Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Сөздің педагог әрекетінде алатын орны.
Ауызша сөйлеуге қандай талаптар қойылады?
Сөйлеу әрекетінің психологиялық құрылымы қандай?
В.А.Сухомлинскийдің мұғалім сөзіне деген қандай талаптар қояды?
Сөйлеу мәдениеті мен жалпы мәдениеттің өзара байланысын неден көруге болады?
Мұғалім сөзінің логикасы қандай?
Педагогтың сөйлеуін жетілдірудің қандай жолдарын білесіз?
Дәріс 4. Педагогикалық ықпал ету шеберлігі.
Мақсаты: педагогтың қарым-қатынас орнату іскерліктерімен таныстыру.
Жоспар
Педагогикалық тіл табысу, оның мәні, қызметі, стилі.
Педагогикалық епті игеру шарттары.
Үгіттеу – ықпал ету тәсілі.
Педагогикалық қарым-қатынастағы сендіру.
1. Мектептегі басты тұлғалар – мұғалім және оқушы. Олардың сабақтағы, сабақтан тыс уақытта, бос уақытында қарым-қатынас жасау сипаты оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігіне әсер етеді және ол оқушы тұлғасын қалыптастырудың басты құралы болып табылады.
Педагогикалық қарым-қатынас – бұл педагог пен оқушылардың тіл табысуын, өзара түсінісуін, өзара әрекеттесуін ұйымдастыру, тұрақтандыру және дамытудың көпқырлы үрдісі.
Қарым-қатынас арқылы педагог оқушылардың іс-әрекетін, тәртібін ұйымдастырады, олардың жұмысы мен әрекеттерін бағалайды, болып жатқан құбылыстар, оқиғалар жайында ақпарат береді, белгілі бір әрекеттері бойынша қажетті толғаныстарын тудырады, қиындықтарды жеңуде көмек береді, өз мүмкіншіліктеріне сенімін арттырады.
Қарым-қатынастың тиімділігі проблемасы соңғы уақытта ерекше өзектілікке ие. Бұл мәселеге психологтар А.А.Бодалев, Б.Ф.Ломов, Е.С.Кузьмин, В.В.Занков, А.А.Леонтьевтердің, педагогтар И.А.Зимняя, Я.Л.Коломенский, А.А.Реанның еңбектері арналған.
Педагогикалық қарым-қатынастың басқа қарым-қатынас (әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық, кәсіби және т.б.) түрлерінен ерекшелігі - оның оқушылардың дамуы мен тәрбиесіне бағытталған педагогикалық міндеттерді шешуі.
Қарым-қатынастың екі жағы бар: қатынас және өзара әрекеттесу. Қарым-қатынастағы қатынас және өзара әрекеттесу – бұл айсбергтің суүсті және суасты бөліктері сияқты. Суүсті бөлігі – бұл сөздік және сөздік емес әрекеттер қатары болса, суасты бөлігіне адамды қарым-қатынас жасауға итермелейтін қажеттіліктер, мотивтер, қызығушылықтар, сезімдерді енгізуге болады.
Педагогикалық қарым-қатынас – бұл ерекше қарым-қатынас, оның спецификасы осы қарым-қатынас субъектілерінің түрлі әлеуметтік-рольдік және қызметтік позицияларымен белгіленеді. Педагогикалық қарым-қатынас спецификасын оның өзара байланысқан екі жақты қыры да белгілейді. Бір жағынан, қарым-қатынас – бұл оқушылармен қарым-қатынастағы педагогикалық шығармашылық. Екінші жағынан, бұл педагогикалық шығармашылық үрдісіндегі балалармен қарым-қатынас.
Кәсіптік-педагогикалық қарым-қатынас – бұл педагог пен тәрбиеленушілердің әлеуметтік-психологиялық өзара әрекеттесуінің жүйесі (дағды мен тәсілдері). Оның мазмұны – ақпаратпен алмасу, тәрбиелік ықпал жасау, коммуникация құралдары көмегімен қарым-қатынасты ұйымдастыру.
Қарым-қатынас әлеуметтік-психологиялық үрдіс ретінде мынадай қызметтерге ие:
адамдардың бірін-бірі танып-білуі – қарым-қатынас үрдісінде адамдар бірін-бірі көзбен қабылдайды, бағалайды, яғни «әлеуметтік перцепция» (А.А.Бодалев) жүзеге асады.
ақпаратпен алмасу – қарым-қатынас материалдық және рухани құндылықтармен, интеллектуалдық-эмоционалдық ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етеді. «Адамның қандай болатындығын оның басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда қандай екендігінен, осы қарым-қатынасқа оның көзқарасы қандай екендігінен оның еркінің қайда бағытталатындығынан көруге болады» (В.А.Сухомлинский);
іс-әрекетті ұйымдастыру;
рольдермен алмасу;
тұлғаның өзін-өзі бекітуі;
бірге әсерленушілік.
Достарыңызбен бөлісу: |