аңыз желілері арқылы қалыптасып, шытырман оқиғаларға құрылатын және негізгі арқауы ерлікке жауап беретін жырларды көне эпос дейміз. Сюжеттің негізгі түзілісі батырдың ғажайып тууы, ерлкпен үйленіп, өліп-тірілуі және ақырында дию, пері, дәу, аждаһа, мыстан кемпір т.б. бәрін жеңіп мұратына жетуі жүйелі баяндалады. Мұнда көне дәуірге тән нанаым-сенімдерге кеңінен орын беріледі. Себебі жырдың туған дәуірі сол өткен өмірдің ісі мен тынысы екендігі анық. Бұған біздің «Құламерген – Жаямерген», «Мұңлық - Зарлық», «Дотан батыр» т.б. жырлар дәлел. Ертегі, миф, аңыз желілері арқылы қалыптасып, шытырман оқиғаларға құрылатын және негізгі арқауы ерлікке жауап беретін жырларды көне эпос дейміз. Сюжеттің негізгі түзілісі батырдың ғажайып тууы, ерлікпен үйленіп, өліп-тірілуі және ақырында дию, пері, дәу, аждаһа, мыстан кемпір т.б. бәрін жеңіп мұратына жетуі жүйелі баяндалады.

Лиро –эпос. Батырлық эпосты жинаушылар лиро-эпос мұраларын жарыққа шығаруға ат салысқан. Батырлық эпостағы негізгі тақырып – ерлік болса, лиро-эпос – махаббат, сүйіспеншілік мәселесін дәріптеуге құрылады. Қай жырдың айтары махаббат еркіндігі болып отырды. Эпикалық шығарма әдеп-ғұрып, салт-сананы барынша аша алуымен ерекшеленеді. Жырда таптық қайшылықтар қалыс қалмайды. Басты трагедияның өзі осыдан келіп шығады. Бұған сандаған ғасырлар белесінен сүрінбей өтіп, бізге жеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман - Шолпан» жырлары жауып береді. Осымен қатар көшпелі тұрмыс-тіршілік арқылы ауысып, шығыс сюжетіне құрылған қазақ дастандары ертедегі шығыспен қаншалықты байланыстарымыздың болғандығын дәлелдей түседі. Бұның жарқын дәлелі ретінде «Бозжігіт», «Таһир - Зуһра», «Жүсіп-Зылиха», «Сейфулмәлік», «Иранғайып шаһ Ғаббас», «Шәкір-Шәкірат» т.б. эпикалық мұраларымызды атаймыз. Бұлардың жасалуында да көркем жағынан поэтикалық тіл өрнегі теңеу, эпитет, өлең құрылысы қазақ эпосының дәстүріне сай туғандығын көрсете алады

Тарихи жырлар. Тарихи жырлар қазақ хандығы дәуірінен бастап, одан кейінгі ел басына төнген қауып пен қактерді сап- сабымен баяндайды. Тәуелсіздік жолындағы күрестегі қаһармандардың ерлік ісін дәріптеу тарихи жырдағы өлең, тарихи аңыздар айырықша ықпал еткен. Батырлық жырларда эпосқа ертегі, мифтер араласса, тарихи жыр аңыз бен тарихи өлеңдерді бойына сіңіріп, шын мәнін де өмірде болған тарихи адамдардың ерлігін баян етеді. Тақырыптың жағынан тарихи жырлар былайша бөлінеді.1)Қазақ хандығының құрылып, оны нығайту жолындағы оқиғаларға қатысты туған тарихи жырлар.(Есім хан, Сәтбек батыр, Олғыам батыр, Әз тәуке т.б. 2)ХҮІІІ ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты туған жырлар: (Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Олжабай, Батыр баян, Өтеген, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Өтеген, Малайсары, Сырым т.б. 3)ХІХ ғасырдағы отарлауға қарсылықты білдіретін тарихи жырлар.(Исатай – Махамбет, Кенесары – Наурызбай, Ерназар – Бекет, Досан, Жанқожа, Ағыбай т.б. 4)1916 жылғыұлт-азаттық көтеріліске қатысты туған тарихи өлең, жырлар:(Аманкелді; Бекболат т.б.). Бұл тарихи жырлардың тақырыптық бөлінісі болса, жанрлық жағынан тарихи жырлар былайша жіктеледі.1) Тарихи жырлар (ХҮ – ХҮІІІ ғ.ғ.) 2)Реальды – тарихи эпос (ХІХ –ХХ ғ.б.).Тарихи жырлар батырлық эпос дәстүрінде жасалса да, сюжеттік жағынан көптеген ерекшеліктер бар. Бұл мәселе эпостың тіл көркемдігінен де көрінеді

Сонымен, жанрлық жағынан эпостық мұра көне эпос, батырлық эпос, лиро эпос, тарихи жырлар болып бөлінеді.



