Халық Кенесары ханның соңынан неге ерді? Автор күндердің күнінде осы сұрақтың қойылатынын алдын ала болжап білгендей, романның бірінші, екінші бөлімінде тек осы мәселеге көңіл бөліп, жан-жақты ашады. Арқадан Оңтүстікке беттеген көшті бастап келе жатқан Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабайұлы Сейтен батырдың қасынан бір елі қалмай келе жатқан Ожар Қубетұлының арнайы қойылған патша өкіметінің тыңшысы екені шығарма басталған бетте-ақ бірден белгілі болады. Бұдан патша өкіметінің ел бастаған қазақ батырларының көзін біртіндеп жою мәселесі зымияндықпен жүргізілгені көрінеді.
Ожар – Сейтеннің бір кезде барымтаға да, жауға да қатар шапқан үзеңгілес жолдасы әрі руласы. Қазақ «батыр аңғал болады» деген сөзді бекер айтпаған. Сейтен Ожарға сыр ашып, патша өкіметі қазақ ісін екіге бөлгенін айта келіп: «Бірі – ауыл арасындағы жер дауы, алысберіс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешеді деген. Екіншісі – кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға
сұлтан басқарған өңірлік пірказ (комиссия деген мағынада) қарайды. Өңірлік
пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәсиәтірден
(заседатель) құралады. Бұлардың шешімін губерниялық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ. Сөйтіп біздің тағдырымыз бәрібір өз қолдарында», – дейді.
Бұл тарихи шындыққа М.Әуезовтің «Абай жолы» романында суреттелетін
Құнанбай сұлтан заманындағы басқару жүйесі дәлел.
Әңгімесін жалғастырған Сейтен: «…қазақ – Мұхаммед пайғамбардың жолын берік ұстанған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін», – дегенде, Ожар: «Ол уставта шоқынғысы келген адамға зорлық жасалмауы тиіс, «өз еркімен шоқынсын деген сөз бар ғой», – дейді. Сөзінен Сейтеннің секем алып қалғанын байқаған ол: «Ел құлағы елу ғой», – деп, осы жайтты кездейсоқ білгендей сыңай танытады.
Енді Сейтен: «Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкіріктің (округ) не үшін құрылғанын бізден бұрын түсінді», – дей келе, оның тоқа, алтын, алтай, уақты ертіп, патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы жеріне қарай көшкенін, ермей қалған бұлардың шекесі қызбағанын, сол 10 жылдың ішінде Талды өзенінің сағасында Қарқаралы бекінісі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау бекінісі, Семей бекінісінің тұсында Аягөз бекінісі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола бекінісі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл бекінісі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын округі, Омбының оңтүстік саласында Үшбұлақ округтері құрылып, бүкіл Арқа жеріне тырп еткізбейтін темір тор жабылғанын, қарамағындағы елі түгіл, туған інісінің баласын арашалауға
күші жетпей қалғанын ашына баяндайды.
Сегіз округке бөлінген Орта жүздің әр округіне 15–20 болыс, әр болысқа 10–12 ауыл кіреді, әр ауылда 100 шақты үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған – старшын, ал болысты Шыңғыс төренің тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Округке үш жылға сайланған сұлтандар ие… Міне, бір қазақты екіге бөлген осы жағдайдың бәрі «бөліп ал да, билей бер» деген саясат бойынша жүзеге асып жатқаны айқын көрінеді.
Шыңғыс тұқымының қараша халыққа қарсы қойылуы, патша берген шен-шекпенге сұлтандардың сатылуы, Кенесарының сұлтандарға өшігуі, сұлтандық биліктің жойылуы сияқты мәселелер де нақтылы деректерге негізделген. Сейтеннің ашынатын жөні бар. Қазақ қыздарын 15 сомға сатып алып, шоқындырып, Сібірдегі әйел жынысына мұқтаж үйлерге тапсыратындығын, мұның бәрі І Николай патшаның 1825 жылы 11 ақпан күнгі жарлығы бойынша іске асып жатқандығын, інісі Тайжанның патшаға қарсы ереуіл ұйымдастырғаны үшін өлім жазасына кесілгенін, оның ержетіп қалған үш ұлының Сібірге айдалуын, ал кәмелетке толмаған қызы Алтыншаштың қолға түскендігін, осының бәріне көмектесуге шамасы жетпегенін жіпке тізгендей баяндайды. Бұдан
бұратана елдегі тәлкекке түскен қазақ қыздарының ауыр тағдыры көрінеді.
