Дәріс 2. Педагогикалық шеберліктің элементі – педагогикалық техника.
Мақсаты: педагог әрекетіндегі педагогикалық техниканың мәнін ашу.
Жоспар
Педагогикалық техника – педагогтың әрекетін ұйымдастыру формасы.
Өзін-өзі билеудегі педагогтың шеберлігі.
Педагогтың сырт келбеті.
Мимика және пантомимика – байланыс орнату құралдары ретінде.
1. Шебер-педагогтардың жетістіктеріне қарап отырып, олардың қолданған педагогикалық әсер ету құралдарының нақтылығын, түрлі практикалық міндеттерді дұрыс қоя білуде және шешуде шеберлігін көреміз. Нағыз шеберлік тәрбиешінің тұлғасына, оның тәрбие міндеттерін терең ұғынуына, оқу пәндерін, педагогика мен психологияны негізді білуімен байланыстырады. Сонымен қатар, бұнда арнайы білім мен тәрбиелік іскерліктердің (ұжыммен, жеке тұлғамен қарым-қатынас орнату іскерлігі, бақылау жүргізу, ұжымды ұйымдастыру, өз көңіл-күйін, дауысын, мимикасын, қимылын билеу іскерліктері) де орны ерекше. Бұл іскерліктерді әрбір педагог меңгеруі қажет.
А.С.Макаренко «дауысты дұрыс орнатудың мәні тек әдемі ән айтып, әңгімелесуде емес, өз ойын, сезімдерін нақты, бұйыра, иландыра көрсете білуде. Бұның бәрі тәрбиелік техниканың мәселелері» деп бұндай оқытудың маңызын ерекше атап көрсеткен.
«Педагогикалық техника» терминімен мұғалімнің оқушыға жеке әсер етудің түрлі құралдарын белгілеуге болады, дейді А.С.Макаренко. Оның құралдары: икемделу қабілеті, дауысты орнату, мимика, пантомимика, сөйлеу мәдениеті, ойынды түсіну қабілеті.
«Педагогикалық техника» ұғымына екі компоненттер тобы енеді. Бірінші топ: педагогтың өзін-өзі, өзінің әрекетін билеу іскерліктері - өз денесін билеуі (мимика, пантомимика); эмоцияларын, көңіл-күйін басқаруы; әлеуметтік перцепция іскерлігі (бет-әлпетінен тану); сөйлеу техникасы (дем алу, дауыс, дикция). Екінші топ компоненттері тәрбие үрдісінің технологиялық жақтарын ашады, тұлғаға, ұжымға ықпал ету іскерліктерімен байланысты. Олар мына элементтерден тұрады: педагогикалық қарым-қатынас техникасы, талап қою техникасы, тәртіп орнату техникасы, ертеңгі қуанышты ұйымдастыру техникасы, күн тәртібін ұйымдастыру техникасы, жазалау техникасы.
Бірқатар педагогтар жүргізген зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, жас педагогтардың педагогикалық техникасында кездесетін кемшіліктер баршылық. Олар: оқушымен ашық әңгіме құра білмеуі, оның ата-аналарымен қарым-қатынас орната алмауы, ашуын ұстай немес, керісінше, көрсете алмауы, өз-өзіне сенімсіздігін жоя алмауы. Практиканттар өздерінің алғашқы сабақтары жайында жазған шығармаларында өздерінің сөйлеу мәнері үшін мазасызданғандарын, балаларға шектен тыс жылы қарап қалмаудан қорыққандарын, тым тез сөйлегендерін, тым қатал болғандарын, тіпті кейбіреулері қорыққандарын, немесе тақтаның алдында көп жүгіріп, жанталасқандарын, қолдарын жиі сермегендерін, немесе тас мүсін секілді қатып қалғандарын, қолдарын қайда жіберетіндерін білмегенін жазған. Көптеген студенттерде денесін тік ұстай білмеуі, бүкірлік, басын салбыратып жүру, қолдарын дұрыс орналастыра білмеу жиі кездеседі. Дауысты меңгерудегі басты кемшіліктер – бір қалыптылық, сөздің сылбырлығы, мәнерлеп оқу дағдысының қалыптаспағандығы болып табылады. Сөздегі үзіліс және екпін қою ешқандай мән берілмей айтылады. Сөйлеуде жеке кемшіліктер де аз емес: солғын дикция, дауыстың қажетті қаттылығын орната білмеуі.
