27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім 1. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.
2. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс.
3. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс.
4. Іс сотта қаралғанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
5. Азаматтық немесе әкімшілік процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен бекітеді.
Бұл ретте төленген мемлекеттік баж "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.
6. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген жанжалды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру және қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен жанжалды реттеу туралы келісімді білдіреді.
7. Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.
8. Дау-шарды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
9. Келісімді орындаудан жалтарған жағдайда мүдделі тарап келісім бойынша міндеттемені оңайлатылған жазбаша іс жүргізу тәртібімен орындау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.