21-бап. Медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұны 1. Тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу туралы өзара келіскен жағдайда жазбаша нысанда ресімделген медиация туралы шарт жасалады.
2. Медиация туралы шарттың маңызды талаптары:
1) медиация туралы шарттың жасалған күні, уақыты және орны;
2) дау (дау-шар) тараптарының атаулары, өкілеттіктері көрсетілген олардың өкілдерінің тегі және аты-жөні, лауазымдары;
3) даудың (дау-шардың) нысанасы;
4) медиация тараптары таңдаған медиатор (медиаторлар) туралы мәліметтер;
5) медиацияны жүргізуге байланысты шығыстардың, ал медиацияны кәсіби негізде жүзеге асырған жағдайда – медиацияны жүргізгені үшін медиаторға (медиаторларға) сыйақы төлеудің шарттары, тәртібі және мөлшері;
6) медиацияны жүргізу тілі;
7) медиацияны жүргізудің құпиялылығы туралы тараптардың міндеттемесі және мұндай міндеттемені орындамаудың салдары;
8) медиация тараптарының дауды (дау-шарды) реттеуге қатысатын медиатордың медиация тараптары үшін шығын (залал) келтірген әрекеті (әрекетсіздігі) үшін жауапкершілігінің негіздері мен көлемі;
9) тараптардың деректемелері (жеке басын куәландыратын деректер, тұрғылықты жері, байланыс телефондары);
10) медиацияны жүргізу мерзімі;
11) медиацияны жүргізу тәртібі болып табылады.
3. Тараптардың келісімі бойынша медиаторларға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
4. Тараптар медиация тараптарының медиаторға медиация жүргізгені үшін сыйақы төлеу шарттары, тәртібі және мөлшері медиаторлар ұйымы бекіткен тәртіппен (регламент) белгіленетіні туралы уағдаласа алады.
22-бап. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар 1. Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар мыналарды қамтиды:
1) медиаторға сыйақы төлеу;
2) медиацияны жүргізуге байланысты медиатор шеккен шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйде тұруға және тамақтануға арналған шығыстар.
2. Кәсіби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады.
3. Кәсіпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшері медиация басталғанға дейін медиатормен (медиаторлармен) тараптардың келісімі бойынша айқындалады.
4. Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді.
5. Егер медиатор өзінің бейтараптығына кедергі келтіретін мән-жайларға байланысты медиацияны жүргізуден бас тартса, ол тараптардың өзіне төлеген ақшалай сомасын қайтаруға міндетті.
6. Кәсіпқой емес медиаторларға осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған медиацияны жүргізуге байланысты өздері шеккен шығыстар өтеледі.
23-бап. Медиацияның жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастары саласындағы ерекшеліктері 1. Медиация жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны жүргізу мерзімі күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін, бірақ жиынтығында ол күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
2. Медиация соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезінде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Қажет болған жағдайда, тараптар кейіннен сотқа бірлескен жазбаша хабарлама жібере отырып, медиацияны жүргізу мерзімін күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартуы мүмкін, бірақ ол жиынтығында күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.
3. Соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға негіз болып табылады.
4. Азаматтық немесе әкімшілік процесс шеңберінде жүргізілетін медиация тоқтатылған кезде тараптар іс жүргізуінде іс жатқан сотқа дереу:
1) дауды реттеу туралы келісімге қол қойылған жағдайда – аталған келісімді;
2) өзге жағдайларда – осы Заңның 26-бабында көзделген негіздерді көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жіберуге міндетті.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.