Батырлық эпос шығу мерзімі жағынан түркі қағанаты, оғыз-қыпшақ, ноғайлы дәуірлерімен ерекшеленеді. Тарихтың айтуы бойынша, ХҮ ғасырға дейін «Қазақ» деген тұтас халық болмаған, жеке бытыраңқы рулар болған. Олардың бәрі «ноғайлы» деген жалпыға бірдей атпен аталған. Кейіннен, ХҮ ғасыр ішінде бұл рулардың көпшілігі бір жерге қосылып, содан былай қазақ хандығы құрылған. ХІІІ ғасырдың басында монғолдардың Шыңғыс хан бастаған шапқыншылары Қазақстан мен Орта Азияға жорық жасайды. Монғол шапқыншылары мұнымен қанағаттанбай Иран мен Иракқа, Кавказдық елдерге және Еуропаның оңтүстік шығысына қарай шабуыл жасайды. 1256 жылдан бастап бүкіл Кавказдық елдер, Иран, Ирак және Кіші Азияның бірсыпыра жерлері Хулағу хан құрған монғол мемлекетіне(ұлысына бағынады. Бірсыпыра уақытқа дейін жергілікті елдер Хулағуліктерге бағынбай соғысып, алысып өткен. 1295 жылдан 1304 жылға шейін Ғазан хан(Қазан хан) хандық құрған. Хулағуліктерге бағынбай, соғысып, алысып өткендер кавказдықтар, азербайжандар мен қыпшақтар болған. Осындай жағдайда жауларынан өздерін айыру үшін ирандық монғолдар бастарына қызыл бөрік киеді. Осыдан барып оларды «қызылбас» деп атаған деседі. Ғазан хан және одан кейінгі хандар да өздері құрған мемлекетті нығайту мақсатымен айналасындағы елдерге талай рет шабуыл жасап отырған. Өздерінің жер-су, қоныстары үшін қызылбастарға қарсы күресіп, қарсылық көрсеткен, ерлік жасап соғысқан ел қыпшақтар болған.

Міне, ертеде шыққан жырларда қазақ(қыпшақ) батырларының алысатын жаулары қызылбастар болып келуі жоғарыда көрсетілген тарихи шындықтың елесі секілді. Ал бертін келе, қазақ жеріне шабуыл жасаушылар қызылбастар емес, қалмақтар болады. Қазақ халқының қалмақ басқыншыларына қарсы күресі бергі кезде болды. Бұған қарағанда, қалмақ феодалдарының шапқыншылық әрекеттеріне қарсы ерлікпен күресіп, жауға тойтарыс берген қазақ халқының батырлық тұлғасын көрсету үшін жыршы ақындар өткен заманда туған батырлар жырын да пайдаланған секілді. Ескі жырларға соңғы кездің оқиғаларын қосып, біраз жаңартқан деуге болады.



Батырлық жырлардың классикалық үлгілері «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбарлар» болса, тұтастану құбылысына жауап беретін «Қырымның қырық батыр» жырлары бар. Жырлану барысында эпостық жырлар бірнеше нұсқаға айналып, бірнеше варианттарына байланысты версиялар құрайды. Типологиялық жағынан көптеген ұқсастықтар бар. Ұқсас жерлер, тізбектеле жырлау, негізгі мифтері ғажайып туылу, жедел өсу, үйлену, жекпе-жек, соғысу, түс көру, мұратына жету т.б. болып келеді. Көркемдік жағынан аллитрация мен ассонанс, гиперболла мен литота, теңеу мен эпитет және т.б. батырлық эпостан мол ұшырасады. Эпикалық батырлық жырларды жырлаушы көптеген өнер өкілдерінің есімдері мәлім.