Аталған қателіктер педагогқа оқушылармен жұмыс жасауда кедергі келтіреді. Оларды жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде жою – мұғалімді даярлаудың маңызды міндеттерінің бірі.
Педагогикалық техникасын арттыру үшін педагог өз жұмысын неден бастағаны жөн? Сөйлеу техникасын, мимика және пантомимикасын жаттықтырудан, сыртқы келбетін дұрыстаудан бастайды.
Тәрбиешінің денесін ұстауына, мимикасына, пантомимикасына қандай нақты талаптар қойылады?
2. Педагогтың әрдайым аудитория алдында сөйлеуі жас педагогтардың бойында сенімсіздік, қорқыныш сезімін тудырады. Мұғалімдердің, балалардың, ата-аналардың алдындағы іс-әрекет, яғни «көз алдында» әрекеті мұғалім ойының жүйелілігіне, дауыс аппаратының күйіне, өзін денелік сезінуіне, психикалық күйіне ерекше әсер етеді. Бұның бәрі болатын сабаққа, шараға психофизиологиялық жағынан алдын ала дайындалуды, қарым-қатынас барысында өзінің эмоционалдық күйін басқарудың іскерліктері мен дағдысының болуын талап етеді.
Аутогендік жаттығулар (психикалық өзін-өзі реттеу) – ерекше психофизикалық жаттығу. Олар дем алу және артикуляциялық жаттығулармен бірге мұғалімнің педагогикалық даярлық жэүйесіне енгізілуі тиіс. Психикалық өзін-өзі реттеу – бұл кәсіби қажетті сапаларды қалыптастыру мақсатында релаксация (босаңсу) және өзін-өзі иландыру.
Сабаққа, балалармен қарым-қатынасты ұйымдастыруға дайындық мұғалімнен шығармашылық өзін-өзі сезінуін тудыратын психологиялық күйге келтіруді қажет етеді. Бұл күйге көшу үшін сабақ материалынан, әдістемесінен тартымды ядроны іздеуге, тақырыпқа сәйкес эмоционалдық күйді қамтамасыз етуге болады.
3. Тәрбиешінің сырт келбеті эстетикалық мәнге ие болуы тиіс. Өзінің сырт келбетіне селқос қарауға болмайды, сонымен бірге тым қатты көңіл бөлу де қажет емес. Педагогтың сырт келбеті оқушыларға ықпал жасаудың құралы, тәрбиешінің ішкі рухани дүниесінің бейнеленуі ретінде қолданылады. Тәрбиешінің эстетикалық мәнерлілігі оның бет-әлпетінің қаншалықты жылы шырайлылығынан, іс-әрекетінің жинақылығынан, ұстамдылығынан, орынды қимылдарынан, денесін тік ұстауынан, жүрісінен көрінеді. Оған мазасыздану, қимылдардың жасандылығы, солбырлық жараспайды. Сіздің сыныпқа қалай кіргеніңіз, қалай қарайтыныңыз, қалай амандасатыныңыз, отырғышты қозғау қимылыңыз, сынып ішіндегі жүріп-тұруыңыз, осы «ұсақтарды» барлығы да сіздің балаға ықпал жасаудың күші болып табылады. Сіздің барлық іс-әрекетіңізден, қимылыңыздан, көзқарасыңыздан балалар үлкен күш-жігерді, өзіне сенімділікті сезінуі тиіс. Тап осындай салмақты, сенімді, ашық болсаңыз, сіз адам, тәрбиеші ретінде қуатты бола аласыз.
