4. Ерік сапаларының қалыптасуы мен эмоционалдық даярлығы.
Бұл баланың шешім қабылдай алып, мақсат қоя білуі. Сонымен бірге баланың әрекеттерді жоспарлап, олардың орындалуын жүзеге асыруда күш жұмсай білуі, қиындықтарды жеңуі баланың психологиялық үрдістердің қалыптасуына ықпалын тигізеді.
Егер баланың мектептегі оқуға дайындығы осы бағыттармен ұштасып жатса, баланың оқуға тез бейімделіп, жақсы оқып кетуіне мүмкіндік туғызады.
Мектепке дейінгілердің негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, оларға бірден оқу әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала педагогтармен және балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінің өзіне жағымсыз эмоция сезініп, қорқыныш пайда болады. Осыдан келе нашар оқитын балалар және екінші жылға қалып қоятын балалар пайда болады. Сонымен бірге баланың көңіл-күйінің болмай, себепсізден жиі ауыруы мектеп неврозы сипатында көрінеді, яғни мектепті еске алса болғаны жылап, уайымдайды. Сөйтіп, мектеп бала үшін стрессогендік факторға айналып, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады.
Австрия ғалымы Г. Эберлейн өзінің «Дені сау балалардың қорқынышы» атты еңбегінде «Кейбір балалар алдағы болатын жағдайлардан үрейленеді, олар үнемі «мектепте мұғалім берген тапсырманы орындай алмай қаламын ба?» деген қорқынышпен жүреді», - дейді.
Жалпы, тәжірибеге сүйенетін болсақ, баланың оқығысы келмеуі мына жағдайларға байланысты болады:
1. Мектеп алдындағы қорқыныш. Бұл баланы бағындыру, әрекеттерді орындату мақсатымен қорқынышты үйде қалыптастырады; («Мектепке барасың сонда саған көрсетеді»);
2. Оқу үрдісінде және қарым-қатынаста қиындыққа кезігуі;
3. Мектептің өміріне бейімделе алмауы;
4. Мектептің өмірінің шынайлылық қиындығымен кезіккенде, баланың көңілінде мектепке деген жағымсыз қатынастың пайда болуы;
5. Мұғалімнің өзіне тән психологиясына үйрене алмау.
Яғни, осы кезде әрбір ата-ана өзінің баласына мектеп туралы қажетті мағұлматтарды айтып, баланың мектепке деген жағымды қатынас және сенімділік сезімін қалыптастыра отырып тәрбиелеу керек. Ең бастысы баланы жолдастарымен қарым-қатынас жасай алуға, басқа баланың ойымен санасуға үйрету болып табылады.
Мектеп өмірі баладан эмоциональдық тұрақтылықты талап етеді Оқушылар арасында келіспеушіліктер, реніштер және конфликтік жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе ерке балалар мұғалімнің ескертулерін ауыр қабылдайды, яғни мектепке барудан бас тартады, жылайды және т.б. әрекеттер арқылы көрінеді. Баланың өз бетімен шешім қабылдай алатындай және еріктілікті дамытуға жағдайлар жасап және бір жұмысты аяқтамай келесі жұмысқа кірісуіне рұқсат етпей, кез-келген істі аяғына дейін жеткізуге үйрету керек.
Достарыңызбен бөлісу: |