Тарихи жырлар қазақ хандығы дәуірінен бастап, одан кейінгі ел басына төнген қауіп пен қатерді баяндайды. Тәуелсіздік жолындағы күрестегі қаһармандардың ерлік ісін дәріптеу тарихи жырдағы өлең, тарихи аңыздар айырықша ықпал еткен. Батырлық жырларда эпосқа ертегі, мифтер араласса, тарихи жыр аңыз бен тарихи өлеңдерді бойына сіңіріп, шын мәнін де өмірде болған тарихи адамдардың ерлігін баян етеді. Қазақта батырлар жыры мен тарихи жырдың көбірек туған кезі ХІҮ – ХҮІІІ ғасырлардың арасы секілді. Осы аталған кезеңдерде бүгінгі қазақ халқының көне тарихында бірнеше елеулі оқиғалар болып өтті. Бұл тарихи фактілер батырлар жыры мен тарихи жырдың тууына әсер етеді. Қазақта батырлық пен тарихи жырдың тууына әсер еткен екінші бір жағдай – қазақтар мен қалмақтардың арасындағы қарым-қатынастар, көп заманға созылған күрестер еді. Тарихи деректерге қарағанда ХҮІІ ғасырдың қарсаңында қалмақтар күшті мемлекетке айналады. Қалмақтың шонжарлары қазақтардың шұрайлы жерін, мал-мүлкін тартып алуды, қазақ елін құл етуді мақсат етеді.Халық басқыншыларға қарсы қазақ халқының ерлік күресін, батырлық күшін, жеңісін суреттеп жырына қосты.

2.Батырлық эпос. Қазақтың халық педагогикасындағы аса бай мұра – батырлық жырлар. [..] Батырлық жырларда ел қорғау, басқыншыларға қарсы күресу кезінде көрсеткен батырлардың ерліктері жырланады, батырлардың отбасына, еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі – шынайы патриоттығы дәріптеледі, көбінесе бірегей ұлға зар болған қарт ата-аналардың арман-тілегі орындалады(Алпамыс, Қобыланды т.б.) [..] Батырлық жырлар, көбінесе 7-8 буынды жыр тармақтарымен жырланады, кейде он бір буынды қара өлең ұйқасымен де жырланады. Жырда әсірелеу, суреттеу басым болады, жыр жедірме екпінімен жеңіл айтылады.[..]

«Алпамыс» деп талатын жыр өзбекте де, қазақта да, қарақалпақта да бар. Арасында аздаған айырмашылық бола тұрса да, ол - әр халықтың өз шығармасы. «Алпамыс» - Орта Азия халықтарының ерте замандарда ру болып жүрген кезінде туған шығармасы. Бұл жырдың Орта Азия халықтарына ортақ болу себебі де осыдан. «Алпамыс батыр» жырының негізгі идеясы – ру бірлігін сақтау. Сондықтан да жырда ру бірлігін көздеген, әр рудың арасында араздық, шапқыншылық емес, татулық болуын мақсат еткен адамдардың іс-әрекеті ардақталады. Оларды рудың қамқоршысы етіп суреттейді. «Алпамыс» жырын бағалауда теріс көзқарастар да болмай қалған жоқ. Бұл жырдың өзбекше вариантын қарастырған кейбір зерттеушілер 1952 жылы баспасөз бетінде оны халыққа жат, зиянды шығарма деп бағалады. Қате көзқарасқа уақытында тойтарыс берілді.

Кейіпкерлері - Алпамыс, Гүлбаршын, Ұлтан, Қаражан, Мыстан т.б. Алпамыстың батырлық іске бел байлаған сапары Гүлбаршынды іздеп шығуынан басталады. Өзіне жар-жолдас- қалыңдық іздеп шығу, бұл жолда әр түрлі ерлік істер жасап, батырлық сыннан өту – дүние жүзіндегі эпостық шығармалардың көбінде кездесетін жай. Ондағы батырлардан Алпамыстың бір үлкен айыпмашылығы бар: Алпамыс батырлық іске тек Гүлбаршын үшін ғана аттанбайды. Ол бір кезде Байбөріге өкпелеп бөліне көшкен, қалмақ еліне кеткен Қоңырат руының бір бөлегін іздеп те шығады. Халық жыры Алпамысты қалмақ еліне аттандырады, ол өкпемен көшіп кеткен ел-жұртының бір бөлегін қайтару, оны қоңыраттар,а қайта табыстыру, татуластыру мақсатын көздейді. Алпамыс образы - халықтың руға қамқор, қорған болар батырды арман еткен қиялынан туған образ.

«Алпамы» жырының ерекшелігі, - оқиғаны шегініспен қатар, диалог арқылы баяндайды. Жырда бір оқиғаны әңгімелеп келе жатады да, оны аяқтамай, екіншісіне көшеді. Оқиғалары осы ретпенбаяндалады. Жыршы ақын тыңдаушы жұртты жыр оқиғасынақызықтырып отыру үшін шегініс әдісін жиі қолданған тәрізді. Көптеген оқиғалар, аддамның күініш-сүйініштері диалог арқылы среттеледі.