Сондай-ақ Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұлжадан қорлық көріп, намысы
тапталған жалшының қызы Күмістің де жағдайы өте ауыр. Қоңырқұлжа – қарапайым халыққа жаны қас, өзімшіл, озбыр, Омбы генерал-губернаторының
сеніміне ие болып, ойына келгенін жасайтын адам. Елдің бас көтерер адамына
жала жауып, жазықсыз ұстап беріп отырады. Жоғары қызмет, «шен-шекпен»
жолында халық мүддесін аяққа таптап, кез келген опасыздыққа бара салады.
Ал Кенесарының қарындасы – ержүрек, қайсар, батыл Бопай сұлу ағасына көмектесу үшін қолына қару алып, атқа қонады.
Алғашында Сейтеннің көңіліне Ожар туралы күмән кіргенімен, ол өзінің
де басынан тура осындай жағдайлар өткендігін айтып, күмәнді сейілтеді. Сейтенде бір-ақ арман бар. Ол – артынан ерген көпшілікті діттеген жерге жеткізу.
Арманда кеткен батырды жау қолына ұстап берген Ожар өзінің тыңшы екенін
сездірмеу үшін «мені де байлаңдар» деген бұйрығын Сейтен ап-анық естиді.
Бірақ бәрі енді кеш. Құрылған торға мықтап ілінген Сейтен абақтыда мерт болады. Жазушы Сейтен арқылы күрес жолының аса ауыр, қиын, азапты екенін
барынша дәл көрсете алған. Сейтен мен Ожардың сөзін естіп қалған Таймас
жалғыз өзі қарулы топқа қарсы шыға алмайды. Кейіннен Ожар абақтыдан
қашып шығыпты, Тайжанның қызы Алтыншашқа үйленіпті дегенді естіген
Таймас мән-жайды Кенесарыға айтады.
Кезінде Алтыншашты Омбының бір бай саудагері сатып алып, генерал Фондерсонға тарту етеді. Ожардың Сейтен батырды ұстап берген «адалдығына» риза болған Фондерсон екі аптадан кейін абақтыға өзі келіп, одан «не тілегің бар?» деп сұрайды. Ожар Омбыға бір келгенде 16 жастағы Алтыншашты жәрмеңкеден көріп, сұлулығына тәнті боп қалған. Ожар: «Есігіңізде жүрген малай қызды берсеңіз болады», – дейді. Орыс шенеунігі: «Әкесін ұстап берген адамға қыз қалай көнеді», – деп, еркінен тыс
беру заңға қарсы келетінін айтады. Ожар: «Қызды көндірудің міндетін өзім
алайын», – дейді. Генерал амалсыз айтқанынан қайта алмайды. Алтыншаш
Ожардың екіжүзділігінен бейхабар болатын. Осылайша, Алтыншаш өзінің тағы да азапқа түсетінін білмеген еді.
Ожар ауылда жоқ болғандықтан, хан Алтыншашты шақырып, Ожардың
іштен шыққан жау екенін айтады. Оның әкесі мен ағасын өлтіртіп, туыстарын
итжеккенге айдатқанын хан сөзінен ұққан Алтыншаш осындай бір күдіктің
бар екенін сезіне бастағанын айтып, әке кегін қайтаруды өзіне қалдыруын
сұрайды. Хан: «Қапы қалып жүрме», – деп ескертеді. Ұзақ уақыт ақсүйек офицердің үйінде үй қызметшісі болған зерек Алтыншаш орыс тілін ғана емес, француз тілін де меңгеріп алады. Өйткені олар үйде ақсүйектерге тән әдетпен бір-бірімен тек французша сөйлескен.
