«Менің педагогикалық ұстанымым» Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай рақат, шын бақытын тапса адам - деп ақын жырлап өткендей, шынымен де, мен үшін «бақыт» деген тармағы кең ұғымның бір шеті осы ұстаздық мамандықпен ұштасып жатыр. Анығында «ұстаз» деген кім?
Ұстаз – шәкіртін адалдыққа баулушы, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себуші, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, ең жақын жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.
Алайда өзімді , бүгінгі таңда , «керемет ұстазбын» деп айту астамшылық болар деп ойлаймын. «Ұстаз» деген ұлы атаққа ие болу үшін әлі талай маңдай тер төгіп, үздіксіз еңбектеніп, талай - талай белестерді бағындыру керектігін мойындаймын.