Жыр сөздігінде қазіргі күні мағынасы ескірген сөздер көп кездеседі. Өлең қрылысы бірелкі емес. Өлең түрі кейде жеті-сегіз буынды, кейде он бір, кейде он буынды болып келеді. Мұның мәнісі - жырдың «Алпамыс» - бірнеше халыққа ортақжыр. Мұның қазақ вариантынаәсері болғандығы айқын.

«Алпамыс батыр» жыры жас жеткіншектерге «бірлік бар жерде тірлік, елдік барын» аңғартады. Достыққа адалдық, сертке беріктік, ел мүддесін жоғары қоюшылық – жырдың кішкентай оқырманы үшін әрқашан да өнеге. Жыр ел қорғау жолында халық мүддесі үшін күресушілердің жеңетіндігін аңғарта отырып, жас ұрпақтың алдына халық үшін қызмет ету жолын таңдауды ұсынады. Жырдың өміршеңдігі де осынысында және ел бірлігін сақтау жөніндегі идеясында.

«Қобыланды батыр» жырында қызылбастардың(тек бір вариантында қалмақтардың) басқыншылық, жаулық шабуылдарына қарсы қыпшақ батырларының жүргізген ерлік істері сипатталады. Қазақтағы батырлар жырының ішінде варианты көбі – «Қобыланды батыр». Қобыландының батырлығы жөнінде жыршы ақындардың бәрі де (Марабайдан басқасы) әңгімені әріден, баланың тумай тұрған кезінен, Тоқтарбай мен Аналықтың бір перзентке зар болуынн бастайды.

Дүние жүзілік эпостың көбінде батыр образы батырдың есейген кезінен басталса, Қобыландының болашақта асқан батыр болатындығы оның ана құрсағында жатқан уағында-ақ білінеді. Мәселен, Қобыландының шешесі Қобыландыға екіқабат кезінде жерік асына не арыстанның жүрегін, не айдаһардың өтін жейді, немесе қара тасты шайнайды. Жыршылар Қобыландының образын оның ана құрсағында жатқан кезінен бастаса, Тайбурылдың болашақта батырға жолдас болатын тұлпар екендігі кер биенің ішінде жатқан кезінде-ақ белгілі болады. Қобыланды батыр» жырындағы Қобыландыны ерлік іске бастаған да, оны рухтандырған да - халық, халықтың намысы. Қобыландының батыр атануы – оның ел-жұртын адал ниет, шын көңілмен сүйгендігінен. Кейпкерлері - Қобыланды, Құртқа, Қарлыға, Қараман, Қазан, Көбікті, Алшағыр, т.б.

«Қобыланды» жырындағы оқиғалар бір адамның айналасына құрылады. Жырдың негізгі тірегі - Қобыланды. Жыр ерекшелігі – бір оқиғадан екіншісін тудыра, өрістете жырлау, шегініс жасамай жырлау болып табылады. Жырдағы тіл балығын есепке аламыз. Жыр тілінің байлығы теңеу, метафоралар жасауымен, дыбыс қайталауларымен көрінеді.

Жырда Тайбурылдың шабысы өте әсерлі суреттелген. Тайбурылдың шабысы арқылы халқы үшін кек алуға аттанған батырдың тасқындаған күші, ыза-намысы берілгендігі байқалады. Мұнымен қатар Тайбурылдың шабысында халықтың ой-арманы, қиялы жатқаны да байқалады. Одан сеңгір-сеңгір таулардан бір-ақ қарғып өтетін, алысты жақын ететін, қырық күншілік жерге бір күнде жететін көлік болуды аңсаған халық қиялы көрінеді. Жырда ерте кездегі талай-талай географиялық атаулар да кездеседі. Сонымен қатар қазірде сирек аталатын өсімдіктердің аттарымен де балаларды таныстырып қалуға зор мүмкіндік береді.