Бұл тілді білетіндігін оларға сездірмеген Алтыншаш Кенесары туралы талай мәліметтің шет-жағасын естіп-біліп жүреді. Жас болса да, көрген-түйгені мол Алтыншаш жолай алтыбақан ойнап жатқан жастарға қосылып, ән салады. Сол жерде 23 жастағы Байтабан батырмен танысып, екеуі бірден тіл табысады. Бірін-бірі
тез түсінген екі жас қалтқысыз араласа бастайды. Сәмен жолаушылап келген
досы Ожарға мұны айтады және Алтыншаштың хан ордасына барғанын, Таймастың осында екенін жеткізеді. Әшкере боп қалғанын бірден аңғарған Ожар
Алтыншашты өлтіріп, қашпақ болады. Ол Алтыншашты дырау қамшымен
сабап, әкесі Тайжан мен Сейтен батырды ұстап берген өзі екенін ашық айтады.
Алтыншаш кешіккеннен кейін үйіне іздеп келген Байтабан қызды дер кезінде
құтқарып қалып, Ожарды өлтіреді. Талықсып жатқан Алтыншашты көтеріп,
хан ордасына келеді. Кенесарыдан рұқсат сұрайды. Екеуінің тойы дүрілдеп
өтеді.
Бұл кезде Қоңырқұлжадан көрген зорлық-зомбылығына жаны күйген
Күмістің әкесі үй ішімен Кенесары қолына кеп қосылған. Орысша тіл білмейтін
Күмісті Орынбор генерал-губернаторы Генске алып кірген Алтыншаш Қоңырқұлжаның үстінен шағым айтады және жазықсыз айдалып кеткен ағаларын
тірі болса, шығартуға көмектесуін сұрайды. Орысша таза сөйлейтін Алтыншашты генерал мұқият тыңдайды.
Кенесары Орынбор генералынан «Қоқандықтармен соғысқанды қойып,
бітім жасап, уәде бойынша Орынбор шекарасына қайтып келіңдер» деген мазмұнда хат алады. Амал жоқ, Кенесары уәдеде тұратындығын айтады.
«Зеректік, ойшылдық, сезімталдық – ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер.
Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы бір қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған қоғам оны не ұлғайта түседі, не өшіреді» деген
сөзді автор Есіркегенге қаратып айтып отыр. Өйткені талапты жас жігіт көп
нәрсенің мағынасын түсінгісі келеді. Семейде төрт жыл орысша оқыған атақты
Масан бидің немересі Есіркеген Петербургтегі кадет корпусына түспек. Есіркеген Кенесары ауылының үстімен жүріп, кетерінде Күмісті бір көріп қалуды
армандап келеді.
Ақ патшаның бір топ «кәрі қылыш» жендеттері Кенесарыға қол ұшын берген алтай руының бір ауылын қаннен-қаперсіз отырған жерінде шабады. Отыз
шақты адам қайтыс болады, ажарлы қыз-келіншектері мен бар малын айдап,
«Кенесары жағына шыққандардың көретін күні осы» деп, сәлем айтып кетеді.
Орынборға жеткен Есіркеген Күміспен кездесіп, келесі күні Петербургке
аттанады. Орынбор шешімі бойынша Петербургке барған Күміске Есіркеген
көмектесіп, Қоңырқұлжаны орнынан түсіртеді. Есіркеген мен Күміс үйленеді.
Кенесары қолы 1843 жылы полковник Бизанов басқарған орыс әскерімен
соғысып, ығыстырады.
Кеңес өкіметі тұсында «патша өкіметінің жымысқы саясаты» деген сөз көп
айтылып, көп жазылатын. Бірақ оның қандай жымысқылығы бар екені анық
айтылмайтын. Міне, осы мәселені сол кездің өзінде тұңғыш рет қазақ әдебиеті
мен тарихында ашық жазған І.Есенберлин болды.
Сол кезеңдегі патша өкіметінің басқару жүйесі опасыздық, алдап-арбау,
қорқыту, тартып алу дегеннің барлығын жоспарлы түрде жүргізгені романда
толық бейнеленеді. Тіпті «Жанталас» романының алғаш рет қазақ тілінде емес,
орыс тілінде «Отчаяние» деген атпен Мәскеуден шығуы да қазақ баспагерлерінің жасқаншақтағанын көрсетеді. Барлық мәселе Мәскеу арқылы шешілетіндіктен, осылай болған.