Егер мұғалім оқушылардың алдына дұрыс үтіктелмеген костюммен, өте таза емес бет орамалмен, таралмаған шашпен келіп тұрса, тәрбиеленушілерден ұқыптылықты, тазалықты талап етуге болмайды.
Мұғалімнің киіміне қойылатын негізгі талап – қарапайымдылық, сымбаттылық, артықшылықтың болмауы, жақсы талғам. Қайсыбір шаш үлгісі, көйлектің айрықша тігісі, шаштың түсін жиі өзгерту оқушылардың назарын аударады.
Мұғалімнің киім киісіндегі әшекей бұйымдар, костюмі, шаш үлгісі әрдайым педаогикалық міндетті – тәрбиеленуші тұлғасының қалыптасуына тиімді ықпал етуге – шешуге бағытталуы тиіс. Мұғалім әрқашан киім кигенде орнын және белгілі бір шекті сезінуі керек. Сондықтан, ол сабаққа және театрға барарда түрліше киінеді.
Балалар педагогтың ішкі және сыртқы әдемілігінің бірлігін, тұтастығын өте жоғары бағалайды. Сондықтан, әрбір мұғалімнің бойында өзінің сырт келбетінің эстетикалық мәнерлі болуын арттыруға ұмтылысы болуы тиіс.
Тәрбиешінің сырт келбетінің мәнерлілігі, сымбаттылығы оның өз денесін тік ұстауына да байланысты. Денені тік ұстау тұлғаның ішкі абыройының көрсеткіші. Бүкірейген, әлсіз адам күштің нағыз қуатты көрсеткіші бола алмайды. Бүкірлік, салбыраған бас, бос жатқан қолдар адамның ішкі дүниесінің әлсіздігін, оның өз-өзіне сенімсіздігін, жұмыс жасауға деген ықыласының жоқтығын білдіреді. Адамның бойының ұзындығына қарамай тік жүруі, жинақылығы оның ерекше күштілігін көрсетеді; оқушылар бұл педагогтың өзінің біліміне, күшіне сенімді екенін көреді, мұғалім оларды баурап алады.
Денені дұрыс, тік ұстау үшін спортпен, арнайы әдістермен айналысу қажет.
Мұғалім сабақта оқушылардың алдында дұрыс тұру мәнерін, сыныпта ешкімге кедергі жасамай қозғалуға үйренуі тиіс.
4. Мимика - өзінің ойын, сезімдерін, көңіл-күйін беттің бұлшықеттері көмегімен білдіру өнері. Кейде бет-әлпет, көзқарас арқылы сөзден гөрі күштірек әсер етуге болады. Кинетикалық қарым-қатынас жүйесінің элементтері ретінде қимыл және мимика ақпараттың эмоционалдық мәнін арттырады, оның жақсы меңгерілуін қамтамасыз етеді.
Әрине, бет-әлпет айтылатын сөзге сәйкес өзгертілуі тиіс. Типтік педагогикалық мимика бет-әлпеттің қаталдығы, қуаттылығы. Бет-әлпет, тұтас сырт келбет секілді, сенімділікті, қуаттауды, кінәлауды, ренжуді, көңілі толмағандықты, қуанышты, қызығушылықты, ашулануды бірнеше варианттарда көрсетуі тиіс. Күлкі де сезімдердің кең түрін білдіре алады.
Мимиканың мәнерлі бөліктері – қас-қабақ, көз.
Пантомимика – бұл дененің, аяқ-қолдың қозғалысы. Ол негізгіні көрсетуге қолайлы, бейненің суретін салады. Педагогтың қимылы негізгі ойды және сезімді күшейте отырып, ұстамды және ұйымдасқан болғаны жөн. қимылдың түрлері: бейнелеу және психологиялық. Бейнелеуші қимылдар ой жүйесін көрсетсе, психологиялық қимылдар сезімді білдіреді.
Сонымен, жас педагогқа өзіңі сырт келбетінде неге көңіл бөлуі қажет?
Достарыңызбен бөлісу: |