«Ер Тарғын» жырын фольклортанушылар ноғайлы дәуірінде туды, ол белгілі мөлшере сол дәуірді және оның қарым-қатынастарын елестетеді дейді. Басқа жырларға қарағанда «Ер Тарғын» жырының варианттары көп емес. Көп уақытқа дейін ғалымдар «Ер Тарғын» жырын қазақ ауыз әдебиетіндегі халықтық сипаты бар көркем шығарманың бірі деп бағалап келді. 1951 жылғы қаулы әсерінен «Ер Тарғын» жырына қарсы пікірлер айтыла бастады. Осындай себептерден «Ер Тарғын» жыры біраз уақыт қатардан шығып қалды. Кейіпкерлері - Ер Тарғын, Ақжүніс, Қарт Қожақ, Ханзада, Тарлан ат т.б. Жырдағы Тарғын қалың қол бастаған батыр болып көрінбейді. Ол – жеке ұрыстарда ерекше ерлік жасаған, сонысы үшін ер атанған адам.

«Ер Тарғын» жырындағы Тарғын - бір рудың ғана емес, бүкіл ноғайлы жұртының батыры. Оған ноғайлы атанған елдің алыстығы жоқ, бәрі де жақын, тума-туыс болып көрінеді. Сондықтан ол ноғайлының бір елінен шығып, екіншісіне келеді. Тарғын басқыншы жаулардан өзінің ел-жұртының елдігін қорғауды және сол елдің бірлігін сақтауды, оған қызмет етуді мақсат етеді. Тарғынның Ақшахан әскерлеріне еріп, торғауыттарды жеңуде ерлік көрсетуі осы мақсаттан туады. Басқа ырларда басты кейіпкерлер жайы бірден айтылатын болса, бұл жағай «Ер Тарғын» жырында жоқ. Жырдың сюжет құру, образ жасауындағы негізгі ерекшеліктің бірі де осында. Жыршы әңгімені Тарғынға байланысы жоқ жайды суреттеуден бастайды. Жырда Тарғынның бейнесі тек ел қорғау жолында жасаған ерлік істерін суреттеу арқылы ғана жасалып қоймайды. Оның батырлық тұлғасы, ерлік ісі, алып күші Тарғынның өз сөзімен де, басқа адамдардың (мәселен, Сыпыра жыраудың) сипаттауымен де беріліп отырады.

Жырдың оқиғасы Тарғынның ерлік істерін суреттеу арқылы дамиды. «Басқа жырлармен салыстырғанда, айтайын деген ойды, суреттейін деген құбылысты асқан шеберлікпен беруде «Ер Тарғын» жыры, біріншіден, дамыту әдісін, екіншіден, шендестірді мол қолданады және шендестірудің жай түрін емес, ұлғайған, күрделі түрн жасайды»(Қ.Жұмалиев). Жырдың бұл ерекшелігі адам образын жасаудан айқын байқалады. Ақжүністіңкелбеті төмендегіше суреттеледі:

...Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де етім көр,

Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де бетім көр.

Ақжүністің Қарт Қожақты сипаттауында да шендестір әдісі қолданылған.

«Қамбар батыр» жыры – қазақ еліне ерте кездің өзінде-ақ тараған жыр. Кейіпкерлері - Қамбар батыр, Назым, Алшыораз, Әзімбай, Қараман, Келмембет т.б. «Қамбар батыр» жырының басты идеясы халыққа қызмет еткен батырды, оның ерлік істерін ардақтаудан туған. Егер басқа жырларда батыр образы көбінесе бірден оның күреске, аттанысқа қатысуын суреттеу арқылы жасалса, олардан Қамбар образының елеулі бір айырмашылығы бар. Халық жыры оны еңбекші халыққа қызмет еткен еңбек ері деп көрсетеді. Бұдан халықтың ел қорғаған батырды ғана емес, еңбек адамдарын да ардақтайтындығы байқалады. Екіншіден, халық неше түрлі жыртқыш аңдарды, соның ішінде жолбарысты жеңуін Қамбардың күшті батырлығы деп бейнелейді. Жырда Қамбар образы жау адамдарының іс-әрекеті, сөзі арқылы да толықтырылып отырады. Қараман мен Келмембеттің Қамбардан сескенуі, қорқуы, одан қауіптенуі батыр образын ұлғайта түскен. Халық бейбітшілік кезінде де, басқыншы жау шабуылдаған кезде де жұрт үшін аянбай күресетін ер-азаматы Қамбардай болуын арман еткендігін білдіреді.

«Қамбар батыр жырының ерекшелігі – оқиғаны әр түрлі шегініс жасау арқылы жырлауында. Жырдың тілі көркем. Аз сөзбен көп мағына беріліп отырады. Мысалы, Қамбардың аң аулауға шыққаны была суреттеледі:

Күмістен тағып қарғысын,

Соңына ертіп тазысын,

Ау қылып Қамбар шығады.

Қасындағы құмайы

Таңынан тартып талайын

Тау текені жығады.

Таңы арылып жыртылып,

Киік пен жатқан құланы,

Ат бетіне қаратпай,

Ақбөкендей жосытып,

Айқайын салып қуады.

Бұл суреттен қазақ халқының ерте кездегі тұрмыс-тіршілігі, күн-көрісі бір көзі аңшылық болғандығы байқалады.

Қандай шығарма болса да, оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – халықтың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектебі. Батырлық жырлар – сол мектептің маңызды құралы.[..] Қаршадайынан халықтың ауыз әдебиетін сүйе тыңдап өскен әрбір қоғам мүшесі еліне пайда тигізетін ер болуды армандады.

Жеке адамдардың жетесіне жеткен қара бастың қамын ойлайтын психологияға эпостық жырлардағы халықтық ойлар қарсы қойылып отырды. Халық ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалап, ұрпақтарына жақсыны үйретті, жаманнан жирентті. Тәрбие мүддесіне сай, халық эпостық шығармаларға сюжеттер ендірді, мінездеу мен кульминация неғұрлым әсерлі болуын қарастырды, жеке образдар көркем де шебер жасалынып, есте мәңгі қалатындай әсерлі болды, ой түйіндері өнегелі өрнекпен құрылды. Бағдарлай зерттеп байқасақ, эпостық шығармаларда тәрбиенің алуан түрі бар. Дене шынықтыру тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, отансүйгіштік тәрбие, еңбексүйгіштік тәрбие, еңбек тәрбиесі,батырлық жырлардың табиғатындағы мақсатты мұрат – міне осылар.

Эпостық шығармалардың негізгі оқиғалар арқаулары да – осы тәрбиелік мақсаттар. 1. Дене шынықтыру тәрбиесі эпостық шығармаларда бірінші кезекке қойылады. Эпостық шығармаларда атқа шабу, мергеншілік, найзагершілік, қылыш шабу шеберлігі дәріптеліп жырланады. Халықтық шығармаларда бұл өнерлер оңайлықпен келмейтіндігі суреттелінеді. Батыр мерген болу үшін әуелі мергеншілікке үйреніп, мергеншілік мектебінен өтеді де үлкен айқаста сынаққа түседі. 2.Халық Отан қорғау адамгершіліктің асқар шыңы деп тұжырымдайды. Ел үшін ерлік жасаудан артық адамгершілік болмасқа керек. Сондықтан халықтың арман-мүддесін айқындайтын батырлардың ауыздан-ауызға мәңгі жатталған бейнелері өздерінің үлгі-өнегелік құнын еш уақытта бәсеңдетпейді. Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар бейнелері қазіргі жастарға да үлгі. 3.Батырлық жырларда халықты қорғаушы ерлер мен азаттық үшін күресуші ғашықтардың ерліктерімен қатар, сол халық үшін жан аямай еңбек еткен еңбексүйгіш, кішіпейілді, саналы жандар да тәрбиелік үлгі ретінде баяндалады. Мысалы, Қамбар батыр ең әуелі аң аулап, “алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобырды” асыраған; Қобыланды батыр мал бағып, аң аулаған; Құртқа Тайбурылды алты жыл күні-түні бағып-баптаған.

Сонымен батырлық эпостың көпшілігі халықтың Отанды сүю, басқыншы жаудан ел қорғау, халық үшін ерлік жасау, еңбек ету идеясынан туған. Біріншіден, батырлық эпостардағы батырлар образы – патриоттық идеяның образы. Батырлар бейнесінің балаларға игі ықпалы мол. Олар жас жеткіншектерді батыл, табанды, парасатты және әділетті болуға үйретеді. Екіншіден, эпостық жырлардың тілі көркем. Ондағы теңеулер мен тұрақты эпитеттердің мол болуы да балаларды әсерлендіреді. Эпостық жырларда оқиғаны еселеп, қайталап айту жағы да көп кездеседі. Мұндай ерекшелік оқиға желісін ұмытпауға мүмкіндік береді.



Негізгі әдебиеттер.

  1. Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.

  2. Қазақ әдебиеті тарихы Іт. Ікіт.-Алматы,1960.

  3. Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті.-1974.

  4. Бердібаев Р. Қазақ эпосы. Алматы,1982.

  5. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. –Алматы, 1993.

  6. Батырлар жыры 1-6т. –Алматы, 1986-1990.

  7. Тарихи жыр. Іт. Алматы 1995.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет